ВЕРНУТЬСЯ

       1932 жылдың көктемі.
Күн ұясынан жаңа ғана шыққан, аспан шайдай ашық. Сонау қырқада бұлдырап бара жатқан шоғырмақ
Олжабектің көші. Оның жүрісі ондай шапшаң, бейнесі ондай көркем болмаса да
сағым көтеріп құлпыра түседі, заулап бара жатқандай шапшаң көрінеді. Таң құланиектене
бастағанда көшкен еді, қазір "Сарыадырдан" асты. Алдарында күнге
шағылысып, айнадай жарқыраған Қурайлы көлі жатыр.
-        Соға жүрсек пе екен, бұрылып кетсек пе
екен? - деді Олжабек, көлге көзі түскенде. "Қурайлы" басқа болыстың
жері, "Ықлас" колхозынан 40 километр. Олжабектің сонда да сақтанғысы
келіп еді, Жамал ұнатпады.
-        Тіпті, елдің бәрінен қашамыз ба!
-        Біреу бірдеме деп жүрмесе?
-        Қойшы, немізді біледі олар. "Сарыадырдан"
көлге қарай тура тартқан қара жолды қалдырып, қамшылар жақтағы жам жолға таман
Олжабек ойысса да, Жамалдың сөзімен қайтадан жолға келіп түсті.
     Жамал бұған
қуанып қалды:
-        Бәсе, елді аралай отырғанымыз жөн. Жайлы
жер кездессе мекен етерміз, - деді Олжабекке, сен қалай көресің деген пішінмен.
Олжабектен жауап қайтпады, басын шайқады ма, жоқ  әлдеқалай қозғалды ма, әйтеуір тымағының құйрығы шошаң
еткенін Жамал анық көрді. Қурайлы көлін қоршаған қалың егінші, түнде жауын болғандықтан
жердің дегдуін күтіп, бүгін егінге күндегіден кешірек шыққан. Біреу өгіз, біреу
ат, біреу түйе, қайсыбіреу аралас жегіп, қым-қиғаш қимылдаған жұртты Олжабек
пен Жамал көріп келеді. Ертөмен ауылдан шыққан айқай-ұйқай
дауыстарды да құлақтары анық естіді:
-        Әй, егеуді қалдырма, егеуді!
-        Тоқта, доғарылып қалды!
-        Аналар барып жырта бастады...
-        Мәулікейді оятыңдар, Мәулікейді! Егіс
басталғалы бірқатар күндер өтсе де, ауыл әлі даурығуын қойған жоқ. Көз алмай
қарап келе жатқан Олжабек қабағын бір шытып күбір етті:
-        Жұмыстарында өнім жоқ. Өгіз бен сиырды
аралас жеккен бір бөлек егінші қара
жолды жиектей
соқасын жаңа ғана салған екен. Олжабектер келіп солардың қасына тоқтады.
Егіншілердің көлігі бастықпай, өздерімен-өздері әуре болып жүр, бұларға қапелімде
қарай қойған жоқ. Олжабек көзі көліктерде.
-        Ана сиыр бұзау бере ме, енді! Обал-ай...
- деген ойда тұрғанда:
-        О, жігітім, жол болсын, - деді
егіншілердің ішіндегі селдір сақал біреуі. Жасы үлкен адамға сәлем бермегені есіне
түсіп, Олжабек:
-        Ассалаумәлейкім, - дегенде, түйенің
үстінде отырған Жамал мырс етті. Егінші де күліп жіберді.
-        Е, бәсе, жасың кіші көрінеді ғой,
шырағым, - деді де сорайған мойнын соза түсіп Жамалға:
-    Есенбісің, балам. Ал,
жөніңді білдір. Танымадық,- деді Олжабекке. Олжабек жөнін жөнді айтпады. Сұрастыра
келе шалдың кім екенін өзі жақсы біліп алды. Оған кездескен осы елдегі
"пышақшы Мешел" дейтін адам еді, білгенінше жай- жапсардың бәрін
айтты. Олжабек сұрай берді... 
-        Отағасы, сонымен колхоз егінін салып
жатырмыз де.
-        Иә, шырағым, әйтеуір қауым болып кіріскен
іс қой, тәңірі тек оңын берсін.
-        Осы маңдағы елдің бәрі де колхоз болды
ма?
-        Колхозсыз жер бар дейсіз бе? Әлде,
сіздің жақ болыңқырамай келе ме?
-        Кім қалпында отыр дейсіз.
-        Бәсе, ел-елдің бәрі-ақ осыған келді
деседі ғой.
-        Дегенмен, "Ортақ өгізден, оңаша бұзау"
жақсы да.
-        Әй, балам-ай, ол заман мен бұл заман бір
ме? Заманына қарай амалы да бар емес пе? Олжабек көп әңгімелесіп тұра алмады.
Даладағы егіншілерді аралап құйғытқан екі атты осылай қарай ойыса шапты.
"Белсенділер екен" деген ой келді Олжабекке. Бар пәле белсендіде деп
білетін еді. Жүрегі қобалжи бастаған
соң, отағасыға
жауапты келтесінен қайырды да, жөнеліп берді. Екі көзін аттылардан әлі алған
жоқ. Ештемеден қаперсіз бара жатқан сияқты. Бірақ оның жүрегі сескенгенін
аттылардың деңгейінен өткен соң да артына қиғаштай қарай беруі сездірерлік еді.
