ВЕРНУТЬСЯ

             Бір-бірін екі жасқа шын ұнатқан

Қимайтын кез болыпты нұрын ақ таң,

Бала Ораз айтқан мына бір уақиға

Мұхиттың ет жүрегін шымырлатқан:

О тағдыр, сенің қатал шешімің бе,

Ер жігіт естіместен есімін де,

«Жылқышы» атанып тек жүре берген

Бір байдың жалшы болып есігенде.

Жетімдік, кедейшілік ерген оған,

Жігітке бастырмайтын өрге қадам,

Келбеті ертегінің батырындай

Бойынан мін таппаған көрген адам.

Ер жеткен мал соңында жүріп ұлан

Мән бермей бай ұлының бірі бұған,

Қайратты мінезі өжет батыл болған,

Бір асау құтылмайтын құрығынан.

Кедейдің ойын, жиын, той не теңі,

Жоқшылық бірақ ерді ойлы етеді.

Сорына жылқышының сұлу болып

Бай қызы көз алдында бой жетеді.

Көнбейтін қатерге де, ажалға да

Сенбейтін барға, жоққа, заманға да.

Жас жүрек құлай сүйер алау кезең

Құтылар махаббаттан шараң бар ма.

Төнсе де қатал заман бұлты көктен,

Өлсе де Қозы - Баян ілкіде өткен,

Ештеңе ойлантпастан екі жасты

От сезім бір-біріне ынтық еткен.

Болмайды іңкәр көзде қайғы жас та,

Ойламас ғашық адам ойды басқа,

Білсе де бір-біріне қоспайтынын

Екі жас серт беріпті айнымасқа.

Жылқышы қол алысып қалды еркемен,

Қос жүйрік таңдап бүгін алды ертемен.

Екеуі қашты солай айдалаға

Қайтқанда мынау ауыл жәрмеңкеден.

Қос жүрек бір-біріне сенген керім

Екі жас ойламапты ел не дерін.

Оралған жәрмеңкеден азаматтар

Алдынан шулап шықты жеңге-келін.

Бай сонда «қуғыншылар құйғыт» - деді.

«Бірінші жеткенге ат сыйлық» - деді.

Намысын таптап кеткен жылқышыны

Әкеліп дарға асуға бұйрық берді.

Ізбенен жігіт кеткен аруды алып,

Ауылдан бар ат мінген сабылды анық,

Қайратын жылқышының білетіндер

Аттанды мылтық, дойыр қаруланып.

Жасырынып не табады далада адам,

Қуғыншы жетпей енді қала ма оған,

Кешікпей ат дүбірін есітеді

Екі жас иесіз қора паналаған.

Қарамай қалған жұртқа бетін басып,

Жүйрікпен бір белестен кетіп асып,

Ұмытып бар әлемді өң мен түстей

Екі күн өмір сүрді екі ғашық.

Төгілген айбат, ызғар жүздерінен,

Жарысқан мінген атгар дүз желімен,

Қапыда қуғыншылар келіп жетті,

Кешқұрым екеуінің іздерімен.

Қаш! - деді қызға жігіт жүйрігімен,

Өз басын ар жолына қиды білем.

Қоршаған қуғыншының бәрі таныс,

Ауылдың азаматы сыйлы клең.

Жігітке төнді қатер бұлты сірә,

Көпшілік әл бере ме жұлқысуға.

Мұндайда жақтасатын адам қайда,

Панасыз жалғыз атты жылқышыға.

Қыз кетті, ал қоршауда қалды жігіт

«Құтылар қалқам» деген жалғыз үміт,

Сол кезде шеттен келіп бір қуғыншы

Мойнына жылқышының салды құрық.

Қыз қайтып қуған топқа өзі келді,

Өлгенін сүйгенінің көзі көрді.

Көзіне жас келмейді, тіл қатпайды,

Тек үнсіз ет жүрегі езіледі.

Тізгінді тартты салмай күш атқа да,

Бар қару қолда жалғыз пышақ қана.

Тұсынан жүрегінің қадап соны

Құлады жылқышыны құшаққа ала.

От өшті қыз көзінде жанған шарпып,

Қалмады қуғыншылар таласар түк,

Осылай сүйген жарға жарық күннен

Болыпты махаббаттың моласы артық.

Бұл жайға Мұхит қатты толғаныпты,

Еріксіз домбырасын қолға алыпты.

Сол сәтте туған әні «Кіші айдай»

Ержүрек жылқышыға арналыпты.

«Саламын сол Ораздың «Айдайына»,

Бақ бергей ер жігіттің мандайына.

Талабың тай жыққандай бір бала едің,

Заманның тап болып ең қандайына».

Бар солай махаббатқа арналған ән,

Таланттың кезі бар ма танданбаған,

Арманда жастар да өткен, әнші де өткен,

Жететін кезі бар ма арманға адам?!