ВЕРНУТЬСЯ

     Мен ол кісіні баяғыдан
білетінмін... бірақ білмейді екенмін. Жас кезінде, әсіресе, әскери міндетін өтеп,
буыны бекіп, бұғанасы қатып келген кезде, екі иығына екі кісі мінгендей,
көрікті де сымбатты, аса қайратты жігіт еді. Тұла бойы тұнып тұрған күш
секілденетін. Тілерсегін тіліп жіберсең де жығылмайтын, ал алда-жалда жығыла қалса,
қайтып тұрмайтын, өйткені ол үшін жамбасы жерге тию - өліммен тең екенін ауып
азаматтары ауыздарының суы құрып, таңдана, тамсана айтатын. Мерекелі күндерде өтетін
ойын-тойда екі мықынын таянып, бас балуанға түсетін де осы - Шаған еді. Ауылдың
тамам бозбалалары Шағандай болсақ, әттең, қырқай шалып алып ұрсақ, деген
тілекпен ер жетті. Ондай жымысқы арман мені де түрткілеп, ертелі-кеш мазалай
беретін. Қабағы түксиген, қол-аяғын шойыннан құйғандай, бұлшық еттері
білеу-білеу қимылдап қалса өз-өзінен ойнап, мұқым денесі денсаулықтың әнін шырқап
сөйлеп қоя беретін атан азаматтың басына қонған бағы он-ақ жылға жетті. Содан
соң... содан соң өздеріңіз де білесіздер ғой... ішу бастал-ды. Әсіресе, жеті
баланың әкесі болғанда, бақ шіркіннің шайқалуы, әй, пенденің пешенесіне
бермесін, қиын-ау, қиын... Ал енді осы бақтың шайқалу кебін кім біледі? Себебі
не? Сіздерді білмеймін, өзім бұл сұрақка жауап бере алмас едім. Кінәны
жалғыз-ақ нәрсеге жабамыз, ол - арақ Арақ ішкеннің бар-барлығы жынды болып
кетпегенін тағы да көріп жүрміз.

Шаған мас болғанда, аузынан
тастамайтын жалғыз әні бар еді. Ұмытпасам, былай-ау деймін: "Жігітіңде мін
жоқ, қалтасында дым жоқ, ішейін деп ішпеймін, жетпеген соң ішемін".
Аяқжағын: "Ақшасы көп адамның маскүнем болғанын көргенім жоқ, әкең..."
- деп аяқтайтын да, өз шық-шытын өзі балғадай жұдырығымен қойып қалып, тісін
шақыр-шұқыр қайрайтын. Әлдекімге кіжінетін, әлдекімді (бәлкім, өзін)
балағаттайтын.

Кейінгі жылдары атымыз бәйгеден
келіп, атақ қуған соң, ауылға сирек қатынайтын болдық қой. Шаған емірінің соңғы
жылдарынан хабарсыз болғанмын. Тек, еститінмін, әнейі себептермен екі рет
отырып келіпті (әрине, түрмеге). Адам өлтірмеген, ұрлыққа түспеген, ешкімнің
ала жібін аттамаған. Сонда қалай дейсіздер ғой?.. Палуан ағамыз бұл күндері ат
басып, тозыңқырап қалған намысын қорғаймын деп жүріп қор болған да. Рухын
жоғалтқан адам - ол да бір түбі шіріген ағаш, жел тұрса құлап қалады. Елге
соңғы барғаңда естідім -Шағанды саусақпен түртіп қалсаң, мұрттай ұшады екен.
Қарап отырып қапаланасың. Жастық шағымның қол жетпес арманы, шыға алмас шыңы,
жыға алмас бәйтерегі болған, қайран азаматты мүсіркеуім емес, жо-жоқ, айналайын
ауылда "әттең, сол кісідей болсам" деп, ерлік тұтып, еліктейтін
азаматтың азайғаны жаныңды жаралайтын.

Сонымен Шаған - Шаған болғалы,
тура елу рет жұмыс ауыстырған. Совхоздан қуылған күні, жол жөндеу жұмысына, бұдан
қуса - балташы болып, әркімнің үйін салады.