Егер аттылар осылай қарай тура беттегенде, Олжабек сасқанынан "ал, Жамал, ұсталдық"
деуге де бейім еді. Олар өз бетінше кетті. Олжабек демін күрсіне алды да,
тымағының құйрығын түре киіп, ерге бір жамбастай отырды. Жолындағы ауылдардың
біріне соқпастан, көлді жиектей жүріп келеді. Беті елсіз дала... Аралары таяқ
тастам ауыл, ауыл маңы өрістеген мал, қаптаған егінші, тынымсыз кыбырлаған жұрт,
қалың думан - бәрі артта қалып барады. Жамал шыдай алмады:
-        Олжеке-ау, енді алдымызда ауыл
көрінбейді ғой...
-        Көрінбесе мейлі.
-        Орның күреулі тұрғандай кідірместен
тартып барасың, елді аралай отырып, мән-жайын білу керек еді ғой.
-        Бәрін көріп келем. Өзіміздегі колхоз.
Өзіміздегі белсенді. Өздеріндегі колхоз, өздеріндегі белсенді екенін Жамал да
біліп келс жатыр. Бірақ Олжабектің іздеген елі қай жерде екенін ойлап-ойлап
таба алмады. Жамал түгіл Олжабектің өзі де ондай елдің қайда барын білген емес.
"Сұрай-сұрай Мекке барады" демекші, әйтеуір совет кол астында бар болса
сұрастырып таппақ. Бар болу керек, "ел ала, бұлт шола" дейді ол Егер
жоқ болып шықса қайтем? - деген ойға онша тоқталмады, тек Жамал ғана мұны
көбірек ойлады. Әсіресе, мынау елді аралап өткен соң Жамал бұрынғысынан әрі
күдіктене түсті. "Елдің бәрі колхоз болған ғой", - деген қорытындыға
келіп те қалған еді, сондықтан Олжабектің аужайын тағы да бір байқап өтті:
-        Олжеке, елден ала бөтен не іздеп
барамыз, осы? Олжабек артына бұрылып, Жамалдың бетіне алара бір қарады. Жауап қайырған
жоқ. Оның осы қарасы ауыздан емес, жүректен қайтқан жауап екенін Жамал жақсы ұғынды.
"Ұнатпай қалды-ау" деді ішінен. Бірақ, оны кек қылмады, жымың ете түсті де Олжабекті
сөзбен түрткілей берді:
-        Тым құрығанда бір әңгіме айта жүрші
енді. Кешеден бері жөнді тіл
қатпайсың, ашуың әлі тарқамай келе ме? Шынында оның бойынан түндегі ашудың
зардабы шығып болған жоқ-ты. Ол тосын көзге қойдан қоңыр көрінгенімен, көңілі
бір қайтса жуықта қалпына келе қоймайтын, томырық жігіт. Сонысына қарай бетінен
де қайтпайтын мінезі бар. Атамекенін, бірге өсіп, біте қайнаған елін тастап, құла
дүзге шығып кетуі осы мінездерінің бойлауық асаудай ырық бермегені ғой. Осындай
иі қатты Олжабектің бабын табатын бір ғана Жамал. Жамалға ол сенеді, жанындай
жақсы көреді, әлі күнге қамшымен бір тартып, не ашуланып, кісі көзінше бір ұрысқан
емес. Ең мықтағанда көзін аларта қарайтын да қоя салатын.
-        Тыныштық
іздеп барамыз, - деді әлден уақытта Олжабек, ақырын ғана күрсініп қойып. Әңгімені
тыныштықтан бастағанымен, айтайын дегені әуелі тынышеыздық жайында еді, сөзі
үзіліп қалды. Жамал күліп
жіберді.
-        Ол қайда бар екен?
-        Дүние кең ғой, соның бір жерінде бар
шығар әйтеуір...
-        "Жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен
жүріп адас" деген қайда?
-        Колхозға еріп солар-ақ қарық болсын, -
деді Олжабек. Оның даусы сөзінің ақырында
қатулана шықты. Өйткені, осы ұзақ сапарға аттанар алдында өзінің немере інісі
Кәмеш үш-төрт кісімен келіп, бірқатар әурелеген болатын. Жалынған, ақылын айтқан. Әбден болмаған
соң: "мен сенен бездім, бірақ ұмытпа,
"азды аяған көптен құр қалады",-
деп тұра жөнелген-ді.
-        Безсең безе бер. Безбегенде сенен
көргенім белгілі. Комсомол болғанда, колхоз бастығы болғанда мен үшін болған
екенсің ғой. Ой,
сасық неме? Маған "ортақ өгізден, оңаша
бұзау артық". Аспан асты кең, - деп безере түскен еді Олжабек. Ашуланғаны сонша, қой көзі
қып-қызыл болып қанталап, өңінде
ызаның ұшқындары шашырап тұрды.
Әншейінде басалқы айтатын Жамал, бұл жолы бірдеме
деуге батылы жетпеді.
-        Молдажан-ау, саған не болған, Молдажан,
- дей берді Кәмешке. Осы
әңгіменің артынақ ел жата, Олжабек отауын жыққан да көше жөнелген. Жаңағы сөзінен
сол өткен түнгі ашудың зардабы әлі көрініп тұрса да, Жамал өз ойын оның алдына
ептеп тарта берді.
-        Зады, колхозсыз ел естідің бе, Олжеке?
-        Бұлт ала, жер шола емес пе, неге
болмасын?
-        Қай жерде екен?      
-        Білсем әлдеқашан айтпайым ба? Кім біледі
қайда екенін. " Сұрай-сұрай Мекке
барады" деген, табармыз сұрастырып.
