ВЕРНУТЬСЯ

       Еңбекпенен дарытам деп бойға құт,

Жалғыз ағам далада жүр қой бағып.

Мына заман қайда апара жатыр деп,

Үйде оңаша отырамын ойланып.

Бәзбіреулер мақтап жатыр нарықты,

Кімдер оның байыбына барыпты?..

Қашанғы біз жалаң үгіт айтамыз,

Тығырыққа тіреп қойып халықты.

Қаншама жыл тұрғынымын қаланың,

Күнкөрістің тауып келем амалын.

Бірақ. Бірақ. Біз ұшпаққа шықпаймыз,

Халі мүшкіл болса егер даланың.

Қатты соқты бұл нарықтық дауылы,

Момындарға түсті жүктің ауыры.

Көресің бе, атқа мінген азамат,

Қандай күйде атам қазақ ауылы?