ВЕРНУТЬСЯ

 
     І 
 
    Бұл бұдан бірнеше ғасыр бұрын
болған оқиға. Ол қаймағы бұзылмаған қазақ ұлт болып ұйыған кез... Жалғыздық
жанына батқан шақта сол оқиғаны еске алып, жансерігі Көкдауылмен ойша сырласу
Ақбас бүркіттің қашанғы әдеті. Өзі жанындай сүйіп, қызғыштай қорғайтын Ұлы
Даланың бАтасымен  шығысын, оңтүстігі мен
солтүстігін түгел шарлап, ұзақ сапарадан оралған Ақбас бүркіт әлі де тың.
Кедергіге кездескен сайын жігерін жаңа бір күшпен жанитын жас жігіттей ұшқан
сайын бойына өзгеше бір қуат құйылып, құлпыдай құлпырып шыға келеді. Шалдығу
оған жат. Әйтседе, Ақбас бүркіт бүгін өзінің аздап шаршағанын сезді. Оны
шаршатқан, тынымсыз ұзақ ұшу емес, жалғыздық... 
Күн кешкере сымбаты бөлек
сұлу қызға ұқсаған Қызбел тауының Қыземшек деп аталатын қатар тұрған, біріне
бірі егіздей ұқсас екі шыңынан біріне келіп қонған Ақбас бүркіттің ойына тағы
да Көкдауыл оралды. Алланың әмірімен, махаббатын құдіретімен Ақжұлдыздан
Көкдауылға айналған жансерігі ғой ол! Көкдауыл есіне түскенде онымен танысып,
табысқан сірада естен кетпейтін өз өміріндегі ең бақытты шақ көз алдынан жіпке
тізген жүзіктей өтіп жатты.
Ақбас бүркіт айналаны алқызыл
нұрға бөлеп атқан таңды Қызбел тауының Қыземшек шыңында қарсы алды. Отты
жанарын кең ашып төңірекке көз тікті. Төменде жап-жасыл қалың шалғын. Тау
баурайынан құлай аққан құба бұлақ әне бір тұста жолын бөгемек болған ұсақ
тастардың үстінен қарғып өтіп, төмен қарай жүйткіп барады. Көк күмбездей
төңкерілген көгілдер аспан шайдай ашық. Ақбас бүркіт қанына сіңген қашанғы
әдетімен шыққан күнді саңық етіп, қуана қарса алды. Қуатты үн тау-тасты
жаңғыртты. Дүр сілкінген Ақбас бүркіт салақұлаш қанатын жазып ұша жөнелді.
Жердегі жан-жануарлардан да, тастан-тасқа секірген тағы аңдардан да, ақылы
асқан адамдардан да, аспанмен таласқан асқар таулардан да, тіпті, аспан астын
шарлаған өзге құстардан да биік ұшып, тіршілік иесінің бәрінен айналаның бәрін
бас айналар биіктен шолған Ақбас бүркіт өзін бүгін ерекше еркін сезінді.
Қызбел тауының Қыземшек
шыңынан күн ұясынан шыға қанат қаққан Ақбас бүркіт өзі туып өскен өлкенің әр
қиырын шарлап ұзақ ұшты. Амантоғайын көктей өткен ол Құсұяға  шаңқай түсте жетті. Жалдама өзенінің үстінен
қалықтай ұшқан Ақбас бүркіт өзен жағасында су бетіндегі өз дидарын өзі қызықтап
тұрған сұңғақ бойлы, сұлу қызды көрді. Етегін жел желпіген жұп-жұқа  аппақ көйлек құлыншық дене, құлын мүсінде
жарасып-ақ тұр. Аққу мойнын иіп, аласы аз, қарасы мол, аясы үлкен көзімен су
бетіне үңілген қыздың қос өрім қолаң шашы қап-қара, жұқалаң жүзі аппақ. Он
сегіз жастағы сұлудың уыз денесі уылжып, жұқалтаң қызғылт нұр жүгірген алма
беті албырап жанарыңды суырады. Құмырсқа белді бұралып, билей басқан сұлу
қыз  Амантоғайына беттеді. Тоғай
шетіндегі сандықтасқа отырып ойға шомды. "Қалықтап ұшқан аспанда құста да арман
бар ма екен, - деп ойлады ол. Амантоғайында сайраған сансыз құсқа қызыға қарап.
- Жердегі лас тірліктен аспан астын шарлаған таза өмір артық емес пе? Ғайыптан
тайып, құсқа біткен қос қанат маған бітсе ғой. Онда мен күннің алтын сәулесін
биік таудың басындағы алып жартастар арасында қарсы алар ем. Табиғаттың ғажайып
сұлулығын биіктен көріп тамсанар ем. Қуаныштан лүп-лүп соғып жүрегім тамылжытып
ән салар ем. Ой-хой дүние жалған-ай, жан дүниемді билеген мендегі асқақ
арман-ай..."
Қиялға беріліп отырған бұл
бойжеткеннің аты Ақжұлдыз. Оның көңілі нала, жаны жара. Ақжұлдыз жалғыз атты
кедейдің жар дегендегі жалғыз перзенті. Жапандағы жалғыз үйде өмірге келген
Ақжұлдыз үш жасқа толғанда анасы қайтыс болды. Анасының жер қойнауына
берілгенін көрмеген сәби оны жиі іздейтін. Ақжұлдызды бауырына басқан әжесі
сондай мазаң кездерінде әнмен әлдилеп, ертегі айтып, жұбататын оны.
Әже, менің анам қайда? -деп
сұрар еді Ақжұлдыз.
Анаң аспанда, -дер еді оған
әжесі.
Онда неғып жүр?
Ұшып жүр.
Адам да құс құсап ұша ала ма?
Ұшқанда қандай. Тек Алладан
рақым болсын де.
Анам қайтып келе ме?
Келеді, ботам, келеді.
Қашан?
Оны бір Алла біледі.
Келмесе қайтемін?
Күтеміз. Сабыр ет, балам.
Сабыр түбі сары алтын.
Мен анамды сағындым.
Онда өзің ұшып барасың анаңа.
Қашан?
Ержеткесін.
Тағы да ертегі айтшы, әже.
Ерте-ерте ертеде, ешкі жүні
бөртеде қазақтың жұмақ елінде, жерұйық атты жерінде ақылы асқан, қайраты тасқан
бай болыпты. Мына опасыз жалғанда төрт құбыласы түгел кім бар дейсің? Сол атақ
даңқы жер жарған бай бір перзентке зар болыпты. Түндердің бір түнінде түс
көріпті ол. Түсінде ақ киімді, ақсақалды аруақ келіп аян беріпті. "Уайым түбі -
тұңғиық, батасың да кетесің, тәуекел түбі - желқайық, арманыңа жетесің. Ол үшін
Алладан тілек тіле, рақым күт. Алла Тағаланың пендесіне мейірім, шапағаты мол.
Шын жыласа соқыр көзден жас шығады. Алланың ақ жолына түсіп, Мұхаммед
Пайғамбардың ілімін игерсең адаспайсың. Қосқұмайкөк атанған қос тұлпарыңды
ертте. Әйеліңді ертіп жолға шық. Көкшетауды көктей, Шыңғыс тауды оралып ұзақ
жол жүргеннен кейін Ұлытау шығар алдыңнан асқақтап. Қосқұмайкөкті етекте
қалдырып, Ұлытауға шық, әйелің екеуің ұлар етін же. Сосын таудың арғы бетіне
өт. Қарсы алдыңнан айнадай жарқырап жатқан көл кездесер. Ол түпсіз терең көл.
Одан атта жалдап, адам да жүзіп өте алмас. Сен көзіңді жұмып, қиялыңда құс
болып ұш. Құсқа біткен қос қанат маған бітсе екен деп тіле. Сол тілекпен бір
ұйықтап оянғанда сен құсқа, жай құсқа емес, аруақ қонып, бақ дарыған самұрық
құсқа айналарсың. Сол сәт алты құлаш қанатыңды керегедей кең жазып, әйеліңді
арқаңа отырғыз да, көлдің арғы бетіне ұш. Ол жерде Адам ата мен Хауа ананың
қабірі бар. Сол қабірге жетіп, түне. Алладан перзент тіле. Арайлап таң атқанда
қарсы алдында қыл қобызымен күй ойнап Қорқыт бабаң тұрар. Сен еңкейіп, етегін
сүй аруақты бабаңның. Сосын елге орал. Арада тоғыз ай, тоғыз күн өткенде
арманыңа жетесің. Шекесі торсықтай ұл, аймаңдай қыз сүйесің."
Аруақтың айтқанын мүлтіксіз
орындаған байдың әйелі күндердің бір күнінде егіз бала туыпты. Оның бірі ұлы,
бірі қыз екен.
Анасының әлдиімен бесік
жырын, әжесінің ертегілерін тыңдап бой жеткен Ақжұлдыз қиялға бай еді.
Күндердің бір күнінде  Ақжұлдыздың жанына
балаған жалғыз серігі әжесі қайтыс болды. Әкесі Қасымхан мен Есімхан бастаған
қалың көшке ілеспей, жапандағы жалғыз үйде қалып қойды. Ақжұлдыз жанға батқан
жалғыздықтың көкесін әжесі пәниден бақиға аттанғаннан кейін көрді. Бұл төсектен
тұрмай жатып балық аулауға аттанған әке күн бата бірақ оралатын. Әкелген
балығын тазалап, сойып, ауын аулаға жайып, қалжырап төсекке құлай кететін.
Жалғыз қызымен сөйлесуге уақыты да, құлқы да жоқ еді оның. Ақжұлдыз болса,
аузын аққа тигізген жалғыз ешкіні сауып, кіп-кішкентай, сүп-сүйкімді лақпен
ойнайтын. Ұршық иіріп отырып, қасынан қалмайтын қара лаққа әжесінен естіген
ертегілерін айтатын.
Кейде аулада отырып
оқта-текте бір соғып өтетін Ақбас бүркітті күтуші еді Ақжұлдыз. Осы бір өзге
бүркіттерден әлденеше есе үлкен, басқа құстардан ақылы әлдеқайда басым, өзгеше
сезімтал құсты әкесі атып әкелген қоян етімен тамақтандыратын. Қоян етін
қомағайланбай аздап қана жеуші еді Ақбас бүркіт. Көбіне-көп  Ақжұлдызға мұңая қарап отырар еді Ақбас
бүркіт. Сосын Ақжұлдызға: "Әзірге қош" 
дегендей бір саңық етіп, отты жанары жарқылдап ұша жөнелетін. Көп ұзамай
қайтып оралушы еді ол. Ақжұлдыз қара лаққа айтқан ертегілерін Ақбас бүркітке де
айтатын. Ол оны ықылас қоя тыңдап отырғандай көрінуші еді Ақжұлдызға.