Қысқасы, істемеген ісі,
ішпеген ішімдігі қалмаған. Қандай азып-тозып, жүдеп-жадап жүрсін, алған бетінен
қайтпайтын турашылдығы мен әділдігін, әсіресе, менің анам сүйсіне айтушы еді.
Ол бізге көрші тұратын. Сондықтан да жиі келетін. Ертеңгілік басы зеңгіп, көзі
қызарып, "похмель" іздеген шақта, шешеме: - Әй, тәте, - дейтін. Шешем
әдетінше: - Оу, құлыным, - дейтін.

- Он сом ақша беріңіз, - дейтін.

- Ала ғой, жарығым, - дейтін.

- Сіз мені білесіз бе? - дейтін.

- Жөргегіңнен білемін ғой, қарғам, - дейтін.

- Тәте, мені сізден басқа ешкім түсінбейді. Даже, әйелім де. Күні
ертең жолстройға жұмысқа кірем. Азамат емеспін бе, он сом деген не,
суырып алмаймын ба... Әкең,.. жалғыз жаным аман болса...

- Суырып аласың, жарығым, азаматсың
ғой, - дейтін шешем.

Шаған сөзінде тұратын, айтқан уақытыңда жерден шұқыса да, он сом қарызын
тауып әкеп беретін еді. Осы жігіттің тиын-сиынын құртып жүрген тіпті де арақ
емес екенін кейін білдім. Жиырма бес жыл бұрын алған жалғыз орындық қара мотоциклі бар еді. Міне, содан
бері үстінен түспей мініп келеді. Мінгенде де қызық: күн шықпай, тырқылдатып от алдырады, қаздия отырып ауылды шыр айналып шығады, бұдан
соң Қара жер деп аталар
ауылдан он шақырым қазшықтықтағы
молаларға тартады. Қайтып
келіп, қорасына қамап
тастайды. Ол осы айнымас та, жаңылмас әдетін кешке, ел орынға отыра тағы
қайталайды. Ширек ғасырдан бергі қарекеті осы. Ал, Қара жердегі қорымда марқұм әкесі
мен шешесі жатыр қара топырақты қымтана түсіп. Екі күннің бірінде почтада тұрады.
Тапқан-таянғанын мотоцикліне тетік алуға жолдайды да... Егер жиырма бес жылдан
бергі қосымша белшек алуға, яғни астындағы қара "тайын" жөндеуге жұмсалған
ақшасын жинап-терсе, ендігі "Москвич" сатып алуға жетер еді деседі құрдастары.

Сол Шағанды бес жылдан соң бүгін көріп тұрмын. Өскеменнің аэропортында теңселіп
ары-бері жүр екен. Қайран қалдым. Аппақ сазандай, толған. Үнемі шүңірейіп, арақ құйшы деп
тіленіп тұратын көзі от шашады. Ине-жіптен жаңа шыққан қоңыр костюм. Аяғында биік өкше, қайқы тұмсық
сабо-кебіс. Жасыл көйлек, мойнына жылтырауық алқызыл галстук байлаған. Келбетті де келісті, жауырыны қақпақтай
жігіт ағасы жымия күліп,
салмақтай басып, сабырмен сәлем
берді.

- Иә, Ораш, хал қалай, бауырым? - деп, күректей алақанын
ұсынды. Бірақ қанша қарулы болса да, менің біздиген ақ саусақтарымды мытып,
қысқан жоқ. Осы шақта қаладағы
қаламдастарымның әліне қарамай
қолымды мыжғылайтыны есіме оралды.

- Аманшылық, аға. Өзіңіздің
ден-саулығыңыз?

- Құдай маған жалғыз-ақ нәрсе
берген. Ол - денсаулық, - деді мені бастап сыртқа беттей беріп. Қалтасынан "Космос" сигаретін
алып, түбінен қағып бірін маған ұсынды. Тұтатты.

- Биыл біздің жақ тамылжып-ақ тұр
екен. Елден кеткен екі жылда осыншалық сағынамын деп ойлаған жоқ едім. Бәрін
бүлдіріп жүрген мен екенмін-ау... Тіпті жайнап, жасарып қалғандай... Естіген
шығарсың, айтқан шығар... Жаман ағаң тағы да екі жылын өтеп қайтқан беті. Осы
жолы нақақ кеттім, арақ ішесің деп, туған әйелім милидияның машинасына салып
жіберді. Албасты, мен бір жаңа ішіп жүргендей (Әйеліне деген өшпес өкпесі байқалады). Азамат емеспін бе,
бір күнгідей болған жоқ, өтеп шықтық. Тіпті осы жарықтыққа үйреніп, бауыр басып
та қалыппын. Балаларым мен қара мотоциклім болмаса, ауылға оралып, көзге күйік, көрінгенге түрткі болып
нем бар.

