ВЕРНУТЬСЯ

    I

    Бура Қазақбай ауылын талақ тастап,
қашып шықты.

* * *

Хайуан да аңсап, ұзақты түн телміріп, сарғая ататын таңдай сазды
сағыныштың бесігінде тербеле алады екен. Хайуан да егіздің сыңарындай кеше ғана
тілерсек тістесіп, бұла боп өскен келесінен бір-ақ күнде көз жазып, айырылып қалғанда,
қысастана шайпауланып, албатыға лағып кетеді екен. Бура өткенін - сол өкінішсіз
өтпелі өткенінің қимас қымғуыт шақтарын іздеп, ұзақты күні салқар сахараны
кезетін-ді. Шудасы желпілдеп, маң-маң басып, белгісіз бұлыңғыр да буалдыр үлпілдек үміттің жетегінде шеру
тартатын. Алпамсадай алып сыртқы пошымына қарап, дүние өртеніп кетсе де, елең
етіп ескеріп санаққа да, санатқа да парықтамайтын төрт аяқты күйіс қайырғыш
түлікті ғана елестете алар едің көз алдыңа. Бірақ Бура тіпті де кәперсіз,
дүңген мақұлық емес. Ол иісі жануарға тән тілсіз әрі түсініксіз қиналысты басынан қысқа күнде қырық рет
кешер еді. Түйе атаулы жылауық деген ұғымға сайып, Бураның тостағандай бұлтиғаң
мөлдір көзіне тесілсеңіз,
кешкі алаудай шапақтанған шарасының жиек-жиегі тым құрыса шыланғанын да байқай
алмайсыз. Бура "ағайындарынан" айырылып думанды шақтарын
толастатқанымен, не жылаған, не боздаған емес. Қараған басы бүрлеп, көк
тебінденгеннен бері, саяқсып ауылға жоламай жүр. Ауылға жоламай жүргені -
осынау тәй-тәйлап аяқтандырып, үкілеп өсірген туған ауылын менсінбегендігі ме.
Жо-жоқ. Ол бұл ауылдай
жаннатты жерді дүниенің қай-қай түкпірінен де таба алмақ емес. Бура бұл ауылдан тек соңғы кезде ғана
әбден түңілген. Түңілмес еді - екі көзін мөлдіретіп қойып, енесі - інгенді
сойып жеді. Түңілмес еді - ауылда бір шоқ үркердей қараң-құраң болып жүрген ағайын-туғандарын Бұқтырмадан
еткізіп, арғы ауылға айдап жіберді. "Осыншама бақандай қуып,
босқындататын, телім-телімдерін шығарып алапестей аластағанда, не жазды
адамдарға; жазығы ғасырлар бойы табанынан таусылып тіршілік жүгін арқалап
келгені ме; сырты жүн, іші боқ хайуан аталатын түйенің бүл пәниден көрмегені бар ма еді; әттең-ай,
олардың тілі жоқ, адамдай жетілген ойы жоқ... әйтпесе... әйтпесе жалпақ жаһаннан көріп-білгенін тау бұлағындай тасқындатып сыр ғып шертер ме еді; ақыл
мен ар-ожданды адамдарға-ақ
берсінші; қышыма жегізіп Жаман ащының
бөктеріне емін-еркін қоя берсе етті; тіпті әжетке жараудан қалсын-ақ;
топандай тоздырып, заман желіне ұшырмай қара басын қалдырса етті". Бура бұлайша
әсте де сезінген жоқ өзін. Егер дәл осылайша ойлап
бағамдаса, түйсігіне түйсе, бұл
күйге душар болмас қой. Өкініштісі де
сол ғой, момындығы ғой, есінің жоқтығы әрі дәрменсіздігі ғой. Ендеше, есі барларға не жорық...

Хайуан екеш хайуан да аңсап сағына алады екен... Алты ай қыс ауыл
қайдасың демеген Бура, жаз туып, көк шыға, әдепкі әдеттерінше тауға тартқан.

Алтайдың етегін табиғат кең, молынан пішкен. Қырық рудың елі жиналса да, қойын-қоншы мен
қойнау-қойнауы жым-жылас қылғып қоятып. Ұшар басынан ағарандаған қары мен ақтүбіттенген бұлты арылмайтын асқар Алтайдың етегі
жайсаң, жадыраңқы, Арқаның даласынша еркін кесіліп жа-татын. Тау бөктеріндегі қатың
нопір қарагай да қаптай қаумалай келіп, кілт кемкерілетін; соңғы бір жылдары
жуық маңдағы ағаш атаулы мінтеліп, құйрық-жалдан айрылған жылқыдай-ақ таудың қапталына
қарай үрке қашып кетіскен. Ойда тұрып тау тескейіндегі орманға көз тастасаң,
бағзыдағы сыпыра жыныстың іріген сүттей бөлек-салақ қалған ірімтігін аңғарасың.

