ВЕРНУТЬСЯ

          Жұрттың ұғымынша
«тас мінез» саналатын Мұстафа туысқанына өте бауырмал адам болатын.

Өкпемен
Жаманшұбарға көшіп кеткеннен кейін, бір жаз ат ізін салмай қойған Мұстафа,
қысқа қарай іздеп кеп Мұқанмен жыласып көрісті де, сол қыста ат ізін суытпай
қайта-қайта келгіштеп жүріп, алдағы көктемде өз қасына көшіріп алып кетті. Бұл
- 1906 жылы.

Бұдан былай
көбірек кездесетін болғандықтан, оқушыларды «Жаманшұбар» аталатын жердің
тарихымен таныстыра кетейік.

Үлкендердің
айтуынша, біздің аталарымыз, Мәуліт 
маңынан көшіп кеп қазіргі Қостанай облысы, Пресногорьков ауданы, Қарағаш
аталатын жерде тұратын туыстарына қосылған. Бұл, шамасы - 1850 жылдардың тұсы.
Мен туардан он шақты жыл бұрын, ауылымыз осы арадан Жаманшұбар атты жерге
көшеді.

Біздің ауылдың
қонысынан ауына Торсан деген кісі себеп болған дейді. Торсанның түбі - Сибан
емес, Уақ; Сибан руындағы Есеней атты кісінің күйеуі.

Есеней аса бай
болған, оның үстіне патша өкіметінің сұлтан-правителі болған адам.

Бастапқы әйелінен
бала көрмеген Есеней, елу тоғызға шығар жылы, бір байдың Ұлпан атты жас қызына
зорлықпен үйленеді. Намысы тапталған қыз, Есенейдің ордасын ойран етуді алдына
мақсат қып қояды. Бұл мақсатына Ұлпан жетеді.

Ұлпан Біжікен
атты жалғыз қыз туады. Қыз ержеткен кезде, Есенейдің ордасын бүлдіру, шаңырағын,
мал-мүлкін жатқа иелендіру мақсатымен жас жігіт - Торсанды Ұлпан Біжікенге
телиді.

Торсан кім?

Оның әкесі
Тілеміс, Есенейдің сұлтан-правитель кезінде тілмашы екен. Бұл қызметті Тілеміс
байлықпен немесе бектікпен алмаған, өз басының өнерімен алған. Оның әкесі
Сапақ, қазақша «Стоп»  орысша
Пресногорьковка аталатын қазақ-орыс станицасында жалшы боп шошқасын бағады
екен. Одан туған Тілеміс пысық және орысша тілді жақсы білетін жігіт боп өседі.
Есеней сұлтан-правитель болғанда, біздің елде, Тілемістен басқа орыс тілін
білетін кісі жоқ екен. Сондықтан Есеней оны тілмаштыққа алады.

Тілеміс Есенейге
іштей кекті екен, оған себеп мынау: Есенейдің жігіт кезінде «орысқа бағындың»
деп біздің елді Кенесары көп қолмен кеп шабады да, мал-мүлкін талап, көп адамын
тұтқынға алып кетеді. Есеней басшы болып, ел Кенесары қолын қуады да, «Қақтың
қара суы» деген жерде жетіп соғысады. Екі жақтан да көп кісі өледі. Кенесары жеңіліп
қашады, біраз адамы қолда қалады.

Сол адамдарды қазақ-орыс
штабына апарып тапсырмақ болған Есеней қалың қолымен келе жатса, жолда Сапақ
шошқа бағып жүр екен. Қарулы қолдан қорыққан ол, қасындағы обаның етегінен
қасқыр қазған апанға кіріп кетеді. Бұны көріп келе жатқан Есеней, апаннан Сапақты
суырып алады да, «неге жасырынасың?» деп өлердей ғып сабайды. Бұны естіген
Тілеміс, Есенейге өшігеді де, әкесінің кегін қайтарудың жолын іздейді.

Ондай жолды
Тілеміс табады. Есенейдің жалғыз ғана қызы барын көрген ол, сол қызға
үйлендіру, сөйтіп Есенейдің мал-мүлкіне ие қылу мақсатымен, кіші баласы -
Торсанды Қорған қаласындағы орыс школасына сабаққа береді.

Торсан аса
көркем, пысық және орысша білетін жігіт боп өседі. Біжікен оған қызығады.
Торсанның әкесі Тілеміс те, Біжікеннің шешесі Ұлпан да, екі жастың қосылуына «Штаб»
деген сөз екен, қазақ, даласын бағындырғанда осы араға бірінші рет қазақ-орыс
әскерінің штабы кеп орнапты. Тілеулес, бірақ, олар, бұны Есенейге батып айта
алмайды, «атасы жаман» Торсанға, «аталықты» Есенейдің қыз бермеуін біледі.
Бірақ, бұғанТілеміс пен Ұлпан қайғыра да қоймайды, өйткені, Есеней ол кезде
қартайып, өлер шаққа жетеді.

Есеней кешікпей
еледі. Ұлпан жұртқа айтпастан, қызын Торсанға қосады да, Есенейдің мал-мүлкіне
не ғып үкімет орындарына бекіттіреді. Бұны білген Есенейдің руы қарсылық
жасамақ болады. Бірақ, кеш. Үкіметке сүйенген, заңды білетін Торсан, надан
дұшпандарын бет қаратпайды.