-        Табылған уақытта да біз ол елге кірмеміз
ғой. Кірменің күні белгілі еді-ау, Олжеке? Жамалдың кейінгі сөзіне Олжабек
көпке дейін жауап қайтара алмады. Бай билеген ескі ауылда кірменің күні қараң
екенін жақсы біледі ол. Өз елінен, колхоздан сырғақтап, басқа бір елдің шетіне
барып отырғанда көретіні
көзіне
елестеді... Күркетауықтың құйрығындай, одырайып тұрған
тымағының құйрығы желп етіп түсіп кетіп еді, оны қайтадан
қайыру да есіне келген жоқ... "Қазақ ауылында кірме деген бұралқы иттей, оған кім
қоқаңдамайды. Жалғыз биенің қымызын елдің аузына тосасың жалғыз түйені кім көрінген жайдақтайды. Сөйтіп
жағынбасаң есігіңді түріп
қойып, шауып алудан да тайынбайды қазақ. Бұның несі
тыныштық? Бірақ колхозға енсең, көретінің онан да сорақы...
Құдай-ау, ойдан-қырдан жиылған қырық құрақ ел
еншілес болмақ түгіл, бір әкеден туған ағайынды адамдардың да еншісі
бөлек-ау!.."-деген ойда келе жатты.
-        Рас, кірменің де күні қараң. Бір беделді
адамды сағалармыз. Мынау "күшік" аман тұрса, құда-жекжат, тамыр-таныс
болып кетпейміз бе, әлі-ақ.
-        Осы заманда құдалық бар ма, тәйірі. Тал қармағаның
ғой, - деп Жамал күбір ете түсті. Олжабек сөз таластырған жоқ. Торыны сипай
қамшылап, төңірекке көз жіберді... "Сарыадыр"
арт жақтарында көз ұшында қалыпты. Қурайлы көлінен ұзап кетсе керек, мүлде
көрінбейді. Одан бергі жер мидай жазық дала, жұпар исі аңқып, масағыдай түрленіп
тұр. Гүл қуған көбелек, төбеден түйілген құладыннан басқа бұл даланы
сайрандаушы жоқ тәрізді. Тек қана бозторғайдың көкте тұрып шырқаған әні
естіледі. Денесін түйе тербеген Жамалдың көңілін торғайдың әні тербеп,
баяулатып әндете бастады:
 Ертістің ар
жағында бір терең сай,
Сүйреткен жібек арқан тел қоңыр тай,
Басына миуа
ағаштың қонып алып,
Сайраған таң
сәріден қара торғай.
Қара торғай, ұштың зорға-ай,
Бейшара,
шырылдайсың жерге қонбай...
Тамылжыған дала,
жібектей жұмсақ ән, жым-жырт тыныштық
- Олжабекті де әлдилеп келе жатқан сияқты
еді, әлден
уақытта "уһ" деген дауысы артта келе  Жамалға естілді. Ерінің ішінен шыққан ыстық леп, Жамал
дың нәзік әнін су құйғандай басып тастады.
-        Олжеке, бір
жерің ауырып келе ме?
-        Жоқ, әлгі
антұрғанды айтамын-ау, әншейін.
-        Әлі де Молдажанмен болып келемісің?
Комунес болған соң айтады да.        
-        Мен үшін болған ғой, сасық неме!
"Құтырған ит иесін қабады", -
деп маған тап бергені несі екен!.. Ал, орныма
бияз ексін, енді.
-        Әй, Олжеке-ай, түбінде соның айтқаны
келер деймін.
-        Не білуші
еді ол "Колхоз, колхоз"... деп қоймайды, баяғыдан бері колхозсыз да
күнелтіп келген жоқ па жұрт. Алдарындағы биік жонға ерлі-зайыпты екеуі осындай шыңсыз
қағысумен жетті. Жонның арғы беті қаптаған егінші, одан арғы жазықта қаптаған
ел көрінеді. Жел айдаған қаңбақтай, жон-жосықсыз көше беруге жалыққан Жамал,
Олжабектің іздеген елі осы болғай-ақ деп дәмелене қараса да, көзіне өзгеше
ештеме түспеді. Жонның бетін жапа-тармағай жосылта тілгілеп жатқан жұртты қақ
жарып, Олжабек бөгелместен тарта берді. Екеуінің де көзі егіншілерде. Бұларды
өткізбеске әдейі жасаған бөгет секілді, алдарында айдап тастаған жалпақ тың
жатыр. Жебелей басып бір
жаяу, қызыл дәнді қара жерге серпе шашып, осылай
қарай өрлеп келеді. Алты өгіз жеккен бір сабан,
алдын бастаған қаршадай бала, артын ұстаған дода сақал
қара кісі жер қыртысын таспаша тіліп, қара шымды төңкеріп
барады. Олпы-солпысыз теп-текше, бір жал қалмай, шымдары қолдың саласындай
болып жатқан жалпақтыңнан Олжабек көзін алған жоқ. Аузын бір тамсанып, Жамалға қарады:
-        Сен анау бастан айналып өт. Мен
мыналарға соға жүрейін, қазақ па, мұжық
па өздері.
-        Шын тани алмадың ба? - деп Жамал езу
тартты.
-        Жұмыстарын айтам... - деді Олжабек
кетерде. Анда-санда шыбыртқысын үйіріп, шарт еткізіп қойғанда
"соп-соп" деген даусынан басқа дыбысы шықпаған дода сақал сабаншы,
Олжабектің берген сәлемін ішпен ғана алды. Өкпелі адамша Олжабекке тура қарай қойған
жоқ, екі көзі бороздада, ішкі өгіздің бірі аяғын шалыс басып еді, шыбыртқысы
шарт етті, өгіз бір қайқаңдап бороздаға түсе қойды.
-        Отағасы, бұларыңыз
колхоздың егіні шығар, ә? - деді Олжабек біраз еріп отырған соң. Сабаншы жауап
қайтармағанға "құлағының мүкісі бар ма?", - деп дауыстағалы келе
жатыр еді:
-        Өз егінім, - деді сабаншы. Даусы тым нық
шықты. Олжабек аңырып, өгізге бір, сабаншыға бір
қарай берді.