Алтайдан ызындаған жетімек жел үзілмейтін. Желемік ессе болды, ақселеу
жамылған дала төсі қыбырлап, орамалын бұлғап тұрған сансыз
қыз-келіншекке тым ұқсап кетуші еді. Кей ретте бұл дала асау толқынды алтын ағысқа, асығыс ағысқа ұқсайтын. Алтайдың
осынау бір жалпақ қойнауы да көбінесе
бостан-бос, иесіз иен-тегін мелшиіп жатар еді. Жаз шығып, ел жайлауға көшкен сәттерде ғана бойына қан жүгіріп, серпіліп-сергитін. Оқта-текте
кезігетін шоқаттар болмаса, тау етегіне ілінгенше мынау дала тұлдырсыз, бедірейген бетпақ. Анда-санда
ескі тамның, не обашықтың омырайған орны ғана көзге тиек болар. Әйтпесе
тоқтының жабағысындай; тіпті жауыр аттың қапталындай ағараңдап, ойдым-ойдым боп
сортаңданып кететін қылығы да бар бұл
өлкенің.

Туған жерінің осы іспетті бірде жайсаң да жасаң, бірде кенезесі кепкен
аңырақай дидары Бураны жалықтырып, мезі етіп керген жоқ. Кең даланың суығына
тоңып, ыстығына көнген хайуан
тіршілік кешкен жерін сүреңсіз сұсты
күй жайлап, жұтынған жұрттың тықыры таянған сайын шиыршық атып, жауынға тиген
қыл арқандай ширап алатын. Қазір де құтын қашырмай жапырайған жотаны таба-нының
астына тастап, маң-маң басып барады.

Төр жайлауға қарай суыртпақтанып кете барған соқтырмасы көп соқпақ пен Бураның тұңғыш рет жүруі
емес-ті. Жалғыз құрбы-құрдассыз жүруі ғана. Ол бұдан бұрынғы от-оттап, су ішіп
өткен жылдарында, бұл жолмен
тек жайрандай басып, тайрандап қана өткен. Көк шыға, мұқым ел жапа-тармағай
жайлауға-көшкенде, бұлар да
тобын жазбасған аттанысатын.
Көшке көніккен кәрі көнікті атандар
болмаса бура-тайлақтарға көбінесе
тиіспейтін еді. Ал бұлар қайыру-қолды қажетсінбей-ақ, бұта-қарағанның басын
шала, Өскелеңге лыпып өздері
жетіп баратын. Сосын қоңыр күз туып, ел ойға ауа кошкенде, тағы да келген
соқпағымен ырғала басып, қайтқан тырнадай ауылға шұбатылатын. Ал жаздай жонның сонысын жеп
тойынған түйелердің басы көз көрімнен мен мұндалайтын. Жүк арта-арта әбден ығыр
қылып, мылжа-мылжасын шығарып тастаған атан мен інгендердің өркешіне дейін
жауыннан кейінгі жауқазындай едірейісе қалатын. Ол да бір дәурен екен-ау.

Бура Тасшоқының асуына келгенде, жүрісін ірікті. Осы тұсқа енесі де аялдап, мұны бір дем емізіп
алатын. Әлде сол бота шағы есіне түсті ме, әлде күні бойғы изең-изең жүріс
ерқашты етіп шаршатты ма, ұзақ аялдады. Бұйда жырым-жырымын шығарған танауы саңырайып, ор шөптің басын бір шалғаны болмаса,
бірде-бірін сүйсініп жемеді. Құрықтай мойнын созып, ендігі асатын алып асуға ұзақ
телмірді. Сосын басын самарқау бұрып артына қарады. Тасшоқының қамшылар жақ
ықтасыныңда ескі қыстау бар. Қыстыгүні мұнда бір қора қой қыстайды да, жер
қарая, таудың арғы бетіне асып кететін. Енді Бура осы қораға беттеді. Бір отар
қойдың қыстайғы қиы тау болып үйіліп жатыр. Әр тұста шананың шанағы мен қанаты,
түбі ойылған бөтелке мен ескі шелек, керзі етіктің қонышы жоқ басы шашылып,
онсыз да иесіз қаңырап тұрған қыстауды сұрқайландырып жіберген. Сарсыған саздаудың сасық иіс-қонысы қолқаны
қабады.

Бура маймандай басып теректен
ырып жасаған науаға барады. Күн көзінде қалып, әбден қаңсып, ырсиып-ырсиып
айрылып кеткен екен. Түндегі нөсердің сарқыны болар, сүтсіз шайдай тобылғы түсті
су бір жақ басында іркіліп тұр.
Науаның екінші жақ басында ескіден ери-ери әбден қақ болып қатып қалған тұздың жұрнағы бар. Ащылаған түйе мойнын былқ еткізіп босатып, басын науаға тастай
салды. Қара май сіңген бе, әйтеуір, сапасызданып бұзылған ащы Бураны
түшіркендірмеді білем, ернін жыбырлатып басын ырғап-ырғап жіберді де,
пысқырды-ай кеп. Бұдан соң үңірейіп-саңырайған қораға бет алды. Түндегі жауын
қойбатпақтап тастаған көңнің бетінде қара-құрым боп қаптай қонып отырған сарбас
шыбындар түйенің жалпақ табаны былш-былш тигендей жау қуғандай ызың етісіп, екінші бір жерге
барып қонысады. Қораның үстіне қалың алабота мен шабата өсіпті. Қыстан қалған
сабанның сояулары жатыр. Бура түк таппағандай уықтай мойнын созып, әлгі
сояу-сояу сабанды күрт-күрт шайнап біраз аялдады. Енді бір мәурітте желқом қажай-қажай
ақжемін шығарып, артынша ақшулан жүн өсіп, өттың орнындай ойымданған қапталын
ағаш үйдің бұрышына үйкеп-үйкеп
алды да Тасшоқының басына бет түзеді.

