ВЕРНУТЬСЯ

      Мұңы мол мекен
Бұраң-бұраң жолдар болып түйістің.
Жағаластың,
Құшақтастың,
Сүйістің.
Сенің күнің маған қарап қалған жоқ,
Сені ойлауға бірақ, Елім, тиіспін!
Жел менен құз жартасыңды майдалап,
Күн астында көн-тулақтай күйді алап.
Билік берсе,
Бір совхоздың бастығы
Бұлағыңды әкетпекші бұйдалап!
Қойым қоздап, інгендерім боталап,
Өсіп жатыр ұрпақтарың сотанақ...
Билік берсең,
Малға қора салам деп,
Орманыңды оясыздар отамақ!
Құсқа толы көлің қайда байырғы?!
Қырандардың қанатын кім қайырды?
Қамысыңнан тұрғызам деп баспана,
Қабандарды баспанадан айырды!
Айтып берер жетіп жатыр айғақтар,
Аңсыз қалды,
Құссыз қалды аймақтар!
Сахарада жосылады,
Жеңкиді
Сарыарқадан сая таппай сайғақтар!
Дәмі бөлек бейбіт күнгі көженің,
Сақтау керек аналарын шөженің!
Жетім қалған отыз жеті оғынан,
Біз де сенің,
О туған жер,
Көжегің!
Аман болсын бергі таң мен арғы таң!
Солай тілер аққу менен бар құтан,
Көлбақаңа қымбат сенің шалшығың,
Көжегіңе қымбат сенің әр бұтаң!