ВЕРНУТЬСЯ

      Баяғыда, тым-тым баяғыда да емес, анау бір жылдары біздің жаққа пішен өте
қалың шықты. Тау-тас, орман-тоғай, жота-қырат, сай-қолаттың бәрі-бәрі құлпырып, желкілдеген шабындықтың астында қалып еді. Үйдің ар
жағында тастақты төбе бар болатын, қақтамада жатқандықтан сап-сары болып,
баланың жаялығындай сарғайыңқы кеспірінен арыла алмаушы еді. Биыл сап-сары ала
бақпақтан тана тағынып жетіседі. Пішен оруға да ерте шықтық.

Біздің жақта шөп шабатын машинаға төрт ат жегетін. Төрт ат жегетін себебі, жер қия, өрлі-қырлы, екі-үш жұмыс көлігінің шамасы
жете бермейді. Төрт атжеккен соң, оның міндетті түрде ат айдаушы баласы болады.
Алтыншы класты тамамдаған біздер сол, атшы ұлдармыз.

Елең-алаңнан тұрамыз. Жылқышы қиқу сала айдап келген аттарды ұстап,
жүгендеп, сақадай-сай етіп қоямыз. Содан соң қара шайды шикілеу піскен қара
нанға қосып армансыз ішер едік, екі көзіміз төрт болып ауылдан келер "қожайындарымызды" күтер едік. Ал
олар әсте асықпайтын.
Астарындағы тоқ жарау аттарын сипай қамшылап, әлденені
айтып, қарқ-қарқ күліп, қызара бөртіп келе жатар еді. Машинистердің осынау
бақытты жүзі, еркін жүрісін көріп отырып, ер жетіп, ерттелген ат мініп, езуге
темекі қыстыруды қанша рет армандадық десеңізші, қанша рет... Жылдар өтіп... есейе келе, сол бақытты
балалық шақты қайта армандап, кері оралар жолдың жоқтығына налып, табиғат-анаға
өкпелеп, сананың саздау тартарын білдік пе, тәйірі, білдік пе... Енді, міне, енді, міне, енді, әне...

Менің машинист ағайымның аты Мұхтар-ды. Ала көз, төртбақ денелі, гүрілдеп сөйлейтін, мінезі шатақ жігіт. Маған дейін үш-төрт ат айдаушы ауыстырып, жанына жақпаған,
яғни айтқанына көніп, айдағанына жүрмеген баланы ұрып-соғып қуып салады және
ауылға тесек-орнын арқалатып жаяу қаңғыртып жібереді екен. Иемнің осы қылығын
білетін мен қайтсем көңілінен
шығам деген ниетпен мұрным қанағанша безектеймін. Әзірше бетіме қарап көрген жоқ.

Дегенмен, машинистерден гөрі,
біздердің, ат айдаушылардың жұмысы анағұрлым ауыр еді. "Баланың істегені
білінбейді" деген мәтел сондықтан шықса керек. Әсіресе, біздерді қинайтыны
- аттың үстінде келе жатып жерден көз
алмай тесіліп, қалың шалғынның
арасында жасырып жатқан ұры тас, томар, тышқан қорық көрінсе, айғай салып, машиниске
ескерте-ескерте ес-ақылдан
айрылып калар қырағылық еді.
Айғайлай-айғайлай үннен айрылып, қырылдап сөйлей алмай
жүретінбіз. Кейбір кезде, әсіресе, шөп қалың жерлерде, бұғып жатқан жер тасты көрмей қалып, шөп машинасының бір
тетігін бүлдіріп алсақ, бізге күн жоқ; ондайда қожайыныңның бишікпен қыр жіліншіктен
осып-осып жіберіп, әкеңнен
түсіп боқтауға құқы бар. Дегенмен, осындай қиындығына қарамастан ат айдаушы
бала болудың қайталанбас, қашып кетпес қаншама мол қызықтары бар еді. Әсіресе,
күн батар сәтте, тертеден мойны босаған, үсті-басы салтақ-салтақ, тер қақтаған
аттарды алдымызға салып тырқырата қуып, қиқулап қара қосқа қайту, тек бізді ғана емес, ересек жігіттердің де делебесін қоздырып, қай-қайдағысын есіне
салар. Қай-қайдағысы есіне
түскен машинистер ойқастап, баяғының батырындай кеудені шалқақ тастап, шат көңілмен
бір шырқар. Қамыт пен қамшыдан құтылып үйге қайтқанын ат байғұстар
да сезетін, сезетін де жаппай желіп, жайтаң қағып басын изеп тастап, ауыздықтарын сүзе пырылдап, пысқырысып
кетер еді.

