ВЕРНУТЬСЯ

      Біз оны "күжілдек" дейтінбіз.
Ербала деген аңшы шалдың жалғыз ұлы еді. Төртпақ, қап-қара шойыннан құя
салғандай, даусы жуан, аңқау да аңкылдақ адам еді. Қырықтан жаңа асқанмен, қара
танитын ғана қауқары бар, ілдалдамен өмір сүрген өте қарапайым, ел аузына күлкі
боп іліккен, ете қызықжантын. Совхөз қайда жұмсаса  сонда балаша еріп, ерінбей жүре беретін.
Бірақ өліп бара жатса да асығуды білмейтін, колхоздың қара өгізіндей әрі
жайбасар, әрі жуас. "Жуас түйе жүндеуге жақсы" деп, ауыл азаматы бас
қосып отыра қалса, әңгімелерінің желісі Құмарға ауысып, түрткілеп қажайтын,
қалжындап, қаңку сөзбен есін шығарар еді. Аю секідді алая қарап, қорбандап
орнынан тұрып кететін, немесе: "Ей, - деп күж ете түсетін, - ей, тәлкек
қылмандар, мойындарынды бұрап аламын". Бірақ күні бүгінге дейін ол кісі ешкімнің
мойнын үзген жоқ, зәуде төбелесе қалса, баж-бүж етіп, мұрны қанап, таяқжеп шыға
келетін.

Құмекеңнің ішіп алғанда айтар
жалғыз әні бар. Оны жұрттың бәрі жатқа біледі. Не той-томалақта, не болмаса
жападан-жалғыз өзі жаман торысына мініп бүлкек-бүлкек желіп келе жатып, айызы
қана шырқайтын-ай. Мәңгі таусылмас ұшы-қиыры жоқ төл әніне әләулайлап кеп
басатын-ай. Сонда Құмекеңнің әлемде жоқ теңдессіз әні мынау еді: "Албания,
шалбария, албания, шалбария", - міне, осы сөзді создақтатып жалықпай
қайталай беретін, қайталай беретін.

Әкесі Ербаланың аруағынан ұялама
ма, ептеп аңшылық құратыны және бар. Онда да қолында мылтығы жоқ, әкеден қалған
ескі елік қақпан мен қоянға құратын сым темір тұзақ қана. Жаман торысына бір
жамбастай мініп қиқайып алады да "албания, шалбариясын" мұрнынан ғана
ыңылдап, тауға қарай беттеп бара жатар еді. Кейде көңіл деген көк дөнен ғой, қоқырақтап
шапқысы келетін. Амал не, жаман торысы алдан гөрі артқа жақсы жүрер еді. Құмекең
таудағы өлі қыстаққа тасылмай, қар басып тұрған маяның түбіне асықпай-саспай
қақпанын құратын. Жаңа ғана жүгіріп өткен сонар бетіндегі қоян ізін аңдып,
баспалап барып қалыңдау тал не бұтаның арасындағы ұрымтал тұсқа тұзағын
байлайтын. Бұдан соң аспай-саспай қалтасындағы дорба толы махоркасын алып бас
киімінің маңдайшасына жүгіртіп жіберген газеттің шетінен жыртып темекісін
салып, тілімен жалап желімдеп, сұлулап орайтын. Енді сіреңкесін іздей бастайды.
Қарманып қарамаған калтасы қалмайды, әрең дегенде жан калтасының түбі тесіліп,
жыртығынан түсіп, астарды қуалап кеткен шақпақты тауып, міндетті түрде салдырлатып
шайқай, қанша ши қалды дегендей байқап барып, сорайған пештің мойнындай ұзын шылымын
тұтатар еді. Саспай байыппен құшырлана соратын, содан соң бірден қолқасын қапқан
ащы түтіннен булығып жөтелетін, ұзақ жөтелетін күркілдеп. Көк түтін ыстаған
көзін сығырайта сонау, етекте жым-жырт қар басып, томаға-тұйық жатқан ауылға
ойлана телміреді-ай. Сонау етекте асықтай шашылып жатқан ауылда Құмекеңнің де
қос бөлмелі ағаш үйі бар. Көріне ме, көзіме түсе ме дегендей, тесіліп көп
қарайды. Аппақ қар жанарын жеп, жасаурата берген соң, былш еткізіп бір түкіреді
де, атына қайта мінеді.

Құмекеңнің сондай, аңнан қайтқан
сәтсіздеу бір сәтінде тауға отынға бара жатқан әкем екеуміз ұшырасқан едік. Қанжығасы
тағы да бос екен. Әкеме сәлем берді. Күж ете қалған даусынан, жастау мал еді,
менің астымдағы шабдар ат жалт етіп үркіп, жығып кете жаздағаны.

- Иә, Құмар, қақпаныңа ештеңе ілікпеген бе? - деді әкем. Ол қыржың ете
қалды да, жаман торысын бауырлап тартып өтті қамшысымен. Ат мизеген жоқ, құйрығын
бір бұлғап "қираттың" дегендей тезек тастады. Мен жаман торының
осыншалық көн тулақ көнбістігіне еріксіз күлдім.

