ВЕРНУТЬСЯ

     1. АЛТАЙ

     Егер сіз осынау таңғажайып өлкеге
- табиғаттың арда төлі атақты Алтайға бармасаңыз, барсаңыз да, оның: Күншығыстың
бар асылын, бар байлығын, бар сұлулығын өн бойына дарыта жинақтаған асқар-асқар тауларын, асу-асу белдерін,
ат омыраулап жарып жүре алмайтын жасыл шалғын кеңжайлауын, кермарал кербез
елігін, мамырлай жүзген аққу-қаздарын, татсаң тандайда қалар балы мен ақ балтыр
ару қайың, қайсар қарағайын - ие, ие, осылардың қадір-қасиетін түсініп,
сезіміңізді селк еткізе алмасаңыз, әсіресе, айналайын адамдарының құдіретті қолынан туындаған сұрапыл
жанартаулар мен жаңғыртуларды зерделей алмасаңыз, онда тындаңыз.

- Міне, сіз - алқызыл нұрымен ақ бас тау, бұйра бас ормандарды аймалап, кең дүниені
шапағымен шарапаттай масайраған Күн шығар сәтте ояндыңыз; мүмкін, сізді оятқан таң емес, әлгі бір таң бозынан
сайраған бозторғай шығар, мүмкін, жаңа ғана дүркірей суаттан қайтқан марал
дүбірі ме екен, әлде әупілдеген
еліктің даусы шығар, әлде
анау ақ тандағы ақ толқынын
аспанға лақтырған Бұқтырма сарыны да, не болмаса арқаңыздан өткен таңғы шықтың
шым-шым сызы ма... әйтеуір, дәл осындай шапақты шақта оянғаныңыз үшін, табиғат
жарықтықты адал жүрегіңізбен алқайсыз да, бір-біріне мінгесіп-ұштасқан мәңгі тәкаппар асқақ Алтайдың
алдында бас киіміңізді алып, тағзым етіп, "ассалау-мағалейкүм" деп
есендесесіз. Сіздің бұл
үніңізді Алтайдың жақпар тастары мен құзар шындары іліп алып, кезек-кезек
жаңғырықтыра қайталайды, қайталайды... Енді сіз аңғарды басына кешіріп,
күркіреген Бұқтырманың кәусар суына жуынып, қып-қызыл боп алжырап жатқан
бүлдірген, жоқ болмаса анау таң қурайды
таңдайыңызға салып талмаңыз да, оразаңызды ашыңыз. Міне, сіз Алтайдың арайлы
таңына шомылып тұрып, мынау дүниеге жаңа келгендей лүпілді жүрек, лыпыған
сезіммен: "Өмір не деген тамаша едің!" -деп, бар даусыңызбен және айкайлайсыз. Сіздің өмірге ғашық екеніңізді анау ұйқысынан
жаңа ғана оянған алып таулар жаңғырықтыра тағы да үздік-создық қайталайды-ай...
Ал сіз Алтай жазығының жазиралы келбетіне сүйсіне, балқарағай мен шайыр, иісі
қоса аңқыған таңғы таза ауаны жұтасыз,
армансыз жұтасыз. Сонсоң...
сонсоң иін тірескен қалың орманды аралап, тау басына өрмелеңіз. Тау басына көтерілген сайын,
анау бір Алтай бұрымы іспетті Бұқтырма, анау тілдей-тілдей көгерген егін, асықтай-асықтай үйрілген
аяулы ауыл, жер сонысына тас
кенедей жабысқан төрт түлік
мал, қара жолдың шаңын аспанға көтерген машина аяғыңыздың астында қалады. Ал
сіз - Адам, биіктей бересіз, биіктей бересіз. Енді, міне, орман да таусылды,
таудың бірыңғай шақпақ
тастарын сусытып, тас шоқының таз басы басталады. Шоқының ұшар басын жасырып
аппақ бұлт шегіп жатады. Аппақ бұлт тауды екіге бөліп сұлап жатады. Кейде
осынау аппақ болып сұлап жатқан бұлт жылап та жатады. Ол осынау асқаралы шоқы-шындардың ақ сәлдесі іспетті Алтай жазы жауынды болады. Ашық күндері
аз. Әсіресе, июль айында күн күркіреп, жан шошырлық найзағай ойнайды. Найзағай