Ол осы бір әңгімесін салқын сағыныш, өкпелі мұңмен айтты. Бірақ оның талайына жазылған тағдырыпа
араласып, наласына ортақтасатын хал өзімде де тапшылау еді. Тайқылау біткен маңдайдағы
аталарымыз айта беретін "жазуды" өшіріп тастап, қалауымызша қайта жазып алуға дәрмен шіркін жете бермейтін. Мен Шағанның қолдан
жонып жасағандай батыр тұлғалы мүсініне қарап тұрып, ептеп әжім әдіптей бастаған жанарынан жанып барып
сөнген оттың қоламтасын көрдім. Бірі ұшып, енді бірі қонып жатқан самолеттердің құлақ етті жер гүрілі
мезі қылды ма, ол темекісін сөндірместен шертіп жіберіп, анадай жердегі
дүңгіршекке дәл түсірді:

- Жүр, ішке кірелік, - деді шұғыл
бұрылып.

Аэропорт іші қапырық. Құжынаған халық. Осы құжынаған халықтың ішінен бір
таныс бейне кезіме оттай басылды. Ол - Шағанның жұбайы Жазира еді. Жанымда
тұрған Шағанды шынтағыммен түртіп:

- Жеңгеміз осында екен ғой, - дедім.

- Қайдағы жеңешең?

- Сіздің үйдегі.

- Ол не іздеп жүр, - деп, мен нұсқаған
жаққа жалт қарады. Осы шақта ерлі-зайыптылардың көздері түйісіп қалды білем,
екеуі де сілейіп тұрып қалған. Бұдан соң Шаған: -Албастыны көргім келмейді, -
деп, теріс айналып, тысқа шыға жөнелді. Мен барып амандастым.

- Бір айдан бері облыстық ауруханада
жаттым, - деді Жазира. - Тамағымда бір бітеу жара бар еді ғой... соны кестіріп
тастадым. Өзің ауылға кетіп барасың ба?

- Иә, үйге барып қайтайын деп...

- Әке-шешең жүрегі жарыла қуанатын
болды-ау.

Диктор біздің ауданға ұшатын самолетке отыру басталғанын хабарлады. Адамдардың мінезі қызық қой,
бізді тастап самолет өзі ұшып
кететіндей, немесе орын жетпей қалатындай таласа-тармаса ұмтылдық, жапа-тармағай
салонға кірдік. Бұндай да
кездейсоқтық болады екен-ау, Шаған мен Жази-раның орны қатар болып шықты. Жеті баланың әке-шешесі
бір-біріне алая қарады да, состиып тұрып қалды. Дәтім шыдамады, мен жеңгетаймен ауысып
отырдым.

Самолет жерден
көтерілгенде, дөңгелек
терезеден анау, біз биіктеген сайын, бірте-бірте кішірейіп, үстін көк мұнар
қымтай бастаған қыраттар мен тоғайға, құмырсқаша жыбырлаған үйлер мен
машиналарға көз алмай қараған Шаған: - Тым болмағанда ұшқыш болуым керек еді, - деп күрсінді. Мен
де мойнымды создым. Әсіресе, Ертіс өзені шығыстың күміс белбеуіндей ирелеңдеп, әдемі керінеді екен.

- Ұшқанға не жетсін, бауырым, - деді әлі де үмітсіз, бірақ үзілмес арманынан арылмаған қалпы. - Оныншы
класты бітіргенімде, сөз жоқ, ұшқыш
болар едім... Айтпақшы... сен жазушы екенсің ғой... - деді менің тіземнен салып
қалып. Бұл сөзді ол бұған дейін тірі жанның ойына келмеген ұлы жаңалық ашқандай, ғажап
танданыспен айтты.

- Иә, аға... ептеп қағаз
бүлдіретінім бар...