- Ей, а-ға-а, - деді Құмар созып, - атаңның аузын ұрайын... сіздің
емес, әрине... Атасының аузын ұрайын, Балтабай молла Суықсайдағы маяның түбіне құрған
қақпанымды да, қақпаным қапқан елігімді де шанасына тиеп алып кетіпті. Соның
ізін шалып келемін. Сіздің алдыңыздан шыққан жоқ па?

- Жоқ, көзіме түспеді. Қақпаныңды алған дәл Балтабай екенін қайдан
білдің? - деді әкем жымиып.

- Ой, а-ғ-а, сіз де баланың сөзін
айтасыз. Балтабай молла осыдан
бір апта бұрын шеге сұрап
маған келген. Сонда өзі айтып отырған: "Шеге жетпей қалып, биенің артқы оң
аяғы тағаланбай қалды", - деп. Міне, байқайсыз ба, мына жолда бір тағаның
ізі жоқ емес пе, ей, а-ғ-а...

- Рас, - деді әкем тапқырлығына
еріксіз сүйсініп, - бір аяғы тағаланбаған аттың ізі.

- Ат емес, бие деңіз.

- Рас, биенің ізі.

- Аттыкі ме, биенікі ме, ізіне қарап
ажырату қиын ғой, -дедім мен қарап тұрмай.

- Ал мен, - деді Құмар күмілжіп, - төрт түліктің қиын иіскеп айыра
аламын еркек-ұрғашысын.

- Рас, - деді біздің шал, - рас,
айыра алады.

Біз екі жаққа бөлініп аттаңдық.

Ертеңінде есік алдындағы түнде жауған қарды күреп жүр едім, жаман
торысына жайдақ мініп, тепедеп жалаң бас Құмар келді. Суық күнде өртеніп
жүргендей басының буы бұрқ-бұрқ етеді. Аттың үстінде тұрып айғай салды:

- Ей, пысық бала, әкең тұрды ма?

- Тұрған, шай ішіп отыр.

- Мен келіп тұр де.

Үйге кіріп шалды шақырып шықтым.

- Неғып ертелетіп жүрсің? - деді
әкем. - Үйге түсіп шай ішпейсің бе?

- Уақытым жоқ, а-ға-а, асығыспын.
Балтабайды қатырдым. Кеше айтпап па едім, қақпанды сол алыпты.

- Қалай қатырдың?

- Ой, а-ға-а, кеше өзіңізбен
қоштасқан бетте, салып ұрып үйіне жетіп барсам, керіскедей қылып менің елігімді сойып жатыр.
"Қайтар өзіме", - дедім. "Алтайдағы бар елікке ен салып қойып па
едің, сенікі емес", - деп, міз бақпады. Содан боқтастық. Сақалы бар молла
екен дегенім жоқ, әке-бабасынан түсіп, түгін қоймай жездей қақтадым.
"Еліктің әкесін ұрайын, алсаң ала бер, бәрібір менің ішіме аңның еті
жақпаушы еді, тым болмағанда қақпанымды қайтар", - деп тебініп едім,
батырға да жан керек, бере салды. Қанжығаға мықтап байладым да, "жеті
атаңның аузын..." деп сыдыртып едім, ол да жеңілмейтін без бүйрек ит екен,
"жетпіс жеті әкеңнің..." деп... түп-тұқиян ата-бабамды түгел санап
шықты. Үндегенім жоқ. Шыдамдымын ғой. Үйге келдім. Әрине, жетпіс жеті әке
болмайтын шығар деп ойладым. Содан Сайлыш келініңіздің жариттаған картошкасын
жеп, тым-тырыс жатып қалдым. Таңертең ояна келсем, күн әлі ерте екен. Бірақ
айнала жарық, қар жауып қалыпты. Оны өзіңіз де көріп тұрсыз... Иә, сонымен
көпке дейін суықтан қорғанып тұрмай, көзім бақырайып жатып алдым. Сиырға шөпті Сайлыш салды. Сонда барып
есіме түсті. Кеше кешке ғой, Балтабай молла жетпіс жеті әкемді қосақтап материтса
етті, ал мен болсам жеңілген иттей құйрығымды қысып үндемей үйге қайтыппын...
Әкемнің де ашуы артынан түсуші еді, жылы төсектен атып тұрдым да, атыма жайдақ
міне салып, Балтабайдың үйіне тұра шаптым. Дәл есік көзіне ат ойнатып айғай салдым: "Ей,
Балтабай, шық үйден, жан керек болса", - дедім. Балтабай штаншаң, бір
қолымен ышқырын, бір қолымен жүрегін ұстап: "Не болды, не болды", -
деп атып шықты. "Ей, Балтабай, - дедім, - сексен сегіз әкеңнің
аузын..." - деп сарт дегіздім де, атымның басын шапшаң бұрып, құйын-перен
шапқылап, мінеки, тұп-тура сізге келдім... Айтыңызшы, шын төрелігіңізді айтыңызшы, а-ға-а, артылттым емес пе?! Балтабай
боқтаған жетпіс жеті әкеден тура он бір әкені артылттым емес пе, а-ға-а,
айтыңызшы, а-ға-а, артылттым ғой, иә, қатырдым ғой, иә... Рас па, а-ға-а!