"Құдай бір айналдырғанды шыр
айналдырады" деген рас екен. Ақжұлдыз толқысып он жеті жасқа келгенде өмірдегі
жалғыз тірегі әкесі қайтыс болды. "Оқ-дәрісі түгесіліп, соңғы кездері қоян
тұрмақ құс ата алмай, құрған ауына жөнді балық та түспей шарасыздықтан шаршаған
қайран әкем құсадан өлді ме?" деп те ойлайды Ақжұлдыз. Қаралақта қарабасып
ит-құсқа жем болды. Әкесінің жалғыз атын жолбарыс жарып кетті. Жапандағы жалғыз
үйде өлмелі тірлік кешкен Ақжұлдыздың жалғыз серігі әбден қартайған арық қара
ешкі.
"Үрерге иті, сығарға биті
жоқ, - деген осы екен ғой, - деп ойлады - Ақжұлдыз. - Қас қылғанда оқта - текте
ұшып келіп, ойымды бөлетін Ақбас бүркіт те жоқ болып кетті. Бар ермегім ешкінің
түбітін қайта-қайта түтіп ұршық иіру. Қазір жаз. Әзірше Амантоғайының
жеміс-жидегін қорек етіп жүрмін. Қыр астында қыс  тұр. Күн суытқан кезде күнім не болар? Мына
жар жағасындағы тауықтың күркесіндей үйде жападан-жалғыз қалай күн көрем?
Күздің қара суығына ұрынбай тұрғанда бір қараға жетіп жығылсам ба екен? Тезірек
кету керек! Кеткенде қайда барамын? Аяқ артар көлік те жоқ. Жаяу-жалпы күшім
жеткен жерге дейін барар ем  елді
мекеннің қайда екенін де білмеймін. Енді не істеу керек? Өлсем бе екен? Мына өмірде
мен қимайтын не бар? Ия, өлу керек! Бірақ қалай өлем? Асылып өлсем бе екен? Ең
дұрысы суға кетіп өлу. Әкем марқұм: "өзіне-өзі қол салу - күнә" дегені қайда?
Қайтсем екен? Осы мен жынданатын шығармын? Өлу ешқайда қашпас қыс түскенше
шыдайын. Үмітсіз шайтан деген. Үміт те бірден үзілмейді. Мына ағаштардың
біртіндеп түскен жапырағы сияқты адам бойынан баяу сыпырылады. Үміт үзілгенше
де  біраз өмір бар. Сонда неден үміт
етемін, кімнен көмек күтемін мен бейбақ? Жалғыздың жары бір құдай. Құдіреті
күшті, мейірім, шапағаты мол Құдай пендесіне көмек қолын созбас деймісің?
Тіршілік иесіне зияным тимеген ақпын, жел етегін желпімеген пәкпін. Аққа құдай
жақ. Әжем марқұм айтпаушы ма еді: "Күніне тоқсан түрлі пәле көрсең сонда да
күдер үзбе бір Алладан" деп. Шыда, Ақжұлдыз, қасірет-қайғыға шыдап бақ!
Өлмегенге өлі балық кездесер. Өлсем де өкінбеспін. Топырақтан жаралдым, топырақ
болып қалармын..."
Ақжұлдыз сандықтаста ойға
шомылып отырғанда Ақбас бүркіт Амантоғайының шетіндегі ақ қайыңға қонып ап жас
сұлуды қас қақпай бақылаумен болды. Бір кезде Ақбас бүркіт пен қыздың көзі
түйісе кетті. Жас сұлудың жүрегі шым ете қалды. Ақбас бүркіттің жүрегі атқақтай
соқты. "Апыр-ай, - деп ойлады Ақбас бүркіт - бір шетінен бір шетіне қыранның
қанатты, тұлардың тұяғы талып әрең жететін қазақтың Ұлы Даласын жылдар бойы
шарлап жүріп, талай сымбатты қыздарды көріп ем, ал, мына қыздың сұлулығы
солардың бәрінен асып тұр. Бұл қызда жанарыңды жаулап, жан дүниеңді арбап
алатын сұлулықтан өзге де бір қасиет бар. Ол не екен? Шамасы жүректің нәзік
пернелерін тап басатын сезімталдық пен жан дүние жасауларының байлығы болар.
Жас сұлуға сұқтана қараған Ақбас бүркіттің буыны босап ет жүрегі елжіреп бара
жатты. Ерекше толқып, өзге тебіренген Ақбас бүркітке тіл бітті:
О, періште сынды бойжеткен!
Осынау шексіз әлемде таң нұрынан жаралған, табиғаттан нәр алған сенен де сұлу
бар ма екен?! Сені құшқан жігітте екі дүниеде арман  болма-ау. Сен тұрған толқысып мына қыран
менің де өзгеге көңілім толмас-ау. Күнменен шағылысқан ай маңдайың, анаңнан
сені туған айналайын, бағалап мына мені қыраным де, мен сені жанжарым деп
аймалайын.
О, Алла-ай! Мұндай да керемет
болады екен?! Сен құс емессің бе, қалай адамша сөйлеп кеттің? - деді жас
сұлу.  - Шынымды айтсам, бұл ғажапқа
ақылым айпара болып таң қалып тұрмын.
- Алдымен атыңды айтшы, жас
сұлу. Сосын мен де баяндаймын өз жайымды.
- Ақжұлдыз!
- Қандай ғажап ат еді?!
Есімің де сұлу екен өзіңдей! Ал, менің ныспым - Ақбас бүркіт. Рас, мен өзің
айтқандай құспын. Жәй құс емес, қыранмын! Тау жыққандай екпінім, тегеуіріндімін  тектімін! Алланың әмірімен мені адамша
сөйлеткен махаббат атты құдірет! Көрдімдағы сенің сұлу жүзіңді және дағы ойлы,
мұңлы көзіңді, көңіл айнасы - сол көзден анық көрінген сырлы, нұрлы жан дүние
иірімдерін сүйіп қалдым өзіңді!
- Құдайым-ау, бұл қалай болды
өзі? Ес біліп, етек жапқалы ажарына ақыл мен қайраты сай бір ержігітті күткенім
рас еді. Әйтседе, маған жігіт емес, құс ғашық болар деп үш ұйықтасам түсіме
кіріп пе? Бұл не ғажап?!
- Оған таңқалма, Ақжұлдыз!
Махаббат атты қасиетті сезім тіршілік иесінің бәріне ортақ. Онанда өзіңді
сүйген жүректің өтінішін орындап сүйікті менің жарым бол.
- О, Алла-ай! Сонда қалай?
Солай болса, не дейді мына жұрт? Жерде жігіт құрып қалғандай аспандағы құсқа
қол созғаны несі? Қиялы болып кеткен бе өзі демей ме?
- Жұрт не десе о десін,
жердегі жер бауырлаған жетім тірліктен 
аспандағы асқақ өмір мың артық! Жерде жүрсең талай тартыс, зұлымдық пен
әділетсіздікке куә боп ауыр тірлік кешесің. Құс болсаң таза ауамен кеуде кере
демалып, зеңгір көкте емін-еркін ұшасың. Мен Табиғат - Ананың ерекше жаратылған
ерен перзенті еркін құспын! Мына ғажап табиғатты жанымдай сүйемін. Адам аяғы
баспаған, тіршілік иесінің табаны тимеген биіктерге шарықтап, шалқып шығамын.
Табиғаттың тепе-теңдігін жанымды сала қорғаймын. Ойхой, шіркін, жасыл орман,
асқар таулар үстімен еркін ұшып, көз тоймайтын сұлулыққа жанарыңды суарудың
рахат ләззәтін сезсең ғой. Бұ дүниеде одан асқан бақыт бар ма?! Ал, ана ала
бұлттың ар жағында ертегілер елі бар. Оны көру де бақыт!
- Оны қалай көруге болады? -
деп қалды Ақжұлдыз.
- Ол үшін құс боп ұшу шарт.
Жердегі жетім тірліктен биіктегі таза өмір мың артық. Адамдардың сезімі де
тұрақсыз. Қанаттылардың махаббаты да мәңгілік. Содан да ғой адамдардың
аққулардың айнымас таза сезімін жырлайтыны, айтатыны ән қылып. Ал, адамдар
үйленгенше аялайды бір-бірін, үйленген соң танытады сан қылық.
- Ақбас бүркіт, сен, шамасы
махаббаттың бар бейнетіне көнген Қызжібек пен Төлеген, бірге өліп, бір молада
жатқан Баянсұлу мен Қозыкөрпеш жайлы білмейсің. Білмегенсін айтасың.
- Неге білмеймін, білемін.
Қазақтың мына Ұлы Даласында мен көрмеген оқиға, мен білмейтін тарих жоқ.
- Білсең неге қателесесің?
- Қателескенім жоқ. Жаңағы
өзің айтқан ғашықтар жас еді, албырт еді. Содан да олар тез тұтанды, лаулап
жанды. От неғұрлым лаулап жанса  соғұрлым
тез жанып, тез сөнеді. Әсіреқызыл тез оңады. Сол ғашықтар қосылған жоқ.
Адамдардың махаббаты қосылғанша ғана. Қосылып бірге тұра бастағаннан кейін
сезімдері суып, аралары алшақтай береді олардың. Оның соңы бірінің көзіне бірі
шөп салуға не ажырасуға апарып соғады. Рас, адамдардың арасында аққудың
махаббатындай адал, мәңгілік махаббат иелері де бар. Өкінішке орай олар мың мен
миллиондардың біреуі ғана. Ақ махаббат, адал өмір жерде емес аспанда. Сол
аспанда еркін ұшқан қанаттылардың бәрінен де ұзақ, талмай ұшатын, бәріненде
биік самғайтын мына менмін. Өйткені мен жай құс емес, қыранмын! Тіршілік
иесінің ешқайсысы жете алмайтын биікке көтерілетіндіктен де аспандағы Аллаға
өзгелерден бір табан жақынмын. Соданда мен өтірік пен өсектен аулақпын. Содан
да мен өзімді биіктердің бәріненде биік сезінемін. Бұл мақтанғаны емес, имандай
шыным. Менің зеңгір көкте самғағанды жаным сүйеді. Ұшу деген рахат қой шіркін!
- Солай ма, Ақбас бүркіт?