Біз ең әуелі жұрт
ауыстырарда, иесі жайлауға көшіп кеткен иен қыстақтардың маңайын тақырлап шауып
алатынбыз. Есік-терезесі айқұш-ұйқыш тақтаймен қағылған иен үйді аппақ саңдай етіп жуып, бқктеріп
келген бөстегімізді
төсейтінбіз. Бұл біздің бір
апталық мекен-жайымыз болады деген сөз. Ал үлкендер жағы қандай шалғай болса да тау басындағы
иен қыстаққа түнемей, ат сабылтып ауылға
қайтатын.

Міне, осындай бір қыстақтың қысқы азығын (мал азығын, әрине) шауып, келесісіне ентелей жете
бергенде, менің машинисім Мұхтар аға шатақ шығаратын. Шатақ дегенде, пәлендей
бір бас жарып, көз
шығармағанмен, өз өктемдігін түсініксіздеу жүргізер еді. Машинистердің көшін әрқашан-да өзі бастайтын Мұхтар аға:

- Ал, бала, - деп дауыстайды маған, - айдай түс астыңдағы атты. - Содан соң өзі дертені салақтатып ортаға алып келе жатқан түптегі екі
жиренді шықпыртып-шықпыртып жібереді де, әдетінше: - Халалалау! - деп ақырады.
Мен осы кісінің қас-қабағына қарап,
әр қимыл-әрекетінен-ақ не ойлап
немесе айтқалы тұрғанын сезіп, білуші едім. Әйтпесе болмайтын, болмайтын себебі - көңілінен жалғыз рет
шықпасаң: - Айда, кет! Ат айдау не теңің, бақшаңа түскен ешкіні айдап ал! - деп
жаяу қуып жіберері хақ. Ол кісіден бәрін, тіпті барлық көзжұмба
әрекетті күтуге болар еді. Сондықтан да өл десе - өліп, тіріл десе - тірілуге әзір тұруға дайынмын.

Аттың сыры иесіне мәлім, қалың алабота, кендір араласа өскен шөп-шалам басып, төбесі
мен мұржасы ғана қылтиған қыстақ сонадайдан көзге шалынса болды,
қамшыны басамын. Өйткені иесі жоқ үйге Мұхтар ағаның бәрінен бұрын жеткісі келетінін, ал бұрын
жетіп алған соң, бишігін сарт
еткізіп рычагқа іліп, қобдидан не бізін, не машина болтын бұрайтын кілтін асыға
алып, иен үйге қарай тұра жүгірер әдеті әлі қалмаған, тіпті ғұмыр бақида қалмайтын шығар. Бәрімізден бұрын
жеткенде, ешқайсымызды маңайлатпай, тіпті аттан түсуімізге тыйым салғанда, Мұхтар
ағаның, иен үйден не қарайтыны, не істеп, не қоятыны біздер үшін шешуі табылмас
жұмбақ күйінде келеді.

Міне, бүгін де Көбентауы қыстағына елдің алды болып жеттік. Бұл жер жаннат секілді әдемі
тау-текше еді. Үлкен төбенің
дәл бауыздауынан сұп-суық, ішсең тіліңді зыр еткізетін бастау ағып шығып,
көгілдір тартқан көлге құятын. Көлдің шеті батпақты,
қопалы емес, шымдауыт нығыз. Мұхтар аға сүйекке сіңді әдетіне басып: - Др-р-др, - деп көлікті
тоқтатты да, бишігін сарт
еткізіп, рычагқа іле салды. Осы жолы орындықты сақ еткізіп саспай түсті де,
темір қобдиды ақтарып, үшкіл
бір темірді тауып алды. Асықпай темекісін тұтатты. Осы кезде ентелеп, аттарын
қатты айдап, қалған шөпшілер де бірдемеден құр қалғандай келіп-ақ қалған еді. Мұхтар аға жақтырмай бетін тыржита қарады да, оң қолын
көтеріп: "Хала-лау!" - деп ақырды. Барлық машинистер командирдің бұйрығын
естігендей селтиісіп-селтиісіп қалт тұра қалды. Аттар танаулары пырылдап
ентігеді. Кейбір ашқарағы тізгінін
жұлқа тартып, шөптің басын шалып тықыршиды. Атшы балалар
бет-аузына үймелеген шыбын-шіркейді қуып, пысынап отыр. Мұхтар аға сол оң қолын
көтерген қалпы: "Мен
шыққанша, бірің аттап басушы болмаңдар", - деп, иен қыстақка сып етіп
кіріп-ақ кетті. Бірақ осы жолы көп
айналды. Дөшен деген түйдей құрдасы барды. Мұхтар ағаның жеті атасынан түсіп
балағаттап отырды да: "Ей, Ораш, - деді маған. - Ақырып баспалап барып
қарашы, ана ит не істеп жатыр екен".