Есенейдің
ен-дәулетін меңгеріп алғаннан кейін, Торсан ояздық және губерниялық әкімдерге
алым беріп, дос болады да, өзі бұл елдің болысы боп сайланады. Өкімет қолына
тиген соң, ол қарсы Жақтан кек алуға кіріседі. Сонда, оның қырына көбірек
алғаны,- Андабай-Отарбай аталатын біздің аталарымыз, өйткені Торсанның
Біжікенге үйленуіне кебірек қарсылық білдірген Солар екен.

Торсанның
тілегіне қарай, осы кезде (еткен ғасырдың 90-шы жылдары) аштық және жерсіздік
салдарынан ішкі Россиядан көшкен крестьяндар келіп жатады, соларға жер керек.
Қолында үстемдік түрған Торсан біздің ауылдың жерін переселендерге әпереді де,
қыс ішінде мекенінен қуады.

Мекенінен
айрылған біздің елдің көшіп барып тұрақтаған жері - «Жаманшұбар» аталады. Неге
олай аталуын баяндаудан бұрын, оқушыларды жер жайымен таныстырып алайық.

Біздің елдің
көшіп барып тоқтаған жері, шөлейтке өскен шұбар екен. «Шұбар» деп ол елде әр
жерге шоқтала ескен ағаш өлкесін атайды. Біздің ел қыстаған шұбардың маңында,
елу-алпыс шақырымнан жақын жерде қыстау жоқ екен, өйткені, айналасы мидай дала,
далада көл көп, олар жан-жақтағы елдердің жазғы жайлауы. Жайлауға жақын жерде
кыстау болмауға тиісті. Қыстаудың маңы шабындық болу керек, мал жайлаған жерде
шабындық болмайды. Бұған қосымша,- «жайлау» аталатын жердің шөбі, күз ел кеткен
соң, немесе, көктемде ел келердің алдында өртеледі, одан мақсат: біріншіден -
ескі шөпті өртеп, жаңасын шығару, оның малға астығы артық; екіншіден - жаз
жайлаған кезде малға індет келсе, егер ескі шөпті өртемесе, еткен жылдың індеті
сақталып, малды қайта қыруы мүмкін. Өртенетін өлкеде қыстау болмауға тиіс.
Біздің ел көшіп барған шұбарда, оған дейін қыстау болмауы сондықтан.

Енді «шұбар»
деген сезге «жаман» қосылып, «Жаман-шұбар аталу тарихынан: біздің ауыл барып
қыстау салған шұбардың жері қара қыртысы табан кез, шөп те, егін де қалың
шығатын ғажап құнарлы жер. Ол кезде егін салмайтын, тек мал ғана есіретін
біздің ауылға бұл құнарлы жер әса жайлы қоныс болады. Тек қана кемшілігі - жер
бетінде суы жоқ. Ең жақын кел -- Дос жеті-сегіз шақырым. Жер астының суы, терең
құдықтан ғана шығады. Ондай құдық қазуға ауқатты кісінің ғана күші келеді...

Дегенмен, біздің
ауыл со жерге мекен салып қыстайды. Бұл- 1892 жыл. Келесі күзде жайлау жақтан
қалың өрт келіп, қыстауды, қысқа даярлаған пішенді, ағашты тып-типылғып
күйдіреді де кетеді. Кеп мал-мүлік және адам апат болады.

Басқа барар
мекені жоқ біздің ауыл сол араға тағы да қыстау салады. Малдарын олар алдағы
қыста, маңайдағы көлдердің құрағы және қамысымен асырап шығады. Жамандығын
көрген жердің атын, жұрт «Жаманшұбар» Қояды... Содан кейін ауыл да
«Жаманшұбар», адамдары да «жаманшұбарлықтар» аталады. Со дағдымен бізді керші
ауылдар күні бүгінге дейін «жаманшұбарлықтар» дейді.

Күйіктен кейін
жаманшұбарлықтар сақтық жасап, жыл сайын күздігүні жақын маңдағы орыс
поселкелерінен кісі жалдайды да, қыстауды айнала, жыртқан жерден өрт өтпейтін
құрсау жасайды... Бірақ, өрттен кейін ол елкеге ағаш еспей, «шілік» аталатын
шырпылар ғана шығады. Ауыл жылдан-жылға көбейіп, біздің үй Жаманшұбарға көшіп
барарда, үй саны елу-алпысқа жетеді.

«Алпыс үйлі
Жаманшұбар» атанған олар, қысқы мекенін орыс поселкелерінің үлгісімен көшелеп
сап, бір жерде отырады да, жаз Досты жайлағанда: Жансүгір, Жарылғас, Болат,
Байтубай аталып, төрт ауылға бөлінеді...

Бұл ауылдарға ең
жақын орыс поселкасы - Анновка 35 километр. Егін екпейтін ауыл, астықты содан
ғана алады. Ауқатты адамдардың жалынатыны ақша. Кедейлер, орыс кедейлерімен
тамыр боп, малмен күн көретін қазақ кедейі соқа-сайманы бар орыс кедейіне көлік
береді де, орыс кедейі ол көліктің ақысына қазақ кедейіне, күз астық береді.
Тамырлықтың аяғы, шын мағынасындағы достыққа айналып, олар бір-біріне егін
мәселесінде ғана емес, тіршіліктің барлық жағдайында да жәрдемдеседі. Еңбекші
көпшілік арасында халықтар достығы, ревоюлциядан бұрынғы кездің өзінде осындай жарастықты
болушы еді, қазір советік дәуірде, ол достық шыңына шықты.

