ВЕРНУТЬСЯ

        1915 жылдың
күзінде маған Құтырлағаннан кетуге тура келді. Бұның бір себебі,- ұрылардың
маған ешігуінде бол-са, екінші себебі - соғыстың салдарында жатты.

Бір жыл бұрын
басталған соғыстың хал-жайын біліп отыратын мен ол кезде саяси сауатты кісі
емеспін және жаспын. Кім мен кім соғысып жатыр, кімді кім жеңіп жатыр, ол
жағына мен - саңыраумын. Менің еститіндерім - Құтырлағандағы жатақтардың ғана
соғыс туралы сөздері, көретіндерім - соғыстың салдарынан Құтырлағанда туған
халдер.

Соғыс басталған
кезде Қайырке «Ерманса» деп жүретін еді, кейін «Ярмания», одан «Ермания», одан
«Германия» боп, ақыры жатақтардың айтуында «Карман жұрты» боп кетті.

«Неге соғысады
екен бұлар?» деген сұрауға, жатақтардың тауып алған жауаптары да қызық.

-        Карман патшасы баласына орыс патшасының
қызын айттырған екен, ержеткен кезде орыс патшасының қызы басқа бір патшаның
баласымен қашып кетіп, соның салдарынан соғысып жатыр дейді,- деп жүрді
біреулер.

-        Алда, жүзіқара-ай, тиыш отырған елді
бүлікке салуын-ай! Тілеуі кесілсейші, тілеуі кесілгірдің! -деп қарғап жүрді
жатақтар ол «қызды».

-        Орыс патшасы мен Карман патшасының
баласы бір қызға бақас екен,- десіп жүрді, кейбір жатақтар,- екеуі бір күні
кездесіп қап, орыс патшасының баласы ұрам дегенде, қата тимей, бата тиіп,
Карман патшасының баласы өліп кетіпті, соғыс осыдан шығыпты...

-        Орыс патшасы Карман патшасының әйелімен
көңілдес екен, бір күні Карман патшасы үстінен шығыпты да, екеуі тебелесіп қап,
соғыс содан басталыпты,- десіп жүрді әлдекімдер...

Бұлардын, бәрі де
ойдан жасалған әңгімелер екендігі және қазақ ауылында даушарға себеп болатын
қиқым оқиғаларға байланыстыра жасалған әңгімелер екендігі, бұл әңгімелерден,-
жатақтардың ол кездегі ой-өрісі қандайлығы айқын көрініп тұр. Станица
орыстарының жұріп жатқан соғысты ол кезде қаншалық тусінетінін мен білмеймін,
олардың тілін де білмеймін.

Менің білетінім
де, көретінім де соғыстан Құтырлаған орыстарына түсіп жатқан ауыртпалық қана.
Оны ұғу үшін, көп білімнің қажеті жоқ сияқты, көретін көз, көргеніне қорытынды
жасай алатын ми болса жететін сияқты...

Не көрем мен?

Соғыс басталған
күндері бес жүз үйдей Құтырлағаннан соғысқа қырық-елу кісі алынғанда:

-        Япырай, мұнша жан кетті, қала енді қалай
күн көрер екен?! -деп шуласқан еді жатақтар.

Ай сайын, апта
сайын... дегендей, қаланың жас еркектері алына кеп, 1915 жылдың күзіне қарай,
кемкетіктер мен аурулар болмаса, бұ қалада жас еркек атаулы таусылды дерлік
халге жетті. Жексенбі сайын думан болып жата-тын қалада ән-күйдің дауысы
біржола семді...

Сембегенде
қайтсін!.. Соғыс бастала салысымен-ақ, «пәлен орыстың пәленше деген баласы
өлген қағазы келіпті» деғен қауесет тарай бастады да, кейінірек қауесет көбейіп
кетті. Баласы өлді деген адамдардың талайының жылап отырғанын көзімізбен де
көрдік...