ойнаған сайын жай түсіп, зәулім қарағайларды қақ айырады. Кей күні бауырсақтай-бауырсақтай өткінші бұршақтар шауып өте шығатыны бар. Алтайда салба-салба бай самырсындар бар, оның басына
жаңғақ өседі, бір ай нөсер жауса да, әлгі самырсындардың түбінде отырған адамға су тимейді. Алтай жазы келте, мүмкін, өзгеше келбетті болғандықтан да солай шығар... Тамыз айының ортасынан-ақ ақжауындатып, бұрынғы аппақ
ұшпа бұлттар қара қошқылдана қоғамдаса бастайды. Қыркүйек туа
түстіктен сұп-суық жел соғып,
ертеңгілікте бүкіл табиғат бозқыраудың астында жатады. Білесіз бе, Алтай күзі
таңғажайып ертек сынды, Алтай күзі өмір бақвдз сзры болып көрген жоқ, қызыл
күревденіп, тзмылжыған сзйын, ала жаздағы мәре-сәре тірлігімізге ой бітіп,
өз-өзімізден жуасып, момзқан күйде күйбің-күйбің шаруаға кірісесіз. Алтай күзі
әрі мазасыз, әрі ойшыл, дарқан, әрі жабырқау. Дегенмен, қараша туа бұл өңірдің
нағыз мінезіне қанығып, мұнда ыстық пен суыққа қара нардай төзе білетін жандар тұратынына көзіңіз жетер. Жауып-еріп,
жауып-тыным таппайтын қар аралас
жаңбыр түн мезетінде көк
тайғақ мұз болып жатады да,
түс қайта жылбысқылана ериді. Бірақ қараша - Алтай
үшін қардың айы. Міне, сіз ойрат-ойпаттардың аппақ көрпесін айқара жамылып мызғып
жатқан шақта қос ат жегіп, шанамен
жолға шықтыңыз делік. Айналаңызға қарайын
десеңіз, көз қарықтыратын шағырмақ.
Жаздағы жайқалған орман, жап-жасыл жер жарықтық мәңгілік ұйқыға бөленгендей,
не болмаса ерке қылығын ерте жоғалтқан
арудай, салқын сазарады. Шыңылтыр
аяз ашық қалған жеріңізді тіміскілеп ұрлана қарады денеңізді. Тек самырсын
мен аршалар ғана жасыл күйде
өң-түсін өзгертпей, көсегесі биік көктемді еске салады. Бұқтырма мұз құрсаудың қыспағында қысыла
ыңырсиды, ал шымшық әр үйдің шатырына паналап, есік ашылған сайын, жылы жерге ұмтылады. Әйтсе де Алтай
қысы таза да тәкаппар Сібір
аязын еске салады. Әлде, географиялық орналасуы сол Сібірге тым жақын
болғандықтан шығар. Алтай Бұқтырманың жоғарғы ағысында әлдеқайда әдеміленеді.
Алтайдың солтүстік жағы таулы Алтай өлкесімен, ал шығысы Монғолия, оңтүстік шығысы Қытай елімен шеқаралас. Алтайдан
әрі Қазақстаннын жері жоқ және Қазақстанның ең сұлу аймағы да
- осы өр Алтай! Алтайдың көктемі кешеу келеді. Қыстайғы екі көзге тарта жауған қар еріншектене
ерігенше, астынан шөп көктеп үлгереді. Құралайдан бастап
нағыз көктем туып, жан-жануарға жан бітіп, әбігерге түссе, адамдар да ағаш
үйлерінен ұзап, тырың-тырың тірлігіне, шаруа қамына кіріспек. Май айының аяқ
шенінде бүкіл Алтай қып-қызыл гүлге көмкеріліп, жасыл жаулығын қайта жамылады.
Көкпеңбек аспанға мамықтай бұлт маңып, тау өзендері көркіне қайта мінбек. Сіз
табиғаттың осыншалық сый-сыяпатын төге
салған мәрттігіне қайран қалып,
тау асып, байып жатқан Күннің алқызыл нұрына табынасыз да, кілемдей түрілген кек майсаға аунай кетесіз.
Күлесіз, бақыттан, шаттықтан күлесіз. Күліп жүріп гүл тересіз, теріп жүріп
"Айналайын Алтайым, осы құдіретіңнен, осы келбетіңнен, осы гүліңнен, осы
жұпарыңнан айрылып қала көрме, өйткені мен сені сүйемін, өйткені мен сенің
перзентіңмін, өйткені жаһанда
саған жетер салтанатты жер жоқ!" деп, жар салғыңыз келеді.