Тасшоқының басына бет түзеген Бура алыстан қарағанда, қыбырлап бара
жатқан алып қоңыз іспетті, мынау іштен тынып бойкүйез жатқан бел-белестің
ендігі бір тіршілігі, бар үміт-арманы секілді; баяны жоқекі талай пәнидің уақыт, заман ағысына деген
ең ақырғы, ең зілді ашу-кегін де сол
қара Бура арқалап бара жатқандай еді. Түйе өзінің бұл дәуірге әлі де керектігін, қазіргі қақңай керіп қаңғыруы шаруашылық басшыларының келте ұғым-түсініктері
екенін қайдан білсін. Дүлей қысастық әбден мендеп алған соң қайтқан көңіл,
кесапаты мөл кекті жүрісті таңдап алған. Туған жер, өскен елге ренжіген хайуан
түгіл, ер-азамат та, осындай сандалбай қашып-пысудың, жорасыз жортудың
талай-талай дәмін татқан ғой.

Бура Тасшоқының кезеңіне ілінгенде күн екіндікке таяған. Енді осы кезеңнен
төр жайлаудың бергі беті шым-шымдап басталады да үйір-үйір қарағайды бектеріп
алған сансыз бел-белестер әрмен
қарай созылып, мінгесіп-ұшқасып
кете барады. Тар жайлауда
найзадайын шаншылған құзар, шақ-пақ тасты жақпарлар жоқ. Бөртек-бөртек, құрақты
дөңдер ғана.

Бураның ұзақ-сонар
итің-итің жүріс ала бастаған
бойы сергіп салды. Қарайрықтың
өзінен-өзі шаптығып, тұлан тұтып бұлқына
аққан бұлағынан су ішіп алды.
Бұлақ бойын қуалай өскен
балдырды бытпырлата шайнап,
бір сәт тұрғай. Бірақ көп аялдаған жоқ. Әр ойпанда шөп шықпай сарғылт тамып жатқан ескі жұртты, киіз үйдің орнын
иіскелеп сөйір жасады. Бұл ескі жұрттан жоқ іздегендей
айналсоқтап көпке дейін жырақтана алмады. Ұясына қызара бөртіп бара жатқан күн де, сай жақтағы құрбақаның шұрылы да, орманды басына
көтере әушілдеген елік те - бәрі-бәрі де алаң қылған
жоқ. Елпектей басып киіз үйдің орнын иіскелей берді, иіскелей берді. Күнге
кеуіп сартап болып қалған ат байлайтын мама ағаштың басында жарбиғаң бір-екі
қарға отыр еді. Сендерге не
жоқ, құстың қоры, дегендей ұшырып жіберді де, кеңсірігін қасыды.

Қара Бураның есіне әлдене түскендей, артына қайта қайрылып, ескі жұрттың орнына көз сата тағы да
қараған... "Әнеу, жер ошақтың оты бықсып, қайта тұтана бастады, өнеу бақанға керме тартылды да,
бірінен-бірі өтетін он бес ат қатарынан байланды: өнеу, когендегі қозыны
қараңыз -қозыны; әне, киіз
үйден түйеші Әбіш шықты, қолында бұйдасы
бар. Бірақ Бура осынау бірсін-бірсін жаңғырып бара жатқан колхозды ауылдан тек
қана ез тобын - өз туысын таппады. Әлдеқайдан, қалың қорымдардың арасынан жас
ботаның әлсіз үні естілгендей болды". Селк ете қалған Бура танауын
жыбырлатып, пысқырып еді, өлгіндегі ғайыптан пайда болған бар көрініс, сыңсыған
үн ізімғайым жоғалды.

Сағыныштай сарғайған ескі жұрт қана жатыр...

Тау іші салқын тартайын деді. Түстіктен майда жел тұрып, қызғалдақтың
басы изеңдеді.

