ВЕРНУТЬСЯ

     Еріншек-ақ кісі еді...

Еріншек болғанда дәл сондай,
алдындағы асты алып жеуге ерінетін адамды көрген де бар, көрмеген де бар.

Ұзын бойлы, қапсағай денелі
алып адамды біздің ауылда Иғаң дейді. Иғаң Ұлы Отан соғысының басынан аяғына
дейін қатысқан, қатысқанда да, анау-мынау жаяу солдатың емес, полуторка
машинасымен ту-ту-ту Берлинге аман-есен жетіп қайтқан, бірақ жаудың бірде-бір
атқан оғы, не жарылған снаряды дарымаған, бүгінгі заманның нағыз Алпамыс адамы.
Сонысына қарамай, орден-медальдары өте аз еді, тым қораш болған соң қорына ма,
мереке-тойларда салдырлатып тақпайтын-да. Иғаңның жауған оқ, жанған оттың
ортасынан есен-сау оралуы, әлгі кісі басына бермес масқара еріншектігі ме-ау
деп қаламын. Кім білсін. Ол да бір адам баласына жат емес мінез шығар.

Иғаң соғысқа бармас бұрын,
бозбала шағында қара нардай күшті, жауырыны жерге тимес балуан болған екен деп
еститінбіз. Өтірік-шынын қайдам, ол кісінің қазіргі қауқары мәз емес, даң-дұң,
ию-қиюдан аулақ жүретінжалтақ, маған тіпті жасықтау да болып көрінетін-ді.
"Күші соғыста қайтқан ғой" деседі жұрт Иғаңнан көңілі суымай.
Баяғыдай арыстанша атылар мықтылықты замандастары бәрібір аңсайтын.

Ол кісінің менімен даң құрдас ұлы
болды. Тегінде, Иғаңда бала басы, шүкір, баршылық: үш қыз, төрт ұл. Өзі
алпамсадай болғанымен, әйелі Биғайни өте әлсіз, ілмиген арық, аурушаң адам еді.
Тесік өкпесін сүйреп, күрк-күрк жөтеліп, таңертеңнен кешке дейін жез самаурынның
оттығын шұқылап, дода-дода бықсып отырушы еді жарықтық. "Мынау жарық
жалғанның шуағына қыздырынбай-ақ аттанды ғой байғұс", - деп аяйтын менің
шешем (өзі де жетісіп жүр ме).

Менімен даң құрдас ұлы
Серікпен ойнап, Иғаңның үйіне жиі барамын. Ең таңғалатыным, берген сәлеміңді ғұмырында
алмаушы еді. "Естідім" деп, аюдікіндей алақанын сермей салатын.
Үйлеріне қашан, қай мезгілде барсам да, төр алдындағы жыртық-жыртық қырық жамау
көне сырмақтың үстінде әскерден киіп келген гимнастеркасын жастанып, теріс
қарап тоңкайып ұйықтап жатар еді. Қорылдап барып "пу" деп үрлеп,
ақырын ысқырықпен аяқталатын соншалық кәперсіз, ұятсыздау ұйқыны - сиырдың
мөңірегені, баланың жылағаны мен иттің ұлығаны - қысқасы, бұл ауылдың ешбір айғай-ұйғайы
бұзуы мүмкін емес-ті. Тіпті оқыстан оянып кеткен күннің өзінде, қиянаттап, өз-өзінен
боқтанып, шаптығып әйелі мен балаларына бүйідей тиісер еді. Ондай сәтсіз сәтте
тек үндемей құтылу керек. Әкесінің ұйқысынан ояту әдісті тек менің құрдасым
Серік қана білуші еді. Ол ақырын баспалап баратын да, машина болып
дүрілдеп ала жөнелетін. Бес жыл бойы қаратемір - мотормен, бүгінде ауылда жарық
берер дизельмен алысып, өмірі, жастығы - бәрі-бәрі дүрілдеп
өтіп бара жатқан Иғаң селк етіп шошып оянып, атып тұратын. Ондайда Серік тұра
қашады, әкесі жұлығы ағарып, ағаш шегесі ақсиып кеткен етігін жібереді соңынан.
Етік баласынан гөрі, үнемі
есік көзінде жылтиып
сүйек-саяқ аңдып жатар (оның өзі
жылына бір-екі-ақ рет), төрт көз, сары аяқ итті қан қақсататын...