Малдан басқа
шаруа бақпайтын Жаманшұбардың ең байы - Нұртазада жүзге тарта жылқы, отыз-қырық
сиыр, екі-үш жүз қой болады. Оған тетелес байлар бірен-саран ғана. Орташа
шаруалы адамдар он, он бестей ғана. Өзгелері бірер сиыр, бірер жылқысы бар
кедейлер. Кедейдің көбіне кәсіп жоқ. Ауыл байлары аздаған ғана жалшы ұстайды,
қалған кедейлер өлмешінің күнін көріп, зорға тіршілік жасайды.

Жаманшұбарлықтарға
ең ауыр мезгіл - қыс. Оның жері шөл екені, құдығының суы тереңнен шығатыны,
ондай құдық қазуға ауқатты адам болмаса, кедейлердің әлі келмейтіндігі жоғарыда
айтылды. Осындай жағдайдың салдарынан, ағайынды екі адам, бір-біріне өзгені
қиса да, суды қимайды. Шамасына қарай әр үйде, бірден бастап бірнешеуге шейін
құдық болады. Бай адамдар оннан аса құдық ұстайды. Құдықтардың аузы құлыптаулы
болады. Біреудің құдығындағы суды біреу ұрламау үшін, әркім өз құдығының
қақпағына өзге кілтпен аша алмайтын құлып сап қояды... Сонда да құдық суы тез суалып
қап, көп үй малдарын қыстай қазандыққа ерткен қармен суарады...

Бай адамдар қар
ерітуге арнап үй салдырады. Үйдің ортасында шұбалма пеш дейтін тұрады. Жерді
бауырлай салынған бұл ұзын пештің қыр арқасына, біріне-бірі жалғаса, әлденеше
қазан орнайды, жаққан от бір мойынмен олардың астын қуалай жанады, сөйтіп
бірнеше қазандағы қар бір мезгілде ериді. Нұртаза сияқты дәулетті кісілердің
қолында, малды осы әдіспен суарудан дыңдай екі-үш жалшы күн ұзаққа босамай,
кешке қалжырап жығылады.

Жаманшұбардың
қысқы бейнеті бұл ғана емес. Ағашсыз, көлсіз далада ескен жел жерге түскен
қарды борандата айдаса, шіліктен басқа кідірер жері жоқ. Күртік шіліктің
бойынан асқан кезде, бораған қар кідірер жер таппай, жел қай жақтан ессе де,
Жаманшұбарға кеп тығылады.

Жел, көбінесе,
батыстан, не терістіктен еседі деп түсінетін жаманшұбарлықтар боранға қақпай
болсын деп, малдың маялаған қысқы азығын со беттерге үйеді. Маялары үйіліп
болған кезде, сыртынан қараған кісіге Жаманшұбар, үйлері әлденеше этажды қала
сияқтанып көрінеді... Бірақ Жаманшұбарды боранды жылдары қар басудан, маялар да
қорғай алмайды, сонда оның қолданатын әдісі - қамыстан ауылды айнала қалқан
ұстау. Оған мүмкіндік те толық: Жаманшұбардан жеті-сегіз шақырым жерде
«Алыпқаш» атты қопалы көл бар, қамысы сырғауылдай биік, Сол қамыстан ауылды
айнала қалқан ұсталады да, күртік биіктесе, қалқан үстеле береді. Ондай жылдары
Жаманшұбарды айнала үйілген күртіктер таудай теңкиіп, жүргіншіге ауылға кіретін
жол бермей қояды...

Жаманшұбарда
ағаштан қиылған қорақопсы да, үй де болмайды. Қоқтадан  үйілген қора-қопсынын,, қабырғасы шымнан
салынған үйдің еңсесі аласа келеді де, бораны көп жылдарда, қалқаннан да аттап
өткен күртік ауылды басып қап, тұрғын халық қар астынан қазып шығып жатады...

Бейнеті сондай
қыста, көп күндерге созылатын боран толастай қалса-ақ, балалардың ермегі
сырғанақ тебу. Ауылды айнала ұстаған қалқанды ықтап, тау-тау боп үйілген
күртіктің үсті ашық күндері балаға симайды, шанасы бары шанамен, шанасы жоғы
етегімен, биік күртіктен темен қарай сырғанайды да жатады... Кедей балаларының
біразы үстіне үйіндегі үлкен адамдардың ыңғайсыз киімдерін артып алады, ондай
киім жоқ балалар, жағының түгі шығып дірдектеген, мұрнынан сорасы аққан
қалпымен, жалаңаш-жалпы да жүре береді!.. Үйінде аяғына киер лыпасы жоқ кейбір
балалар, күртік үстіндегі шуға делебесі қозған кезде, тысқа жалаңаяқ та жүгіре
шығады... Табанын қари жөнелген ызғар, оны үйіне қайта қуып тығады... Ондай
батылдыққа бара алмаған балалардың кейбіреуі, терезеге телміріп, еңіреп
отырады...

Ерекше бір жылдарда
болмаса, Жаманшұбарда қар кететін дағдылы мезгіл - апрельдің ортасы. Кар ол
арада бір ерісе, күрт ериді. Қысқы қардың қаймағы апрельдің ортасына дейін
бұзылмай тұрады да, апрель орталана, «жақсылық» аталатын бір жылы жел кенеттен
есе жөнеледі. Осы жел қалыңдығына адамның сирағы бойламайтын қардың ілезде
бұрқан-талқанын шығарып, екі-үш күннің ішінде жердің бетін қарайтып ашады да
тастайды.