-          Рас, - деді біздің шал, -
артылттың, артылттың!

- Біліп едім, артылтқанымды, ризамын
сізге, - деп, астындағы "арғымағын" борбайлап-борбайлап шоқырақтай
жөнелді. Әкем үйден жеңіл шығып еді, әбден жаурап қалса керек, бүрсең қағып
қайта кіріп кетті. Мен Құмардың соңынан ұзақ қарап тұрып, оның, сөз жоқ, дәл
қазір "Албания, шалбария" деп ән салып бара жатқанына күмәнім қалмаған.

Сол Құмекең ана бір жыпы судың арғы жағалауындағы Қарадаладағы қырманға
күзетші болып орналасыпты. Көктемгі
егін егер мезгіл, механизаторлар күні
бойы алқапта жер жыртып, дән
сеуіп жүреді де, күн еңкейе, тракторларын қаңтарып тастап, машинаға мініп ауылға қайтатын еді. Ал Құмекең күзетте қалады.
Содан ертеңінде жігіттер тракторға май құяйын десе, ыдысы бос жатыр. Ішіндегі
автол жоқ, тегі, Құмекең ұйқтап қалғанда, ары-бері өткен жүргіншілер құйып әкетсе керек. Механизаторлар жан-жағынан
айғайлап жан алқымынан алған соң, сасқалақтаған Құмар: "Уа, азаматтар, - деп, оң қолын көтеріпті. -
Сабыр, сабыр сақтаңдар. Автолды
қасқыр ішіп кеткен. Ал, қылатыныңды
қылып ал".

Өзі жаман торысына мініп, енді кайтып көрмегенім қырман болсын деп,
ауылға желе жөнеліпті.

Сол Құмар биыл Қарадаладағы қырманның күзетшілігіне тағы барған. Бұл жолы автол аман, қасқыр да, адам
да іше қойған жоқ. Соңғы кезде Құмекең күдерін мүлдем үзгендей аң қарағанды да
қойған, себебі - баяғыдай ешкімен бірге өріп жүретін елік жоқ бүгінде. Соңғы
кезде ол "албания, шалбария" деп шет-шегі таусылмас әнін де айтқанын
қойып, бір түрлі бұйығы, өз-өзінен
қорынып, жуас тартыпты деп
естігенмін. Тек Құмар туралы күлкілі, өтірік-шыны аралас әңгімелер ғана ауыл
арасында қаңқулап жүрер еді.

Екі кештің арасында Бұқтырманың арғы жағындағы күзеттен кір-қоңымды
жуғызып, моншаға түсіп қайтайын деп үйіне келе жатқанда, өткелді таба алмай,
суға кетіп өліпті. Оның суға кетіп өлгенін алғашында ешкім біле алмапты-мыс,
тіпті ауыл адамдары сенбеген
бе, өйткені оларға Құмар "албания, шалбариясын" айтып, орталарында
мәңгі-бақи жүре беретіндей сезінген. Баз біреулер айтыпты: "Құмар тіпті де
өлген жоқ, төменгі жақта немере інісі бар екен, соған
кетіпті". Енді біреулер естіпті: "Құмар арғы беттегі орыс ауылы
Черновада ішіп-ішіп мас болып жүр", - деп. Тағы біреулер көріпті:
"Егер Құмар тірі жүрсе, су-су болып жаман торысы ат қораға келер ме еді? Өзеннің
ормасына түсіп кеткен Құмар айғайлап үш рет қол бұлғапты. Әлдекімді дауыстап
шақырыпты .

Құмар кімді шақырғанын, қолын неге бұлғағанын ешкім білмейді. Әлде ел-жұртымен
қоштасқаны шығар, әлде ел-жұртын "әйтеуір, түбі баратын жерің мен кеткен
жақ" деп, соңынан шақырды ма екен. Қалай болғанда да ол "мені құтқара гөр,
халқым" деп қол бұлғамағаны рас-ты.

Осындай сәуегейлікпен бір апта уақыт өтеді. Сайлыш жеңешеміз суды
жағалап, бар баласын ертіп
"Алпамсадай арысым едің" деп, боздап жүрген көрінеді. Ал Құмекең жым-жырт...

Ауып азаматтары айтады: "Ой, ол итті судан
емес, қырдан іздеу керек. Көресің
әлі "албания, шалбариясып" айтып келе жатады".

Дегенмен, деп ойлаймын мен, Құмар суға кетерде, қолын неге бұлғады екен?!.