ВЕРНУТЬСЯ

        Жастарға, әрине,
салт жүрген қызық..Олар жолшыбай алысады, жарысады. Салттардың, жайы да арбалылар
сияқты: бай баласынын, аттары жас, сұлу, семіз, жарау, ер-тұрмандары сәнді;
орташаның баласы мінетін ат пен ер-тұрман жарқырағы жоқ сыпайы ғана, ал
кедейден иіеліккен жастар, өзге жандарын үйінде қалдырып, өзі ғана жалғыз көкшолағына
мінеді. Түйе біздің, арада жоқ. Сиыр баласына салт мініп жиынға бару, ол
кездегі ауыл салтында ұят. 

Ауқатты
адамдардың мен құралыпты жас балалары тай мен құнанға мініп жарысуды жақсы
көреді. Бүгін де олар тай-құнандарын даярласып жүр!.. Менің де ол балаларға
ергім келеді, бірақ, қалай?

Мен әке-шешем
еліп, жетім қалған баламын. Туған ағаларым жоқ. Мал-мүлкім, үй-күйім жоқ..Жолға
әзірленген әркімге барып «ала кет!» деп қыңқылдасам, біреулері: «орын жоқ» деп
жайын айтады да, енді біреулері, «саған не бар, онда?!» деп ұрсып жібереді...

Аттар жегіліп те,
ерттеліп те болды... Әне, алды жөнеле бастады, құрғақ жолдың шаңы аспанға
көтерілді... Соны жермен тура тартпақ болған бозбалалар, оларға ерген
тайлы-құнанды балалар келдің батыс жағын орай тартты... Жаздың маужыраған әдемі
күні, тұнық, таза ауасы, көркем бейнесі, сағымданған ұшы-қиырсыз кең даласы,
салт мінгендерді желіктірмей қойсын ба!.. Әне, олар ауылдан шыға, жарыса
жөнелді... Сөйтіп, жұрт ұбақ-шұбақ жөнеле бергенде, көзіме іркілген жасымды
сығып мен қала бердім!..

Сол халде тұрып
айналама қарасам, әлдекім енді ғана жүргелі жатыр екен. Кім екендігін байқасам,
атын аяңнан артық жүргізбейтін, кедей шаруалы Дүйсеннің Кәсені екен, қасына
барып ем, «сен сорлы қалып қойып па ең?» деп аяған сөздер айтты да, тарантасына
мінгізіп алды.

Есенейдің Қайраң
келіне біз күн еңкейе жеттік. Көлді жағалай қонған ауылдарға тарайтын жолдың
торабында, келген қонақтарға жөн сілтейтін даяшы тұр екен.

-        Сендер сонау Түрікпен аулына барып,
Рахметтің үйіне түсіңдер,- деді ол.

-        Е, Рахмет несі?! Сіңірі шыққан кедей
бізге несін береді?-деп Кәсен наразылық білдірген болып еді:

-        Басқарушылардың бөлуі осылай, мен оны
бұза алмаймын, басқа бос үй жоқ,- деді де даяшы кетіп қалды.

«Рахметтің үйі»
дегені сыртынан ішіндегі адамдарын санап алатын қырық-құрау, кішірек қарақұрым
отау екен. Қара сақалды, ұзын, арық денелі Рахмет, үйінің қасына

атымызды
тоқтатқан бізді, үйінен шыға, құрметпен қарсы алды.

Үйіне кіргізген
қонағына ол жай-күйін айта кеп, «қолдағы барым осы ғана еді» деп бір текешігін
сойды. Аяғы құрттап, ауыл маңында ғана оттаумен күнелткен бұл текешік көкежасық
арық екен. Дегенмен, үй иесінің ықласына риза болған Кәсен, басқа ешқайда
бармай сол үйге қонды.