Бір ғажабы -
қалың қар бетінен емес, астынан ериді. Беті мізбақпаған сияқты мұздана жылтырап
жатқан қардың үстін басып қалсаң, асты іркілдеп еріп жатады. Астынан еріп
таусылған қардың қаймыжықтай жұқа тоны әпсәтте ғана сөгіліп, жердің кеше ғана
ағарып жатқан беті, бүгін қараяды да қалады.

Шөптің
қырқындысына жентектелген кең.

Қардан аршылған
жер ілезде көктеп кетпейді. Қар кете теріскейден «қара дауыл» аталатын бір
салқын жел соғады да, май айының басында болып өтетін «құралайдың салқынына»
тұтасады. Содан кейін ғана шіліктің жапырақтары бүршіктене бастап, жер тебендеп
көктейді.

Қара дауыл
кезінде киіз үйі бүтін ауқатты адамдар ғана қырға шығады да, үйі жыртықтар,
малдың қиы сасыған қора-қопсының ішінде, шым үйде отырады. Жаманшұбардың жетпіс
бес проценттен артығы - осындай үйлер.

Құралайдың
салқыны өткеннен кейін, көктемнің күні мейірленеді. Түнде тына қоятын жел, таң
біліне шығыс жақтан майда, қоңыр леппен, ақырын ғана қозғалады. «Таңғы самал»
аталатын бұ жел, жан-жануар атаулыны аса бір рақатқа бөлеп, ете бір ләззәтті
тыныс алдырады да, таң ағарған сайын әлсірей беріп, күн көкжиектен көріне
қалғиды.

«Аты ыраңдап,
адамы тыраңдап»  дейтін көпшілікке бірдей
көктемнің рахаты сонда ғана басталады. Жаманшұбарлықтар осы кезде ғана қырға
түгел шығып, киіз үйлерін тігеді...

Жаманшұбардың көктемінде
күннің бату-шығуы да әдемі-ақ! Күн ейкейе көкке үйрілген қоңыр бұлт, түнде
ыдырай көшіп жүреді де, таң қараңғысы туа, жердің бетін жуғысы, көктеген
өсімдікті көріктендіре түскісі келгендей, сіркіреп өтеді.

Со бір кезде,
көктің жермен астасқан жиегінде, ұзынша, сарғылттау сызық пайда болады. Сызық
жалпайған сайын, сарғылт түске қызғылт түс араласып, таң бозарған сайын,
сарғылтты қызғылт жеңе береді...

Күн шығарда
сарғылтты қызғылт біржола жеңіп, көк-жиектің бояуы қан-қызыл тартады. Осы қызыл
- түннің сілемінен әлі арылып болмаған қоңыр түсті бұлтқа араласса, қызыл түс
күреңденіп, жоғарырақ бір қабаты қызыл-күрең, одан жоғарырақ бір қабаты
қара-күрең боп, қызылдың өзі әлденеше түске боялады.

Шығар күн белгі
бергенше, бұл бояулар көкжиекке көлденең ілген түрлі-түсті батсайы сияқтанады
да, шығуға белгі берген күннің сәулесі жиектен аспанға тік тармақтала
жайылғанда, арқауы сөгілген ермектей ыдырайды...

Күннің
тармақталған сәулесі жоғарылаған сайын, көкжиектің қызыл бояуы, бозғылттана
береді де, күн арқан бойы көтеріле, бозғылтқа көгілдір түс араласып, күн
сәскеге барғанда, бүкіл аспанның шымқай көк тартқан түсіне шығыс та боялады...

Күннен сырғыған бұлт
сол бетімен үрке бермейді. Аспанның әр жерінде топталған бұлт күн түске
тармасып, ауа қызған кезде, қоңыр түсін қарайтыңқырап, қалыңдап алады да,
ығыстырған күнге -«сенде қызу болса, менде де бар, менің отым сенен кем боп
па?» дегендей, отының қызуын көрсеткісі келгендей, ара-тұра жерді тітірете
күркіреп ап, найзағай отын жарқылдатады кеп!..

Екпіндей жортқан
паровоздай арқырап, жарқылдай жай оғын шашқан бұлт, көк жүзінде жосыла біраз
жортады да, қаһарымен тітіреткен жерді енді жадырата жайландырғысы келгендей,
жылы жаңбырдың тамшыларын саулата кеп төгеді!..

Жоғарыдан төмен
қарай тізбектеле саулаған жаңбыр тамшыларының қатарлары, аспаннан темен қарай
құрған өрмектің керген кенере жіптеріне ұқсайды...

Бірақ ол
«кенерелер» тартылған жіптей тік салбырамайды. Бұлтпен жарыса есетін жел
саулаған жаңбырдың жер жақ етегін, бұлтқа жалғасқан басынан оздырып әкетіп,
желге қарсы жортқан жылқының кейін көсілген құйрығының қылдарына ұқсайды.

Екпіндей құйған
нөсер, со қалпымен кете бармай, желмен алысып ойнағандай, өзін қуған желді,
қайырыла қайта қуады. Осы ойында жел мен бұлт бірін-бірі ерсілі-қарсылы қуысып
ауылды айнала біраз жүреді де, шаршағандай бәсеңдеп, тынысты содан табатындай,
көкжиекке ауады да қонады...

Одан кейін кеш
басталады. Егер таң әуелі қара-сұр, одан ақ-сұр, одан қоңыр-сары, одан
ашық-сары, одан күрең, одан қызыл түске ауысып, ақыры күн шыға көгілдір түске
ауысса, кештің басталуы осы түстердің кері қарай ауысуы сияқты: күндізгі көгілдір
аспан, күн кешкіре батыс жағынан қызғылттанып, одан күреңденіп, одан ақсары,
одан қоңыр-сары түске кешіп, ақыры сұрланады да, арты қарауытқан түнге тұтасып
кетеді...