Рахат болғанда қандай! Ала
бұлттың ар жағына шырқап шыққан сәттеге телегей теңіз шаттықты айтуға тіл
жетпейді. Ол бақыттың бағасын өз басынан кешкендер ғана біледі. Ала бұлттың
астында қалықтап ұшу өзгеше бір ләззәт сыйлайды.  Мөп-мөлдір аспандағы таза ауаны кеуде кере
жұтып жерге жақындап келгеніңде алуан түрлі шөптер мен гүлдердің жұпар иісі
аңқиды. Желге қарсы ұшқанда саумал самал 
бетіңді желпиді. Аққайың мен теректің, емен мен жиде ағашының жап-жасыл
жапырағы алақан соғып, саған ақ жол тілейді. Алып таулардың арасында  тастан-тасқа секіріп ағып жатқан өзеннің
шулы, биіктен төмен сырғыған бұлақ сылдыры сымбаты бөлек сұлудың сыңғырлаған
күлкісіндей ғой, шіркін! Қазақтың Ұлы Даласын ертеден кешке дейін шарласаң сан
сурет жанарыңды суырады. Мен бірде төмен, бірде биік талмай ұшамын. Төменде бір
жазықтан соң бір жазық, бір белден соң бір бел, бір биіктен соң бір биік, бір
таудан соң бір тау қалып жатады. Жасыл жапырағы жайқалған орманнан соң балығы
тайдай тулаған, сансыз құсы шулаған айдын шалқар көлдер мен өзендерге, жер
қайысқан төрт түлік малға, салалы мұртын самалға сүйгізген сап алтындай
сап-сары бидай теңізіне, тастан-тасқа секірген тағы аңдарға, сахараның көркі
ақбөкендерге кезігесің. Осыншама сұлулықты мендей сезініп, осындай ғажап өлкені
мендей сүйетін кім бар екен бұл өмірде?
- Мен бармын, Ақбас бүркіт!
Қазағымның Ұлы Даласына ондағы сансыз сұлулыққа өле ғашықпын. Әңгімең қызық
екен. Әрі қарай айта түс, Ақбас бүркіт.
- Жанарыңды сұлулыққа суарып,
кеудеңе күй толтырған Ұлы Даланы шарлап шығып, алтын күн ұясына қонғанда Қызбел
тауының Қыземшек шыңына қонақтағанда бақыттан басың айналып, тәтті ұйқыға
кетесің. Ертесінде таңмен таласа оянып, шыққан күнді тау шыңдарының арасында
жердегілердің бәрінен бұрын қарсы аласың. Тамылжыған табиғатқа, аңылжыған
айналаға сүйсіне қарап, бақытты өмір жайлы ән саласың. Сосын тағы да ұшасың.
Тағы да сұлу табиғатқа жанарыңды суарып, ғаламат бір сезіммен бір ғажайып
ләззәтқа бөлінесің. Ал, жердегілер көздерін тырнап ашып күнделікті өмірдің
күйбеңімен  күн өткізеді. Берісі қу
құлқынның құлы болып, ішер ас, киер киім қамымен, әрісі байлыққа, атақ пен мансапқа
ұмтылып, ұршықтай үйріледі. Тіршілік қамымен тырбанып жүріп, кешінде өліп-өшіп
сүйген жан-жарын аялауды, тіпті оны туған күнімен құтықтауды да ұмытып кетеді.
Күнделікті өмірдің күйбең тірлігі серт пен сезімге сызат түсіреді. Ал,
қанаттылардың жөні бөлек, жолы басқа! Аспан астын шарлаған қыранның махаббаты
мәңгілік.
- Осы айтқаның рас па, Ақбас
бүркіт?
- Айналайын Ақжұлдыз! Мен
жердегілер сияқты қыздырманың қызыл тілін білмеймін. Саған іштен шыққан сөзімді
айттым. Өзіңе деген таңғы шықтай таза сезімімді қабыл алсаң өмірбақи өзіңді
аялап өтуге серт беремін. Мақұл десең, ер соңымнан.
- Іштен шыққан ішті сөзіңе
иландым. Шоқтай жанған екі көзің жүрегімді өртеді. Ерер-ақ едім мен саған,
бірақ мен ұша алмаймын ғой.
- Махаббаттың құдіретінде шек
бар ма? Оған қоса сенің атың әйел, асылсың! Әйелде дананы бала, баланы дана
ететін, қажет кезде қанат бітіп ұша алатын қасиет бар. Әйел сені сүймесін,
әйел   сүйсе ол саған қиял жетпес
ғажайыптар сыйлайды. Сенің де жүрегіңе ұя салды махаббат. Мен сенің маған деген
махаббатыңнан қуат алып, саған қанат сыйлаймын, жаным Ақжұлдыз!
- Қалай сыйлайсың?
- Сен көзіңді жұм. Қиялға
беріл. Арман құш. Ой, сезіміңмен қанат қағып ұш. Ең бастысы - құсқа айналып ұша
алатыныңа бар діліңмен сен. Көзіңе көк түбітті 
елестет.
-  Көктүбіт деген не?
- Не деме, кім де.
- Иә, кім ол?
- Көктүбіт - алты жасар
бүркіт. Мен ұш дегенде ұшасың.
- Сонда менің атым Көктүбіт
бола ма?
- Сен қанатың қатайғасын
Қарадауылды қақ жарып ұшатын Көкдауылға айналасың. Сені Көкдауыл деп атаймын
мен. Ал, кәне, енді көзіңді жұм да, жаңағы менің айтқанымды мүлтіксіз орында.
- Ал, жұмдым, Ақбас бүркіт.
- Енді үндеме, Көкдауыл.
Осыдан соң екеуі де үнсіз
қалды. Әрқайсы өз ойымен өзі болып отыр. "Ұшсам екен. Мен  құспын, ұшамын" деп ойлады көзін жұмып,
қиялға берілген Ақжұлдыз. "О, Жаратқан ием, өзің жар бола гөр. Ақжұлдызды құсқа
айналдырып, қанат сыйлай гөр оған. Мен қашанғы жалғыз боламын? Жалғыздық бір
құдайға ғана жарасқан. Мен құдай емеспін, ата-баба рухынан жаралған
аруақпын-қыранмын! О, тәңірім? Иә, сәт!,"Ақжұлдыз қиялға беріліп,
Ақбас бүркіт ойға шомылып ұзақ отырды. Бір кезде күн күркіреп, найзағай
жарқылдады. Сол сәт Ақбас бүркіт:  -
Көкдауыл, ұш! Ер соңымнан! - деп саңық ете қалды.
Көкдауылға айналған Ақжұлдыз
қанатын қағып жерден көтеріле бергенде қатарласа ұшқан Ақбас бүркіт оны қуатты
қанатымен  демеп, ақша бұлттың аржағына
алып өтті.
Сол күні кешкісін Ақбас
бүркіт пен Көкдауыл Қызбел тауындағы қатар тұрған қос шың - Қыземшекке келіп
қонды...
Тәтті түстің осы бір тұсына
келгенде Ақбас бүркіт әлдебір қатты дыбыстан 
оянып кетті. Енді байқады, мұны ұйқысынан оятқан күркіреген күн екен.
Күннің күркірімен жарыса найзағай жарқылдады. Аспаннан ағып түскен жай оты тау
етегінде мың жыл бойы дауыл мен жауынға қасқиып қарсы тұрған қарт еменді қақ
бөлді. Жаз бойы тамшы тимеген қуарған қу бұтақтар жана бастады. Тау
баурайындағы орман өртке оранды... 
Қызбел тауының Қыземшек деп
аталатын арудың анарындай қос шыңының біріне келіп қонған Ақбас бүркіт  көк жүзіне көз тікті: күл түстес күлгін
аспан. Ауру адамның бетіндей боп-боз ай. Өшуге айналған майшамның әлсіз
жарығындай өлеусіреген жұлдыздар.  Аттың
тағасындай жарты айдың  жарытымсыз
сәулесі.  Бесіктегі баланың уіліндей
әлсіз үнмен сыңсыған  әлжуаз жел... Осынау
сұрғылт  сурет, суық аспан Ақбас
бүркіттің көңіліне көлеңке түсірді.  Ол
енді бір сәт  сол қанатқа мойын
бұрды.  Жел етегін желпімеген қыздың
жігіттің қолы тимеген қос анарындай қос шыңның біріне көзі түскенде  жан дүниесі 
көшкен елдің жұртындай  құлазып
сала берді.  Осы шыңның басында  жан серігі Көкдауыл отырушы еді-ау. Екеуінің
жұбы жазылмайтын.  Екеуі ұлы даланың
батысы мен шығысын, оңтүстігі мен солтүстігін тынбай ұшып, тынымсыз
шарлайтын.  «Қайта оралып келмейтін сол
бір қайраң, жайраң күндер-ай,-деп ойлады Ақбас бүркіт.-Сірә да естен кетер ме,
сол бір бақытты күндер. Жан серігім Көкдауыл, екеуміз мына Ұлы Даланы бірге
шарлап едік-ау. Не көрмеді мына қырағы екі көз. 
Біз осыдан екі жүз жыл бұрынғы көкорай шалғын жамылған, гүлден алқа
тағынған Ұлы Даланың көз тоймайтын көркін де, оның азып-тозғанын да көрдік. Ана
бір  заманда  Жер-Ана жаңа босанған арудай балбырап,
бал-бұл жанып жатушы еді.  Көкорай
шалғын, көк майса шөп атты кісінің үзеңгісінен келетін. Қайың мен қарағай  өскен орманда сансыз құстар сайрайтын.
Үйеңкі, жиде ағашы, балқарағай, самырсын, арша, шие ағашы, талшын, көктерек,
қарағай, шағын өскен алқаптар қандай сұлу еді. Киікоты, құланоты, көкемарал
сынды асыл шөптермен бірге  үлпілдеген
үліңгі, шоғырлана өскен  сабағы биік
атқанақ, түйнегі адамға тағам, малға азық батат, жалбыз, атақұлақ, түйежапырақ,
қоға, өлең шөптер де жарыса жайқалып тұрғаны қайда? Арнасы кең, ағысы қатты
өзен жағалауларында жайқалып өскен жасыл құрақ пен биіктігінен атты кісі
көрінбейтін нар қамыс, ит тұмсығы өтпейтін қалың нуды мекендеген жолбарыс, өріс
толы төрт түлік, тастан тасқа секіріп, тауды мекендеген арқар мен ақбарыс,
таутеке мен сілеусін, орманды кезген ақтөс аю мен кең далада желдей жүйіткіген
жезкиік, шаңырақтай мүйізін шайқап қойып, маң-маң басқан бұғы, айнадай
жарқыраған  көлдерде жүзген құс төресі
аққу-мына Ұлы Даланың көркі еді-ау... Бүгінде соның бірі жоқ. Ақ қайыңы сыңсыған
Аман тоғайының бір шеті аяусыз оталыпты, енді бір шетін өрт шалыпты. Содан да
сол тоғаймен бірге  табиғаттың өзі
өсірген алуан түрлі жеміс-жидектің жұпар иісі де жоғалыпты. Өзен бойындағы  нар қамыс та, оны жарып жүрген жолбарыс та
жоқ. Жайлаудың белін қайыстырған мыңғырған мал, тау мен тасқа секірген аң, суда
жүзген аққу мен қаз қайда? Ақбоз үйлі ауылдар қайда көшіп кеткен? Өзен,
көлдердің мөп-мөлдір суы лайланып, жағасы жалаңаштанып қалыпты. Болат тұяғымен
жер тарпып, ауыздықпен алысқан арғымақтар орнында есектер жүр. Қой орнында
қорсылдап шошқа жатыр. Алты қанат ақ орданың орынын шым мен шикі кірпіштен
салынған жер кепелер басыпты. Жер тозған, ел азған. Ұлы Даланың атан жілік
азаматтарының иықтары қушиып, бойлары шөге бастапты. Сәмбіл талдай солқылдаған
арулардың жанарыңды жаулап алатын бұрынғы ажары азып, базары тарқаған.