Балаға қызығы -
думан. Ол күнгі думан осы ауылдың ауқатты адамы - Ботпай үйінің маңында болып
жатыр. Біздің ауылдың ауқатты адамдары осы ақ үйдің ішінде. Олардың самбырлай
сөйлесіп, саңқылдай күлгендері, кигіз үйдің іші түгіл сыртына да кең жайылып,
түнгі тымық далада алыстан естіліп тұр.

Ботпай үйінің
қазаны да, әрине, Рахметтің қазанынан әлдеқайда кең, сойыстығы да әлдеқайда
семіз... Сондықтан, сорпа-суын ішкісі келгендер жерошағының басында. Балалардың
да көпшілігі сол маңайда ойнайды, өйткені, қазан түсірілген соң, олар үйдегі
«үлкендердің бармағын жалап, ет асайды...»

Мен де сол
балалардың ойынына қосылдым. Міне, ет те пісті. Буы бұрқыраған қойдың семіз
етін қазаннан үлкен ожаумен сүзіп алған әйелдер, үлкендігі кішігірім науадай
ағаш астауларға салып жатыр... Астауды жағалай кейі ағаш, кейі жез үлкен
табақтар да қойылып қалды... Табақ жасап үйренген ептілер қылпылдаған өткір
бәкілерімен табақ-табаққа мүшелерді бөліп те үлгерді... Тағы бір епті жігіттер
ет салынған табақтарды қолдарына көтеріп, бірінің артынан бірі тізбектеле,
қонақтар отырған үйлерге қарай жөнеле берісті... Әлгі бір кездегі у-шу енді
бәсеңдей қалды. Жұрттың аузы майлы етте..,

Жетімдіктің бір
көрінетін жері осындайда. Әкесі, шешесі, ағасы бар балалар мұндайда топтың
арасына кіріп кетеді де, майлы еті бар жіліктерді ұстап жей бастайды, жілік берер
жақыны жоқ жетімдер әркімге бір жаутаңдайды. Көңілі түскен біреу есіркеп ет
бермесе, олар бұл үйден құрауыз шығады.

Майлы ет толған
табақтар Ботпайдың үйіне бірінің ар-тынан бірі кіргенде, табақшыларға араласа
үйге кірген бір топ баламен араласып, мен де кірдім. Менімен қатар тұрған
балалардың әрқайсысына не әке, не шешесі, «әй, пәленше-жан, мә» деп жіліктерді
ұстатып жатыр. Мен әркімдерге жаутаң-жаутаң қараймын, мені шақырарлық ешкім жоқ
сияқты...

II

Тұрдым-тұрдым да,
әлдекімдердің «мә» деп берген жөнді еті жоқ жауырынын қолыма ұстай, жыламсырап
далаға шығып кеттім. Со қалпыммен босағада тұр ем:

-        Әй, мына бала аш қалыпты ғой! - деді,
қасымнан ете берген біреу.

-        Қонақ па, осы ауылдың баласы ма? - десті
әркімдер.

-        Қонақ бала! - деді, кескініме үңілген
біреу.

-        Ендеше, бері әкел оны! - деді жерошақ
басында отырған әйелдердің біреуі.

Барғым келмеген
мені бір жігіт зорлағандай итермелеп, жерошақ басына алып келіп еді, сол арада
топталған әйелдердің ішінен мосқалдау біреуі:

-        Аяққа сорпа құйыңдар да, өкпе-бауырдан,
шек-қарыннан салып беріңдер! - деді.

Бір әйел шеті
кетік, үлкендеу қара аяққа сорпа құйып, ішіне көржер ет салып берді, мен ішуге
кірістім.

- Ал, кім
баласысың, шырағым? -деді манағы мосқал әйел, мен тойынып ап, қолымдағы аяқты
қайтарып берген соң:

-        Мұқанның баласымын,- дедім мен.

-        Кәдімгі Шүкейдің Мұқаны ма, Нұртазаның
ауылындағы?

Мен басымды
изедім.