 

     2. ТҰМАН

    Іңірде жымсып ұрлана басталған
нөсер бірте-бірте айықпас ақжауынға айналып, ұзаққа созылар созаландар сыңайын
аңғартқан соң, қараша туа қанын ішіне тартып, қысастанған жер жарықтық қаспақ-қаспақ
жонып және де кәперсіз тосып еді; жаздың бармақтай-бармақтай ірі тамшылары
емес, күздің шіркей жаңбыры арқа қышуын қандыра алмайды, қайта жаңбырлатып
қытығын келтіре берген соң, кіржіндеп мезі болғандай еді; жауынды күні, әсіресе,
қарашада түн түндігі тым ерте жабылып, онсыз да келтелене бастаған күннің аз ғұмырын
қызғанғандай еді; сабырмен келген ак жауын сыбыр-сыбыр ертек айтып, бүткіл әлемді,
оның ең алып мүшесі - Адамды да мәңгі тұнжыр, мәңгі тұңғиық, мәңгі тыныштық тылсымның
құшағына "жүр-жүрмен" ырықтан тыс жетелегендей еді; осындай қарашаның
сарынсыз қара басқан егілме түнінде тірі пенде қырға шығудан сескеніп, әзірейілден
әзер құтылғандай асып-сасып жарық сәулеге, баспанасына ұмтылар еді; ал жүрек жұтып
тысқа шықсаң, көр қараңғылықтың әрі суық, әрі сұмдық қорқынышты түпсіз тұнбасына
шым батып кетерсің, сосын өзінді жердің астында жатқандай сұрапыл қорқынышты
сезініп, ит қабардай аса шапшандықпен табалдырықтан үйіңе секіресің; ол адамның
өмірден өлімге қайта секіргеніндей еді; енді көже-көпсегінді ішіп алып, еш
нәрсе ойламай, ешкімге тіл қатпай, уайым-қайғысыз ұйқыға бас қою ғана
қолыңыздан келері; әй, бәрібір өйте алмайсыз-ау, өйткені таңның атпауы, күннің
шықпауы мүмкін бе? Ендеше, сол таң, сол күнмен бірге барлық мазасыз
тіршілігіңнің күйбің-күйбің ұшы-қиырсыз шаруасы басталар; шаршатып, зарықтырып
барып таң атты делік, енді дала емес, өз үйшігіңдегі қамалып тұрған
қараңғылықты болжайсың; енді үйден жеріп, есікті шалқалата ашып қалғанында, бәрібір
күні кеше ғана сарыжағалданып, қаумалап тұрған өзгермес көріністің шыпшырғасын
шығармай, жұтып қойғанын көресің; жұтып қойған түн емес, ендігі сәтте тұман
болмақ; ақ сұр тұман арасында адасып жүріп, жалғыз атынды іздеуге шығасың; ақ сұр
тұман орман екеш орманды жым-жылас қылғытып қойған; ақ сұр тұманның
ара-арасынан тесіп жетім тамшылар ағып түседі; ал сұр тұманның өзі салқын да
сызды дым бүркеді; тынысың тарылып, екі иінінен албасты басқандай мәңгірген
күйде дірдек қағып, ғадетіңе қалыптасып қалған түйсіктің сілтеуімен жалғыз аяқ
сүрлеуді іздеп табарсың; жалғыз аяқ сүрлеу пендесін әсте адастырған емес, сені
де бұйдалап алып ойлы орманға апарар; ең ғажабы - осынау қоп-қою болып жер
бауырлап шегіп жатар тұман түн баласында бас алдырмай сабалаған нөпір нөсердің
соққысынан сау-тамтығы қалмай, бейкеспір болған қайғылы қайран даланың дал-дүл
сықпытын керер көзден жасырғысы келгені шығар; таңғажайып тағы бір жай сол -
сиырдың сілекейіндей шүбатылған қақ-қақ жалғыз аяқ көрбілте жолмен ілби басып
келе жатсаң, тізгін бойы айналаң ашық болып тұрар, ал жүрген сайын алдың
сөгіліп, артың қымталып отырар; өмірдің өзі іспетті еткенің ұрланып, келер
күнің жұмбақ жатар, тек қазіргі қаракетің ғана ашық ажарып танытпақ мынау
көрбілте соқпақ ат іздеген азаматтың ғұмырнамасы секілді еді; ат іздеген адам
орманға кіргенде, самаладай сап түзер ағаштардың тек құр сүлдесін ғана көріп
келеді; қарайғанның бәрі тор шолағы болып елестейді; ұзақ сандалып барып сұрғылт
та сұсты тұманның арасынан туған, әйтеуір, бір тұлға сүлделенеді, ендігі мәурітте
сол сүлдеге қарсы жүрген сүлденің бірі тағы өзіңсің; бірте-бірте жақындаған
сайын, ол да бірте-бірте жылжып жақындайды; әне, қоп-қою тұманның арасында өзінің
ала жаздайғы есіл еңбегінің үйіндісі нобайланып тұр; ол - сен маялаған пішен,
астындағы аяқ артар жалғыз атың мен аузынды аққа жарытар тарғыл сиырыңның
қыстайғы азығы; жақындайсың; ақ сүр тұман арасынан тағы бір зат көрініс береді;
"торы шолағым екен ғой" деп қуана жүгіресің, бірақ ақ тұмаңды әлгі
малдың шаңырақтай мүйізі тесіп тұрғанына көзің жеткенде ғана, тарғыл сиырыңды
танисың, тарғыл сиыр кәперсіз, сыртын күн жеп сарғайтқан маяның қабырғасын ашып,
тотияйындап кекпең-бек шөпті үңги тұмсығын тығып жіберген; "қарасан
келгір-ай, қыстайғы талшығыңды желтоқсан түспей жеп қоярмысың" деп, аса
кейіспен маяны айнала бергенінде, құлағыңа ішін тартқан торы шолақтың танау
қорылы келер; енді маяның екінші жағында шөптің сарғайған бетін түріп тастап,
көкке көміліп тұрған аяқ артарынды кересің; "қасқыр жегір-ай, ішінді
тартып тағы да жаңбыр шақырдың-ау, қыстай атауыңды жеймісің" деп күбірлеп,
жүгендей бастайсың; сосын ат көпір болып шашылып жатқан шөпті жинап,
қымтағансымақ боласың да, атқа жайдақ мінесің; енді сен адас-пайсың, тарғып
сиырдан көз жазып қалмасаң болды, қораны өзі табар; жаңбыр суы өтіп, әбден ылжырап,
иі қанған жалғыз аяқ сүрлеуге тарғып сиыр мен шолақтың ойдым-ойдым ізі түседі;
ойдым-ойдым ізге су іркіліп, тостағанда толып қалып жатыр; жалғыз аяқ жолда,
қарашаның ақ сұр тұман басқан таңында әсте сенің емес, малдың ізі қалады; өйткені
сен солардың арқасында тірлік қылып келесің... шаруа ертеңінде тұрғанда дүниені
ақ жаңбыр да, ақ сұр тұманнан да өзге ақ сұр кебін - бозқырау басып жатқанын көрді;
ағаш бұтақтарында сарқылып үлгермеген су тамшылары моншақ боп қатып, ал таудан
жөңкіле құлаған бұла бұлақтың екі ернеуін таңғажайып ою-өрнек жырымдалты; ашық
аспанның тым-тым биігінде қарғалар желдеп ұшады; шаруа құстың қоры қарғаның
осыншалық еліре биіктеп, көк күмбезіне ойнақ салғанын көргені осы еді, өзінің
де тым құрығанда қарғалардай қайраты болмағанына, арқандаған аттай шырғалап, өз
ошағын ғана таз тақырлап ғұмыр кешкеніне, шырқау биікке теские шапшылып бір көтеріліп,
сонсоң... сонсоң құлап-ақ кетпегеніне опынды ма, ауыр күрсініп, тор шолағын тағы
да іздеуге шықты; боз қыраудың сиырлар жусаған тұсы қап-қара боп буы бұрқырап,
ал өзеннен шудаланып жеңіл бу көтерілер; жалаң аяқтың емес, керзі етіктің
жап-жалпақ табаны боз қырауға тіпті де ойдымды із боп түспейді екен...

