ВЕРНУТЬСЯ

                    Бірнеше күн
сарайда сақталған Жуанышбайдың өлігін, Таңат аталатын ауылдағы қайнағасы -
Мешелдің Нұртазасы алып кетіп, ауылының зиратына көмді, содан көп кешікпей,
Жуанышбайдың үй ішін көшіріп, әкетуге келді.

Аңдамас балалары
да бұл қаладан тайып, Қабан аталатын станицаға кеткелі жатыр еді, «мезретісі»
ме, әлде расы ма, маған да олар «дәмдес боп қалдың, бірге жүр» деді. Өздері
кірерге ін таба алмай сасып жүрген оларға менің ергім келмеді. Оған Жуанышбайдың
әйелі Нұриланың, ерінің «көзі ашық кеткендігін»  айтып:

- Тым болмаса,
басына барып қырық күн аят оқып бер! - деп жалынуы да себеп болды.

Одан басқа бір
себебім,- Жуанышбайдың менімен құрдас қызынан қалғым келмейді... Тағы бір
мақсатым, сол ауылда Молдағазы Нұртазин мұғалім боп тұр деп естігем, ол менің
немере інім,- өзімізге белгілі,- Нұртазаның баласы, жасы менен тоғыз айдай
кіші. Кішкене молдадан сабақты бірге оқығанбыз. Мен Жаманшұбардан біржола кеткен
жылы Ідіріс мұғалімнен жәдидше оқыған оны, келер жылы әкесі Қызылжар
қаласындағы Хасан Паномаревтың медресесіне апарып береді. Қызылжарда бірнеше
жыл оқыған ол өткен жаз ауыл мектептеріне мұғалімдер даярлайтын екі айлық
курсқа түседі. Таңат ауылына сол курсты өтіп кеп, күзден бері бала оқытады.
Менің ойым,- бір жағынан содан сабақ оқу. Осы себептермен, Сұрағаннан ұлықсат
алдым да, Жуанышбайдың үйімен Таңатқа көштім, бұл - 1918 жылдың марты.

Молдағазы
әдебиетке менен әлдеқайда сауатты, бірақ оның көп білетіні қазақ емес, татар
әдебиеті. Татардың өткендегі жазушыларынан да, со кездегі жазушыларынан да

оның оқымағаны
жоқ сияқты, бірақ оның симпатиясы Баймағамбетше реалист - Ғабдолла Тоқаевта
емес, символист - Сағит Рамиевте.

-        Татар шағирларынан,- дейді ол,- өлеңді
Рамиевтен шебер жазатындары жоқ. Өлеңші болғың келсе, осыдан үлгі ал!

Орыстың
әдебиетіне де, тіліне де Баймағамбеттен ол әлдеқайда шорқақ екен.

Абайды оның
естігені ғана болмаса, әлі оқымапты. Мендегі Абай шығармаларының кітабы
Жуанышбай үйінің сандығында жатыр еді, соны алып келмек болғанымда:

-        Кейін әкелесің ғой,- деп мені тоқтатып
қойды да, Молдағазы Сұлтанмахмуд Торайғыровты мақтай жөнелді. Бұл фамилияны мен
одан бірінші рет естідім, оған дейін білмейтін ем.

Қайдан түсіргенін
кім білсін,- оның қолында Торайғыровтың өлеңдерінен құралған қалың бір тетрадь
бар екен, соның ішінде «Әжібай болыс», немесе «Кім жазықты» атты поэма да жүр.
Солардың біразын маған оқып беріп мақтап алды да:

«Қараңғы қазақ
көгіне

 Өрмелеп шығып, күн болам,

 Қараңғылықтың кегіне,

 Күн болмағанда кім болам!»-

деп басталатын
елеңін ерекше рухпен көтеріңкі оқып шығып:

-        Бүкіл қазақ атаулыда бұндай өлең жазған
әлі бір де адам жоқ,- деді.

Молдағазы мақтағанмен,
оның тетрадындағы Сұлтанмахмуд өлеңдері маған дәл Абай өлеңдеріндей қона қойған
жоқ, әсіресе - тілі. Абайдың тілі - қазақтың байырғы тілі болса, Сұлтанмахмудта
татаршылау көп екен және оның бірәз өлеңі мазмұн жағынан Тоқаевтың өлеңдеріне
ұқсайды. Бұл ойымды Молдағазының өзі де бекітіп, Тоқаев шығармаларымен менің
таныстығымды естігеннен кейін, әуелі:

-        Ұнай ма ол?-деп сұрап алды да:

-        Ендеше қазақтың Тоқаевы - осы Торайғыров
- дейді.

