ВЕРНУТЬСЯ

      Кезекті парақтарға қол қойған Президент орнынан
ширақ тұрды Терезе алдында келіп, сыртқа көз тастады.
буырқанған теңіз толқынына ұқсаған ақбуырыл аспан ашық
екен. Ұясынан тұсау бойы көтерілген күн айналаға үнсіз
сәуле шашып тұр. Ал, Президенттің жандүниесі дауылды
күнгі теңіздей алай-дүлей. Бүгін біртүрлі мазасы болмай
тұр. Есіл өзенінің сол жағалауында бой көтерген осы жаңа
резиденцияға алғаш көшіп келгенде көңілі бір көтеріліп
қалып еді. Оған өзі Ақорда деген атберді. Ақорда десе
Ақорда.
Өзге ғимараттардан окшау, оңаша биік алаңда аспанның өзіне асқақ
қарап тұрған Ақорда алыстан көргеннің өзінде де аса ажарлы, аса айбыңды. Ал,
іші тіптен ғажап! Ұзын дәліздер мен кең бөлмелерін араласаң ертігелер елінде
жүргендей боласың. Жып-жылтыр еденнің өзі айнадай жаркырап, жүзіңді ап-анық
көрсетеді. Бос тұрғанның өзінде-ақ көздің жауын алып, жайнап тұрған бөлмелер
шетелдік жиһаздар қойылғаннан кейін онан әрі құлпырып кетті. Оған ақшаңқан төбедегі
аппақ хрусталь люстралар мен қабырғаға ілінген қымбат картиналар қосылғанда
Президенттің кабинеті кірген кісі қайтып шыққысы келмейтін жұмаққа айналып шыға
келді. Өзге билеушілерді айтпағанда Абылай ханның  да түсіне кірмеген, оны айтасың, тіпті
өркениетті елдер Президенттерінің де қолы жете қоймаған салтанатты сарай адамның
көңілін көтеріп-ақ тастайды екен. Сол көтеріңкі көңіл-күй талай қиын түйіндерді
шешкені қайда? Президенттің ғана емес, ең алдымен елдің абыройы мен айбыны ғой
бұл Ақорда. Осы айтулы Ақорданың өзі де, онда қалыптасқан жанға жайлы аура да
Президенттің көңіліне түскен көлеңкені қуа алмады. Оны айтасың, ол бүгін алтын тақтың
үстінде отырғандай емес, керісінше алтын тақ мұның екі иығына асылып, өзінің
ауыр салмағымен жаншып тұрғандай. Кейбіреулер үшін Президенттің өмірінен асқан рахат
өмір жоқ. Емеуірінімен-ақ дүйім жұртты жатқызып, туғызады. Қасын қақса болды
дүние дөңгеленіп жүре береді. Рас, оның қолында шексіз билік бар. Әйтседе, сол
билікті ел мүддесі үшін ұтымды пайдалану оңай ма? Қоянның жымындай жықпылы мен
бұралаң бұлтарысы көп, қатпарлы қалың саясаттың қыры мен сырын саралап, сырты нұрлы,іші
сырлы Президенттің "жүрегінің түбіне терең бойлап" ұққанға абыройы
мен ауырлығы бірдей өмір ғой бұл. Рас, Президент болу бақыт. Қанша қабілетің
асып, талантың
тасып тұрса да Алла Тағаланың рақымы түсіп, мейір-шапағатына
бөленбесең алтын тақтың ауылы алыс. Бақ пен
тақ тұғыры биік тұлғаның өзін таңдап, тауып, талғап қонады.
Алла Тағала-әулиенің әуеден төгілген нұры аймалағанда
ғана басыңа түнде де жарқырайтын жақұт бақ қонып, күндіз
күн сәулесімен шағылысып, көз қарықтыратын алтын таққа
отырасың. Таққа отыру оңай емес, әрине, оны шайқалтпай
ұстап тұру - қиынның қиыны. Бірінен бірі өткен өткір
проблемаларды рет-ретімен жедел шешіп отырмасаң
еңсесін тіктеген елдің іргесіне сызат түседі деп ойлады
Президент. - Қазақстанның ең басты байлығы - халқы.
Елдің бірлігі мен ынтымағы, халықтың әл-ауқаты әрдайым
назардан тыс қалмауы шарт. Рас, Ақордада мемлекеттік
маңызы бар көптеген күрмеуі қатты күрделі мәселелер оң
шешімін тапты. Экономикалык реформа сәтті аяқталып,
саяси реформа жемісті жүріп жатыр. Кеңестік кеңістіктегі
өзге республикаларға қарағанда жағдай әлдеқайда жақсы.
Қазақстан Орта Азияда көшбасшы. Еуропадағы қауіпсіздік
пен ынтымақтастық ұйымының төраға болып, төрге озып,
төбе би болу аз жеңіс емес. Әйтседе, шешілмеген проблемалар шашетектен.
Ұйымдасқан жемқорлық, парақорлық қоғамды жегі құрттай жеп жатыр. Ауылдың өзекті
мәселері: ауыз су, жол, дәрігерлік көмек... әлі де өткір күйінде қалып отыр.
Тағы бір жанға бататын жай өзім тәрбиелеп, өзім өсірген,
сүйеніш болар деп сенген серкелер арасынан сатқындардың
да шыққаны.
Күшік асырап ит еттім,
Ол балтырымды қанатты.
Біреуге мылтық үйреттім,
Ол мерген болды, мені атты, -
деп Абай құсап аһ ұру кімге жеңіл дейсің? Сенімді ақтамаған серкелер
мен еркінсіген еркелер әділ жазаланып, сазайын тартқанмен жүрекке жүк түсіріп
кетті. Алда тағы кімдердің жүйкені қанша жұқартарын кім білсін? Бүкіл дүние
жүзін алқымынан алған кризис Қазақстанға да салкынын тигізді.
Оған кұрғақшылық қосылып қос өкпеден қысып тұр. Осы
қиындықтардың бәрінен алдын алған сәтті шешімдер мен
аса аукымды іс, шаралар әзірге ел еңсесін түсірген жоқ.
Құдайға шүкір, жалпы жағдайымыз қай қырынан алып
қарасаң да жаман емес. Әйтседе, ойланатын жайлар көп, өте
көп. Бірінші кезекте шешетін мәселе...
Президенттің ойын телефон шырылы бөлді. Ар жақтан
Тәжікстан Президенті Рохмоновтың таныс даусы естілді.
-        Сәлеметсіз ба,
Нұрсұлтан Әбішұлы!
-        Сәлеметсіз бе,
Иманолла Шәріпұлы,-деді Нұрсұлтан
кұлаққа жағымды қоңыр үнмен, - жанұяң, ел-жұртың аманба?
-        Рахмет.
Аманшылық.
-        Сіздерде ауа
райы қалай?
-        Душанбенің ауа
райы жақсы. Қазір жанға жайлы жазғой.
-        Саяси ауа райы
ше?
-        Бірқалыпты. Ел
тыныш, жұрт аман.
-        Бәрекелді.
Ел-жұрттың амандығынан артық бақ бар ма?
-        Сізге бір
өтініш айтсам айып етпеңіз.
-        Айыбы жоқ.
Айтыңыз.
-        Қазақстанның
сапалы астығының дәмі тәжік бауырларыңыздың таңдайынан кетер емес. Биыл да
ағайынға
қарасып, арзандатылған бағамен біраз астық берсеңіз. Біз де
қарыздар болып қалмаспыз. Алмақтың салмағы барын тәжік
бауырларыңыз бек түсінеді.
-        Біздің де
аздаған бұйымтайымыз бар. Премьер-
Министр Кәрім Мәсімов тәжік әріптесімен хабарласады.
Екеуі екі елге керекті проблемаларды бірлесіп шешсін.
-        Жақсы. Рахмет
Сізге, Нұрсұлтан Әбішұлы.
"Жаңбырсыз өтіп жатқан биылғы жаз тіршілік иесінің
бәріне жайсыз тиіп тұр, - деп ойлады Нұрсұлтан телефон
тұтқасын ұясына қойып жатып. - Бүгін шілде айының соңғы
жұлдызы. Әйтседе, әлі күнге дейін аспаннан бір тамшы тамған жоқ.
Күндізді былай қойып түннің өзі тымырсық. Ойпаң жерлердегі өлең шөпке дейін
сарғайып, жасыл желек атаулы қуаң тартып, қурап барады. Ылғалы кеуіп, еріні
кебірсіген жердің топырағы тозаңға айнала бастады. Жиырмасыншы ғасыр табиғи
тепе-теңдікті бұзды. Табиғатқа деген тағылық із-түзсіз кетпейді. Мұны ашкөз
адамзат, әсіресе, ұлы державалардың басшылары ұмытпауы керек. Біздің бала кезімізде
Жер-Ана жаңа босанған арудай балбырап, бал-бұл жанып жатушы еді. Көкорай
шалғын, көкмайса шөп атты кісінің үзеңгісінен келетін. Қайың мен қарағай өскен
орманда сансыз құстар сайрайтын. Үйеңкі, жиде ағашы, балқарағай, самырсын,
арша, шие ағашы, талшын, көктерек, сембіл тал, шағыл өскен алқаптар қандай сұлу
еді. Киікоты, кұланоты, көкмарал сынды асыл шөптермен бірге үлпілдеген үліңгі, шоғырлана
өскен сабағы биік атанақ, түйнегі адамға тағам, малға азық батат, жалбыз, атақұлақ,
түйежапырақ, қамыс пен қоға, жусан мен өлең шөптер де жарыса өсіп, ұланғайыр Ұлы
даланың ажарын ашып тұрушы еді-ау. Арнасы кең, ағысы қатты өзен
жағалауларындағы жайқалып өскен жасыл құрақ пен биіктігінен атты адам
көрінбейтін нарқамыс, ит
тұмсығы өтпейтін қалың нуды мекендеген жолбарыс, тауды
мекендеп, тастан-тасқа секірген арқар мен ақбарыс, таутеке
мен сілеусін, орманды кезген ақтөс аю мен кең далада
желдей жүйткіген жезкиік, шаңырақтай мүйізін анда-санда
шайқап қойып маң-маң басқан бұғы, айнадай жарқыраған
көлдерде жүзген құс төресі - аққу Ұлы Даланың көркі еді-
ау. Бүгінде соның біразы жоқ... Ақ қайыңы сыңсыған орман,
тоғайлардың біраз кеңес кезінде аяусыз оталды, біразын
өрт шалды. Сол орман-тоғайлармен бірге табиғаттың өзі
өсірген жеміс-жидектер де, олардың танауыңды қытықтап,
көкірегіңді ашқан жұпар исі де жоғалып барады. Өзен,
көлдердің мөп-мөлдір суы лайланып, жағасы жалаңашталып
қалғалы кашан. Соның бәрі аздай-ақ өндіріс орындарының
қалдықтары да қоршаған ортаға қаншама зиянын тигізіп
жатыр. Каспийдегі ит балықтардың өлімі де жақсылықтың
нышаны емес. Табиғатка деген тағылық тоқтамаса оның
соңы орыны толмас өкініш. Қазақстан өз тарапынан батыл
шаралар қолданып жатыр. Алайда, біз өз еліміздегі жағдайды бақылағанмен
әлемге билік айта алмаймыз. Халықаралық қауымдастықтың Біріккен Ұлттар Ұйымы
деңгейінде шешетін ең үлкен проблемасының бірі, бірі ғана емес
бірегейі - Табиғат - Анаға деген тағылыққа тиым салу,
адамзаттың ортақ үйі - Жер планетасын ядролық соғыс
апатынан сақтау емес пе?! Соданда біз әлемде бірінші болып ядролық
қарудан бас тарттық..."
Еппен ашылған емен есік ақырын жабылды. Президент
ой желісін үзіп, кең кабинеттің орта тұсына жете бере
тоқтаған көп жылдан бері жанында жүрген сенімді серігіне
қарады. Өзіне жұмыс бабымен күн сайын бір емес, бірнеше
рет кіретін осы бір орта бойлы, ашаң денелі, елуді еркін
еңсерген жігіт ағасы Президенттің ойын бөлгісі келмей
тоқтап қалып еді. Оның бұл ойын ойлы, мұңлы жанарынан
таныған Президент:
-        Махмұт, кел,
төрлет, - деді.
-        Нұрсұлтан Әбішұлы,
ойыңызды бөлсем, ғафу етіңіз.
Жолға шығатын уақыт болды.
-        Ұшақ әзір ме?
-        Ұшақ әзір.
Сізбен бірге баратын жігіттер әуежайда.
Ахметжан Смағұлұлы бастаған алматылық азаматтар да
үзеңгіге аяғын салып, Сізді күтіп отыр.
-        Жақсы. Онда
қозғалайық.
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Президент әкімшілігі
Кеңсесінің меңгерушісі Махмұт Базарқұлұлы Қасымбековпен
әңгімелесе жүріп Астана әуежайына жеткенде мезгіл
шаңқай түс еді. Аспан айналып жерге түскендей аптапта
салқын кабинетті саяламай жолға шыққан Президент
Алматыдағы резиденциясында көп аялдамай, қала аралауға
шықты. Бұл кезде тас төбеге шыққан күннің қызуы қырық
градусқа жетіп еді. Аспан айналып жерге түскен аптап
тірі жанның апшысын қуырып барады. Күнгей бетін тау
қоршаған қалада лүп еткен жел де жоқ. Мезгілінен бұрын
сарғая бастаған жапырақтар арасынан қиғаштай құйылған
күннің өткір сәулесі талай жылғы биік бәйтеректер түбіндегі ылғалды
да кептіріп, топырақ бетін кебірсітіп жіберген.
Асфальт екеш асфальт та өрттей ыстыққа төтеп бере алмай
балқып жатыр. Алматының биылғы жазы жауынсыз өтіп
жатыр. Алатау бауырындағы ару қала шаңын қағып, сілкіне
алмай тұр.
"Айналаны тымырсық ауа тұмшалаған ауа райының жайсыз
күнінде де жан тыныштығын сақтап, салқын кабинетте отыра алмаған Нұрекен
ауырлықты елең қылмай, сергек жүр. Мына әкімқаралардың біразы терлеп-тепшіп ентіге
бастады. Жазда суда жүзіп, қысқа шаңғы тебетін, күні бүгінге дейін ат кұлағында
шабандоздай ойнайтын, соңғы жылдары ақсүйектер ойыны гольфты да тез меңгеріп алған
Нұрекеңнің жұмыс істеу кабілеті жоғары. Құдайға шүкір, денсаулығы да сыр бере
қойған жоқ, - деп ойлады жіті адымдап келе жатқан, шыныққаны шып-шымыр
денесі мен ширақ жүрісінен айқын аңғарылып тұрған, орта
бойлы, қою қара мұртты жігіт Президент іс басқармасының
басқарушысы Болат Өтемұратов.
- Алла Тағала Нұрекеме
қабілет, талантты аямай-ақ берген ғой. Ана жылы Ресей,
Қытай басшыларымен галстуксіз кездесу өткізіп, үйіне
шақырып қонақ еткенде домбыра тартып, ән салған өнері
де достық қарым-қатынастарды нығайта түсіп, елмен елді
жақындастыра түспеді ме? Әріптестерімен тіл табыса білетін алғырлығы
мен қиюы қашқан қиын істердің оң шешімін таба білетін тапқырлығы да еліміздің
онан әрі көркейе түсуіне қызмет етіп келеді. Нұрекеңнен үйренер үлгі көп. Халықтың
бақытына туған Нұрекең сынды бітімі бөлек, тұғыры биік тұлғамен бірге жұмыс
істеу бакыт кой, бақыт!.."
Сол күні Нұрсұлтан кешкі асты кешігіп ішті. Өндіріс
орындарымен танысып, Алматыда жаңадан ашылған жетінші аудан
- Алатау ауданында болды. Жергілікті басшыларға сап-сау ғимараттарды бұзып, қала
тынысын тарылтатын құрылыс салуды тоқтатуды тапсырды. Алматы мен Қапшағай арасында
үш шағын қалашық салынатындығын, қоршаған ортаны аялап, табиғаттың
тепе-теңдігін сақтау қажеттігін қадап айтты. Ертесінде сапар Алматы облысында
жалғасты.
Бұл жолы өзі туып-өскен ауылға уақыт тапшы болды. Есесіне күтпеген
жерден ұстазы Сейтхан Исаевпен кездесті. Қарасай аудандық Ардагерлер кеңесінің
төрағасы Сейтхан ағасынан ауыл-аймақтың амандығын біліп, елдің
тыныс-тіршілігіне қанықты. Кейбіреулердей қазымыр емес, әдемі қартайған қазына
қарт есте жүрер есті әңгімелер айтты. Сейтхан ақсақалмен жылы қоштасқан Нұрсұлтанның
ойына ақын досы Олжас айтқан тағылымы мол темсіл оралды.
Бұл окиға аты белгісіз арғы заманда болса керек.
Ғайыптан тайып ел тізгінін ұстаған бір ақылсыздау хан
қиялданып отырып өзгеше бір шешімге келіпті. Бақ пен
тақтан басы айналып, көзін шел басқан, ақыл-парасаттан
айрылған ханның ойынша елдегі қарт кісілердің бәрі дайын
асқа тік қасық масылдар екен. Сондықтан олардан тезірек
кұтылу керек. Осы ойға табан тіреген хан жасы алпыстан
асқандардың басын алуға бұйрық береді. Елде еңбекке
жарамсыздар болмаса, шешетін түйін де болмайды, - депті
хан. Жарлық орындалмаса бас кететінін білетін баса уәзір
елдегі қарттардың бәрін бір жерге жиып алып, бәрін бір-ақ
қырып салыпты, тек өз әкесін өлтіруге дәті бармай, орманда
тығып ұстапты.
Қайран қарттар кеткесін елдің де құты қашыпты.
Байлықтан береке, халықтан бірлік кетеді. Жер тозады, ел
азады. Қара басының қамын ойлаған қарақшылар, ұры-
қарылар көбейіп, қазынаның қазаны тақырланады. Жүдеген
елмен бірге өзі де жүнжіп жүрген хан көңіл көтермек болып
аң аулауға шығады. Елдің шетінде, желдің өтінде тұрған асу
бермес асқар тауды жанай ағып жатқан өзен жағасына келіп, сусын
ішіп, шөлін басқан хан ағзам өзенге шомылып жүріп, су түбінде жылтырап жатқан
ат басындай алтынды көреді.  Ол алтынға
қатты қызығады. Әйтсе де, тым тереңде жатқан қымбат қазынаны хан да, оның
серіктері де ала алмайды. Хан сарайға оралған соң бас уәзіріне:
-        Сен су
астындағы алтынды алып шық! - деп
бұйырады. - Ала алмасаң басыңды аламын!
Жаны мұрынының ұшына келген бас уәзір болған жайды
әкесіне айтады.
-        Ол алтыңды
алудың оп-оңай, - депті әкесі. - Ат
басындай алтын, хан айтқандай су түбінде жатқан жоқ,
өзенге төнген биік жартастың басында түр. Өзен түбінен
көрінген алтынның өзі емес, оның суға түскен сәулесі. Шың
басына шық та жартас пен алтынның арасындағы саңылауға
темір сүйменнің басын бойлата сұқ. Сосын тасқа аяғыңды
тіреп тұрып, сүйменнің басын кисайта шірен. Сонда ат ба-
сындай алтын жартастан оп-оңай ажырайды. Әкесінің акылымен
тура келген ажалдан аман қалған әрі қазынаға ат басындай алтын қосқан бас уәзірге
хан:
-        Ешкім ала алмаған
алтынды сен қалай алдың?Шыңынды айт, әйтпесе басыңды аламын, - депті. Бас уәзір
бар шындықты баян етіпті. Біраз уақыт үнсіз қалып, ойға
шомған хан:
- Мен қатты қателесіппін. Қайран қарттарым-ай,
қадіріңді білмеппін-ау. Масыл емес, асыл екенсіңдер ғой,
- депті.
"Қарты бар елдің казынасы бар,-деп ойлады Нұрсұлтан.
Қай ел, қай жұртта да қазына қарттар баршылық. Қатесін
кеш түсінген хан айтқандай, олар масылдар емес, асылдар.
Сондай қазына қарттың бірі менің ұстазым Сейтхан Исаев.
Бүгінде Азия жолбарысы атанған Сингапур бір кезде
экономикасы әлсіз ел еді. Сол әлжуаз ел қысқа мерзім ішінде қуатты
мемлекетке айналып, алпауыттармен иықтасып шыға келді. Ол аз десеңіз,
өркениетті елдердің өзі қызыға да қызғана қарайтын жетістіктері де аз емес.
Сол Сингапур Президенті Ли Куан Ю-дің көп басшы
ескере бермеген, бір қарағанда елеусіздеу, шыңдап келгенде
шешуші рөл аткарған аса маңызды шешімі болған.
Бүгінде тақтан тайған тақсырдың қателіктері де болған
шығар, ал талассыз бір тапқырлығы - өз елінің ғана емес,
дүние жүзінің бірқатар мемлекеттерінің ақыл-ой иелерін бір
ортаға жиып, бір мақсатқа-Сингапурды қуатты мемлекетке айналдыру
ісіне жұмылдыруында. Оның өзге басшылардан бір ерекшелігі - кезінде жақсы жұмыс
істеген, бүгінде зейнеткер жасындағыларды жинаған. Олардың көп жылдық тәжірибесі
мен талант, кабілетін тиімді пайдаланған.
Сингапур жүріп өткен жол қариялардың, біреулер ойлағандай,
масылдар емес асылдар екенін дәлелдеді. Алпыстан асқандардан ақыл сұраған
Сингапур президенті қателескен жоқ. Сондай қазына қарттар біздің Қазақстанда да
аз емес. "Ақымақтар өз қатесінен, ақылдылар өзгенің қатесінен үйренеді"
демеп пе еді Бисмарк. Қателік жіберу қандай ауыр болса, оны дер кезінде
түзетпеу одан да ауыр. Ал, халық өз тағдырын сеніп тапсырған билеушінің
қателесуге қақы жоқ. Ахмет Байтұрсыновтың: "Алдымен ел ағалары сендер қателеспеңдер.
Сендер қателессеңдер соңдарыңнан ерген ел қателеседі" деген сөзі жүрегімде
жазулы. Жан жүрегім жанып сүйгенім халқым. Менде халқымның тағдырынан бөтен
тағдыр жоқ. Басымдағы бақ та, астымдағы тақ та айналып өтейін, садағаң кетейін
халқыма-қазағыма қызмет етеді. Маған деген шексіз сеніміңе сызат түсірсең саған
серт, сеніміңді ақтай алмасам маған серт! Халқым үшін қандай тәуекел, қай
қиынға да қанға сіңген дағдымменен дайынмын. Ең алдымен сен аман бол,
Елім!.."
Сол күні Нұрсұлтан ұйықтар алдында әлдеқашанғы
әдетімен кітап окыды. Бұл жолы қолына Конфуцийдің
"Даналық сабағы" ілікті. Ертеректе оқыған еді.
Бүгін қайта
парақтады.
"Цзыгун спросил о том, в чем состоит управление
государством. Учитель ответил:
-        Это когда
достаточно еды, достаточно оружия и есть
доверие народа.
-        А что из
названного можно первым исключить в
случае необходимости? - спросил Цзыгун.
-        Можно
исключить оружие.
-        А что из
остающегосы можно первым исключить в
случае необходимости? - снова спросил Цзыгун.
-        Можно
исключить еду.
Смерти издревле никто не может избежать,
Когда ж народ не верит, то не устоять".
Нұрсұлтанның көз алдына ойлы ойшыл Конфуциймен
иықтасып сұңғыла суреткер Достоевский келе қалды.
"Әлемді құтқаратын - сұлулық" депті ол.
"Қос алыпты қуаттай отырып мен айтар едім: "Әлемді
құтқаратын - сөз. Жеке тұлғаны ғана емес, тұтас
мемлекеттерді де түтістіретін де, бітістіретін де сөз, - деп
ойлады Нұрсұлтан. - Сөздің күші құдайдың күшіндей.
Қуатты сөз адамды шыңға да шығарады, шыңырауға да
тастап жібереді. Шекспир сомдаған патшалар да, Әуезов
бейнелеген Құнанбай да соншалық қанпезер болмаған. Ет
пен сүйектен жаралған олардың күнгейі мен көлеңкесі бар.
Әйтседе, бүгінгі ұрпақ оларды Шекспир мен Әуезов жаққан
қара бояу қалпымен қабылдайды. Оларды енді қайтадан
ақтап алу қиын. Леон Фихтвангер: "Көркем әдебиет жас
баланы мемлекет қайраткеріне дейін тәрбиелейді" - деп
тегін айтты дейсің бе? Андрей Битовтың: "Адамзаттың
өмірінен әдебиетті алып тастасаң сықырлаған қару мен
сыңғырлаған тиындар ғана қалды" деген ойымен келіспеуге
бола ма? Елдің экономикасын нықтадық. Енді жазушыларға
жағдай жасайтын кез келді. Сөздің иесімен де, киесімен
де ойнауға болмайды!..." Нұрсұлтан ой құшағында жатып
ұйықтап кетті.
Сол күні түнде ол түс көрді. Нұрсұлтан Ақордадағы
кабинетінде отырғанда емен есік сықырлай ашылды.
Нұрсұлтан жалт қарады. Бөлмеге ақ жаулығы Алланың ақ
туындай желбіреген өңі аппақ, тостағандай үлкен көздері
қап-қара, ұзын бойлы, тік иықты, айқабақ әйел кіріп келді
де, мұның жанына жете бере қаққан қазықтай тіп-тік болып
тұра қалды. Үстінде біресе жазғы жаңбырдан кейінгі шайдай ашылып,
көк күмбездей төңкерілген көгілдір аспанға, біресе көктемгі жасыл, біресе күзгі
сарғыш жапыраққа ұқсаған, енді бір сәт өршіген өрттей қызыл түске боялған,
етегі қызыл тобыққа дейін жеткен ұп-ұзын көйлек. Бір ғажабы әлгі әйелдің
үстіндегі көйлек қалай құлпырса бұл отырған бөлмедегі терезе перделері де солай
құбылады.
 -       Мен сенің анаң Әлжанмын, - деді ол отты
көзін
Нұрсұлтанға кадап. - мына отырысың не отырыс?
-        Қағаз қарап
отырмын, - деді Нұрсұлтан дауысы дірілдеп.
-        Ол не қағаз? -
деді Әлжан ана Нұрсұлтанға бір адым жақын келіп.
-        Мемлекеттік
маңызы бар Жарлыққа қол қойғалы отырмын.
-        Халық
тағдырына қатысты қағазды алакөлеңкеде
қарамас болар. Тұр ана терезенің пердесін. Аш, ана балконның
есігін.
Нұрсұлтан анасының айтқанын бұлжытпай орындады.
Алакөлеңке бөлме іші жап-жарық болып кетті. Сырттан
ентелей енген салқын самал бөлменің ауасын тазартып,
бойын сергітті.
-        Міне, көрдің
бе? - деді Әлжан ана құлаққа жағымды
қоңыр үнмен қуана сөйлеп - таза ауамен тыныстап ең
жүзіңнен нұр төгіліп, көзің жайнап шыға келді. Бөлменің
бұрыш-бұрышына жасырынған шаң тозаңды да Сарыарқаның самал
желі қуып шықты.
-        Бұл қай
мезгіл? Кеш жақын ба? - деді орнынан сергек
тұрған Нұрсұлтан. Қазір шаңқай түс. Кеш түскенше әлі біраз
уақыт бар.
Оған дейін әлі талай істі тындырасың. Бөлменің ауасы
тазарып, аздаған шаң, тозаң желге ұшты. Енді жолың ашык.
Сенің аспанда Алла, жерде халық қолдап тұр. Алтын тағың
орнықты, асыл бағың баянды болсын! Еліңнің алғысына
бөлене бер, жан балам!
Әлжан ана осыны айтты да, шығып кетті. Нұрсұлтан
түстің осы бір тұсына келгенде оянып кетті. Төсектен ойлана тұрып
терезе пердесін ашып сыртқа қарады. Бозарып атып келе жатқан таңның бозымық
сәулесі аспаннан қиғаштай құйылып Нұрсұлтанның нұр төгілген аққұба жүзін
аймалады.
Сол сәт оның көз алдынан тәуелсіздік жылдарының басты
оқиғалары кинолентадай өтіп жатты...
II
Күміс қанат, құс тұмсық ұшақ Внуково әуежайына келіп
қонғанда ымырт үйіріліп қалған еді. Қас-кағым сәтте-ақ
қараңғылық қоюланып шыға келді. Сумаңдаған суық жел
алып ұшақтың жылы салонынан шыққан жолаушылардың
қойыны - қонышын кеулеп, денесін тітіретті. Шыңылтыр
аяз бет шымшиды. "Алматыда ауа райы ашық, күн жылы
еді, - деп ойлады ол. - Мәскеу аспанын қорғасындай ауыр, қарақошқыл
бұлт торлап алыпты. Осындай көз байлайтын бұлыңғырлықты жаным сүймейді.
Табиғаттың да, оның ең ғажайып туындысы адамның да ашық, жайдары болғанына не
жетсін. Жүрегім асау аттай тулап, атқақтай соққаны несі? Сезімім алдамаушы еді,
бұл ненің белгісі?.. "
-        Нұрсұлтан Әбішұлы,
саламатсыз ба? Ол ой орманынан
шығып, дауыс шыққан жаққа қарады.
-        Саламатсыз ба?
-        Мен Борис
Николаевичтің тапсырмасымен сізді тосып
тұрмын.
-        Жайшылық па?
Аспан түстес көгілдір көзді, сұңғақ бойлы, сұлуша жігіт
жарықшақ дауыспен жасқана сөйледі:
-        Борис
Николаевич шұғыл хабарласуыңызды өтінді.
Екеуі сөйлесе жүріп аса мәртебелі жолаушылар аяқ суытатын
бөлмеге келіп кірді. Ельциннің өкілі Беловежге
қоңырау шалды да, телефон трубкасын Назарбаевқа
ұсынды.
-        Нұрсұлтан Әбішұлы,
дәл қазір шұғыл түрде Беловежге
ұшып келуіңді өтінемін, - деді Ельцин.
-        He үшін? -
деді Назарбаев Ельциннің асығыс
сөйлеген даусынан әлдебір абыржушылықты аңғарса да
қанына сіңген қашанғы әдетімен сабырлылық сақтап.
-        Ресей,
Украина, Белорусия үштігі шұғыл түрде аса
маңызды құжат әзірлеп, тап осы жерде соған қол қоямыз.
Соған Қазақстанның төртінші болып қосылуын қалаймыз.
Шушкевич пен Кравчуктың да өтініш осы.
-        Ол құжат не
туралы?
-        Кеңес Одағын
тарату туралы. Ельциннен соң Белорусия президенті Шушкевич те, Украина
Президенті Кравчук та Назарбаевпен телефон арқылы тілдесті.
Ресей, Белорусия, Украина Президенттері Қазақстан
Президенті Назарбаевқа үшеулеп салмақ салғанда бәрінің
айтатыны бір сөз-шұғыл түрде Беловежге ұшып келіп, аса
маңызды құжатқа Қазақстан атынан қол қою. Жаратылысынан кеңпейілді
болса да, Нұрсұлтан бұл ұсынысты қабылдай алмады. "Үш бірдей ірі
мемлекеттердің атынан сөйлеп, тұрған аса мәртебелі, биік беделді ескі
достарымның көңілін қанша қимасам да, қиналсам да ел сенімін ақтауым керек.
Маған халқымның қамынан қымбат ештеңе жоқ!" Қас-
қағым сәтте осыны ойлап үлгерген Нұрсұлтан шұғыл шешім қабылдады.
-        Елмен
ақылдасып, кеңесіп алмай ондай аса жауапты
құжатқа қол қоя алмаймын, - деді Нұрсұлтан. Қазақстан
Президентінің кесіп айтқан кесімді сөзінен кейін үштік одақ
өз істеріне кірісіп кетті. Ал Нұрсұлтан қайтадан ой орманына
оралды. "Сонда бұл қалай болғаны? - деп ойлады Нұрсұлтан. -
Тұйықтан шығуға жанталасқан Горбачев елде қалыптасқан
жағдайды талқылау үшін Украина, Белорусия, Ресей және
Қазақстан Президенттерін Кремльге шакырған жоқ па еді?
Сол сәтте емес пе, Ельциннің маған телефон шалып "Мен Белорусияға
ұшпақпын. Кравчук та сонда келмекші. Сол жерде ақыл қосып, Горбачевқа нақты ұсыныспен
келеміз"
дегені. Горбачев одақтық шарттың барлық нұсқасында да
өзінің жеке билігін сақтап калуға жанталасып бағуда. Ал,
Ельцин бастаған топ оған жол бергісі жоқ. Осының соңы
саяси тайталасқа апарып соқпаса жарар еді. Горбачевтің
бұлаң-құйрық бұлыңғыр саясаты күмәнды көйбейтіп,
тұманды қоюлатып барады. Соның салдарынан елдегі
экономикалық кана емес, саяси реформалар да тұйыққа
тіреліп тұр. Тұйықтан шығар жол қайда? Ельцин, Кравчук,
Шушкеевтердің ойында не бар? Қазақстан үшін қай жол
тиімді? Менің қандай байлам жасағаным жөн. Саясат та егін
сияқты, не ексең, соны орасың. Әліптің артын да баққан жөн шығар,
әйтсе де, қапы қалуға хақым жоқ. Өмірдегі өзгерістерге орай уақытпен бірге
адымдайтын батыл да шұғыл шешімдер керек. Өрең жетсе оқиға мен уақыттың алдын
орап кет.
Саясатта асығуға да, кешігуге де болмайды..."
Айнымас серігіне айналған ауыр ойлар Нұрсұлтанға түн
орта-сына дейін ұйқы бермеді. Қанша кеш жатса да қанға
сіңген қашанғы дағдысымен ерте оянып, төсектен сергек
тұрған ол ертесіне күн ілгері жасалған келісім бойынша
Кремльге, Горбачевқа келді. Нұрсұлтан Горбачевтің жеке
өзімен көзбе-көз сөйлесермін деп ойлаған, әйтсе де, Ельцин
де сонда екен.
Кремльдегі үшеуінің арасындағы қиюы қашқан қиын
әңгіме екі сағатқа жуық уакытты алды. Ең басты әңгіме
Беловож кездесуі жайлы болды. Горбачев пен Назарбаевтың
сұрақтарына Ельцин толыққанды жауап берді. Әңгіме
барысында - Беловеж қорығында бас қосқан үштіктің
атынан Советтік Социалистік Республикалар Одағының
таратылғаны және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы
жарияланғаны айдан анық болды. Сол сәт Горбачевтің
жалтыр басы сол жақ шекесіндегі қалына дейін тершіп,
сұрғылт жүзі онан әрі сұрланып шыға келді...
Кремльден шыға салысымен Қазақстанның Мәскеудегі
елшілігіне келген Нұрсұлтан шетел жорналшыларының
үлкен тобымен баспасөз мәслихатын өткізді. Ол өзінің
Мәскеуге уағдалыстық бойынша Одақтық шарттың жобасын
талкылау мақсатында Ресей, Украина, Белорусия басшыларымен кездесу үшін
келгенін, алайда күтпеген жағдайға тап болғанын, Беловож үштігіне ешқандай
қарсылығы жоқтығын айта келіп, ұлттық, этникалық белгілермен саяси шоғырланудың
аса катерлі екенін қадап айтты.
- Aтом қарулары шоғырланған Ресей, Украина, Белорусия,
Қазақстан бір саяси одақта болғаны жөн. Мұның өзі
бұрынғы кеңестік кеңістіктен ядролық қауіп-қатер болмас па екен
деген дүниежүзілік қауымдастықтың күдігін сейілтер еді, - деп атап көрсетті Нұрсұлтан.
КСРО құрамында болған республикалардың тәуелсіздігін танып, саяси жаңаруды
өркениетті жолмен жүзеге асыра отырып, олардың Біріккен Ұлттар Ұйымына
мүшелікке өтуіне де жол ашуымыз керек деген ой баспасөз мәслихатының өзегіне
айналды.
Желтоқсан айының оныншы жұлдызында Алматыда
Нұрсұлтан Қазақ Советтік Социалистік Республикасы
деген атауды Қазақстан Республикасы деп өзгерту туралы
Жарлыққа қол қойды.
Сол тарихи күні бүкіл халық сайлаған Қазакстан
Республикасының түңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өз қызметіне
кірісуіне арналған Жоғарғы Кеңестің салтанатты мәжілісі болды.
Нұрсұлтан салтанатты мәжілістен кеш қайтса да, бірден
төсекке құлай кетпей жатар алдындағы желпініске шықты.
Мезгіл желтоқсанның басы болса да солтүстікті қыса
бастаған қыстан мұнда әлі бір белгі жоқ. Түнгі Алматыны
самаладай жарқылдатып жіберген электр жарығы ашық
аспанда жымыңдаған сансыз жұлдызбен жараса жарқырайды.
Алатаудың мына бір тұсы алға қарап атылғалы тұрған тау
тағысы барысқа ұқсайды. Әне бір алқаракөк шыңның ұшар
басына қона қалған ақшарбы бұлт қыз мойнына оралған ақ
орамал сияқты. Айнала төңірек кешкісін жауып өткен жылы
жаңбырмен шайынып, шаң, тозаңнан тазарып қалыпты.
Байырғы бай теректердің сарғыш тартқан жапырақтары
жұмсарып, бойшаң болып өсіп келе жатқан жас шыбықтар
да ажарын аша түсіпті. Қасиетті қара жер жас босанған
анадай бусанып жатыр. Тау жақтан соққан таза ауамен кеуде кере
демалып, айналаға сүйсіне көз тастаған Нұрсұлтанды сауалы көп, жауабы жоқ
самсаған сан ойлар билеп алды.
"Қазақстан мұхитта жүзген алып кеме, - деп ойлады   ол. - Ал, оны мекендеген сан ұлт пен ұлыстан
тұратын
Республика тұрғындары сол кемедегі шығарда жаны бір,
тағдыры ортақ жолаушылар. Халық маған сол кеменің
штурвалын ұстатты. Ал оның құрметінен көрі, салмағы
басым, жауапкершілік жүгі аса ауыр. Бұл кеме социализм
жағалауынан ұзап кетті. Әзірге аты белгісіз арғы жағалауға
жеткенше алда ұзақ жол жатыр. Ал оның қауіп-қатері көп,
киындығы да аз емес. Жолдың азабына шыдармын ба?
Күні кеше жай ғана толкыған мұхит бүгін арыстан жалды
ақшулан толкындарын аспанға атып, жүген-құрық тимеген
шу асаудай тулап жатыр. Көбіміз асау толқынның алғашқы
дүмпуіне шыдамай, сыр бере бастадық. Кеудесін күнге
сүйгізген көкала мұхит төсінде екпіні катты тоғыз балдық
дауыл тұрып, алып кеменің өзін асықтай атып, қақпа қыл ғып қақпасына
кім кепіл? Сондай шторм кезінде штурвалда кірпік қақпай тұруға шыдаймын ба?!
Шыдауын шыдармын-ау, Теміртаудың темір пешінде екі мың градустық отты көсетіп, өмірдің
талай тезінен өткізген қиын тағдырым төзімділікке де тәрбиелеген жоқ па? Мәселе
тек қажыр-қайратта ғана ма екен, күрмеуі қатты күрделі ситуациялардан
адастырмай алып шығатын ақыл-айла да керек емес пе? Ел тағдыры шешілер тұста
жағдайлы жерде  жанай, жағдайсыз
жердежарып өту парыз. Қандай киын кезде де жол табуым керек. Қателесуге қақым
жоқ.
Ащы шектей шұбатылған ой желісін үзбей үйге кірген
Нұрсұлтанға Сара телефон трубкасын ұстата койды.
-        Кеш
мазалағаныма кешірім, - деді алыстан сөйлесе
де дауысы ап-анық естілген Түркіменстан президенті
Сапармұрат Ниязов.
-        Оқасы жоқ,-деді
Нұрсұлтан,-қазір уакыт санайтын
кез бе?
-        Оның рас. Мына
славяндар одақ құрып, осқырып
тұр. Біз мұсылмандар бір әрекет жасамасақ болмас. Ақыл
қосайық. Орталық Азия мемлекеттерінің басшыларын
Алматыға шақыр.
-        Ақылдасайық
дегеніңіз жөн. Әйтсе де Алматыда емес,
Ашхабадта жиналғанымыз дұрыс болар еді.
-        Heгe?
-        Парсы тілінен
енген Ашхабад деген сөз ғашықтар
каласы деген ұғымды білдіреді. Бірін-бірі сағынған
ортаазиялық бауырлар ыстық сезімдерін ыстық жерде,
ғашыктар каласында айтса өртке тиген дауылдай өтімді
болады.
-        Нұрсұлтан
Әбішұлы, кысылтаяң шақта да әзіл-
қалжыңың қалмайды-ау.
-        Әзіл кеңілдің
ажары, Сапармұрат Ниязович. Ал
сөздің шынын айтып, мәселенің мәнісіне үңілсек те, тап осы
кездесудің Алматыда емес, Ашхабадта өткені өте орынды.
-        Heгe?
-        Себебі
жорналшы ағайындар қазірдің өзінде
"Назарбаев мұсылман блогын құруға кірісті" деп
жазып
жатыр. Алматыда кездессек сондай жел сөзге жем боламыз.
Дұрысы, біз сізге барайық.
-        Онда келістік.
Келіңдер, күтемін.
Осы әңгімеден кейін арада екі күн өткенде Өзбекстан
Президенті Ислам Каримов, Қырғызстан Президенті
Аскар Ақаев, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев,
Тәжікстан Президенті Р. Нәбиев Ашхабадка ұшып келді.
-        Ашхабадта күн
ыстық, - деді Асқар Ақаев.
-        Адамдардың
жүрегі күннен де ыстық, - деді Ислам
Каримов.
-        Ғашықтар қаласында
кездескен бауырлардың жүрегі
Бәрінен де ыстық, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Әзіл-калжыңмен басталған баскосу бүкпесіз пікір алысқан ашық
әңгімеге ұласты. Бірауыздан мақұлданған мәлімдемеде Тәуелсіз Мемлекеттер
Достастығын құру барысында
кеңестік кеңістіктегі республикалардың құқықтық теңдігі
сақталуы қажеттігі қадап айтылды. Сонымен бірге Тәуелсіз
Мемлекеттер Достастығының тең дәрежелі құрылтайшысы
болайық деген ұсыныс та күн тәртібіне қойылды.
Назарбаев бұл жолы да қателескен жоқ.
-        Славян одағына
қарсы мұсылман мемлекеттер блогын құрсақ, оның соңы Балқан тауы мен Қарабахтағы
қақтығыстан да асып түсетін касіретке апарады, біз өз
республикаларымыздың тұрғындарын ғана емес, Ресей
мен өзге мемлекеттердегі қандастарымыздың да тағдырын,
олардың ағат шешімнің құрбаны болмауын ойлауымыз керек,-
деді Нұрсұлтан отты жанары жан-жағына сәуле шашып.           
-        Жүда, дұрыс, -
деп қостады Назарбаевты қуанса да,
ренжісе де түсін билеп, сыр бермейтін Каримов қашанғы
әдісімен сабырлы қалпын сақтап.
-        Шоң қазақтың
мына сөзі шовинестерді шоңқитып
кетеді, - деді манадан бері қайта-қайта басын шұлғып үнсіз отырған
Ақаев, қоп-қою қап-қара қасын керіп.
Кеңесіп пішкен тон келте болмайды деген осы. Ашхабад
мәлімдемесіне қол қойып, түркімендердің шөл басатын
көк шайын ішіп, көңілдерін бір демдеген Орта Азия мен
Қазақстан мемлекеттерінің басшылары Памир тауларын
ғана емес, сол таулардан да биік саяси қиын асулардан асып, өз
елдеріне оралды.
Ашхабад сапарында көңілін бір демдеген Нұрсұлтанның
ойына жаңа бір идея келе калды.
"Ашхабад мәлімдемесі, - деп ойлады ол, - кеңестік
кеңістікте ғана емес, бүкіл дүние жүзінде жылы пікірлер
туғызды. Осы орайы келіп тұрған оң өзгерісті ұтымды
пайдаланып калу керек. Сәті түсіп, мұсылмандар одағына
славяндар одағын тарта алсақ ол қазақ үшін ғана емес,
кеңестік кеңістіктегі барлық халықтардың бақытына қызмет
етері анық. Алапат өрт болып ершігелі тұрған тайталас отын тұтатпайтын
ең тиімді тәсіл осы. Қазір уақыт қат, жұмыс шаш етек-тен. Біздің елімізге керек
нәрсе көп-ақ. Әйтсе де, сол көп керектің ішінен ең маңыздысын бірінші кезекке қоя
білу аса маңызды. Халықтарды қарулы қақтығысқа соқтырмаудан, ел тыныштығын
сақтаудан қымбат ештеңе жоқ. Қалған шаруаларға рет-ретімен кірісеміз. Максат айқын,
міндет көп. Жедел іске кірісу керек!.. "
Осы ойға мықтап табан тіреген Нұрсұлтан Ашхабад
мәлімдемесінде көтерілген мәселелерді славяндармен
бірлесіп талқылау үшін Алматыда кездесуді ұсынды.
Басым көпшіліктен қызу қолдау тапқан бұл ұсыныска,
басында күдікпен қарағандар да болды. Соның бірі - Ресей
Президенті Ельцин. "Назарбаев алдағыны көретін, алысты
болжайтын аса ақылды саясаткер, - деп ойлады Ельцин. - Ол өзге саясаткерлер
сияқты жеті рет өлшеп, бір рет кеспейді.
Ең кемі жетпіс рет өлшеп, жетпіс мәрте ойланбай шешім
қабылдамайды. Оның не ойлағаны бар? Сырт көзге нәзік шығыстың
қатпары қалың қалтарыстары да аз емес. Назарбаевтың қақпаны қатты. Ойлану
керек, ойлану керек!.."
Сан түрлі ой сан тарауға алып қашқан Ельцин Кравчук
пен Шушкевичке телефон шалды. Олар не де болса бара
көрейік, егер бүл ұсыныстың астарында бір жақты ғана пайда ойлаған
қулық жатса, келісімге келмеспіз десті. Ельцин бұдан кейін де ойланумен болды.
Тек Нұрсұлтан екінші рет телефон шалып, ашық әңгімелескен соң барып, славян мемлекеттері
басшыларының көшін бастап Алматыға ұшып келді.
Бір қарағанда ызаға толы көзімен сұп-суық ызғар шашып
тұратын, қандай қиын сәттерде де сыртқы жүнін дүрдитіп сыр бермейтін
даланың азулы да айбынды, қайратты да қайсар қасқырын көзге елестететін, өзінің
шалт қимыл, шалымды іс-әрекетімен де нағыз көкжал көкбөріні еске түсіретін Ельциннің
бойында ұлы державалық астамшылық дарытқан менмендік те, өзінің акыл-қайратына
арқа сүйеген сенім де, елінің қуатына табан тіреген серпін де бар еді.
Соншалықты сом қасиеттермен сомдалған Ельцинді ұшақ баспалдағынан Нұрсұлтанның
өзі қарсы алды. Нұрсұлтанның жұмсақ жымиған жылы жүзі мен орайын тауып айтқан
орынды әзіл-қалжыңнан соң Ельциннің касаң тарткан қасқыр жүрегі жіби бастады...
Қазақстан Республикасы Президентінің Алматыдағы
резиденциясы сыртынан қарағанда онша ажарлы да аса
айбынды да емес. Алғашында күн көсем Лениннің мұражайы болады
деген жобамен салынған осынау төрт қабатты ғимараттың құрылысы аяқталып қалған
тұста Нұрсұлтан онсыз да жетпей жатқан каржыға аз да болса үнем болсын, деген
оймен "Президент үшін жаңа резиденция салғызбай- ақ, осыны
пайдаланайық" деген еді. Сол резиденцияның ішіне шетелдік әріптестерімен
бірге кірген тіс қаққан сақа жорналшы сән-салтанаты шетел мемлекет басшыларының
сарайларынан қалыспайтын кең де биік мәжіліс залындағы үлкен хрусталь люстраға қызыға
қарады.
"Бұл ғимараттың әрлеу жұмыстарын француздар жүргізді
деген сөз рас болып шықты, - деп ойлады салтанатты
сарайдың биік талғаммен әрленген ой-өрнектеріне қарап. -
Қабырғаларға ілінген қымбат картиналардың біразы өзіміздің Қазақстан
суретшілерінің туындылары екен. Батысқа бас шұлғи бергеніміз жетер. Елбасының
өз таланттарымызға да бүйрегі бұрғаны қандай ғанибет..." Дүйсенбектің ойын
салтанатты сарайға кіріп келген мемлекет басшылары бөлді. Аса жоғары мәртебелі
мемлекет басшылары төрге озып жайғасып жатты. Дәл ортада Назарбаев пен Ельцин. Нұрсұлттанның
жүзі жарқын. Жауар бұлттай түнерген Ельциннің бетіне қан жүгіріп, өңі кіріп
қалыпты. Асқар Ақаев садақтай иілген қоп-қою қара қасын керіп, басын
қайта-қайта изеп, күлімсіреп отыр. Қаршығадай Кравчук саптағы сарбаздай сыптай
боп, Шукеевич қоян алған бүркіттей қазандай басын қақитып, Тер-Петросян
бүкшиген екі иығын жазып, Ниязов кеудесін керіп еркін отыр. Өзге президенттердің
де қабағында кірбің жоқ. Қуанышта тасымайтын, қиындықта жасымайтын Каримов
қанына сіңген қашанғы әдетімен түсін билеп сыр бермей отыр. Жүзінен жұмсақ нұр төгілген
Нұрсұлтан жорналшыларға былай деп хабарлады:
"Алдын ала мұқият дайындалған құжаттар жобалары,
жан-жақты талқыланғаннан кейін Тәуелсіз Мемлекеттер
Достастығын құру жөніндегі Келісімнің хаттамасына бұрынғы
КСРО-ның құрамына кірген он бір тәуелсіз
мемлекет басшылары қол қойды".
Он бір мемлекеттің басшылары қатынасқан баспасөз
мәслихаты аяқталысымен кеңестік кеңістік пен алыс
шетелдерден келген ұзын саны бес жүзден асып жығылатын
жорналшылар өз елдеріне шұғыл хабарлар жөнелтіп жатты.
Сол шұғыл берілген шұғылалы хабарлардың мазмұны бір
болғанмен тақырыбы сан алуан. Ассошейтед-пресс тілшісі
жөнелткен хабардың тақырыбы: "Ғасырдың ғажайып
оқиғасы".
Француздың "Фигаро" газетінің тілшісі былай деп
факс
жөнелтті: "Тұйықтан шығар жол табылды".
"Назарбаевтың көрегендігі". Бұл Франс-пресстің
берген
бағасы. "Санди Телеграфка" "Мұсылмандар мен
славяндар
достығы" атты мақала жөнелтілді.
Ал қазақ жорналшысы Дүйсенбек Сыздыков өз материалына
"Алматы декларациясы" деген сыпайы ғана ат
қойып, Ашхабад мәлімдемесімен қандас кұжатқа қол қойған
Әзірбайжан президенті Ә. Мүтәлибовтан, Тәжікстан
президенті Р. Нәбиевтен суыртпақтап сыр тартты.
Бүкіл дүниежүзілік кауымдастықты елеңдеткен ғасырдың
ғажайып оқиғасы жайлы небір ажарлы ат қойылып, айдар
тағылған шұғыл хабарлар төрткүл дүниеге түгел тарады.
Бұл жиырмасыншы ғасырдың соңғы он жылдығы
басталған күрделі кезең - бір мың тоғыз жүз тоқсан бірінші жылғы
желтоқсан айының жиырма бірінші жұлдызы еді.
Сол күні көңілін бір демдеген Нұрсұлтан үйге көңілді
оралды. "Әйтсе де алғашқы сәтті қадамға тоқмейілсуге
болмайды, - деп ойлады Нұрсұлтан. - Алда әлі алынбаған
қаншама асулар бар. Қиын істердің қиюын табуым керек.
Қателесуге кұкым жоқ..." Жатар алдындағы желпініске
шыққан Нұрсұлтан қашанғы әдетімен сол күні де ел тағдыры жайлы
ойлаумен болды.
III
Әбден шиеленісіп кеткен небір күрмеуі қатты күрделі
түйіндерді шешіп, қиындықтардан қиялап шығып кетер
сәттерде Нұрсұлтанның ойына әлдеқашан әлдебір жерден
окыған ойлы сөздер мен астарлы аңыздар орала кетуші еді.
Бүгін жұмысқа күндегісінен де ерте келіп, кеңес өкіметінен
мұраға қалған аса ауыр қиындықтардан шығудың жолын
қарастырғанда экономиканың қан тамыры - ақша проблемасы
қарсы алдынан қасқиып шыға келді. Әзірге Ресеймен бірге сом аймағында болу
пайдалы болғанмен солтүстік көршіге сенім жоқ. Бұлаң құйрық саясатшылар бүлт
ете қалса, бүтін бір ел, бүкіл бір халықтың табаны тайып кетері хақ. Әлде
"Сақтықта қорлық жоқ" деп ұлттық валюта жасау керек пе? Бірақ, ол да
оңай шаруа емес. "Былай тартсаң арба сынады, былай тартсаң өгіз
өледінің" кері. Енді не істеу керек? Тұйықтан шығар жол іздеген Нұрсұлтанның
ойына Наполеонның: "На французском языке нет слово "невозможно""
деген сөзі орала кетті.
Мұндайда не істеуге болады? Әрине, оңтайлы бір
іс-әрекетке бару керек. Ең жаманы-әрекетсіз отыру.
Нұрсұлтанның ойына Олжас Сүлейменов айтқан бір аңыз-
әңгіме орала кетті. Құрамына бүгінгі Перу, Боливия, Солтүстік-Батыс
Аргентина, Оңтүстік Эквадор кірген Инк мемлекеті XV
ғасырда каймағы бұзылмаған аса бай, халықтық салт-дәстүрі бар
Чима елін де бағындырып, қуатты державаға айналды.
Сол замандағы анд тайпалары билік құрған Инк мемлекеті
дамудың шырқау шыңына шыққаны соншалық, өмірдің
барлық саласында XX ғасырдағыдай өркениет жетістіктеріне жетіпті.
Алып кемелері мен қайықтары суда балықтай жүзіп, жерде жеңіл көліктердің сан
түрі зырлаған.
Сәулет өнерінің үлгісі болған сәнді, салтанатты сарайлары
да аз болмаса керек. Анд тауының биік шыңдарының үстінен галактиканың
сүт сәулесі - құс жолы секілді ғажап сызық тартылып тұрады екен. Аспанның өзін ажарландырып,
елге айбын берген сол галактика - құс жолы Инк мемлекетінің құты дейді аңыз.
Аспан денелері мен жер қозғалысының әсерінен галактика - құс жолы 650 жылда бір
жоғалып тұратын болған. Сол сәтте елге айбат, ерге қайрат беріп келген ұлы күш
- алтын діңгек бірлік те ғайып болады.
Бірлігі жоқ елден құт, береке қашатыны аян.
Осыны білетін Испания сол сәтті пайдаланып, Инк
мемлекетіне шабуыл жасайды. Инкілер өздерінен мың есе
аз, жүз есе әлсіз испандықтарға еш қарсылық көрсетпей, өз
еріктерімен беріледі. Өзің күн перзентімін деп санаған
король Сола инкілердің жеңілу себебін галактика - кұс жолымен бірге жоғалған
бірліктің күйреуімен түсіндіреді. Инк мемлекетінің сонау XV ғасырда XX
ғасырдағы өркениетке жеткені аңыз болса аңыз шығар, ал алтын діңгек - бірлік құлағанда
елден айбын, ерден қайрат кететіні ақиқат.
Инкілер өздеріне әлденеше жүз есе әлсіз испандықтарға
еш карсылық көрсетпей, өз еріктерімен берілу. Оның себебін елдің
діни көсемі (жрец) аспандағы сүт сәулелі кұс жолына ұқсаған галактиканың
жоғалып кетуімен түсіндіреді.
"Мемлекеттің кұты құс жолы - галактика жоғалды, енді
бәрібір, біздің жолымыз болмайды" деген қате ұғым бүкіл
халықтық трагедияға алып барады. Сөйтіп ел басына күн
туған шешуші сэтте әрекет етпеу салдарынан бүтін бір
мемлекет жер бетінен жоғалады.
"Аңыз бен ақиқат егіз, - деп ойлады Нұрсұлтан.
- Қандай қиын ситуацияда да қол қусырып, қарап отыру
қылмыс. Тұйықтан шығар жол іздеу керек!.."
Бүгін де ауыр ойлардан айыға алмаған Нұрсұлтан
жазу столынан тұрып, ұзындығы атшаптырым дерлік кең
кабинетті кезіп кетті. Әбден шиеленіскен көп түйіндерді
шешудің жолын іздеп, іштей шиыршық атқан ол оң қабырғаға ілінген
дүние жүзінің саяси картасына үңілді. Солтүстікте Ресеймен, шығыста Қытаймен,
оңтүстігінде Орталық Азия республикаларымен, шығысында Монғолиямен шектесіп жатқан
он алты миллион халқы бар, екі миллион жеті жүз мың шаршы шақырым жері бар
Қазақстан картасына қарап тұрып, ойға кетті.
" Ата-бабал арымыз ақ найзаның ұшы, ақ білектің күшімен
қорғаған осынау ұлан байтақ ұлы даланы өртке шалдырмай
сақтаудан, ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздік туын берік
ұстаудан асқан мұрат та, міндет те жоқ, - деп ойлады
Нұрсұлтан. - Саяси тәуелсіздік алдық. Енді экономикамыз
да тәуелсіз болуы керек. Экономиканың қан тамыры-ақша.
Бізге әзірге сом аймағында болу пайдалы. Сом аймағынан
шықсақ бөліну, бөлектену басталады. Мәскеу жаңа ақша
жасап шығарса ел экономикасына ол үлкен соққы. Ол
сокқыны әлсіретудің бірден бір жолы өз ақшамызды жасау.
Ол оңай емес. Оған қыруар қаржы, ең бастысы уақыт керек.
Уақыттан үту үшін де сом аймағында қала тұру қажет-ақ.
Әйтсе де, оның тетігі бізде емес, солтүстіктегі көршімізде.
Ресей премьер-министрі Виктор Черномырдин Қазақстан да
сом аймағында болады деп сендірді. Тіпті, Ресей Президенті
Борис Ельцин екеуміз сом аймағында боламыз деп ресми
мәлімдеме де жасадық. Осыдан кейін солтүстіктегі көрші
сөзіне сенбей көр. Алайда, тоқсан екінші жылдың екінші
қаңтарында Ресейдің бізге алдын ала ексерту жасамастан
бағаны бір жақты босатқанын қайда қоясың? Соның
салдарынан бағаның он, он екі есе өскенін ұмытуға бола ма?!
Ресей күтпеген жерден жаңа ақшаны айналымға шығарып
жіберсе, Қазақстанның кеңестік кеңістіктен мұраға қалған
әлсіз экономикасының онан әрі тұралап қалары хак. Қапы
қалуға болмайды. Менің қолымда бір жанұя, бір өлкенің,
бір аймактың ғана емес, маған сенім артқан миллиондаған
қазақстандықтардың тағдыры тұр. Қателесуге қақым жоқ.
Жақсыға сен, Нұрсұлтан, жаманға дайын бол. Ендеше, 1992
жылы тәуелсіздіктің бір белгісі - ұлттық валютамыздың жиырма
пайызын өте құпия түрде Англияда бастырып
қойғанымыз ақыл болады. Әзірше, әліптің артық баққан
жөн."
Осы ойға табан тіреген Нұрсұлтан кезегін күткен тағы
бір күрделі проблеманы шешуге кірісіп кетті. Өстіп қат-
қабат келген қауырт жұмыстармен жүргенде күтпеген оқиға
болды. Бір мың тоғыз жүз тоқсан үшінші жылғы сәуір
айының бірінші жұлдызында Ресей жаңа акшаны айналымға
шығарды. Жағдай күрделене түсті. Енді не істеу керек?
Мынау тұйық қана емес, тұншығып өлер тұңғиық кой.
Сол сәт Нұрсұлтанның ойына Бартольд Брехтің: "Никогда
не заглядывай в бездну, иначе бездна заглянет в тебя"
деген сөзі оралды. Нұрсұлтанның құдай берген бір қасиеті
бірін бірі кимелеген көп проблемалардың ішінен бірінші
кезекте қайсысын шешу керектегін қапысыз танитын.
Сосын небір қиын істің киюын табатын. Бұл жолы да солай
болды. Нұрсұлтан империялық астамшылықтан айыға
алмаған Ресейдің бүл саясатының астарын алғыр аңғарды.
Экономикалық жағынан тәуелді етіп, Қазақстанға қайтадан
қанды шеңгелін батыруды ойлаған олардың жоспарын іске
асырмау үшін Нұрсұлтан шұғыл шара колданды. Дереу жеті
миллион доллар тауып, ақшаның қалған бөлігін тездетіп
бастырды.
Бұл оқиға бір мың тоғыз жүз тоқсан үшінші жылдың
қазан айының он бірінші жұлдызында болып еді. Сол күні
кезекті іс сапардан оралған Ерасыл кешкі асын ішпестен
телевизорды қосты. Сол сәт көгілдір экраннан Қазақстан
Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың
көңілге жақын, көзге ыстық бейнесі көрінді. Президент
халыққа Қазақстан Республикасының жаңа валютаға
көшкенін баяндады. Көгілдір экраннан ұлттық теңгемізде
сәтімен салынған Абылай, әл-Фараби, Әбілхайыр, Абай,
Шоқан, Құрманғазы бейнелері көрінді. Ерасылдың
қуаныштан алып ұшқан жүрегі атқақтай соқты...
Сол күні бақыттан басы айналған қазак зиялылары бір-
бірінен сүйінші сұрап жатты...