-        Япырмай, ә?.. Осыншама жер... колхозға қалай енбегенсіз? Сабаншының аузына
телміре қалса да, жуырда жауап ала алмады Олжабек. Мазасын кетіре берсе шыбыртқымен
тартып жіберетіндей көрінді шал. Түсі суық, аузы ауыр болғанмен, шал ондай оспадар
адамға ұқсамайды. Топырақ түсіп кызарыңқыраған көзінің құйрығымен бір қарағанда-ақ
Олжабектің ішін шолып өтсе керек, "сендей еріккенмен әңгімелесуге уақытым жоқ"
дегендей пішін көрсетті де, сабанның құлағын ырғап жіберді. Шайқала басып келе
жатқан алты өгіз таспаша созылды. "Со-оп" деген сабаншының даусымен
қоса, тобылғының түбірлері бырт-бырт үзілді. Шалдың айызы қанғандай, құшырланып,
тісін басып-басып кояды. Олжабек ере беруге жалықты. Берген сұрауына жауап
қайтпаған соң, өз сұрауына жауапты өзі берді де, кетуге оңтайланды:
-        Отағасы,
жай айта салдың-ау деймін, колхоз егіні болар бұл? - деп, атының басын бұра
бергенде ғана, шал оған шүңірек көзін қадап, тура қарады.
-        Колхоз егіні өз егінің емей немене?
Салуын мен салып, өнімін сен жемек пе ең?
-        Жарықтық-ау, мен жеймін деп қашан
айттым, сізге?! Олжабек сасыңқырап қалды. Шал онысын сезді де, жылы шырай
берді.
-        Түсінбей тұрсың, шырақ. "Еңбексіз
жейсің" деп байларды құртып
жатқанда, еңбек істеуші өз еңбегінің игілігін
өзі көреді де. Өз егінім дегенім сол. Колхоздың егіні сонда біздікі болып шығады.
Олжабек бәріне түсінген
кісідей ыңылдады да, "қош" айтып жүріп кетті. Ішінен "нағыз
белсендінің өзі екенсің" деп
бара жатты. Шал да оған артынан бір қарап, басын шайқады. Бұл
кезде Жамал егіншілердің арасынан шығып қалған. Ауыл жақ шетте біреулер жер
жыртып жүр, солардың қасынан өте бергенде кенеттен бір жанжал көтерілді.
-        Неге ұрасың?!.
-        Неге айдамайсың, бос келеді!.. - деп,
керілдесіп тұрған екеудің жанжалын
Олжабек тыңдамай кете алмады. Жамалды артынан қуып жеткені сол еді.
-        Тұра тұр, мыналар қайтер екен, - деді
атының басын тарта қалып.
-        Қойшы,
елдің жанжалын тыңдағалы жүр ме едің. Жылжи берейік онан да, - деген Жамалдың
сөзіне құлақ қоймастан, көзін бағжитып егіншілерге қарай қалды. Егіншілер
дабырласып жатыр... Сөз әлпеттеріне қарағанда ұрысарлықтай ештеме көрінбейді.
Ортаға қатар жеккен екі өгіз екі кісінікі екен, екеуі соған шайырмалдасыпты.
-        Мал-екеш малды да алалайсың, мал
көрмегір!
-        Арам қатқырың аяғын бір баспайды, бәрін
менің өгізіме тартқызбақ па едің?!.
-        Ау, жарқыным, бастапқы иесі сендер
болғанмен, қазіргі иесі колхоз ғой
осы көліктердің, қойсаңдаршы!..
- деген
басалқашыларға егеекен екеу жуырда ырық берген
жоқ.
-        Ортаға салуын салдым, бірақ өз малыма
өзім көз боламын.
-        Бәрібір өзің билейтін болсаң, онда
ортаға салғаның қайсы?
-        Өйтіп ақжүрексімеңдер, білдің бе,
қайсыңның болса да, жайың белгілі.
Бірер қара қымқырмаған кім бар? Айтшы, кәне! Дәл өзіңнен тауып берейін мен!..
 
-        Таба
алмассың, - дегенде тәпелтек сарының дауысы бәсеңдей шықты. Оның міңгірлегені
басқалар түгіл өзіне де түсініксіз болғанмен, бір кілтипаны бары түсінікті-ақ
болды. Олжабек те соны сезгендей, торыны тебініп қалып, жүріп кетті. Ауылға
қарай кетіп бара жатқан жалғыз жаяуға жете жүріп ел жайын сұрай барғысы келді
Олжабектің. Жол бойы кездескен екі егіншінің келбеті оған екі түрлі көрінді. Алғашқы
дода сақал сабаншы қарттың жұмысынан мін таба алмаса да, "белсенділігі"
жуып кетті. Кейінгі кездескен
егіншілерге үйірін көрген жылқыдай шұрқырай қалса да жұмыстарына
қарап, "айтып ем ғой, құр әуре" деп, бұрынғы ойына кетті. Осы өзі
көрген екі түрлі еңбектің түбінде қайсысы жеңерін анық болжай алмады. Бірақ
дода сақал жүрген сонау беткейден бастары сынық сүйем, араларынан ит тұмсығы
өткісіз егін тоғайы көзіне елестей береді...
-        Әй! - деді
бір уақытта, ойға батып келе жатқан Олжабек.
-        Әу, - деді Жамал.
-        Шіркін-ай, жаңағы бір егінді ұқсатып-ақ
жыртқан екен, байқадың ба?
-        Е, жақсы көрінеді. Бәрі көңіл қоюдан да,
әйтпесе оқуы бар деймісің оның.