- Бармаймын, қорқамын, - деп едім,
машинистер жан-жақтан ұлардай
шулап қоя берді:

- Қорықпа да саспа, біз бармыз, -
деді Дөшен шіреніп.

- Бәрімізге әлі жетпейді.

- Ода тұрған не бар.

- Сайтанның қызымен қызығы болып жүрмесін.

- Шынында да, жалғыз өзі не істеп
жатыр?

- Өстіп атты да, өзімізді
де шыбынға талатып тұра береміз бе?

- Төрт көзіміз түгел кіріп барсақ қайтеді?

Міне, осы секілді сөздер құлаққашты қылған соң, аттан
керенау түстім, бірақ Мұхтар ағаның артынан аңдып баруға жүрегім дауаламады.

- Басқа баланы неге жібермейсіздер;
мені көре қалыпты ғой, - деп әрі-бері қиқаңдап едім, Дөшен зекіп
қорқыта бастады.

- Егер бармаса, біз ауылға кеткен
соң, бәрің жабылып ормандағы
қарағайдың біріне байлап тастаңдар,
аюдың жемтігі болсын.

Мен, шынында да, сескенейін дедім. Бұл Көбентауында аюдың бары рас. Күндіз шөп орып жүргенде, түнде ғана
жапалап кеткен қиынан аттарымыз қорс-қорс үркіп, мазамызды алатын. Төрт ат жегілген машинаны басқа балаға
тапсырдым да, бойлап өсіп
кеткен қалың шөптің арасымен баспалай еңбектеп, қыстауға жақындадым. Басқаларда үн жоқ,
демдерін ішіне тартып менің ізімді бағып тұр. Жүрегім дірілдеп, бейне бір жау жағына өтердей шошып-ақ келемін.

Егер Мұхтар аға біліп қойса, осы қазір асқар таудың басынан төмен - анау
көк мұнар астындағы ауылға домалатып жіберері рас-ты. Өлдім-талдым дегенде
үйдің іргесіне іліндім-ау, әйтеуір. Қолым мен бетімді шөп тырнады. Оған мән
беріп жатар мен емес, есіл-дертім қожамның көзіне түспеу. Иен үйдің айқастыра ағаш тақтай шегелей салған
терезесінен ақырын сығаладым. Міне, қызық. Мұхтар аға иен үйдің бұрыш-бұрышын,
жабық саңылауын, мәтке ағаштың, сыланбаған қарағай қабырғаның ырсиып, ашылып, жарылып, айрылып кеткен жерін, ескі
пештің сау-тамтығын қалдырмай, бит қарағандай қарап жүр... Қолындағы үшкір
темірмен шұқып тұрып бір нәрсе іздейді... Содан кейін жертөленің қақпағын ашып
астына түсті. Мен таң-тамашамын. Мұхтар аға не іздеп жүр екен... қызық...
белгісіз затқа құмарлық, әйтеуір, жоқ дүниені іздеу жеңсігі мені де жеңдей бастап, мойнымды тырнаша соза
беріп едім, ол қарғып қайта
шықты. Үсті-басы былғанып, өрмекшінің
торы жабысып қалған екен, қақты да, шырт еткізіп түкіріп тысқа шықты. Үйге кірерде көлденең-көлденең
кағылған тақтайлардың біреуін
теуіп кірсе керек, шығарда екіншісін теуіп ұшырды. Менің аузым аңқиып отырып
қашып үлгермедім. Аттарға Мұхтар аға бұрын жетті. (Р. 8. Мұхтар деген есімге
ағаны қосып айтпасам, күні бүгінге дейін таяқ жейтіндей сескенемін).

