ВЕРНУТЬСЯ

      Мен биыл елге ертелетіп
бардым. Жыл сайын қаладағы қапырықтан қашып, бас сауғалап үйреніп қалғандікі
ме, қардың шеті төсілсе болды, Алтайға қарап танауды көтеріп тұрар ғадет таптым.
Әсіресе, бұл жақтың жазы - шуақ, қоңырлап соғар желі бар аса жұмсақ келуші еді.

Ауыл деген немене, әсіресе,
мен үшін, жүз жылда да өзгермейтіндей, баз қалпы, - әлденеге асығыс, әлденеге
ашулы, торсаң-торсаң желісте мәз қалпы. Алыста жүрсең сағынасың, ал ағайынмен
аралас-құралас жүрсең, кетуге асығасың.

Келгеніме екі-үш күн болған.
Біздің шал биыл былтырғыдан ары қартайыңқырап, көбірек сүрініп, қойғанын қойған
жерінен таба алмайтын ұмытшақ, әрі жаңғалақ болып барады екен. Көктем ерте
шықса да, үйінің маңайын тазалап үлгермеген; екі сиыр, бір тайыншаның қыстайғы
тезегі қораның іргесінде тау болып үйіліп қалған, міне, үшінші күн, трактордың
телешкасына тиеп әуремін. Сырты қарайып, көндене қопсып жатқанымен, ішінің тоңы
әлі жібімеген, сүймелеген сайын, бетіңе саржағал мұздақ шашырайды. Ары-бері өткен
ауылдастарым қаланың қара таяғы қалай қимылдайды екен дегендей, байқамаған боп
қызықтап, мал қараған боп қырындап етеді жанымнан. Менікі намысқа шабу ғой,
алақанымның қолдырап ойылғанына қарамастан, тыртындап екі сиыр, бір тайыншаның
қыстайғы тезегіне шабуыл жасаймын. Қас қыпғандай, қарасан тигірлер, осыншама
мол ластар ма? "Қарасан" деген сезді ішімнен ғана айтамын. Өйткені
аузын аққа тигізіп, бірсыпыра елден беделін асырып отырған екі сиырдың амандығы
- шешем үшін жалғыз ұлынан кейінгі тілеулі дүниесі. Ал екі сиыр керіскедей
болып туып тұр еді, айналайындар.

Тіпті пұшпақ-пұшпағымнан тер
сорғалап, дымым құри берген соң, қағынып-сілкініп үйге кірдім. Мәншүк пен Ғалия
сабағына, әкем почтасына кеткен. Бірақ шешем жалғыз емес екен, көрші Зейнеп
кемпір екеуі бір-біріне шақша ұсынып, насыбай атып, ұзақ сонар әңгімеге кеткен.
Тіпті менің кіргенімді де, "Сәлеметсіз бе, апа" дегенімді де естіп,
байқаған жоқ.

- ...Уызынан жарып тумаған соң, несін айтасың, - деді шешем.

- Әншейін сездің сыралғысы ғой. Еңбегіміз бір кісідей-ақ сіңіп еді,
енді, міне, сөлемге сарандық жасап отыр. Ана жылы үлкен ұлы қатын алғанда, ту қойымыз
бен жүз сом ақшамызды сақалды басымызбен...

- Бөлек шыққандарына, сырмалап тіккен сырмағыңды қолтығыңа қысып, тағы
барғаныңны білем. қайран көз майың.

- Е-е, соны айтсаңшы. Былтыр арғы беттен...

- Құдалары келгенде бір малыңды сойып, бас-басына жағалы киім-киіт
кигіздің.

- Е-е, соны айтамын да. Осыдан үш ай
бұрын соғым басына шақырдым... - Шешем тағы іліп әкетті. Шешемнің өзінен де көп біліп, алдын
орай бергені Зейнептің қытығына тиді
ме:

- Сөзге қонақ бер, Күлиә, - деп
қабағын тыржитты.

- Шақырғаның бар болсын, ішіп-ішіп
жаман шалыңның сақалына жармасыпты ғой.

- Е-е, сонысы ұят болды, сорың құрғырлардың.
Одан алдыңғы күні келіп, "ата, апа" деп...

- Алдап-сулап бір жарты арағынды
ішіп кетіпті ғой.

Бұдан соң екеуі арбалғандай сол үнсіз қалды. Шешем астарындағы сырмақтың оюын сұқ саусағымен қуалай ермек қылып, ал
Зейнеп көзінің астымен "құрбысының" әр қимылын бағып отырды.
Орталарында жайрап екеуінің де насыбай сауыттары жатыр еді, ендігі сәтте уәделесіп қой-ғандай, бір-бірінің шақшасына
бірдей қол созды. Сол бір-бірін андыған қалпы, алақандарын толтыра күрең насыбайды аямай
салды-ау, қай-қайсысы да есе жіберген жоқ.

- Ей, Күлиә... Ей, Зейнеп...
"Сөзді мен бұрын бастаймын" деп келісіп алған емес, дауыстары қатар
шыққанға, екеуі де сасқалақтап қалды да:

- Ей, тұра тұршы... Ей, тұра тұршы... - десіп, тағы да бір-бірін қайталап
алды.

Оларды осы тығырықтан мен шығарғандай болдьм. Екеуі бірдей аузын енді аша
берген кезде:

- Тәте, үйдің маңайын тазалап
қойдым, - деп едім.

- Құлыным менің, үсті-басынды былғап
нең бар еді. Жаман әкең өзі-ақ
тазалап тастар еді ғой, - деп, жік-жапар болды.

