ВЕРНУТЬСЯ

       Баспана деп бастайын бұл жырымды,

Отырғанда жамылып жылы күнді.

«Қылыш сүйреп» қатал қыс қысса келіп,

Өлең менің тыңдамас бұйрығымды.

Он жыл бопты, жүгірдім астанада,

Шақырса да бармадым басқа қала.

Алдамшы елес сықылды үміт қуып,

Он жыл бойы болдым зар баспанаға.

Қалай салған ағашты не кірпішті,

Баспана бір үй еді төрт бұрышты.

Алғашқыда, өртенгір, жерде еді,

Енді бүгін қиял боп аспанға ұшты.

Құзға
салған қыранның ұясындай,

Ұшпақтағы
софының хұжрасындай

Елестейді баспана - Алматының

Кең қойнына бір Қасым қойды сыймай.

Он жыл босқа жүгірдім, болмай жолым,

Баспалдағын тоздырдым квартбюроның.

Бір ордерға бір бастық қол қойғанша

Үлгеріппін мен жазып өлең томын.

Талай үйдің телміртті терезесі,

Алматыны шарладым ерте-кеші.

Алғызбады баспана - қиын қамал,

Көңілімде қалды тек көлеңкесі.

Ақын болдым, жырладым астанам деп,

Бос жүгіріп жүрмедім, босқа нан жеп.

Солдат болдым, сағындым, келдім қайтып,

Тағы біраз сенделдім баспана іздеп.

Жер сұрадым,
ақыры, күрке салар,

Жер де жоқ боп шыкқан соң, не шара бар?!

Жер сұрасам,
сілтейді зират жаққа,

Өлген жоқпын, қақым жоқ олай барар.

Қойдым енді, сірә, мен үй алмаспын,

Үйім жоқ деп ешкімнен  ұялмаспын.

Өгей ұлдай
қойныңа сыймасам да,

Кете алмаспын, астанам, қия алмаспын.

Аспан мен жер бәрі де үйім менің,

Сенің көркің, астанам, сүйінгенім.

Кең көшеңде еркіндеп жүрсем басып,

He қиындық болса да, иілмедім.

1945.