Мен әкеп
көрсеткен Абай өлеңдерінің жинағын ол қызыға оқып шығып; біразын қайталап оқып,
көп әсер алғанын айтты да:

-        Сөзі шебер екен, бірақ, қазіргі заман
үшін, Сұлтанмахмудтың өлеңдерін мазмұн жағынан менің жоғары қойғым келеді,-
деді.

-        Дұрыс емес,- дедім мен,- бұл да жаман
ақын емес екен, бірақ Абайдай болу қайда!..

Екеуміз біраз
таласып қалдық. Ол да, мен де пікірімізден қайтпадық.

Мені туысқандық
жүрекпен қарсы алған Молдағазы бірер күннен кейін:

-        Сен енді қаңғыруды қой,- деді маған,-
халқымыздың мәдениетке жетуіне бас кесір боп жүрген патша құлады, отар елдерге
бостандық болды, оқуға жол ашылды. Саналы жастардың көбі осы күні оқуға
жұмылды. Әзірге менен оқы да, қазақша жақсылап хат таны. Содан кейін, алдағы
жылға қарай, Қызылжар мен Омбының біреуіне оқуға кет!

Осыған екеуміз
келіскенімізбен, мен орындай алмадым. Таңат - жел көңілді, сауықшыл ауыл екен.
Олар кешке де, күндіз де, кезекпен әр үйге жиналады да, мені қоса, Жуанышбайдың
семьясын қонаққа шақырып, түн бойы маған өлең айтқызды. Таңаттың өзі қыстыгүні
үшке бөлініп отырады. Оларға керші - Отыншы, Салқай, Маманай дейтін ауылдар
бар; олар да мені Жуанышбай үйіне қоса шақырып қисса айттырады.

Таңат аулына ерте
кезде жер ауып кеп, қазақ боп кеткен Базалай дейтін қарт серкеш бар:
қолақпандай шоң мұрынды, қасы-көзіне жалбыраған, кіндігіне жететін қою ақ
сақалды, еңкек биік бойлы бұл кісінің кәсібі зергерлік: сақина, жүзік, сырға,
шолпы сияқты заттар жасайды. Ағаштан жасайтыны - домбыра ғана. Ол жасаған домбыра,-
көркемдігінің үстіне «өзі сөйлейді». Көңілі түскен біреуге ғана болмаса,
Базалай кеп кісіге ондай домбыра жасамайды... Қолында, зады татар болғанмен,
қазақ арасында ескендіктен қазақша таза сөйлейтін Ахмет атты жас жігіт балдызы
бар.

Ахмет салдау
жігіт, ол екеуміз дос та, сырластамыз, жастық жөніндегі ыбыр-сыбырымыз бірге,
жүріс-тұрысымыз да бірге...

Жездесінен
қолқалап, Ахмет маған аса шешен бір домбыра істетіп берді, бірақ жай емес,
ақшаға. Базалай менен бес сом алды, о кезде бес сом - қойдың бағасы...

-        Бұның не?! -деп үнемшіл Молдағазы маған
ренжігенде:

-        Бола берсін,- дедім мен,- қайтем ол бес
сомды? Домбырам жақсы!..

Домбыра мен
өлеңге әулігіп жүріп, мен Молдағазыдан оқи алмадым және со бір күндері тағы бір
айтысқа қатынасуға тура келді.

Өткен жаз Әлти
байдың балалары мен Сәпі байдың балалары болыстыққа таласады да, Преснов
аталатын қазақ болысынан Сәпі балалары Таузар атты болысты бөліп кетеді. Біздің
Сибан Таузар жағында, Таңат ауылы Преснов аталатын Әлти жағында қалады.

Осы бөлістен
кейін, Таузар жағы: Молдағазыны алып келіңдер, біздің елден шыққан мұғалімді,
басқа болысқа, әсіресе қарсы партиядағы Таңат ауылына қоймаймыз деп, мен Таңат
ауылында жатқанда, Көшебе руынан Есеналының Оспаны дейтін атқамінерді, сыбан
руынан Кәжібайдың Маметін жіберіпті. Олар Таңатта Ысыман үйіне түсіпті. Оспан
мен Мақмет іңірде Молдағазыны оңаша алып шығып, мән-жайларын айтқан екен:

-        Сіздер ондай сөзді айтпаңыздар да, мен
естімеймін де,- депті Молдағазы,- барымтаға жүретін мал емеспін; маған бала
оқыту үшін ауылдың бәрібір, әкетем деп дәмеленбеңіздер!

