ВЕРНУТЬСЯ

      Жаннаты жер мен көктің сұлу Көкше,

Ризамын бар ғұмырым
Көкшеде өтсе.

Табиғат, таңғаламын тамашаңа,

Қандай күш жаратты екен сені ерекше.

Көп шығар көрмеген
жер, дүние кең,

Сонда да тау бар ма екен Көкшеме тең?!

Берсе де Гейне Рейнін, Гомер - Парнас,

Көкшемді мен айырбас етем бе екем!

Құмарың
Көкшетауды көрсең тарқар,

Адам түгіл, аңның да көзін тартар.

Көктемде көрсеңіздер Көкшетауды,

Жосылар бұғы,
марал, құлан, арқар.

Екі уақ
ерсіл-қарсыл қайтқан құстар

Көкшеге бір қонуға болар құштар.

Сықылды тіршіліктің жәрмеңкесі,

Ғажайып нендей сыр бар, нендей күш бар?!

Ұлпа бұлт бейне торғын орамалы,

Тоқып кеп тау мойнына оралады.

Жайғандай жасыл ала жібек кілем

Көкшенің кең құшағы,
бар алабы.

Көк қасқа
Көкшетаудың бетегесі,

Сықылды сепкен
алтын күн сәулесі.

Тыңдаған бұлбұл
үнін ойшыл орман

Толықсып бас
изесер ерте-кеші.

Сықылды тоқсан
ауыл тоқсан көлі,

Жалтылдап қарар дағы тартар сені.

Аралап сұлу
Көкше сай-саласын,

Шығады саяхаттап самал желі.

Тұп-тұнық қара
барқыт түні қандай,

Рахат дүниесі ұйығандай.

Сұлудың
алтын гауһар сырғасындай

Көкшенің иығында шалқыды ай.

Көкшеге құмартқандай «көк қыздары»,

Жымыңдап алтын кірпік жұлдыздары.

Айналар аспан жайлап дөңгеленіп

Көкшенің күмбезіндей жылжымалы.

Кербез тау көрінеді түстегідей,

Қарайсың түсіне алмай, тырс үндемей.

Бұп-бұйра төбелері қызықтырар

Сұлудың
сүп-сүйкімді бөбегіндей.

Шалқыған шымылдықтай атады таң,

Алқадай қойған қадап алтын Шолпан.

Ішінде сол шымылдық Көкше сұлу,

Қарайсың көркіне сен болып аң-таң.

Суреттеп жеткізе
алман қанша мақтап,

Келеді Көкше сұлу
көп сыр сақтап.

«Өзгемнен осым қымбат» дегендей-ақ,

Көкшетау Бурабайын тұр құшақтап.

1939.