Ол түндерде,
керемет бір көріністер болады: ауыл адамдары даланың ескі шөбін, не көктемде,
не күздігүні өртейтіні жоғарыда айтылды.

Жаманшұбарлықтар әдетте
теңірегіндегі даланың ескі Шебін қар кете сала ертейді. Жаңа көгі шықпаған шеп,
ол кезде тез жанады. Сай-салаларда қардың суы жатқандықтан өрт ауылға келе
алмайды.

Жаманшұбарды
айнала, кейі алыста, кейі жақында жанатын өрттің түнгі көрінісі ғажап: жел қуа,
жүгіре лапылдаған жалындардың иректелген жіңішке қызыл-күрең ленталары, ауылды
айнала, әлденеше рет сақиналанып қоршап алады. Кейде сақиналар тым тарылып,
ауылды айнала қысып кеп қалады да, әлдене сайдағы суға кеп тіреліп, жерге батып
кеткендей, жоғала қалады. Одан кейін, қарауытқан далаға, оның тек күйік сасыған
исі ғана тарайды.

Өрт басыла, өртең
көгі есе, біздің ауыл Жаманшұбардан, жайлайтын көлі - Достың жағасына көшеді...

Барлық ауырлық,
жеңілдік жағымен Жаманшұбар біздің елге жағымды болады.

Ең алдымен жылдан
жыл құрала келіп, үй саны елуге барады, шаруалары да өсіп, бірен-саран болмаса,
тақыр кедей бұл ауылдан женді кездеспейді, ең байы - Нұртазаға жүзге тарта
жылқы, қырық-елу шақты сиыр, екі-үш жүз қой бітеді. Түйе ешкімде де жоқ, мал
түлігінің көбі сиыр, «сол кезде, ең сорлы дейтін Асылбектің Жәмілінде он бұзаулы
сиыр болған еді» деседі. Мал - жерге өседі. Жаманшұбардың аумағы елу
километрлік жерінің топырағы мейлінше құнарлы, оның ащы-тұщылы шөбі ұйысып шығады.
Жаманшұбар оның «мұртын да сындыра алмайды. Кейін сол өлкеге орналасқан үш
совхоз мыңдаған гектар егін өсіреді, жүздеген мая шөп үйеді. Бұрынғы тапшысы -
су болса, кәзір совхоздарға түтікпен Есілдің мол суы тартылып, бар мұқтажын
қамтамасыз етеді.

Солайша
дәулеттенген Жаманшұбардың елдігі де еседі. «Жазылған жүз саусақтан, жұмылған
бес саусақ» дегендей, қыспақта өскен Жаманшұбардың өзара бірлігі берік боп,
«бір жағадан - бас, бір жеңнен - қол» шығарады, сондықтан зорлық қылғысы
келгендерге «жер дауы, жесір дауы» сияқты жанжалдарға тетеп беріп, бетін
қайырып отырады.

Олардың арасынан
жасы жүзден асқан батагөй - Тоғанас, дауда сөзден жеңетін шешен - Нұртаза,
күресте жамбасы жерге тимейтін - Қанапия, елдегі ең жүйрік атты ұстайтын -
Аткелтір, ең шебер ұста - Қожақмет пен Тайжан, ең атақты мініскерлерден: ағашшы
- Ңұрманке, етікші - Құсайын, өрімші - Дүйсеннің Кәсені, тігінші -Шәйін; өнер
иелерінен: атақты әншілер Жұбандықтың Кәсені мен Қабдол, күлдіргі Қабамбайдың
Кәсені, гипноздық қуаты күшті бақсы - Қымбат, тағы-тағылар.

Осыған қарап,
төңіректегі жұрт Жаманшұбарды «төрт құбыласы түгел» ауылға санайды, түбектегі
Сибан бұл ауылды бел көріп, Торсаннан жапа шексе соған шабады.

Жаманшұбар осы
күйінен 1928 жылы қоныс аударғанша танған жоқ...

Көлемінің кеңдігі
терт-бес шақырымдық, аяққа құйған астай дөңгелене біткен бұл көлдің теріскейін
жиектей біткен дөңес жота бар. Оның қырқа жолында, әлдене заманнан қалған көп
зират бар. Зираттың батыс жақ жиегінде, биік оба. Обаның қасында Дос дейтін
адамның басына тас қойылған. Тасқа араб әрпімен жазылған сөздерге қарағанда:
Уақ руынан шыққан Дос. 1862 жылы, 55 жасында опат болған. Көл, тегі, «Дос» боп
сол кісінің ныспымен аталып кеткен болу керек. Бірақ ол адамның кім болғанын,
ұрпақ-тарының қайда екенін ешкім білмейді.

Қара топырақты
қыртысының қалыңдығы жарты кезден асатын бұл өлкенің ескі шөбі көктем кезінде
әртенеді де, ел барғанша қалың өртең көгі шығады.

Ауыл жайлауға
кешкен кезде, Достың дөңіне шығып жан-жағыңа көз салсаң, ұшы-қиырына көз
жетпейтін, таусыз, ормансыз далада, өртеңде өскен шалғын, көктем күндері ол
арада дамылсыз есетін майда-қоңыр самалмен теңселе қимылдайды да тұрады. Бұл
қимыл жұмсақ желдің лебімен ақырын ғана бүлкілдеп жатқан ұшан-теңіздің
бетіндегі қимылға ұқсайды. Тек қана айырмасы, теңіздің реңі күндіз біркелкі - сұрғылт...
ал, ертеңнің реңі - шығар, я батар күннің сәулесі шалған кезде толқыған теңіздің
беті сияқты, немесе тотының қанатындай әлденеше түрлі бояумен құлпырып
тұрады...