-        Иә, бәрі көңіл қоюдан, - деп Олжабек
демін ішіне молырақ тартып алып,
аздап шығарды да сөзін соза түсті:
-        Егер жұрттың бәрі жаңағы шалдай
пейілімен істесе, бұл колхоз дүрілдеп-ақ
кетер еді. Бірақ не керек, жанның бәрі
бірдей емес, біреу олай, біреу бұлай, көрмейсің бе, жаңағылардың жанжалын... Сонсоң екі арада
момын сорлайды. Әйтпесе... Алдарындағы
жаяуға жетіп қалған екен, Олжабек сөзін аяқтамай тоқтады.
-        Ассалаумәлейкім,
- деді жаяу, болдырған қасқырша артына алара қарап, алқынып тұрып. Аяқ басы тым-ақ
сылбыр тәрізді еді, мұнша деміккені тіпті ерсі көрінді Олжабекке.
-        Әликсәлем, - деді жаяудың бетіне таңдана
қарап.
- Жүре сөйлесейік, құрбым, егіс қалай, бітетін
бе? Жаяу алқынған қалпында жауап бермей жүріп отырды да:
-        Бір бітер әйтеуір, салып жатыр ғой, -
деп күңк ете түсті. Бұдан әрі
Олжабек пен жаяу бұрыннан сыралғы адамдарша
жампаңдасып кетті. Сөйлескен сайын Олжабек жаңамалап
таяна береді де, жаяу алқынуын қойып, сөзін ширата
береді.
-        Осы отырған елдің бәрі колхоздасты ма?
-        Есебі, бәрі.
-        Малдың бәрі ортада ма?
-        Ортада болғанмен қазақ қазақшылығын істемей отыра ма? Бармақ басты, көз қысты бар
ғой.
-        Ат аяғы жетер жерде колхозсыз ел естіле ме, сірә? Жаяу
жігіт үндеместен, жіпсік көзін сығырайта, алдындағы ауылдардың басынан аса
қарады. Көз ұшында
бірдеме көрінгендей, таяқпен
солай қарай нұсқап тұрып:
-        Мынау елдерде, - деді мүдіріңкіреп
қалып. Оның "мынауы жақынға,
ал таяғының тым жоғары көтерілуі алысқа
сермегендей еді. Олжабек қайсысын ұстарын білмей,
таяқтың ұшына бір, жаяудың бетіне бір жалтақ- жалтақ
қарай берді. Жаяудың одан арғы сөзі Олжабекті тіпті
шатастырды.
-        Әуелде осындай колхоз болған екен,
ештеме шықпайтын болған соң, таратып жіберіпті ғой.
-        Қай елдер? - деп Олжабек елең ете түсті.
-        Осы мына Кіші жүз. Білгіштері көзін
тапса керек.
-        Япыр-ай, анық хабар бар ма?
-        Жел соқпай шөп басы қимылдай ма?..
-        Солай-ау.
-        Колхоздың жұмысы көп. Осы телегей-теңіз
даланы да есептеп, жоспарлап жатыр... Байқасам,
тіпті биыл бітер емес... Бір жоспардан
соң, бір жоспар... Сонсоң, ауырдым деп
қайтып кеттім, - деді жаяу. Оның алғашқыда екі иіннен
демін алып алқынғаны, Олжабекті осы елдің адамы деп
"ауырғаны" екен, енді мүлде сауығып кетті. Манадан бері екеуінің әңгімесіне құлақ қойып
үндемей келе жатқан Жамал,
жаяудың айласын естігенде еріксіз күліп жіберді.
-        Япыр-ай, өтірік ауруыңыз шын ауруға
бергісіз екен. Екі өкпеңізден қысып, жаныңыз мұрныңыздың ұшында тұрғандай
болдыңыз ғой, жаңа.
-        Өйтпесең нана ма? Бір жайлы болғанша,
өстіп күнелте тұрамыз да.
-        Ауырдым дегенге босатқандары жақсы екен.
-        Е, ауруды босатпай, сонша нағыпты.
-        Ауырдым деп әркім сіздей кете берсе, жұмысты кім істемек. Түбінде "ауруға"
да бір тексеру болатын
шығар.
-        Әркімнің басынан бұл айла шыға бермейді,
құрбым. Сонсоң жұрттың өзі колхозға көндігіп қалған түрі бар. Жалғыз
апамды алған осында бір жездем болатын, өзі комсомол да емес, қолына
"ағауыз" шығып, жұмысқа бармай жатушы еді, е, құдая, тоба,
"жат" деп қанша қақсасам да болмастан, сол өзінен-өзі жұмысқа
кетіп-ақ қалғаны. Не
дерсің енді оған...
-        Дені сау кісіге қарап отыру қиын ғой, -
деп Жамал даусын солғындау шығарды. Сол кезде оның көзі ауыл жақтан келе жатқан құлақасқа аттыда еді.
Жаяу да көрген екен, өңі өзгеріп дем
алысы тағы да жиілей бастады. Олжабек ештөмені байқаған жоқ,
"колхозын таратып жатқан елге барсам ба, жоқ әлде осы маңның өзінде айналсоқтап
жүре тұрып, колхоздың тарауын күтсем бе..." деген ойда келе жатты. Бірақ ол ойын аяқтатпай, жаяу бұзып жіберді.
-        Мынау келе жатқан, біздің колхоздың
бастығы.
-        Ә, солай ма? Қош болыңыз, ендеше. Жаңағы
айтқан еліңізге қай түспен
асуға болады.
-        Мынау қоңырды бетке ұстап жүре беріңіз,
- деді жаяу, иегін көтеріп қойып. Ол иегінің
астына ала сөйлеген қоңыр
шоқы кемінде түстік жерде тұр. - Алдыңыздан үлкен
қаражол кездеседі, сол жол қалың елді қақ жарып отырады
да тура Кіші жүздің ішіне енеді. Қош, жолдарыңыз
болсын, - деп жаяу жөніне кетті. Олжабек
пен Жамал қоңыр шоқыны бетке ұстап тарта берді. Ақылдарына әлі үйір салған жоқ.
