ВЕРНУТЬСЯ

    Еркінге
Туғандар бұл жайлауда, мақтаныңдар.
Тау кезіп,
Шатқал кезіп
аттаныңдар.
Жаздың бір жайма-шуақ күндерінде
Жарты айдай Шәлкөдеде жатқаным бар.
Аспантау,
Бөркің бе еді?
Көркің бе еді?
Ақ бұлттар Шәлкөдеңде төркіндеді.
Жоғалып кете барды келесі күн
Жайлауға ертіп келген Еркін мені.
Бұл өзі жердегі ме,
Көктегі ме?
Жолықтым өлең-жырдың
көктеміне.
Әкесі қысылады
Баласының
Қонағын тастап
қаңғып кеткеніне.
Қылғытып
бауырсақпен қоса майды,
Қайтатын
Алматыға тосам айды.
Езіліп ертелі-кеш жата берсем,
Ет жеуден аузым, сірә, босамайды!
Нұр түсіп көңілімнің күмбезіне,
Нар таулар шақырады күнде өзіне.
Бір-екі сүңгіп шығып тастай суға,
Бусанып жатам ұзақ күн көзіне.
Отырып сосын
қиял қайығына,
Өмірдің барып
қайтам байыбына.
Әкесі кеште тағы қой сояды
Жоғалып кеткен ұлдың айыбына.
Байқаймын -
Батқан ойдың
тереңіне
Боз сақал разы емес
өреніне.
- Әке бар, шеше
де бар,- деп күлемін,
Ендеше, сол
Еркіннің керегі не!
-  Ақылың
жетеді екен бір басыңа!
Айналдың аз-ақ күнде сырласыма!-
Дейді де жымияды ол,- Ерме бірақ
Сен анау пәтуәсіз құрдасыңа!
Соны айтып үй иесі мәз болады.
Көңілдің көлдеріне қаз қонады.
Сол күннен,
Сол сағаттан
бастап-ақ мен
Саналдым
Ібекеңнің өз қонағы.
Жазатын құрысыңды желкедегі,
Жайлаудың жұмағы бұл өлкедегі.
...Мақтанып Еркін содан бір жыл жүрді
Қадырға көрсеттім деп Шәлкөдені.