Бура жайлаудағы ескі жұртты да місе тұтпады. Қоңылтақсып шырғалай алмай тау басына тартқан-ды. Жасынан
тайраңдап өскен жері ғой; әр бұта-қарағаны,
тау-тасы таныс; көзге жылы ұшырап тұратын ыстық. Әйтсе де Бура бүгін бір оқыс
қимыл жасаған. Жыл сайын үйір-үйір боп топталып кеп, топырлап мөз-мейрам
тілекпен емін-еркін аралап жүрсе де, мынау таудың басына шықпапты. Өз қызықтары
өздерінде: етектің соны оты тұрғанда,
тау басынан не алсын. Егер жалғыздықжанынды жегідей жеп, сүліктей сорып меңдеп алса, адам да өз-өзінен мәңгіргендей
албаты лағып, беті ауған жаққа сандала бермей ме? Түйенің басында да дәл
осындай сарсаң хал бартын. Екі тілерсегі талып, мойны үзілердей ұйып тұрса да,
бар қуатын тәрк етіп тау басына шықты. Тау басына
шығып еді, ойдағы ел аяғының астында қалды. Әне, бұлтақтай ағып Бұқтырма жатыр.
Суы аққұла. Әне, қалың мұнарға шомып
туған ауылы, өскен елі жатыр. Бура туған ауылын көптен бері көрген жоқ еді. Бұрынғыдай
емес бүрісіп, жұтаң тартып
кеткен сықылданды. Мүмкін,
ауылдың жоқ-жұтандығы өзі
ішінде тайраңдай басып жүргенде, сезілмеген де шығар. Мүмкін, өз көңіліне, боқ
жеген иттей қайтқан көңіл-күйіне сайып, базарлы ауылдың барын көре алмай тұрған
шығар. Бура ой-қырдағы бар әлемге жіті, сергек көз тастады. Мойнын созып, төрт құбылаға
бірдей үздіге телмірген. Апыр-ай, бұрын неге байқамаған. Мына Ұлытаудың басында
көштің сартаптанған жолы бар екен-ау. Бұл қайдан басталып, қай-қайда кететін жол. Бұл кімнің жолы, ненің жолы, кімдер жүрген
жол.

Ғажап-ау, қумекен,
иен-тегін таз басты тауда ұзыннан-ұзақ құр жіптей шұбатылып кете берген көштің сілемі бар.
Небір ықылым заман өтсе де, көмескіленбей, шөп шықпастан сайрап жатқан сүрлеу
Бураның бұрынды-сонды көрген жолдары іспетті емес, өзгеше еді. Бұл сұрлеумен Бураның өзі де, кешегі торғайдай тозып кеткен ағайын-туғаны
да жүрген жоқ. Бұл жолмен
бағзы дәуірдегі атан-інгендер
жүріпті, солар салған жол. Солардың арқа еті арша, борбай еті борша болып,
жалпақтабандары сартаптаған
жол. Иә, олар сондада жұмыр басты пенделерге қызмет етіп, жұмыр басты
пенделердің қайғы-қуанышын арқалап өтпеп пе еді осы сүрлеумен.
Осы сүрлеумен сол өз-өздерімен
қырқыса беретін адамдарды талай-талай алып қашқан жау қолына тастамай, анасыз
жетім қалған сәбидің тандайына
уыз сүтін тамызған да, аруағыңнан айналдым, аруаналар, сендер едіңдер ғой.

"Жосылған жол, біз құрыдық,
сен қалдың. Бірақ түйе салған,
түйеден қалған белгі екенддін ерсі санамай еске алармысың..."

Бураның, әйтеуір, бір жері сыздағандай, көз жанары шатынап, тау басындағы бағзы көштің жолымен әрі-бері сенделіп жүріп алды. Тіпті жата
қалып аунағысы да келді. Тарпаң-тарпаң таптағысы, жаңартқысы келді ме... Егер
үстіне ауыл-аймақтың жүгін түгел артып, мынау қан тамырындай ескі сүрлеумен
нелер қиырға тартсаң да миземес едім дегісі келді ақ. Әттең, дей алмайды ғой
хайуан.

Күн ұясына қонып, тынған. Бірақ түйе тұрған тау басынан алтын алауын жиып
алған жоқ. Маздатады.

Бура кеш жолымен сенделіп кәп жүрді. Оттауға да зауқы шапқан жоқ.

Бура ескі көш жолын
ұзақ, тым-тым ұзақ иіскеді де, есейген
шағында тұңғыш рет боздады. Ұзақ боздады. Ол бұлайша бота шағында ғана бір рет боздаған. Оңда да енесін жайлауға
ащы артып кетіп, екі күн зарыға күткенде, қарны ашқанда боздаған.
Сүрлеуді иіскеп, боздап тұрған түйенің көзіне мөлтілдеп жас іркілді. Бұл да бұдан
сандаған жыл бұрын шыққан
мөлдір де саф таза көз жасының екінші қайталануы.

Оның бота шағы тым-тым ерке тәтай
қылықты басталған-ды. Алғаш
дүниеге келгенде, мұны енесінен шаранасы кеппей жатып бөлек алып, оң жаққа құрып тастаған қызып бәтес шымылдықтың ішіне көтеріп кіргізген. Он күн
бойы аш аламанға көрсетпей,
оңаша ұстаған. Түйеші Әбіштің тарғыл
қатыны ұзақты күн маңынан кетпей бағыпқаққан.  Быртиғаң
бота қарақаттай көзін жаудыратып тәй-тәй басқанда, өзегі түссін деп, атан
қойдың тегенедей құйрығын ерітіп іштіріп еді.