- Алда, бақырай,-
деді әйел, аяған дауыспен,- сен екенсің ғой, Мұқаннан қалған жетім бала? Атың
Сәбит қой, сенің?

«Мені қайдан
біледі бұл танымайтын әйел?!» - деп іштей таңырқадым да, тағы басымды изедім.

-        Бұ баланы қайдан білесің? - деді әйелге
әлдекімдер.

-        Білмегенде ше? - деді әйел,- біздің үйде
туған жоқ па, бұл бала.

Қасымда отырған
баладан әйелдің кім екенін сыбырлап сұрап ем:

-        Осы үйдің бәйбішесі, Тұрағал деген
кісі,- деді бала.

Тұрағал
төңірегінде отырғандарға, менің қалай туу тарихымды сөйлеп кетті.

-        Мұқан марқұм бірнеше жыл біздің үйде
жалшылықта жүрді ғой,- деп бастады ол сөзін,- топырағы торқа болсын бейшараның,
жаман қылығын көрген жоқпыз, міндетті ісін адал атқаратын, күні-түні демей жұмысын
істей беретін, қақ-соқта жұмысы жоқ адам еді. Бәжен, де сондай кісі болатын.

-        «Бәжесі» кім? -деп сұрады біреулер.

Мұқанның әйелінің
аты Балсары болатын. Оны жұрт Бәже дейтін. Мұқан марқұмда қыз көп болды да, ұл
болмады. Ұмытпасам, осы Сәбиттен бұрын Бәжең он үш қыз тапқан. Бір қызы туарда
ұл бола ма деп ұмсынып атын Ұмсындық қойыпты, тағы бір қызының атын «артынан ұл
туар ма екен» деген оймен Ұлтуған қойды... Сөйтіп, бейшара ұлдан тарығып
жүргенде Бәжең тағы құрсақ көтерді. Көзі көрмегенге бәрі өтірік, со кезде Мұқан
бейшараның «а, құдай, тілегімді қабыл ғып ұл бер де, содан кейін ал мені» деп
жылап жүргенін талай естідім де, кәрдім де.

-        Енді қайтсін,- десті әркімдер,- жасы
ұлғайып қалған адам... Сүйенер малы жоқ. Қыздары асырай алмайды. Егер ұл
болмаса, оның аты аштан өлу ғой!..

-        Рас,- деді Тұрағал,- сонан Бәжең
ай-күніне жетті. Со жылы біздің үйдің қойы көбірек қоздады. Анау отырған біздің
тоқал да,- деді Тұрағал, жас бір әйелді иегімен нұсқап,- аузы-мұрнынан шығып
отыр, оған біздің Әлгі бұрау басын сындыртпайды, бірдемеге қолғабыс тигіз
десең, іштегі баласына зақым келер деп зыр-зыр етеді.

-        Енді қайтсін,- деп қойды біреу.- О да
қай бір басқа жарыған кісі еді, онда. Ол кезде жалғыз ұлы Шалабайдан басқа
баласы жоқ еді ғой.

-        Сонымен,- деді Тұрағал,- жер аласапыран
боп, қар ери бастады. Мал төлдеп жатыр. Со жылы біздің үйде жүзге тарта қой
қозылайды, жиырмадан аса ешкі лақтайды, онға жақын сиыр бұзаулайды. Сонша
төлдің бәрін күтуге жалғыз менің әлім келмейді. Ай-күніне жетіп отырған Бәжең
бейшараны аяймын. Бірақ, амал жоқ. Үзіліп-созылып о да менімен бірге жүреді.
Қора ішінде босанып қала ма деп зәрем кетеді.

-        Қиын хал екен,- деді біреу.