- Ораш қайда кеткен? - деді зілдене.

- Мен мұндамын, - дедім шөп арасынан шошайып.

- Неғып жүрсің?.. - Көзі бұрынғыдан
да алайып кетті.

- Дүзге отырып... өз тапқырлығыма өзім риза болдым.

- Тапқан екенсің отыратын уақытты.

Шөпшілердің бәрі
жамырай күлді. Мен лып етіп атқа мініп
үлгердім.

- Өзің не бітірдің? - деді Дөшен.

- Онда сенің шаруаң болмасын, - деп Мұхтар
кесіп айтты. - Мен де дүзге отырдым.

- Сен дүзге емес, үйге отырдың...
Балалар қалай ұйқтайды. -
Дөшен тайынар емес, мұндай ерлікке таң қалдық.

- Айда, сөзді қойыңдар. Хала-лау! - деп дауыстады Мұхтар аға. Сол команда естілісімен,
қыстаудың айналасын талқанын шығара жапырып шауып тастадық та, аттарды шештік. Осы мезетте күн де ұясына
батып бара жатқан. Таудың кеші қысқа
болады. Машинистер аттарының айылын
тартып, құйысқанын салып ойға - ауылға аттанар алдында, Дөшен мені далдалау
жерге шығарып алып, Мұхтар ағаның иен үйде не істеп жүргенін сұрады. Мен бәрін
айтып бердім.

Ертеңінде түсте, көлдің жиегіндегі пішенді шауып, тамақтанып отырғанбыз.
Дөшен жөткірініп алды да,
әңгіме бастады.

- Әй, құрдас, - деді Мұхтар ағаға. -
Осы сен иен үй мен қорадан шұқылап
не іздеп жүресің?

- Оны қайтесің? - деді ол.

- Бірге іздесейік дегенім ғой.
Жалғыз өзіңе бәрібір тап-тырмайды.

- Оны кәрген кім?! Қайсы әкең...
Менің ізімді андыған?!

Зәрем зәр түбіне кетті. Дөшенге жаутандап қарап едім, ол мығым отыр екен. Мұндай қуанбаспын ба,
жігіттер бір ауыздан:

- Бәріміз! Көрген бәріміз! - деп шу ете қалды.

Мұхтар аға амалы таусылғандай, жақ сүйегін бұлтыңдата ет шайнап үнсіз
біраз отырды. Содан соң:

- Халалау! - деді тісі ақсиып. -
Халалау, сендер де қызықсыңдар!
"Не іздедің..." так, сондай да сұрақ бола ма екен. Қойшыларда ес бар
ма, жайлауға көшерде жау қуғандай асығады. Иә, асығып жүрген қойшылар бір
нәрсесін ұмытып,алдырып кетуі мүмкін. Ал мен оны
тауып аламын, білдіңдер ме?! қ

- Астапыралла! - деп Дөшен жағасын ұстады.
- Не деген тіміскілеген ит едің.

- Әй, - деді Мұхтар аға, - Бас жаққа
барыспайық. Өзім тауып алсам деп қызғанып тұрсың-ау.

-Тфу!

-Тфу!

-Тфу!

- Кім-кімнің түкіргенін білмеймін,
есімде жоқ, әйтеуір, апай төс
Мұхтар ағам көз алдымда өз-өзінен кішірейіп бара жатты. Кішірейіп...

* * *

Көп жылдар етті. Өстік,
ер жеттік, қазіргі биікке шықтық.

Анау бір жылдары ауылға қанша рет барып жүрсем де, Мұхтар ағаны жолықтыра алмап едім. Биыл көрдім. Дүкеннің алдында автобус тосып тұр екен, барып есендестім. Бұрынғыдай емес, бұйығы тартқан. Қартайған. Алақандай ала көзінің айналасы торланып, оты суала бастаған. Алпамсадай
дене қушиып, тек ірі сүйектер
ғана киім астынан шодырайып-шодырайып шығып тұр.

- Халіңіз қалай, Мұхтар аға?

- Жүрген ғой.

- Алтынсары жеңешеміз қуатты ма?

- Жүрген ғой.