 

    3. ІҢІР

   Күн алтын ұясына қона,
осылып-осылып жатқан тау аңғарын аса қатты жаңғырық жарып өтетін; ол - күн мен
түн екі арасындағы іңір сәттің хабаршы үні; мынау жұмыр жердегі тіршілік
атаулының осы әлемге ие екеніне куәлік іспеттес көрсетер сесі, немесе кіндік
қан тамған туған жер, өскен елінің, ардақұлы еркелегенде айтар өні; немесе мал
қайырған бақташының жер басып жүргенін дүние-көкке паш еткен ең алғашқы, әрі ең
ақырғы айғағы секілді; кешкі жаңғырық ызындап барып тарап кеткен соң, мағшар сәтіндей
іңір сәті бірте-бірте ұйиды да, қызыл күрең өңір маужыр да мамыр күйдің мақпал
құшағында тұншығады; екі кештің арасы - намаздыгер шақта тек асқар Алтайдың -
алып Ал-тайдың құзар шыңында ғана әлгінде ғайып болған күннің адасып қалған
жетім шапағы жасырынып жатады; ал сыпыра батыс көпке дейін қош-қошпен қимай
қинала ұзатып жіберген Күн сұлуын жоқтап, жылай-жылай қанталап кеткен; сыңсыған
қисапсыз үміт-мақсұтын тонатып алғандай, күйгелек күйдің шоқтығына жармасқан
сәуле үрке қашып, секіріп-секіріп бағаналардың басына шығып кетіскелі қашан;
қара барқынданып уайым уыстап жатқан жарықтық жердің кеудесіндегі болар-болмас
жылтыраған өлімсі шам жарығын жалғыз сыратпайтын Қоршы жұлдыз ғана; іңір сәні -
осы жұлдыз; осы жұлдыз туа, шаруа тағы да жалғыз аяқ көрбілте жолға түсіп,
орманға беттейді; тор шолақ қос доңғалақты арбаны ауырсынғандай, ілби аяндайды;
арбаның қос доңғалағы ерте шығарда "майла-майла" деп зар еңіреп шиқылдаса,
еңіске құларда "майласаң майла, майламасаң қой" деп, зыр-зыр айналып,
торы шолақтың өзін өңкілдете қуады; іңірде сапар шеккен шаруа, жетіскенінен
сапар шекпеген шаруа, күндізгі жұмыстан қолы босап, өз еркі өзіне тиген соң,
кеше кешке дайындаған отынын тиеп қайтуға барады; ол мынау дүниеге қайта
келгендей, дел-сал, ұйқылы-ояу өзгеше масаң сезімде еді; ол арбаны емес, бар
арманын, суішкілігінің бар ауқат-сауқатын, бала-шағасының ертеңгі көрер таңын
сүйреп келеді білем; тауға қарады - марқұм болып кеткен секілді жым-жырт шөгіп
жатыр; іңір жолы жетелеп өткелге әкелді, өзен беті алқара тартып шымырлап,
өрескел бір үрейдің сабырмен қайнаған қара қазаны сықылданады; ал шаруа
"бисміллә" деп өткелге түскенде, жаңа ғана салқын қаңдылықпен жуасып
аққан су ат тізесі қақ жарған сайын, гүрп-гүрп етіп беймезгіл шақты қиқулы үнге
бөледі; егер ғұмырында тым болмағаңда бір рет іңір жамылып жолға шығып, сол
іңірді жамылып судан өткенің рас болса, дүниеде бұдан қорқынышты минуттың жоғын
білерсің; сенің жүрегің тоқтап қалған, миың да істемейді, ердің қасынан тас қып
ұстап, бас ерікті астыңдағы атыңа бересің, басың айналып, жер кеше бастайды;
сосын көзінді жұмасың, ашқанында судан шығып, үңірейіп-саңырайған бұта-қарағанды
тоғайдың ішінде тұрғанынды көресің, ал ер бұтаның түбінде бір-бір мыстан кемпір
бұғып жатқандай-ау; арбанды шиқылдатып тағы да алға жылжы; құлағыңның түбінен
ызың етіп монтаны қоңыз ұшып өтеді, анау бақылдаған бақалар; жүрегің сыздап
барып қайтадан дүрсілдеп соғып кетеді; енді әлденені сағынғандайсың; ептеп
желемік тұрып еді, мұрныңа сүрлеген еттің иісіндей жағымды иіс келеді, не аттың,
не адамның терісінің иісі ме, әйтеуір, жер басып жүргеніңнің куәгері; күн мен
түннің дәнекершісі - іңір жұқанақтана іріп, таудың арғы беті өктенеді, сонан
соң қара көк аспанның етегі ағараң тартып, ұлы жіңгір әсеми сипатқа дайындалып
жатқанын сезесің; әрі қаяулы, әрі қуанышты; әрі әсем, әрі жұтаң; әрі асқақ, әрі
пәс, әрі бақытты, әрі сорлы; әрі ән, әрі күй үн шымырлап шығып, бағанағы бір
кешкі жаңғырықша шапшаң да келте қайрылмай, өміршең екпінмен іңір сәтін әлдилеп
тұрады; ол - шаруаның шалқығанынан айтпаған, шаршағаннан айтқан еріксіз жыры
еді; бейуақытта ән айтқан адам бақи тірі болса ғой, шіркін; бірақ іңірде тек
шаруалар ғана жолға шығып, тек шаруалар ғана ән айтатын секідді; тек солар ғана
жүрек тербер ән тиеп барып, тіршілігіңнің жағар отынын алып қайтатын секілді...
тек солар ғана мәңгі өзгеріссіз мың жасайтын секілді... желіндеп, сыздап,
шелейіп ай туып келеді...