- Мен сені әлі оқып жүр екен десем... Апыр-ай, жиырма
жыл көрші тұрып
білмеппін-ау...

- Сонда қалай... Жиырма жылдан бері бітпейтін оқу
бар деп ойладыңыз ба?

- Рас-ау, осыған ми жетпеген соң...
Арақтан айықтыру орнындағы жұмысшылар бір кітапты қолдан-қолға жүгіртіп оқиды
келіп... Әке-ау, бұл кімнің
кітабы деп көз қырын салсам - сенің фамилияң. Міне, қызық. "Мұны жазған
-менің көршім, бауырым, бәріміз
бір Қаратайдан тарағамыз", - деп, қанша өңештесем де, бірін сендіре
алмадым. "Мүмкін емес, - дейді. - Сенің бауырың жазушы болса - сен мұнда
отырмас едің". Бір биеден ала да туарын, құла да туарын қайдан білсін
ләуқилар.

Біз аудан орталығына аман-есен жетіп, енді одан ары ауылға аттану үшін
автобусқа міндік. Ерлі-зайыпты екеуі әлі ләм дескен жоқ, танымайтын адамдай автобусқа
отырды. Мен қайран қалдым - жиырма жыл бірге тұрып, бірге жатып, жеті баланы
бірге бағып өсірген жарлардың жанының беріктігіне қайран қалдым. Бітімдестірудің,
дәнекер сөз айтып, пәтуаға
келтірудің реті жоқ, тіпті қолымнан келмес те еді. Сонда бұлар қайда барады?
Бір ауылға, бір шаңыраққа...
Ары қарай ойлауға ақылым
жетпеді... қорқынышты сықылданды.

Дәл солай болды.
Автобустан түскен соң, үшеуіміз ілгерінді-кейін бір бағытта аяндап келеміз.
Үйлерімізге жақындаған сайын, бойымызды өзіміз де білмейтін үрей биледі ме,
өлде баяғыда байқаусыз өшіріп алған ошақ отын жаға алмадық па, әйтеуір, басымыз
салбырап, қазадан қайтқандай дел-сал хал кештік. Менікі не жорық? Бәлкім,
ерлі-зайыптылар үшін ұялғаным шығар... Не дегенмен көрші тұрамыз ғой. Ал,
"көрші ақысы - құдай қақысы" дейтін аталарымыз. Мүмкін, бұл сөзді үшеуміздің де жетінші
атамыз Қаратай жарықтық айтқан шығар.

Мен: "Ал, сау болындар", - деп, өз үйім - өлең төсегіме бұрылдым.
Ол екеуі біздің бақшаның ішімен өтер қара шаңырақтарына тартты. Бірінің соңында
- бірі... Енді не болар екен. Күндіз үндемес, ал түнде ше?..

Әрине, мені мәре-сәре қарсы алды. Әкем сабырлы қалпында маңдайымнан иіскеді. Шешем сабырсыз
мінезімен бас салып, бет-аузымның саутамтығын қалдырмай шөпіпдете сүйді.

- Менімен бірге Шаған мен Жазира да
келді, - дегенімде, мені тастай салып, бүкіл үй-ішіміз терезеден қараған еді.

Екеуі де есен-сау оралған көршілеріміз үш күн бойы түңлігі жабылғандай
жым-жырт жатып алды. Тіпті от жағып, шай қайнатып ішпеген секілді, түтіндері
шықпады. Сабақтан қайтқан, немесе есік алдында ойнап жүрген балалары болмаса,
өздері төбелерін де көрсетпеген. Осынау үнсіздік шешемнщ қабырғасына қатты
батты білем: - Қалай дегенмен соттала берген соң қаны бұзылып, әйелін бауыздап
тастамасын, - деді үлкен уайыммен.

- Шағанның ондай иттігі жоқ. Тек
жолы болмаған жігіт, - деп басу айтты әкем.

- Маңдайдан бақыт шайқалса, көрер
күнің осы, - деді шешем. - Жас кезінде қандай азамат еді... иә... бақытың
шайқалмасын де...

