ВЕРНУТЬСЯ

    Сахарам менің мақтайтын
Солғындау тартты бүгін сәл.
Ел болып іздеп таппайтын,
Ебелек шөпке тығылсаң!
Баратын болсаң әріге,
Біріне-бірі ой қайшы.
Ажырата алмайтын кәрілер
Ақ жусан қайсы,
Қой қайсы!
Алуан дыбыс аралас
Құлақ түр қырдың үніне.
Таңданбай адам қарамас
Түйе тікеннің гүліне.
Шекеңді шағып сүйеді
Шілденің күні шақшиып.
Үкісін желге иеді
Үлбіреп өскен ақ шиі.
Іңірде, шапақ сөнерде,
Қонады тамға күшіген.
Қарақшы шыға келердей
Қалың қурайдың ішінен!
Біледі жердің парқын кім!
Білмегендіктен тозды адам.
Ақымақтығынан әркімнің
Аздың-ау біраз,
Боз далам!