ВЕРНУТЬСЯ

          Мұстафаның үйі
маған оншалық қолайлы бола алған жоқ.

Ең алдымен,
батрақ семьясында туғганмен, біреудің жалғыз ұлы болған соң, әке-шешем мені
бетке қақпай еркін ұстаған, сондықтан, олардың тұсында мен шалдуар-тентек
болғам. Сондай, «бір таудың текесі» боп жүрген менің мінезім, балаларының басы
бар Мұстафаның үйіне кірген соң да өзгермей, әрқайсысымен, әсіресе менен бір
жас үлкен Ғаббаспен қағыса берем.

Тегі, жетім бала
деп аяйды ғой деймін, әдетте Мұстафа мен оның әйелі Сілеусін, ұрыс-қағыста мені
жақтап жазықты, жазықсыз болсын, Ғаббасты маған жығып береді. Бірақ мұның да
шегі бар ғой, кейде көріне көзге мен Ғаббасқа қиянат жасасам, мінезі қатал
Мұстафа, «өзіңде де бар» деп мені де жаққа тартып қалады, оның бәрі кек боп
менің ішіме жинала береді. Ал, Сілеусін жеңгей ешбір жағдайда мені маңдайға
шертпейді...

Шаруа күйі нашар
болғанмен, әкем мен шешем, үйіндегі астың тәтті-дәмдісін менің аузыма тосатын,
өздері жамаулы киіммен жүріп, менің үстіме ылғи жаңа кигізетін. Әке-шешем өліп,
күнім Мұстафаның үйіне түскен соң, күтімді күйден мен айрылдым. Сонда, Мұстафа
мен Сілеусін мені өз балаларынан алалап ұстамайды, шағын шаруасы мол тұруға
жетпейді. Жаздай қорек қылатынымыз екі сиырдың сүті мен бір биенің қымызы. Нан
кейде бар, кейде жоқ. Жақын жердегі орыс поселкесінен аздап алатын ұнды,
Сілеусін қысып ұстайды, өз балаларына ол нанды кейде татырмай, тек маған және
менің анам Ұлтуғанға ғана аздап береді. Өйтпегенде қайтсін: ері төсек тартқан
ауру, балалары жас, езі үй шаруасынан босанбайды, табыс жоқ, мал аз, сататын
ештеқе жоқ...

Ол үйге әсіресе
қыс күндері ауыр. Жаз малдың ағымен күн керетін үйде, қыстыгүні құрт,
ірімшіктен басқа азық аз. Тайынша, торпақ сияқты ұсақ-ұлаң бірер мал сойған
болады, ол сорпаны шылауға әрең жетеді.

Қанша тарығып тұрғанмен,
Мұстафа кісіге телмірмейтін адам. Ешкімнен ол жәрдем де сұрамайды, қарыз да
алмайды, ешкімге мұңын да шақпайды, ашты-тоқты болса да, үйінде отыра береді,
Со кезде он бес, он алтыға шыққан үлкен ұлы қамза денелі, қарулы боп өсіп
келеді. Бірақ Мұстафа «жасынан тесік өкпе болмасын» деп жалшылыққа бермейді,
әрі, аз ғана шаруаны бағу салмағы сонда. Кісіге сабытын салмайтын Мұстафа, егер
әдейілеп қонаққа шақырмаса, кісі үйіне бармайды, балаларын да кісі үйінен ас
ішуден қатты тыяды.

Шешем өлген
жылдың алдындағы қыста, Мұстафаның үйіне бір адам жиі келетін болды. Оның да
аты Мұстафа, бірақ бойы да, мойны да ұзын, әрі арық, бұл адамды ауыл «Ұзын
кеңірдек» дейді.

Ұзын кеңірдек
Жаманшұбарға іштен  еткен күз кешіп
келген. Сақал-шашы буырылданып қалған оның: Садуақас, Рамазан, Құсайке, Мұсайке
дейтін алды он бесте, арты онда, төрт ұлы бар, әйелі өлген, шаруасы кедей,
ас-суын өзі даярлайды.

Жас күнінен
бастап орыс кулактарына жалшылықта жүрген оны, биыл Жаманшұбардағы туыстары
өткен күз бауырсырап көшіріп әкелген де, үстіне, тек қыстық баспана ғана салып
беріп, басқа жәрдем көрсетпеген.

Көз әлпетіне қарағанда,
ол да Мұстафа сияқты тоқжарау тұрады. Тегі ол, Мұстафаның үйіне мұңдасу мақсатымен
келеді. Ол келсе-ақ, Мұстафа: «Я, адас жоғары шық!» деп қуанып қалады.

Ұзын кеңірдек
қазақ сөздеріне орысшаны араластырып сөйлейді. Ол кезде орысша сөздеріне
түсінбегенмен, кейін байқасақ, мысалы, былай сөйлейді екен Мұстафа:

-        Ия, адас, аманбысың?-десе:

-        Слау бога! - дейді ол. Онысы «құдайға
шүкір» дегені.

-        Хал қалай, адас?- десе:

-        Так, нешауа,- дейді Ұзын кеңірдек,-
шешесіз жәгөшкелерді көрмиттеген боп жатырмын, әзірге құрсақ пропал деп жалыбы
айтқаны жоқ, келешекте не дерін бог знаит...

Кешіріп әкеп
қарайласпаған ағайындарына ренжи келіп:

-        Пірадәр,- дейді ол Мұстафаға,- Бұл
Жаманшұбар дегенің работайть қыла білмейтін ленибай ел екен де. Әйтпесе, осылай
отыра ма?