Шалдарында бата жоқ, балаларында ата жоқ. Елі ерге, ері жерге қарап тұр. Темір
өмір адамдарға темір сана, темір сезім, темір төзім сыйлапты. Сайтан қоғам,
сайқал саясат аздырды адам баласын. Шыққыр көзім не көрмеді, бәрін де көрді.
Қаңыраған қаланы да, аңыраған ананы да көрдім мен. Қазақтың Ұлы Даласын, қара
орман қалың қаласын түгел шарлап шықтым емес пе? Сауырлы Сарыарқа ғана емес,
жемісі мол, жидегі көп берекелі оңтүстігім де азыпты. Құт-береке дарыған
батысым да, жер жәннаты Жетісуым да жүдепті. Ұлы Дала Жерұйықтан ұлы ұйыққа
айналып кете ме деп қорқамын. Осы соңғы жүз жылда талай қырсық, кесепатқа тап
болды мына Ұлы Дала. Соның басты себебі - әруақ көшті, рух өшті. Жансерігім
Көкдауыл бір емес екі рет оққа ұшты. Бірінші рет оны генерал-губернатор  Сухотин, екінші рет ішкі Ресейден тың игеруге
келген тракторист Александр атты.
 
 ***
Көкдауыл бірінші рет оққа
ұшқанда оның ерекше жаратылған өзгеше қажыр-қайратын білгендіктен мен оның
өлгеніне сенгім келмеді. «Ол оңайлықпен өлмейді, жарақаты жазылып қайтып
келеді» деп ойладым. Сағыныштан жүрегім сыздап оны ұзақ күттім. Алдамады
сенімім. Феникс құстай тіріліп кетті ол. Жансерігім Көкдауыл Алматыда, орталық
музей ғимаратының төрінде тұрғанда Нұрдәулет байдың немересі  Ерасыл келіп, онымен тілсіз тілдессе керек.
Сонымен қабаттаса Айнамкөз ананың, хан Абылайдың  атын айтып, ата-баба әруағын шақырған менің
даусым оған жетіпті. Менің күңіренген даусымнан жер сілкініп, тау теңселіпті.
Сол сәт Көкдауылдың тәніне заңғар көкті шарлаған жаны қайта ұшып келіпті.
Сөйтіп тіріліпті Көкдауыл. Тағы да солай дүр сілкінсем қайтеді?  Оған күшім жетер ме? Шыбын жанды шырқыратқан
жан дауысым шыққанда тірілер ме екен қайтадан? Көкдауыл қайта оралып, екеуміз
қатар ұшпасақ мына Ұлы Даланың аты белгісіз атам заманнан бергі иесі өзіммен
қандас, жан дүниесі таңғы шықтай қазақтарды тарихтың дауылы мен жауынынан
жалғыз өзім қорғай алар емеспін. О, әруақты ана Айнамкөз, халқыма қорған болған
хан Абылай қайдасың? Төбе биім-Төле би, қос қанатың қаз дауысты Қазыбек пен әз
атам Әйтекені қасыңа ертіп жетші тезірек. Түгел сөздің түбі бір Майқа бидің
ұрпақтары Асан қайғы, Бұқар жырау мен 
қаблан батыр Қабанбай, қанжығалы Бөгенбай, Шақшақұлы Жәнібек, ердің сойы
Наурызбай, қайдасыңдар қазақтың қаймақтары? Желеп-жебеп біздерді тірілте гөр
сыңарым Көкдауылды! Оята гөр  ұйқыдағы
қазақты!  Ойланта гөр ұлттың ұлы
тұлғаларын! Көкдауыл қайтып келмесе жалғыз өзімнің  күш-қуатым жетер емес қорғауға туған
халқымды, оятуға, ойлантуға ұлтымды. Иә, әруақ, иә сәт! Абылай мен Айнамкөзге
сиындым. Қолда мені көк аспан, желеп, жебе қасиетті қара жер!»
Шиыршық атып, ширыққан Ақбас
бүркіт жер мен көкті жаңғырта айғай салды. Саңқылдаған саңлақ үн ұйқыдағы тірі
жанның бәрін оятты. Әйтсе де бұл жолы оның саңқылдаған даусынан бұрынғыдай жер
қозғалып, тау сілкінген жоқ. Тірілмеді Көкдауыл. «Мұнысы несі? Әруақ көшіп,
бағым өшіп бара ма? Кемігені ме мендегі қасиет, киенің? Аруақты аздырсаң,
жеріңді мынау тоздырсаң не болар күнің халқым-ау» деп күңіренді Ақбас бүркіт.
Ұлы Даланың оңтүстігі мен
солтүстігін, батысы мен солтүстігін тынбай шарлап, тынымсыз ұшқан Ақбас бүркіт
Қыземшек шыңына шаршап жетіп еді. Әлгі бір әзірдегі көңілсіз ойлар, сұрғылт
сурет, суық аспан онан сайын қажытты. Әйтсе де ол қалғыған жоқ. Қыран
қалғымайды. Ой орманын кезіп жүріп ұйықтап кетті ол.
Қазанның күйесіндей қап-қара
аю мен жаңа жауған ақша қардай аппақ арыстанның айқасы ұзаққа созылды. Бірін
бірі ала алмаған  екі алыптың ентіге
демалып, бір-біріне ентелей ұмтылған алыс-жұлысына көз тіккен халықта есеп жоқ.
Олардың арасында кім жоқ дейсіз? Ала тақиялы өзбек те, айыр қалпақты қырғыз да,
ала шапанды тәжік те, етігінің өкшесі шоқайған орыс та, папахасы қоқайған тау
халықтары да, жалаң қылышын жарқылдата билеген грузин де, Балтық
теңізіндей  сұсты латыштар да, сеңсең
бөрік киген түркімен де, сонау қиыр Сібірдегі 
ит жеккен ненецтер де, ат жетектеп, аңтарылып тұрған  қазақтар да, қысқасы КССРО атты алып империя
алапат күшпен, тұншықтыра құшақтаған талай ұлттың өкілдері бар. Кезекті бір
айқаста  қара аю қанжардай  өткір тұяғымен ақ арыстанның жауырынын аяусыз
осып жіберді.  Қып-қызыл қан ақ
арыстанның аппақ қабырғасын ирелеңдей ақты. Көзіне қан толып кеткен ақ арыстан
қос құлағын жымырып ап қара аюға оқтай атылды. Тау жығардай  екпінге шыдамай құлап түскен таудай қара
аюдың төбесінен төне қараған ақ арыстан азу тістерін ақсита ашып, қас жауының
тамағын орып жіберді. Бақырған дауысы құлақ жарған қара аю о дүниеге аттанып
кете барды...
Қуанышы қойнына сыймаған
Ақбас бүркіт шаңқ етті. Ақбас бүркіттің айғайлаған ащы дауысы шың мен шыңырауға
жетті. Тау мен тасқа, шатқалдар мен жартастарға соғылып, жаңғырған қуатты дауыс
тіршілік иесінің  бәрін қалың ұйқысынан
оятты.  Үрейі ұшып үріккен сан алуан
құстар дүр етіп көк аспанға көтерілді. Таң алдындағы тәтті ұйқысы бұзылған тағы
аңдар дүр сілкініп, дүркірей шауып, тарғыл тасты тасырлатқан болат
тұяғынан  от шашты... Өз дауысынан өзі
шошып оянған Ақбас бүркіт отты жанарын кең ашып, Жан-жағына қарады.
Сол сәт күн күркіреп,
найзағай жарқылдады. Табыттай ауыр қап-қара бұлт торлаған аспанда бозарып атқан
таңдай бозғылт сәуле пайда болды. Іле-шала нөсерлетіп жаңбыр жауды. Ұлы дала
ұйқысынан оянды. Сол сол-ақ екен, жер дүниені дүрілдеткен ғажайып бір ұлы дауыл
басталды...
Дүр сілкінген Ақбас бүркіт
екі көзі шоқтай жанып жауын мен дауыл құшағындағы  Ұлы далаға жаңа бір сезім үрейді жеңген
үмітпен қарады. Арада бие сауым уақыт өткенде  
кенезесі кепкен кең даланың шөлін басқан нөсер жаңбыр  қылышпен кескендей кілт тыйылды. Жер бетін
шөп-шалам мен күл-қоқыстан тазартқан дауыл да демін ішіне тартып тына қалды.
Ақбас бүркіт Қызбел тауының
Қыземшек шыңынан айналаға сүйсіне көз тікті. 
Ол өзі көптен күткен Ұлы өзгерістің 
жақындап келе жатқанын жан жүрегімен сезді. Мына Ұлы Даланың   байырғы тұрғындары - қазақтардың бүгін өзге
жұрттардан ерте оянғанына риза болды. Бозарып атып келе жатқан  бозала таңның боз биенің сүтіндей  бозымық сәулесі  қараңғылықтың көбесін сөгіп келе жатты.
Шапқан аттың тау-тасты дүбірлеткен тұяғының дүрсіліндей бір дыбыс ойын бөлді.
Елеңдеп жан-жағына қарады ол. Енді байқады бұл дүбір өз жүрегінің дүрсілі екен.
Сол сәт шығыс жақ жұқалтаң қызғылт нұрға бөленіп келе жатты. Бұл арайлап атар
алтын таңның алғашқы белгісі еді. Жүрегі жарыла қуанған Ақбас бүркіт дүр
сілкінді. Бар дауысымен саңқылдап, тау мен тасты жаңғыртқан  оның қуатты үні Ұлы Далаға  жай оғындай жарқылдап жетті. Керегедей қос
қанатын қатты қаққан Ақбас бүркіт  көкала
бұлттың көбесін сөге биік ұшып бара жатты...
 
ІІ
Жаңбырсыз өтіп жатқан биылғы
жаз тіршілік иесінің бәріне жайсыз тиіп тұр. Бүгін шілде айының соңғы жұлдызы.
Әйтсе де, әлі күнге дейін аспаннан бір тамшы тамған жоқ. Күндізді былай
қойғанда ыстық жасыл желек атаулы мезгілінен бұрын сарғайып, ойпаң жерлердегі
өлең шөпке дейін қурап кетті. Ылғалы кеуіп, еріні кеберсіген жердің топырағы
тозаңға айналып барады. Аспан айналып жерге түскендей аптапта шаңға көміліп,
жер қазу қиямет қайым. Шаңқай түстің шағында тас төбеге шығып алып шыжғырған
ыстыққа қарамастан қазба жұмыстары қыза түсті. Күректері бір қатты затқа тиген
археологтар бүгінгі күннің олжалы боларына сенімді. Топ басшысы Айбалта  жанындағы серіктеріне жігер бере сөйледі:
-Жігіттер, сәл шыдаңдар. Жаз
бойғы еңбегіміздің жемісін көруге аз-ақ қалды.