- Мұхтар аға...

- Ау, інішек. - Бір түрлі
қырсықтанып жауап берді.

- Сіз осы баяғыда... Мен ат айдаушы
болып...

- Саған қол жұмсаған жоқ едім ғой,
шырақ. - Сескене қарап, ары ысырыла отырды. Мен еріксіз күліп жібердім.

- Жоқ, аға, мен оны айтайын деп
емес, сонда Сіз ескі үй, иен қорадан жалықпай, шаршамай іздеп жүргеніңізді
таптыңыз ба?

Мұхтар аға түйіле ойланып біраз отырды да:

- ІІІырақ, - деді маған тура қарап,
- соғыстың иттігінен қара танымай қалған мені, жаман ағаңды былай қойғанда, өзің... білім, атақ, дәреже қуып,
жер-жаһанды аралаған мына
өзің... іздегеніңді таптың
ба? - деп, орнынан атып тұрып кетті...

Ал, ағайын, сіздер ше?.. Таптыңыздар ма?!

БИҒАҢ

Кезекгі демалысымды алып, ауылға келе жаттым.

Сонымен Алматыдан тым ерте, елең-алаңнан ұшып шығып, Өскеменнің
аэропортына қонғанымызда, күн арқан бойы көтеріліп қалған. Ығы-жығы халық тым көп екен -біреуді-біреу біліп
болмайтын қайшыласқан ел. Аэропорттың іші қапырық, адам иісі - терден тұншығып
өліп кете жаздайсың. Таңертеңгілік салқынтымда осындай, қолқаны қабар тымырсық күн төбеге көтерілгенде не күйде болар екен деп ойлап тұр едім, бүйірімнен біреу түртеді.
Мынандай күлімсі күнде күлкісі келіп, ойыны тасып тұрған кім екен дегендей жалт қарасам - Биғаң, кәдімгі өзіміздің ауылдағы елу жылға сотталып,
екі жылдай отырып, есен-сау оралған
Биғаң, біздің ауылдағы
орыстан келіншек алып, одан он бір
бала сүйіп отырған - Биғаң, жылына екі-ақ ай жұмыс істеп (онда да тек жаз
айында, пішеншілерге аспазшы болатын),
қалған күндері қыста қоянға тұзақ,
жазда, көктем мен күзде балыққа ау құрып жүретін саппас Биғаң; ғұмырында
ренжімейтін, дүние өртеніп бара жатса саспайтын, дүниенің қайғысы мен қуанышын бөліп-жармайтын
мең-зең, ұйқылы-ояу Биғаң; "Мына
Шөкең алтын адам ғой, қадірімді өлген
соң білесіңдер", - деп,
секек қағып жүретін тынымсыз, бір жерге үлкен кісі болып, құйрық басып бес минут отыра алмайтын Биғаң...
Биғаң... Биғаң...

- Ой, Орашжан, жаман құдаңды танымай қалдың ба? Бәкең ғой, - деп төсін қақты. Мен, шынында да, состиып, ыңғайсыздау тұрып қалған екенмін,
амандасып қол бердім. Ал ол алақанын ұсынбады.

- Таңертең ерте тұрып, беті-қолымды
жумаған едім, -деді. Бәрібір сенген жоқпын, ол кісінің әр нәрсені әдейі кырсықтанып істейтінін бала
жастан білетінмін.

- Денсаулығың қалай, аға? - дедім.

- Шүкір, - деді тықыршып. - Қара сиырдың қамы... бала-шағаның
наны...

- Балаларыңыз сол баяғы...

- Иә, сол баяғы он бір... екі жыл
болды одан әрі жылжымай тұр.

Мен күлдім. Ал ол үндеген жоқ, қолтығына қысқан жеті тиынның ас тұзын ыңғайлырақ етіп ырғай
орналастырды да, маған:

- Қашан келдің? - деді. Сонсоң рақаттана есінеді де, менің жауабымды
күтпестен:  Таңдайымда бір жабысқақшөл
бар, ағайын, - деді. Мен түсіндім, түсінгенімді ол да түсінді, түсінісудің
белгісі ретінде екеуміз де өп-өтірік күлдік.