- Біздің үлға айта салсандар етті.
Дүр еткізіп әп-сәтте жылан жалағандай қыпсын. Бірақ ол арғы бетке - пәсепке
кеткен, - деді Зейнеп.

Есік ашылды сықырлай. Бәріміз жалт қарастық. Келген - Зейнеп кемпірдің
мектеп жасына толмаған кішкентай немере қызы екен.

- Үйбай-ау, саған не жоқ. Әкең келді
ме, қойдан, - деп еді, анау: "Жоқ", - деді.

- Е-е, айналайын-ай, ағасы Алматыдан
әкелген кәмпитті көксей келген екен-ау, - деп, өз немересін өзі айналып-толғанып, саутамтығын қалдырмай
сүйіп тастады.

- Бергем. Жеген. Ораш Алматыдан келсе, әйтеуір, осы маңайдың
тамам балалары сілекейлері шүбырып, қарқ болып қалады.

Мен шыдай алмадым.
Таңертеңгі шайдан қалған
кәмпитті уыстап әпере беріп едім:

- Ораш-ау, жартысын-ақ бер, әрі-беріден соң бәрібір қайта айналып соғады. Келген сайын
кептесең, сенің зарплатың жете ме, - деді шешем. Кәмпитті жан қалтасына сықай
толтырып алған бала далаға тұра безді.

- Күлиә-ау, сен не білдің? - деді
Зейнеп кемпір. - Бұл ауылда
үлкен жаңалық бар.

- Қойшы әрі.

- Рас айтамын.

- Е, қандай, шақшанды бері таста.
Насыбайың тәуір екен, Өскеменнің темекісі ме?..

- Жоқ, құдай. Ол жақтан әкеп берер
кімім бар, әдейі күйдірейін
деп айтасың-ау, Күлиә. Сенің балаларың секілді оқып-жетіп кеткен жоқ. Бірі қара
темірмен алысып, бірі жаман торысын "шу-шулеп" қой соңында жүр. Өзіміздің
Қатонның сасық темекісі, оның
өзінде де жапырағын тонап алған ірік. Өз шақшаңды бері тасташы, күлі аршанікі ме?

- Зейнеп-ай, біздің шал таудан арша
әкеп берер деген... талдың күлі...

Екеуі шүйіркелесіп отырып бір-бірінің насыбайын (біз жақта мұрынға атады)
құшырлана иіскеді. Алақандағы жұғынды қаққылап отырған Зейнеп айтты маған:

- Балам... аспанға тағы да адамдар ұшқан ба?

- Ұшыпты.

- Е-е, ұшсын, - деді шешем, - ұша берсін.
Аман-есен түсе алса, ұша берсін.

- Шіркін-ай, - деді Зейнеп кемпір, -
айға барды деп еді, темекісі қандай екен?

- Айда темекі есуші ме еді, сен
кемпір де қайдағыны айтасың, - деп білгішсінді шешем. - Одан да әлгі ауылды
алатайдай бүлдірген жаңалығынды айт.

- Бетім-ау, Күлиә-ау, ұмытып барад
екем-ау сөзге айналып. Бұл ауылда бір "мәшәбинә" деген пәле
шығыпты. Жемге қосып қойға беретін дәрі екен. Оны жеген қойдың
ішіндегі құрты өлсе, жақсы семіреді екен. Аз-аздап, шым-шымдап бермесе, қой түгіл ірі қара, тіпті адамның өзі сеспей қатады екен. Тоқа шал
Балтабаймен кеше ұрсысып қалған екен, таңертең бүкіл қаздың балапаны
серейіп-серейіп қырыпып жатыр дейді. Қаскүнем Тоқа қайдан алғанын кім білсін, балапанға "мәшәбинә" себе қойыпты.

- Обал-ай, обал-ай,- деді шешем.

- Түк те обал-сұбабы жоқ, Балтабайдың өзі оңбаған, қышынып
тыныш жүрмейді.

- Балапандардың жазығы не? - деді
шешем.

- Енді Балтабайдың балаларына себе
ме? - деді Зейнеп кемпір. Бұдан соң жаңа келген газеттерді қарап отырған мен жаққа бірер рет жалтақтап қарап алды да, шешеме: -Құлағыңды
жақындатшы, Күлиә, - деді. - Сенің қайның бетврач қой. "Мәшәбинәнің" бәрі соның қолында
көрінеді. Көрші-қолаң, ауыл-аймақпен ұрыспай, ырылдаспай отыра аламыз ба,
бетірекеш. Сақтықта - қорлық жоқ деген... Қайныңнан кішкене
"мәшәбинә" сұрап ал, бөліп алайық. Кетіспей, шәй деспей отыра аламыз
ба, ауыл-үй болған соң... Қазақпыз
ғой...

- Әй, ол жынды берер деймісің...

- Үйбай-ау, бір жарты берсең - бір
қабын әкеп тастар.

- Күні ертең насыбай аттырмай
қойсам...

- Қойшы әрі, қайдағыны айтпай, саған
қас қылғанша, өзім езіп іше салмаймын ба...

Екі кемпір бір-бірінің насыбайын рақаттана атып, ұзақ сырласты.

 

                                                
* * *

 

Келесі жылы демалыс алып,
ауылға тағы бардым. Тебен ине іздеп, шешемнің ағаш сандығын ақтарып едім,
түбінде шүберекке түйген "мәшәбинә" жатыр екен... кішкене ұрлап алғым
келді... Сақтықта - қорлық жоқ, Алматыда да шәй деспей жүре аламыз ба?..