Үшінші күні Шағанның өзі келді. Әдетінше әп-әдемі болып киінген: шеберханадан жаңа ғана шыққан
зат секілді мұнтаздай-ау, мұнтаздай. Сақал-мұртын қырып, әтір жақса керек, иісі мұрнынды жарады. Көтеріліп
бара жатқан күннің нұрына
шағылыса жалт-жұлт сәуле
шашып ойнаған кавказ-дықтар әуес келетін жылтырауық галстугі көз қарықтыра-ды. Әкеммен қол беріп амандасты.
Ал анам болса сүйсіне, әрі тандана қарап қалған.

- Аман оралдың ба, жарығым. Қашан келдің? - деп біле тұра сұрады.

- Үшінші күн болды... Өліп қалсақта сезбейсіздер-ау, апа.

- Үйбай-ау, қарғам Шаған-ау, түтіндерің бықсымаған соң,
балалар су-суанын ішіп өздері отыр екен дедік... Жазира да келді ме?

- Келді, - деді Шаған қабағын түйіп.
- Бізді осылай тоң-теріс күйде бір үйге қамап қоясыздар ма? Кінә - менен емес,
Жазирадан. Қаймана қазақ қай заманда құдай қосқан қосағын ұстап беріп еді, айдатып-байлатып жіберіп еді.
Ал-басты... түк болмағандай түнде... арсаландап жетіп келіпті қасыма...
"кет! - дедім. - Күнеға қалма... Татуласу шайын ішкен жоқпыз, ұят
болады", - дедім. Мотоцикліме мен жоқта запчасть келген екен, соны тығып
тастапты. Тауып берейін деп жалынса да, теріс қарап жатып алдым... Ал, аға,
апа, жүріңіздер, татуласу шайын ішіп, баталарыңызды беріңіздер. Бостан-босқа
азаптана бермейік.

- Жөн сөз, - деді әкем. - Шикі өкпе,
ши борбай балаларыңның көз жасына қалмандар.

- Балаларды өкімет далаға тастамас.
Көңіліміз көбең тартпасын
деңіз.

Әке-шешем және Шаған үшеуі бітім шайына кетті. Мені ерткен жоқ.

Сүт пісірім уақыт өткен
соң, әке-шешем қайтып оралды
- тым тез оралды. Екеуі де тасталқан ашулы.

- Ой, ол адам болмайды! - деді әкем.
- Екі жыл араға салып барып қайта ішіп кету деген - не сұмдық.

- Жазираға ерегескені шығар, - деді
кемпірі ара түсіп. -Келгеннен бері, екі ұртына су толтырып алғандай, жақ ашпапты. Біздің көзімізше
торсандамай-ақ қойса еді.

- Жоқ-ау, тіпті, өз әйеліне өзі "аяғыма жығылсын" деп кергігені несі. Ол неге аяғына
жығылады-ей. Ішсе де - мас, ішпесе де - мас, бала-шағасының шырқын бұзып,
басына әңгіртаяқ ойнатқаны үшін бе? Шаған жоқта қандай әп-әдемі
өмір сүрді. Үсті-бастарын, қора-қопсысын бүтіндеп алды.

- Байсыз қатындар құтырған заман
болды ғой, - деді шешем Шағанды өлі де жамандыққа қимай.

- Бітім шайы жүзеге аспаған екен, -
дедім мен.

- Ой, бітім шайының ішін ұрайын, - деп, әкем ашулан-ғандағы әдеті бойынша астыңғы ернін жымқыра тістеп
сарт-сұрт шыға жөнелді.

Өр жақтан естілген айқай-шу мені еріксіз елендетіп, есік
алдына шығарды. Шаған және
менің жездем, көрші жігіт Қалан үшеуі булары бұрқырап, құшақтаса әндетіп жүр. Қойны-қоныштары толған арақ. Бұдан
ары отыра берсе, іс насырға шабатынын сезсе керек, үлкен әпкеміз Шолпан мен Қаланның келіншегі
қайтып келе жатыр екен.

- Шағанның өңі қандай жақсы, - дейді әпкем. - Аппақ болып семірген.

