ВЕРНУТЬСЯ

    Құрметті Жанша мырза!
Сіздің де, біздің
де ойлағанымыз қазақтың азып-тозбас қамы. Сіздің де, біздің де ниетіміз қазақ
азып-тозбасына қызмет ету. Тілегіміз қазақ халқы басқа халықтармен қатар жұрт
қалпында ғұмыр шегуге бақаларға теңелсе екен дедім. Сол үшін әркім білгенін,
қолынан келгенін істеп жатыр. Сіз сиез жасаймын деп жатырсыз, біздер «Домо-« рой»...
кәкір-шүкірді қазақшаға аударып, арзан жазып, газета-мазета шығарған болып
тырбанып жатырмыз. Соның бәрін қазақтың көзі ашылып, көкірегіне сәуле кіруіне
себепкер бола ма деп істеп жатырмыз. Орыстың мақалы айтқандай, «ұжмаққа барғым
келсе де, күнәләрім жібермейді» деп, қазақ үстіне ұжмақты бір күнде-ақ орнатқым
келеді, бірақ қолымнан келмейді. Арзан рисалармен қазақ жұмысы бітті деп, «гүл
жастанып» көсіліп, рақаттанып қарап жатқаным жоқ, білгенімше, қолымнан
келгенінше істеп жатырмын. Бірақ ұсақ іс істеп жүргеніміз зор іс істеп жатқан
сізге айып көрінетін шығар. Бай жарлының кедейлігін бетіне басады, сұм аңқаудың
аңқаулығын бетіне басады: өзіңіз қымбат рисала жазған соң, арзан рисала
жазғанымды бетіме басып отырсыз; өзіңіз күндіз дамыл, түнде ұйқы көрмей, жұрт жұмысында
жүрген соң, менің «гүл жастанып», көсіліп рақатта жатқанымды бетіме басып
отырсыз; өзіңіз буыныңыз өсіп, бұғанаңыз қатып, ер жетіп, есіңіз кіріп,
ақылыңыз толысқан соң, емшек табы ернінен кетпеген шәкірттердің балалығын
бетіне басып отырсыз;өзіңіз чиновниктің жалтыр түйме, жанқылышын ... жұрт үшін
құрбан қылып, чиновниктігін қимай, 20-шы числамен жалования алып отырған
адамдардың чинов-никтігін бетіне басып отырсыз, көкіректі керіп, көкке қарап көпіріп,
күпініп әркім-ақ сөйлер, бірақ маңызы қанша? Мағынасы
не...
Переводы арзан рисалада аю маймылға айтқан екен: «Маймылжан,
бір азырақ етсең тәзім! Менің бар жалғыз ауыз айтар сөзім. Әуре боп бәлелерің санағанша, абайлап қарашы
әуел өзіңе өзің!» - деп.
  Кекесін сөйлеп кеміткендей асқан-тасқан еш нәрсе
жоқ, қай-қайсымыздың да істеген ісіміз шамалы ғой. Бай кедейді кекетсе, байып
отырып айтушы еді; сұм
аңқауға күлсе, сұмдығын асырып
отырып күлуші еді; іскер жалқауды кемітсе, ісін асырып отырып кемітуші еді;
олай болғанда, арзан рисала жазушыға қымбат рисала жазған адам күлу тиіс еді.
Сіздің не жөнмен кекетіп сөйлеп,
кемітіп отырғаныңыздың мәнісін біле алмадым.
Жұрт алдындағы адамшылық борышымыз: әркім білгенін, қолдан
келгенін істеу емес пе? Жұрттың әр жұмысының әр түрлі орны бар емес пе? Олар үшін әр нәрсе өз орнында керек емес пе? Рисала-мірисала, газета-мазета,мәжірт-мәкірт - бәрі де өз орнында
керек емес пе?Шәкірттерден,
біздерден, ғали тахсил алған сіздің біліміңіз көп шығар, бірақ бір кісі қанша
білімді болғанмен, жұрт жұмысының
бәрін істей алмайды ғой. Сіз - юрист (адво-кат), мен - учитель, әрқайсымыз арнап үйренген я жаттығып істеген ісімізге шеберміз, онан басқа іске
әркім ортақ. Сондай істің бірі - сиез. Сиез жалғыз
юристің, яки үчительдің арнаулы жұмысы емес. Көп ортасындағы жұмыс. Ол турада әркім пікірін айтса, жеріме
түстің деп юрист те, учитель де айта алмайды. Олай болғанда, тарығып, таусылып сөз айтқандай еш нәрсе жоқ
еді.