-Шыдамай не көрініпті бізге?-деп
сөзге араласты Айбалтаның аспиранты Асқар. -Соқталдай  жігіт бізді былай қойып, мына қаршадай
студент қыз Гүлдәурен де шыдап жүр ғой ыстыққа.
Айбалта жауап беріп
үлгергенше қазба жұмыстары жүріп жатқан қорғанға жете бере тоқтаған жеңіл
машинадан бірі ұзын, бірі аласа бойлы екі кісі түсті.  Қатар келе жатқан екеудің аяғын сылтып басқан
ұзын бойлысы Айбалтаның әкесі Қаратайдың 
досы Әнуарбек Төребеков еді. Бір көзінің ағы бар, аласа бойлысын  Айбалта жанына келгенде де танымады. Соны
сезген Әнуарбек жанындағы серігін археологтарға:
-Бұл кісі Ломоносов
атындағы  Мәскеу мемлекеттік
университетінің профессоры Анатолий Алексеевич Сиверцев,-деп таныстырды.
Айбалта елең ете қалды. «Анатолий Алексеевич Сиверцев?! Тоқта-тоқта! Мына есім
Гауһар әпкем мен Алексей жездемді ойға оралтып тұр. Осы шал маған жекжат болып
жүрмесін. Қыр мұрыны мен ойлы, мұңлы жанары Гауһар әпкеме, тік қабақ, келісті
кең маңдайы мен үйрек тұмсығы жездем Алексейге ұқсайды. Айбалта осы оймен асыға
сөйледі.
-Айтыңызшы, Анатолий
Алексеевич, сіздің Анатолий Георгиевич Сиверцевке әлдебір қатысыңыз жоқ па?
-Қай Сиверцевті айтасыз?
-Қазақтың күйеу баласы
Сиверцевті айтамын.
-Ол қалай қазаққа күйеу болып
жүр?
-Атақты бай,  орыс офицері Нұрдәулет Бабахановтың қызы
Гауһарға үйленген.
-Иә, сосын,-деп көкшіл көзі
күлімдеп, қуақылана жымиды мәскеулік профессор.
-Сосын ол зиялы азамат
төңкерістен кейін Парижге кеткен.
-Мен сол Алексей
Георгиевичтің кенжесімін.
-Сіздің Біржан деген ағаңыз
болды ғой.
-Болған.
-Иә.
-Сіз қазақ әйелдерінен шыққан
алғашқы академик, әйгілі Сорбонна университетінің түлегі Айжан Айтжанова жайлы
білуші ме едіңіз?
-Білгенде қандай?
-Онда оның ұлы, алғашқы тың
игерушілердің бірі, Социалистік Еңбек Ері Қаратай Айтжановты да білетін
болдыңыз ғой.
-Сіз айтып тұрған Айжан
Айтжанова менің әжем. Мен Қаратай Айтжановтың ұлымын.
-Охо! Онда біз туыс болып
шықтық. Кел, бері, көгершінім,-деп құшағын жайды Анатолий Алексеевич.
-Көп күткен көкешім
менің,-деп Айбалта оның құшағына ене берді.
-Анатолий Алексеевич енді
Біржан жайлы айтыңызшы, -деді Сиверцевтің құшағынан босанып, оған жылыұшырай
қараған Айбалта.
-Қазақ төңкерісінен кейін көп
ұзамай алдымен әкеміз, сосын анамыз қайтыс болды да,  біз Біржан екеуміз Ленинградқа қоныс
аудардық.
-Сосын?
-Біржан да ғалым, физик
болатын. Ленинград университетінің профессоры еді. Докторлық  диссертациясын қорғаған жылы қайтыс болды.
Мен сексеннен ассам да сүйретіліп әлі жүрмін. Қарт адам мазаң болады.  Сол мазасыздығым  ғой кемпірім Вера  Константиновнаның «Осы ыстықта шалғайдағы
Қазақстанда не бар саған?» дегеніне де қарамай мына Ақжайық бойындағы
қорғандарда қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан жастардың жанынан бір-ақ шықтым.
-Анатолий Алексеевич, сізге
қарттықтың  ауылы әлі алыс,-деп сөзге
араласты Әнуарбек Төребеков.
-Сексен екі аз жас па?-деді
Сиверцев көгілдір аспан түстес көкшіл көзі күлімдеп.
-Мәселе жаста емес,-деді
Әнуарбек.
-Енді неде?
-Өмірге деген құштарлық пен
ішкі қуатта.
-Жүріңіздер, әңгімені үйге
барып жалғастырайық,-деді Айбалта. -Шөліркеген шығарсыздар. Дем алып, шөл
басыңыздар. 
-Мен үй көріп тұрғаным жоқ.
Мынау айдала ғой,-деді Сиверцев.
-Қазір көресіз, жүріңіз,-деп
жол бастады бұдан бір апта бұрын осы өңірде болып қайтқан Төребек.  Сиверцев пен Төребек жеңіл машинаның артқы
диванына жайғасты. Алдыңғы орынға отырған Айбалта жүргізушіге жол жайын
ұғындырды. Обкомның құрметті қонақтарға бөлген аппақ ақ «Волгасы»  әлі жаңа еді. Жүргізуші де тәжірибелі екен.
Біресе кедір-бұдыр жолсызбен жүріп, біресе батпаққа бата жаздап әудем жерге
әупірімде жеткізді-ау, әйтеуір. Бұлар Жайық өзенінің жағасына тігілген алты
қанат киіз үйге келіп жеткенде айдаладағы қорғанда қазба жұмыстарын жүргізіп
жатқан археологтар ашыған көжемен шөл басып алып,  жұмысқа қызу кірісіп кеткен еді.
Күтпеген қонақтарды жылы
қарсы алған орта бойлы, қыр мұрынды, аққұба жүзіне  қарлығаштың қанатындай қиғаш қою қасы  мен дөңгелете қиылған қап-қара шашы,
албыраған алқызыл еріні жараса қалған қызылшырайлы әйелді Айбалта:
-Бұл менің жұбайым
Жазгүл,-деп таныстырды. Мына үйге иелік етіп, 
археологтардың ас-суын әзірлеп 
жүрген бас хозяйка осы кісі.
Шай қайнағанша салқын
қымыздан сіміріп, шөл басқан Сиверцев күнгей беттегі түндігі ашылып,  туырлықтың 
іргесі түрілген киіз үй ішіне 
қыдырта көз тастады. Алқызыл түлкінің кереге басына ілінген терісі
шаңырақтан қиғаштай құйылған күн сәулесімен 
жалт-жұлт етеді. Керегені бойлай жапқан қалы кілемдер көз жауын алады.
Қайқы қылыш пен үшкір найзаның жанына ілінген тобылғы сапты, сегіз өрім қамшы,
күміспен қапталып, асыл тастармен зерленген қозықұйрық, үйрекбас ер тұрман,
бүжір бас шоқпар, ұп-ұзын ақ сойлы, ағаш төсек, ағаш кебеже, мынау төрдегі өзі
шынашақтап жатқан құс жастық, анау босаға жаққа төселген ақтөс аюдың терісі,
мынау сырлы аяқ Сиверцевті ерте дүниедегі ертегілер әлеміне жетелейді. Қазақтың
өткен өмірін елестетіп тұрған бұл алты қанат киіз үй, оның ішіндегі дүние мүлік
те Айбалтаға әкесі Қаратайдан қалған мұра.  
Даладағыдай емес, киіз үй іші қоңыр салқын, жанға жайлы екен. Ыстық
шәймен шөл басқан Сиверцев ыстық асқа дейін аяқ-қолын жазып, біраз демалып алып
еді. Күн кешкере ет те піскен. Сол сәтте ентігіп Асқар да жетті.
-Сүйінші, бауырларым,
сүйінші!
-Иә,-деп елең ете қалды
Айбалта.
-Қорғанды бүйірлете
үңгігенде  алтын киімді адамға тап
болдық. Қорғанда жерленген адамның үсті таспен тізбектеліп жабылыпты. Қабірдің
екінші бүйірінен  жұп-жуан, ұзын
бөренелер шықты. Оның асты толған күміс теңгелер мен әшекейлі, зергерлік
бұйымдар, керамика сынықтары. Аузы мықтап жабылған қыш құмыра тағы бар.
-Кәне, кеттік!-деді Айбалта
екі көзі сексеуілдің шоғындай жанып.
-Етті түсіріп, нанын салғалы
жатыр ем,-деді Жазгүл.
-Етті қайтып келгесін
жейміз,-деді Асқар.
-Анатолий Алексеевич не дер
екен бұған?-деп сөзге араласты Әнуарбек.
-Мен Айбалта мен Асқардың
жанындамын,-деді Сиверцев.
-Ал, кәне, кеттік онда.
Жігіттер сіздерді күтіп отыр. Тезірек жетейік,-деп асықтырды Асқар.
Бұлар келгенде археологтар
күміспен қаптап, алтынмен аптаған ұзындығы екі метр жиырма сантиметр ағаш
табытты қоршай қызу пікір жарыстырып жатыр еді. Асқар машинадан түсе сала ағаш
табыттың қақпағын ашты.  Сол сәт батып
бара жатқан күннің алқызыл сәулесіне 
шағылысып Алтын адам жарқ ете қалды. Оның бойы екі метр екен. Екі иығына
екі кісі мінгендей алып денелі. Кеудесі көріктей. Аяқ-қолы балғадай. Мойыны
ұзын. Кеудесіне айқастыра қойылған алмас қылыш пен екі жүзді болат қанжарды тот
баспапты.
Бұдан біраз жыл бұрын
Қазақстанның оңтүстігіндегі Есік қорғанынан алғашқы Алтын адам табылған
болатын. Батыстағы Ақжайық өзенінің бойынан табылған бұл екінші Алтын адам
қазақтың арғы атасы-Сақ тайпасының көсемі еді...
-Бұл Алтын адамды тездетіп
Алматыға жеткізу керек,-деді Төребеков.
-Мәскеуге апарғанымыз жөн
болар,-деді Сиверцев.
-Неге Мәскеуге?-деп қалды
Төребеков.
-Мәскеуде ғылыми зерттеу
жұмыстарын жүргізетін үлкен орталық бар,-деді кішкене, көкшіл көздері
сығырайып, Төребековке сынай қараған Сиверцев.
-Ондай орталық Алматыда да
бар,-деді көзінің ағы бұрынғыдан бетер 
алайып шыға келген Төребеков.
-Мәскеудің аты Мәскеу.
Орталықтың мүмкіндігі де мол,-деп таласты Сиверцев.
-Біз қаражаяу да, құралақан
да емеспіз,-деп қасарысты Төребеков.