- Ақшасын айтсаңшы - ақшасын. Бір
сағаттың ішінде жүз сомдықтың бірнешеуін суырып, араққа жіберді ғой. Жазира да
жылаңқы, күйеуі әкелген
табысты бізге көрсетпей тығып ала қойды. Ей, Шолпан, - деді содан соң. -Ертеңен қара кешке шейін совхоздың жұмысынңа
салпақтап жүрген біздің күйеулеріміз ғой, айдың аяғында "бересі болып қалдық" деп, балаға беретін бес-он тиынға жармасады. Бала
таппасаң, ашттан өлтірер ме еді... Одан да Шаған
секілді екі жылға жіберіп
алсақ, өздерінің де қабырғасына
шыр бітіп, табысты оралар еді!

- Сен де қайдағыны айтасың. Обал
емес пе, - деді әпкем.

Ал Шаған болса өзінің ұмытыңқырап қалған образына қайта кіріп, екі жылдан бері бұл маңайда қасаңданып
қалған тыныштықтың пердесін дар-дар айырады.

 

                                                                   
* * *

 

Ертең қалаға қайтамын деп
отырған күнгі кеште, ымыртшылап Шаған келді. Үсті-басы алба-жүлба. Жүзі отқа
күйіп шыққандай күлгін тартқан. Арақ сіңіп кеткен өне бойынан ешкімге
керексіздікті сездірер иіс шығады. Кісінің айналдырған он-ақ күнде осыншалық
азып-тозарын бұдан бұрын неғып аңғармағанмын. Адамның адамдықтан кетуіне, иә,
не бары бір ғана апта уақыт кетеді екен. Ол мені жеңімнен тартып жетелеп шықты
да:

- Сен мен туралы неге жазбайсың? - деп, төбеден түскендей сауал қойды.
- Жаман ағаңнан артық кейіпкер табамын деп жүрсің бе?.. Жо-жоқ, бауырым, менің өмірім
Алтайдың жыныс орманы секілді, ішіне кірсең адасасың... Оны жасау, мен болу
ешкімнің қолынан келмейді...

- Ешкімнің өмірін ешкім қайталай алмайды ғой, аға...

- Сен бұлтарма... жаз... ақшасын дауламаймын.

Еріксіз күліп жібердім. Шамданып қалды.

- Күлесің, ә... ішпей, дұрыс жолдан
таймай, бір ізбен кіріп, бір ізбен шығатын тәртіпті де тәрбиелі сенің қай жерің артық айтшы маған. Менен бұрын сен өлесің... Кездесеміз әлі сол... жақта...

- Артықпын деп тұрмын дедім бе сізге, - іс насырға шаба
бастады.

- Ендеше, кекіреймей мені кітапқа
жаз.

Құтыла алмасымды білдім. Білегімнен тас қылып ұстап алған. Айрылар емес.
Айлаға көше бастадым.

- Ой, ағасы-ай, мен сіз туралы
әлдеқашан жазып жүрмін. Бірақ...

- Не бірақ?

- Аяқтай алмай жүрмін.

- Неге.

- Өзіңіз де білетін шығарсыз. Сіз
секілді адамдарды, әсіресе,
сотталғандарды жазу оңай-оспақ емес. Өте қиын тақырып.
Ондай адамдар өмір жолын дұрыс бастағанмен -дұрыс аяқтай алмайды. Қателікті көп жібереді. Ал шығармада
сол қалпында көшіре салмайды. Әлгі сіз сияқты азаматтар кітаптың соңында міндетті
түрде түзелуі керек. Әйтпесе баспайды... Ал енді мен өзіңіз жөнінде жазып
жатқан дүниемді, амал жоқ, бітіре алмадым.

- Неге?

- Негесі сол - сіз түзелген жоқсыз. Қайтадан ішіп кеттіңіз. Қалайша
өтірік жазамын?

- Оның жөн екен-ей, - деді бойын
тіктеп. - Ойлану керек екен.

- Ойланыңыз. - Ол жас балаша иланды.

Тәлтіректемей де, сүрінбей де қара жерді дүрс-дүрс басып, өз үйіне
беттеді.

Мен Алматыға ұштым. Бір
айдан соң ауылдан хат алдым. Шаған ішкенін қойыпты. Совхозда балташы болып жұмыс
істеп жүр екен... Ораш келсе, қонаққа шақырам, азамат емеспін бе? - деп, бір
тоқтысын семіртіп жатқан
көрінеді.

Ал мен де ағайынның алдында өтірікші болмайын деп, осы әңгімені жаздым.