Соғыстьің алғашқы
кезінде «біздің жақ қырып жатқан көрінеді» десіп жүрген жатақтар, біраздан
кейін «жау жағы басым боп бара жатыр дейді» деп, тағы біраздан кейін «Карман
шыдатпауға айналыпты дейді» деп, уақыт өткен сайын жау жағын күшейте сөйледі.

-        Көкте құдай, жерде царь деп шоқынатын
орыстар, енді царіне тілін де тигізетін бопты,- дей бастады жатақтар бір кезде.

-        Тіл тигізбегенде қайтсін,- деп жүрді
олар,- білегін орыстардың айтуынша, патша тізгінін қатынына беріп, өзі арақ
ішіп, ойнас қылғаннан басқаны білмепті ғой. Қатыны да барып тұрған бір қар
болса керек, байының көзіне күнде шөп салады дейді. Соған тізгін берген соң не
оңсын ол!.. Біздің патша сөйтіп азғындық жолда жүргенде, Кармаң патшасы соғысқа
даярланып, неше түрлі айланы жасай беріпті. Сонаң кейін ол жеңбегенде кім
жеңсін!..

Қалада патшаға
қарсы өрби бастаған сөз, «Сойдақ Савка» келгеннен кейін тіпті күшейіп кетті.

Сәбелейді мен
білемін: зор денелі, сұлу сарғылт кескінді, бұйра сары шашты, оның шын аты -
Василий Никифорович Чесноков. Қазақтардың «Сойдақ Савка» деуі, үстіңгі күрек
тістерінің әдеттен тысқары үлкендігінен екі тістің арасынан тіс түскендей
алшақтығынан. Содан ба, әлде мінезінен бе,- орыстар да оны «зубастый» («тісті»)
дейді.

«Мінезі»
дейтінім, әрі кедей, әрі жалғыз бола тұра, ол ешкімді басындырған жігіт емес. Ауылдағы
байдың балалары сияқты, станицадағы кулактың балалары да өктемдеу келеді, олар
да ретсіз жерде жұдырық сала сөйлеседі. Ондай әктемдік Құтырлағанда Чемасов,
Турнов сияқты әрі бай, әрі ескен тұқымнан шығады. Станицада әлденеше үй боп
кеткен, тұқымдарынан атамандар, чиновниктер көп шыққан бұлардың жастары
бейбастақ, төбелескіш, сабағыш... Басынған біреулерін олар үйіне кіріп сабайды,
олар жүрген жерден талайлар ығысып кетеді... Ал, Сойдақ Савка олардан да
қорықпайды, төбелессе жалғыз өзі тобын қиратып шығады. Орыстардың оны
«зубастый» деуі, басынан сөз асырмайтындықтан, ерегіссе жеңіп шығатындықтан
деседі. Күштімсігенге сондай батыл және қатал ол, момынға тимейді, қорлық
көргенге болыса жүреді, сондықтан өз бетімен теңдікке жетпейтіндер оның маңына
кеп үйріледі, оларға пана бола алады, ектемнің ешқайсысы оған қарсы келе алмай
ығысып жүреді...

Сойдақ Савка
кедей жіғіт дедік қой. Үйі - қаланың кел жақ ылдиына салынған жер-үйшік. Қопабайдың
айтуынша бұл «избушканы» Сойдақ Савканың ұлы атасы Серафим Серафимович әкесінен
енші алғанда салыптьі. Содан бері еңделмеген үй, жермен тұтасып, соның сүйелі
сияқты дене бөлшегіне айналып кеткен.

Тағы да Қопабайдың
айтуынша, бұл үй өмірінде егін атаулыдан, тек, жалғыз темекіні отырғызады екен.
«Күзеннің темекісі» деген аттаққа шығып, насыбай ататын қазақтар, одан басқа
темекі алмайды екен. Темекіні әйелдері егеді, ал, еркектерінің ата-бабасынан
бергі кәсібі - балташылық. Осы қаладағы ағаш үйлердің кебін солар қиған,
шананың, қамыт-доғаның кебін солар істеген. Сәбелейдің де кәсібі сол. Бір
қызығы, тағы да Қопабайдың айтуынша, «бұл еспеген тұқым, тууы көп туады да, тұра
келе жалғыз қалады». Сойдақ Савка да сондай.