Бірақ, екеуінің де көңілі көтеріңкі.
Әлдеқайда алыстан бұлдыраған үмітке лезде-ақ
жетіп қалған сияқты. Өкпелеген советке де, араздасып айрылған Кәмешке де
Олжабектің іші енді бұрынғыдай бұра бастады.
-        Бұның тәртібіндей тәртіп бар ма, шіркін!
- деді ол, шырт түкіріп тастап. Көңілдене
сөйлегенде түкірігін тісінің
арасынан атқытатын, бұл жолы тіпті әсем атқытты. Жамал оның түкірісінен көңілді
екенін, "бұның" дегені -
совет екенін түсіне қойды.
-        Ұрыға, байға қандай қас. Момынды
сүйейді-ақ қой. Жәрдемін бір жағынан
беріп жатады. Обалы не "қара бұқараның табанына қадалған тікен, маңдайыма
қадал" деп отырады. Жайсыз тигені
осы бір колхозы еді. Байқамаған ғой,
елдің бәрін бір қазанға қаратамын деуін қойғаны жақсы болды. Илаһи тек рас
болсын. Әлгі бір антұрғанмен де түс
шайысып қалдым. Оған да кінә жоқ, көменес қой.
-        Енді неге қайтпаймыз?
-        Қоя тұр. Көз әбден жетсін
-        Өзің көзі жеткен кісіше сөйлеп келесің.
-        Қисыны солай. Қазақ - қазақ болғалы енші бөліскені болмаса, енші қосқанды көрген
де емен, естіген де емен.
-        Алда-жалда осы хабар бекер болса
қайтеді?
-        Мына екі-үш қараны бағып-қағып отырамыз.
-        Елдің бәрі колхоз болса қайда отырасың?
-        Аспан асты кең.
Жамал ернін бір
тамсанды да, Сағынтайды аймалай бастады.
Пыс-пыс ұйықтап жатқан бөбектің келешегі неше қилы
боп елестеп кетті оған.
    Шаңқай түс. Балбыраған жерге күн нұрын құйып
тұр. Қаулаған көк қызулы нұрды құшқан сайын құлпыра түседі. Манадан бері
басын жерден алмаған екі жылқы, бір түйе қарыны шеңбірек атып, ыңқ-ыңқ етеді. Тымық
далада баяулап ұшқан көк түтін басылған. Екі керегеден жасалған итарқаның
ішінде, екі қолы екі жақта, шалқасынан түсіп Олжабек қор-қор ұйықтап жатыр. Қалыңдау
жауып жатқызған Сағынтайдың танауы тершіп, қып-қызыл боп күреңітіп кеткен. Тек
Жамал ғана әлі тыныштық алған жоқ. Ол сонау иірімдегі қарасудың жағасында,
аппақ төсі күнге шағылысып, қара шашын тарап отыр. Оның айнасы алдындағы көк
мөлдір су. Судан өзінің кіршіксіз тәнін айқын көрді... Бетін жел қағып, күнге
күйіп күреңітсе де, жаудыраған бота көзі өзгерген жоқ, іші-тысын бірдей көрсететін айна сияқты. Денесі қандай ақ
болса, жүрегі де сондай ақ екенін, су
қандай мөлдір болса, ойы да сондай мөлдір
екенін жаудыраған бота көзі айтып тұр. Арқасын жапқан
қалың шашы күннен қандай қорғаса, ардақтап сақтаған
ар-ұяты жамандықтан сондай қорғап тұр. Сонда да
ол адалдықтың шыңына жете алмадым-ау деп, күрсінеді. Көзінен
жас шықпаса да, кең кеудесін өкініш кернеп кетеді. Жамалдың көз алдынан сонау
алыстағы күндер өтіп жатыр...
Онда қыз кезі. Бірақ, Олжабекке атастырып қойған. Екеуінің әкесі қалыңмал жөнінде
түс шайысып, бір жылдай қарым-қатыс суысыңқырап кеткен болатын. Жамалдың онда өмірлік
жарынан да әкесін жақсы көретін кезі.
Содан ба, жоқ әлде сүйікті жеңгесі Әйімкүлдің азғыруынан
ба, әйтеуір Бәкенмен кетуге бір ауытқыған. Ол екі арада екі құда табыса қалды. Бәкен жайына кетті.
Бірақ осы Бәкен мен Жамал өңінде
бір көрісіп, екі ауыз сөзге келіспесе
де, түсінде бір төсекте жатқаны бар. Міне, Жамал соны ойлап күрсінеді. Күнә деп
біледі. Олжабектен оны әлі күнге жасырады. Қолденең адамға бұл күлкі боп көрінее
де, Жамал бұны опасыздық, жасырғанын арамдық деп біледі. Сонда да айтқан емес. "Айтсам көңілі қалар" дейді.
Шашын өріп
болған кезде Жамалдың бұл ойы да нақталып сыр сандығына қайтадан салынған еді.
-        Ой-бай, қайдасың,
Жамал! - деген ащы дауыс құлағына саңқ ете қалды. Жүрегі алып-ұшып, жаппаға
қарай жүгірді Жамал. Жаппаға келсе қолын ұстап Олжабек зар қағып отыр екен.
-        Не боп қалды?!
-        Жылан шағып кетті!
-        Жасаған-ай, жапан далада қақсатайын
дедің бе?! Жамал еңіреп келіп қамзолының ішкі бауын үзіп алды да,
Олжабектің қолын шынтақтың тұсынан тас қып таңып тастады. Жылан тісін май
алақаннан салған екен, лездің арасында ісік шынтаққа барып қалыпты. У жайылып, күптей
болып талауратқан алақанды дәл жыланның тісі тиген жерінен Жамал тілімен сора
бастады.
