ВЕРНУТЬСЯ

    Нұр сіңбейді аспанға,
Кір сіңеді.
Сұлулықтың қалғандай құр сілемі.
Дариядай қызыл құм толқынданып,
Кәриядай көлдерім күрсінеді.
Жерден алып алғанда небір сыйды,
Өндірістің сарайы ыбырсиды.
Ару болып бой жеткен үкілі орман
Ауру жаңдай бүгінде ыңырсиды.
Найзағайлар қандай-ды көкті тілген!
Күйдіретін аспанды отты тілмен.
Күркіреген бұлттарым
Қазір енді
Күркілдейді тұншығып көк түтіннен!
Жерге берген аспанның бұл жауабы.
Жауын бұлты сияқты су жабағы.
Нұр жауады деуші еді бір кездері,
Нұр жаумайды бүгінде -
У жауады!
Болмаған соң ақылды билік онша,
Бостан-босқа адамдар күйді қанша!
Жиырмасыншы ғасырда -
Жиырма жаста --
Ойдан емес,
Жаңбырдан жидіген шаш!