Жасы жиырмадан
асқанмен, ол соғысқа кеткенше үйленген жоқ. Әкесі ерте өлген. Үйіндегі бар
адамы,- шешесі ғана Ол жазы-қысы темекімен және өспейтін де, ешпейтін де жалғыз
сиырмен шүғылданады. Сойдақ Савканың өзі, ата дағдысымен - балташы.

Мінезі қызық
Сойдақ Савка, соғысқа да қызық түрде кетті. Ол кездің әдетінде, казак-орыстар
армияға өз аты, өз тұрманымен барады. Армияға жарарлық ат-тұрман жұрттың
бәрінен табыла бермейді, әсіресе кедейден... Естуімізше, казак-орыс
станицаларында осы мәселенің тәңірегінде көп қайғылы халдер кездеседі екен:
казак-орыс болса армияға өз атынсыз бара алмайды, бармауға және болмайды,
сондықтан әрбір казак-орыс қанша кедей болғанмен, көп жыл еңбектеніп ұлына
ат-тұрман даярлайды... Хош, сонда, оның ұлы біреу ғана болса жөн ғой, егер көп
болса ше?.. Осы мәселенің төңірегінде нелер қайғылар ұшырасады екен...

Сойдақ Савка бұл тұйықтан
оңай шығады. Соғыс басталып, казак-орыстар майданға алына бастағанда, ол
станицалық атаманға барады да:

-        Мен соғысқа керекпін бе?- деп сұрайды.

- Әрине
керексің,- дейді атаман, таңданған кескін-мен,- оны неге сұрадың?

-        Керек болсам, соғысқа мен жаяу барам.

-        Неге?!. Казак-орыс емеспісің, сен?

- Болғаныммен,
атым жоқ, сатып алар қаражатым жоқ, шешемді сата алмаймын және оның менен басқа
ешкімге керегі жоқ.

Ұзын сөздің
қысқасы, екеуі ұзақ керісіп, келісімге келе алмайды. Атаман бұл халді айтып,
жоғарғы командованияға қағаз жолдайды.

Сойдақ Савкаға
Петропавлдан шақырған қатынас келеді. Савка кетеді. Біреулер оны «жазаға
ұшырар» деп күдіктенеді...

Артынан естісек,
Сойдақ Савка хотаға кетеді. Серіктерінен, езінен келген хаттарға қарағанда,
майданда ол орасан ерлік көрсетеді...

1915 жылдың жазында,
Сойдақ Савка майданнан қайтып келеді. Бәріміз де барып көрдік: оң аяғын
зеңбіректің оғы сындырып, жамбасынан кесілген ақсақ боп, балдақпен Қайтыпты. Аз
уақытта оның кескін-кейрі қатты өзгерген, жап-жас бетіне айғыздалып әжімдер
түскен, кескіиі ызбарланып кеткен...

Кеп кешікпей
«Сойдақ Савка патшаға қарсы боп кепті... Ашықтан-ашық патшаны боқтайды дейді...
Ол ақмақ патша, тізгіиі өзінде емес, қатынында дейді... Баяғыдан бері түк қару
даярламай, Карманға орысты босқа қырғызың жатыр дейді... Әскерлер патшаға қарсы
дейді... Патша тез арада түседі дейді...» деген сәз жатақтар арасында да, станицалықтар
арасында да бұрқ ете қалды... Жұрт екіге жарылды: бір жағы: «Патшаға қарсы
болғаны несі?!.» деп Сойдақ Савканы сөкті, енді бір жағы: «Айтқанында өтірік
бар ма? Бәрі рас емес пе?» деп жақтады...

Сөйтіп жүргенде,
«Сойдақ Савканы ұстап әкетіпті» деп естідік.

-        Неге?

-        Патшаға қарсылығы үшін...

Бірақ патшаға
қарсылық онымен сөнген жоқ... Соғыстың Сойдақ Савкадан басқа да мүгедектері
келе бастады...