Бота алғаш рет далаға шыққанда, маужыраған маңатты тосырқап тұрмай, әлсіз
буындарын дір-дір еткізіп ойнақшыл әлінше тырандаған еді. Мойнынан құшақтап,
басынан сипалаған түйеші Әбіш пен тарғыл кемпірдің қоламтадай ыстық қолдары
Бураның мәңгі бақи көмескіленбейтін бақытты шағы ғой. Дәурен-ай десеңші...

Түйенің көзінен бұршақтап аққан жас көш жолына сырт-сырт үзіліп түсіп
жатқан, түсіп жатқан.

Енесін жонға ащы артып
әкеткен түні жаңа ғана аяқтанған қара Бура адасып қалып еді. Боз інгенді іздеп
боздап жүріп, қайынды қалың тоғайдың арасына кіріп кетіпті. Ай сүттей жарық
болатын. Тағатсыз ұшып-қонған шымшық
зәрені алады. Анық қорқыныш билеген бота боздауды қойып, бас сауғасына көшкен. Бірақ
ұшқалақ шымшықта, жын
қаққандай секектей беретін қоян да - тіпті табиғаттың бұрынды-сонды
көріп-білмеген небір кереметтері ботаны тым өгейсітпей, таңғажайып түске
айналып, ет үйренісіп кетіп еді. Бір мезгілде ботаның қылша мойнына түнгі ауаны
тілгілей жыланша ысылдап келген қыл арқан оралды да, тегеурінді күшпен жүлқа
тартып бұрап түсірді. Бота одан орі не болғанын білмейді. Алқымынан шеңгелдей
қысқан тылсым күштің құдіретіне бағынып, жан тәсілім беруге ырықтанған. Оның есінде қатғаны: мұны тұзақтаған жұмбақты
адамдар Әбіш емес, басқа жұрт екені ғана... есін жиып, көзін ашқанда, әлгі
жезтырнақты қолдар ауыртып кеткен мойнын Әбіштің жұмсақ алақаны сипап отыр екен. Құлағына тағы да өз
иесінің түсінікті күбір-күбір сөздері шалынды.

"...Ботақаным... қайтып қана бауыздамақ сені... сенің жылбысқа етің
қыстан шығара ма... тас жүректер-ай, ботаның етін жегенше, баланың етін
жемеймісің... жауыздар-ай!.."

Түйенің көзінен бұршақтап
аққан жас көш жолына сырт-сырт үзіліп түсіп жатқан, түсіп
жатқан...

Алыстан талып жеткен түнгі сарын мынау мейіздей қатып-семіп жатқан
меңіреу тау-тастың бойына қан жүгірткендей, жан бітіргендей болды. Тау иығына
сібірлеи тұрған қара көк мұнар пердесі де бір сәт желп етіп, желпініп қалғандай
бодды. Бұл жылқышының айғайы,
күзетшінің айтағы, немесе түн құсының сұңқылы емес, тым-тым биіктен үзіліп естілген әсем әннің екпінді
қайырмасы секілді... Түн түндігін дір еткізген мұнды әуез Тасшоқының қыр арқасынан шымырлап шығып, мұқым тау әулетін
әлдилеп түр. Үп еткен жел жоқ. Тымық. Сымпылдай ұшқан үйректердің бат-бағы,
шегірткенің шырыпы, ешкішектің үні жым болған; шерменде ән әуелеген сайын, тұншығып
қала береді, құмыға береді. Алтай
самалындай қоңыр, әрі майда, әрі мұңды, терең тебіреніс, өкінішті қаяуға толы
жаяу адамның жайымен шырқап салған әуез даусы іспетті әсем үн. Тау қарауытып жатыр. Тау селт
етпестей сілтідей тынып жатыр. Орман тылсым, орман үнсіз. Орман үдемелі үнге
ден қойған. Орман ойланып тұр.
Тау... Тәкаппар тау мынау құдіретті үн алдында кербез басын әлдеқашан иген.
Мынау мұңды дауыс аза бойынды
қаза етеді. Сай-сүйегінді сырқырата боздаған үн тіпті қарабайыр түйелердің
қарапайым боздауыңдай емес, басқа соны, тың дауыстын. Сіз бұл үнді еш әуенге ұқсата алмас едіңіз. Бұл жүрекгің, сағыныштың, аңсардың ардақты зары ма... Жо-жоқ. Бұл - ауыр өкпе-наздың, еркеліктің әншейін ем зеріккенде шығаратын жарықшақ үні ме...
Жо-жоқ. Әлде жоқтау шығар. Олай да емес. Бұл - ертеңгі атар таңның бұлыңғыр бұлаң құйрық болашағының түңіліс мұңы. Жан тәсілімі алдындағы, ұрпаққатары
алдындағы іш құса қайғының шеменделген шерменде запыраны еді. Иә, бұл боздау - бірегей әсте
қайталанбайтын боздау. Мынау күңірене, зарлана шығып кешкі ауаға шымырлап тарап
жатқан үнде "Елім-айдың" да, "Балталы, Бағаналы Ел аман
болдың" да, "Қорланның" да, "Жанботаның" да, тіпті қауқарсыз
қагілез өн "Мендіқыз"
бен "Айшажанның" да әуеніне ұқсастығы жоқ, басқа бір құдіретті, тосын
күй іспеттес.

