ВЕРНУТЬСЯ

         (Балаларға)

Май, алақай!

Қой қоздады,

Уыз шықты,

Қошақаным

Семіз шықты.

Апам маған

Сүт пісірді,

Шынаяққа

Құйып берді.

Қою сүтке

Тойдым мен де,

Қошақанмен

Кеттім бірге.

Бізге келіп

Қосылды лақ,

Шұбарала,

Салпаң құлақ.

Зыр жүгіріп,

Кеттік заулап,

Сонау шетке

Шықтық аулақ;

Кезекпенен

Жарысамыз,

Кезек-кезек

Алысамыз.

Бұзау келді

Жылы ұшырап.

Жауап берді

Тартынбай лақ:

- Шығып едік

Ойын ойнап

Май күнінің,

Тойын тойлап.

Жүр бұзаушық

Бір жүрейік,

Жасыл шөптен

Гүл терейік.

Үшеу едік

Болдық төртеу,

Ән саламыз

Екеу-екеу,

Бесеу болдық:

Құлын келді

Калай ойын

Қызбас енді?!

Алтау болдық,

Бота келді,

Ойнатамыз

Ботаны енді.

Күлімсіреп

Қуанғандай,

Әлденеге

Жұбанғандай

Қасқыр келді

Арсалаңдап,

Ойнайық деп

Біздерді алдап.

- Ойнатпаймыз!

Дедім оған,

Қасқыр көзін

Салды маған.

Маған қарсы

Келді қаскыр,

Не қылмақшы

Енді қасқыр?

Дегенімше-ақ

Аузын ашып,

Тап берді де

Қалды басып;

Алқымынан

Алдым мен де,

Қысып ұстап

Жаттым жерде.

Қошақаным

Түзді бастан,

Сүзді жауды

Аямастан.

Бұзауым да

Бүйірледі,

Ботақан да

Жәрдем берді.

Кұлыншағым

Тепті қатты,

Жаны шықты,

Қасқыр жатты,

Май

Алақай!

Қасқыр өлді,

Кеттік ойнап!

Шақырады

Гүлдер жайнап,

Жүр шабайық

Қозы мен лақ,

Жүр, ботақан,

Жүр, құлыншақ!

Шаршағанша
жарысайық!

Анамызға
табысайық.

1936