ВЕРНУТЬСЯ

       Бірінші тарау
       Аруананың әлдебір алыс сапарды аңсап алабұртқанына, бүгін
алтыншы тәулік. Қатыгез тағдыр жау жеріне еріксіз
жетелеп әкелгелі аттай жетпіс күн өтіпті арада. Содан
бері аруанаға бір тылсым күш күні-түні тыным бермейді.
Көңіл алыс қалған өлкені аңсап, беймәлім бір түйсік
тықыршытады. Содан бері оның қап-қара, мөп-мөлдір, үлкен
қос қарашығында туған жердің аспаны аунақшып, аққу
қанатындай ақ шарбы бұлттар жүзеді. Көз алдынан өзі туып
өскен өлкенің көкшіл көлдері, көкторғын сағымы көлбейді. Алабота
мен түйемойнақтың, жусан мен жантақтың, изеннің
ашқылтым иісі мұрнын жарады... Соның бәрі көңілін
тербейді, жаудыраған жанарына сағыныш жасын оралтады.
"Тәңірім-ау, төскейіңде жайрандап, тайрандап шапқан
шақтарда, білмеппін ғой мен бейбақ туған жердің қадірін"
деген зерде сезім оның жатса-тұрса дұғасы.
Аруананың жат елдегі жағдайы жаман емес. Жаны
тыныш, оты мол. Оның да себебі барды. Қалмақтардың
қолындағы түйелер монғол түйесі тұкымдас. Олар жұмыр
денелі, ширақ жүрісті, жүндес болғанымен қазақы тұқымды
түйлерге қарағанда көрер көзге қораш, жатаған келеді. Ал
тұқымы өзге қан араласпаған қазақы түйелердің өркештері
тау шыңындай тіп-тік, ұшы сүйір, найзадай, етті, етегі
дөңгелек, биіктігі жарым кезге жуық. Маңдайлары дөңес.
Өздері өңкей жауырынды, жоталы, қошқартұмсық. Бұлар
сүйекті болумен бірге сүтті де, жүнді де. Бұлшық еттері
тығыз Аркалы. Белдері ұзын, берік.
Анада қалмақ ханның шаруадағы оң қолы - шүңірек
көз, мысық мұрт қара шал аруананың екі жауырының
аралығындағы, етегіндегі, желкесінің шүйдесіндегі,
жақтарының шықшытындағы шуда тәрізді, әйтсе де одан
сәл қысқа, тығыз өскен қылшық жүндерін әрлі-берлі сипап тұрып,
қазақы тұқымды түйелердің қайталанбас қасиеттерін
жалшыларына жақсы ұғындырған. Қазақы інгенді қалмақ үлегіне
қайытып, өзгеше бір түйе тұқымын өсірмек ниеті
барын да жасырған жоқ. Аруана содан бері өзіне деген
аялаудың арта түскенін аңғарды. Әйтсе де, ерекше күтім де
оның көңіл күйін өзгертіп, күйлендіре алмады. Рас, аруанаға мұнда
бәрі де жетеді. Тек бірақ, нәрсе, тынысына, тіпті бүкіл
тірлігіне ең керек, аса қажет нәрсе жетпейді. Ол - туған
жердің ауасы. Рас, ауа мұнда да бар. Бірақ, өзі өскен
өңірдің
ауасындай өзгеше емес. Ол тынысты кеңейтіп, бойға қуат
бермейді. Қайта тұншықтырып, еңсені езеді. Біртүрлі бір
қапырық, қапас, қараңғылықты сезеді ол бұл жерден.
Аруананың зердесі тағы бір затты ұмытпайды. Ол - туған
жердің қарабұйра топырағы. Сонда өскен шөп қана
шүйгін. Таңдайдан кетпей талай рет тамсандырган тәтті дәм
де, бойдағы барлық нәр де соныкі, тек қана соныкі. Содан
да аруана аңсаған алыс жол өзге емес, ешқашан, еш жерде
қайталанбайтын сом бітімді соны қасиеттері бар ез еліне
апарар арман жолы еді. Ол өзегін өртеген өрттің де сол елге,
туған жерге жетпей өшпейтінін де ұққанды.
Аруана туған жердің қай бағыт, қай тұста екенін білетін.
Содан да ол сол жаққа ылғи да бір тәтті мұңмен, ет жүрегін
елжіреткен сағынышпен тоймай, қоймай, телміре, тебірене
қарайды. Сондай бір толғаныс, тебіреніс сәттерінде егіліп,
екі көзге ерік беруші еді...
Енді ол құр егіліп, еңірей бергеннен гөрі қайтпас қайрақ, қайталанбас
бір ерлік табу керек екендігін түсінгендей. Өз түйсігі осы асыл мұрат, алыс жол
үстінде өліп кетсе де
өзгеше бір аңсарын тежемеуге бекінген. Төрт аяғы аман
болса қазіргі көңіліндей қап-қараңғы түн жамылып, туған
жердің жұлдызын маңдайына ұстап, асу-асу бел асары хақ.
Аруана өзін билеп алған осы бір түйсік-сезімнің соңына
ерерде тұйыққа тіреліп, қатты қиналды. Ойламапты
басында,тағы бір тас кедергі жатыр екен алдында. Жо-жоқ, ол алыс
жолдың азабы емес, өткелі жоқ өзендей тағдырдың бір
мазағы. Қолқасы сау болса, қандай қиыңдыққа да қабырғасы
қайыспай, туған жерді қағба етіп, сабалар еді-ау сағыныштың
қанатын. Әттең, мынау қос жанары жаудыраған жазықсыз
жас ботасын жау қолына қалай қалдырмақ, қайтіп қиып
тастамақ өз қанынан жаралған өз бөбегін?! Артына жас ботасын
аңыратып кетсе бүгін аруана, күні ертең-ақ екі көзі төрт болып, өзегіне дерт
толып, аналық жүрегі қан жұтып,
қансырамай ма? Жанындағы ескі дертті жазғанмен, жаңа бір жара
пайда болып жүректе, өкінумен, өксуменен өтпес пе
екен өмірі?
Өзінің басы бос болса да, ботасының мойынында ноқта
бар, жауы керген желіге байлаулы ол. Қандай жол бар сол ноқтадан
босанар? Аруана бауырын жаздырмайтын тайғақ
тағдырының бір тас бекем тұсауы сол. Сол бұғауды үзе
алмай, арманға қарай, ағысқа қарсы жүзе алмай, аңсары
азапқа айналғалы міне, бүгін алты күн. Tap кеудеде талай
көкжал ойлар тайталаскан күлкісі жок, күрсінісі көп алты күн,
алты түн!..
Туған жерге деген мазасыз махаббаттың машақаты
жүректі аяусыз тырналап, жанды жегідей жеген жетінші
тәуліктің де таңы атты. Бозымық аспан да, бозторғай үні де, боразда
бұрымы күн нұрымен өрілген, кербез келіншектей
керілген кең дала, сол байтақ даланың бар байлық, барша
сұлультғы да, тіпті керек десең осынау өзге бір өмірдің
өзіндік тіршілік-тынысы да аруана сезімін селт еткізбейді.
Оның барлық жан дүниесін билеп алған бір ғана ой, бір ғана
сезім бар. Ол - бар бақытын құрбан етсе де туған жер төсіне
ілігу. Сонан кейін, мейлі, өліп кетсе де арман жоқ...
Аруана ауыр ойдан айығып, аспанға қарады. Күн тас
төбеге көтеріліпті. Сол сәт қараңғы түнгі қара аспанды қас
қағым сәтке ғана жарық еткізген найзағай отындай бір түйсік
жалт ете қалды.
Heгe ботасын байлаған қыл ноқтаны қайратты тіспен
шайнап-шайнап қиып жібермеске? Аруана кеудені кернеген
қуанышпен қақайған мойынын қайтадан төмен иді. Сол сәт оның қарашығы
жау жерінде туған бейкүнә ботасына
қадалып еді. Оның ойында түк жоқ, күйсеп жатыр жанары
жаудырап. Оның осы жатысында бір сәбилік, бейқамдық
бар. Оған қазір мынау жарық дүниенің бәрі жақсы, бәрі
дос. Оның ойы да, сезімі де - нәресте. Мынау атысқан ел,
шабысқан жаудың жері екенін, мұнда өмір сүруге, тіпті ең арғысы
бұл мекенде өлуге де болатындығын білмейді ол...
Аруана еміреніп, еріп кетті, иіскелеп, аймалап жатыр.
Бота бірдеңені сезгендей тәлтіректеп орнынан тұрды. Аруана
ноқта жіптің сағаққа жақын жеріне ауыз салып ұзақ шайнады. Бейне
бір аузына азулы жауы түскендей құшырланып, қайта-
қайта, қатты-катты шайнады. Бар өшін, барша кегін жансыз
жіптен алып жатқандай. Сосын ботасын мойынымен жасқап
омырауымен итеріп қалды. Ноқтаның шолақ жібі шорт
үзілді. Қуаныштан жасқа толып қос жанар, алды-артына
қарамай жөнеле берді аруана. Алғаш не болғанын аңғармай
аңтарылып қалған ботасы да болмашы бір боздаудан соң ере берді
соңынан.
Аруана желді омыраумен осып келеді. Әзірге шапқан
ат тұяғының дүбірі де естілмейді. Аруананы көптен бері
бір ащы тер қысып жүруші еді. Енді, міне, сол шыпшып
шыға бастады. Аруана денесі қызып, бауырын еркін жазар
шаққа жеткенін сезді. Ауыл арасындағы аядай алаңмен
жылдамдықты сынауға болмайтындығын білуші еді ол.
Көсіліп шабар жүйрікке көлбеген кең дала керек. Созылма
жүйріктің созылған бауырына қашып тығылар жазира
жазығың осы. Шаба алмасаң, жұлдыз болып аға алмасаң өз
обалың өзіңе. Қарқының болса, қанатың болса, жер апшысын
қуырып, қысқартып көр қашықтықты. Аруана өкпесі өшіп
кетсе де, өзі өскен өлкеге жетпей тоқтамасқа бекініп, ұзақ
жолмен егескендей жаңа бір жылдамдықпен зымырай
жөнелді.
Атқан оқтай ағып келе жатқан аруана аздан соң зу-зу
еткен ауа дыбысының арасынан талып жеткен әлсіз дауысты
танып, кілт тоқтай қалды. Бұл оның бауыр еті - ботасының дауысы
еді. Соңында, өз қаны, өз перзенті бар екенін,
оның өзіне ілесе алмай артта қара үзіп қалғанын ол енді
ғана аңғарды. Сондада кері бұрылып, артқа жалғыз кадам
басқысы келмеді, тоқтаған орнында тосты ботасын. Қара
терге шомылып, өкпесі өшкен жас бота аруанаға жете беріп
жығылды. Жазықты жандай жанары жаутандап енесіне
қарады ол. Екі бүйірін соғып, демін әзер алып, ентігіп
жатыр. Жас па, тер ме қос қарашығынан мөлдір тамшылар мөлт-мөлт
етеді. Бауыр еті ботасын аяп егілді аруана. Шөге
кетіп аймаламақ болып еді, сол сәт арттан ат тұяғының
дүбірі естілді. Хан жалшысы кара жерді қақ айырғандай
каһарлы екен. Анадайдан айғайлап, қамшы үйіріп келеді.
Тағдырдың тағы бір таяғы таянғанын сезсе де, аруана оған
алаңдамады. Ботасының асты-үстіне түсіп, оған бар аналық мейірімін
төкті. Қалмақ шалы бұларға таяп кеп тежеді ат
тізгінін. Қамшы ойнатқан оң қол да сылық түсті. Аңырап
аруананың еміренген аналық сезіміне, әлі ентігін баспаса да,
есін жиып, оған еркелеп жатқан жас ботаның жарысымды
бал қылығына қарап қалыпты.
Аруана бір сәт ауыр қозғалып орнынан тұрды. Маңдайын
шығыстан соққан самалға сүйгізіп, туған жер жаққа тағы бір
көз тастады. Сол-ақ екен ескі жараның аузын мейірімсіз
біреу аяусыз тырналағандай бір зарлы, ащы үнмен аңырады
аруана. Оған ботаның нәзік, мұңлы боздауы қосылды. Туған
жер төсін аңсаған арманды жоқтау қалмақ жалшысының
сай-сүйегін сырқыратты. Алпыс жыл өмір сүріп, соның
қырық жылын түйе бағумен өткізген ол бұл жануардың
соншалық есті, сезімтал екенін осы жолы алғаш ұқты. Түйе түйсігін
түсінген ол мына жазықсыз екі жануарды жазаламақ
болған ойынан қайтып, олардың қайғысына ортақтасты. Бұл
екеуіне бостандық беруге де бекінді. Бірақ бұл ойдың келуі
қаншалық тез болса, қайтуы да соншалық шапшаң болды.
Көз алдына қаһарлы шұнақ құлақ қара шал елестеуі-ақ мұң
екен, қос мұңлықтың табанын жерге тигізбей алдына caп,
айдай жөнелді. Түйені таппадым деп бос қайтса, ол мұның жонынан
таспа тілері хақ. "Өзегіне корғасын құйып өрген он
алты таспа бұзау тіс қамшы арқада оқ жыландай ысқырса...
Жо-жоқ! Атай көрме, ондай сұмдықты. Өмірдің маған
сыйлаған ащысы онсыз да аз емес..."
Аруана ауылға емес, азапқа, азапқа ғана емес-ау, тозаққа
келе жатқандай. Ол қазір айдауда ғана емес, байлауда.
Басында болмаса да, сезімінде ноқта бар. Ілгері басқан аяғы кері
кетеді. Жау жаққа қарыс қадам басқысы жоқ. Бірақ,
амал не? Әттең, дүние, арман-ай!.. Алмағайып заман-ай...
Алыс қалып, арман болған бұл күнде, туған жердің төсінде
ойнақтаған дәурен-ай!.. Келермісің қайта айналып сол бақыт.
Әлде кеткенің бе, біржола қайырылмай. Қайғы жұтып,қан
құсумен, өксумен өтермісің, өмірім. Heгe сонша зар естімес меңіреу
болды замана. О, адамдар! Ақылыңнан, ақ жаныңнан
айналайын, Адамдар! Ар алдында жалтақтамай жауап бер.
Сойылдар неге соғылады? Шаңырақтар шайқалып, уықтар
неге шарт сынады? He үшін керек жауласу? Кімге қажет
қантегіс? Бір-біріңді ат артына бөктеріп неге, неге ғана айырасыңдар
туған жердің төсінен? Туған жерден алыстау
- бақыттан алыстау емес пе? Қасірет, қайғы дегеннің
табылады ғой онсыз да...
Өзі ақылына табынатын адамзатқа аруана ойша осындай
салауатты сауал берді. Әйтсе де оған жауап ала алған жоқ,
әрине.
Аруананың есіне ана бір жолы кешкісін ботасын тастап,
ауыл шетіне ұзап шыққаны түсті. Туған жер жаққа құмарта
қарап ұзақ тұрып еді сонда. Арманға бастар алыс бір сапарға аңсары
соншалық ауған. Әйтсе де байлаулы ботасын қимай,
қайта оралып келіп еді желіге. Бұ жолы да жіпсіз тұсады.
"Жат жердегі жұбанышым да, қайғым да сен болдың-ау,
жас ботам" дейді аруана іштей тебіреніп. Ол кайғының қара
бұлты қайта оралғанын сезді. Әйтсе де, аруана ерте ме, кеш
пе бұғаудан босап, туған жерге - күн шұғылалы бостандық
өлкесіне жететініне кәміл сеніп еді.
Екінші тарау
Қолға түскен тұткынды терімен қаптап, тігіп тастау
қалмақтардың қашанғы әдеті. Бүл жас жігіттерге, әсіресе,
көп қолданылады. Ондағысы "бөрінің бөлтірігінің"
буыны
бекіп, бұғасы катпасын, күндердің күні болғанда тұтқындық
буғауын талкандар тегеурінді кайрат тері тұлыпта тұншықсын
дегендік. Жауласқан жағын азаптау ниетінен гөрі жасқану
сезімінен туған осындай ортағасырлық тағылық ноқтасын
таскедергі тағдыр Тауманға да кигізіп еді.
Тауман қапылыста қолға түскеннен кейін де аяқ-қолын
қыл арқанмен буғанына қарамастан қайтпас қайраттанытқан.
Адам кейде өзінің асыл қасиеті үшін де жаза тартып, қасірет
шегеді ғой. Сол жолы да сондай бір әділетсіздік, қатыгездік
болып, айрықша ерлік оған артық дүре де жегізген еді. Жол бойы
жаумен жаралы жас жолбарысша алысып, ызадан ызғар
шашқан бала батырға қарсы жақ титтей де аяушылық жасаған
жоқ. Тауман денесін жеңіс құрметіне сойылған тайдың
терісімен қаптап тастады. Жай қаптаған жоқ, жас теріні
тартқылап, созып, шымшып тікті. Енді, міне, сол тері кепкен
сайын тырысып, тарылып, балғын денеге батып барады. Сәт
сайын темір құрсаудай қысады. Күре тамырларын сыздатып, бұлшық
еттерді сығып, сүйекті сықырлата сындырып
жатқандай. Тауман сонда да міз бақпауға бекінген. Қабақ
шытады, қыңқ демейді. Шеке тамырлары білеудей боп,
шыдамы шегіне жеткізсе де тістеніп жалындайды. Шарт
сынардай шамырқанады. Іштей бусанып буырқанады.
Тауман Жайық бойын мекен еткен Кіші жүз Адайдағы
шағын ауыл, аз ру Беріштің бел баласы. Кұны кеше бұл фәниден
өткен өз әкесі Тұрлыбек алысқанын жықпай, шабысқанын
жеңбей тынбайтын атақты батыр еді. Күжірейген жалпақ
жауырынды, саусақтары жас баланың білегіндей, шүңірек
көз, кесек кескінді кісі болатын ол. Өмірінің бәрі ат
үстінде
өткендіктен бе, кеудесі сәл еңкекті. Бойы жағынан да, ойы
жөнінен де іргелі елден одан іріні кездестіру қиын десетін тұрғылыстары.
Ол тірі тұрғанда жалпақ елге жау тұрмақ,
шаң жуымайтын.
Қалмақ жұрты қаһарынан қара жер қалтырайтын
Тұрлыбектің арыстан айбат, жолбарыс жүрегінен сескеніп,
ондаған жылдар бойы қалт-құлт күн кешкен. Олар
адайлардың белінде қару-жарақ бар, белдеуде аты тұр деп
естісе бойларын бір әлдеқандай үрей билеп, қотарыла көшіп, тура
қашуға әзір тұратын. Тұрлыбек өз ойынша орынды деп
есептейтін бір себептермен қалмақтарды бір рет шапқаннан
кейін, қайта айналып оларға соққан жоқ. Қайта өз күштерінің
артықшылығына арқа сүйеп, орынсьіз соктыкпақ болған
кейбір қызуқанды үзеңгі жолдастарына кезінде қатаң тыйым
салған. "Қанша батыр болсаң да себепсіз ел шауып,
орынсыз
қан төгу - күнә. Оны келер ұрпақ, кемел тарих
кешірмейді"
деп отыратын ылғи.
Осы азаматтығы үшін өз елінің ханы Тұрлыбекпен араз
болды. Ана бір жылдары хан Тұрлыбекті қалмақтарды
шабуға жұмсаған. Сонда ол "бұл жолы жазығы жоқ"
деп сол
сапарға бармады. "Тыныш жатқан елге тұткиылдан шабуыл
жасап, тұнығын лайлап, туырлығын тілу - кұдай алдында
кешірілмес күнә" деп ойлаған Тұрлыбек. Содан кейін
суысып
кеткен. Хан қабағын таныған Тұрлыбек өзіне қарасты
шағын ауңылды ертіп, үлкен өзеннің бір саласына көшкен.
Содан бері жаз жайлауы сол өзеннің аяқ жақ сағасында, қыс
қыстауы басында.
Әйтсе де хан Тұрлыбектен мүлде қол үзіп кете алмады. Абыройы
асқан батырдың айбыны елге қорған. Соны ойлаған хан қолбасыдан қол үзуге ішкі,
сыртқы жауларынан именді. Содан да ол араға елдің бетке ұстар беделді кісілерін
салып, Тұрлыбектің бұрынғысынша өзімен ірге түйістіре,
иін сүйесе көрші отыруын қалады. Малы да аз. Әйтсе де
оның халыққа сөзі өтімді, елге беделді. Елінің жауға шабар
үлкенді-кішілі ерлері ту ұстайтын басшымыз деп танып,
соңынан ерген. Содан да Тұрлыбекте қарадан туса да ханмен
тіресер қайрат бар. Тұрлыбек соңынан ерген аз атаның ақсақалдарымен,
өзінің үзеңгі жолдастарымен ақылдаса
келіп, хан қолқасын қабылдамады.
Елінің жауға шабар жалаңаш қылыш, жал аң төс батырлары
Тұрлыбектің соңынан еріп, соның сөзін сөйлегесін ханның
айласы таусылып, амалы құрыды. Содан да ол Түрлыбек
ауылына жаз сусын, қыс соғым беріп, қолбасының көңілін аулады.
Аңға онымен бірге шықты. Тұрлыбек бастаған жас
батырларды арнайы қонақ етіп, айрықша құрмет көрсетті. Өзі
де бір топ нөкерлерімен бірге қонақ боп қайтты. Сөйтіп бұлар
сырт көзге тату көрші ғана емес, ажырамас ағайын боп жүріп
жатты. Әрине, ханның ішкі есебі өзінде. Түрлыбек болса,
"алысқан жауыңнан асқан жағаласқан жақының жаман"
деп,
елінің бірлігін, халқының тыныштығын ойлайды.
Енді, міне, айбатынан ай жасырынған Тұрлыбек мезгілсіз
қаза тапқан соң, қалмақтар аяқ астынан айбарлы бола
қалды. Тұрлыбектің тіккен туын құлатпауға құдіреті жететін
ізбасарлары бар еді. Бірақ қалмақтар қаралы, қарбалас күні
шауып, бұлар қапыда қалды. Қой терісін жамылған қасқыр екен
олар. Көрші елдердің ежелгі дәстүрін сақтай алмады.
Айуандық жасады. Иттік істеді. Сол күні қол бастап қаралы
елге ат қойып, атой салғандар да ұяттың отына өртеніп
кетпей, адамбыз деп жер басып жүр-ау. Ер емес, ездің ісі
осындай болат та.
Сол бір елге қайғының қанын жұтқызып, қара жамылтқан
күндер, жаралы түндер қашан, қалай басталып еді. Иә, есінде.
Сәтсіз күн -; сейсенбіден басталған сегіз тәулікке
созылған сергелдең, әкесінің қазасы, жұртының азасы... бәр-бәрі
Тауманның күні бүгінгідей көз алдында.
Жан дүниесін жабырқатқан өксік, өзекті өртеген өкініш,
кеудені кернеген кек... Тауманның жұдырықтай жүрегін аяусыз
тырналап, көңіліне көрсоқыр тамұқ орнатқан. "Жауға
шабар атым жоқ, артымнан ерер халқым жоқ" дейтін ауыр
ой да жанын жегідей жеп, еңсені езеді. Сонда да қайсар бозбала
көзіне жас алмайды. Қайта қайратына мініп қатуланып мына
қараңғылық коршауынан бір сәуле іздейді.
Тауман түні бойы көз ілген жоқ. Оның қабырғасына
бататын - денесін қаптаған тері емес, жау қорлығы.
Түні бойы тар кеудесінде талай арыстан ойлар алысқан
Тауман таң алдында ғана талықсып барып кірпігі айқасты.
Ол бір ғажап түс көрді. Түсінде оған бабасы Батыраш аян
берді. Көзге түртсе көргісіз қараңғы түн екен. Тауман
қапырық қораның бір түпкірінде, көңге айнала бастаған тері
қап ішінде мойыны ғана қылтиып жатыр. Бұл жау жағының
азабына көнсе де, мазағына төзбей жылаған екен... Сол сәт
қою караңғылық арасынан ағараңдаған бір бейне көрінеді.
Ол сала кұлаш сақалы, ақ шекпені, аса таяғы бар, тіп-тік
жүретін ұзын бойлы шал екен. "Ей, балам, мен аруақпын,
басыңды көтер" дейді ол анадайдан айқалап. Бұл басын
көтереді. Аруақ бұған қарсы жүріп келе жатты. Ол мұның
жанына жақындаған сайын қараңғылық сейіле береді. Шал
қасына жетіп, қарсы алдына тұра қалған сәт қараңғылық
мүлдем серпіліп, айналаның бәрі жап-жарық болады.
"Мұның не, балам! Жылама. Берік бол. Арғы бабаң мына
мен Батыраш, бергі атаң Жәуке, күні кеше опасыз дүниеден
өткен өз әкең Тұрлыбек бәріміз де кезінде жау тепкісін
көргенбіз. Қара жердің қабырғасы қайысып, әзер көтерген
қайғыны да бастан өткердік. Сонда да сен қусап жасып,
жылағанымыз жоқ. Сен сүйегі асыл тұқымның, туған жерін таппай
тынбайтын тұлпардың тұяғысың. Сондай бір сом
алтынның сынығы бола тұра, бұл қай тұралауың. Жағаласқан
жауыңа көз жасыңды көрсеткенше көрге кір. Сүйекке таңба
салма. Бол жылдам. Тұр кәне. Әне, естимісің ер салуды тілеп,
кісінеген тұлпарыңның даусын..."
Батырыш осыны айтты да, көзден ғайып болды. Тауман
құлағын төсеп тындай қалды. Шынында да құлағына
тұлпарының, өзінің ай маңдай күреңінің кісінеген даусы
келді. Тауманның құйқа тамырлары шымырлап кетті. "Жан
жолдасым күреңім, қос қанатым!" деп күндей күркіреген
жас батырдың даусынан аспан асты жаңғырықты.  Тауман өз даусынан өзі шошып оянды. Таң
әлдеқашан
атса керек. Бұл жатқан ат қораның төбесіндегі табақтай тесіктен
жарық сәуле құйылып тұр. Саусағымен кірпіктерін
сипап көріп еді, жанарында шынында да жас бар екен.
"Апыр-ай, бұл қалай болғаны. Өнімде жыламағанда түсімде
көзімнен жас шыққаны несі? Түсінде жылаған өңінде
қуанады деуші еді. Бір жақсылық болған да... Өзім атын
ғана естіген Батыраш бабамды түсімде көруім, оның аян
беруі тегін емес-ау, сірә. Сүрінгенде сүйеп, қысылғанда
жебейтін, айналайын аруақ, ұрпағының мына жағдайын
біліп, кабірінде тыныш жата алмаған ғой. Шешем байғұс
тұмарыңды тастама, тарыққанда аруақтарды оятады деуші
еді. Әлде бұл осы тұмардың шапағаты ма екен..."
Тауман қолын көкірек тұсына апарып, мойындағы
тұмарын сипамақ болғанда қолы денесін қаптаған теріге
тиді.Тұмар оның ойына анасын оралтты. "Қазір қайда,
қандай күйде екенсің, аяулы анам! Еркегі бар, ері жоқ елдің
жұртында отырмысың еңіреп. Әлде аласапыранда жау сені
де осында алып келді ме? Жо-жоқ! Қанша қаныпезер болса
да жау ауыл бәйбішесін ат артына бөктермеген болар. Анам
елде. Ол қазір екі көзі төрт болып, өзегіне дерт толып, біз
жаққа қарап отыр. Біздің қасиетті қара шаңырақтың киелі
оты өшкен жоқ ендеше. Егер анам жау қолына түссе, осы жат
жерге жеткенше ұзақ жолда неғып бір көрмедім? Тіпті осында
келгелі де бір сыбыс естігем жоқ анам жайлы. Әлде жау әдейі
жасырып ұстай ма? Жоқ! Мүмкін емес. Жау сыры мәлім...
Егер анам осында болса олар мені жабырқатып, жасыту
үшін әнеугідей бәрін көз алдымнан әлденеше рет өткізер еді
ғой. Мен қалмақ ханына жауап бермей қасарысқанда олар
қол-аяғы кісендеулі қарындасым Қазынаны қарсы алдыма
әкеп, сағымды сындырмақ болғаны кайда?.. Қазынашым,
қарағым... қарлығашым, қанатым? Қарындасым, қаракөзім,
жан бауырым, жалғызым менің! Қос жанарың жәудіреп
қай жерде отыр екенсің? Әлде сені де әлі босатқан жоқ па,
бұғаудан. Мүмкін, жаудың құлақ кесті күңі боп, отымен
кіріп, күлімен шығып жүрсің бе? Әлде ақылың мен ажарыңа
Қызыққан жаттың сый-құрметіне бөлендің бе? Жо-жоқ!
Біздің Қазынаш ол қорлыққа көнбейді, ондай құрметті де
Қабылдамайды. Иілмейтін шарболат ол! He де болса шарт сынады.
Қарындасым-ай, бауырым-ай! Бәрінен де сенің
көрген қорлық-зорлығың батады-ау, жанға. Нәзік, балғын
денеңе лайық па еді темір кісен, көң құрсау. Айналып өтейін,
садағаң кетейін, жаным-ай! Қазынашым-ай! Қарындасым-
ай! Қинадың ғой, қалқашым! Қиналдың ғой... Сені ойласам
қабырғам қайысып, қанатым қайырылады. Қайтейін... Көзім
тіріде көрем деп пе ем бұл қорлықты, көрсетем деп пе ем
саған да. Алыспай да, шабыспай қапыда түсіп жау қолына
осылай арманда кетер ме екем?.."
Тауман жанарына іркіле қалған жасты, тамшысын
тамызбай аһ ұрған ақ жалынмен қайта жұтты ішке. Аш
өзегіне түскен ащы уайым-қайғы құрақтай жапырылды сол
сәт. Енді оның балғын бойынан бұлқып аққан бұлақтай бұла
күш бой көтерді. Ашулы, адуын ойлар оянды.
"Азғырма мені аш кайғы, жапалақша жарбаңдама жарымжан
уайым. Бәрібір мені жасыта алмайсыңдар сендер.
Батыраш бабам не деп еді жаңа. "Сен туған жерін таппай
тынбайтын тұлпардың тұяғысың" деген жоқ па? Ерте ме,
кеш
пе, әйтеуір орайын тауып босанармын бұл бұғаудан. Күреңді
де мінермін кісінетіп. Кек қайтармай кетпеспін сенен қаскөй
жау. Сосын күндіз естен, түнде түстен шықпайтын жетермін
туған жеріме. О тағдыр! Өмір сүргізбек түгіл, өлтірме бұл
жау елде. Жат елдегі бақыттан, өз жерімдегі қайғы артық.
Қыран түгіл қарға да аңсайды туған жерін. "Гүл екеш гүл
де
өзі тамыр тартқан топырақта ғана өседі..."
Көктемгі селдей бірін-бірі кимелеп кеткен ой тасқыны
Тауман бойын құрсаулай буа бастаған. Сол бір қуатты
ойлар қызумен шамырқанса шарт сынатын жас батырдың жанарында
жасынның жарқылы тектес тегеурінді ентек
оттар ойнай жөнелген еді. Әйтсе де жігіт сол отқа жігерін
жанып, ойының қараңғы түкпірлерін оның сиқырлы
сәулесімен оятып, нұрландырып үлгермеді, темір есік
сарт етіп ашылып, көз алдынан кең дүниенің бір сынығы
жарқ етті. Тау-ман жау жандайшаптарына жауап беріп,
тіл қатқан жоқ. "Осы бір жалаң аяқ, жартыбастыларға
сөзімді шығын ғып қайтемін" деп ойлады ол. Тауман
өзіне албастыдай төніп келген киімі алашұбар ғұжбан
қараға қос қарашығын қадай қойып еді, анау от шашқан
жанардың жалынына шыдай алмады. - Көзі қандай өткір еді,
адамның өңменінен өтеді ғой, - деді ол жанындағы
серігіне естірте.
- Тек, - деп түнере түсті серігі.
Еңгезердей екі адам аяқ-қолы кісендеулі балаң жігітке
батпағандай қипақтап біраз тұрды. Әлден уақытта Тауманға
екеуі бірдей ұмтылып, оның аяқ-қолын жерге тигізбей
әлдеқайда ала жөнелді.
Тауман алты қанат ақ орданың төрінде төбедей болып
отырған қапсағай бойлы, қақпақ жауырынды ат басты,
арыстан кеуделі,құлын құрсақ кісіні бірден таныды. Ана жолы
бұл абайсызда алдырып, аңдаусыз қолға түскенде, азабы мен
мазағын қатар қолданып жас жігерді жасытып алмақ болған
жау қолының басшысы осы. Сонда ол Тауманның қиындық
көрген сайын кетілмей, қайрала берер қайратын танып, іштей
сүйсінген. "Осындай ер туғызған ел де жау шапты деп
жаси
ма екен?! Мынау қап түбінде жатпайтын нағыз болат кездік
қой" деп ойлаған ол.
Алпыстан асса да еңкеймеген, жас жігіттей ширақ
қимылдап, тіп-тік жүретін қапсағай бойлы, қақпақ
жауырынды осы бір кеуделі кісінің сөздері қорғасындай
салмақты еді. Осында келгеннен кейін осы адаммен алғаш
жауаптасқан күні-ақ осыны аңғарған. Иегінде тым болмаса
бес тал сақалы жоқ көктұқыл, көсе шалға қарап отырып
Тауман: "Шалдық жасқа жетсе де, шау тартпаған бұл
қандай
қайратты жан. Көзінің нұры, бетінің қаны таймаған. Бірақ,
қимылың ширақ болғанмен, жүрісің ебедейсіз екен. Найза
сілтеп, сойыл соғуға шорқақ боларсың-ау, сірә. Қол бастау
сенің қолың емес. Көрші елдерде жұртының көшелі сөзін
ұстайтын көсемдік қой жолың" деген тың ойлар толқынына түсіп
еді.
Бір сәт екеуінің көздері кездесіп қалды.
Әрине, бұл жанарлардың жүздесуі ғана емес-ті.
Шатырлаған найзағай оттарының аспанның қабырғасын
қақыратқан, дүниені теңселткен, қас қағым сәтте кәрі
қарағайды қақ бөлген қақтығысы еді. Әйтсе де екі мықты
- кәрі арыстан мен жаралы жолбарыс бірінің мысын бірі
баса алмады. Жығыса алмай ажыратқан балуандардай жалт
берісті жанарлар. Бір ғажабы кәрі шөңгенің кәрі жоқ бүгін.
Керісінше ұялы үлкен көзінде мейірім, жүзінде жылылық бар.
Ол ешкімге ләм деп тіл қатқан жоқ. Ойланып ұзақ отырды.
Әлден уақытта босағада мелиген екі жандайшапқа акырын
ғана иек қақты. Олар құрақ ұшып жалма-жан Тауманның
балғын денесіне батқан тері құрсау мен темір кісенді
сыпырды. Қас қағым дерлік сәтте Тауман қос жандайшаптың
қолқалап, қақпақылдауымен өз киімдерін киіп үлгерген еді.
-        Сен қазірден
бастап бостандықтасың, - деді оған
қалмақ шалы. - Бірак, есіңде болсын, әзірге ауылдан алты
адым аттауыңа рұқсат жоқ. Бар, жуын, тамақтан.
Тауман бірдеңе айтпақ боп, ұмсына беріп еді, сергек шал
сезе қойды да, оны сөйлетпестен:
-        Бүгін демал,
ертең әңгімелесеміз, - деді. Тауман қос
жандай-шаптың есік ашып, жол бастауымен сыртқа шықты.
Мезгіл ұлы сәске. Аспан ашық, күн жылы екен. Тымырсық
ауада әлденендей бір тыншу бар. Бейне қатты жауын, қатерлі
дауыл алдындағы тыныштық тәрізді. "Кісендеулі тұлпар
шаба
алмайды. Томағалы қыран ұша алмайды. Тордағы бұлбұл
тұншығады. Бақыттың үлкені - бостандық. Қыр тобылғысы ойда
тамыр тартпайды. Күн нұрынсыз гүл өспейді. Ендеше
туған жердің ауасынсыз өмір жоқ" деп ойлады ол өзі неше
күндей аңсаған жарық дүниеге тоймай қарап.
Сол сәт Тауман мына құрметтің себебін таба алмай дал
болды. Бұл сыйдың да өзіндік сыры бар еді. Ол сырды Тауман
сол сәт түгіл, сол күні де біле алған жоқ.
Тауман жарық дүниенің қыз құшағынан босай алмай
қым-қуыт ой кешіп тұрғанда құлағына ат дүбірі келді. Селк етіп,
артына жалт қарады. Ауыл сыртындағы белден шағын
шеңбер жасап өрілген қою шаң көрінді. Алғашында ештеңе
аңғармаса да әлденеге елеңдеп қалды. Құлағына тұлпарының
кісінеген даусы келді. Есіне Батыраш бабасының "Сен
туған
жерін таппай тынбайтын тұлпардың тұяғысың" деген сөзі
оралды. Жанары жарқылдап жаңағы ат дүбірі шыққан жаққа қайта
қарады. Үйірден қашқан қулықты қуған жылқышы
екен. Қайсар кулық ауыл сыртындағы белді белдеулей
өтіп, қырға қарай қиялай тартып барады. Бебеулей безуінде
үйренбеген үйірге тұрғысы келмеген мінез бар.
Тауман қайсар қулықты бірден таныды. Туған елінің, өз ауылының
жылқысы. Құла айғырдың үйірінен өнген құтты тұқым... Қулықтың өкшесі - хан
ауылы, маңдайы - биік тау беткейі. Қарсы алдында қия жартасты қиып өтетін
қияметтің
қыл көпіріндей тар соқпақ. Сол тар соқпақтың сол қанатында
асауларға асу бермес адуын тау өзені, оң жағында шыңырау,
құлама құз. Қулық қайтсе де сол қыл көпірден өтіп, өз үйірін
таппақ. Tap өткелден тұяғы тайып, өліп кетуге бейіл, бірақ өмір
бойы үйренісе алмасына көзі жетіп, көңілі сөнген өгей үйірге қайтып қадам басқысы
жоқ.
Осынау көрініске қарап қалған Тауманның тұла бойы
дуылдап, жауырыны жыбырлағандай болды. Құрысқан дене
бусанып сала берді... Сол сәт жарық дүние мұнарланып, көк буылдыр
арасынан көзіне аянбай жұлкысар алдағы айқас елестеді.
Үшінші тарау
Аруана соңғы күндері күрт өзгерді. Бұрынғы мол мейірім, жылылығынан
ештеңе қалған жоқ. Егілме жаны қара тасқа айналып, дүниенің бәріне қарс
жабылған қатулы қабақпен
қарайтын болды. Мұның да өзіндік сыры бар еді.
Ана жолы ботасына қарайлап, қайтадан жау колына түсуі
аруанаға ауыр соққы боп тиген-ді. Сол соққыдан есеңгіреп
барып, есін енді жия бергенде қатал тағдыр бұған кезекті бір
тауқыметін тартқызды. Жалшы жау жаққа айдап әкелгеннен
кейін он шақты күннен соң бұл бауыр еті ботасынан тірідей
айрылды. Қалмақ ханы оны көрші ауылдан келген жиеніне сыйға
тартқан. Хан жиені он бір, он екілердегі танауы делдиген, оң қабағы жарылып,
жыра боп біткен, жырық езу тентек бала бар кияңқылығын жас ботаға жасап еді.
Бір шөгіріп, бір тұрғызып, үстіне біресе мініп, біресе
түсіп, басқа көзге сабалап, ит ырғаққа салған-ды.
Бұл жау баласының жас ботаға көрсеткен азабы ма, мазағы ма,
аруана ол арасын салмақтап жатқан жоқ. Әйтеуір соған қатты қиналып, қатты
қорланды. Қос жанары мөлдіреп жан-жағындағы әңгіме-дүкен құрған адамдарға
жаутаң-
жаутаң қарады. "Мейірімді адамдар-ау, көрсеңдерші мынау
бейбастықты. Әділетсіздіктен арашаласаңдаршы анау
әлжуаз, жазықсыз жас жанды. Неғып тұрсыңдар, неге қой
Демейсіңдер, сендердің де осындай жас балаларың бар емес пе?"
дейді оның мөлдір тамшыдан мөлтілдеген қос қарашағы.
Бірақ, қымыздың қызуы денесін бусандырып, қызу әңгіменің қызығына
түскен олар өзгенің қайғысын көрер емес. "Әттең, байқамады-ау. Көрсе ара
түсер еді ғой" деп жұбатты аруана өзін. Сөйткенше болған жоқ, тентек бала
өзінің кезекті бір
бұзақылығына мәз болып, сақ-сақ күлді.Қыр басындағы топ адам
солай қарай жалт қарады. "Көрді. Енді азаптан құтылады, ботам" деп
ойлады
аруана. Бірақ, олар тентек балаға тыйым салудың орнына бейбастыққа
жол беріп, әділетсіздікті қосыла қызықтады.
"Бұл қалай болғаны, қасірет дауысын естір құлақ
қалмағаны ма? Аттарыңа лайық па осы, Адамдар?! Біз сендерді жер бетіндегі жан
иесінің естісі санап, пір тұтпаушы ма едік.Тіршіліктің тұткасы қолдарында тұрған
адамзаттан да осындай аяусыздық, арсыздық табылғаны ғой" деп таусылды
аруана.
Бота жанарына жас толып, еміренген енесін көрді. Балғын денеге
бір бұла күш пайда болды. Сол сәт ол тулап-тулап,
үстіндегі тентекті тақыр жерге алып ұрды. Сосын анасына қарай
тайрандады.
Қалмақтың қара домалақ баласы да қайсар екен. Ботаның соңынан
тұра қуды. Ол енесінің бауырына тығылды. Бала ботаның бұйдасына ұмтылғанда
аруана оны басымен жасқап
қалды. Сол сәт қорқып қалған ол қашпақ боп алға ұмтылғанда аруананың
омырауына соғылып құлап түсті. Енесін айнала
берген бота баланың балтырын басып кеткен еді. Бала баж ете
қалды. Оның ащы даусына қоса төбе басындағы топ
адамның да жамырай шыкқан айғайы естілді. Біразы ойға
қарай ойысты. Қас кағым сәтте аруана мен бота оқ жыландай
ысқырған қамшының астына түсті. Аруана бауырына
алып ботасын, мойынын иіп басын қорғады.
Сол күні қалмақтар аруананы шыбыртқымен шықпыртып, қараңғы
қораға қамап тастады. Ботаны басқа бір мекенге алып кетті.
Аруана содан бері жалғыз. Жат мекендегі қараңғылық
дүниесінде жанған жалғыз ғана жарығы бар еді. Ол да
сөнді...
Төртінші тарау
Қалмақтың ат басты, арыстан кеуделі, құлын құрсақ,
құлан аяқ кайратты шалы көпке дейін Тауманның көз алдынан
кетпеді. Оның түксиген қалың қабағының қалтарыстарында қатпар-қатпар кұпия
сырлар жатқандай. Басындағы
жығасы да туы жығылмаған қолбасының айбынын асыра
түскендей. Өзінің неліктен бұғаудан босатылып, бостандыққа
шығарылғаны да Тауман үшін беймәлім еді. Бірақ бір
нәрсеге көзі айқын жетіп, көңілі анық сенеді. Ол - өзіне аяқ
астынан жасала қалған мына құрметтің бас пәрменшісі алты қанат ақ орданың
төрінде төбедей боп отырған жау қолының басшысы екендігі. Тауманға тағы бір
нәрсе, сый артында терең сыр барлығы аян. Қалмақ шалының мұны өз алдына алдырып,
жалыны сөнбеген жанарымен ұзақ арбауы да, көп сөйлеспей қысқа ғана тіл қатуы да
тегін емес. Қорқытып,
қорлау ма, әлде алдап, арбау ма немесе найзаның ұшы
білектің күші ғана шешер қанынан да қымбат қасиетті сезім, киелі
ұғымдай аса бір аяулы асылын қолқалау ма... әйтеуір осындай бір әрекеттің күні
ертең жау жағынан жасаларын біледі ол...
Содан да мына өзі демалып жатқан алты қанат ақ отау,
салулы төсек, салқын үй Тауман жанына сая бола алар емес.
Сапырулы сары қымыз сусын емес, запырандай. Қабақ
қағысын бағып, құрақ ұшқан қызметшілер күтуші емес,
күзетшідей... "Сол сында ер міндетін атқарып, елімнің еңселі
тұлғасын таныта алам ба? Оған қажет айрықша қасиет, артық қайратты қайдан
табам?" дейді Тауман санасында сапырылысқан сан тарау ой, сан салалы сұрақтың
бірі. Киіз үйдің іргесі Тауман жатқан тұста белбеуге дейін түрулі.
Тымырсық ыстықта үй іші тыншу болмасын деп күтушілер
әдейі солай істеген. Сонау бұраң белден сол ашық іргені
белдеуге дейін қуалай қылмың жүрісті қылаң жел соғады.
Ол Тауманның қас қаққанша сан аунаған жүрек тұсы мен
алаулаған ақшыл жүзін аймалайды. Жас батырдың жаны сонда да
жай таппайды. Жаңағы бір сауалына жауап іздеп, жаралы жолбарыстай аласұрады.
"Ертеңгі сында ер міндетін атқарып, елінің еңселі
тұлғасын танытар артық қуат, айрықша қасиетті жалын атқан
жастығыңнан ізде" деп сыбырлағандай оған туған жер жақтан соққан салқын
ауа, самал жел.
"Жастығым лапылдаған жалын дейін. Жау айласы одан да
басым, өртті сөндірер нөсер тектес болса қайтемін? Бұдан да гөрі серпінді,
сенімді күшті кайдан аламын?"
"Намыстан! Жанымды берсем де намысымды бермеймін,
арымды аттатпаймын, арманымды таптатпаймын деген
кемел елдің кеуделі ұлы емессің бе? Ту ғып ұста елің үшін ер
намысын. Осы болар сүріндірмес сүйеніштің біреуі".
"Намыс деген кайраса жетіледі, кайрамаса кетіледі.
Алысарым жасақты жау боп жігерімді жаныса жақсы, аярлық боп
аяғыма жығылса, жалбарынса, жалынса нетермін? Елім
үшін бұдан да зор, қуаты мол шаршы топта сөз бастаған
шешен мен қол бастаған көсемге шалдырмайтын, акылға да алдырмайтын,
ең бастысы жат мекенде қалдырмайтын ең
сенімді күш керек. Соны қайдан, қалай табамын?
"Туған елге, кіндік кескен жерге деген ақауы жоқ ақ
махаббаттан".
"Жаңа ғана айттың жадымда тұрар, жаныма батар жауапты.
Рақмет саған, ел жақтан соққан ерке жел! Махаббаттың осалы жоқ. Әйтсе де туған
жерге деген махаббат барлық
кұдіреттен де күшті. Оны мен сияқты тағдыры тайғақ боп
туған жерден алыстаған, елін аңсаған адам, әсіресе, анық
біледі. О, аяулы оттай ыстық туған жер! Осынау жарық
дүниеде сенен қьмбат не бар?
Туған жерім, асқар белім, сен жылама екі көзге жас алып. Мен
ешкашан сындырмаймын сағыңды. Соның үшін қасарысам, қарсы тұрам жауыма. Сондай
сәтте, сын сағатта
найзағайың өн бойымда от болып ойнайды. Туған жер, сенің төбеңдегі
аққу қанат ақша бұлт ақ күмбезім ғана емес, ол бір менің арайланған ақ таңым,
ол бір менің махаббатым,
мақтаным. Абзал далам, арманым деп әлдилеймін жүрегімде бір
сені. Киелі елім демер болсаң ұлыңды, ауырлықты елемей, асқар тау боп көтеремін
еңсемді. О, туған жер, сен мендегі соғып тұрған жүрексің. Сен жыласаң жылаймын,
сен қуансаң мен де бірге куанам. Сенсіз менің өмірімде мағына жоқ, тамыры суалған,
жапырағы қуарған теректей мәнсіз. Қара бұйра топырағың мойнымдағы тұмарым.
Өлсем егер көрпем де сол жамылар. Мен бақыттың шықсам егер шұғылалы шыңына
сенде ғана шығамын. Сол сәтте де жүрегімнің ең төрінде сен тұрсың, туған жер!
Сол биіктен құлап түссем
қайтадан, тұғырым да бір өзіңсің қонатын. Біз екеуміз егіз
шекпіз домбырада жұптасқан, арудың қос бұрымымыз
жауырында жарысқан. Болса егер өн бойымда жарты жаңа
жақсылық, сол үшін де қарыздармын мен саған. Пірімсің сен табынатын,
туған жер, аруақсың, мені әркашан қиын жерде,
қысылғанда жебейтін. О, туған жер, ұлым менің қайратты болсын
деп кіндігімді жасынның жарқылымен кесіп ең, сен
менің жаным таза болсын деп таңғы шыққа шомылдырып ең.
Жапырақты жөргек етіп, ақша бұлтпен құндақтадың.
Сенің төсіңде дүрсілдеген тұлпарлардың тұяғы маған топтан қалай
озуды ғана емес, жауға қалай шабуды да үйретті. Көкке
қарай самғаған сұнқарларың биіктерге баулыды. Дауылың
мен жауының, теңізіңнің тентек толқыны мен өзеніңнің
терең ағысы, қияға тартар жалғыз жаяу соқпағың жігерімді жаныды,
қайратымды тасытты. Мен төзімді төсіндегі таулардан алғам, ерлікті өзіңнен
үйренгем, қасиетті туған
жер. Содан да сен, ұланыңа сене бер, қандай қиын шақта да тік
ұстаймын еңсемді, сындырмаймын сағыңды. Рас, қазір алыстасын, туған жер. Сондадағы
өзіңмен жүрегім бір, жаным бір. Жылы жаққа ұшпай қалмас құс құсап, әлі-ақ саған
оралармын, туған жер!" ...
Туған елін ет-жүрегі елжірей есіне алған Тауман енді
бір сәт өткен күндер елесіне ере берді. Иә, бәрі де есінде.
Сол бір сотанақ сойқан, опасыз шабуыл алдында бақытты еді
елі-дағы, өзі де. Мезгіл мамырдың аяқ шені еді. Қыстан жұтамай, жүдемей қонды
шыққан күйлі ел қыстаудан
ерте көктем хабаршысы ерке қызғалдақпен қатар көшкен.
Қалындықтың жасауындай жайнаған қыр сұлулығы қара
көлеңкеде сан сәуле шашқан гауһардай құбыла құлпырады.
Айнала жап-жасыл. Көз жетер жердің бері жасарып,
жайнай түскен. Жер бейне бір ақсары, қызыл гүлдермен
айшықталған жасыл реңді ажарлы, алып кілем. Ал қара көк аспанда
ұшқан аққудың қанатындай қияқтанып, сұлу қыздар салған бөртпе шәлі сияқтанып ақ
шарбы бұлттар жүзеді.
Көк еркесі қыран құс алғашқы екпінімен алған биіктігін місе
тұтпай сол бұлттардың соңынан қуа самғайды. Тастан
тасқа секіріп, тау баурайынан құлай аққан құба бұлақ,
сылқ-сылқ күліп, сыңғырлап сырды ұрлайды. Таңғы шықтай
мөп-мөлдір тұма жел жігіттің қытығымен сылқ-сылқ күліп,
қыз-қызғалдық ырғала билеп, бас шұлғысады. Даланың
әнші құстары бар даусымен осынау бақытты өмірдің барлық нәзік
сұлулықтарын жырлайды. Мына Ұлы Дала қатардағы
қарапайым пенде ұға бермес жұмбақ үн, сымбаты бөлек,
сырлы әуенге тұнып тұр.
Тауман осындай сұлу табиғат құшағында күн ұзақ
серуендеп, емін-еркін сейіл құрды. Қасыңда қарындасы
Қазына және бір топ қызбозбала құрдастары бар еді. Бұлар ат
үстінде аударыспақ ойнай жүріп ауылға оралды. Жастар
қызық серуеннің қыз құшағында қызыл іңірге дейін жүріп қапты.
Тауман кермеге кеп ат тізгінін тежегенде әшейінде жайраңдап жүретін ат байлаушы
қабағынан әлденендей қатқылдықты аңдағандай болып еді. Әйтсе де салтанатты
саяхаттан көтеріңкі оралған көңіл оған мән бермеді. Анасы
әдеттегідей бұл жолы үй сыртынан тосып ап, көңіл күйін сұрамады.
Сонда ғана оянды сергек сезім шырт ұйқыдан.
Көңіліне белгісіз бір түйткіл енген Тауман өзіне арнап
тігілген отау үйге кеп сырт киімдерін асығыс шешті де,
жуынып, сусындамастан ата-анасымен жүздесуге асықты.
Тұрлыбектің ордасы Тауман мен Қазына отауларының
қақ ортасында. Ауылдан сәл ғана оқшау дөңге тігілген бұл үш
үй бірнеше ерекше белгілермен бірден көзге түседі.
Біріншіден, бұл үш үйдің туырлық, түндіктері аппақ. Ал,
өзге үйлердің киіздері боз, қоңыр, қара. Екіншіден, бұл
үйлердің аппақ туырлықтарының етегі қоңыр дөдегенің дәл орта
түсынан жіңішке, нәзік, қошқармүйіз, құстұмсық өрнектермен айшықталған.
Үшіншіден, бұл үш үй басқалардан үлкен де биік. Ауылдың өзге үйлері төрт-бес
қанат болғанда Қазына мен Тауманға арнап тігілген отау үйлер
алты екі қанат. Ал, Тұрлыбектің ордасы бұл екеуінен деүлкен.
Біріне-бірі тіркестіріле тігілген екі үй, он қанат. Содан да бұл үшеуі
қотандағы қой ортасындағы жалғыз өркеш
үлек пен қос ботадай.
Тұрлыбектің ордасы мен оның балаларына арнап
жасатқан отауларына тең келер киіз үй ат тұяқ жетер жерде жоқ.
Бұл үйлерді Тұрлыбек осыдан бірер жыл бұрын елдегі
ең атақты отыз шеберді жиып алып жасаткан. Олар алпыс күн шамасы
бойларындағы бар өнерлерін салып, еңбек еткен.
Киіз үйдің кереге, уық ағаштары елдің өз ішінен табылды да,
шаңырақ жасайтын қайыңның өзгеше бір түрін Түрлыбек
көрші елдерге арнайы адам жіберіп алдырды.
Бұл үйлерді тігуге де ерекше ептілік, өзгеше өнер керек.
Оны Тауман анасының тікелей басқаруымен осы іске әдейі
үйретілген арнаулы епті адамдар тігеді. Тәжірибелі адамдар керегелердің
қанатын жазып, оларды бір-біріне жымдастырып таңғыш арқылы байлап, босағаға
бекітеді. Сосын
әрі епті, әрі қайратты бірнеше еркек төрт-бес бақанмен
шаңырақты көтереді. Сол сәт әзір тұрған оңтайлы жас
жігіттер ат үстінде жүріп уық шанышады. Бұл жауапты
жұмысқа жылқының да кез келгені жарай бермейді.
Сондықтан уық шаншарда әдейі үйретілген арнаулы
аттар пайдаланылады. Ол аттар үй тігуге үйретілмеген өзге жылқылардай
шаңырақ пен уықтан үркіп, тайсақтамайды.
Керегеге қарсы тік жүрмейді, қайта қырыңдай келіп, үстіңдегі
иесі үзеңгіге аяғын тірей қолындағы уықты шаңырақтың күлдіреуішіне дәлдеген сәтте
кілт тоқтай қалады. Бұл үш
үйдің басқұрынан бастап шиіне шейін өзгеше. Оларды
кестеленген әсем, нәзік өрнектер хас өнерпаз қолынан шыққан
қаса сұлулықты танытады. Ең арғысы үзіктері де
көз тартарлық.
Тауман ордаға келіп кіргенде оң жактағы ағаш төсекте
екі беті алаулап жатқан әкесін көрді. Анасы төсектің аяқ
жағындағы кебежені ақтарып, көп түйіншектің арасынан
әлдебір әкесінің сырқаттанып
қалғанын, анасының соған дәрі іздеп жатқанын біле қойды.
Әкесінің осылай көктем сайын қайталайтын ескі дерті бар. Тұрлыбек
әдетте қызуы күрт көтеріліп қатты құлайды.
Сондайда ол тәулік бойы тыншымай аласұрады. Дөңбекшіп жатып
шөлмен алысады. Табиғатында төзімді адамның
шыдамы да мұндайда сүт пісірім сәтке әрең жетеді. Сосын
тағы да шөл, тағы да сусын. Сөйтіп ең соңында ағыл-тегіл
терлеп, тәуірленеді. Ал егер тәуліктен соң да аурудың беті
қайтпай асқына түссе, әкесі кебеже түбіндегі алуан түрлі шөп
пен өсімдік тамырынан жасалған күл тәріздес ұнтақ күлгін дәріні ішеді. Сонда
ғана қысқа уақытта аяусыз қысқан ауру
бірте-бірте бәсеңдейді.
Анасының айтуына қарағанда әкесі кеше бұлар сейілге
әзірленген сәтте-ақ сырқаттанған. Әйтсе де үйреншікті науқас
қой ештеңе етпес, балаларға сездірме, аландамай армансыз
серуендесін деп әмір етіпті әкесі. Сол күні түнде Тауман
ауыл ақсақалдарымен бірге әкесінің жаныңда болды. Тұрлыбек
дәрі ішкелі де ет пісірім уақыт өтті. Бірақ аурудың беті қайтар
емес. Таң алдында қайта-қайта қысылып қала берді.
Тұрлыбектің жанашыр жақындары тәуіпке, тәуіп науқасқа қарайды.
Бұлар бір-бірін үнсіз ұғысып, таңды атырды.
Тұрлыбек әлі тыншымай жатыр. Ақ сақалы алпамсадай кеудесін
жапқан тәуіп ұзақ ойланып, "енді қашан?" деп көзбен қамшылаған көпке
өз байламын айтты. -           Сырқат
әлсін-әлсін қысқан шөлді де ұмытып, сандырақтай бастады. Әрине, бұл жақсылықтың
нышаны
емес. Менің пайымдауымша наукас ұзаққа созылады. Қауіпті
дерт төндірген қатерден құтылар жалғыз ғана жол бар.
Оның өзі жіңішке. Айту да қиын, айтпау одан да ауыр, -
деп барып, демін ішіне тартып, өңі бозарып отырып қалды тәуіп.
-        Еліміздің
арысы Тұрлыбек үшін қай қатер де қауіпті емес. Ол қандай жол өзі?
Айтыңыз,-десті ауыл ақсақалдары.
Тәуіп Тауманға, сосын анасына қарады.
-        Әкесі өлгенді
де естіртеді, не де болса айтыңыз, қария, -деді анасы.
-        Айтсам, - деді
қария. - Жайықтың арғы бетінде,
жалғыз терек түбінде түрі-түсі біз көргеннен өзгеше, тегі басқа,
күнгей елден ауып келген ордалы жылан бар. Сол жыланның уын қолға түсіру керек.
Соның уы ғана ем. Өзге дауа жоқ бұл дертке. Науқастың уытын бір қайтарса сол
жылан уы ғана қайтарады. Бірақ ордалы жыланға жаяу
жақындауға болмайды. Оның біріне тиіссең барлығы жабыла қуады.
Сондықтан да оны ат үстінде тұрып, оңтайлы бір
нәрсемен қас-қағым сәтте іліп алу керек. Тағы бір қиындығы
-ордалы жыланға Тауманның күрең тұлпары болмаса өзге
жылқы батылы жетіп жақындай алмайды.
-        Жайықтан жүзіп
өтуге күрең тұлпардан өзге ат
жарамсыз ғой, - деп қалды бір қария.
-        Иә, дұрыс
айтасың. Күрең тұлпар болмаса, басқасы сенімсіз, - деді тәуіп.
-        Мұның тағы бір
қиыны - күрең тұлпар Тауманнан
өзге бір жанды маңайлатпайды. Жас мырзаның өзі болмаса
өзге адам оны ерттеп мінбек түгіл, жүгендей де алмайды,- деді
жаңағы қария.
-        Ол рас. Күрең
тұлпар жылқыдан туды демесең
құланмен қандас. Туа сала бүтін елдің бүкіл әккі аңшылары
жабылып қолға түсірген құланның сүтін емізген. Тауманға
құлын кезінен үйренген, - деді Тұрлыбектің үзеңгі
жолдасы.
-        Сонымен қатерлі
жолға Тауманнан өзгенің лайығы
жоқ. Менің де көп толғанып, қатты қиналған себебім сол,
- деді тәуіп.
-        Мына тосын
тосқауыл Тауманның анасын да,
ауыл аксақалдарын да тұйықка тіреді. Бәрі де демдерің
ішіне тартып, сахарға салған сүйектей құп-қу боп отыр.
Тыныштықты Тауман бұзды.
-        Абыржитын не
бар? Аттанамын! - деді ол.
-        Аптықпа,
балам! Бұл сейіл емес, қауіпті сапар, - деді Тұрлыбектің үзеңгі жолдасы.
-        Бәйбіше не дер
екен? - деді тәуіп. Бәрі де, иә, билік
сенде дегендей Тауманның анасына қарады. Ол қараңғы
түнде қара орманда тым болмаса жарыққа бастар соқыр
соқпақ таппаған жолаушыдай қиналып үнсіз қалды.
-        Әкем үшін жан
пида. Ел үшін одан қадірім де, қажетім
де артық емес. Өлім үшін емес, өмір үшін барамын. Алла дейін,
аман қайтам, рұксат ет, анашым! - деді екі көзі сексеуілдің шоғындай жайнаған
Тауман.
-        Қасиетті
тілегіңді қалт етуге шамам қайсы?! Бара
ғой, бар, жан балам! Тек аман-есен қайт. Ақсарыбас атадым жолыңа.
-        Ақсақал, онда
бата бер. Мен аттанам, - деді Тауман
әкесінің үзеңгі жолдасына.
-        Қой, ботам!
Бүгін сейсенбі, сәтсіз күн, - деді анасы.
-        Ауру асқынып
кетпей тұрып, жылан уымен уытын
қайыру ерек. Уакыт қымбат. He де болса аттанам!
-        Құдайдың
күнінің бәрі сәт. Рұқсат ет, бәйбіше, - деді тәуіп.
-        Олай болса
рұқсат, ботам!
Ақсақалдардың ұйғаруы бойынша Жайықтың бергі жағасына дейін
Тауманның жанына еретін он жігіт әзір болды.
Күрең тұлпар жер тарпып кермеде тұр. Ордаға ауылдың сүт бетіне
шығарлары жиналды. Тұрлыбектің үзеңгі жолдасы
алақанын жайып бата берді.
"Бөрлі таудан аспаған,
Бедеуге қамшы баспаған,
Алысқа сапар шекпеген,
Ат қадірін білмейді.
Әуеде бұлт бар,
Ауруда үміт бар.
Ақылды білер әр нұсқаны,
Алыс пен һәм қысқаны,
He іс қылса артын ойлар,
Адамзаттың данышпаны.
Асу-асу белдер бар,
Аса алмаса ат өлсін,
Ағайынмен тату бол,
Айыра алмай жат өлсін.
Құдай оңдасын,
Аруақ қолдасын.
Жортқанда жолың болсын,
Жолдасың қыдыр болсын, әумин!.."
-        Әумин!
-        Жақсы тілек
жаратқан иемнің құлағына шалынсын.
-        Әумин!
-        Иә, аруақ!
-        Иә, сәт!
-        Әумин!
Жайылған алақандар мұң басқан, қаны қашқан беттерді
сипады. Тауман бастаған топ атқа қонды. Мезгіл ұлы сәске
еді.
Тауман сол сапардан жеті күн өтіп, сегізінші күні
оралды. Ала-шұбар жыланды қыш құмыраға салып, алып келді.
Әкесінің ауруы асқына түскен екен. Оған жылан уы да септігін тигізіп себеп бола
алмады.
-        Әттең, дүние,
арман-ай! Тауман кешікті, екі тәулік
кешікті. Енді менен қайран жоқ, - деді емі қонбаған тәуіп оңашада
Тұрлыбектің үзеңгі жолдасына. Сыркаттанғанына оныншы тәулік толғанда Тұрлыбек
есеңгірегенін койып, есін жиды. Сусын жұтып, шай қайнатым
уақыт төңірегіндегілермен тіл қатысты. Бие сауымдай
сәтке көз іліндірді. Ұйқыдан сергек оянды. Төсектен басын
көтеріп төңірегіне көзін салды. Аз-кем үнсіз отырды да, Тауманды
қасына шакырып ап, жорыққа аттанардағы
әдетімен маңдайынан ұзақ иіскеп, екі бетінен қайта-қайта сүйді.
Сырқаттың осынау сергектігіне қуанған ауыл адамдары
қауқылдасып қалды. Бірақ, бұған бір адам - емші шал
қуанбады.
-        Арысымның,
ырысымның дәм-тұзы түгесілді, - деп
күбір етті хан ауылынан қос ат шаптырып алдырған тәуіп
Тұрлыбектің үзеңгі жолдасына. Ол қас қағып, емші шалды
сыртқа алып шықты. Ордадан әудем жер ұзамай-ақ ол тәуіпке дүрсе
қоя берді.
-        Алжыдың ба,
сен шал. Жаңағың не былшыл?
-        Ел арысы аман
болса, мен сол үшін алжу түгіл ажалға да бейілмін. Бірақ, әттең не керек, сұм
жүрегім сезіп тұр.
Жақын, тым жақын қалды қайғының қара бұлты.
-        Түк түсінсем
бұйырмасын.
-        Түсінбейтін
түгі де жоқ, ажал алдында Тұрекем бой
жасап отыр. Жүр онан да үйге кірейік. Өсиетін ести алмай
қалармыз,-деді емші шал жанарына іркілген жасты жасыра алмай
кемсеңдеп.
Бұлар ішке кіре Тұрлыбек шынында өсиет айта жөнелді:
-        Айналайын
елім-ай, алты бақан алауыздық атада
жауың емес пе еді? Қызғаныш пен күншілдік етектен талай
тартты ғой. Санасы барлар сабақ алсын осыдан. Ата, руға
бөлінбей жалпақ ел боп біріксең, ала алмас еді ешбір жау.
Бірлікті тілесең, ірілікті қаласаң, ел болам десең тәуелсіз,
бірлік керек алдымен. Береке де, бақыт та сол бірліктен
басталады. Бақыттың атасы - бірлік, анасы - ынтымақ.
Жұмылсақ жұдырық, жұмылмасақ құрыдық. Өсер елдің арманы көп,
өшер елдің жанжалы көп. Жадыңда ұста осыны.
Бірлік қажет, ағайын! Бірлік, бірлік, бір-лі-к...
Тұрлыбек соңғы сөзін үзіп айтып фәниден бақиға баткан
күнмен бірге аттанды.
Сол күні жалпақ ел түн қараңғылығымен бірге қайғы
бұлтын жамылды.
Жұрт адамның төбе шашын тік тұрғызар зарлы үнмен
жоқтау айтып жатқанда да көзіне тамшы жас келмей
қыстығып қалған Тауман ауыр ойдан айыға алмай қойды. "Шыққыр
көзім не көрдің? Сұм жүрегім не сездің? Тас керең
болғыр құлағым нені естідің сен бүгін? Қанды шеңгел қасірет жез
тырнағыңды аямай caп жүрекке, қансыратқың келді ме?
Қандай қатал қайғы еді. Мені ғана егілтпей, еңіреттің ғой
елімді. Айналайын көкешім, өмірімнің көктемі ең, сенсіз
қайтып көгерем? Арыстаным, арысым! Жығылдың барасымен. Асқар
тауым... Аспаным! Құладың ба шыңымен? Бұл
қайғыны қара жер қайтіп көтерер? Апыр-ау, мен жанымнан қымбат
жан әкемнен ғана емес, елімнің асқар белінен,
атағы мен абыройынан, айбыны мен ажарынан, базары
мен бағынан, бакытынан - барынан айырылған екем ғой.
Қайғы жұтып, қан құсып, құса болған елім-ай. Көз жасыңды
көргенше, естігенше азаңды, көр азабын тартсамшы...
Жо-жоқ! Жаңылма бекер тіл мен жақ. Адаспа сен ақылым.
Мен қайғыда қайыспас кәрі емендей қайратты әкенің,
аруақты атаның, ол аз десең қабырғалы елдің үміт еткен
ұлымын. Мен егілсем, тар кезеңде ер кайратын таппасам, кім
құрғатар елімнің көл боп аққан көз жасын? Ашық болса көк
аспан, жапалақ та ұша алады жарбаңдап. Дауылмен жауынға
қарсы қанат қаға алмаса қыранның қырандығы кайсы?!
Қауырсыны қатпаған бала бүркіт екен деп басынба мені аш қайғы.
Сынағың келсе сынбаспын. Көргің келсе шабысты,
бермеспін қолдан намысты. Елім үшін қажет болса ерлік бір қара
жерді тітіретіп, қара бұлтты қақ айырған от жарқылды
жасынға да жасқанбай-ақ атылам..."
Сол бір азалы күндері Тауманның қайырылған қанатын жазған
өзгенің жұбатуы емес, өз ойы еді.
Тұрлыбек сынды ерінің қазасын аза тұтқан ел оны
ақ жауып, арулап қойды. Оның жетісін де барлық жол-
жоралғысын жасап жақсылап өткізді.
Сол күннің, Тұрлыбектің жетісін берген күннің ертесінде
таң алдында бейқам жатқан бейбіт елді жау шапты.
Тұрлыбектің туының астына топтасқан қалың елде ана бір жылдары
екіжүзділігі үшін батырдың тізесі батқан бір жуан
ру болушы еді. Өзі бірнеше атаның басын біріктірген бір
қауым елді. Кейін келісімге келген соң да сол елдің
атқамінерлері Тұрлыбектің өрлеп тұрған абыройы мен атағын көре
алмай күндеп, қызғаныш отына өртеніп жүретін. "Солар
қалмақ еліне жансыз жіберіп астыртын қолқа салыпты.
Апақ-сапақты пайдаланып, Тұрлыбектің калың елін біріккен
қолмен қапыда шаппақ. Сөйтіп шабуылдан түскен олжаны
өзара бөліспек екен" деген суық сыпсыңды Тұрлыбектің үзеңгі
жолдасы, елдің ендігі басшысы ұзын бойлы қара шал ерте-ақ естіген. Әйтсе де
Тұрлыбектің мезгілсіз қазасының
қайғысы төсекке алып ұрған ол бұл хабарға сол сәтінде
онша мән бермеді. Ағайынның азары болса да, безері болмас.
Өкпеге қиса да, өлімге қияр деймісің? Ағайын елдің
атқамінерлері қанша қатал болса да ауыр қаза үстінде оңдай
қара жүректікке бара қоймас. Жаңа кабірдің жас топырағы
кеппей жатып жат ел дағы желөкпе желіктіруге елікпес.
Елмен батырдың қырқын өткізген соң ақылдассам да кеш емес"
деп ойлаған.
Бірақ, амал не, өкініш сол - суық сыпсың рас болды.
Қамсыз ел қапыда қалды. Сонан соңғы Тауманның күйі
мынау. Heгe босатты тұтқыннан? Кімге, не үшін қажет
болды? Айлалы жаудың ойында тағы қандай аярлық бар?
Нендей тағдыр сыйлар екен бұл өмір? Күн бе, түн бе, келешекте
кездесер? Енді кіммен жағаласып, жұлқыспақ?
Тауман көңілін күпті еткен күдік сол. Өз басы үшін өкінсе де
өртенбес еді дәл бұлай. Әттең сонау маңдайының бағы аз,
соры қалың ел камы... Жегідей жеп қу жанды, шабақтайды жүрегін.
Аласұрған ой алауымен Тауман оң жамбасқа аунап
түсті.
Сол сәт өткен күннің екінші бір елесіне ере берді ол.
Сәуірдің сәулелі күндерінің бірі еді. Тұрлыбек елінің
қырға шығып, киіз үй тіккені кеше ғана. Биелер де күні кеше
байланған. Ежелгі салт бойынша елдің ту ұстарлары биылғы
жылдың уыз қымызын алғаш бәйбішенің қолынан тату
үшін Тұрлыбектің ақ ордасына биебауға жиналды. Тұрлыбек ол
күні жайсыз ұйықтап, жағдайсыз бір түс көрген екен. Ет жақындарынан ештеңені
жасырмайтын әдетімен соны
баян етті.
"Түсімде біздің жерде кездеспейтін қарағай, қайың
аралас қалың орман көрдім. Жазғытұрым екен деймін,
жасыл жапырақ жамылған қалың ағаш, ну орманның ішінде
қолбасшыларыммен бірге сейілде жүрмін. Кенет қолымдағы
қыран құс аңға түсер әдетпен қайта-қайта шаңқылдап
мазамды алды. Айналама қарасам орман жоқ, ашық алаңға
шығыппыз. Жерде тұтасқан қалың қар жатыр. Көз жетер
жердің бәрі аппақ. Жан-жағыма жалтақтап тұрғанымда
астындағы қара аты қара терге малшынған шабарман келді жаныма
ентігіп. "Кетті, Тұреке, кетті. Жібер, жібер. Бол, тез. Кешігесіз
әйтпесе" деді ол. Көзіме ештеңе көрінбесе де
қыранымның томағасын сыпырдым.
Айналаны барласам әудем жерде бір алтайы қызыл түлкі
жортып барады екен жоны жалтылдап. Түлкі жақын жердегі тау басына
өрлеп, бір жартастың қуысына жасырынды.
Қыран көкте қалқып жүр. Қыран бір мезет төмендеп біраз қалықтады
да, қайқаң етіп қайта шықты зеңгір аспан көгіне.
Сосын биіктен төмен құлдилап, шүйілді-ай кеп түлкінің дәл
төбесіне. Сол мезет түлкі арыстанға айналды. Қыран оның арандай
ашылған аузына кеп түсті. Сол жерге сатырлатып шауып келсек, топшысы сынған
қыран да, болат тұяқ екі
езуін дал-дал қылған арыстан да өліп жатыр.
Артқы айылды қатты тартып, атқа қондықтағы да. Манағы
орманға қайтып келсек қалың ағаш, көктем құшағында
жап-жасыл боп жайнап тұр. Кенет астымдағы Ақбоз ат аяқ астынан
жарбаң еткен жапалақтан үркіп аспанға шапшыды.
Арқыраған асаудың жан дәрменмен жалын құшып, жан-жағыма
қарасам, жаңағы жап-жасыл жапырақтар сарғайып
кетіпті.Ұйытқыған желмен ұйпалана ұшып жатыр. Есер
желдің екпіні үдей түсті. Қалың орман менің көз алдымда
бұтақтары сынып, жапырақтары ұшып, жалаңаштана тоналып,
сидиып, ақ сирақ болды да қалды. Енді бір сәт арт
жағыма қарасам жанымдағы жас батырларымның бірі де
жоқ, жапан далада жалғыз қалыппын. Жалма-жан Ақбоздың басын
ауылға бұрдым. Ауылға жете бергенімде бұршақ
аралас жаңбыр жауды. Сол жауынан біздің орданың кереге, уықтары
қисайып, шаңырағы шайқалып тұр екен. Енді
бір мезгілде жауын басылып, дауыл соқты. Өріс ішінде
жүр екем деймін. Төрт түлік мал қайыру бермей айдалаға
қашады. Бір ак бота қыр үстінде боздап тұр. Малымның
кұты аруана сорға жығылып жатыр. Қайта-қайта талпынып
қайыра үйелеп қала береді. Жылқылар да шұрқырасып,
ерсілі-қарсылы шауып жүр. Ортасында Тауманымның
Күрең тұлпары. Үстіндегі алтындатқан ері алынбаған. Тізгін ердің
алдыңғы қасына каңтарулы, шылбырын сүйретіп
бос жүр. Ердің оң қапталында қатқан қан, сол қапталында
қалың, бірақ қысқа қара сызық бар. Күрең тұлпар анда-санда
арқырап кеп алдыңғы аяғымен тік шапшып аспанға атылады. Қалың
жылқының қақ ортасында жан-жағына жалактап бір
арлан қасқыр жүр. Бір кезде жаңағы арлан енесінен адасып
қалған құла биенін құлынына тұра ұмтылды. Құлын қашып
кеп, Күрең тұлпардың бауырына тығылды. Күрең тұлпар арланды
алдына келсе тарпып, артына келсе теуіп, құла биенің құлынын жанын сала қорғап
жүр...
Бір кезде Ақбоз ордаға алып келген екен деймін.
Алдымнан бәйбішем шықты. Өңі күн жеген шүберектей. "Ақ орданың
ақ үзігі үзілді, қолымдағы алтын жүзік жоғалды" деп зар еңірейді.
Енді бір мезгілде манағы ақ ботамен екеуі қосылып
боздап тұр. Бұған әлдеқайда алыстан талып жеткен Күрең
тұлпардың шыңғырған ащы даусы мен аруананың сай-
сүйегіңді сырқыраткан зарлы үні қосылды. Есер жел екілене соғып
тұр..."
Тұрлыбек әңгімесін аяқтап, үнсіз отырып қалды.
"Мен көрген түсімді түп-түгел баяндадым. Жоритын жол сендерден"
дегендей. Көне көздер шешен сөздер айта алмады бұл жолы.
Жақсылыққа жори алмаған сыңайлары бар. Жасаураған
жанарлар мен жабырқаңқы жүздер ішкі қиналысты айнадай айқындап
тұр.
Ауыр үнсіздікті бұзуға емші шалдың батылы жетті.
-        Несіне
тұнжырай қалдыңдар, түс түлкінің боғы емес пе? - деді ол.
-        Талай түс
көріп жүрміз ғой. Әйтсе де мына түсім бәрінен де өзгеше. Және осындай түсті
жаңа қонысқа қонған
күн көргеніме қиналам, - деді Тұрлыбек дауысы дірілдеп.
Жау қарсы шапқанда ажалменен арбасып, найзағайдың
отындай жарқылдайтын қос жанар жасаурап-ақ қалыпты.
Жаңағы өзі баяндаған түсіндегі оқиғалар өңінде болғаннан
жаман жүдеп отыр. Соны байқап қалған Тұрлыбектің үзеңгі жолдасы
оған окыс бір сауал қойды:
-        Өзің әйтеуір
Акбоз атың мертікпей, ақ ордаға аман-
есен жеттің бе?
-        Жетуін
жеттім-ау, бірақ...
-        Түк те бірағы
жоқ ендеше. Бұл түсіңді мен төрт
түліктің бірінің болымсыз бір шығынына жоримын.
-        Төрт түліктің
бірі емес, бәрі садақа. Тек ер азамат  боп,
елімнің бүтіндігі бұзылмаса болғаны, - деп күрсінді Тұрлыбек.
Тауман бүгін өз әкесін танымай отыр. Қарсы біткен
емендей қайғыны да қабақ шытпай қабылдайтын қабылан ер бүгін
әлде-қандай бір түске бола, қабырғасы қайысып, уайым
жеп отыр. Қайран батыр көптен бері жер қайыскан қалың қолды
бастап, жасақты жауға шаппағасын үйде отырғанға
шынымен-ақ үйкүшік боп қалғаны ма? Адам үлкейгенде
көңілшек, болмашыға боркемік болады деуші еді, әлде бұл соның
жоралғысы ма? Қалай болғанда да ел сенген қабылан
ерге лайық емес бұл қылық. Тауман атақ-даңқы жалпақ
ел, жазык даланы дүбірлеткен әкесі үшін намыстанып,
қысылып отыр. Бірдеңе дейін десе, үлкен тұрып кіші сөйлеу
ата салтында жоқ.
Осы тұста соны сезгендей манадан бері үнсіз отырған
анасы әңгімеге араласты. Қазақ әйелдерінің ерінің есімін атамайтын
салтымен ол күйеуін ел қойған атымен "Батыр" деп кеткен.
-        Батыр-ау, -
деді анасы Тұрлыбекті сол атымен атап,
- қырға шыққан күн серуен, сейіл той емес пе? Осындай
жақсы күнде жаман ырымды есіңе алма, ол аз десең, қонаққа емші
кұрдасың келіп отыр.
-        Иә, біздің бәйбіше
бек дұүрыс айтады. Бүгінгі күні
күліп-ойнап, көңіл көтеру парыз. Құдайға шүкір, басымызға іс
түсе қойған жоқ әзір. Тіпті, жаман айтпай жақсы жоқ, іс түсе қалған күнде
бірінші көрген құқайымыз бұл емес, -
деп қабылан батыр қатайып, аруақтанып алды. Ері есін жиғасын
ел де еңселеніп алған-ды. Сол жолғы
сол мәжілістің аяғы қырға шығу құрметіндегі той-думанға ұласып
еді.
Ұлы сәскеде ауыл сыртындағы төбеге ту тігіліп, керней
тартылды. Сыбызғының сызыла шыққан жіңішке үні
қаңғыр-күңгір еткен кернейдің қатаң даусын жұмсартып, екі
аспаптың үні кең даланың кеудесінде бозторғай шырылындай
бір нәзік діріл туғызған. Төбе басы құмырсқадай құжынаған
халық. Мұндайда үлкен ат жарыс өткізілмейді. Ал тоқ
бәйгеге тоқтам жоқ. Қысқа қашықтық анық жүйріктің айқын
бағасын бере алмайды, әрине. Сонда да үмітсіз-шайтан деп
жұрт тоқ бәйгеге жүйрігін де, жабысын да жібереді. Зәуқайыр
бір аяншақ тұғыр айтулы тұлпармен карақшыға құйрық
тістесе жетсе, өмірі бәйге алмайтын жауыр мен оның иесіне о
да бақ. Соданда тоқ бәйгеде бақ сынағыштар көп болады.
Сол күнгі салтанат та сол тоқ бәйгеден басталған. Одан соң
күрес, көкпар, аударыспақ, жамбы ату, қыз куу, мүше алу
тәрізді елдің ежелден келе жатқан ойындары біріне-бірі
ұласып жатты...
Ел сан өнер, сан түрлі қызықпен жүргенде күн де батты.
Үлкендер жағы үйді-үйіне тарап, дастаркан басында
әңгіме-дүкен құрғанда жастар ақсүйек ойнап, алтыбақан теуіп күндізгі қызық
думанды жалғастырып, жалындата түскен.
Кеш түсе әкесінің ордасындағы зиялылардың әңгіме,
кеңесіне құлақ түріп, қыз-бозбала қатарынан бөлініп қалған
Тауман елдің алды жата бастаған шақта сыртқа шыкты. Ай
сүтгей жарық екен. Ауылдың күнгей бет өкпе тұсында арал
тәріздес бір ашық алаң бар еді. Сол жерге алтыбақан
құрылыпты.
Алтыбақан тепкен жастардың мүшелік жерден шырқаған әндері
бәсеңдеу естілсе де, бар нақышын жоғалтпай ауылға жетіп жатыр. Әсерсіз,
жарықшағы жоқ,ә жаңғырығы
бар түнгі дауыс тас бұлақтың суындай таза үнмен, күміс
сылдырындай сыңғырмен, жан тебірентіп, жүрек толқытар нәзік дірілмен
естіледі. Мына сансыз жұлдыз жыпырлаған
алып күмбез - ашық аспан мен байтақ жердің аралығын әулие әннің
әсем әуезі билеп алған. Сол бір сиқырлы үн
көзге көрінбейтін бір құдіретті күшпен Тауманды өзіне ала
жөнелді.
Айдалада, ай астында тербелген алтыбақанда біріне-бірі
қарама-қарсы еріндері ерте піскен бүлдіргендей үлбіреген екі
жас. Бір-біріне өзгеше ынтық, көрер көзге ерекше сүйкімді
екі жас жанарлары түйіскенде лүп-лүп соққан жүректері
қас қағым сәтте сан аунап, ай нұрына шағылысқан ақшылт
жүздері алаулап, ынтықтық отына өртеніп отыр. Оның бірі -Тұрлыбектің
үзеңгі жолдасының жалгыз ұлы Қылышбай да,
екіншісі - Тауманның қарындасы Қазына. Адал махаббатты
ардақ тұткан ән, бір-біріне қиыла караған қарақат көздер,
өзгеше от, ішкі тебіреніспен жалындаған жүздер екі жастың
бір-біріне деген ынтық көңіл ыстық ықыласының
жол-жоралғысындай. Екеуі бір-біріне үлбіреп, үздіге, тебірене, тоймай қарайды.
Екеуінің өңінде шебер шертілген домбыраның қос
шегінің үніндей үйлесімі, қуаныштың қуаты, лэззаттың нәзік дірілі
бар...
"Әкесі достың баласы дос" деген қазақ дәстүріндегі
қасиетті қағида Тауман сүйегіне де ана сүтімен бірге сіңген.
Содан да өзімен мінездес, ер көңілді Қылышбай оның
жан аямас досы. Солай бола тұрса да, сол сәтте Тауманды
қызғаныш сезімі биледі. Қарындасы мен досының бір-біріне
деген іңкәрлігін қапысыз танып, не істерін, мына топқа не дерін,
тіпті сөдемдесудің де, үндемей кетіп қалудың да ретін таппай тұрып қалған
Тауманның ойын қызыл шырайлы,
ақшылт жүзіңде ай сәулесі ойнаған жас қыздың алтын
табаққа төгілген күміс теңгенің сылдырындай сыңғырлаған
кұлаққа жағымды даусы бөлді.
-        Армысыз,
Тауман аға.
-        Саумысыз, Нұрсәуле!
Қысқа ғана сәлемдесу сәтінде ұшыраса кетіп, ұялыс
тауып, бір-бірінен қымсынып, сырт көзден жасқанған
жанарлар тез тайсалып, тез тайды. Өзге жастар бұл екеуіне
жалт қарасып, жамырай сәлемдесті. Қазына мен Қылышбай
да алтыбақаннан түсіп, бұларды билеп-төстеп алған ән әуезі
кілт үзілді. Қыз-бозбала құрбыларының шырқын бұзып,
қызығын тоқтатқандай болған Тауман ыңғайсызданып, іркіліп
калды. Осы сәтті күткендей ат жақты, сұңғақ бойлы аққұба келіншек - Нұрсәуленің
туған жеңгесі суырыла тіл қатты:
-        Әу, әлеумет! Бұ
не тұрыс? Ән толастамасын,
дуылдатыңдар думанды. Кәне, жүр, Еркежан, ендігі кезек сенікі,
- деп Нұрсәуленің жіңішке, нәзік білегін ұзын,
салалы саусақтарымен қысып, кайынсіңлісін жаңағы
Қазына мен Қылышбай отырған алтыбақанға қарай бастады. Сосын
соңындағы топқа жалт қарап, өзімсінген
үнмен ер мінез өктем әзіл тастады.
-        Біздің
Еркежанның нұрына балқып, сәулесіне
ерімейтін өзіне-өзі сенімді ер жігіт қана отырсын қарсысына.
Кәне, тәуекел етер қайсың бар? - деп сылқ-сылқ күлді.
-        Тәңірім-ау, тәубе
деген болмаушы ма еді? Қалай-қалай асқақтайсың, ей, сен? Еркежаның қырмызы
қызыл түлкі болса сұлулығымен сұктандырар, іліп түсер мұзбалақ біздің
Салжігіт болады да! - деп еркінсіген ерке үнмен тіл қатты
қулық биедей қутыңдаған, орта бойлы, қара сұр келіншек
Тауманның жамағайын жеңгесі. Сосын Тауманның жанына
келіп, қолынан тартты:
-Жүр,кәне,Салжігіт,жүреғой. Көрейік әулиесігендердің
әуселесін.
Сол сәт Тауман үнінде бір әсем саз, әсерлі наз бар ерке
жеңгесінің еркін де жарасымды қылығына іштей сүйсініп,
разы болды. Әйтсе де онысын сыртқа шығармады. Көңіл
Нұрсәулемен бірге алтыбақан тебуге алабұртса да, сезімін
ақылға жеңгізіп, асығыстық жасамады. Тауман әдеттегісінше
бүл жолы да осынау топтағы қыз-бозбаланың көбінен
жасы кіші болса, жолы үлкендігін ұмытпай, сыпайылық
жасап,байсалдылық танытты. Соны түсіне қойған сұңғыла
келіншек Тауманның әлсіз қарсылығын елемей, оны
алтыбақанға әкеп отырғызды. "Сүт сәулелі ай астында
өзің ұнатқан жас сұлумен бірге аспандата алтыбақан теуіп, асқақтата
ән шырқағаннан асқан бакыт жоқ екен ғой, - деп
ойлады сол түні Тауман. - Нұрсәулемен қосылып ән айтудың
көңіл тоймас соншалық тәтті лэззат екенін осы сәтке дейін
қалай білмей келгенмін..." Нұрсәуле ойы да осы орайда
еді.
Қыз бен жігіт өздері бұрын көріп білмеген осынау жұмақ
дүниесінен кеткісі келмесе де, не нәрсенің де шегі барлығын
еске салған инабат бұларға біраздан соң өз еріктерімен өзге жұптарға
кезек бергізді.
Ақсүйек ойнағандарға бармақ боп, алтыбақандағы топтан
сытылып шыққан Нұрсәуле мен Тауман өзен жағасына
келді. Өзен бойын қуалай өскен құба талдың біріне арқасын
сүйеп түра қалған Нұрсәуленің жарқ ете қалған жанарына
Тауманның көзі түсіп кетті. Қарақат көздер ұшыраса
қалған сәтте жұдырықтай жүректер ауға түскен балықтай
бұлқынып, балғын бойда кенет бас көтерген бұла күш бар тамырда
ыстық қанды тасытты. Жігіттің отты жанары қатты
бұралған домбыраның шегіне аңдаусыз тиіп кеткен саусақтай
қыздың сергек сезімін дір еткізді.Ұяң қыздың ұялшақ
жүзі жігіт жүрегін жиі ұрғызып, алқына дем алғызды.
Қосыла бұлқынған қос жүректің лүпілі шешен домбыраның шебер
үйлескен пернелерінен шыққан нәзік үндей үндесті...
"Нұрсәуле десе Нұрсәуле! - деп ойлады Тауман
қарсысында тұрған қыздың тұла бойын тұтас шолып.
- Талдырмаш денесі мен тал бойында тарыдай мін жоқ. Шиедей
үлбіреген екі ерін жұқа да, қалың да емес.
Желбіршекті ұзын ақ көйлек пен қысқа қызыл камзолдың
кеуде тұсын керіп, онсыз да ажарлы аршын төсті онан сайын
жұтындырған егіз анар әсемдігін суреттеуге тіл жетер ме!
Бетінің ақтығы алғаш жауған, із түспеген ұлпа қардай. Оның ұшында
сәл қоюлау, жиегінде сұйылып келген қызғылт шырай батып бара жатқан күннің аппақ
қарға шағылысқан
қызғылт сәулесіндей. Ортадан сәл жоғары бойын биік
өкше қызыл етік пен үкілі тақия сұңғақ етіп көрсетеді.
Ботаның көздеріндей үлкен, нұрлы, қап-қара қос жанары,
жұмыртқадай жұп-жұмыр, аппак, ұзын мойыны, сүйірлеу біткен
иек пен қарлығаштың қанатындай қиылған сүйкімді
қасы, сүт сәулелі ай нұрымен шағылысқан аппақ тамағы,
маржандай тізілген меруерт тістері - бәрі-бәрі кімді болса
да сұлулығына сұктандырғандай!.."
Сол түні Тауман мен Нұрсәуле үнсіз ұғысты. Екеуі сүйем дейтін
сәулелі сөзді ауызға алып, ант-су ішкен жоқ. Әйтсе де ғазиз жүректер бір-біріне
қалтқысыз сеңді. Махаббат дейтін киелі сезім, әулие ұғымды пір тұтып, қасиетті
дұғадай іштей
жарыса қайталады.
Нұрсәуле мен Тауман бір-біріне ұрлана, жасқана көз
тастайды. Қыз бен жігіт ажырасқысы жоқ. Екеуін көзге
көрінбейтін бір құдіретті күш қосақтап қойғандай. Ұзақ
үнсіздіктен соң Тауман Нұрсәулені құшағына қысып, қыз көзінен
шөп еткізіп сүйіп алды. Сол сәт екеуінің де бойы ду етті. Осы бір оқыс қимылды
артьщ санап, бір-бірінен
ұялысқан бұлар тез жалт бұрылысып, теріс қарады.
Бұлар бір-бірін қанша қимаса да, әдептен озбады.
Түн ортасында үйлеріне кеп, төсектеріне құлады. Әйтсе де сол
түні екеуі де көз ілмеді. Жаңағы бір өзге қызыққа
айырбастамас қызулы шақтарын көз алдына келтірді. Екеуі
де атқан таңды арман мен қиялдың әлдиінде қарсы алды.
Қазына мен Қылышбай да сол түні осындай бір ынтық
көңіл, ыстық сезімді бастан кешіп еді. Бірақ, оны Нұрсәуле
сезсе де, Тауман білген жоқ.
Өткен күннің ескірмеген елестері Тауманға жан дүниесін
әлдилеген әсем әндей әсер етті. Ол ой құшағында жатып
ұйықтап кеткен еді. Енді жаңағы мұның жүрегін ерітіп,
жанын еліткен елес тәтті түспен жалғасты.
Баяғы екеуі түні бойы үнсіз сырласқан өзен жағасы.
Балапан тал, балауса құрақ бауырында Тауман мен Нұрсәуле
серуендеп жүр. Мезгіл жаз. Ұясынан қарға адым көтерілген күн
екеуіне шұғылалы сәулесін төгіп тұр. Бұлар түп-түзу,
қайыңның жанына кеп тоқтады. Аз ғана аял сәтінде Нұрсәуле
ерекше бір нәзік назбен еркелеп кеп, Тауманның мойнына ақ
білегін артты. Қыздың ыстық лебі, қызулы құшағы өне бойын
өртеген Тауман Нұрсәуленің көзінен сүймек боп, ұмсына
берді. Сол сәт Нұрсәуле екі көзі шарасынан шыға шошына нәзік
саусақтары дір-дір етіп,оң бүйірдегі қалың қамысты
нұсқады. Нұрсәулені құшағына қысып, жалт бұрылған Тауман екі
көзі от шашып,шапқалы тұрған жолбарысты көрді.
Бұл бар даусымен ақырып, қарсы алдындағы жыртқышқа
қарай атылды...
Тауман өз даусынан өзі шошып оянды. Жайсыз жатып, ұйықтаған
екен. Быршып терлеп жатыр. Қабырғасының
астына қайырылып түскен оң қолы ұйып қапты. Тауман атып
тұрды. Денесі делсал. Далаға шыкты. Екінді кезі болса керек, күн еңкейіп қапты.
Тауман туған жер жаққа телміре қарап, ойға шомды.
Кенет оның иығынан біреу ақырын тартқандай болды. Дәл құлағының
түбінен пысылдаған әлсіз дыбыс естілді. Тауман
жалт бұрылып, артына қарады. Дәл жанында мұны иіскелеп
аруана тұр. Өзінің ақ адал малы көзіне оттай басылды.
Жаңа Тауман төсектен тұра бергенде сырттан мал
сүйкенгендей боп, кереге, уық сықырлаған. "Сол сен
екенсің ғой" деп ойлады Тауман. Сүйегі арса-арса боп
әбден арықтаған аруана Тауманды иіскелеп, жалап, өліп-өшіп барады. "Сөз жоқ
танып тұр". Туған жер жаққа мойынын
соза қараған аруана аңырап берді. Көзінде жас. Тауманға
жаутаң-жаутаң қарайды. "Мұнда бізге не бар? Жүр
кетейік"
деп тұрғандай. Тауман оның көзін сүртіп, мойынын сипады.
Тілсіз жануар бұған телміре қарап, мұңын шағады.
Жаудан көрген қорлығын иесіне үнсіз баяндап тұрғандай.
Аруана әлден уақытта тағы да туған жер жаққа тесіле
қарап, тебірене боздады кеп. Оның жүдеу даусы адамның
жүйкесін босатып, құйқа тамырларын шымырлатардай зарлы
еді. Оған берікпін деген Тауман да шыдай алмады. Оның ет
жүрегі елжіреп кетті...
Бесінші тарау
Қатал тағдыр Тауманды қалмақтың ат басты, арыстан
кеуделі, құлын құрсақ, құлан аяқ қайратты шалының алдына тағы
келтірді. Кешегіден айырмасы бүгін кақпайлаумен
есіктен тұтқын боп еріксіз енген жоқ, ерге лайық еңсемен
қонақ тәрізді еркін кірді. Алты қанат ақ орда толы бейтаныс
кісілер. Бірінің беліндегі күміс кісесіне, екіншісінің
қолындағы алтындатқан шақшасына, киім киісіне қарап Тауман
олар осы елдің бетке ұстар беделді кісілері екенін білді. Табалдырықтан батыл
аттаған ол төрдегілерге көз тігіп, босағада үнсіз тұрып қалды.
Құрма да үнсіз. Бәрі жанарлары жаудырап біресе төбедей боп
төрде отырған ат басты, арыстан кеуделі колбасыға, біресе тіп-тік боп тас
мүсіндей міз бақпай тұрған Тауманға қарайды. Басын төмен салып, қалт еткен
қимылдың
бәрін қалт жібермей көзінің астымен қадағалап отырған қолбасының
қалың қабағы қарс жабылып қайта ашылды. Бет әлпеті топырақ түстес. Сондыктан
ажарына қарап оның ішкі сырын тану қиын. Тауман қолбасының қалың еріндерінің қас-қағым
сәтке дір ете қалғанына қарап, оның көкірегінде
ыршып түскен ішіндегі ызасын сыртқа шығармай, өзін-өзі тез
тежей қойғанын аңғарды.
Қолбасы кенет сергіп, басын жоғары көтеріп алды
да, денесін тіп-тік ұстап, жалыны таймаған жанармен
Тауманға қарады. Бұл да екі көзінен от шашып "кәне, не
айтасың?" дегендей міз бақпай тұр. Осы бір аз ғана
сәттік арбасу шартылдаған найзағай оттарының бетпе-бет кеп қақтығысуындай. Ауыр
тыныштықты алғаш бұзған қалмақ шалы дауысын сәл жұмсартып былай деді:
-        Көшелі елдің
көргенді ұлысың. Ак орда толы ағаға
сәлем беру деген болмайтын ба еді, тәңірім! - Өзегін
өшпенділік өртеп, әзер тұрған Тауман да іркілген жоқ.
Жауапты тез, қатал қайтарды.
-Алысқа келсем де ат арытып ағайынға, не қол қусырып
қудама келгем жоқ. He деп сәлем берем?
-        Олай деме,
балам. Дэл казір сен тұтқын да, төлеңгіт те емессің, бізбен терезең тең
төресің. Ендеше еліңнің салтын бұзба. Кішілік жолыңды біл. Тауман бұл құрметтің
астарын
анық аңғара алмаса да олай десең, сөз басқа деген оймен:
-        Армысыздар, ағалар,
- деп баршасына бір сәлем
берді.
-        Бар бол,
балам! Өркенің өссін, - деп жамырай
сәлемдесіп жадырап қалды үй толы бейтаныс.
-        Төрге шық,
Тауман шырағым, - деді қолбасы.
Сол-ақ екен шеп құрғандай тығыз отырған құрма дәл
орта тұстан қақ жарылып, Тауманға төрден орын ұсынды.
-        Сен жаңа
жастығың болар, "қол қусырып, құдама
келгем жоқ" дегенді артық айттың, - деп сөзін жалғады Қолбасы
Тауман төрге жайғасқаннан кейін. - Құдай қосса біз сенімен құда да болмақ
ойымыз бар. Алла ісіне асылық етпе қарағым.
-        Мен басыма
уакытша іс түсті екен деп көлгірсуді көтермеймін. Азабың ба, мазағың ба, бұл не
өзі? He де болса
жұмбақтамай ашып айт.
-        Орға жығар
адуын ашу емес, ордаға енгізер алғыр
ақыл керек казір. Сондықтан сабыр сақтап тыңда, шырағым.
Осы елдің сорпаға шығарлары текке жиналған жоқ бүгін.
Өзіңнің алдыңнан өтіп, акылдасар жұмыс бұл.
-        Қазақтың тұтқын
болуын күтіп түрған ол қалмақтың
қандай жұмысы еді. Айтыңыз, - деді ашулы Тауман аптығып. Манадан
бері Тауманмен тіл катысып отырған қолбасы
ғана. Қалғандары үнсіз. Екеуіне кезек қарап, қолбасының
қабағын бағып қипаңдап отыр. Әшейінде басынан сөз
асырмай жат түгілі жақынымен ұстаса кететін қолбасы бұл жолы
Тауманның көкесініне шамданып, шамырқаған жоқ.
Алыстан орағытып келіп алпыстан асқанша хан тілегін баян етті.
Қолбасы сөзін өн бойында асау қандар асыр caп, кеудесін кек
кернеп отырып тыңдаған Тауманның ұққаны мынау:
Қалмақ ханы қарындасы Қазынаны тоқалдыққа алмақ. Соған
мұның ризалығы,ұлықсаты керек. Егер осыған келіссе
Тауман тұтқын емес. "Сыйға - сый", алдына мал
салып,
ақ орда тікпек. Осы елден таңдаған қызын алып, сұлтандық
таққа отырмақ. Егер келіспесе ше? Келіспесе... Онда ханның
не сый көрсетерін қолбасы айтқан жоқ. Бірақ, Тауман оны іштей
болжап, қиялында көріп отыр. Қасарма мінезі үшін көрер сол бір киямет-қайым да
қаймықтырмайды оны.
Ер намысы үшін, елі үшін, қаннан да қымбат қасиетті
туған жер үшін қандай тамұқ болса да қиналмай-ақ барады.
"Әттең... Әттең. Қазынаш! Қайран қарындас. Қыл бұғауда қыстығып,
қиналасың ғой сен. Қинайсың ғой мені де. Әйтсе де жан деген жалғыз бауырдан қымбат
туған жер деген
қасиетті ұғым, киелі ана бар емес пе? Оны қайтіп қиярсың?
"Кісі елінде сұлтан болғанша өз еліңде ұлтан болған"
артық.
Ендеше несіне ойланам. Таңдауы жоқ жалғыз жолмен
жүрмеймін бе, ел еңсесін, ер мінезін танытып".
Осы ойға табан тіреген Тауман томағасы сыпырылған
бала бүркіттей саңқ етіп, менмен топты селк еткізе әкесі марқүм
Тұрлыбектің макымына caп тақпақтап сөйлеп кетті.
-        О, қолбасы,
саған айтам сөзімді. Сенің алпыстан
асқанша ақылы толмаған ханың жан бауырым, жалғызым -
Қазынашыма тең бе екен? Елін сатып күн көрер көрсоқыр, надан,
намыссыз қаса сорлы мен бе екем?! Қолбасыға
жеңгетайлық қол емес, нұсқаған сенің жұмағың мен жүретін
жол емес. Құлан құдыққа құласа, құрбақа құлағында ойнар.
Сондай қиын шақта да құлан өзінің құландығын ойлар.
Мен сен мазақ етер құладын емес, кұланмын. Ол аз десең
қыранмын. Ажалымнан бұрын өлсем де тас төбеңнен
құйылып, тек биіктен құлармын. Қай биікке шықсаң да
ұсынған қолың жетпейді. Кеудеден жаным шықса да,
бетімнен арым кетпейді. Түн дегенің тұра бермес түнеріп.
Таң атпайын десе де тіршіліктің қуатты әміршісі - құдіретті
үннің қызуына шыдамас. Дүние кезек, терме тезек. Көп
асқанға бір тоскан. Қарындасымды зорлама, ерді бұлай қорлама.
Жауапсыз кетпес қиянат. Мұның да бір зауалы болар. Қанша арыстан болсаң да айға
шауып, асқақтама, қолбасы. Бүйте берсең мертігіп қана қоймассың, күндердің
күні болғаңда мерт боларсың өзің де.
Тауман сөзі сүйегінен өтсе де қолбасы шыдап бақты.
Шыдамасқа лаж жоқ. Тентек тұтқын не айтса да төз деген
әміршісі. Оған қоса ойлап қараса, Тауман сөзі орынды.
Оның орнында болса өзі де дәл осылай дер еді. Содан да
қолбасы Тауманның өңменінен өткен өткір сөзін ұнатпаса да
оның шешендігіне, ерлігіне іштей сүйсінді. "Шіркін-ай,
әке арманы, ел мерейі дейтін ұл осындай-ақ болар!"
деген
ой баурады оны. "Әттең, дүние... Осынау асыл қасиет,
алмас күйіңмен жатым емес, жақыным боп жаралсаң нетуші еді" деген арман да
оянып еді сол сәт қолбасы көкірегінде. Әр
түрлі ойға берілген қолбасы қарсысындағы қаба сақалдың
"болсаңшы енді" деп өзін көзімен қамшылап
отырғанын
байқап қалды. Сол-ақ екен іле ойын жиып, бойын тіктеп
алды да іркілмей сөйлеп кетті:
-        Жөн айтасың,
шырағым. Бірақ сен бір нәрсені ұкпаған тәріздісің. Қарындасыңды зорлау, сені
қорлау емес бұл.
Біздің бүл қадамымыз қимасыңды қолқалау, сол арқылы
жаттықтан жакындыққа шақыру. Осы тілек ең алдымен қарындасыңа
айтылған. Ол бір ғана шартпен "ағам ризалық
етсе, мен көндім" деп келіскен.
-        Келіскен...
Қалайша? - деп қыстыға сөйлеген Тауман қолбасының сөзін бөліп жіберді. - Жоқ,
жоқ, өйтпейді ол.
-        Сенбесең өз
аузынан есті. - Қолбасы осылай деді де, есік жақтағы жас жігітке ым қақты.
Үй ішіне тағы да ауыр тыныштық орнады. Оны
бұзуға ешкімнің батылы жетпейтіндей. Әркім өз ойымен
алысып отыр. "Қазына өзі келіскен? Сонда қалай болғаны?
Намысын, елін сатардай түйсіксіз емес еді ғой Қазынаш.
Әлде Қазынаштың өзге бір ойы болды ма екен". Неғылса
да тегін емес, терең сыр болды ғой мұнда. Бұл не жұмбақ,
жаным-ау. Бұл дүние не боп барады өзі? Елден де әлі бір
хабар жоқ. Ағайыны Байұлы аман болса ендігі ат ізін салса
керек еді. Қаны бірге туысқан өкпеге қиса да, өлімге бере
қоймас. Әй, аңғыртақпын мен дағы. Еркек еді, ер еді, іргелес
ірі ел еді деймін соларды да. Халықтың емес, қара басының қамын
ойлаған өңшең ез. Алауыздық - ауруы. Солар ғой
елді іріткен. Қауіпті дерті - қызғаныш. Өзімшілдің өзегін
жегі құрттай жеп жатқан. Осы екі дерт болмаса отырар ма
еді үйінде омалып. Ат жалын тартып, намысына шаппас па?
Сосын да, солардан түңілгесін де шығар Қазынаштың ит
корлықка көнгені. Сонда бұл не? Суға кетіп, тал қармаған
құрдым тірлік пе? Оның несі бақ. Ондай ез тірліктен біржола
қирап, құрысаң да ер боп өлген мың артық. Тоқта-тоқта. Caп-
caп, көңілім, сабыр ет. Қараңғыда тағы қандай сәуле бар.
"Үмітсіздік - сайтан ісі" - демеуші ме еді жан анам.
Иә,
иә... айтқандайын ер жігіттің үш жұртының бірі - нағашы
жұртым бар емес пе? Қаратау бойын жайлаған жауынгер ел
Қарақыпшақ хабар жетсе "жау қайдалап" шабары
хақ... Туса
екен сол шабуыл шақ. Тұрса екен туым жығылмай...".
Тауманның ойын "қысылмаңыз, кіріңіз" деп сыздыктап
шыққан сыбызғы үн бөлді. Жаңағы қолбасы ыммымен сыртқа атып шыққан жігіт
именіп, қырындап, табалдырықтан аттар-аттамасын білмей толқып тұрған жас қызға
жол беріп тұр.
Тауман ойы мен бойын табан астында тез жиып, жинақтай
алмай абыржып қалды.
"Өңім бе, түсім бе? Мынау шынымен Қазынаш па?" Тауман
көзін уқалап қайта қарады. Түсі емес, өңі екен.
Қарсы алдында қарындасы Қазына. Дәл соның өзі. Бәз-баяғы қалпы.
Тек үстіндегі киімі ғана өзгерген. Жүдеген бе қалай,
күрең жүзі қуқыл тартып, толық беті болар-болмас суалған.
Жақ сүйектері мен аласа бойы ұзара түскен бе калай? Оның
есесіне үлкен қой көздері кішірейе түскен тәрізді.
Тауманды көзі шалып қалған Қазына табалдырықтан
бір-ақ ырғып төрге ұмтылды. Тауман да тез орнынан тұрды.
Сағынысқан туыстардың ыстық құшағы айқаса кетті.
-        Көкешім менің,
асқар тауым!..
-        Қарындасым
менің, Қазынашым, алтыным!..
Сан күннен бері санада сарғайған сағыныш, туысқандық
асыл сезім осы бір азғана сөздердің құшағына сыйды.
Кеудесіне басын салған Қазынаның бойындағы болар-болмас дірілден Тауман оның
көңілі босап, көзіне жас келгенін сезе қойды. "Жау алдында жылау сүйекке
таңба салу деген сөз".
Сол сәт соны ғана ойлаған Тауман бойы өзінен әлдеқайда аласа
қарыңдасының екі иығынан екі қолымен қысып ұстап,
оның жүзін өзіне қаратты. Қазына ағасының дір-дір еткен
қабағына қарап оның ашуын, өзінің ағаттығын айтқызбай
ұқты. Ұқты да жанарына жиыла қалған жас тамшыларын ішкі
терең сезімнен шыққан тегеурінді күшпен қас қағым
сәтте-ақ ірке қойды. Қарындасының осы бір сергек сезімі мен
қапысыз қайратына қатты риза боп іштей сүйсінген Тауман
оны оң қолынан жетелеп әкеп төрге, өз орнына отырғызды.
Өзі одан сәл төмен Қазынаның қарсысынан орын алды.
Сосын сілтідей тына қалған құрмаға қыдырта көз тастап,
қолбасыға қарап тіл қатты:
-        Баса-көктеп
бейбастақтық жасады, көргенсіздігін көрсетгі деп айып етпеңіздер, ағалар.
Қазынаның менен
жасы кіші болғанмен жолы үлкен. - Тауман осыны айтты да,
ендігі сөз сендерде дегендей үнсіз қалды. Осы сәтті күткен қолбасы Қазынаға
қарап сейледі.
-        Қарағым Қазына,
өзіңе салған қолқаны өтінішің
бойынша ағаңа да айттық. Осы іске ризалығынды ағаң өз аузыңнан
естігісі келеді.
-        Айтканым
айтқан, - деді Қазына сөзін қолбасыға
арнаса да жүзін Тауманға бұрып. - Көкешім ұлықсат етсе, мен
де мақұл деймін. Қайталап айтайын, бұл - бір. Екінші шартым - отыз күн ойын,
қырық күн тойын өткізбей хан
қарамды көрмейтін болсын. Үшіншіден - осы елде сұлтан боласың
дегеннен өзге көкешіме тілек, серт айтылмасын, шарт қойылмасын. Сосынғы ерік
сіздерде.
Тауман қарындасының көзінен бір сыр ұққандай болды.
Ол айтқан үш шарттың да ұшқынын аңғарып, түтінін
танығандай. Сонда да болса соны анықтай түскісі кеп
қарындасына сауал қойды.
-        Осының ойланып
айттың ба, Қазынаш? Түбі түтінің
теріс шығып, өзіңді де, мені де өкіндірмейсің бе?
-        Айналайын
аңқылдаған ақ көңіл көкешім-ай! Еркін
жүрер, еркіңді билер, еркелетер ел қайда? Қазір осыдан өзге жол
жоқ болса қайт дейсің?
-        Онда сөз
қысқа. Алла тағала бетіңнен жарылқап,
бағыңды ашсын, ботам. Бердім ұлықсатымды, - деді
Тауман.
-        О, бәрекелді.
-        Көп жаса,
балам!
-        Сөз деп осыны
айт.
-        Түйсігі бар
адам осылай түсінсе керек-ті.
-        Баска келген
бақытты теппегендерің жөн-ақ,
шырақтарым.
-        Иә, аруақ!
-        Иә, сәт.
-        Құда десіп, құйрық
бауыр жесіп отыралықшы бір.
-        Хан иемнің
тойына төрт жетіні атадым.
-        Мен алтауын
берем.
-        Мен сегіз.
-        Менен тоғыз
ендеше...
Осынау бір жамырай шыққан жарықшақ үндер мен
жарыса айтылған тарғыл дауысты жарамсақ уәделер Тауман
мен Қазынаның кұлағына кіріп-шыққан жоқ. Екеуі тілмен айта
алмаған сөздерін бір-біріне көзбен жеткізіп, іштей ұғысты.
Қауқылдасқан қалмақтар ханды қуантпақ боп сыртка
шықты. Тек жас сұлудың жаңағы бір соңғы сөздерінен
секем алған ат басты, арыстан кеуделі, құлын құрсақ, құлан
аяқ қайратты шал - қолбасы ғана Қазына мен Тауманның
қабағын бағып, үйде қалып қойды.
Алтыншы тарау
Тас қамаудан босап, ауылдан алшақ өріске жіберілген
аруана жат ортамен жараспай, топ түйеден алшақтай берді.
Батысқа қарай мүшелік жер маң-маң басқан ол әлден уақытта
әлдебір еміс-еміс естілген беймәлім бір дыбысқа елеңдеп кілт
тоқтады. Артқа бұрылып, өріске - өзі тастап кеткен түйелер
тобына қарады. Ол жақтан ат тұяғының дүбірі естілмеді.
Аруана енді солға бұрылып ауылға - өзі өмір бойы үйренісе
алмасына көзі жеткен жат мекенге көз тікті. Ол тұстан да сезікті
дыбыс сезілмеді. Дәл қазір артынан қуғыншы шығар
реті де жоқ. Түйеші мана түн қараңғылығы түспей-ақ ауылға
кеткен. Оның сәскеге дейін бұл маңға оралмасы зайыр. Аруана
алғаш тас қамаудан босап, өріске шыққаннан кейін
бір апта бойы түйеші оны көзінен таса қылған жоқ. Өрістен
көп ұзамай, қашықтаса соңғы тәуліктердегідей жоғалып
кетпей, әлсін-әлсін ат ізін салып тұрды. Аруананың қайтадан қашпасына
көзі жетіп, көңілі сенді ме, соңғы кездері түйеші бұрынғыдай көп тықақтамайтын
болды. Бірақ әлгі бір
белгісіз дыбыс әлі де еміс-еміс естіледі. Аруана сақтық
жасап, төңіректі тағы да түгел шолды.
Айдала. Айнала ақ селеу. Бұл маңда одан өзге көзге
ілінер қарайған жоқ. Аласа адыр, құлама жар, қайқаң белдер
артта, алыстан қарауыл төбедей қарауытып көрінеді. Сонда
бұл не дыбыс, жаным-ау! Тәңірінің тәлкек етер тағы қандай
құпиясы бар? Дыбыс сырын біле алмай дал болған аруана тасқа
соғылған тайқы маңдайын толқысып туған толық
айдың тас төбеден құйылған сүт сәулелі жарығына сүйгізіп,
жатса-тұрса есінен бір кетпеген туған жер жаққа қарады.
Сол сәт жыпырлаған көп жұлдыздың біреуі төмен қарай
Құлдилап, қас қаққанша көзден ғайып болды. Басын төмен иіп,
ел жақтан сокқан ерке желді емірене иіскеген аруананың тас емшегі жібіп, исініп
қоя берді.
Ол қаз мойынын қайтадан иіп жаңағы аққан жұлдыздың
орнына қарады. Әлгінде байқамаған ба, әлде жаңадан пайда болды
ма, ол арасын аруана анық ажырата алған жоқ, әйтеуір
жаңағы аққан жұлдыздың орнына өзге жұлдыздардан үлкен
әрі өзгеше жарық бір жұлдыз пайда болыпты. Бейне бір
аруананы өз еліне - байтақ өлке, бай мекенге бастайтын
бақ жұлдызы тәрізді. Осы бір сәтте жаңағы бір әлсіз дыбыс
қайтадан еміс-еміс естілді. Міне, сол үн күшейе түсіп,
қаттырақ шиыршық атып, шыңғыра шыққандай болды. "Бұл не
керемет?" деп аң-таң болған аруана аздан соң дыбыс сырын да ұқты. Ол дүбір
әдеттен тыс алқына жиі сокқан өз жүрегінің дүрсілі екен. Арманға бастар алыс
жол, асыл
сапар алдындағы жүрек лүпілін, жан толқынын түйе түйсігі енді
ғана түсінді. Жетіқарақшы шөміштене жаңағы жарық жұлдызды бетке ұстап, аруана
жолға шықты. Бөкен желіспен
жүріп отырып, жат елден ұзай берді. Сол жортыстан бір
танбай үркер тарар кезде туған жерге апарар соқыр соқпаққа
кеп түсті. Жат елдегі аз уақытта аруана тайғақ тағдырдың екі
бірдей тауқыметін тартып еді. Оның бірі - қашпақ боп
бауыр етің арайлап қаша алмай қиналуы, қашқаннан кейін де
қайтадан қолға түсуі. Екіншісі - жат елдегі қараңғылық
дүниесіндегі жалғыз жарығы ботасынан тірідей айрылуы.
Бастан кешкен екі бірдей осы ауыр соққы есеңгіретіп тастаса
да, аруана есін тез жиды. Баяғы шапқыншылықтан бері
алаңдатқан бір-ақ нәрсе. Аруана алабұртқан өз елі, өскен ортасы.
Арманы - туған жерге жету. Міне, сол арманның соны соқпағымен тартып келеді.
Біраздан соң аруананың бетке ұстап келе жатқан жарық
жұлдызы да жоғалды. Әйтсе де ол із-түзсіз кетпеді. Жарық
жұлдыз мұны жалғыз қалдырмапты. Оның орнына аруанаға жол
серік боп жарқырап Шолпан туды. Қоңыр салқын таң
самалы аруананың тынысын кеңейтіп, жүрісін жылдамдата түсті.
Әлден уақытта аруананың алдынан күздің күрең таңы
атты. Ұясынан күліп шыққан от кірпікті күміс күннің қызуы да
көптен бері алынбаған аруананың алғашқы ащы терін
құрғата алмады. Бусанып, терлеген сайын бойынан буы
бұрқырап, қайратына қайрат қосып, қарыштай берді ол.
Аруана желмаядай желіп келеді, арманына еріп келеді.
Арқа жоны күнге күйді, дала желі бетін сүйді...
Сол салғаннан салып отырып аруана күн жүрді, түн
жүрді. Бұрнағы жолы қашқанда қуғыншы қолына түсіп, зәрезап
болған ол жат мекенге тағы да кері қайту дейтін құбыжықтан қорқып, бебеу қаға
безіп келеді. Шаршаса да шалдықпады. Осынау жарық дүниедегі жалқы тілек, жалғыз
арманы - алыстағы атамекен талықсыған сәттерінде сүйеніш
боп, сүріндірмей сүйрей берді. Тек екінші күні таң алдында ғана ол жолдың оң
қапталында қалып бара жатқан өзеннің иініне жете бере кілт тоқтады. Бұл қадамға
да
аруана амалсыз барғанды. Қос қарашыққа құйылған ащы тер
жасаураған жанарын түз сепкендей тызылдатып жүрісі өнбей қойды. Енді ол осы
жерге аз уақыт аялдап, терінүкпек. Тыныстап, тың күшпен сәт сапарын
жалғастырса,
жер апшысын қуыра жүйткірі зайыр.
Аруана жағадағы шоқ талдың түбіне жетіп, солығын
басты. Көлеңкеге шөгіп, биенің бір сауымындай ғана
мерізімге дамылдады. Сосын көгілдір көлге шомылып,
судың түнығынан жүзіп ішті. Жағаға шығып, жан-жағына
қарап, қиялға шомғандай біраз үнсіз түрды да қайтадан
жолға шықты.
Бұл кезде күн ұясынан тұсау бойы көтерілген еді. Күздің
шүғылалы шуағы жер бетіне ентелеп, мейірімді анадай
елжіреп түр. Аруананың алғашқы түні ай жарығымен аттап өткені,
аласа тау. Онан кейін жүргені табаны тартылған көл
орнындай ойы мен теңіз толқыныңдай бүктетілген белі аралас
қайырмасы көп қайқаң жол. Енді алдында алқындырмай
оңайлықпен асу бермейтін далиып жатқан шөл дала бар.
Содан бір өтіп алып, жазық жермен біраз желсе, орманы жоқ,
ойпаты көп, сулы, нулы туған жердің шетіне аяғы ілігеді.
Онан арғысы оңай.
Бірден желіп кетпей денесінің құрыс-тырысын жазғанша
аяңнан аспаған аруана күн тас төбеге тырмысып, шаңқай түс
болған шақта төрт аяғы талса да, туған жер төсіне табаны
тимей тоқтамасқа бекініп, жүйтки жөнелді. Аруана ауаны тіліп,
атқан оқтай ағып келеді. Зу-зу еткен дыбыстан өзге ой белер ештеңе жоқ.
Жүлдыздай жүйткіген аруана сол Қанатты қарқыннан бір танбай алғашқы мөлшер шөл
даланы да табанымен таптап өтті. Ол жазық далаға іліккенде отты
күн де өзінің ұясына қонған еді. Аруана енді жылдамдығын
тежеп, бөкен желіске түсті. Ұзақты күн жұлдыздай аққан
аруана осынау жазық далаға ентіксе де алқынбай, еркін жетті.
Оны шалдықтырмаған қоңыр салқын күздің таза ауасы мен
алдан соққан туған жердің сағындырған самал желі еді.
Міне, бүгін тағы да алқаракөк аспанда толқысып толық
ай туды. Боз дала сүт сәулелі айдың бозамық жарығымен
тұманға, мүнарға ұқсас түске еніп, тып-тыныш мүлгіп түр.
Аруана аяңдап келеді. Алдан, аспанның алыс көкжиегінен
мұны арманға - атамекенге жетелеп, кешегі жарық жұлдыз
жарқырайды. Кенет ай бетін бүлт тұмшалап, айналаны
қараңғылық қоршады.
Аруана бұрқыраған буын ұшырып, қос бүйірін соққан
солығын басқаннан кейін іш пыстырар аяңнан жел қанатты желіске
ауыспақ ниетпен жолды бір мөлшерлеп алмақ боп,
мойынын соза алға, алысқа көз тастады. Сол сәт ол түн
қараңғылығын тесіп, жер бетінде өзіне қарсы жүзіп келе жатқан
шоқ жұлдыздар шоғырын көрді.
Аруана оның не екенін ұқпаса да тұла бойы дір-дір етіп,
кілт тұра қалды. Шоқтай жайнаған, көлемі оймақтай көп от жер
бауырлап бұған жақындай берді. Алғаш аңырып қалған аруана аздан соң өзіне қарсы
жүріп келе жатқан
жарық жұлдыз тәріздес қызылды-жасылды оттардың дала
қорқаулары - қасқырлардың көздері екенін білді. Білді де
қорыққаннан қалш-қалш етіп, аузынан ақ көбік атты.
Аранын ашқан ажалдан қашпақ боп, оқыс оңға бұрылып
еді, буыны босап омақаса құлады кеп. Жанталасып тура
келді жан дәрмен. Тізесінің дірілін басып, айналаға қараса қорқаулар
мұны қоршап-ақ алған екен. Жан бермек оңай
ма? Енді ол есін жиып, бір қайрат жасамаққа бекінді. Бір
қызығы қасқырлар бүған бірден бас салмай алдымен артқы
аяқтарымен жер тарпып, топырақ боратты. Аруананың терге малшынған
денесін қиыршық құм жауып кетті. Кенет мұны
қоршаған қорқаулар екі бүйірден атылмақ боп, қақ жарылды.
Сол мүң екен, алды ашылған аруана икемсіз үлкен денесін
ұршықтай үйіріп, бар пәрменімен зымырай жөнелді. Жаңа бұл
жандәрмен алға атылғанда өлекшін қасқыр
сол жамбастың қол басындай бұлшық етін қақшып қалған.
Аруана ет қызумен оны да елеген жоқ. Алғашқы қарқынын
бәсеңдетпей жан ұшырып жұлдыздай аққан ол әп-сәтте
қасқырлар тобын оқ бойы артқа тастады.
Сәт сайын бебеулей безген аруана мен қорқаулардың
арасы алшақтай берді. Әйтсе де қасқырлар аруанадан
қара үзіп, қалып қойған жоқ. Өкпесі өше тайрандаған
мұны өкшелеп қалмай келеді. Қуғыншы топтан сытылып,
аруананың оң қапталын дүрсілдете жүйткіп өткен арлан
бір кезде мұның алдын орап, қарсы атылмақ боп жол үстіне жатып
алды. Арланның азу тістері сақ-сақ етіп, екі көзі сексеуілдің шоғындай
жайнайды. Ол қалш-қалш етіп, қалт
тұра қалған аруанаға жақыннан атылмақ боп жер бауырлап
жылжып келеді.
Арлан өзіне таяп кеп енді атылмақ боп оқталғанда
аруана аузы толық ак көбік аралас жынын қас жауының
қақ маңдайына құсып-құсып жіберді. Аруана сөйтті де,
арланның үстінде бар салмағын сала шөге кетті. Сосын
арланның кеуде жағына бұратылған мойынмен қайырылған
басын бойдағы бар күшін сала қос тіземен, омырауымен езгіледі
кеп. Сөйткенше арттағы өлекшін бастаған қуғыншы
топ та тасырлатып таяп қалды. Соны сезген аруана дереу
орнынан атып тұрып алға атылды. Бұл жолы қуғыншы
топтағы жас бөрі оң жамбасты ойып үлгірді. Өлекшін сол
қапталдан қатарласа бергенде өкпе терісі сыдырылғандай
тыз ете қалған. Қазір сол жерден қарақошқыл қоймалжың
қан тамшылап келеді.
Аруана оның ешқайсысын ауырсынып, алаңдамады.
Қайтсем ажал тырнағынан қашып құтылам деп шыбын
жаны шырқырап, безе берді. Бағыты - туған жер. Өлсе
атамекенге жетіп жығылмақ. Аруана ауаны омырауымен
омырып келеді. Қасқырлар жолдың қос қапталынан бірдей
Қатарласып қалар емес. Ара-тұра жақындап кеп, сақылдаған
азу тістерін аяусыз салып өтеді. Енді аруана терісінің қай тұсы
жырылып, етінің қай жері жұлынғанын білуден де
Қалды. Алғашында денесінің ана жері, мына жері бір тыз
ете калғанын аңғарушы еді. Қазір тұла бойы тұтас ащытады.
Соған қарағанда бүкіл денесінде сау-тамтық жоқ тәрізді. Tic
тимеген тек алдыңғы екі аяқ пен артқы қос тірсек, сосын
арқа бойы ғана болу керек. Бірақ қазір оған қарар мұрша
жоқ. Аруана аласұра ағып келеді. Таң саз берді. Көп ұзамай
қараңғылық пердесі түріліп,
айнала анық көріне бастады. Сол сәтте аруана елдің
шекарасына да жеткен еді.
Туған жердің алғашқы сүйемін аттауы мұң екен, ирек жолдың
иініндегі өзеннің қалың қамыс қоршаған бір иірім
тұсынан ала жолақты терісі жалт-жұлт етіп шұбар жолбарыс шыға
келді. Ол дереу жолдың бойын шаң қылып жұлқысқан топқа атылды.
Әрі арланынан айырылып, әрі ашығып әбден ашынған
бөрілер жемтігін қызғанып жолбарысқа тап берді. Ен даланың
еңселі ері - тарғыл жолбарыс пен тарлан тағы -
қасқырлар тобы ұзақ айқасты.
Бұлар бірін-бірі жеңе алмай жұлқысып жатқанда аруана
аузын арандай ашқан ажалдың қанды тырнағынан қашықтап кеткен
еді.
Аруана төрт аяғы туған жердің топырағына тиген соң тұла бойын
тұтас ашытқан ауыр жарақатын елеместен тайраңдап
шаба берді. Тас қамаудан босағаннан кейін туған жер төсінде
атқызған алғашқы таңның самалы тынысын кеңейтіп, еркін
ескен ерке жел жарасына шипа болғандай. Сағыныштан ба,
қуаныштан ба кім білсін, әйтеуір аруананың кос жанары жасқа
толып, борт-борт желіп келеді.
Мүмкін аруана ел қарасын көре алмай айдалада өлер де. Бірақ,
оған ол еш өкінбейді. Өйткені, не де болса, негізгі
мақсат орындалды. Өлексесі жат елде қалған жоқ. Ол өзге
емес, өз үйірін, өскен ортасын аңсап келеді. Аруана өзіне
берген сертіне жетіп, жұдырықтай жүрегі мен сүйегін
атамекенге аман-сау жеткізді.
Аруаның ендігі арманы - иесінің босағасына жетіп
жығылу.
Аруана ентіксе де тоқтамай, алға қарай ентелеп келеді.
Қай жерге жетіп жығыларын кім білсін?..
Жетінші тapay
Ханның Қазынаға қосылу тойы бүкіл қалмақ жүртын
дүркіретіп өтіп жатты. Той қызметінде жүрген өз елінің қыр
мұрынды, қысқа мойын Қылышбай бір қағаберісте Тауманға
сыбыр етті. "Бүгін түнде ел ұйқыға енген шақта қапысын
тауып, кермедегі таңасырулы Күрең тұлпарға мініп, ауыл
сыртындағы өзен жағасына жетсін" депті карындасы
Қазына.
Әнеукүнгі қолбасы алдыңдағы әңгімеден-ақ осындай
бір кимылдың боларын сезіп, соған әзірлік жасап жүрсе де,
Тауман дәл казір жеме-жемге келгенде қашуға қорланды.
Мүндай қадам ер намысына мін, елге сын деп ұқты ол. Әйтсе
де Қазына сөзін орындамауға тағы болмайды. Олай етсе ол
мұны "келеді, келедімен" ұзақ тосып, қолға түсіп
қалуы
кәдік. Ол аз десең, осы абыр-сабыр той үстіңде қашпаса,
кейін жау құрсауынан құтылуы екіталай.
Тауман көп толқыды. He істеу керек? Қашуға
намыстанады. Қашпайын десе жерін тапқан ер емес, тойған
жеріңде қалатын ез болмақ. Апыр-ау, әнеукүні қолбасы
алдында қарындасына қалмақ ханына тұрмыска шығуға
рұқсат еткендігі түпкі ниеті де осы апақ-сапақты пайдаланып
туған жерге тартып кету емес пе еді. Жаудың қай қылығы асып
тұр. Қашан Тауман алысып астыға түсіп еді. Үндемей
кеп қабатын ит құсап, аңдаусызда бас салған жоқ па, бұлар.
Ендеше еруліге қарулы. Аңкау жауды ақымақ қып бұл неге қашып
кетпейді. Көп болса қашқын дер.
Мейлі жау не десе, ол десін. Ондай каңку сөздің есесіне
тозған жұртының басын біріктіріп, қол жимай ма? Сосын
сол қарулы қалың қолмен кеп жауын ашық айқасқа шақырса ше?
Жасырынып кеп шаппай терезесі тең майданда тая
соқпай талқандаса, жауы да мұның ер екенін мойындамай
ма? Егер қаша алмай, жау қолына түссе ше? Ондай күн
тумасын де. Егер ондай күн туа қалса Тауман жау табасына
Қалғанша деп алдыменен қарындасын, сосын өзін өлтіреді...
Егер басына күн туса бұл... Тауман өз ойынан өзі
Шошып кетті. Туғалы тірі пендеге залалы тимеген бұл ондай сұмдыққа
қайтып барады. Күні бүгінге дейін жақыны түгіл
жауына садақ тартып көрген жоқ.
Қазына! Қайран қарындас... Қарындас қана ма екен ол
тар жердегі сүйенішің, қос қанатың емес пе? Ардақтаумен,
аялаумен өтейін, садағаң кетейін, Қазынаш. Ақылыңнан
айналайын мен сенің. Әнеукүні қолбасының алдында ханға
қойған үш түрлі шартында қандай терең мағына, астар бар десеңші.
Елге аман, абыройлы жеткізер екі тілегіңді баяндап
кеп. "Үшіншіден - осы елде сұлтан боласың дегеннен өзге
көкешіме тілек, талап, шарт қойылмасын, серт
айтылмасын"
дедің-ау сен. Егер хан менен "ешқашан елге
қашпаймын"
деген ант алса, екі сөйлемейтін, серт бұзбайтын салтпенен менің
жіпсіз байланатынымды алдын ала болжағансың ғой.
Жау жағы мұны басқаша ұқты. Мүмкін сұлтан болғаннан
кейін елді қалай басқарам десе де ерік беріңдер деген
мағынада түсінген болар. Қалай болғанда да біздің Қазынаш
қатырып кетті оларды.
Тауман сан ойланып, сан толғанып, сан толқып, ақыры
қарындасы белгіленген жерге жетпек болды. He де болса
бара көрмек. Нар тәуекел...
Түн ортасы. Ай тастай қараңғы. Ел ұйқыда. Кірпігі
айқаспай сергек жатқан Тауман төсегінен тұрып, тез киініп
алды. Қолына іліккен қаруды тастамай тысқа шықты. Еппен
басып, кермедегі жүйріктерге жетті. Күрең тұлпар жаныиа
келген иесін танып, кісінеп қоя берді. Тауман біреу-міреу
оянып кетті ме деп селк етіп, сескене тың тыңдап еді,
сезікті
ештеңе білінбеді. Бірнеше күннен бергі той дүрбелеңі
шаршатқан ба, әлде бүгін күні бойы қана ішкен шарап
шалдықтырды ма, әйтеуір қорылға басқан көп адамның
ешқайсы тұрмақ түгіл тұяқ серпер емес. Оған қоса бірнеше
күннен бері еркіндікте жүрсе де, ешқандай қашатын қылығы
байқалмаған соң да жау жағы Тауманға сенген сияқты. Ылғи
мұны аңдып жататын анау іргедегі гүжбан қара да кешеден
бері алаңсыз ұйықтайтын болды. Тауман кермедегі аттарға
тақап қалғанда тасадан шыға
келген күзетші алдын кес-кестей берді. Ол Тауманның
қаруын көріп, қанжарына жармасты. "Уақыт тар. He де
болса
бұрын қимылдау керек". Осыдан өзгені ойлап үлгірмеген Тауман
қылышын қынабынан суырып алды. Ай сәулесімен
шағылысқан алдаспан жарқ етті. Ол күзетшінің қылша
мойынын қиып өтті. Денеден бөлінген бас жерге топ еткенде
оқыс дыбыстан үріккен қолбасының торы арғымағы от басқан
ботадай ыршьш түсті. Сол сәтте Таумаңды таныған
Күрең тұлпар кісінеп жіберді. Бастан айырылған дененің
гүрс етіп құлағаны болат тұяғымен жер тарпып тұрған
тұлпардың шұрқырасуымен қабаттасып Тауман ойлаған
қатер бұлтын сейілтті.
Уақыт оздырмауды ойлаған Тауман Күрең тұлпардың
қыл шыбырын қолымен шешпей, қанжармен қиып жіберді.
Ат үстіне ырғып мінгеннен кейін жақсы бір ой найзағай
отындай жарық ете қап қолбасының Торы арғымағын да жетелей
кетті.
Тауман аттың тұяғы дүбірлеп, жұртты дүрліктірмес үшін
аяңмен жүрді. Айтылмыш жерге келсе ешкім жоқ. Қанша
ермін десе де Тауман қорқайын деді. Сүт пісірім сәтте ойы
сан
жаққа жүгірді. "Қазына неге кешікті? Аңдаусыз да
әрекетін
сездіріп ап, қолға түсті ме? Әлде Қылышбайдың хабары
мені орға жығып, масқаралау үшін ойдан шығарылған өтірік пе?
Шапкыншылықтан соң жауға бірден мойын ұсынып,тқұлшылық етіп, сол үшін жүрттың
бәрінен бұрын тұтқынан
босаған, осыдан келгеннен бері ханның шылауына оралып, "шауып
кел, қуып келіңде" жүрген Қылышбай емес пе ол.
Соған неге сендім? Шынымен оның мені алдағаны ма?
Алдағаны ғой. Алдамаса Қазынаш қайда? Қайда менің
қарындасым, қанатым! Қарақан басым болса баяғыда-ақ
реттін табар ем. Қарындасым, қарлығашым-Қазынашымды
торға түскен бозторғайдай шырылдатып қалай ғана сендім
екен сол Қылышбайға. "Шығасыға иесі басшы" деген
осы
да. Жо-жоқ! Сенгенім дұрыс. Қалай сенбеймін қарындасым сендірсе.
Ана жолы мен Қылышбайды сатқын, - деп күңк
етіп оқты көзбен атқанда Қазынаш құлағыма сыбырлап:
"Олай деме, көке. Ол соның бәрін әу бастан әдейі
сенімге
кіріп, іштен шалу үшін істеп жүр" деген жоқ па? Тұтқыннанименен
бұрын босаған Қазынаш Қылышбай жайын білуге тиіс. Мүмкін елді сағынған мұндас
екі мүңлық сәті келгенде
туысқандық сезіммен сырласып та үлгерген шығар. Олай болса,
олар неге кешігеді? Әлде Қазына қақпанға түсті ме?
Онда мен басымды бәйгеге тігіп, оны неге құтқармаймын?
Сап-сап көңілім, caп. Тағы да сәл сабыр етіп, тоса тұрайын.
Мүмкін..."
Тауманның ойын бөлген өзеннің жағасында жарыса
өскен қалың қоғаны қалқалай жүріп, бұл тұрған шоқ талдың
шыға келген екі салт атты. Оның бірі - Қазына, екіншісі
-Қылышбай еді. Қазынаның мінгені - қалмақ елінің айтулы
жүйрігі Бәйгекөк. Жүзіктің көзінен өткендей ойнақтаған, жер
апшысын қуыра шапқанда аузымен ұшқан құстың құйрығын
тістейтін жүйрік. Қылышбайдың астындағы қос құлағын
қайшылап, ауыздығын сүзе алдыңғы аяғымен жер тарпып
тұрған ханның құлан тектес атақты Құла тұлпары.
-        Аға, туған
жерге аттануға біз дайын. Бастаңыз, - деді аттан секіріп түскен Қылышбай
Тауманды құшақтап. -
Тыс-с деп бұларды сақтандыра Бәйгекөктен түскен Қазына
үнсіз Тауманның екінші қолтығына енді.
Екеуін екі қолымен қапсыра құшақтаған Тауман дәл қазір
өзін атамекенге жеткенше талмайтын қуатты қос қанатты кырандай
сезінді. Сол сезімнен тез арыла алмай Тауман біраз турып қалса керек, әлден
уақытта Қазына сыбырлай тіл қатты.
-        Уақытты
оздырмалық, көке.
-        Иә, атамекенге
аттанатын сәт жетті. Атқа қоналық,
бауырларым, - деп Тауман ерге бір-ақ ырғыды.
-        Иә, аруақ
қолдай гөр, - деп Қазына мінді атқа.
-        Иә, сәт, - деп
Қылышбай да қонды Құла түлпарға.
-        Бірден жолға
түссек, тұлпардың тұяғы түнгі даланы
дүбір-летіп, жүртты дүрліктіреді. Сәл бұрыстау болса да,
біраз уақыт өзен бойын жағалап, құмдау жермен жүргеніміз
жөн болар, - деді Тауман.
-        Дұрыс айтасыз,
Тауман аға. Мен де соны ойлап едім,- деді Қылышбай оны костап.
-        Өзің біл де,
бастай бер, көкешім, - деді Қазына бар
билікті ағасына беріп. - Қос қозың ерді соңыңнан. Үшеуі
Темірқазықты бетке ұстап, күндіз естен, түнде түстен
кетпеген туған жер жаққа желе жортып жөнелді.
Бұлардың соңынан күн шыға, әрі кетсе сәскеде қуғыншы
шығатыны зайыр. Ол жалғыз-жарым жігіт-желең емес, үлкен жарақты
жасақ болуы да ықтимал. Сонда сол қармақтан
бұлар құтыла ма, жоқ әлде тұтылып, қайтадан тұтқын
ноқтасын кие ме? Ол арасы әзірге беймәлім.
Үшеуі жарыса ойлаған бұл қатерді бір-біріне айтқан жоқ.
Жаннан да қымбат киелі туған жер үшін тағдырдың қай
тауқыметі болса да көнуге бекініп, тарта берді алға.
Сегізінші тарау
Аруана қанша елемеймін десе де, ауыр жарақат жанына
батты. Тұла бойы тұтас тырысып, удай ашиды. Алғашында
жан қысылып, ет қызумен, сосын туған жердің топырағын
басқан қуанышпен білінбепті. Енді уақыт өткен сайын
қасқырлардың улы тісі жұлмалап, жырым-жырым болған
терісі мен жалбыраған еті еңсесін езе түседі. Күн ұясынан
шідер бойы ұзаған екен. Бүгін ол да кешегіден отты.
Шақырайып өткір сәулесімен аруананың денесіндегі
жараларын тырыстыра түседі.
Жаракат жанын қинаған сайын аруананың жүрісі де
қиындай берді. Сонда да ол тоқтап, тыныс алуды ойлаған
жоқ. Есіл-дерті есінен танбай тұрып, елін табу. Сол бір
ғана сезім, сол бір ғана мақсатпен, жүрісі мандымаса да
тырмысып, алға тартып келеді.
Міне, жоғары жылжыған күн ұясынан шығандап тас
төбеге шығып алды. Оның от бүркіп, жалын шашқан
шұғылалы сәулесі манағыдан бетер өткірленіп, аруананың
онсыз да жанына батқан ауыр жарақатын аяусыз тілгілейді.
Мейірімсіз біреу мұның өн бойынан сау-тамтық қалдырмай
отқа балқытқан темірмен қарып жатқандай.
Аруана қанша қиналса да туған жерге жетуге тырысып,
тоқтаусыз жүріп келеді.
Сәт сайын аруананың қайраты кеми бастады. Ілгері
басқан кері кетеді. Үп-үлкен қос қарашығы кішірейіп,
жұмыла береді. Бір кезде аруана тәлтіректеп құлай жаздады.
Әйтеуір әупіріммен бойын әрең жиды.
Аруана сонда да тоқтамай, тырбанып келеді.
Осы сүйретілумен арада қанша уақыт өтті. Аруана оны ажырата
алған жоқ. Бар білетіні басы мең-зең. Буыны былқ-
сылқ, сүйегі сырт-сырт етеді. Бүкіл денесі быт-шыт болып,
сықырлайды. Сәт сайын ауырлай түскен денесін әлі кеткен
төрт аяқ әзер сүйреп келеді.
Аруана сонда да бір орында тұрып қалмай, алға жылжи
берді.
Күн тас төбеден ауып, батыс көкжиекке аунауға айналды.
Аруана жанына батқан жарамен арпалысып, батпан денесін
әлі сүйретіп келеді. Ауық-ауық екі көзі қарауытып кетеді.
Аруана тағы да тәлтіректеп құлай жаздады. Бұл жолы да бар
қайратын жиып, құламай қалды. Енді ол тәлтіректемеуге,
құламауға тырысты. Құласа қайтып тұра алмайтынын сезді.
Аруана ақтық күшін жиып, алға аттады. Әзірге сүрінбей,
құламай ақырын ілбіп келеді. Алға жылжыды деген аты.
Әйтпесе жүрісі өніп жатқан жоқ. Бүл да бір жан қинаған ит тірлік.
Аруана сонда да ең соңғы қайратын салып, жылжып
келеді. Аруана сол ілбумен күн ұясына қонар шақта ауылға
жетті. Есті жануар өз иесі марқұм Тұрлыбектің босағасына
жетіп жығылды. Аруана есік алдына кеп құлап түсті.
Ақ ордада қара жамылып, аһ ұрып отырған Тауманның
ағасы бір нәрсенің гүрс етіп құлағанын аңғарды. Heгe екенін өзге
түгіл езі де білмейді әдеттегісінше күтушісін жұмсамай
бүл жолы сыртқа өзі жүгіре жөнелді. Оның ізін суытпай
қызметшісі де шықты. Бұл екеуі төрт аяғы сереңдеп төрт
жаққа кетіп құлап жатқан аруананы көрді. Көрді де дереу
жүгіріп оның жанына жетті. Күтуші әйел аң-таң. Тауманның
анасы аруананы бірден таныды. Өзінің ақ-адал малы
жылай-жылай шел қаптай бастаған көзіне оттай басылады. Әп-сәтте аруананың
жанына кешке әр түрлі шаруамен сыртта жүрген
ауыл адамдары да жиналып қалды. Бұл кезде жанкешті
жануар әлі де есін жия алмай ентіге дем алып жатыр еді.
Ауыл адамдары аруананы қоршап үнсіз түр. Ортала-рындағы
ордадан шыққан сыйлы бәйбіше тіл қатпаған соң
тіс жаруға имене ме, әлде өз ойларымен әуре ме, ол арасы
беймәлім, әйтеуір бойларын бір зіл батпан ауыртпалық
басқандай бәрі де мұңайып тұнжырай қалыпты.
Әлден уақытта аруана ауыр қозғалып, аяғын бауырына
жиып алды. Сосын қинала қимылдап, зордың күшімен
жұмулы көзін ашты. Ауыл адамдары демдерін ішіне тартып,
аруанаға тесіле қарады. Тауманның анасы бір кезде аруананың басына жастық
болған ақ тақырдың жіңішке ирек
сызықтарымен айғыздала бастағанын аңғарды.
Аруана үн-түнсіз, ағыл-тегіл жылап жатыр еді...
Тоғызыншы тарау
Түн ортасында өзен жағасынан атамекенге аттанған үш
салт атты бірден тасырлатып шаба жөнелмей, біраз уакыт
бөкен желіспен жүрді. Өңшең тұлпар қамшы салдыратын түрі
жоқ. Қайта "ерге мықты ер болсаң, еркіме бір жіберіп
көр"
дегендей ауыздықты қарш-қарш шайнап, қолды қарыстырып
келеді. Үшеуінің астындағы үш ұшқыр жылқы бірін-бірі
оздырғысы келмей алға ентелейді. Жетектегі жел аяқ торы
арғымақ та қос құлағын қайшылап, желігіп алған. Оның да
өзгені өзінен оздырғысы жоқ. Тақымына ылғи жүйрік тап
болған жүргіншілер арттарында қалып бара жатқан жат елге ат
тұяғының дүбірі естілмейді-ау деген мәжеге жеткенде тізгінді босатты.
Жұлдыздай жүйткіген жарау тұлпарлардың жол табанына топылдап
тиген болат тұяғы топырақтан тозаң ұшырады.
Жүйріктердің бауырына қашып тығылған қара жер дөңгелене
үйіріліп артта қалып жатыр. Ең алда созыла шапқан Күрең
тұлпар. Оның беліндегі бойшаң, денелі жас жігіт ат жалыни құпия
жатып алған. Ол - Тауман. Алымы кең, арыны қатты арқыраған тұлпардың жұлдыздай
аққан жылдамдығын да місе түтпайды ол қазір. Өне бойын дуылдатқан асау қан, алып
ұшкан жүрек, алабұрткан көңіл, аптап сезім, атамекенге деген алабөтен алау
сағыныш Тауманның сабырын
сарқып келеді.
"Мінсем деп ем кісінетіп күреңді. Ол арман да артта
қалды.
Енді туған жерге жеткенше жебеп, демеп, сүріндіре көрме,
киелі бабам Батыраш. Еліме есен-сау жетіп, қаскөй жауға
Қайта оралар күн туса, есемді алып, мерейіңді асырармын
аруақ. Тек түнеугідей қапыда қалдырмай тең майданда
кезіктір. Елім үшін, кегім үшін өліп кетсем өкінбен..."
Тас қамаудан босаған Тауманның тентек ойлары көктемгі тасқын тектес.
Көсіле шапқан көшелі жүйріктің екіншісі - Бәйгекөк.
Күрең тұлпар одан оқ бойы озық. Шапқалы шаң жұтып
көрмеген Бәйгекөк, алдындағы атты басып озуға тырысып,
аршындап-ақ келеді. Әйтсе де ер үстіне қаршығадай қонған
Қазына ауыздығын қарш-қарш шайнаған тұлпарды
қолы қарысса да еркіне жібермейді. Бәйгекөк онан сайын
өршеленіп, өзеурей алға ұмтылады. Үрдіс шабысқа төзімді болу
үшін белін жалпақ, жібек белбеумен тас қып буған Қазына ер үстінде сәл еңкек
отыр. "Қара түнде ақ тілекпен аттандым қасиетті туған жерге. Қадамымды
қайырлы ет, жасаған ием. Атамекенге аман жетіп
жүдеген анамды жұбатсам болғаны. Өзге тілек тілемеймін тас
керең мынау тағдырдан".
Қазынаның ойы қысқа болса да қайратты. Бейне
қаршығаның қанаты сияқты.
"Ана жолы қырықты қусырған қыли көз жылқышы айтып еді-ау..
Бұл осыдан сегіз жыл бұрын. Мезгіл мамырдың аяқ
шені. Сиыр сәске. Астымда осы Ақбақай. Аңқытып жылқыға жетсем,
ауақты Құла айғырдың,үйіріндегі көк Бие қағындай
алмай, қысылып жатыр. Енді аз кідірсем жануардың жан тәсілім
етері зайыр. Қарамағымдағы жаутаң-жаутаң еткен
жас жылқышыға алара қарағаным болмаса, өзім де не
істерімді білмей абыржып тұрмын. Аты шулы Құланың
үйіріндегі тұлпар туатын мама бие түгіл жай жабағыға
билігім жүрмейді. Сөйтіп сасқан шақта кұдай оңдап, аруақ
қолдап, қолбасының келе қалмасы бар ма? Көріп тұрмын,
сейілге шыққан беті. Қолыңда қаршығасы, соңында құмайы,
жанында бір топ серіктері бар. Оның кырағы көзі биені
бірден шалды. Қолбасы іле маған биені құрбандыққа шалып
құлыңды аман сақтауға әмір етгі. Мен көк биенің қарынын
қанжармен, қақ айырып, құланды аман алып қалдым. Ханның
қазіргі атақты Құласы сол құлын. Қолбасы енесі өлген жетім
құлынды тағы құланга теліп, көзінен таса қылмай баққызған.
Кейін ол екі көзінен от шашып, айтулы ат болғанда қолбасы ханға
тарту етті..."
"Иә, мен осы Құла тақымға бір тисе деп армандағанмын Тәңір
ием ол тілекті де берді. Құлан тектес бұл Құла барып
тұрған тұлпар. Күні-түні шапсаң да талмай сілтеп, егескеңді
ертпейтіннің өзі. Мына жетектегі Торы арғымақ болса талай
топалаң тобырды көрген. Содан да бұл топқа тайсалмай
кіреді. Және бір қасиетті ұрыс тәсіліне үйренген. Садақтың
тартылу бағытына сай тізесін бүгіп, канжардың қақтығысын
бағып қайқандап, семсердің сермелуіне орай сыпсыңдап
жүреді. Торы арғымаққа мінген адам ұрыс кезіңде тізгінмен
алыспай, қарсыласымен еркін қақтығысады. Осы мінез
Тауманның Күрең тұлпарында да бар. Мұндай қасиет кез келген
жылқыда бола бермейді, әрине. Түске кіретін тұлпарлар тақымға тиген бұл сапар
не бағым, не дағым. Жаулар жетсе артымнан, жасқанбай бір шайқасам. Өйткені
атамекенге
жету дейтін аяулы арманды осы ақтық айқас шешеді.
Күндіз-түні ойымнан шықпайтын киелі туған жерден: еркімді билеп,
есімді кетірген аяулы Қазынаштан, тағдыр қосса қайнағам
болар дейтін Тауманнан аяр нем бар. Сол үшін де қасық
қаным қалғанша кескілермін жауымды..."
Бұл ой құлан тектес құласы Қазынаның Бәйгекөгімен
құйрық тістесіп келе жатқан Қылышбайдың ойы. Өзі аш
шектей шұбатылған ұзақ демесең, астындағы арғымақтай арынды
ой.
Әлден уақытта айналаны қызғылсары түске бояп,
қыркүйектің қүла таңы атты. Бұлар әлі әлі ағызып келеді.
Үшеуінің де жүрегінде туған жерге деген тағаты жоқ
перзенттік сағыныш бар. Ол да мынау сарғыш түске
боялған дала реңдес. Бұлардың көңілінде алдағы іске, әр нәрсеге
әлденендей күдік те жоқ емес. Әйтсе де ол көлеңке, күзгі күндей күңгірттік
дегендерден алыс. Тағы бір тәуірі
бұлардың ойларында арын, бойларында жалын бар.
Таң атқалы да ет пісірім уақыт өтті. Түннен бері талмай сілтеп
келе жатқан тұлпарлардың әлі де сыр беретін түрі
жоқ. Содан да бұлар тағы біраз шапты. Үшеуі әуелгісінше
ілгері-кейінді шаппай қабырғаласып қатар шауып келеді.
Бүл - Тауман айтқан тәртіп. Себебі казір түн емес, күндіз.
Жол табаны,алдағы ой-шұңқыр, ылди мен ор анық көрінеді. Үздік-создық
шапқаннан гөрі, бірінен-бірі озбай қатар сілтеген жөн. Сонда тұлпардың терлеген
денесін тозаң торлап, қолкасын шаң қаппайды. Мезгіл шаңқай түс. Көңілдерін
туған жерге жету дейтін жалқы тілек, жалғыз арман билеген бұлар әлі тоқтаған
жоқ. Үшеуі алма-кезек, әлсін-әлсін шапқан аттың жалына жатып ап, орамалмен тұлпарларының
көзіне құйылған терді сүртеді. Сосын тағы тізгінді қыса ұстап, ерде еңкейіп отырады.
Бұларда одан өзге қимыл жоқ. Тек керіліп жатқан кең даладай ұшы қиыры жоқ
ойларға ерік беріп, үн-түнсіз шаба береді. Тек аттарын болдыртып алмауды ойлап,
анда-санда ғана тізгін тежеп аяңдатады. Оқта-текте тоқтап,
тартпаларын тартады. Үшеуі бір мәрте жетекте тың келе
жатқан Торы арғымаққа ауысып мінді. Ұзақты күн жол бойы
осыдан өзге аял болған жоқ.
Үшеуі сол үртіс жүріспен бесіндіні де болдырды.
Бұлардың арты қанша қауіпті болғанмен, алда даланың
ашулы, аш жыртқышы, ашынған тағысы бар, ұры-қарысы
кезігуі де ықтимал қатерлі, алыс жол жатыр. Содан да сол сапарда
тың болған жөн. Еңдеше аттары шалдығып, өздері
шаршап қалмас үшін енді біраз уақыт тоқтап, тынығу керек.
Осыны ақылға caп, кеңескен бұлар дәл кіші бесін кезінде
тізгін тежеді.
Жүргіншілер біраздан бері оң қапталында өздерімен
жарысып қалмай келе жатқан өзеннің иініне жетіп тоқтаған
еді. Жағадағы шоқ талдардың бірінің түбіне кеп аттан түскен
бұлар тұлпарларын қалмақша байлап, қаңтарып тастады. Бұл әнеукүні
аруана елге бет түзегенде алғаш тоқтаған түс.
Түлпарлар элі де тың сияқты. Төртеуі де оқтын-оқтын
оқыранып тұяғымен жер тарпиды. Әсіресе, Тауманның ай
маңдай күреңі. Өзі тіпті ерекше ширақ. Көптен ауыл арасынан
ұзамай, иесінің үйреншікті тақымын, алыс сапарды сағынып қалған
ба, әлде есті жануар атамекенді аңсап, асығып келе ме, әйтеуір бір орнында тұра
алмай тыпыршиды. "Мен әлі тыңмын. Жүр кетейік. Қуғыншыға шалдырмай тезірек
туған
жерге жетейік" дегендей ара-тұра пысқырып Тауманға көз
тастап қояды. Қайтажүргіншілердің өздері шаршаған сиякты.
Қатты, үртіс жүрістен бе, әлде көптен салт атқа мінбегендікі
ме, денелері салдырап, дізелері ұйып қапты. Бұлар жаяу жүріп,
қан таратты. Жатып бой жазды. Кезектесіп, көз шырымын алды. Ентігін баскан
тұлпарлардың ерін алып, суарып, отқа қойды.
Жүргіншілерде жейтін тамақ та жоқ еді. Абыржып
жүргенде ештеңе ала алмаған. Асығыста Қазынаның қолына
бір дорба қатқан құрт іліккен екен. Құс ұйқыдан соң бұлар
соны талғажау етті. Қара су ішіп, шөлдерін басты.
Екінді кезінде бұлар атқа ер салды. Тұлпарлар да, өздері
де аунап-қунап, бел жазып, тынығып қапты. Енді бұлар кешкітсалқынмен
де, түні бойы да тоқтамай жүріп, не де болса елге жетіп жығылуды ойлады.
Төс тартпа мен шап айылды мықтап, жүргіншілер туған
жерге жетпей тоқтамасқа бекініп, желе-жортып жөнелді.
Бұлар бие сауымындай сау желіп отырып, бір аласа тауға
жетті. Жол сол биікке қайқандап шығып, қайтадан төмен түседі.
Үшеуі аттарын ширақ аяңдатып, аласа тау басына
шықты. Ең биік деген жеріне шығып, қарауыл қарады.
Алғашында ештеңе байқалмады. Аздан соң кешкі көкжиекпен
астасып, алыстан қуғыншы топ көрінді. Жақындаған
сайын айқындала түсті, қарасыны едәуір.
Бұлар қашқанмен олардан қара үзіп кете алмасын білді.
Қуғыншылардың әрқайсысының жетегінде екіден-үштен ат
бары анық. Қанша айтқанмен олар әлсін-әлсін ат ауыстырып,
бұларға жетері сөзсіз. Күтіп алып, күш сынасуға тағы
болмайды. Бұлар аз, олар көп. Енді не істеу керек? Туған
жер жақындап барып, тағы да алыстағаны ма? Үзілгені ме
үміттің? Шынымен жоғала ма ең асыл? Көкірекке шемен
байлап, шер сыйлап көзден бұлбұл ұшар ма екен, туған
жер?! Енді аянар не қалды. Қасиетті туған жер үшін қан
тамбақ түгіл, жан кетсін! Таусылғанша ақтық дем, алысамыз
аянбай. О, киелі туған жер, перзенттеріңе медет бер!..
Осыны үшеуі жарыса ойлады. Әйтсе де ешқайсысы ләм
Деген жоқ. Бүлар бір-бірін сөзбен емес, көзбен ұғысты. Ат дүбірін
сезіп елеңдескен тұлпарларды ойға, тасаға түсіріп, бірінің мойнына бірін күрмеп
байлап, тізгінді ердің қасына қаңтарып тастады. Сосын үшеуі үш тасты қалқалап,
жер бауырлап жата-жата қалысты. Сол сәтінде-ақ бұлар садақты қолға алған. Жау
оқ жетер жерге келгенде үшеуі де қорамсаққа қол салды. Зу-зу етіп сөйлеп кетті
қозы жауырын жебелер. Толғап-толғап адырнаны шірей тартқан Тауман оғы сала құлаш
ала ат мінген алдындағыға дәл тиді. Асықпай көздеген Қазына мен Қылышбай да
садақтарын дәл тартып бір-бір жауды жайратты.
Жаңа бұларды байқап қалған қуғыншылар ұран тастап,
айғай-сүрең сала шапқан. Көзді ашып-жұмғанша үш
адамынан айырылған олар бундай бос далақтаудан көп
құрбан боларын біліп, айлаға көшті. Енді олар аттарынан
түсіп жер бауырлай жатысты. Ұзын саны жүз қаралы болар
деп шамалады Тауман.
Әрине, күш тең емес. Әйтсе де бір жақсысы жау төменде,
жазық жерде. Олар паналайтын жалғыз бұта жоқ. Тау басында
тасты қалқан еткен Таумандар өздері аз болса да
қолайлы бекіністен күш алып, октары таусылғанша атысары
анық. Ең болмаса жастығымызды ала жығылайық деген
бұлар қуғыншылар шашырай жатып, нысананы дәлдегенше
тағы да бес адамды оққа ұшырып үлгірді.
Жау орнығып ап, садақ тартқаннан кейін-ақ бұлардың
жағдайы қиындай берді. Жыландай ысқырып, бұршақтай
жауған жебелер бас көтертпеді. Бір нәрсені анықтап байқауға
да, садақты дәл тартуға да мүмкіндік жоқ. Әзірге жан сақтап
тұрған мынау сандық тау, соның бұларды тасалап, қалқан болған
текше тастары.
Бас көтеріп, садақ тарту мүмкіндігінен айрылғаннан
кейін Тауман бұл қиындықтан құтылудың жолын ойлады.
Ол сын сағатта соны тез тапты да. Тауман жаңа жау жақтың
аттарын жолдың сол қапталына шоғырлап, өздері оң бүйірге
жатқаны байқап қалған. Енді ол оқ жаңбыры қас қағым
бір сәтке ғана азайған сәтте көз іліспес шапшаңдықпен
қимылдап, сол аттар шоғырына бірнеше жебені бірінен соң бірін
жеделдете жіберді. Дәл атылған оқтың бірі қосақталған
аттардың көзіне, екіншісі шабына қадалды. Мұны байқап қап,
Тауманды үнсіз ұққан Қазына мен Қылышбай да жаңағы оқтардың ізін суытпай
садақтарын іле-шала тартып-тартып
жіберді. Шыбын жаны шырқырап, шыңғыра аспанға атылған
аттар шылбырын үзіп, тым-тырақай қашты. Ол топ өзге
топтың да үрейін ала үркітіп, ат біткеннің ойран-топырын шығарды.
Айдалада жаяу қалып қоюдан зәресі ұшқан
жаудың жартысынан астамы шылбырларын бырт-бырт
үзіп, бытырай қашқан, бірін-бірі сүйреліп есі шыға, елірген
аттарға ұмтылды. Осы алыс-күресті пайдаланып, бұлар
жауларына оқ жаудырды. Бұл жолы он шақты қуғыншы жер
құшты.
Бірақ бұлардың бел алуы ұзаққа бармады. Жау есін тез
жиды. Оншақты адам аттардың бас-аяғын жиып кейін кетті
де, қалғандары қайтадан атыс ашты. Көптің аты көп. Қарша
бораған оқ бұл үшеуіне тағы да тамұқ орнатты. Бүл жолы
жау жай атып қана жатқан жоқ, жер бауырлап жылжып
та келеді. Ажалдан қайтсе де құтылмасына көзі жеткен
Қылышбай өз басын бәйгеге тігіп, Қазына мен Тауманды
құтқарудың қамын ойлады. Сол сәтте Қылышбайды билеген
бір-ақ сезім: "Атамекенге осы екеуі аман жетсе де аз
олжа емес. Жау маған алаңдап жатқанда екеуі едәуір жер ұзайды.
Арттан қуғыншы жеткенше түн қүшағына кіріп үлгереді.
Демек қашып құтылуға әлі де болса мүмкіндік бар. Осылар
бақытты болсын. Екі бірдей асыл адам, айнымас дос үшін
мен өкінбей-ақ өлем..."
Қиын шақта осыны ғана ойлаған Қылышбай "сендер тез қашыңдар"
деп дауыстады Қазына мен Тауманға. Содан соң өзі төмен сырғып түсіп, шолақ
таудың сол жағын айналып өтті. Сөйтіп жау күтпеген батырлыққа барып, оларға бір
бүйірден оқ жаудырды.
Әйтсе де Қазына мен Тауман бас сауғалап қашқан жоқ.
Сол бүйірден күтпеген соққы алып, абыржып қалған жау
тобын дәл көздеп, садақтарын тартып-тартып жіберді. Екеуі
қайтадан корамсаққа қол сала бергенде Қылышбайдың оққа
ұшқанын көрді. Бір емес бірнеше жебе қатар қадалған қайран  "қош" деуге де шамасы келмей құлап
түсті. Сол сәт жау тобы манадан бері ойына келмеген ақыл тапты.
Олар тез үш топқа бөлінді. Бір топ сол жатқан орындарынан
Қозғалмай атысты жалғастырды да, екі бүйірге бөлінген екі
топ шолақ тауды айналып, арттан қоршай бастады. Ашуы
терісіне сыймай әбден ашынған Тауман қалқан болған текше
тастан басын көтеріп ап, садақты үсті-үстіне тартып жатыр
еді? Қазына ойланбастан орнынан атып тұрып, Қылышбай құлаған
жаққа қарай жүгіре жөнелді. Сол кезде қаңғып кеп,
қабырғаға қадалған жау оғы Қазынаны қалпақтай ұшырды.
Мұны көрген Тауман садағын атып ұрып, қарындасына
ұмтылды. Ол құстай ұшып, Қазынаға жетті де, қанға боялған
қарындасын алдына алып, басын сүйеді. Тауман жарасын таңып
жатқанда есін жиып, көзін ашқан
Қазына ағасына қарап: "Сен қаш. Өтінемін, қаш. Әлі де
кеш емес. Құтылуға мүмкіндік бар. Естимісің қаш, қаш..." деді,
жалынышты үнмен. Әр сөзін үзіп-үзіп әрең айтты. "Менің
жаным сенімен бірге емес пе? О не дегенің, жаным" деп
көңілі босаған Тауман көзіне келіп калған жасты Қазынадан
жасырып, аһ ұрған ақ жалынмен қайта жұтты ішке. Ағайынды екеуі
айдалада жау қоршауында қап, қосыла егілді.
Мұны көрген жау бул екеуін қолға тірідей түсірмек боп,
садақ тартуды тоқтатты. Шолақ тауды төрт жағынан бірдей
қоршап үлгірген көп шуылдақ екі мұңлықты байлап алмақ
боп қарғадай қаптап келеді...
Оныншы тарау
Туған жер топырағына тырс-тырс тамған аруананың
көз көз жасын көрген көптің көкіректері мұңға толды.
Жұдырықтай жүректерін қайғы шымшыған олар шыдамнан
айырылға еді. Арса-арса болған аруананың ағыл-тегіл
көз жасы берікпін деген адамның да ет-жүрегін елжіретті.
Кейбіреулер мүлдем егіліп, екі көзге ерік берді. Көңілі
қанша
босаса да қайратын жиып, көзіне жас алмағандардың бірі -
Тауманның анасы. Аңтарылған көп соның қимылын бағып
тұр. Бір кезде ол отыра қап, аруананың басын құшақтады.
Мұны көрген халық бұрынғыдан бетер тебіреніп, теңселіп кетті.
Тағдырдың тас қамалын талқан қып, туған жер төсіне
жетіп жығылған аруананың көл-көсір көз жасын көргенде
кейбір ездердің еркектігі есіне түсіп, жауда кеткен есесін ойлады.
Азапты кешіп, ажалмен кезіккен аруананың қайраты мен қайғысы әйелдердің де
жігерін жаныды. Еңбектеген бала
мен еңкейген қартқа дейін іштей ширығып шымырқанды. Кеудесін
кек кернеген ауыл адамдары тайлы-таяғы қалмай атқа қонуға дайын еді. Аруананың
қуаныш, қайғы аралас көз
жасын көргенде жан біткеннің жасығы дейтіндер де осы күнге
дейін үйкүшік боп ұзап шыға алмаған ездіктеріне өкінді. Ең
қоркақ делінетін қоян жүректер де осы сәт қылыштарын
жарқылдатып жасақты жаумен жағаласып халық кегі үшін
қан майданда қаза табуды армандады.
Аруана әлі ағыл-тегіл жылап жатыр. Ол көкірек толы
мұңын сөзбен емес, көзбен айтады. Тілсіз жануар жаудың
жалғыз ботасынан тірідей айырған катыгездігін, жат елдегі
қайғысын, өзінің шеменді шерін, күйреген күйін, ажал
алдындағы азасын, тартқан азабы мен тапқан арманын...
жанардан аққан жаспен баяндайды. Елдік жолы, ерлік салты қасиетті
туған жерді қастерлеу, сол үшін егер қажет болса,
тозақ отына түсіп, қияметтің көпірінен қыл көпірінен өту
дейді ол.
Күн батқалы әлдекашан. Аруананы қоршаған ауыл
адамдары үйді-үйіне тараған. Оның жанында қазір ауылдың
жөн білетін белгілі кісілері ғана бар. Бағана, қараңғылық
түсер алдында. Тауманның анасы үй іргесіндегі көгалға әр жерінде
қошқармүйіз өрнегі бар текемет, меткел ләнкеден
жасатқан көрпе төсеткен. Көпшіліктің көтермелеген
көмегімен тәлтіректей орнынан тұрған аруананы о кісі өзі
бас боп сүйемелдеп, сол төсектің үстіне әкеп шөгеріп еді.
Содан бері аруана сол жерде. Аруана әлі де жылап жатыр.
"Мейлі маған десең аспанда Ай тұтылып, Күн сөнсін.
Бірақ,
бір қайғы - Туған жерден алыстау қасіреті
қайталанбасын"
дейді оның көз жасы.
Аруанадан қарға адым жерде қан қызыл қу тобылғы мен
құба шағыр сатырлап жанып жатыр. Атамекен үшін азап
пен ажалға қаскайып қарсы жүріп, туған жер төсіне жетіп
жығылған аяулы ерден аяр қызуымыз жоқ дегендей кан
күрең тобылғылар, күтірлеп, лаулап жанады. Оның жалыны аруананың
мұздаған денесін жылытып, жарығы, нұры өшіп бара жатқан жанарына құйылып тұр.
Емшілер аруананың
жалбыраған етін жапсырып, жырым-жырым болған терісін
тікті. Әр түрлі шөп пен өсімдіктің ұп-ұсақ боп туралған,
бірімен-бірі әбден араласқан, сонан соң боз биенің саумалына шыланған тамыры
денесіне жағылды. Осы емнен кейін әлсін-әлсін жылап, ауық-ауық ыңырсып,
ыңыранған аруана тыным тапты. Аруананың тыныстағанын көріп, ауыл адамдары
қуанысып қалды.
Әйтсе де бұл қуаныш ұзаққа бармады. Таң алдында
аруана беймаза күй танытып, бебеулеумен болды. Азаматқа, ерлерге
лайық еңселі іс істеген аяулы аруананы ажалдың
қанды тырнағына бермеуге әрекет еткен ауыл адамдары
түні бойы кірпік ілген жоқты. Енді олар аруананың ажал
алдындағы азалы күйін көріп, зыр жүгіріп, безек кақты. Жаңа
әрекет, жақсы ем де жасалды. Бірақ, соның бірде-бірі төніп
келген ажалға ара тұра алмады. Күн шыға аруана мәңгілікке көз
жұмды.
Рас, аруананың өліміне ешкім дауыс қылып, жоқтау
айтқан жоқ. Бірақ, сыбызғы мен шаңқобыздан азалы күйлер
төгілді. Ел аяулы ерінен айрылғандай қиналды. Тауманның
анасы іштей тынды. Оған сол күні көл күрсініп, тау
күңіренгендей болды. Жер қозғалып, аспан шайқалғандай.
Төрт түлік мал түгел аңырап, құс біткен мұнлы бір үнмен
сыңсығандай. Тауманның анасы осындай сан килы ауыр
сезімді бастан кеше тұра бұл жолы да сабыр сақтай білді.
Оның басшылығымен ауыл адамдары аруананы соңғы
сапарға жөнелтуге кам жасады.
Намаздыгер кезінде бүкіл ел тайлы-таяғы калмай ауылдан
бота шаптырым беткейдегі биік белге жиналды. Халық бейне бір
азаматынан айрылғандай аза тұтты.
Ел аруананы сол жерге арулап көмді.
Он бірінші тарау
Жау Тауман мен Қазынаны байлап алмақ боп, ағайынды
екеуіне жаяу аяңдағанда күн ұясына қонған еді. Сол кезде
жер тарпып тұрған Күрең тұлпар қатты пысқырды. Елеңдесіп
тұрған онымен қосақтаулы өзге тұлпарлар кісінеп жіберісті.
Тауды айналып келе жатқан жау мезгілсіз мазасызданған
аттарға алаңдасып, арттарына қарасқанда ешкім күтпеген
оқыс оқиғаға кез болды. Әуелі көз ұшынан қою шаң арасынан қарулы
қалың қол көрінді. Үздік-создық шапқан жүздеген аттың болат тұяғы кең даланы
дүбірлетіп таяп келеді. Мұны көрген жау алды-артына қарамай тұра қашты.
-        Иә, аруақ!
-        Иә, сәт!
-        Ақсарыбас!
-        Қолда, бабам -
Қарақыпшақ Қобыланды!
-        Қарақыпшақ!
-        Алға, алға.
-        Бас қамшыны
бас.
-        Уа, сендер
тауды орай шабыңдар, тауды...
-        Қашты әне!
-        Қу, ұста!
-        Қыр, жой.
-        Байлап алыңдар.
-        Алдын орап
шабыңдар, алдын.
-        Аттарына
жеткізбей ұстаңдар!..
Осынау қаһарлы үндер кең даланы күңірентіп, тау мен
тасты қалтыратты. Тау артындағы тай шаптырым биік белдің
астынан шыға келген қарулы калың қол жұлдыздай ағып,
көзді ашып-жұмғанша Тауман табан тіреген шолақ тауға
жетті. Олардың бір бөлігі аттарынан секіріп түсіп, Тауманға
ұмтылды. Қалғандары жаңа ғана жеңіске жетіп, даңғаза
болған, енді міне, қас қағым сәтте есі шығып, далақтай
қашқан жауды қуып кетті...
Аяқ астынан шыға келіп, айдалада айды аспанға
шығарған, жағдайды астын үсті еткен бұл қарулы қалың
әскер Тауманның нағашылары еді. Олар қазақ жерінің
қашанғы кіндігі - Қаратау бойын жайлаған жауынгер халық. Өзге
қазақтардай бұлар алтыбақан алауыз емес. Қашаннан
іштеріне іріткі түсіп ірімеген іргелі ел. Күш-қайраты мен
абыройларының кайнар көзі - ауызбірлік. Мынау осындай
киелі қасиеті бар жұрттың жақын жұрағаты Тауманды
тұтқыннан босатуға келе жатқан беті еді. Қабырғалы ел
Қалың Қыпшақ өзінің ер еңсесін бүгін тағы танытты.
Нағашыларын таныған сәтте өзінің жоқтаусыз еместігін
білген Тауманның қуанғаннан жүрегі алып ұшып, аузына
тығылғандай болды. Соңынан жеткен ер-азаматтарға ризалықтан
ет жүрегі елжіреп, көңілі босады. Осы бір алай-түлей ұйытқыған алау сезшмен
оның отты жанарынан жалғыз
тамшы ыстық жас ыршып түсті...
Қазына жарасы жанына батып, қатты қиналып жатқан.
Мына қуаныштың лебімен ол азап пен ажалдан алыстағандай
болып еді. Ат дүбірін естіген ол Тауманға тіл қатып,
басын көтеруді өтінді. Басын көтерген соң алдымен қырдан
кұйғыта құлап келе жатқан қарулы қалың әскерге, сосын
тым-тырақай қашқан жауға карады. Қыпшақтардың алды
шолақ тауға жетіп, жиендерін құшаққа қысқанда да Қазына
сөйлеп жатты. Ол мына ел намысын ту ғып көтерген ерлерге шексіз
ризалығын, енді өлімнің де өкінішсіздігін, осыны көруі мен сүйегінің туған
жерге көмілуі де баға жетпес бақыт екендігін айтты. Сосын дәл осы сәтті ғана
күтіп жатқандай мәңгілікке көзін жұмды. Қазына қаза табысымен ымырт үйіріліп,
бүкіл табиғат
қараңғылық құшағына енді.
Олар сол шолақ тауға түнеп шықты.
Таң құлан иектене қарулы қалың қол Қазына мен
Қылышбайдың сүйегін алып жолға шықты. Алда, алшаңдай
аяңдаған Күрең тұлпар үстінде Тауман. Жоғалтқаны не, тапқаны
қайсы, қайғысы көп пе, қуанышы басым ба?..
Тауман дәл қазір оны саралап, салмақтаған жоқ. Туған жерді
бетке алып тартып барады...