-        Бәрі де патшаға қарсы боп келеді, мұның
бәрін қалай тияды ұлықтар?.. Тия алмаса, арты неге соғады мұның?! - деп
үрейленісті жатақтар...

Со жылдың
көктемінен бастап Кұтырлағанда қазақ жігіттері кебейді де, күзгі егін жинау
кезінде қаптап кетті... «Неге бұлай?» деген сұрауға жатақтар әртүрлі жауап
тауып жүрді.

-        Орыста еркек жұмыскер азайғанын біліп
пайда табуға келгені де,- десті біреулері.

-        Қазақтан да солдат алатын бопты деген
қауесет бар, содан ығысып келген де, орысқа жалданған қазақты солдатқа алмайды
дейді,- десті біреулері.

Қалай келсе де,
қазақ жігіттері Құтырлағанда көбейді. Жатақтардың айтуынша, орыс қаласының
бәрінде де осылай. Қазақ жігіттерінің Құтырлағанда бұлайша көбеюін өзге
жатақтар да, мен де ұнатқан жоқпын.

Қалай ұнатам!..
Күз, Аубакір баққан қойлар иелеріне қайтарылып берілгеннен кейін, мен қалада
жалдайтын орыс таба алмадым. Кісі жалдауға шамасы келетін орыстар қарулы қазақ
жігіттерін алмай, мен сияқты баланы не қылсын. Сондықтан қыстың басында бірер
ай жұмыссыз сайдалып жүрдім де, ол қалыппен қалаға сиялмайтын болған соң, 1915
жылдың ноябрінде апам Ұлтуғанның үйіне кеттім.

Мен келсем, апам
үйінің бұрынғы жандары түгел екен. Сол жылы ұл бала туған апамның, бұрынғы
талдырмаш денесі толығып, енді ол нұрлы кескінді, толық денелі әйел

қапты. Алғаш
көргенде, ауыл салтымен ол менен жауғын жасырып, көрсетпеген қалпымен қалып еді,
бұл жолыІ да жасырам дегенмен, көрші үйдегі құдағилар еркіне жібермей менен
керімдік алды.

Бес-алты айлық
жиеніміз бүлдіршіндей әп-әдемі екен. Сол кезде кісіге кез тоқтатып күле
бастапты. «Қулық бие құлын жанды» дегендей, байқаймын, менен қымсынған болғанмен,
апамның, жантіні кішкентайдың үстінде.

Бұл үйдегі менің
«дұшпаным» болса, болмаса да - шалы ғой. Аз тұрып сынап көрсем, апам оны
жеңіңкіреген сияқты. Бұрын болмашы нәрсеге кейи қап,- «құдайы бар болғырай,
өлер болдым-ау, осы келіннен» деп көпіре жөнелетін ол сол дағдысымен тағы да
көтерілейін десе апам «болды, болды!» - деп қабақ түйсе, шал жым қояды екен.
Апамды жек көретін шал оның баласын жанындай жақсы көріп шұрқырай сүйеді екен.
Жалпы жағдайын алғанда, бұдан екі жыл бұрын, бұл үйге келімсек сияқтанып, әрқайсысына
бір жалтақтап отыратын апам - қазір өзі би, өзі тес. Оның бетіне шығары жоқ.
Жездеміз Болатбай мен барған кезінде үйінде жоқ екен. Ол іш аралап, қайыс өру
кәсібімен кетіпті.

-        Өрімшіме еді ол кісі?-деп сұрасам:

-        Жас уақытында істеген кәсібі еді,- дейді
әкесі,- кейінгі жылдары тастап кетіп еді, күн көрістің тапшылығынан тағы да
кірісті.

-        Неге?

-        Мынау соғыс деген дүниені қымбаттатып
жіберді ғой. Соғыстан бұрын пұты бір сомға әрең жететін ұнның бағасы қазір
жегі-сегіз сом боп кетті. Оған ақша шыдай ма? Бұрын бір малыңды сатсаң, бір
қыстық астық жинап алатын ең. Қазір бір қысқа жететін астыққа екі-үш ірі қара
керек. Дәулеті мол адам болмаса, ондай мал бізден табыла ма?