Міне, біздің баяғыда бас балуан, солдат-шофер Иғаңның елуінші жылдардағы
тірлігі осындай еді.

Иғаңның қос бөлмелі тоқал ағаш үйінің сырт пошымы қандай сұрқай болса, іші одан бетер: төргі бөлмеде іліп алар еш нәрсе жоқ. Шоқпыт-шоқпыт көрпе жабылған сықырлауық ағаш төсек
(оның да сирағы әлдеқашан сынып, астына кеспелтек ағаш қойған); ол төсектің белі жоқ, тақтай төселген, таңертеңнен кешке дейін
тамам балалары ойнайды да, түнде Иғаңның өзі ұйқтайтын. Ал
басқалары ішіне шөп тығылған
бөстекті көлденеңінен төсеп,
жата-жата қалатын. Байғұс Биғайни тәтеміздің қай жерге ұйқтап жүргенін күні бүгінге дейін
білмеймін. Үйге кіріп барғанда, сол жақ бұрышта - әбден тозығы жетіп, тесіліп
қалған, мойны қылдырықтай темір пеш бар. Қысы-жазы көмейіне отын тығып жаға
берген соң, ыза болып, ашу шақыра ма, қызара бөртіп, селкілдеп тұрар еді.
Әсіресе, жаздың шыжыған шілдесінде лаулата өртеп от жаққанда, аядай бөлменің
іші моншаға айналады екен... Не себептен далаға...

- Жазда тамақты далаға пісірейік
десем, әкем ұрсады, -деді Серік маған. - Өрт жіберіп аласыңдар дейді.

Бүкіл ауыл өртеніп кетпей қалай отыр деп ойлаймын мен.

Бүкіл ауыл тіршілік қамымен қора-қопсысын түзеп, бақшасына қартоп салып
арпалысып, қысқа дайындық жасап жанталасса... Иғаң ысқырып қойып, теріс қарап
дүңкиіп ұйқтап жатар еді.

- Әкесінің аузын ұрайын мал-жанның...
- дейтін есінеп-құсынап, - ...күні ертең баяғыдай соғыс болып кетсе, бәрі де
сасып артыңда қалады.

- Бала-шағаң бар ғой, батыр-еке...

- Олар өз несібесін өзі тауып жесін. Мен
әке-шешеден бес жасымда қалғанмын, сонда да аштан өліп, көштен қалғаным жоқ. Құдайға
шүкір, "Палуан Иғаң" атандым.

Құрдастары: "Сенің палуандығыңды ұрайын, әйелің аштан жығылғалы жүргенде", - деп күңкілдер еді.
Ондай нәумездіктерін өзіне
ескертіп қаттырақ айтуға сескенер еді.

Күн батып, мал өрістен қайтып, ымырт үйіріле, Иғаң көшенің май топырағын
шаңдата балп-балп басып, стандия жаққа беттеп бара жатар. Бір қызығы, күнде
көріп жүрсе де, бұл ауылдың мұқым иті, Иғаңды көрсе, жер тарпып, түгел үретін.
Ал Иғаң палуанның көңіл-күйі келмеген, бір самауыр шайды сораптап жалғыз өзі
сарқып тауыспаған күні, бұл ауылдың шамы көпке дейін жанбайтын. Ондай сәтте: Ішіңді ұрайын, қабағы бүгін
келіспеген екен, шақырып шай бермесек, қараңғыда қалармыз", - деп, құрдастары
құрақ ұшар еді.

Алтайға қоңыр күз келіп, шаруашылық етек-жеңін жинай бастаған шақ.
Абыр-сабыр саябыр тауып, ел ептеп еріге бастаған. Әр үйдің ауласында қатарлап
тізген отын, маялап үйген шөп. Қарбалас тек бақшада ғана қалған секілді. Қартоп
жинау науқаны басталғанда, Иғаң бәрінен тысқары, тегі, ұйқтап жатқанға ұқсайды. Әйелі Биғайни үш
қызын ертіп, сүйегін сүйретіп жүріп көршілердің жемісін жинасып, әр үйден шелек-шелек қартоп тасиды. Бағана Серік тоғайға
отынға бармақболғанда, ерігіп тұрған мен бірге еріп кеткен едім. Екеуміз екі
арқа отын әкелдік. Биғайни елден сауғалап әкелген қартобын суға қуырып қойған
екен, түбі күйіңкіреп кеткен бе, темір пештің үстінде мүңкіп тұр. Үйдің іші көк ала түтін, ыстық, Иғаң
үйреншікті орнында қорылдап жатыр. Мен әуестік жеңіп, Серіктен сұрадым:

- Қартопты өздерің неге екпейсіңдер?