Тау қара барқындалып, түн түндігі жабылып келе жатыр еді.

Бура көш жолында сең соққандай сенделіп, түннің бір уағына дейін боздап
жүрген...

Қара Бураның ұдайы бір жыл
жоғалуы Қазақбай ауылына өзгеріс енгізген жоқ. Қызыл қайынды мінбелей отырған
бір тайпалы ел сонау бір етек-жендері жинақы үйіріліп отырған шақтарында, түйе
түгіл, түйме жоғалса да, әп-сәтте естіп, у ішсең руыңмен дегендей, аттан сала
іздеп, ұзатпай тауып алатын. Кейінгі кезде үй санының өрескел көбеюі, шаруаның
шанағы шалқи молаюы ма, бірі өліп қалса да, араға ай салып есік ашыспайтын
қылық пайда болған.

Қара Бураның ұшты-күйді ғайып
болғаны - тек Әбіштің ғана арқасына аяздай бататын. Жасынан түйе бағып үйреніп
қалғандығынан ба, осы ауылдан сол ескі көз түліктің қарасы өшкенде, томырық
мінезіне басып, ауыл ағаларын жеті атасынан түсіп сыбап алған. Қайтып жұмысқа
да шықпады. Жұмысқа шық деп бригадир өзі іздеп келеді мен біраз аялдап еді,
тіпті олар мұның ауласының түбімен жүрмейтін болды. Әбіштің жанын қинаған осы
жайт еді. Ежелден сүйекке сінді қырсықтыгы бар қиқар шал төбемді мен де
көрсетпейін бұларға дегендей, сегіз көзім сырқырап жүр, - деп, кәдімгідей төсек
тартып, саржамбас боп жатып алған. Оқта-текте немересі келіп:

- Ата, қара Бура Тасшоқының бауырында жүр дейді. Төрқуысқа өтіп
кетіпті дейді, - деген дүңк-дүңк хабар жеткізетін. Өзі іздеп шықсам ба деп те
сан рет оқталған. Құрғыр аяқ артар көлігі жоқ болған соң, бөлімше бастықтарына
ат сұрап баруға арланып, қорына беретін. Бірде немересі:

- Ата, қара Бураны қасқыр жеп кетіпті, - деді. Төсектен шаптыға атып тұрған
шал шықшытын шатынатып:

- Көкіме, ақырзаманның баласы.
Қара Бура екеуіміз өз ажалымыздан өлмесек, ит-құска жем болмаймыз, - деп, қатты
зекіп тастаған.

Бура бұл шақта Нарынның құмдауына
өтіп кетіп еді. Қаңтар айы туып, күн әбден суып алған. Алақаншықтана суси
ұйтқыған боран бірнеше күннен бері ішін тартып, ышқына соғып тұр. Ықтасыны жоқ
ысқаяқжердің самаладай-самаладай шилері, жел қаққан сайын, мұңлы үн шығарып,
ызың-ызың шулайтын. Сиыр тандайлана күпселеніп қалған құртік қар Бураның
жалпақтабаны тиген сайын, морт-морт опырылып сынады. Суық қанша қысқанымен
кепке дейін ырық бермей, сүйекке қарысып жүрді. Көбінесе жер ша-лып,
бұта-талдың басын сүзіп қайтатын да, аздап болса да қақтама күнгей дегендей
Нарынның теміржол жақ беткейінде жүретін. Нарынның бұл жағы кең төскей болушы
еді, әмбесінде қалың шилі, тебіндікке шүйгін келетін тепсең.

Сонау бір жылдары осы өңірден
кен ашылып, темір жол түспек болғанда, Бура не бары тайлақ еді. Тайлақ, әлі
жас, белі кетеді деген жоқ. Мұны да Әбішке ұстаттырып шанаға үйреткен. Бұл
ағасы Ақбастай емес жуастау болды да, жұмысшы қолына тез көндікті. Теміржолға қажетті
құмтас, беренені, сосын зілдей-зілдей рельстерді сүйреп жанталасқан. Сонда
Қсізақбай ауылында ботадан өзге қоқаң еткен түйе қалдыр-май, түтелдей дерлік
теміржолға айдаған. Сонда қара Бураның ағайын-туғандары аттай бір жыл бойы
мынау ұзыннан-ұзақ Шығысқа жарыса жосылып кете берген теміржолдың ауыртпалықтан
қылша мойны талша болып тартқан. Тегінде, мұнан соң түйелер мұндай ауыр еңбекке
жегілген жоқ. Ақырғысы еді бұл.

