ВЕРНУТЬСЯ

            Той-думандарда сайрайтындармен,

Жарқылдап жүзі жайнайтындармен,

Сертінен айтқан таймайтындармен

Таныс болсаңдар деп ем.

Өз қара басын ойлайтындардан,

Байлық пен даңққа тоймайтындардан,

Достыққа құшақ жаймайтындардан

Алыс қонсаңдар деп ем.

Сағынышпенен көрісетіндерді,

Қуаныш-қайғыны бөлісетіндерді,

Тұз-дәмін әр кез бөле ішетіндерді

Алыстатпасаңдар деп ем.

Үйлене салып салқындайтындардан,

Бастық болғанға жалпылдайтындардан,

Әділет үшін талпынбайтындардан

Таныс таппасаңдар деп ем.