...Ол тартып жіберді де, жеңін
иіскеді. Суық судан ұсынып едім, жемеді. Тағы да жеңін құшырлана иіскеді де:
"Привычка ғой", - деп, столдың шетіне қойған тұзды қолтығына қайта
қысты. Менің екі көзім, есіл-дертім сол бір қорап жеті тиындық тұзда. Ақыры, шыдай
алмайтын болған соң:

- Биға, - дедім.

- Шөкең тыңдап тұр, - деп кеудесін қақты. Әй, азаматым-ай, дамылдай
алмай тықыршып тұр.

- Шыңғыстайда ас тұзы көптен жоқ па?

- Неге, толып жатыр.

- Ендеше, анау қолтығыңыздағы не?..

- Мынау ма, ой, құдай-ай, сен де қайдағыны көресің. Бұл Өскеменнің тұзы ғой. Өзің білесің, Шөкеңнің тұңғыш қызы осы қалада тұрмыста, өзің білесің, Шөкең сол үлкен қызы
сырқаттанып қалды деген соң, соған барып, міне, қайтқалы айрплан тосып түр;
өзің білесің, Шөкеңнің он бір баласы бар. Шөкеңнің өзі жұмысты түске дейін істейді, түстен
кейін аштан өлсе де істемейді; Нинаның, жеңгеңді айтамын, бала оқытып алатын айлығы, мені
қосқанда, он екі балаға жете ме? Жетпейді. Кәмпит сатып алуға тиыны құрғыр жоқ болды. Тіпті алған күннің өзінде
көп баланы тойдыра аласың ба?
Папалап алдымнан шыққанда, ұялып
қалмайып деп, тым болмағанда
ауыздарының дәмін алсын деп, бір пашка

тұз сатып алдым,
әйтеуір, қаладан алдым ғой... (есінеді.).

* * *

Аудан орталығынан ауылға дейін автобуспен бірге бардық. Биғаң жол бойы
ішек-сілеңді қатырып
күлдіріп; өткен жазда Мылтық қарағайда шөп шауып жүріп, ұзындығы екі метр жылан
ұстап алғандығын, содан соң оның аузынан жел үрлеп, шермитіп қалай жарыпжібергендерін ертегі-жыр ғып айтты.
Бір ерекшелігі, Биғаң әңгіме айтқанда: кішкентай балалар секілді екіленіп, екі көзі жайнап, "бәлем, бар ғой, иә", "ана
бар ғой, иә", "құдайға анық", "сенбесең пөленшелерден сұра",
тіпті оқта-текте қызып кетіп,
"тошно пионерлік сөзім"
деп, тамсанып өз-өзінен қарғана жөнеледі
екен.

- Ей, Ораш-ай, - деді автобус ауылдың
шетіне ілінгенде. - Біз не
кермедік, баяғыда бір әйел айтқан екен, "мен не көрмедім, қасқыр да қамады, Байсал да (байы ғой)
сабады деп. - Ал енді, құда
бала, сау бол, - деді Биғаң қолын ұсынып. Мен жымидым. Бағана таңертеңгі "беті-қолымды
жумағам едім" деген сөзі
есіме түскен.

Өз үйім - өлең төсегім дегендей, аунап-қунай бергенім сол еді, біздің сықырлауық есік ашылып, әлдекім кірді. Даусын естіп
жатырмын.

- Саусың ба, құдағи! Қол-аяғың қақсағанды қойды ма?

- Шүкір. Күн бұлттанса болды, зар қақсатады.

- Биыл құрғақшылық қой, бақытыңызға
орай.

- Ой, саудайы, - деді шешем, -
кеміріп, жеп түсіріп тас-таса
да күн жауса екен, жердің де, елдің де кенезесін кептірмей.

Төргі бөлмеден шықтым. Биғаң екен, ізімді суытпай келіп қалыпты. Мені
көріп орнынан ұшып түрегелді.

- Оу, құда бала, қашан келдің?
(Амандасты). Апыр-ай, құдағи-ай, ұлыңның келгенін айтпай,
дәтіңіз қалай шыдап отыр.

- Енді сүйінші сұрайын ба? Көрген
шығар дедім.

- Қайдан керейін, Өскеменнен жаңа келдім.

- Ораш та Өскемен арқылы келген жоқ па. Кіргені осы.