Сол сәт Айбалтаның ойына 1402
жылы жылы шілде айының жиырмасыншы жұлдызында Әмір Темір әскері мен Баязит
біріншінің таулы Анқараға таяу Чубук даласындағы  әйгілі шайқасы, атты  әскер ең көп қатынасқан, сан мың адам
қырылған сол алапат соғыста айтылған бір ақынның: «мына жарық дүниенің бір
ақсақ пен бір соқырға қарап қалғанына таң болып тұрмын» деген сөзі оралды. Әмір
Темір ақсақ, ал Баязиттің сол көзінің ағы болған дейді ұрпақтан-ұрпаққа жеткен
шежіре. Мына қызыққа қараңыз, жиырмасыншы ғасырдың ақсағы мен соқыры да, он
төртінші ғасырдың ақсағы мен соқыры да бір күнде-шілде айының жиырмасыншы
жұлдызында айтысып тұр.
Мәскеу мен Алматы айтысып
жатқанда Асқар қыш құмыраның аузын ашты. Құмыра ішінен теріге жазылған жазу
шықты. Археолог ғалымдар сол жазуға жабыла үңілді. Әйтсе де, ежелгі
Орхон-Енисей  жазуларын зерттеп жүрген
Айбалта да, көне түркі жазуларына жетік Асқар да ол жазуларды оқи алмады.  Бұл құпияны ашуды келер күндер еншісіне қалдырған
археологтар Алтын адамды алып көне қорғаннан облыс орталығына  аттанып кетті.
Айбалта алтын адамды  алып Орал қаласындағы үйіне таң ата жетті.
Жолсоқты болып шаршаған ол тәулік бойы тұяқ серіппей ұйықтады. Осыдан бірер жыл
бұрын Алматыдан Оралға қоныс аударған Айбалтаға Ақжайық жағасындағы  жалғыз қабатты  үй тиіп еді. Ұйқысы қанып  оянған Айбалта  үйінің астынан су шыққанын көрді. Бұл Алтын
адамды алып Оралға оралған күні қалада жарық сөніп қалып еді, сол жарық әлі
жоқ. Аулаға шыққанда түлкі алатын тазысының өліп жатқанын көрді. Құлыншақтай
құлдырап жүрген  ұлы Жәнібек доп қуып
жүріп мұрынын бұзып алса керек. Оған кеше операция жасапты.  Өзі 
жұмыстан қайтып келе жатып базарға соғып еді, болашақ кітабының
қолжазбасы мен құжаттары салынған сөмкесін жоғалтып алды. Асқарды көшеде машина
қағып кетіпті. Сол жақ бұғанасы мен төрт қабырғасы сынған екен. Бастан құлақ
садақа деп тірі қалғанына  шүкіршілік
етіп ауруханада жатыр дейді.  Гүлдәурен
тұратын көп қабатты үйде газ баллоны жарылып біраз адам жарақат алыпты. Осының
бәрі  айдаладағы ескі қорғаннан Алтын
адамды қазып алғаннан кейінгі үш тәулікте болған оқиғалар. «Апыр-ау, осының
бәрі неліктен?-деп ойлады Айбалта.-Алтын адам-тегін емес, текті кісі ғой. Аруақ
қой ол. Аруақтың киесі ұрды ма бізді. Ұлы Отан соғысы басталар алдында Сталин
Ақсақ темірдің қабірін қаздырыпты. Кремльдегі күн көсемнің бұйрығын орындауға
жергілікті жердегі бір қария қарсы болса керек. «Ақсақ Темірдің қабірін
ашпаңдар, оны ашсаңдар бүкіл ел бір жамандыққа ұшырайды» депті.  Жоғарыдан бұйрық алған белсенділер «қайдағы
бір қаңғыбас шалды» тыңдаушы ма еді. Ақсақ темірдің қабірін қазған күннің
ертесінде соғыс басталыпты. Аяқ астынан есі кірген Сталин  Ақсақ Темірді қайта көмуді бұйырыпты.  Алтын адам мен Ақсақ Темір қабірі қазылғаннан
кейінгі оқиғалардың ұқсастығы тегін емес. Халық түгел құлақтанбай тұрғанда
Алтын адамды өз орнына апарып қою керек шығар. Әйтпесе әруақтың киесі ұрар...»
Күнұзақ қамалаған қалың ойдан арыла алмады Айбалта. Сол күні түнде оның түсіне
Айнамкөз ана кірді.
Айбалта жатқан бөлмеге ақ
жаулығы Алланың ақ туындай желбіреген оңі аппақ, көзі қап-қара, сұңғақ бойлы,
тік қабақ әйел кіріп келді де, мұның жанына жете бере қаққан қазықтай болып
тұра қалды. Үстінде біресе  жазғы
жаңбырдан кейін шайдай ашылған, көк күмбездей төңкерілген көгілдір аспанға,
біресе көктемгі жап-жасыл жапыраққа ұқсаған, енді бір сәт өршіген өрттей
қызғылт түске боялған, етегі қызыл тобыққа дейін жеткен ұп-ұзын көйлек.
Айнамкөз ананың үстіндегі сәт сайын сан түске өзгерген ұзын көйлек те,  басындағы ақ орамал да қас-қағымда  қап-қара болып шыға келді.
-«Мен Айнамкөз анамын,-деді ол
отты көзін Айбалтаға қадап. - Мынаны ұғып ал, балам! Айдың күні аманда көр
қазып, аруақты тебірентпе. Мына үйіңе алып келген Алтын адам-бар қазақтың
бабасы. Көрген азабың көбеймей тұрғанда Алтын адамды жатқан жеріне өз қолыңмен
қайта жайғастыр. Айтқан тілді алмасаң кешегі кешегі ме, одан үлкен жазаға
ұшырайсың. Өзің ғана бақытсыз болсаң бір сәрі. Елге тиеді, кесірің. «Алтын
адамды Алматыға апарамын, зерттеймін» деген ойдан арыл. Райыңнан қайт, балам.
Ақсақ Темірдің қабірін қазғаннан кейін не болғаны есіңде ме? Сен тұрмақ алып
империяның көсемі - екі жүз елу миллион халықты ашса алақанында ойнатқан, жұмса
жұдырығында ұстаған  Сталин де әруақпен
алысқан жоқ. Жаңалық ашам, атымды шығарамын деп есірме! Есіңді жи, балам!»  
Даусы көрден шыққандай
күңгірлеп естілген Айнамкөз ана осыны айтты да, шығып кетті.    
Сол күні Айбалта
әдеттегісінен әлдеқайда ерте оянды. Сүмектей болып терлеген екен. Кеудесі
қысылып, жүрегі аузына тығылды. Төсектен атып тұрған ол Алтын адамды алып,  айдаладағы ескі қорғанға тартты.  Айбалта Алтын адамды  өз орнына жайғастырғанда ауыр тартқан
денесі  жеңілденіп сала берді. Қалаға
қайтып оралған ол өз көзіне өзі сенбеді: үй астынан шыққан су өзінен-өзі жоқ
болыпты, өлген тазысы тіріліп кетіпті. Пәлен күннен бері жанбай тұрған электр
жарығы да жарқ ете қалды. Бұл кеткесін болашақ кітабының қолжазбасы мен
құжаттары салынған жоғалған сөмке де табылса керек. Жазгүл сөмкедегі  ақшаны да ешкім алмағанын қуана хабарлады.
Асқар да ауруханадан шығыпты.
Айбалта сол күні түнде
түсінде Айнамкөз ананы тағы да көрді. Бұл жолы да ол аппақ ақ көйлек киіп,  келіпті. Жүзінен нұр төгілген Айнамкөз  ана бұған жылы шыраймен күлімсірей қарайды.
Айнамкөз ананың басындағы ақ
жаулық Алланың ақ туындай желбіреп тұр...
«Енді жолың ашылады. Бағың
жансын, балам!»  деген сөзді Айбалта
ап-анық естіді. Оқыс оянып кеткен ол төсектен ширақ тұрды. Терезе пердесін
ашып, сыртқа қарады.
Сол сәт бозарып атып келе
жатқан таңның бозамық сәулесі аспаннан қиғаштай құйылып Айбалтаның ақшыл жүзін
аймалады... 
 Ш
 Төңкерілген күмбездей
көгілдір аспан шайдай ашық. Тас төбеге көтерілген алтын түстес жарық күн
айналаға үнсіз сәуле шашып тұр. Айналаның бәрі көкпеңкөк. Бүр жармаған бір тал
гүл, бір бұта жоқ. Ақ қайың мен жасыл шыршаның бұтақтарына қонақтаған сансыз
бұлбұл мың құбылған әсем әуезбен құйқылжыта ән сап тұр. Тау етегіндегі тарғыл
тасты жарып шыққан алуан түрлі гүлдер баяу соққан самал желмен ырғалып,
аспаннан құйылған күн сәулесімен  құбыла
құлпырады.
Жан-жағына сүйсіне қарап,
асықпай ақырын жүрген  Тілеулес пен
Таңатар  тау басына ентікпей, еркін
көтерілді. Тілеулес танып тұр, бұл-Қыземшек тауы. Биіктен төменге көз салған
оның жанарына ит тұмсығы өтпейтін қалың орманғ одан сәл берірек өңкей ақ
түндік, ақ туырлықты ондаған киіз үй көрінді.
-Әке, бұл қай ауыл?-деп
сұрады Тілеулес.
-Бұл Нұрдәулет атаңның ауылы,
ұлым!
-Сонда біз Құсұяға келдік пе?
-Иә, Құсұяға келдік.
-Мынау біз биігіне шыққан
Қыземшек қой.
-Иә, бұл Қыземшек тауы. Мынау
Шайтантіс. Анау Аман тоғайы.
-Жалдама қайда?
-Әне, анау жүз қаралы киіз
үйді көріп тұрсың ба?
-Көріп тұрмын.
-Көрсең сол киіз үйлерден жүз
қадам жерде ағып жатқан өзен сол Жалдама емес пе?
Тілеулес енді бір сәт
көгілдір аспанға  көз тікті. Тым биікте,
ту сонау алтын күннің  дәл жанында Ақбас
бүркіт ұшып жүр.
-Анау біздің Ақбас бүркіт
қой,-деді Тілеулес қуанып.
-Иә, ол біздің Ақбас
бүркіт,-деді Таңатар жанары жарқылдап.
-Ой, Алла-ай,  алтын күннің дәл жанында жүр ғой, оған қалай
жетті екен?
-Оған жетпесе, ол Ақбас
бүркіт бола ма?
-Күнге күйіп кетпей ме?
-Күймейді! Өйткені Ақбас
бүркіт жай бүркіт емес, әруақ-ұлтымыздың рухы! Аруақты рух өлмейді. Рухы биік
ұлттың еңсесі биік. Ақбас бүркіт-аруақ өлген күні қазақтың жерінен құт-береке
кетеді. Азаматы азады. Елі тозады.