-        Астық қымбаттамағанда қайтсін,- дейді
шал,- қазақ атаулы егін екпейді, астықты орыстан ғана алады. Орыстың қаласы
бүтін кезде, сататын бидай мен ұн әр үйінен табылатын еді, қазір ілуде
біреуінде ғана болмаса табылмайтын көрінеді; әнеу күні Мақаріпкеге барып, қаланы
күн ұзын қыдырып, жарты пұт ұнды әрең тауып әкелдім.

Қайдан табылсын!
- дейді шал өкінішті дауыспен,- егінді салуға да азамат керек. Орыстың іске
жарар ер-азаматы соғыста. Қатын-қалаш егін сап өндіре ме!.. Қаладағы

үйлердің
көпшілігінің ішімділігінен артық егін алуға масы келмейді екен.

Соғыстың
салдарынан үй ішінің тұрмысына түскен ауырлықты айта кеп:

-        Шиеттей жандарды асыраймын деп, жарғақ
құлағы жастыққа тимей, қала кезіп кетті жалғыз бала! Денсаулығы да нашарланып
жүр еді өзінің. Ауырып қап бір жерде жатыр ма, әлі кім біледі!..-деп күрсінеді
Нұралы.

Баласына жаны шын
ашитыидығының белгісі сияқтандырып, Нұралы көз жасын төгіп алады.

-        Жылағаны несі, жамандық шақырып?- дейді Ұлтуған
шалға кейіп,- жалғыз жүрген жоқ, бір топ адаммен жүр. Сол ғана ма кәсіп іздеп
кеткен? Кім кетпей жатыр?

Апамның жаны күйеуіне
ашымайды деп ойлай ма, немене Нұралы оған ала көзімен жаман қарайды да үндемейді.
Шалдың үй тұрмысының кемдігі туралы да, баласына жаны ашуы туралы айтқан
сөздері де маған тиіп жатқан сияқтанады. Ол сөздерді естігім келмеген менің бұл
үйден масыл болмай кеткім келеді. Бірақ қайда?

Танысып көрсем,
күн көрісі мол дәулетті үйлер ғана болмаса, Нұралының үйіндей ғана шаруасы
барлардың бәрі де күнін әрең көріп қалтақтап отыр. Аяқ-табақтап әркімдерден ас
сұрап жүргендер де бірталай. Бұлар - Жайылған аталатын ауылдың көпшілігі. Ондай
үйлердің шет шығып кәсіп істеуге жарайтын еркектерінен біреуі де үйде жоқ. Бәрі
де орыс қалаларын қыдырып жұмыс іздеп кеткен.

- Шіркін, ырыс
егінде екен ғой,-- дейді астығы жоқтар өкініп,- егін салуды кәсіп еткен орыстар
біздің қазақ сияқты тентіреп ел кезіп кеткен жоқ. Әр үйінің ішер астығы өзінде.
Баяғыдан бері мал жиғанша, егінге үйренсекші. Егінді бейнет көріп, аза бойымыз
тік тұратын еді, енді тарттық оның тақсіретін!..

-        Ендеше алдағы жылы егінді біз де
салайық,- деушілерге:

-        Жерді жырта сап, тұқымды шаша сап егін
ала аламысың. Егін өсіруде де көп мән бар емес пе? Соқа айдап көрмеген қазақ
қайдан біледі оны!-деседі уайымшылдар...

Ауыл кедейлерінің
былай да ауыр тұрмысы, соғыс салдарынан бұрынғысынан әлдеқайда ауырлап
кеткенмен, «қайтып күн көру керек?» деген сұрау, әр кедейдің маңдайшасында
ілулі тұрғанмен, ауылдың атқамінерлерінің,болыс, билерінің момын шаруаға
істеитін зорлық-зомбылығы бұрынғыдан да үдеп, жемсаулары бұрынғыдан әлдеқайда
кеңіп апты, Жайылғанға келе мен осындай, зорлықтың айқын бір сипатын көрдім.