-        Уы аузыңа жайылар, сормашы, сорма! -
деді Олжабек. Жаны сауға іздеп отырса да
Жамалды аяп кетті. Жамал онысын тыңдаған жоқ.
-        Сенен жаным
артық па! - деді, уды сорып алып бір түкіріп тастаған кезде. Тағы да сора
берді. Олжабектің даусымен шошып оянған Сағынтай тыным таппай шырылдап отыр. Қаны
қашып, сұп-сұр болған Олжабек, маңдайынан шып-шып шыққан суық терді сау қолымен
бір сыпырып тастап, баланы бауырына тартты.
-        Бейшара, құдай
бірдеңе білдірді ме саған, - дегенде дірілдеңкіреп, қарлыға шыққан даусынан
аяныш пен қорқыныш бірден сезілген еді, кідірмей көзінен жас та парлап кетті.
-        Шырылдамашы,
балапаным, ештеме етпейді! - деді Жамал. Баланы жұбатқаныменен өзін жұбата алмады.
Екі көзі бұлаудай, бірақ
даусын шығарған жоқ. Ал ақанды
тілі ауырғанша сорды да, дереу Олжабектің ерінің терлігін
әкеп суға салып қайната бастады.
-        Әй, әттегене-ай, жыланнан айрылып
қалғанымызды қарашы! Табылмас па екен? - деп жаппаға тұра
жөнелгенде:
-        Әуре болма! - деді Олжабек. - Ол
кәпірдің көз байлайтыны бар ғой.
Тапқызбайды. Жамал Олжабекке
көңілдене қарады. Өйткені, бұл жолғы
даусы сауындағыдай естілді.
-        Көңілің қалай, тәуір ме азырақ?
-        Шүкір. Алғашқыдай емес.
-        Қап, ұстап алып, буындырып аспанға аса
қойғанда, уыты тез қайтады деуші
еді. Ояу ма едің, қалай шақты өзі?
-        Ұйықтап кеткен екем. Бұл бейнетті
қойсаңшы, қолыма сұп-суық бірдеңе
тигенін сезіп жаттым. Сөйткенше болмады,
тісін салып алғаны.
-        Сол жерде жібермеу керек еді.
-        Қайдан жібермейсің, есім шығып кетті. Сақырлап
қайнай бастаған терлікті Жамал қазаннан алды да терлікпен Олжабектің қолын
орап, байлап тастады.
-        Әжем марқұм,
тер сіңген терлік бұған мың да бір дауа дейтін. Қозғалмай отыр. Терлесең тіпті жақсы, жан- тайсаң жастық әкеп берейін.
-        Әуелі сусын берші. Күпімді ала кел. Жамал
жаппаға еніп кетіп, құрымдай қара сүйретпені шайқап-шайқап жіберді де, шайқалып
келген уыз қымыздан шүпілдетіп бір аяқ қымыз әкеп берді, Олжабек тастап
алған соң аяқты
қайта ұсынды. Оның маңдайынан бұрқ еткен
терді көріп:
-        Тағы да ішесің бе? - деді Жамал.
-        Әкелсең әкел. Қымыз
екінші рет келгенде бетінде қалқыған қара түйіршік майларына қарап отырып, Олжабек
көтеріле сөйледі:
-        Жарықтық, жіліктің майындай екен.
Қымызға ас жете ме, тәйір! Елден
бекер кеттік дей бересің, кетпегенде бұл
ерніңе жағуға жоқ еді ғой...
-        Қойшы, бәрінен де бас амандығы, ел іші
жақсы да,
- деді Жамал.
Биеге қарай тұра жөнелді де, қайта айналып келіп Олжабектің үстіне күпісін
жапты. - Биенің сауыны асып барады екен, сауып келе қояйын. Қолыңды ішіңе алып жат. Олжабек қолын ішіне алып
жатып, ұйықтап кеткенін сезбей де қалды...
III
Алыстан
қарағанда жасыл нұрға бөленген асқар тау, қасына
келе бөлек-бөлек қызылшақа тас болып кетті. Мал жерлік
түбірі, тіс шұқырлық қылтанағы шамалы. Бірсыпыра ел сонда да осы тауды жастана
өтіпті. Құрт жеген мұрындай опырылып
жатқан әр бөктерде бір тас кепе, тасмола,
қу сүйектер кездеседі. Бұл жердегі ел мұрасын іздеген
адам осылардан өзге ештеңе таба алмас. Бұл тау тек
тағылардың ғана мекені болып қалған сияқты. Тас түбінде
бұғып жатқан түлкі әне жерден де, мына жерден де
бұлаңдап тұра жөнеледі. Аспанда қалықтаған қыран оқтай
зулап жеткен шақта, түлкі қалың тастың арасына
сүңгіп жоқ
болады. Аңның ойнағы болып қалған осы иесіз тауда таяуда ғана
салынған жаңа белгілер бар. Сонау бір биіктің басына керегекөз ағаш, мұнара
орнатылып қалыпты. Мына бір тұмсықты үңірейтіп, қазып тастаған. Қазушылардың жұрты
да жасырылған жоқ, таяуда ғана көшкенге ұқсайды. Бөтелкенің сынығы, қаңылтыр
сауыттар жатыр. Олжабек бәрін көріп келеді. Тау іші әзір оған тамаша бір сайран
тәрізді. Туып-өскен жерінде жай белес, адырлар болмаса, мұндай үлкен таулар
болмайтын, жазық, өзенді, көлді, құйқалы дала болатын.
- Әй! - деді бір
уақытта атына ондала отырып. Қаттырақ шыққан даусына Жамалдан бұрын жартастар
қайырды жауапты.
