ВЕРНУТЬСЯ

             Қиналды ойда киік, қырда құлан,

Ән туды қамкөңілдер мұң-зарынан.

Жақсыбай бойындағы биылғы қыс

Кедейге ауыр тиді жылдағыдан.

Ақ боран жиі түтеп айналада,

Малшы үйден жете алмады қой қораға.

Мұндайда таусылмайтын ырыс-дәулет,

Ол кезде болады тек байда ғана.

Байлар мәз иық ішік, тондарына,

Риза күнде қарын тойғанына.

Қолында тұрған жандар билік, мансап

Озар деп бізден өнер ойлады ма?

Мандайға алтындатып ай қадаған,

жайлау жоқ олар көшіп, жайламаған.

әншіні жалғыз атты көзге ілсін бе,

Жұт жыл да жеңер-ау деп ойламаған.

Бұл қыстың қалың болды сонша қары,

Үстінде жеңіл киім, тон шамалы.

Бір жаяу желге қарсы келе жатыр

Сүйреткен шағын ғана қолшананы.

Ақ түтек, қарсы соғып тағы дауыл,

Күртікке жүргізбейді жолы да ауыр.

ілгері басқан адым кері кетіп

Жаяуға жеткізбейді шағын ауыл.

Айнала күңгірт тартып кешкіреді,

Шыққанын жолға жолшы кеш біледі.

Осында алдыңғы түн бір аттыны

Қасқырлар қоршағанын естіп еді.

Соны ойлап, тоңған дене жылынбаған,

Бір сәтке тоқтап ыққа бұрылды адам.

Қиыршық соққан қарға араласып

Құлаққа бір үн келді ырылдаған.

Боранның ызыңы енді баяулаған,

Естілді, енді дауыс таяу оған.

Астында аты да жоқ, қару да жоқ

Қасқырға не істемекші жаяу адам?

Кешікпей көрші ауылға жетемінмен,

Дегенде мынау жолым бекер білем.

Құйрығын бұлғандатқан екі күшік

Тонның кеп иіскеледі етегінен.

Ауылдың жақындығын енді біліп

Жолының боларына сенді жігіт.

Бірінші от көрінген зілмәңкеге

Есікті қақпастан-ақ келді кіріп.

Бай емес таныр тонның оюынан.

Шайдың да ұсынар ма қоюынан.

Үкілі шағын ғана домбырасын

Суырып алды қонақ қойынынан.

Жолшы еді, қырау-қырау, жай кісі еді.

Қонақтың жаяу келген, жәйлісі еді.

Қойыннан шыққан мынау сал домбыра

Оқыстан селк еткізді бәйбішені.

Бай бір сәт үнсіз ғана төзіп көрді,

Бәйбіше тез ас үйді кезіп келді.

Отырған осы жерде жас пен кәрі

Қонақтың жанарынан сезіктенді.

Қожайын кірбің алды қабағына,

Жас келін шоқ тастады самаурынға.

Заман мен боран қысқан қайран жастық

От көсеп өтіп жатқан ала қырда.

Әңгіме басталмады, жалғаспады,

Жастықты ысырып қонақ жанбастағы,

Қос шектің күйін қарап алған бойда

Асқақтау әуенменен ән бастады.

«Халыққа салмақ түсті Мешін - Тауық,

Жігітке атқа мінген болды хауіп,

Оралдан ән оздырған әнші Мұхит

Үйінен іше алмай жүр көже тауып».

Қуанып кетті үйдегі жастың бәрі,

Қазанда кіреді енді астың дәмі.

Бір ауыз әніменен сонда Мұхит

Осылай сырын, халін паш қылғаны.

Қыста да көңілдері тойға алаң,

Жүгіріп жетті жастар айналадан.

Бүл түнде шағын ауыл абыр-сабыр

Мұхитты келеді деп ойламаған.

Қожайын ашты қабақ оң қарады,

Бәйбіше қайнісіне тон жабады.

Келіндер жүгірісіп жылмаңдайды,

Қойылып дастарханға қолда бары.

Думан шақ, көмейден ән төгілгенде

Адамға қымбат кейде өмірден де,

Ақ боран соғып тұрған ала қырға

Ән келді көктем сыйлап көңілдерге.

Бүл түнде сүрі асылды, шәй қайнады,

Қыз-келін, жадырады, жайрандады.

Бозбала әнге қүмар елте тыңдап

Үлкеннің түсті есіне қай-қайдағы.

'Айтпаған сыр қалар ма, мұң қалар ма,

Арманға жетелейді ән тұрған алда.

Әншінің даусын үйге сыймағандар

Риза ауыз үйден тыңдағанға.

Мын әуен естігенге арман бүгін,

Бүл үйде сөнбейді шам таңнан бұрын.

Тербейді түнгі ауылды әнші даусы

Ескертіп бұл фәнидің жалғандығын.

«Жігітке өнер де - өнер, өлең де -
өнер,

Қас жүйрік өрге шапса өршеленер.

Барында қызылыңның қудай шайқал

Шамшырақ мың күн жанған бір күн сөнер».

Кеудеңде сайрата алмай тоты құсты,

Өртенбей махаббаттың отына ыссы.

Сүрінбей, жолға шықпай, күрес көрмей,

Бос өткен өмір, сірә, өкінішті.

Сал Мұхит барша ауылды дүркіретті,

Бәйбіше көзге жасын іркіп өтті.

Жүз күндік күйбің тірлік татымайтын

Осындай думандатқан бір түн өтті.

Далада атты ерекше ақ таң күліп,

Отырды ел осы кешті мақтан қылып

Әншіні қошаметтеп, сый көрсетіп

Жіберді ат мінгізіп, аттандырып.