ВЕРНУТЬСЯ

     Жағаға қонған көбелек
Жаныма менің етене.
Бұйырғын менен ебелек,
Бидайық пенен бетеге.
Жататын ылғи бусанып
Жазықтың шөбі көп тегі.
Жантағы менен жусаны,
Жұмырығы мен көкпегі.
Жастықтың желі, желеуі,
Жүдейді дала жаз өтіп.
Кетеді қурап селеуі,
Киікоты мен қазоты.
Қыркүйек келе күйзеліп,
Қабағы тұздің жабылар.
Ажырық пенен изені
Адыраспаны тағы бар.
Сахи уақыттан сыр күтер
Сазарып кейбір сараң жыл.
Саршұнақтарын үркітер
Самалмен ойнап саралжын.
Осылай
Қырдың тартады
Күмісі түгіл бақыры.
Кепкен сүзбедей сортаңы,
Теміреткідей тақыры...