Мақмет пен Оспан
Молдағазыны көндіре алмайды. Молдағазы олардың келген ісін Таңат ауылының
адамдарына естіртеді. Сол күні кешке мен Жуанышбай үйінде отыр ем, Таңат ауылыіның
Тәшкен дейтін пысық жігіті кеп: «Далаға шығып кетші»,- деді маған.

-        Ысыман жіберді,- деді ол,- тысқа шыққан
соң,- өлең шығарып берсін деді саған.

-        Кімге?

-        Есенәлінің Оспанына.

-        Не жөнінде?

Мақмет пен
Оспанның жол жайын айта кеп, Тәшкен маған төмендегідей тема ұсынды:

-        Жуанышбай кісі өлтіріп жер ауғанда,-
деді Тәшкен,- әйелі Оспанмен көңіл қосқан. Жуанышбай қайтып келген соң соны
естиді де, Қорғанскийге жолаушылып келген Оспанды сабап-сабап, тарантасқа жегіп
көше аралатады. Осыны өлеңге шығару керек. Жүр біздікіне. Шай ішіп отырып шығарайық.

Тәшкен үйіне
барып жазған өлең былайша боп шықты:

 «Баласы Есенәлі Оспан деймін,

Оспанды бір
албасты басқан деймін.

Жегіліп, қамыт
киіп тарантасқа

Көнбесем өлемін
деп сасқан деймін.

Бұл өзім өтірік
емес, анық, рас,

Ауылда жүрген
Оспан болып тыраш,

 Сүйрепті төрт тағандай тарантасты,

Секілді жуас
өгіз, кере құлаш.

Алған соң сондай
лайық адал сыйды,

 Бұл неге көкірек керіп, адамсиды? Өмірде бұл
бойыңнан кетпес таңба, Атақты бай болсаң да ағаш үйлі...

-        Осы жетеді,- деді: Тәшкен,- аз болса да
дәмді болды!

-        Мұны қалай естіртесіңдер, оларға?- деп сұрадым
мен.

-        Далаға шыққанда қалтасына қағазды сала
қоямыз.

-        Бірақ менің шығарғанымды айта көрмеңдер.

-        Әрине!

Бір тарақ қағазға
өлеңді жазып, Тәшкен алып кетті. Мен бармадым. Аздан кейін маған шақыру келді,-
«қонақтарға қисса айтсын» деп Ысыман жіберіпті. Біз кірсек, қонақтар үйде жоқ,
Ысыман маған қарап жымың-жымың етеді...

Тысқа шыққан
қонақтар үйге кірді. Қолдарын жуды. Орындарына отырды. Сонан кейін Оспан ішігін
төрге іліп, үйде қалған қамзолын жамылып отыра берді де, қалтасына қол салып:
«Бұл не?» деп бір қағазды алып шықты. «Қайдан түскен,- деді қағазды жазып,
Молдағазыға беріп,- оқышы мынаны, шырағым!»

Тәшкен мен Ысыман
тұқырып жымия түсті, мен де төмен қарадым. Молдағазы Оспанға өшікті ме, әлде
аңғармай оқып қалды ма,- манағы біз шығарған өлеңді саулата жөнелді. Оспан
жирендеу кісі еді, өлең оқыла бастағанда қып-қызыл боп кетті, сұр кескінді
Мақмет қанын ішіне тарта түсті.

-        Қай мүндар екен мұны шығарған?- деді
Ысыман білмеген боп.

-        Кім болсын,- деді Мақмет сызданып,- тап
сен езің! Саған шығарып берген - анау Мұқанның жаман шірігі!

Осыдан жанжал басталып,
Мақмет пен Оспан ет жеместен аттанды да кетті. Етті ойнап-күліп отырып біз
жедік.

Үйге келсем,
жатып қапты. Таңертең Жуанышбайдың әйелінің қабағы қатыңқы. Бірақ ешнәрсе дей
қойған жоқ. Әйел солай екі-үш күн қатыгезденіп жүрді де:

-        Шырағым,- деді бір күн,- аз күн тұрдың,
тәңір жарылғасын, енді ақыңды ал да жөніңді тап.

-        Неге?

-        Айтқаным сол.

Сұрастырсам, әйел
Оспанға шығарған өлеңді естіп қойған екен. Зорлықпен тұра алам ба,- ол үйден
кеттім, бірақ ауылдан кеткем жоқ. Таңаттың жігіттері мені кезек қонақтатып
босатпады.