-        Сол кезде, біздің құлындағалы жүрген бір
бие қорадан шығып бошалап кетіпті,- деді Тұрағал.- Қыс қаттырақ болып,
биелеріміздің біразы іш тастап, сауамыз деп отырған биеміз үшеу-төртеу-ақ еді.
Құлындағалы жүрген биенің бошалап кеткенін біздің Әлгі естіді де, «ие бола
ал-мадың» деп Мұқанға бұрқан-тарқан боп ашуланды. «Бір жерге барып құлындайды
да, шуына оралып құлыны өледі. Оған дейін тауып әкел! Егер құлыны өлсе, өзіңді
бірге өлтірем!» деп, Мұқанды салт атпен қуды да жіберді. Мен:

«Бәжен, бүгін
қабағын шытыңқырап жүр, тегі толғақ, болар деймін, күйеуі қасында болсын, басқа
біреуді жіберсең қайтеді» - деп ем,- барады деген соң, барады деп, Әлгі маған
ақырып тастады. Сонымен Мұқан марқұм әйелінің толғатқанын білсе де, амалсыздан
кете береді.

-        Со күні кешке,- деді Тұрағал,- Бәжеңнің
толғағы жиілетіп кетті. Түн бойы қасында болдым. Әлде қайтып кетеді деп, зәрем
жоқ. Сөйтіп, таң ата босанды-ау, бейшара!..

-        Ұл ма, қыз ба? - десті бірнеше әйел.

-        Ұл! - деді Тұрағал.- Қуанып кетіппін!
Кіндігін кескен баланы орап ап қарасам, Бәжең бейшара талып жатыр екен. Со
талғаннан Мұқан келгенше талды. Құлындаған биені Мұқан аман тауыпты. Құлын
жүруге жарамаған соң, түні бойы тонына орап таралдырады да, таң біліне алдына
өңгеріп, үйге алып келеді.

-        Е, бәрекелде! - десті біреулер.

-        Кұлынды аман көрген соң Әлгі көңілденіп,
Мұқаннан «Әйелің ұл туды» деп шүйінші сұрады. Қуанған Мұқан, «қалағаныңды ал!»
- деді.

-        Мұқанның үйінде,- деп жалғастырды
Тұрағал сөзін,- шүйіншіге аларлық ештеңе болмайтын. Ақша жоқ, мал жоқ, мүліктен
бар іске татыры, өткен қыс тіктіріп, кимей, төріне іліп қойған етігі болатын.
Әлгінің сол етікті сұрағаны бар емес пе?

- Берді ме? -
десті жұрт.

-        Қуанғаны сондай, Мұқан марқұмның,- етігі
түгіл, өзін сұраса да беретін. «Қалағаның сол болса» деп, алды да берді.

-        Жалғыз етігін алды ма? - деп сұрады әркімдер.

-        Дүнияқор еді ғой, біздің Әлгі. Менің:
«Қайтесін, сорлыны жалаң аяқ тастап?» дегеніме қарамай, «шүйінші берсе, баласы
өмірлі болады»,- деді де алды...

-        Сөйткен баладан не жақсылық көрді? -деді
Тұрағал көзіне жас ап,- олар өліп кетті... Мына байғұстың,- деді мені нұсқап,-
қаршадайынан жетім қап, үйсіз-күйсіз қаңғырып жүргені мынау!..

-        Ия, солай! - деп күрсінді біреулер.

-        «Жетім қозы тас бауыр, маңырар да
отығар» деген,- деді біреулер,- кім біледі, жылап-сықтап жүріп, мұның да адам
боп кетуі!..

-        Өзі жалпақ беттеу, құба өңділеу, май
мұрындау, кішірек көзділеу боп, шешесіне тартыңқыраған екен; әкесі ашан, өқді,
қоңыр кескінді, мұрындылау, көзділеу кісі еді ғой,- десті әркімдер.

- Қайсысына
тартса да тірі болсын. «Орнында бар оңалар» дегендей, тірі болса, Мұқан
марқұмның атын өлтірмейді.

Кейін анықтасам,
мен сиыр жылы, апрельдің он үшінде туған екем. Ол- 1901 жыл. Документте «1900
жылы» боп жүр. Әкем ол жылы қырық тоғызда, шешем - қырық екіде екен.