Шіркін, Дос
өлкесінің сол бір көркі-ай!..

Достың көлі
дөңгелене біткен дедік қой. Осы дөңгелек көлдің күнгей жақ жарымы жалтыр және
жалтырдың түбі, аттың тұяғы батпайтын құм-қайраң. Қайраңның мөлдірлігі сондай -
бетінде жүзген үйрек сүңгіп кетсе, су астында қайда бара жатқандығы көрініп
тұрады... Суға бақыр не асық тастасаң, сиырдың таңдайындай иректелген судың
түбінде, өз көлемінен әлденеше рет зорайып барып жатады...

Көлдің батыс
жағына созыла біткен сайдың аты - «Кеңшалғын». Олай дейтіні, сайда көктем
кезінде су жатады да, шілдеге қарай сарқылады. Сол кезде суда ескен «өлең» атты
шалғын, су суалған кезде, аттың бауырынан келердей биік боп өседі және өзі
семіз ...

түйенің
шудасындай қалың болады. Қырат жердің бозы тапшылау жылы, тұрғын ел
Кеңшалғынның шөбін шапса, бір сайдың бойынан әлденеше мая үйіледі. Балалар үшін
Кеңшалғынның екі қымбаты бар: бірі-жуасы, екіншісі - жидегі.

Шөппен жарыса
көктеп, майдың аяқ кезінде пісетін жуаның түбі - кішігірім сарымсақтай,
сабағының жуандығы саусақтай, биіктігі кезге жақын болады. Піскен кезде, сабағының
басы қоңырланады да, бұлтиған бүршік атады... Сол кезде жесе, оның қышқылтым
дәмі қандай тамаша, иісі тамаша!.. Бақша егуді білмейтін ол кездің ауылы,
сарымсақ орнына жуаны қолданып ыстық асына (ет, сорпа, кеспеге) турап жейді.

Құмыралар
пісірмей де жейді.

Жидек июль
айларында ғана піседі. Күн көрмей қалың шалғынның арасында өскен оның үлкендігі
бармақтың басындай, түсі бозғылт, ал, дәмі?.. Дәмі, мен білетін тәттіліктің
бәрінен де тәтті оның!.. Ауыл адамдары жидекті шелектеп жинап, жегеннен
артылғанын қайнатады да, тақтайға жәйіп кептіреді. Оның аты - «қақ». Ауқатты
адамдардың бірен-сараңында болмаса, ол кездегі ауылда қант та, заводтан шыққан
басқа тәтті де болмайды. Ауылдың тәттісі «қақ» пен қайнатқан сүттен қойылтып
жасаған балқаймақ.

Кеңшалғынның
қалың өлеңі келдің теріскей қақ жартысын жиектей шыққан қалың өлең шөппен
ұштасады да, тереңге қарай ұсақ майқы құрақпен араласып, одан әрі қу қамыспен
тұтасып кетеді...

Қайраң жақтың суы
- тік: барса бала түгіл үлкен кісіні қамысына маңайлатпайтын терең. Балалар ол
қамысқа жүзіп барып жетеді...

Жетпегенде ше:
қамыстың түбінде сүттен ақ, қанттан тәтті сүйрік жатады... Қант, кәмпит сияқты
тәттіні байдың баласы ғана болмаса, кедейдің баласы айында, аптасында болатын
базардың тұсында ғана татады. Со кездегі ауылда, қант татыған сүйрікті жемей,
тәттішіл бала қалай шыдар!..

Достың тәтті
сүйрікті қамысына бола шөптесін тайыз жағынан жетейін десе, қамыс арасы қалың
балдыр, балдыр арасы өткір арадай қалың қияқ, егер бала оған түссе, тілімденген
денесі ілезде тұтасқан кигіз қотыр болып кетеді. Сондықтан бала терең барса да,
қамысқа жалтыр жақтан жетуге тырысады. Және жетпей қоймайды да!..

Қамысқа малтып
жеткен бала судың түбіне сүңгіп кетеді де, қамыс түбіндегі қорыстау сазға
сұғына өскен сүйрікті түбінен шыжымдай тартады, олай тартпаса, үзіп алады.

Суға сүңгіген
бала, сүйрікті бір демде суырып ала алмайды. Оған бірнеше дем, бірнеше сүңгу
керек...

Бала сүйрікке
жабысқанда, қамыстың арасында жүзген сүлік те баланың денесіне жабысады. Су
түбінен сүйрік суыруды арман еткен бала сүлік талпақ тұмсығын денесіне оптыра,
қанын қылқылдатып сорып жатқанын сезбейді де.

Сүйрік суырылып
болғанша, сүліктің кейбіреуі баланың қанына тойып боп, домалап түсіп те қалады.
Тоймағандары, құшағын толтыра сүйрік ап, жағаға жарқын жүзбен малтып шыққан
баланың денесінде жабысып бірге жүреді. Денесінде сүлік жүргенін көрген
жүрексіз бала жан даусы шығып, жанын қоярға жер таппай бақырса, жүректі бала
қанға тойғанда тұрқы қысқарып, денесі жуандап быртия қалған сүлікті, жабысып
тұрған жерінен жұлып алады да, басынан бір қолымен ұстап тұрып, бір қолының
саусағымен сүлікті соза, денесін сығады. Сонда түсі өзгеріп те болмаған қызыл
қан, сүліктің құйрығынан жіңішкелігі жіптей ғана боп, шырылдап кеп атылады...