Ер екеніңді білейін, іңірде жолға шықшы.

 

    4. ТАСҚЫН

   Екі алақанымды көкжелкеме қойып, анау күміс таналар тағылған алқара
аспанға қарап, ойға батып жатырмын; арқамнан жаңа шабылған шалғынның сызы
шым-шымдап өткен-дей болады;
мұрынға балаусаның иісі келіп, осы иіс арқылы туған жердің сабырлы да салқын
лебі желе жортып жеткендей болады, әне... әне... сұңғақсұлу қайыңның жапырағы,
үп еткен жел тербеген сайып, сыбдырласып шүйіркелессе, әлдеқайдан ат кісінейді,
әлдеқайдан түнгі жаңғырық, әлде-қайдан әсем созылған мұнлы ән естіледі; дәл іргеден үйрек сымпылдап, бақа бақылдайды; көзімді жұмдым, -
бәрібір осы тамылжыған талмауыр көріністі көремін; құлағымды басамын, - бәрібір
сиқырлы да сыбызғылы әуезді
естимін; тәңірім-ау, бұл не
ғажап; неге жүрегім сыздап, көзіме жас іркілді? Құдай-ау, мен жылап жатырмын
ғой... бұл не? Жоқ! Бұл - туған жердің торқалы топырағына деген аялы да іңкәр сезімнің
алақаны маңдайымнан сипағанда, өре түрегелген тәкаппар көңілдің шын елжіреуі;
мен, неге екені белгісіз, қапияда
туар ұлы шуылды елегізи тосып, аландай аңсап жаттым; бәрі тамаша, бәрі
маужыраңқы, жақсы іспетті; әйтсе де бір ақылды тентек үн, өр серпіген қарқара дүбір, уа, асқаралы айбарды
көксеулі көңіл; сонда мен: "Ей, ағайын, төрт көзің түгел кереметсің, бірақ
мен мынау еміс-еміс естілген
сарынды қиқулы үнді
сағынамын", - деп, жар салғым келді; міне, ол үн; ұйқылы-ояу табиғат дүр
сілкінді де, жылдар бойы қаңсып, табанын тас отарлаған жасыл жағалаулы көне арнамен, алты ағысты, асығыс
ағысты, сұрапыл шуылмен сел ақты; ол көктемгі тасқын; ұмытылған қаңсық арнаға
оқыс құлаған, бір кезде қағажу
көрген судың байып, өз еркі, өз ырқы өзіне тиген соң, құлындай құлдыраған
әрі бақытты, әрі шаттықты, уа, қайғылы сұңғыла сапары - оң сапары еді; құлақты адасып барып, алжасып барып
арнасын тапқан тасқынның
Толқыны, салтанатты Толқыны, шырқап салған ғажап даусы жарып барады... е,
ақсарбас... е, ақсарбас - жылайды Толқын, шулайды Толқын, тулайды Толқын; бұл - ғайыптан емес, табиғаттан
пайда болған, жаһан құрсағын тепсіне шығып, еңіреп келген айналайын алапат
тасқынның кеуделі де кесірлі Толқыны! Мен жайлы да жұмсақ орнымнан атып тұрып,
көзімнің жасын сүрттім де: "Жасасын, жас Толқын!" - деп, бар даусыммен айқай салдым;
менің үнімді аңғал-саңғал маубас таулар, ойдан басқа түк бітірмейтін ормандар,
бір күнгі тоқтыққа мәз қаз-үйректер, арқасынан қақса асқақтай беретін аспан, өз
пайдасының құлы - құрбақалар, жыпжықай шымшық шаптығып тыңдап, құдіретіне көзі
жеткен соң, шаттықпен қайталады... қайталады; табиғаттың кенже ұлы
"Тасқын" қаңсыған арнаны аласапыран жойқын үнге бөлеп, сай-сүйегіңді
сырқыратар өміршең шуылмен асығыс ағып бара жатқан...

Ер екеніңді білейін, осындай тау толқынды тасқынға қарсы қауқар тапшы!

 