-        Айта бер, - деді Жамал, еолғын дауыспен.
Таудың ішіне енген сайын елегізіп келе жатқан
Жамалдың көзі жан-жақта, көңілі алабұртуда еді.
-        Сонау биіктің басындағы мұнараны орнатқан,
мынау тұмсықты қазып тастаған кім болды екен, ә?
-        Орыстың жер зерттеушілері шығар.
-        Япырай, зерттемейтін жері болсайшы
солардың. Іздемпаз халық. Жаңа
кен көздерін таппақ қой.
-        Талай белден асып, көпті көрдік. Менің жүре-жүре басым айналды. Қайда шығып кеттік осы!
Әнеугі
оңбағанның
айтқан елі қайда? Олжабек Жамалды жұбата-жұбата ұялды білем, үндеген жоқ. Бұлар
әлі баяғы жалқау жігіттің иегінің астында келеді. Елден шыққалы бүгін бір ай он
жеті күн. Талай өзеннен өтті, жоталы жондардан асты. Соның бірінде де іздеген
елі жоқ. Оңтүстік-батысты бетке ұстап тартып келеді. Жер реңі де, ауа райы да
өзгеріп барады. Енді алдынан таулар кездесті. Олжабек осы таулардан үмітті.
"Жуықта аяқ жетер жер емес екен Колхозсыз ел бір болса, осында", -
дейді ішінен.Жөн-жосықсыз "аспан асты кең", "жер ала, бұлт
шола"деп шығанға шығып кеткен еріне Жамал енді қауіп-қатерді көрсете
сөйледі:
-        Бұл тек
аңдардың, ұры-өтіріктің жүретін жері екен, Олжеке.
-        Ұры деген құрып кеткен жоқ па, тәйір!
Бір болса осы таулардың ішінде
болады колхозсыз ел.
-        Қойшы, жалықтырды ғой осы жүріс. Ит-құсқа
жем болмай, әйтеуір бір елге жетсек екен Олжабек үндемеді.
Тау жүрген сайын жиіленіп, іріленіп кетті. Қайдан келіп, қайда бара жатқандары
белгісіз. Төбеде түндіктей ғана аспан қалды. Аспанға тілдесе қабат- қабат
қоршаған заңғар тау көз тосып, өзінен өзгені көрсетпейді. Сай-саланы өрмелей,
тар кезеңдерден асып келеді Олжабек. Тасырқаған торыға бір кезең бір күндік жолдай,
жалыққан Жамалға бір күн - жылдай. Сонда, сонау жас баланың халі нешік? Олжабек
осыны сезсе де морт мінезі бой бермеді.
-        Мұның ар
жағы не болды екен? - деп бір қылтадан қылт еткенде, бес адам тап берді. Бесеуінің де сойылы иығында.
-        "Бас көзіңді", - деуге-ақ
келді. Олжабек сойылын көтергенше
олар сарт-сұрт ұрып
өтті... Одан әрі не болғанын білмеді Олжабек. Көзін ашып алса,
жалғыз өзі жатыр. Қараңғы
түн, түнерген тау ғана көрінеді.
Денесі зілдей, қозғалтпайды. Басынан аққан қан ұйып
қалыпты. Есін жиса да, ақылын,
күшін жия алмады.
Таң атқанша
жатты. Құланиек таңды, шашырап шыққан күнді
оған биік таулар көрсетпеді. Тек дүние жарық болғанда
ғана таң атқанын біліп басын көтерді. Мең-зең.Орнынан тұрып жүре бергенде аяғы
сынып кете жаздады. Тізеден, қызыл асықтан да ұрған екен Отыра
кетті. Қазір бір арманы бір жұтым су.
-        Ит-құсқа
жем болды деген осы, ә! - деді Олжабек, тар кезеңде жападан-жалғыз шошайып
отырып. Көзіне өлім ғана елестеді. Күн көтерілген кезде, мойнында мылтығы бар
бір адам келе жатыр еді. Ат аяғының тықыры естілгенде ғана артына жалт қарап,
қолына тас алды Олжабек. Бұл тас алғанда, ол мылтығын алды. Бірін-бірі көзбен жесіп,
тағыдай арбасып тұр.
-        Ат! Ат! - дейді Олжабек.
-        Ұр! Ұр! - дейді анау. Екеуі де батпады.
-        Кімсің? Жөніңді айт, жалғыз жаяу.
-        Білмей тұрған шығарсың?
-        Әй, есің дұрыс па? Қаның не?
-        Бәсе, осы қан не? Мал-мүлкім,
қатын-балам жетпеді ме? -
деген кезде:
-        Ой, бейшара! - деді атты кісі. Атынан
түсіп келе жатып. Олжабек
ел екеніне, жау екеніне әлі де көзі жеткен жоқ. Тас қолында еді.
-        Өлтіргім
келсе осылай тұрып-ақ атып тастамаймын ба? - дегенде ғана тасын лақтырып
жіберіп, еңіреп қоя берді.
-        Ойпырай, қыдырмысың қолдауға келген!
-        Қыдыр емен. Бірақ қолдан келгенді аяман. Екеуі шұрқырасып жатты. Олжабекті тыңдап болғаннан кейін, мырс-мырс күлді, бұл
адам.
-        Атым менің
Шығанақ,- деді содан кейін,- талай шығанға шығып едім, сен менен өткен кезбе
екенсің. Екі кезбе кезең үстінде кез болдық. Енді ел
ішіне барайық. Сен колхоздан қашсаң мен
колхозға қашам. Осы тау ішінде кен зерттеушілерге
еріп біраз жүріп қалдым. Бұл қайтып бара
жатқан бетім. Мін артыма. Тауып алған олжам демеепін.
Таңдап алған досым дермін. Олжабек
мінгесіп кете барды...