- Әкем огород қоршап бермейді, -
деді мұңайып. - Ал біз бекіте
алмаймыз. Тәтем қыстай елден етектеп
қартоп тасиды.

Бәріміз шайға отырдық.
Түтіні бықсыған самаурын келді. Ағаштан жасалған дөңгелек жозыны
шыр айналдырып, қолымызға бір-бір кетік қасық ұстап отыра қалдық.
Өзіміздің үйде осы қартопты майға қуырып берсе, кергіп, аузыма салмаушы едім, бұл үйде жалаң қағып, таласа-тармаса
ұмтылғаным қызық. Иғаңды
оятты. Көзі-басы іскен палуан ұйқысын аша алмай, мең-зең отырды. Табаданға
ешкім қол жүгірткен жоқ. Өйткені бірінші болып үй иесі Иғаң қасық салу керек тамаққа, әйтпесе далаға табаны
қартобымен, содан соң балаларын бір-бірлеп лақтырады.

Иғаң рақаттана есінеп алды да, үлкен ұлы Серікке:

- Ей, жүгірмек, қолымнан тартшы, -
деді. Серік алпамсадай әкесінің
тоқпақтай қолынан ұстап, мықшыңдап
тартқылаған болды, бірақ түйенің жарты етіндей ауыр әкесін орнынан қозғалта
алмады.

- Өзің-ақ тұрып кетпейсің бе,
кішкене баланы әурелемей, - деді Биғайни.

- Оттама! - деді Иғаң атып тұрып. -
Балаңның бәрі саған тартқан, шикіөкпе, ши борбай, жел соқса,
құлап қалатындай аш-арықтар...

Иғаң далаға шығып, көршісінен
темекі сұрап тартып, қақырынып-түкірініп
келгенше, буы бұрқырап, түбі
қарылған қартоп қуырылған
шойын табаданға бір де біріміз қол салған жоқпыз. Мен ыза бола бастадым. Өз үйімде ешкім жемей, ат-көпір болып жатқан жаман қартопқа соншама зәру болып, телміріп, сілекейімді шұбыртып отырғанша, кетіп-ақ қалғым
келді. Шынтуайтқа жүгінсек, қартопты бағана біздің үй, менің апам бермеді ме?

Иғаң келді-ау, әйтеуір. Төрге
кескен теректей гүрс етіп
отыра кетті. Содан соң:

- Бастайық! - деді күркіреп. Шойын
табаданның шетіне сарт-сұрт
соғылған қалайы қасықтар сойқанды майдан ашты. Бірақ бірде-бір
"қару" Иғаң жаққа ауысқан жоқ. Бәрі де өз тұсын үңірейте ойып жеп, көршілеріне кол
сала бастаған. Биғайни байғұс, әншейінде ақырып қимылдайтын адам, екі рет қатынап қайтамын дегенше, Серік бастаған балалары
оның алдын жалғыз-ақ сүріп, қырып-жойып жеп кетті. Енді ол көзі мөлиіп, ерінің
- яғни күйеуінің алдындағы әлі тақа таусыла қоймаған қартопқа тесіле
қарады-ай... Иғаң сасар емес, асықпай
асайды, қомпаң-қомпаң шайнайды. Анда-санда қарнын сипап қояды. Тегі, Биғайни шыңай
алмады білем, күйеуінің көзі тая бере, табаданға ұмтылып еді, Иғаң:

- Тарт қолыңды табақтан! - деп, айғай салып, қолындағы
дәу қасықпен әйелінің білегіндегі
тобықты шақ еткізе ұрып жіберді. Менің төбе құйқам шымыр ете түсті. Одан әріге
төзімім жетпеді. Жүгіріп үйге келдім. Қара табақ радио сөйлеп тұр екен. Диктор: "Тарт қолыңды!" - деп, әлдекімдерге
ескертіп жатыр.

Құлағыма палуан Иғаң
қорылы келгендей болды. Иә...
соғыстан есен-сау оралғанына шүкіршілік жасайықта...