ВЕРНУТЬСЯ

Сабай Ниязовқа
Дубулты-қалам
жайлауы.
Шабытқа шалқар көл дейлі.
Іргеде теңіз
«байлаулы»,
Толықсып толқын, көлбейді.
Декабрь айы-дымқыл шақ,
Бірде сұр,
бірде ақ-ала
Қонғандай қолға
сұңқылдап,
Жағада жемшіл шағала.
Балықшы халқы байсалды,
Бас изеп үнсіз өтеді.
Таниды теңіз қайсарды,
Маған жоқ
мінез бөтені.
Қарағай, шырша, қайыңдар
Қанатын тосып тұрады.
Қалғыған қыран қаныңда
Оянып, құлаш ұрады.
Дубулты-қалам
жайлауы,
Жыл бойы-еркің бол мейлі.
Столға бөксең
байлаулы,
Ойыңды
дүние бөлмейді.
Жылқыдай қиял желдейді.
Жыр іздеп ұзақ
күндерге.
Алаңдау еске келмейді
Әлде не, әлде кімдерге...
Дубулты-қалам
қыстағы,
Кітап боп
күндер төлдесе-ай!
Болмайды-ау атып қыс таңы,
Шабытсыз
көңіл-шөлге сай.
Шықса деп семіз жырымыз,
Өзіміз, қайта,
арықтап,
Жүреміз тұтын
біріміз,
Біріміз үрдіс шарықтап.
Өнерлі, әрі жылулы
Табиғат құсап әманда
Соғамыз қолдан сұлулық,
Жасаймыз абзал адам да.
Өлең де-арлы арудай,
Өзі іздеп келмес
жігітті.
Кейде жан алу-далудай,
Денеге аяз жүгіртті.
Жыр ғана сонда пәруәр,
Онысыз көңіл тас-талқан.
Әйтпесе,
шіркін, бәрі бар:
Тыныштық,
стол, дастарқан...
Жатар ем мұнда сан айлар,
Жанымда жүрсе Сабайлар.
Сағынам туған өлкені,
Сәл ауса жырдан сірә ойлар.