Көл баланың
көңілін сүйрігімен ғана тартпайды. Оның бетінде құстың балапанын аулау қандай
қызық!

Достың өз бойына
құс аз ұялайды. Қамыс арасына оралған салынды болмаса, онда ұя салынарлық орын
жоқ. Салындыға да құс ұяны аз салады. Көлдің суы терең болғандықтан, жел
тұрса-ақ толқын жүреді де, салындыны жылжыта береді, жылжыған салынды құсты
ұясынан адастырады. Кейде толқын ұйысқан салындыны ыдыратып жіберіп, ұя
бұзылады да, жұмыртқа суға кетеді.

Содан запы
шегетін құстарға Достың маңында ұя салуға аса қолайлы орын бар, ол - Дос
дөңінің күнгей жақ бауырына созыла біткен «Білипан» томары. Томардың айналасы -
адам да, мал да жүре алмайтын қорысты саз. Сазбен кең және жалпақ сақиналанған
өзектің ортасында, биіктігі кісінің бойындай қалың найза томар өседі. Томардың
төбесіне түйенің өркешіне біткен ұзын шудадай боп,«күңшәш» аталатын шөп шығады,
өзі қияқты болады: бай-қап ұстамасаң, қолыңды өткір пышақтай тіліп түседі. Етік
кимеген аяқ жараланып шығады.

Құстар ұясын осы
Білипан томарының ішкерірек қалыңына салады. Сондай қиын жерге салынғанмен,
балалар ол ұяға барудың да әдісін табады: сирағы мен қолын қияққа тілдірмеу
үшін олар аяғына жас қоғайжайдан етік, қолдарына жас қоғажайдан биялай киеді.
Сөйтіп томардантомарға секіріп, олар Білипан ішін кезеді де кетеді.

Әлі есімде:
Білипаннан құстың, әсіресе шағаланың жұмыртқасын қалталап емес, етектеп
шығарамыз. Бірақ соның бірі де ауылға келмейді, жасырып алып барған шелекке, не
бақырға асып тойғанша жейміз де, одан қалғанын асық қып атып, рәсуа қыламыз.

Біз қанша көп
алғанмен, Білипанның жұмыртқасы таусылмайды. Қайдан таусылсын: оның өнбойында
кеміне пәлен мың томар бар шығар... Әр томарға пәлен ұядан... Соларға салынған
жұмыртқаның бәрін кім тауысады!..

Сонша көп
томардан орын таппай ма, әлде балалардан, не ұядан, жұмыртқа шағып ішетін
жыртқыш құстардан қорқа ма,- кейбір үйрек, ұясын боздағы калың кәденің арасына
сап, балапандарын сонда шайқап өргізеді.

Қаз бен аққу,
ұяларын Білипанның бала жете алмайтын тереңіне салады. Ол жердің аты - «Мыя».
Мыя - томардың орта кезінде. Ортада томар сирейді де, арасына жасылдау бір
жұмсақ балдыр өседі. Балдыр - былқылдақ; бассаң, қайқайып төмен түсіп, асты
шұрылдай бастайды. Ол арада кідірсең, жұқалығы кигіздей ғана жасыл балдырдың
беті жыртылады да, астындағы қоймалжың қорыс адамды тарта жөнеледі. Қорыстың
тереңдігі сондай, кей жеріне бойлатқан сырық жетпейді... «Мыя» дегеніміз - осы.
Қанша өлермен болғанмен, бала ондай мыяға жоламайды. Соны білгендей қаз бен
аққу ұяларын Білипанның мыясына сап, жұмыртқаларын алдырмайды.

Жұмыртқаларын
Білипанға сап, сонда шайқағанмен, өрген балапандарын құстар Досқа әкеледі.
Олардың өсуіне Білипанның оты жеткенмен, суы жетпейді, жүзетін, сүңгитін
жалтыры жоқ...

Шілдеде Достың
беті балапанға симайды... Балапандарды аулау - балаға қандай қызық!

Құстар, әдетте,
балапандарын ауылдың малдары да, жандары да шырт ұйқыда болатын таң сәрісі
кезінде және көлдің жалтыр жақ емес, шөптесін жақ жағасына өргізеді,

өйткені онда -
балапандарға жұмсақ от та кеп және әлде-қалай қауіп төне қалса, жасырынуға
мүмкіндік те көп.

Бірақ
балапандардың мейірімді аналарынын, «қулығынан», балалардын, қулығы асып
кетеді. Түн бойына уақытын ойынмен еткізген балалар, балапандардың, отқа шығар
мезгілінде, жасырынып барып қалың шалғынның арасына жатса, «тәңірісі» құлағына
ғана болмаса, мұрнына сезгіштік қасиет бермеген бейшара құстар, адам иісін
сезбейді де, балапандарын өргізе жылжип отырып, жасырынған балалардың үстіне келіп
қалады. Қанаттары жетіліп, ұшып-қонуға жараған кезде болмаса, оған дейінгі
балапандар қалай қашса да балалар құтқармайды. Сонысын сезгендей, кейбір
балапандар, қалың шалғынның арасына кіріп тығылады да, нақ үстінен түспесең
қозғалмайды...

