ВЕРНУТЬСЯ

    Мүйізтұмсық!
Мүйізтұмсық!
Керемет!
Зообаққа бара қалсаң көре кет!
Кішісі бар,
Үлкені бар...
Үлкені
Кем дегенде бір машина береді ет.
Етінде емес бірақ та бар мәселе!
Енді қайтып өркені оның өсе ме?!
Мүйізінен дәрі-дәрмек жасасаң,
Деген сөз бар:
Көгереді көсеге!
Деген сөз бар:
Жасарады қартайған,
Әжім түскен,
Ажарынан әр тайған.
Деген сөз бар:
Оралады тағы да
Кәрияға
Күш-қуаты ортайған.
Деген сөз бар:
Тыныш жатпай төсекте,
Тіркелесің жігіт деген есепке.
Дұрыс емес десе де бұл ғалымдар,
Кейбіреулер сенеді осы өсекке!
Сол өсектен басталады бар қайғы:
Жер түбінен дәлдеп атар торғайды.
Аңшылардан кетеді де тыныштық,
Жазықсыз аң тектен-текке сорлайды.
Аңқау халық сенбес сөзге сенеді,
Адалдықты айуандығы жеңеді.
Шалдарыңның жас болғысы келеді,
Жаспен ойнап мас болғысы келеді.
Мастық үшін миллионын шашады,
Мүйізтұмсық бас сауғалап қашады.
Қашқанменен...
Ақшасы үшін байлардың
Аңшы тұрып шүріппені басады!
Қанішер-ау!
Қарасаңшы бұрылып!
Кете алмады біреуі де жырылып.
Үлкені бар,
Кішісі бар,
Сорлылар
Жатыр енді жазықсыздан қырылып
Үңіліңдер әрбір сөздің мәніне,
Үңіліңдер мүйізтұмсық халіне:
Бұғып кіріп,
Қорықтардың өзінде
Қырып жатыр,
Қырып жатыр әлі де!
О адамзат!
Қарамаймын дініңе.
Қайтер еді берік болсаң тіліңе!
Бір білместің айтқан сөзі
Жазықсыз
Жетіп жатыр миллионның түбіне!