-        Оған не қыл, дейсің сонда?

-        Хлеб пахайт қылу керек қой. Жер добрай.
Подвод бар. Соқаны орыстардан наймаға алуға болады. Содан кейін выборонить,
высевать, выполоть қылса, готовый хлеб шыға собирать етесің, сонда ешкімнен де
зависить етпейсің.

Ұзын кеңірдек
Мұстафаны бірлесіп алдағы көктемде егін салуға шақырады. Бұл сөзге құлағын
түргенмен, Мұстафада қосыла қоярлық мүмкіншілік жоқ.

Ұзын кеңірдек
Мұстафадан басқа кедейлерді де егін салуға үгіттейді. Кейбіреулер бұл сөзге
күле қарағанмен, көпшілік қызығады...

Жаманшұбарда
судың тапшылығын да Ұзын кеңірдек сөз ғып:

-        Бұл арада орыс поселкасы отырса,
алдақашан көл жасап алар еді,- деп, оның да әдісін ұқтырмақ болады.

Жаманшұбар,
ортасында кең және қалың томарлы шілікті айнала қыстайды.

-        Осы томарларды,- дейі Ұзын кеңірдек,-
выбирать, вычистить қылса, жарқыраған көл боп шыға келер еді...

Бұған да суға
жарымай отырған ауылдың құлағы елеңдейді, Ұзын кеңірдектің сөздері жаңалық
көрінеді...

Және бір
жаңалықты оның балалары көрсетеді. Оның Садуақас атты баласының беті шешектен
бұжыр. Әкесінің атауымен, жұрт оны «Корявой» дейді. Корявой ұршықтай үйрілген
биші. Ол кезде биі жоқ қазақ аулына, Корявойдың пляскалары таңсық та, қызық та.
Құсайке сырнай тартады. Ол да біздің ауылға бірінші келген жаңалық. Басында
Құсайке тартқан сырнайға қосылып Корявойдың билеуі, ауыл адамдарына ерсі
сияқтанғанмен, артынан олар, әсіресе жастар көруге құмартып, ойын-сауық болса
шақыртып алатын болды. Ол кезде басқа бишіні көрмегендіктен бе, немесе, шынында
солай ма,- Корявой маған күнібүгінге дейін орыс пляскасына ең шебер адам
сияқтанады да тұрады...

Жаманшұбарға Ұзын
кеңірдек пен оның балалары әкелген жаңалық ұзаққа созылмады. Алдағы күзде ол
семья бұрынғы мекеніне көшіп кетті. Оған себеп төмендегі. Со қыстың көктемінде Ұзын
кеңірдекке бірнеше кедей күш біріктіріп екі-үш десятина егін салады, сепкені
тары. Соқаны көрші орыс поселкелерінен алады. Жер жыртуды, бораналауды, тұқым
себуді Ұзын кеңірдектің өзі басқарады.

Со жылы жазда
жаңбыр көп болып, тары аса қалың шығады. Еккен кедейлер, шығымды егінді
малдарына бастырмау үшін, басына бір адамның соқа басын күзетке қалдырады да,
өздері жайлауға барып отырады.

Егін белуардан
өседі. Білетіндер, әр десятина кеміне жүз елу пұттан түсім береді деп жориды.
Мұны көрген кедейлер:

-        Тамаша ғой, мынау!.. Баяғыда осыны неге
істемегенбіз?- деп қуанысады.

-        Жетектейтін, үлгі беретін кісі болған
жоқ қой, Ұзын кеңірдектен көрдік қой ол үлгіні, енді кедей атаулы бұл кәсіпке
түгел жұмылар,- деседі олар.

Сондай қуанышта
жүрген кедейлердің егіні апатқа ұшырайды. Олар егінді Батпақкөлдің жағасына
салады. Ол ара Тұртай дейтін байдың қыстауына жақын.

Ол кезде бұл
маңайда жер меншікке бөлінбегенмен, егін салуға ойлаған кедейелер, Тұртайдан
Батпақкөл ығына салуға ұлықсат алады. Егін шығады деп ойламаған Тұртай, «маған
да бірер қап берерсіңдер» деп қалжыңдайды да, екі десятинаға ұлықсат етеді.

Егіннің қалың
шыққанын көрген Тұртай, енді теңжартысын сұрайды, кедейлер он шақты қап ал десе
көнбейді.

-        Өйтсеңдер, бұл егінді мен сендерге
бұйыртпаймын! -деп қорқытады Тұртай.

-        Не істейсің?-десе:

-        Кезінде көрерсіңдер,-- дейді.

Оның «кезінде
көрсеткені»- тары пісуге айналған кезде, бір түнде мыңға жуық жылқысын жаяды да
жібереді, тәтті егінді жылқылар орып, таптайды да шығады...

Бұны естіген
кедейлер Тұртайға барса, ол ашықтанашық:

- Сұрағанымды
бермеген, өз обалдарың өздеріңе. Білгендеріңді істеңдер! - дейді.

Заң білмейтін кедейлер,
Жаманшұбардың биі,- Нұртазаға жылап барса, ол:

- Малы бағылмай
бос жүретін осындай кең жайлауға егін сеппе деп ем, тыңдамадыңдар, өз обалдарың
өзіңе! - дейді.

Сонымен,
кедейлердің еңбегі еш болады да, басқаша күн көрер мүмкіншілік жоқ, еккен егіні
мынадай күйге ұшырауын керген Ұзын кеңірдек, бала-шағасын ертеді де, жаяулап
жалпылап, бұрынғы мекеніне кетеді...