  Мен сиез турасында жазғанда, сіздің
ойлаған сиезіңіздің үстінен
түсе алмадым. Олай болғаны, сиездің түрліше болғандығынан. Сиездің бір түрі: жұрт жұмысын түзетуге қызмет ететін адамдар ақылдасып, бір бағыт,
бір жөнмен жұмыс істеу үшін бас қосу. Оған жиылған адамдар басытқанда, ұнатқан жөнмен еліне барып
басқаларға басшылық етіп, іс
қылмақшы. Екінші түрі: өзін
ілтипатқа алмай, өзіне құлақ
салмай, қомсынғандарға жұрт қомақты екендігін  білдіріп, бел көрсетуге
бас қосады. Үшінші түрі: жұрт жұмысының
кемшілік жағын қалай түзетсе жақсы болатын жайын ойлаған адамдар ақылдасып, ойласып, болашақ іске проект (жоба) жасап, жұрт алдына
салып, ұнатса, бағасын алып, жолға бас қосу. Пәлендей сиез
... деп жайламаған соң, менің
ойыма келгені сиездің үш түрінің басқыншысы болды. Басқа түрлері болмас деп ойлағаным: суға түссе,
серпіле қашатын қойлар, зорлап түспейді. Сол сияқты күйде тұрғанда бел көрсететін сиез жасайды деп ойлауға ешбір орын жоқ. Үшінші түрі
болар деп ойлағаным: қазақ ісінің жайынан даярланып жасап қойған докладтары
(жұрт алдына салатын) бар деп
естілмеуші еді. Сіздің сиезіңіз, сөзіне қарағанда, қазақтың сходтары, чрезвычайный сиездері сияқты, яки
губернатор, генерал-губернаторлардың
жасаған сиездеріндей болмақшы. Бұлай болады деп,жеңілдету үшін айтатын шығарсыз, он облыстың қазағынан болыс басына екеуден шақырған
сиез сход и чрезвычайный сиездей болмас. Ең жеңіл болғанда, генерал
сиездеріндей болар. Генерал сиездері қазақтың не игілігіне болып, қазақ не керегін алып, не
кемтігі толғанын мен
білмеймін. Ол заман қазақтың көңілін аулап, ауанына қарап іс ететін заман еді.
Крижановский, Кауфман, Колпаковский заманы тай ноқталаған сықылды іс қылатын заман.
Ноқталғанша һәм ноқталғаннан кейінгі
істелетін істер басқа-басқа. Ол кездегі сиезде қазақтың сөзі тыңдаулы, тілегі қабыл шығар, ол заманмен
бұл заман бір емес. Сондықтан ертедегі емес, жақындағы болған генерал сиездері
қазаққа қанша жақты, жағымсыз болғанына қарау керек емес пе? 1907-ші жылы Дала
уалаятының генерал-губернаторы Надаров сиез жасады. Сол сиезде қазақтың осы
күнгі керек деп отырған нәрселерінің бәрі болмаса да, бірсыпырасы-ақ айтылды.
Бірақ бүгінге шейін қазақтың сұрағанынан
қолына тиген еш нәрсе жоқ.
Жұрттың көбі ойлап жүр: «Қазақ тілегі хүкіметтің құлағына тимей жатыр, хүкімет қазақтың мұңын
білмей жатыр», - деп. Олай ойлау қате. Керегін қазақтың өзі қандай білсе,
хүкімет һәм солай біледі, қазақтың тілегін хүкімет бермей тұрса, білмегеннен
емес, беруші мен алушының есебі тура келмегенінен. Алушы да, беруші де әрқайсысы өзіне жағымды жағын көздейді. Қазақтың ақысы ауысып отырған
жалғыз хүкімет пе? Қазақты
кім жем қылмай отыр? Қазақтың ақысы қазақпен араласқан жұрттың бәріне де ауысып
жатыр.
  Қазақ өзі теңеліп, ақысын
ауыстырмайтын дәрежеге жеткенше қазаққа қай жағынан да болса теңдік жоқ. Жұрт
қолы теңдікке теңелсе жетеді. Жұрт азаматының жұмысы жұрты теңеліп, теңдікке
жетер ме деген үмітпен істеледі. Жұрт теңелуіне көп жұмыс, көп уақыт керек.