Қара Бура жасынан момындау болды да, пішілмей қалды. Лағнат мұның үлкені
еді. Ақпан айы туған сайын, аузынан ақ көбігін ағызып жарайтын. Ал жынданып
алса, мынау өңірдің тайлы-таяғын қалдырмай
тырқырата қуатын. Бір жылы февраль айында аса қатты құтырып еді. Ежелден салқын
қанды қара Бура Ақбас құсап шаптыға жараған жоқ. Аузынан ақ көбігін ағызып,
бу-булап өз бетінше тыныш жүретін.
Совхоздың бас зоотехнші бұлардың қасынан крперсіз желе жортып өте бергенде,
Ақбас қапелімде тұра қуған. Зоотехник аты дәмелі жүйріктің бірі екен, кепке
дейін құйрық тістетпей ұзап
кетті. Бірақ екілене ершеленіп алған Ақбас қуып жетуге айналған. Ал қуып жетсе,
кеудесімен бір ұрып мұрттай ұшырады да, қос тізесімен езіп, үстіне жатып алар
еді. Абиыр болғанда, зоотехник Қарасудың көк тайғақ боп қатып жатқан мұзынан
тағалы атпен тасыр-тұсыр құйын-перен шауып өте шықты. Ақбас та қаймығар емес. Көк қасқа мұздай май табаны тайып өте алмайтынын алдын-ала сезді
ме, екпіндей көп әнейімен қос
тізерлей қалды. Артқы екі аяғын талтақ ұстап қос тізерлей қалған түйе, әуелгі
екпінімен арғы бетке зыр етіп өте шықты. Ақбастан мұндай ерен ерлік күтпеген ол
жаны шығып орманға қашты. Ол қашып құтыла алмайтын еді. Ақбас бәрібір құтқармас
еді. Зоотехник осыны сезді. Астындағы атын сауырына бір сап қоя берді де, бойы
көкке тірелген зәулім
теректің басына мысықша тырмысып шығып кетті қас қағымда. Ақбас бура терекке
кеп ұзақ үйкелді. Көкке қарады. Жынын шашып жер тарлыды. Сосын теректің түбіне жайымен шөгіп,
сен шыдасаң мен шыдадым дегендей, жайбарақат күйсеп кеткен.

Әбіш ауырып аудандық ауруханада жатыр еді. Зоотехникті құтқаратын басқадай лаждың жоқтығы болды
ма, Ақбас Бураны атып өлтіріп,
зоотехникті ағаш басынан түсіріп алған. Ал қара Бура болса мұндай тентектіктен
бойын аулақ ұстайды.

Неге екені белгісіз, осы жылдың қаңтар айында бұған да төтенше желік
пайда болды. Екі апта қурай
басын тістемей, өз-өзінен жараған, көзі шелиіп, құрдың артынша қызара беріп
айналып шығып кетті. Бір жыл ұдайы
жалғыз жүріп, әбден іш құса боп
жалықты ма, әлде арынды
ашудың қысастығына басты ма, тісін қайрап, аузынан дамыл-дамыл ақ көбігін ағызатын. Шолақ
құйрығып тағатсыз сабап, екі бұтын
кезек қайшылап көбіктендіріп, үнемі буы бұрқырап бусанып жүретін. Басын жерге
салмастан қайқайтқан қалпы бу-булап, ертеден қара кешке дейін дамыл таппай безектей
береді. Көзіне келденең көк
атты көрінсе, әлдеқашан шайнап тастарды. Өкінішке орай, мынау мекиеннен өзінен
басқа ұшқан құс, жүгірген аң таппады.

Бура ағасынша жынданды. Бірақ Ақбас атан әншейін пәтуасыз, мұңсызқамсыз еріккеннен еркексініп құтырынса, бұл жалғыздықтың зары әбден еткендіктен
шамырқанғандай, шамданғандай. Бірнеше күн аузына мөр салмағандықтан шығар - екі көзі шұңғыл тартып, ішіне кіріп кеткенді. Қарны қабысқан. Былтырғы жылдың жүні қырқылмай, жаңа жүнмен
араласып, иттің құйрығынша
сабалақтанып қалған.

Бура, әсіресе, бүгінгі күні ес жия алмай шабынды. Бу-буы да көбейіп аласұрған. Қыстың тұсаудай ғана қысқа күні жаңа ғана
көтерілген еді, енді, әне, батып барады. Дала мелшиіп, мәңгі өлі күйге енгендей
сарынсыз жатыр. Түндегі итше ұлыған алақаншық боран жаңа ғана толас тауып, сап
болған. Шабынған Бура ақкебінді айқара жамылып, көсіле түсіп жатқан даладан
қыбыр еткен жан іздеді. Құныға, көзін қарықтыра ұзақ іздеді. Таппады. Шаптығып
жер тарпыды. Боздайын деп еді, көмейі көбікке толып, үнін шығара алмады.
Жылайын деп еді, тулақтай көні кеуіп қалған көз жана-ры шыланған жоқ. Өлейін-ақ
деп еді, көпті көрген көмпіс сірне жан көнбеді. Енді қайтпек? Енді қайда
бармақ? Ауылға ма? Құдай көрсетпесін... Ақбастай атып тастар. Атып тастар...
Бу-бу... бу-бу... Енді қайтпек - гу-гу... гу-гу... гу паровоздың ышқына
боздаған даусын құлағы шалды. Бірақ оны поезд деп ойлаған жоқ. Әйтеуір, дауыс
шығады ғой. Таныс дауыс өзі. Бура солай беттеді.