     5. ЖАЛҒЫЗ АЯҚ ЖОЛ

    Баяғыда, айхай, дүние-айда,
бөдене тоқтыдай, тоқты қойдай, қой сиырдай, сиыр пілдей, піл таудай, таулары
адамдай бағы заманда, адамдар бай-кедей, жақсы-жаман болып бөлінбеген мамырстан
көне дүниеде ме екен, - әйтеуір, қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған ерте,
ерте, ертеде, ешкі жүні бөртеде, бір жалғызаяқ жол пайда болды; ол жалғыз аяқ көрбілте
жолды бертін келе әр нәрсеге жорып, сан-саққа жүгіртетін-ай; біреулер айтты: от
алып қашқан Прометейдің ізі деп; енді біреулер айтты: жерұйық іздеген
Асанқайғыдан қалған қасқа жол осы деді; тағы біреулер, тәңірімнің қолынан
түсіріп алған тасбиығы екен десе, шалдар ақ табан шұбырындыдан қалған көне
соқпақ осы деп көкіді; Шаруа ойлайтын: меніңше, осының бөрі де сандырақ, Ескі жұрт
пен Жаңа жұрттың арасын қосатын ең жасы-рын, ең төте, тек әкем ғана білетін
жалғыз аяқ сүрлеу - бұл, басқа жұрт тау айналып бір күн жүрсе, әкем ет пісірім
уақытта салып ұрып жетіп-ақ келер еді; өтірік-шынын қайдам, жалғыз аяқ жол не
болғанда да Адамдар салған, тек солардың ғана тажал табаны ойған жол екені хақ;
жол болған соң оның да тарихы, былайғы жұртқа беймағлұм өз сыры, өз жыры
бар-ды; сонау шақтарға дейін бұл жолдың бар-жоғын Шаруадан өзге тірі пенде
білмейтін; ию-қию өмірдің бәрінен қаға беріс, өз күні өзіне жекедара ғұмыр
кешкен; жол, тек жолаушы жүрсе ғана қасиетті ғой, ал бұл болса шын иесінен айырылған
соң, әлдекімнің боқты табаны кеудесін басқан-ды қаламайтұғын, қайта осылайша,
ел көзіне күйік болмай, жайына жата бергісі келер; жалғыз аяқ жол, қисапсыз табандар
таптамағанын, тумысындағы таза да тәкаппар қалпын сақтауды мақсүттаса, Шаруа да
әкесі ғана жүріп өткен сүрлеуді жат жұттық әлдекімдер рәсуалауға қимаған; кей
күндері күрең биесіне мініп келіп, осы ескі соқпақпен арлы-берлі шапқылап,
ойқастап алатын; онысы - адам жүрмей, ернеуіне қалың шөп шығып, тынысы тарыла
бастаған соң, сартаптап жаңғыртқансымағы; құла дұз, қиян далада қазақтардың ізі
түспеген жер жоқ-ау; ойлап отырсақ, соның әрқайсысы заңғар заманалар салған
тыртық іспетті де, мыңдаған жылдардың тамырланып кеткен тарихы; әр тау, әр
төбені белдеулеп, небір ит тұмсығы өтпес ормандарды қақ тіліп, алысқа, тым
шексіздікке жосылып, біріне-бірі қосылып, біріңді-бірің жетелеп, тар өмірден
бар өмірге, бар өмірден тар өмірге бастар сенсің, құдіреті күшті қасқа Жол! Ей,
жолдар, сендер өлшеусіз көпсіндер, бірақ жалпақ жұрттың білетіні бар,
білмейтіні бар десек те, қай-қайдысың да адамдар иелігіндесіңдер, өйткені жол
анасы - екі аяқ; Шаруа ойлайтын, егер мен жалғыз аяқ сүрлеумен күрең биеме
мініп тарта берсем, қайда барар едім; мүмкін, үлкен бір шаһарға тап болармын, мүмкін,
бөтен ел, бөтен жерге тап болармын, әлде қысы болмайтын, сондықтан шөп
шаппайтын, от жағып, күл шығармайтын жер ұйыққа тап болармын ба? Әй,
қайдам, ондай жер-жаннат жоқ та шығар-ау? Әншейін қаңғып, мұрындықсыз лаға
беруге мені кім жібере қояды; қай екі тууп, бір қалғаным бар; кең сарайдай боз
үйді қойып, от жағып, су әкелмейтін көп үйдің бірі бұйырмағанда, ма-ған туар
жақсылықтың ауылы алыста, алыста... ендеше, мынау әкеден қалған жалғыз аяқ жолды көз құным қалғандай қызғыштай қорғауыма не себеп?
Пайдасы не? Пайдасы - Ескі жұрттан Жаңа жұртқа елден үш-төрт сағат бұрын жеткенім бе? Елден бұрын
жеткендегі шыққан ұшпағым
қайсы; баяғы өгіз аяң тірлік, қайта осы жолмен жүрмеген жұрттың қағанағы қарқ, сағанағы
сарқ, жол қадірі жүргенде ғана білінбек, игілігін былайғы ел көрсін, бердім;
жалғыз аяқты соқпақты төрт
доңғалақтың саусағына қидым; ...бүгінде Ескі жұрт пен Жаңа жұрттың арасын қосып
жатқан ең төте жол -Шаруа көрсеткен жалғыз аяқ жол болды; бүгінде жалғыз аяқ жолдың сорабы да жоқ, үстіне қиыршық
тас, мыңдаған машина құм төгілді де, дементпен тас қып желімдеді: сонау биікке
шығып көз салсаңыз, әсіресе, жауыннан соң, айнадай жарқырайды-ай; ал үстінен
өкіріп-бақырып жүздеген машина өткенде, осыншалық ауыр салмақ пен қапырық
түтінге шыдай алмай еңбегі былқылдайды-ай; бүгінде жалғыз аяқ жол жоқ,
әлдеқашан тас жолдың астында қор боп, құрып қалған, тек қайсыбір қыңыр тұстары
ғана оқтай ағып өткен тас жолдан шетқақпай бұрыла қашып, турап тастаған құр
жіптей үзіліп-үзіліп ағараңдамақ - тек қана тентектері аман қалған; кей күндері
қатты жаңбыр жауғанда, шолақ-шолақ сілемге су толып, бертін келе жыраға айнала
бастаған-ды; су орып, мүжіле келе, тас жолға зияны тиетін болған соң, сол бір
жырашыққа айналған сүрлеуді және де құм таспен бітеп тастаған-ды; сонымен,
Шаруа байғұс бәрібір жаңа жолмен жүре алған жоқ; биесіне мініп алып, майпаздай
жөнелсе болды, не алдынан, не артынан машина шығып, қақпалап, еріксіз ығыстырып
тастайды; әсіресе, бұрынғы соқпақтың жиек-жиегінде сыңсып тұрар хош иісті
шөптер жағармай иісімен қуарып, сарғайған, қыс мезгілінде де жаңа жауған ақша
қарды қара қожалақтап ыстайтын; Шаруаға жаңа ғана ес кірді, бірақ кеш кірді,
өзі үшін тек қана, тек қана жалғыз аяқ жол керектігін үгынды; ол естіпті; әкесі
аманатқа қалдырған жалғыз аяқ жол, баса көктеп жаншыған тас жол мен шынжыр
табан жылан бауыр трактордың азуы бытыр-бытыр үккенде, шыдай алмай, таң алдында
сың-сып жылайды-мыс; тегі, өз иесін қарғап-сілегені білем; жаңа ауылдың
адамдары айтып жүр: өткінші
жауып өткен күннің ертеңінде Шаруа күрең биесіне мініп, тас жолмен сыдырта
аянман келе жатты: алдынан сылаң етіп шыға келген "Волгадай" бұрыла
берем дегенде, артындағы ағаш тиеген УАЗ ауыр машинасына соғылып-ақ қалғаны;
абиыр болғанда, өз басы аман, тек жалғыз биесін ғана тас жолдың садақасына
беріп алды; сол УАЗ-ға өлген биені салып, ескі ауылға алып келгенде, әйелі
үйден өлік шығарғандай дауыс қылып жоқ-тапты, деседі жұрт; тағы да сол жұрт
айтады: Шаруаның өзі де бағамдамай қалса керек, күрең бие әлдеқашан үйірге
түсіпті, сойғанда ішінен қара қасқа құлын шығыпты деседі; жалғыз аяқ жолдың
кәріне ұшыраса керек деп және айтады сол жұрттар; өтірік-шынын қайдан ғана білейік, біздің білетініміз - жаңа жолдың
бәрі-бәрі ескі жолдың арқасында дуниеге келді, ендеше, жасасын жалғыз аяқ жолдар... жол-дар... жолдар... Шаруа
бейшараның жазығы не?!