- Басқа рейспен ұшқан шығар, - деген
Биғаң маған қарап көзін
қысты. Қолтығындағы жеті тиынның тұзы
әлі жүр екен, тегі, үйіне бармаған секілді. Шешем көкейіңді тескен осы шығар дегендей, үлкен қырлы
стақанды шөпілдете құйған арақты
алдына қойды. Биғаң сасқалақтаған болды.

- Үйбай-ау, құдай-ау, мынауыңыз не?
Мен дегенің...

- Жә, бұлданбай іше сал, - деді
шешем. Суық ет әкелді.

- Мені бір ішкіш ойлайсыз-ау. Осы ақмағанбетті ішпей қою
қолдан келеді. Тіпті ішпей-ақ қояйыншы (Стаканды қолының сыртымен ары ысырып қойды). Ал татпадым. Өле қалсам да
ұрттамадым. Ей, ащы су, (араққа қарап ернін шығарды) сен итті
мына Шөкең менсінбей қойды, қылатынынды қылып ал! Уа, құдағи, көрдіңіз бе, Шөкең қандай шыңамды, (екі алақанымен санып шапалақтады) ура, Шөкең арақ албастыны женді. Ал
ішпедім, ішпедім ғой осы... Ал, құдағи, бүкіл елге жар салыңыз, жуыңыз, тіпті
той жасаңыз, Шөкең арақты
мүлдем қоя алады екен. (Стақанға қарап тағы ежірейді) Әкеңнің... көзі кегеріп кісіге қарайды-ей өзі. Қарашы, қылмындауын, пішгу,
оныңнан түк шықпайды, сайқал,
ырбаңдама, бәрібір менсінбеймін (екі көзін тас қылып жұмып алды), мә, саған
керек болса, көрмей қояйып бәлем.

- Биғаш-ау, әкем, - деді шешем, - өз-өзінді қинап кайтесің.

- Әне, өстіп зәрлайсындар енді, - көзін ашып жіберді. -Дегенмен, осы ит маған
жағатын секілді. - Стаканды ақырын ғана алып алдына қөйды. Сипалап отырып: - Құдағи,
айтыңызшы, Шөкең ішіп мас болып, кешеде құлап қалғанын кердіңіз бе?

- Көргем жоқ.

- Құдағи, айтыңызшы, Шөкең мас болып
біреумен төбелескенін, не болмаса әйелін, бала-шағасын сабады дегенді естідіңіз
бе?

- Естіген жоқпын.

- Құдағи, айтыңызшы, Шөкең арақ ішіп
ауырды дегенді естідіңіз бе?

- Жоқ, құдай. Денсаулығың әзірше
жақсы ғой.

- Олай болса, күдағи, айтыңызшы,
мал-жанымды сатып, ішімдікке салынғанымды көрдіңіз бе? Міне, елу жыл.

- Керген жоқпын.

- Ендеше, құдағи, айтыңызшы...

- Жетер, - деді "құдағи"
аса бір қажыспен, - шаршадым, шаршаттың...

- Ендеше, құдағи, жақса... неге
ішпеймін.

Стаканды аузына апара
берді де:

- Әй, ішпесем ішпей-ақ қояйыншы, -
деп, тағы да кейінірек апарып қойды. Содан соң өзі столдың шетіне иегін тіреп, анау мөлдіреген араққа мөлиіп қарады-ай.

- Ішсең де, ішпесең де өзің біл, - деп, шешем орнынан тұрып
кетті. Мен болсам Биғаңның мінезіне әрі танданып, әрі аяй қарадым.
"Шынымен-ақ ішпей қояр ма екен" деп ойлаймын.

- Жоқ, - деді Биғаң саңқ етіп. Оқыс дауыстан шешем жүгіріп келді.

- Не болды? Шошып кеттім ғой, түге.

- Бұл ит, ақанды айтам, маған жағады екен. Ішпесе болмас.

Қырлы стақанды
жалғыз-ақтөңкеріп үрттады да, аузында қалғанымен ұртын шайып-шайып жұтынып қалды. Сарт-сүрт
шыға жөнелді.

- Уһ, қожанасыр-ай, маңдайымнан тер
шығарып жіберді ғой, - деп, шешем сылқ етіп отыра кетті.

Мен де жіпсіп, әлгі арақты өзім
ішкендей болып тұр едім.

Ертеңінде Биғаң көп баласының бірінен бір шымшым түз беріп жіберіпті.
Қаладан әкелген дәм ғой...