Жасаймыз деген сиез сол көп жұмыстың бірі. Көбі ойлайды: «Сиез болса, қазақтың қажетінің бәрі болмаса да, көбі сонымен табылып, қазақтың қолы
дегеніне жетіп қалады», - деп.Сиез
болатын, жұртқа керек нәрселер сөйленетін, тілегіміз мынау деп тапсырылатын, керегімізді
айтып, тілегімізді сұрап, жұмыс
бітіріп келдік деп, еліне барып сиезшілер жататын. Ешкім қозғап, әурелемейтін
тыныш орын таптым деп, шкафтың бір бұрышынан орын алып олардың тілегі жататын. Бұл
сөз сиез жасау керек емес, сиез пайдасыз деген емес; сиез керек жұмыс, пайдалы
жұмыс; сиездегі тілек шкаф бұрышында жатса, пайда жоқ. Қазақ - жоқшы, жоғын
іздеген қуғыншы. Қуғыншы қандай болса, мал қайтпақшы?
  Сиез турасында айырық сөз Қыр баласы -
Бөкейханов һәм менен ғана шығып
тұрған көрінеді. Басқалардың бәрі жанулы түскен пышақтай жалаңдап, даяр тұрған көрінеді. Біздер сиез
пайдасыз жұмыс демейміз дегеніміз жоқ. Бірақ министр бұйрығын көріп, қалай болар
деп, мен әуелі сақтық жағын
айттым. Екінші, сиезді
тоқтата тұрып, сиезде кеңеске түсетін нәрселерді, журнал арқылы, оған сыймаса,
хат арқылы ақылдасалық дедім. Олай болсын дегеніміз, сиезге шақырған адамдар тойға шақырған сықылды болмай,
сиездегі жұмысқа            күтініп келсін деген ой еді. Қазір
де сайлаған, күтінген еш нәрсе жоқтығын Қыр баласы - Бөкейханов та айтты. Он облыс қазақтан жиылатын сиез ауылнай болыс сайлауындай болады деп, сіз жеңіл
қарағанмен, ондай жеңіл бола
қоймас. Қазақта кемшілігік
толып жатыр, солардың түзеліп, оңдалуына жасайтын сиез болса, әрқайсысына жоба жасалып, жол иеленіп, даяр болып келмесе, сиездің аз
уақыты оның бәріне жетер ме?
   Жоба жасап, жол белгілеген
докладтарыңыз даяр болса,
сақтанарлық қауіп жоқ болса, тоқтатып, кейінге қалдыруға жөн жоқ. Даяр тұрган
нәрсеге не даярлану керек! Ал
сиезді жасалық!
  Жұбекен мырзаның айтуына қарағанда, Орал облысы даяр көрінеді. Басқа
жерлер де сондай даяр шығар. Ол мырзаның айтуынша, қисық сөйлеп, алауыздық қылып, жұрттың шырышын, ұйымын бұзып тұрған Қыр
баласы - Бөкейханов һәм мен
болсам керек. Дәлелсіз, дәнемесіз мырзаның қисық дегені қисық болып, дұрыс
дегені дұрыс болатын болса,
оған айтар не сөз бар?
    Біздің сиез турасында айтқан пікіріміз ұйым
бұзар сөз қылып жүре алатын болса, жұрттың бәрі де Жұбекен мырзаның сөзін айтып
тұрса, көптің дегенімен болайық. Сөйтiп болмағанда, жұрт сиез жасап, тілегенін
алып, дегеніне беріп, қарық болып қалатын еді деген түбінде зор өкініш болар.
Біздің ойлағанымыз жұрт сиезге күтінусіз шығар, жұрт күтінсін, даярлансын деген
еді. Жұрт күтініп, даяр тұрса, жұрттың біздің ойлаған жерімізден шыққаны: біз жұрт
жайын білмегеніміз. Талпынып тұрған жұртты іп тоқтатқан, әрине, дұрыс емес. Жұрт
даяр болса, сиез басшылары, бастаңыздар, біз де қостап, қолдан келген
көмегімізді аямаймыз.
   Шеттеп жүрген біз болсақ, қосылдық, енді
алалық жоқ. Жалғыз-ақ айтатын сөз мынау: құр аты сиез болмай, сиез сияқты
болсын; қазақ сиез жасады деген соң, сиезде сөйлескен сөзімізге хүкімет құлағын
сала ма, салмай ма (ол былай тұрсын), қазақ сиезінде не сөйленді екен деп,
хүкіметтен басқалардың құлақ салатыны болар. Сиезде де балгер сөзі сияқты
дәлелсіз, құр мынау былай, анау олай десек, мұның дәлелі қайда демей ме?
Сондықтан даярмыз деген мырзалардың дайындығы ат ерттеніп, киімін киіп, тойға
жүруге дайындалған даярланыс емес, сиезге алып келіп салатын дәлелді докладтары
даяр деп ұғамыз (түсінеміз).
 
                                                                                                                          
Ахмет.
Р.8. Бұл хат -
Жаншаның «Айқаптың» 13, 14, 15-ші нөмірлерінде жазылған хатына жауап.