Бұлар айналаға сүйсіне қарап
тұрғанда бір қарақұс бұларға қарай төніп келе жатты. Соңында қарқ-қарқ етіп,
қалбаңдап ұшқан бір топ қара қарға. Қарақұс бұл екеуіне төне бергенде тым
биікте, тым алыста ұшып жүрген Ақбас бүркіт төмен қарай құлдилап келді де,
қарақұсты қуатты тырнақтарымен бүріп алып, қайтадан көкке көтеріле бере құз
басынан шыңырауға тастап жіберді. Жап-жалаңаш жақпар тасқа соғылған қарақұс
быт-шыт болып, шыңырауға құлап түсті. 
Алғашқысынан да қатты қарқылдаған қара қарғалар батысқа қарай безіп бара
жатты.  Сол сәт тайраңдап тау басына шыға
келген әлдекім қолындағы мылтықпен аспанда ұшып жүрген Ақбас бүркітті нысанаға
алды. Тілеулес оның қолын қағып жібермек болып жанұшыра тұра жүгірді. Бұл жетіп
үлгергенше әлгі әумесер мылтық шүріппесін басып қалды. Қап-қара қанға боялған
Ақбас бүркіт жерге құлап түсті. Тілеулес: «Аһ, мәңгүрт, қап бәлем, сені ме,
сені!» деп жан дауысы шыға айғай салды.
Өз дауысынан өзі шошып оянған
Тілеулес көзін ашып, жан-жағына қарады. Үй іші қаракөлеңке екен. Өзі сүмектей
боп терлепті. Атқақтай соққан жүрегінің лүпілін басып біраз жатты. Сосын
орнынан тұрып терезенің пердесін ашты. Таң енді атып келеді екен. Тілектес
жанұясымен Көктөбе баурайында, Кеңес өкіметі кезінде  әкесі Таңатарға баспана болған жалғыз қабат
үйде тұрып жатқан. Бүгін үйде жалғыз. Жұбайы Тана осыдан үш күн бұрын Түркияға
кеткен. Алла жол амандығын берсе Қытайдың ала қапшығын арқалап ертең таң ата
келіп қалар. Былтырдан бері Алматы мен Стамбұлдың арасын жол қылып киім-кешек
тасып жүр. Бәрі күнкөріс қамы. Шетелден әкелген тауарына аз-мұз үстеме қосып
сатып, отбасын асырап отырған сол. Тана сауда-саттықпен айналыспай тұрғанда
бұлар тұрмыстан біраз таршылық көріп еді. Мәдениет министрлігінің қатардағы
қызметкері Тілеулестің  айлығы шайлығына
жетпейді. Бір айлық пен екінші айлықтың арасын қарызбен жалғап, қалт-құлт күн
кешкені  күні кеше ғана. Қатқан нан мен
қара шайға қарап қалған сол күндерде шаштарағза баруға да шама келмеген. Содан
да Тана Тілеулестің шашын өзі алды. Оны айтасың, айнаға қарап тұрып өз шашын
өзі қиып еді. Құдайға шүкір, ол күндер артта қалды. Бүгінде байып кетпесе де,
Тананың арқасында ішіп-жемнен кемдік көріп отырған жоқ. Тұрмыстары ептеп
түзеліп келеді. Қызы Сымбат Америкада. Шетелдікке тұрмысқа шыққан. Тұрмыс
тауқыметіне шыдамай ана жылы мұхит асып кеткен ол да соңғы айларда көмек қолын
созып тұр. Ұлы Талап Шымкентте. Жұмыстан босап, салған суреттері өтпей салы
суға кетіп жүргенде Қазығұртта туған жаңа қазақ Сүлей коттеджін әр түрлі
ою-өрнек суреттермен безендіріп бер деп өзімен бірге алып кеткен. Өзі жұмыссыз
қалып, жақындарының бәрі алысқа кетіп, үйде жалғызсырыған Тілеулес  оразасын ашпастан сыртқа шықты. Көгілдір
аспанға көз жіберді. Ұясынан жаңа ғана шыққан күн  Алатаудың қар басқан шыңдарын қызылжалқын
шұғылаға бөлеп тұр. Тау жақтан соққан самал жел 
мезгілінен ерте сарғая бастаған ағаш жапырақтарын қалтырата желпіп қояды.
Ұйқысынан оянған торғайлар топ-топ болып ұшып жүр. «Адам жұмыстың көптігінен
ғана емес, жоқтығынан да шаршайды екен,-деп ойлады Тілеулес.-Бүйтіп босқа
сенделіп жүргенше  жеңіл-желпі бір
жұмысқа тұрайын деп қанша сандалдым. Барлық жерде жаппай штат қысқарту жүріп
жатқанда жұмыс табу оңай ма? Қара жұмыс істеуге қауқар жоқ. Жас та келіп қалды.
Денсаулық та сыр беріп жүр. Маңдайға ендігі жазғаны төрт қабырғаны күзетіп, үй
шаруасымен айналысу. Бүгінде жалғыз мен емес, бар еркектің тірлігі сол. Әйелдер
ала қап арқалап, базар жағалап, ер азамат үй бағып отыр. Жалғыз әйелдер ғана
емес, қазақтың жап-жас қаракөз қыздары да тұрмыстың ауыр қамытын киіп жүр. «Ел
боламын десең-бесігіңді түзе» депті ғой Әуезов. Әйел атаулы таң атқаннан күн
батқанға дейін  ала қап арқалап, базар
жағалап жүрсе қазақтың бесігі қайтып түзелмек? Жер тозып, ауыл азып барады.
Ауыл шаруашылығын қолдан құрттық.  Ана
жылы елге барған бір дөкейге  бір совхоз
директоры  жайқалып өсіп тұрған егін
алқабын көрсетіп, көңілі тасып тұрса ол: «Бұл мусор кімге керек? Көп қаржыны
қажет ететін егін мен мал шаруашылығы тиімсіз. Ауыл шаруашылығы өнімдерін
сырттан сатып алу әлденеше арзанға түседі» деп шаруашылық басшысын қолдаудың
орнына қорлаған жоқ па? Өзге емес, республика басшыларының бірі солай дегесін өзгелерге
не жорық? Сондай сорақылықтар ғой ауылды тұралатқан...»
Тілеулес далаға желең шығып
еді, денесі тоңазып бара жатқасын дереу үйге кіріп, душ қабылдады. Жеңіл
тамақтанып алып, газет оқуға кірісті. «Баға тағы да қымбаттапты ғой,-деді ол
өзімен-өзі сөйлесіп.-Бүгінде адамнан басқаның бәрі қымбат. Үкімет бүйте берсе
халықтың тұрмысы қайтіп оңалмақ?» Сол сәт дәлізде тұрған көк телефон шырылдап
қоя берді.
-Ассаламағалейкум, Тілеке!
-Уағалекумассалам, Ерасыл!
-Бүгін демалыс қой. Сіз үйде
жалғыз ғой деп Айгүл қазан көтеріп жатыр. Кешкі сағат алтыда біздің үйге
келіңіз.
-Рахмет.
-Күтеміз.
-Келемін.
Тілеулес телефон трубкасын
орнына қойып жатқанда біреу есік қақты. Дәліздегі экраннан бір баласын көтеріп,
бір баласын жетектеген әйел көрінді.
-Сізге кім керек?-деді есікті
жартылай ашқан Тілеулес.
-Құдай үшін көмектесе
көріңіз,-деді орта бойлы, қараторы қазақ әйелі.
-Сізге не керек?
-Ескі-құсқы киім-кешек. Аздап
тиын-тебен,-деп мінгірледі әйел.
-Жасыңыз нешеде?
-Отыздамын.
-Жас екенсің. Қайыр сұрағанша
жұмыс істемейсің бе?
-Жұмыс таба алмадым. Күйеуім
қайтыс болған. «Жығылғанға жұдырық» деген рас екен. Жұмыс іздеп жүргенде үйімді
үптеп кетіпті. Мына аш балалар шырылап үйде отырғызбағасын, шыбын жаным
шырқырап  қайыр сұрап жүрмін.
Тілеулес  «Осы рас айтып тұр ма?» дегендей балалы
әйелге зер сала қарады. Екі жағы суалып, көзі шүңірейген әйел жылап жібере
жаздап әрең шыдап тұр. Анасының қолынан тас қып ұстап алған бес-алты жас
шамасындағы қыз баланың үстіндегі 
көйлегі ескі. Әйелдің құшағындағы екі-үш жас шамасындағы  бала жанары жәудіреп, біресе Тілеулеске,
біресе анасына жаутаң-жаутаң қарайды. Үшеуінің де өңі жүдеу. Тілеулес бұларды
аяп кетті. Тамақ толы пакетті қыз балаға берді. Анасының құшағындағы сәбиге бір
мың теңге ұстатты.  Мына мәрттікті
бірінші рет көрген әйел рахмет айтуға шамасы келмей аузы ашылып, екі көзі
бақырайып үнсіз тұрып қалды. Тілеулес есікті жаба бергенде ғана өзіне өзі
келген әйел құшағындағы баласына қарап:
-Бауыржан, ағаңа рахмет
де,-деді.
-Лахмет,-деді сәби ақырын
ғана.
«Мына баланың атын аттас
атасындай батыр болсын деп Бауыржан қойған-ау, -деп ойлады Тілеулес.-Бесіктен
белі шықпай жатып қайыр сұраған баладан қандай батыр шықпақ? Үйімді тонап кетті
деді-ау  жаңағы әйел. Жиырмасыншы
ғасырдың орта тұсында қаланы білмеймін, ауылда ұрлық болған жоқ. Ауыл қазағы
есігіне құлып та салмайтын. Көрші, колхоз, совхозға кетсе есігін сыммен орап,
не жіппен байлап жүре беретін. Ондағысы адамнан емес, ит пен құстан сақтанғаны.
Иесіз үйге келген туыс-туғандары қымызын ішіп, қашан, кім келгенін айтып, құс тіліндей
қағазға хат жазып қалдыратын. Со кездері аудан орталығында  екі еркек бірін бірі боқтап, төбелескенде
сенсация болып еді. Ел бетіне қарай алмаған олар бірер күн үйлерінен шықпай
жатып алған болатын. Ал бүгінде заман бұзылып, адам пейілі тарылды. Төбелеспек
тұрмақ кісі өлтіру де түк болмай қалды. Туған баласы туған анасын өлтірген
сұмдықты да естідік. Көше толы жезөкше қыздарды көз көрді. Ата-анасын қарттар
үйіне апарып жатқандар қаншама! Балалар үйі тастанды сәбилерге толы. Коррупция
қоғамды жегі құрттай жеп жатыр. Онымен күресіп жатқан биліктің өзі таза емес.
Қойды қасқырға баққызып қойдық...»
Тілеулестің ойын шыр-шыр
еткен есік қоңырауының дауысы бөлді. «Қоңырау түймесін  екпіндете екі рет басқанына қарағанда бұл
келген Асқар болар» деп ойлаған. Қателеспепті. Есік ашқанда сырықтай бойы
сымдай тартылып өзінің сүйікті інісі Асқар тұрды Тілеулестің қарсы алдында.