 

      6. БӘЙТЕРЕК

 

     Кеше күн қып-қызыл боп, аса жалқын бояуды армансыз жағынып, батыс жақ
жер-көкті тұтастыра өртеп,
ырымы жаман болып еді, Шаруа әлденеге жорығандай, жүрегі лоблып, қырда ұзағырақ
жүріп қалған; баяғыда - соғыс басталарда да, дәл осындай алқызыл кештің куәсі
болып еді, бірақ кейінгі күннің байып батуын өңкей жақсылыққа жорып жүрді;
биесінен айырылған жылы да, сонау бір ай жауын жаумай құрғақшылық болғанда да,
міне, дәл осындай қан қызыл аспанды көрмегені рас; ал күннің бүгінгі сыңайы
әлденендей сезік тастады шаршап соғар жүрекке; мүмкін, ертеңгі күн ашық болар
деп еді - бұлтты болды; ең сүмдығы: Ескі ауыл мен Жаңа ауылдың екі ортасындағы Көктөбеде
өсіп тұрар бәйтеректі әлдекім
жығып әкетіпті; бір-ақ күнде жығып, "ДТ-54" тракторымен сүйреп
әкетіпті; жылдар бойына сырласары да, мұндасары да - жапанда өскен жалғыз
терек, басқаны қайдам, Шаруаның "қарайғанда не қалды, қамыс қалдысы"
еді; қабырғасы қайысып, тірлігінің қиюы қашқандай болса, тағы да осы бәйтерекке
құрыстанған арқасын сүйеп, төрткүл
дүниедегі айқай-сүреңнің бәрін ұмытып, өз-өзінен мұң сағынып, шыңырау ойдың сұп-суық құдығына сусар еді; жуан да соқталы
тамырлары білем-білем тарамыстанып, қара жерді қауып жатқан осына асқақ ағаштың
бұтақтары иір-иір, әрі
сүйекті де қуатты, мың жыл дауыл соқса да миземейтін көк соққан тентек бітім;
көктемде кешеулеу бүрлеп, күз туа кешеуіл сарғаятын; ал теке тіресе біткен
быжырқай бұтақтардың өзі-ақ бақта сидия осетін қарағаштан әлдеқайда әлді,
әлдеқайда жасылға байтын; ал жел соқса, осынау сүйекті бұтақтар
ілгерінді-кейінді итініп шайқалақтамай, сіресіп тұратын; ал,
алақандай-алақандай жапырақтары төңкеріліп түсіп, желмен желбірер еді;
төңкеріліп түсіп, желмен желбіреген жапырақтардың әрқайсысы күн нұрымен
шағылысқанда, бәйтеректің тұла бойы күміске шомылар еді; ал әр жапырақ бебеу қаға дірілдегенде, көп дауыстанған
қытықшыл әсем үн шығарып, осы
үн мынау дүрия даланың ендігі қалған жалғыз жоқшысына, жалғыз жыршысына айналар
еді; ал айдалада асқақ өскен бәйтеректің желді күнгі суылы жеңіс күйін шертіп,
мәңгі маздақ өмір шаттығын
мадақтағандай еді; Шаруа анда-санда жаяулап келіп, осы үнді, осы күйді тыңдап
қайтатын; тыңдаған сайын жүрегін шым-шымдаған мұңлықты сезім билеп, өзінің әлі күнге тірі жүргені есіне енді ғана түскендей, сағым жортқан туған жеріне көз сата ұзақ
телміретін; өліп, қайта тірілген халдегі Шаруа табиғаттың қапияда килігер сұрапыл
опаттарына ырық бермей, оқыстан туып,
оқыстан өлер мәңгі тірі бәйтеректен тым болмағанда бір бұтағының қуатын бере гөр
деп жалбарынар білем; бірақ бұл
жазғанның көрер таң, кешер ғұмыр жібі тағы да, тағы да екі аяқтылар санасына
жалғанғанын сезе бермейтін; сезе бермейтіні адамдардың бәрі өзі іспетті ақ көңіл, жаны жаз деп
ойлағаннан шығар, пенденің пейілін қойып, ағаш екеш ағаш та бір-біріне ұқсамақ
емес, ендеше, жапандағы жалғыз терек тағдыр мен уақыт құлы - даланың маңдайына
сыйса да, адамдар көңіліне
сыя алған жоқ, сүйел болып қадалған екен -жан тапсырды; ертеңгі күні осына
кепті Шаруа кимесіне кім кепіл, өзі берген жанды өзі алады да табиғат ием!
Соны-мен бәйтеректен айрылдық; байғұсты жыға алмай, мыжғылап ұзақ қинаған екен;
"Дружба" деп аталатын механиқалы арамен алты құлаш ағашты шыр
айналдыра кесіп, балтамен ой жағынан тамақтапты; әбден мейізденіп қалған
теректен ұшқан шыңылтыр жаңқалар жайрап жатыр; соншалық ауыр денемен гүрс құлағанда,
қайсыбір бұтақтары қара жерге қарс кіріп кетсе, қос трактор сүйреп өткен
жолында сабағынан мезгілсіз
үзілген жапыраққа толы жосылған із қалыпты; ең ғажабы: иесінен айрылған
теректің түбінен быршып-быршып жып-жылымшы су шығып, қара сүмек терге ме,
ботадай боздаған көздің жасына ма шомып жатыр; ең сұмдығы: терек түбін жалаңаштап үш елідей
қалың қабықты ерінбей-жадықпай аршып кеткен екен; бұл түпті-тұқиянымен құртпақ ниеті білем; Шаруаның қатты қайран
қалғаны осы жайт-тын; бірақ көпті көрген
көне шал үйінен балшық езіп әкеліп, тұмшалап тұрып салып тастады; келесі жылы көктемде қайта оралса,
бәйтеректің томары сол өзі
сылаған қалпында тұр екен де,
дәл түбінен көк өрім шыбықтар қылтиып, өнген; Шаруа шалқып жатқан салқар жазық, ойпат-қыраттардың ақ-жасыл көйлегін қайта киген мәз тірлігін
әзірге ғана байқаған; байқаса, о да қайта туған, қайта жасарған, сонадай-дан
мен мұндалап тұрар бейтеректен айырылған құстар былтыр қалдырған ұясын іздеп,
көгілдір аспанда шарқ ұрады; Шаруаның коңіл құсы қоса ұшып, ұя салар бәйтеректі
және көксегендей; енді бір туар, енді бір жасасар жасыл өмірді сағынғандай; көксе,
сағын, бәрі бекер; артында жосылып қалған із де жоқ, көктеп шығар түбір жоқ,
қаңсып өткен қайран жылдар-ай; "Сап-сап көңілім, - деді Шаруа сонсоң, -
сандала берме, өкінішті күндерім көп болғанымен, өксіп отер жылдарым болған
жоқ; құдай қыршыннан қиылғаннан сақтасын; бір өмір өлгенмен, бір өмір тумақ,
күзде қуарып түскен жапырақ көктемде қайта когермек емес, ескінің орны жаңанікі,
бәйтеректің түбірінен жас өскін
көктепті, соның тілеуін тілейін, болмасқа бордай езіліп қайтеміз, жаратқан ием
жас ғұмырды жарылқағай; қош, ғасырлар куәсі бәйтерек, қош! Мен сені сағынармын,
саянды сағынармын, желді күнгі әсем әніңді сағынармын, ескі көз, кәрі досым
едің, артыңа ұрпағыңды қалдырдың да бақилыққа көз жұмдың; сені мен ғана емес,
алыстан арып-ашып келер жолаушы, басыңды пана тұтар құстар, бәрінен бұрын қара
жер сағынар, сарғая күтер, бірақ сен оралмайсың, сен жоқсың; артыңда қалған жас
шыбықтың қабырғасы қатқанша, мен де бұл дүниеден аттанармын; ең аяныштысы сол - менен ұрпаққа қалмады;
қалған - қарғыс атқан соғыс жалмады; - қалған -күнбатысқа аттанды, өлі қайтқан
жоқ; мен оны әр күн сайын
сенің түбіңнен келіп тосар едім; өйткені сенің түбіңнен аттандырған едім;
мүмкін, барған жағыңнан көре қалсаң, сәлем айт! "Әкең өлі тірі де, күрең биесінен айрылған де, жалғыз
аяқ жол жоғалған де, әбден алжыған де, екі көзі төрт болып, жанары солған де, күн қызарып
батса болды, зәре-құты
қалмайды де, жуықта бір түс көріпті де, түсінде жаман іс көріпті де - жалы
қан-қан ақ боз атқа мініп жүр екенсің де, өлі де жауыңмен жағаласып жүр екенсің
де, бес уақыт намазында қолына тасбиық алып тілейтіні, сары уайым жұтып
жүдейтіні - бейбітшілік те; "Бәріне де сен кінәлі, ей, Адам", - де, сондықтан азып,
жүдеген де, тағдыр әбден жүндеген де, айт, бәрін айта бар, бәйтерек, айта бар!".

Ал түбірден көктеген жас өскін
жеңімпаз жарапазанын шырқап тұрған.

Ер екеніңді білейін, құлаған бәйтеректі тірілтіп көрші!