ВЕРНУТЬСЯ

     Ойлап отырсам, күні бүгінге
дейін, демек, ат жалын тартып мініп, қолыма қалам, қағаз алып, жазу өнерін қуғаннан
бермен, елден ұзап шыққан жиырма жылдың ішінде кезекті еңбек демалысымды
бірде-бір бөтен жұрт, өзге жерде өткізбеген екенмін-ау. Кейде "биыл көдедей
көп демалыс үйлеріне барайыншы-ақ" деп қамданамын, амал не, еме-жемге
келгенде, "қайдасың ауылым" деп, аңырата тартамын-ай туған жер, өскен
елге. Бұл не? Алабөтен махаббат па, жоқ болмаса қолдан жем жеген құстың алысқа
ұшпайтыны сынды үйкүшіктік пе, ол жағын өлі күнге жігін аша түсінген емеспін, әйтеуір,
қолым босаса болды, аңсарым ауылға ауады да тұрады. Содан соң жан жарым Айманды
ертемін де ауылға тартамын.

Мен ауылға барған сайын, сол
бір... беттері күнге тотыққан, тіпті қалай болса солай киіне салатын шаруа
баққан жерлестерімді көремін. Қол беріп амандасамыз. Баяғыны еске аламыз. Той-томалағы
болғандарға құтты болсын, ал өлім-жітімі барларға көңіл айтамын. Қаладан
көлеңкеде өскен шөптей сарғыш тартып оралатын мен, өз замандастарымнан әлдеқайда
жас кеспіріме қарап, ақ саусақ, қара таяқ пошымымнан ұяламын да. Ұялғаныма
көрінсін, кейінгі жылдары әкемнің ескі-құсқы киімдерін киіп алып,
"қарапайым" көрінгенсіп те жүрмін. Сонда ауылдастарымның тайға таңба
басқандай артықшылығын да сезінуші едім. Олардың өңі қартайғанымен, мінез-құлқы
сол қалпында қалғанына қайран қалатынмын. Ал біз ше, заманның ағысы, уақыттың
ығына қарай, әманда өзгеріп отыратын "модалы" мінез тауып алған жоқпыз
ба осы?.. Қайдан білейін... Ендеше, өзімнің анық білетінім, өмір бақида өз
болмысын сақтап қалатын ауылдастарым жайлы әңгімемді бастайыншы.