Дегенмен балапандарды
құрғақта ұстау, әсіресе үйрек пен қаздың балаларын ұстау оңай, суда ұстау қиын,
сонда, олардың өзінше қолданатын тәсілдері бар. Мысалы, үйректердің балапандары
сүңгумен құтылады. Қаз, аққу, шағала сияқты сүңги алмайтын құстар, кісі жүрер
кезде, қалың қамыстың ішінен жалтырға шықпайды, егер шыға қалса, жағадан алыс,
қамысқа жақын жерде ғана жүзеді де, адам қарасын көрсе, қамыс арасына кіріп
кетеді.

Түрлі тапқа
бөлінетін үйректердің ездері де, балапандары да сүңгігіш, сондықтан мылтық
дауысынан запы болған ірі үйректер ғана болмаса, тәжірибесіз балапандары
сескенбей, көлдің жағасы түгіл, суында адам қаптап жүргенде де жүзе береді.
Кейде олар ұстауға ойлаған балаларды қол жетер жерге таяу келтіріп, «енді
тұттым» деп ұмтыла бергенде, суға күп беріп сүңгиді де кетеді. Ыза болған
балалардың әдеттегі айласы - балапандарды судың балдырлы жеріне қарай ығыстыру,
егер оны істей алса, сүңгіген балапандардың кейбірі балдырға оралады да
сүңгімпаз балалар ұстап алады...

Көл жағасының,
әсіресе, біздің Дос жағасының балалар үшін қызығы - жұмыртқа қарау, не балапан
қуу ғана ма?.. Оның жағасындағы сүргілеген тақтайдай құмдақ тақыршағында асық
ойнау қандай қызық!..

Асыққа мергендік
керек. Тақырға қатар тіккен кенейлерді кейбір мерген бала сақамен қиядан
атқанда ұшырып түсіреді, мен ондай мерген емеспін, соның салдарынан, өскенде
мылтықшы да бола алмадым.

Дос басында,
балалардың судан шыққаннан кейінгі күні, тақыршақта асық ойнаумен өтеді.

Ұзақты сары күнін
балапан қуу, асық ойнаумен өткізген балалардың түнгі ермегі - ақсүйек,
соқыртеке, бұрақтан сияқты ойындар.

Ақсүйекте балалар
екіге жарылады да, дамбалдан басқа киімдерін, аралары алшақ екі жерге үйіп, ол
орындарды «орда» деп атайды. «Ордаларда», әдетте, ақсақ, соқыр сияқты, жүгіруге
жарамайтын кемтар балалар «хан» боп отырып қалады да, екі топ балалардың ішінен
кезекпен бір сүйекті лақтырып келеді. Екі жақтық балалары да сүйекті іздеп қай
тапқаны алып қашады, мақсат - өз ордасына шейін екінші жақтың балаларына
жеткізбеу; сондықтан бір жақтың, балалары біріне-бірі жәрдемдесіп, қай жүйрігі
алып қашады... Жеткен балаға қашқан бала қолындағы сүйегін талассыз береді...

«Соқыртеке»
дегеніміз - бір баланың көзі орамалмен байланады да, езге балаларды қуып, қай
қолына түскенінің көзін байлайды... Ол да басқаларды қуады...

«Бурақотан»
дегеніміз - балалар екі қатар боп, қарама-қарсы отырады да, араларынан бір
баланы қарғытып өткізеді. Қарғитын бала: «Бұл - қай ауылдың қотаны?» деп
сұрайды. Қатар отырған балалар, мысалы, «Жансүгірдің қотаны» деп жауап береді.
Қарғитын бала: «Қайтып-қайтып өтеді?» десе, отырған балалар: «секіріп-секіріп
өтеді» дейді. Қарғитын бала, қарама-қарсы отырған балалардың арасынан
секіріп-секіріп өтуге тырысады, мақсат - қарғитын бала ұстатпай жылдам секіріп
етуге тырысады, отырғандар ұстап алуға тырысады...

Жазғы түндердің
бұлардан басқа ойындары көп... Түнгі ойын, таңсәріден балапандар аулауға, одан
күндізгі асық ойнау мен қоға тартуға қосылады... Бір күннің ойыны бір күнге
осылай жалғаса береді...

Шіркін, Дос,
балалардың шын досы едің-ау, сен!.. Балалық шақта сенің жағаңда өткізген сол
бір қызық күндер, күні бүгінге дейін кез алдымда, нақ сол бейнелерімен
жарқырайды да тұрады!.. Сол бір күндер есіме түскенде, мен сені аса аңсап
сағынам, Досым!..

Жаманшұбарды шөл
дала көретін біздің ауыл,1928 жылы, бұл кезде қазыналық участок боп тұрған,
бұрынғы ата мекені - Қарағашқа көшіп, жаңа қоныста колхоз боп ұйымдасты. Ол ара
орманды, көлді-жері егіндікіке де, шабындыққа да қолайлы, жер астының суы жақын
- тамаша жер.

Біздің ауыл
көшкен соң, Жаманшұбар да, Дос та құлазып, мемлекет қорында, үстіміздегі 1954
жылға дейін бос тұрды. Советтер Одағы Коммунист Партиясының февраль-март
айларында болған пленумының қаулысына сәйкес, Жаманшұбар мен Достың маңына
бірнеше совхоз орнады. Олардың жүздеп өрген тракторларының тұтасқан қуатты
гүрілі қалғыған кең даланы оятып, жаралғалы малдың тұяғынан басқа ешнәрсе
тимеген тыңдарды, мың гектарлап көтере бастады!.. Сөйтіп, сүйікті Дос,
достасқан совет халықтарының еңбек майданына айналды. Ол темаға кейін
оралармыз, әзірге жазып отырған шығарманың темасынан шықпайық....