-        Сәбит!-деді бір күні Молдағазы,- ақмақ
емессің, әрі өлең шығарып, ақын болам деп жүрсің. Туысқаңдық, құрбылық,
бауырлық жөнінен өтінемін: менен оқып ретің келмеді, сен енді Сағындық
ауылындағы Сүлеймен жездеңдікіне бар. Сол ауылда Мақметтің Хамиті мұғалім,
содан-қазақша хат таны да, күз жоғарғы жерге оқуға кет! Оқымай сен адам бола
алмайсың, бұл заманның ақыны да бола алмайсың.

- Мақұл,- дедім
мен.

ДӨСТБРЕН

Мұғалім Хамит
Махмудов мені оқуға алды. Алты ауыл Сибаннан қырық-елу бала оқиды екен.
Оқушылардың ішінде «әліп-биден» бастаған кішкене балалар да бар, мен шамалас:
Рүстембай, Әндіғожа, маған тетелес: Баязит, Жүкен, Нұрқан, Зүбәйза сияқты
балалар да бар, олар менің ұғымымда көп сабақ тастаған...

Оқуды мен
«әліп-биден», есепті 1 + 1=2 ден бастадым. Балалардың алды да, арты да менен
озық. Жалғыз маған қарауға мұғалімде уақыт жоқ, сондықтан мені Баязит, Нұрқан
сияқты, менен кіші болғанмен, оқуы үлкен балаларға тіркеді...

Төте оқу оңай
дегенмен, маған алғаш тым оңай бола қойған жоқ, оған бас себеп, еріккен балалар
есепті, емленің шарттарын қате үйретіп, мені мазақ қылады... Дегенмен, тіс
қаққан бала жігітпін, бірер айда «әліп-бидегілердён» оздым да, ересек
балалардың қатарына қосылдым.

Хамит орысша аз
біледі. Әйткенмен, ол менің өтінішімді  қабылдап, білгенінше орысша оқытты. Ұмытпасам,
Хамиттің маған оқытқаны Сұмағұлов деген адамның орысша-қазақша сөздігі
(словарь). Сөздік екі кісінің сөйлесу әдісімен құрьілған. Мәселен,мынадай
сөздерді мұғалім орысша сұраса, орысша былай деп жауап беру керек:

-        Откуда едешь?

-        Из аула .

- Куда едешь?

-        В деревню.

-        Зачем едешь?

-        Муку покупать

-        Сколько стоит пуд муки?

-        Один рубль 50 копеек

- Нет, это дорого,
сбавьте немного .

-        На деньги дорого? Могу обменить на
кожу...

Осы әдіспен
Смағұловтың сөздігін жаттап жүргенімде,

бір күні басында
қаракел орысша бөркі бар, үстінде орысша тіккен, жағасына қара барқыт ұстаған
түйе жүн пальтосы, мойнында жібек шарфы, аяғында қисық табан етігі бар, мен
шамалы бір жігіт оқып жатқан үйімізге келе қалды, кескіні Хамитқа ұқсайды.

-        Ғабит деген інім,- деп таныстырды Хамит
оны маған. Стаптағы Высшее начальное училищенің алтыншы класында оқиды.

Ғабит менімен
орысша сөйлесіп керіп еді, мен оның бір де сұрауына жауап бере алмадым. Сөздікпен
сұрап еді, жаттаған тұсыма ғана жете алдым, одан әрі жылжи алар емеспін...

Оқушылар май айының
аяғында тарады да, мен Жайылғандағы жездем Болатбайдікіне бардым. Жездем төсек
тартқан сырқат екен. Шаруа күйлері жүдеу. Сол ауылға, бір күн Мәшім ауылнай
келді, қасындағы писері (хатшысы)- Ғабит.

-        Мақметтің мына баласы жетіліп болған
екен,- десті Жайылған адамдары,- шіркінінің орысшаға жүйрігі-ай!.. Колы қағазға
тоқтамай, бетінде жорғалап кетеді!.. Әсіресе арыз бен дестбренге тамаша!

Болатбай маған ұрысты.

-        Оқыдым, оқыдым дейсің,- деді ол,- не
оқыдың?

Ен, аяғы дөстбрен
жаза да білмейсің!.. Қазақтың езіңдей баласын қарашы, қаршадайынан, хатшы боп,
би, болыстың арасына кіріп, біреудің бермесін алып, жемесін жеп, ішпесін ішіп
жүр. Бар пайда сонда, арыз басы, дөстбрен басы - ақша алады.

«Дөстбреннің
түрін жазып алайыншы» деген ойға келдім де, Ғабиттен өтініш еттім. Ол бір тарақ
қағазға былай деп жазып берді: