ВЕРНУТЬСЯ

   Темір толқын ұрады
Тыныштықты күрсінген.
Тұтас қала тұрады
Тарсыл менен гүрсілден.
Айналамыз әр уақта
Айқай-шуға берілген.
Шыдай алмай
Аруақтар
Атып тұрар көрінен!
Күн астында күйеді
Көне дала соқпағы.
Тура миға тиеді
Децибелдер тоқпағы.
Жаңғырығып күнімен
Жатқан шақта осқылап,
Жүз мотордың үнінен
Шыдамайды қос құлақ!
Батпан дыбыс
Басыңа
Төнудейін төнеді.
Құлағыңды кесіп ап,
Лақтырғың келеді!
Тілі жомарт, сөзі бай
Төлімін мен түзімнің.
...Ауырсынған кездер-ай
Шыбын-шіркей ызыңын!