ВЕРНУТЬСЯ

    Бұл ата күні кеше іргелі еді, 
Біреудің қолтығына кірмеп еді.
Жан-жаққа тарап-тарап,
Ұлдары
енді
Ауылға
анда-санда бір келеді.
Танысып
жігіттермен таныспайтын,
Қыздары болды
хабар алыспайтын...
Кемпір-шал отырады шөккен тамда,
Кешегі қуат та жоқ мал ұстайтын.
Тірлікте ештеңе жоқ анықталған,
Тоқтаған келім-кетім ағып-тамған.
Бір-екі түсағы бар,
Ұсағы бар,
Әйтсе де
керек-ау деп алып қалған.
Қара жол бір бұрқ етсе аунап шаңы,
Қарайды қос үміттің лаулап шамы.
Кетпенді көтеретін қауқар қайда,
Арам шөп басып кеткен бау-бақшаны!
Өтті де кетті ғүмыр - Аңдамады.
Кемпір-шал енді қайда қамданады!
Өздері бағып еді
ата-анасын,
Бүгінгі балаларға таң қалады...
Үлкен қарт қатал еді,
Қырсық еді.
Ұрпағың
қалашыл деп
ұрсып
еді.
Сол сөзді естеріне ап,
Шай үстінде
Екеуі алма-кезек
күрсінеді.
Тірлікте мәселе көп жариялар.
Қарттарың - суы қайтқан дариялар.
Өзімен өзі кеткен ұл менен қыз,
Өздерін өзі баққан кәриялар...