Түтінін будақтатып сонадайдан қарауытқан поезд таңдайын тақылдатып өлінше
ұшыртып келеді. Үстіне тиеп алған ағаш, көмір, темір-терсегі бар вагондар жұлдызша ағып, Бураға қатарласа
берді. Ұрынарға қара таба алмай, сандалбай күйде жүрген ол поездың өкпе тұсынан атой салды. Тіпті өзінен зор
алпауыт күш екенін, қан қақсатып кететінін еске алғысы жоқ. Бар күш-қуатын
жиып, мойнын иіп алып тұра шапты. Өлген-тірілгеніне қарамай шапты. Аузынан
аққан ақ көбік жерге мұз боп
түседі. Қос танауынан буы будақ-будақ атқылап, тарпандап кеп таптап тастамақ
болды, мынау зу-зу, гу-гу еткен дәу қараны. Шаптығып кеп кеудесімен бірді қойып
еді, өзін сонадай жерге итше бұрап лақтырып жіберді де, бір қышқырып зытып
отырды. Бураның кеуде сүйегінің быт-шыты шықты. Езуінен қанды көбік ағып,
біразға дейін тырбаңдап жатты. Бұдан соң аяғын қатты бір серпіп, жан тәсілім берді. Біраққаз бауыр бұлттар
қалғыған көгілдір аспанның суреті түскен қимылсыз қара кезден жып-жылы жас,
таза әрі күнәсіз жас ағып жатты...

Өзегі талып өртеніп жүріп, өрге сүйреп жеткізген баланың аяулы анасына
қол жұмсағанын көргеніңіз бар
ма? "Өз қолынды өзін
кесемісін деп, іштен егіліп, қорлана жыламаушы ма еді. Сонда ардақ ананың көз
жасын таңдайыңа тамызып татып көрсең ғой. Қара Бураның қазіргі халі дәл осындай
еді.

Даланы да бір сәт қайғы басқандай, түйесіз жетімсіреп қалғандай еді. Қазақбай ауылының ең соңғы түйесі
осылайша ит жемі болып қазаға ұшыраған.

 

                                                                     
* * *

Төсек тартып жатқан Әбіш шал
Бураның поезға ұрынып өлгенін естіген соң, бөлімше басқарушысына барып көлік сұраған.

- Хайуан болса да пайдасы көп тиіп
еді. Сүйегін далаға қалдырмай, жеткізіп алайын. Тым құрыса шудасы кәдеге жарар,
- деп еді, бастық:

- Кісі де өліп қалады. Сол жынды
түйені атты үркітіп ауылға әкелеміз бе, - деп, міз бақпаған. Меселдесі қайтқан
Әбіш шал жүгенін артына ұстап, құр
қол келді үйіне.

Бірақ қара Бураны шал ұмытқан жоқ-тын. Қардыр шеті тесіліп, күн жылына, немересін ертіп
Нарын құмына жаяу аттанған. Түйенің шыбын қонып, саси бастаған денесін жер
қазып көмген. Арқалай келген
діңгекшесіне "Бұл жерге
поезға соғылып өлген қара Бура көмілді" дегізіп жаздырды да, түйенің
басына сайғақ етіп орнатты. Бірақ сиялы қарындашпен жазылған немересінің шимайы,
екі-үш рет жауын жауған соң, өшіп
қалған еді.

Бұл тұстан күніне екі
рет өкіріп-бақырып, өз құдіретіне
өзі масаттанған поезд өтеді. Сол поездың ішінде рақат әрі жайлы орында
тербетіліп отырған пенделер сонау құба белде қарайған жалғыз қазыққа көз салмайтын. Көз салса да землемердің орнатқан діңгегі
деп ойлар еді. Олар мынау темір жолға, әсіресе, кімнің тері көп тегілгенін
білер ме. Олар Қазақбай ауылында
көрмеге қояр бір түйе қалмай, құрып кеткенін де біле бермейді. Иә, олар бейқам,
мұңсыз-қамсыз өмірде, күндердің
күні... қара Бураны да есіне
алар...

Бұл тұстан таңдайы тақылдап поезд өткен сайын,
бір рет боздап кететін. Әй, ол жер жастанған Бураны жоқтағаны дейсің бе?..

Поезд асығыс зулап барады...

Тоқтататын күш жоқ!