Жанында еліктің лағындай сүйкімді жап-жас қыз. Амандық-саулық сұрасып,
жанындағы бойжеткенмен бірге төрге озған Асқарға Тілеулес сұраулы жүзбен
қарады.
-Танасып қойыңыз, бұл менің
қалыңдығым,-деді Асқар. Уыздай бетіне иман ұйыған жас қыз ибалы екен. Орнынан
тұрып, Тілеулеске қолын ұсынды.
-Гүлдәурен.
-Менің Есімім Тілеулес.
-Білемін,-деді Тілеулеске тік
қарамай жанарын төмен салған Гүлдәурен ақырын сөйлеп. -Асқар сырттай
таныстырған сіздерді.
-Отыр қызым, отыра бер,-деді
Тілеулес.-Мен ас үйге барып шай қайнатайын.
-Сіз демалыңыз,-деді Асқар.
-Біз өзіміз,-деді Гүлдәурен.
Сөйлесе жүріп ас үйге озған
Асқар мен Гүлдәурен кешкі астың қамына кірісті. Сол күннен бастап Асқар мен
Гүлдәурен Тілеулестің үйінде тұрып жатты.
 
***
Ерлі-зайыпты екеуінің
әңгімесі бүгін де жараспады.
-Сенің бұл сөзің көкейіме
қонбайды,-деп қабағын шытты Сандуғаш. -Кандидаттық диссертацияны қорғағаның
кеше ғана. Енді келіп институттан кетем дейсің.
-Кетпей болмайды.
-Кеткенде қайда барасың?
-Бизнеспен айналысамын.
-Ғылым қайда қалады сонда?
-Тапқаның тамағыңа жетпейтін
ғылымның керегі не?-деп қабағын шытты Күрлеу.
-Айбалта Қаратаевичпен
ақылдастың ба?
-Жоқ!
-Неге?
-Ол кісінің қарсы болатынын
білем.
-Айбалта Қаратаевич ғылыми
еңбегіңді жазысқан, қолыңнан жетектеп жүріп топқа қосқан, ол аз десең бар
беделін салып жүріп қорғатқан жетекшің емес пе? Ең болмаса алдынан өтсеңші.
-Құлаққағыс жасармын.
-Қайтып келер есігіңді қатты
жаппа.
-Айбалта Қаратаевичке қайтып
ісіс түсе қоймас.
-Мәселе іс түскенде ме екен?
Күні кеше жалпылдап, бүгін жалт бергенің адамгершілікке жата ма?
-Мені өзгерткен-өмір.
Айналаңа қарашы өзің, Кеңес өкіметі құлап, өліара дейтін өтпелі кезең
басталғалы балапан басымен, тұрымтай тұсымен кеткен жоқ па?
-Адамның адамгершілігі
осындай қиын кезде сыналады.
-Социализм қайтыс болғалы
капитализм өмірге дендеп еніп келеді. Оның заңы басқа, талабы қатал. Қанаттыдан
қалталылар бағалы.
-Ал енді бизнесті неден
бастамақсың?
-Кредит алудан?
-Сен елге белгілі азамат
Қапалбайдың баласы екеніңді ұмытпа Ақынның ұлы саудагер болып кетті деп ел
күлмей ме?
-Әкемнің беделі кредит алуға
керек. Күлгендер күле берсін. Бүгін күлгендер ертең мен байып шыға келгенде
күмілжіп алдыма келер.
-Ал кредит алдың дейік. Сосын
не істейсің?
-Ең қиыны кредит алу. Сосынғы
оңай.
-Иә, сосын.
-Кредит алысымен Балтық бойы
республикаларына барамын.
-Не бар онда?
-Онда «РАФ» маркалы
микроавтобус шығаратын завод бар. Сол жерден соның отыз шақтысын аламын да, Қазақстанда
екі-үш есе бағасына сатамын. Бүл дегенің қып-қызыл пайда.
-Әлі де ойлан. Пайда табамын
деп бірдеңеге ұрынып қалып жүрме.
-Бұл іске неғұрлым ерте
кіріссем, соғұрлым ұтамын.
-Ұтамын деп ұлтаның тесіліп
жүрмесін.
-Мен ойланып болғанмын.
-Байқасаңшы.
-Ал мен кеттім.
-Қайда жаным-ау?
-Кредит алуға.
Күрлеу осыны айтты да шыға
жөнелді. Сол кеткеннен мол кетті. Түскі асқа келмеді. Кешкі асқа да
кешікті.  Күйеуін күте-күте шыдамы шегіне
жеткен Сандуғаш жатын бөлмеге келіп жатып қалды. Екі бөлмелі үйде жалғыз.
Тұңғыш перзенті Спандиярды Күрлеудің ата-анасы бауырына салған. Әлденеге
елегізіп, ұйықтай алмаған Сандуғашқа әр түрлі ойлар келді. «Күрлеу бұлай
кешікпеуші еді, қайда жүр екен?» деп ойлады ол.-Арақпен әуестігі жоқ. шылым да
шекпейді. Өзі білетін өзге таныстары сияқты қыз-қырқынға қырындап, қыдырыстап
кететін  әдеті тағы жоқ. «Не пьющий, не
курящий, не гулящий, ғылымнан бөтен ештеңеге жарамайтын сендей де еркек бола ма
екен? Үйкүшік болмай бір ауық бізге ерсеңші» дейтін жолдас-жораларына да көп қосыла
қоймаушы еді.  Дәл бүгінгідей көп кешігіп
те көрген емес...»
Есік қоңырауы әдеттегіден
қаттырақ естілді.  Елегізіп жатқан
Сандуғаш төсектен атып тұрды.
-Бұл кім?-деді ол есік
тұтқасын ұстап тұрып.
-Мен.
Күрлеудің таныс дауысын
естіген Сандуғаш есікті ашып, оған сұраулы жүзбен қарады. Күрлеу Сандуғашты
қапсыра құшақтап, екі бетінен кезек-кезек сүйді.
-Қойсаңшы,-деді әлсіз
қарсылық жасап.
-Қоймаймын, сүйсем де қанша
тоймаймын,-деп әндетті Күрлеу.
-Немене, мені жаңа көрдің бе?
-Сол сені жаңа көрген кездегідей
жанып тұрмын.
-Неғып кешіктің?
-Қазір айтамын,-деді
Сандуғашты құшағынан босатып, жатын бөлмеге қарай беттеген Күрлеу.
-Иә,-деді оның соңынан
ілескен Сандуғаш.
-Бүгін бір сәтті күн болды.
Кредит алатын болып, соның құжаттарын өткіздім банкке.
-Қашан аласың?
-Құдай қаласа осы аптада.
Әнеу күні папам бір бастыққа апарып таныстырған мені. Сол бастық бір кісімен
кездестірген болатын. Ол тағы бір кісіге. Бәрі де өзім қатарлы жас жігіттер.
Бәрі де банкте істейтін көкжалдар өңкей. Солармен бірге ресторанға барып, жудым
кредитті.
-Ішіпсің ғой.
-Ішпесең іс бітпейді. 
-Сен таңертең төсектен тұра
салып киім-кешектерді жуып, өтектеп қой. Банктен ақша алысымен жол жүремін.
-Қайда?
-Ригаға.
Осы әңгімеден соң арада бір
апта өткенде Күрлеу Рига қаласына жол тартты. Күрлеу сол кеткеннен мол кетті.
Межелі жерге жеткен соң  Қонақ үйге  орналасқанын айтып, телефон шалған. Содан соң
он бес күн бойы хабар болмады. Сандуғаш бірер мәрте телефон шалып сөйлесе
алмады. «Номер не отвечает» дейтін қып-қысқа сөз Сандуғашты әр түрлі ойларға
жетеледі. «Көп ақшамен кетіп еді. Бір нәрсеге ұрынып қалмаса болар еді» деп
көңілі күпті болып жүрген. Қапалбай да «Күрлеу хабарласты ма?» деп сұрап қояды.
Сөйтіп көңіл күпті болып жүргенде дәлізде тұрған көк телефонот басқан баладай
шырылдап қоя берді. Қатты соғылған қоңыраудың қалааралық байланыс екені
белгілі. Төсектен атып тұрып телефон трубкасын құлағына тосқан Сандуғаштың
жүрегі атқақтай соқты.
-Ало,-деді ол дауысы
дірілдеп.
-Сандуғаш, бұл мен ғой,
Күрлеумін.
-Иә, Күрлеу, амансың ба?
-Аманмын.
-Хабарсыз кеттің ғой.
-Хабарласуға мүмкіндік болмай
жатыр.
-Неғып?
-Таңертең ерте кетіп, кеш
келемін. Оның үстіне Алматы мен Риганың уақыт айырмашылығы үш сағат. Сенің
ұйқыңды бұзғым келмейді.
-Ұйқы сен хабарласпасаң
бұзылады. Ерте-кеш демей телефон соғып тұр. Жарай ма?
-Жарайды?
-Жұмысың не болып жатыр?
-Сең енді ғана бұзылды.
-Оны қалай түсінеміз.
-Баспалдақтап завод
директорының бір орынбасарына шықтым. Сол алдағы аптада директормен
кездестірмек.
-Қалай ол жақта күн суық па?
-Күн суық.
-Жатқан бөлмең жылы ма?
-Бөлме даладан да суық па
деймін.
-Неге?
 -Жылу жоқ. Батареялар мұп-мұздай.
-Енді қайттік?
-Оған да амал таптым.
-Қандай амал?
-Жылы одеялдың астына киімшең
құлай кетемін.
-Байқа, ауырып қалып жүрме.
-Папам мен мамам қалай?
Хабарласып тұра ма? Тұрлыбек ше?
-Бәрі де аман. Кеше барып
келдім. Хабарсыз кетті деп сені уайымдап отыр.
-Сен телефон шалып, хабарымды
айт. Тоңғанымды айтпа, мамам уайымдап жүрер.
-Айтамын ғой, айтамын.
Күрлеу, сен өзің де хабарлас олармен.
-Хабарласамын ғой,
хабарласамын.
-Ерасыл аға, Айгүл тәтем аман
ба?
-Аман. Кеше «Қазақ әдебиетін»
қарап оытрсам «Ерасыл Жақсыбековтің жаңа романы жарыққа шықты» деген хабар жүр.
-Дүние асты-үстіне келіп,
айнала аласапыран болып жатқанда роман жазған Ерағаң да ер ғой, ер!
-Иә, оның рас. Бүгін
«Лениншіл жаста» интервюі шықты ол кісінің. Сонда Ерағаң: «Нағыз жазушы түрмеге
қамап қойса да, жазбай отыра алмайды» депті.
-Айбалта Қаратаевичтен хабар
бар ма?
-Ол кісі Мәскеуден табысты
оралды.
-Иә.
-Айбалта Қаратаевич КССРО
Ғылым Академиясының мүше-корреспонденті болып сайланыпты.
-Айтқаның жақсы болды,
Сандуғаш. Ертең телеграмма жіберіп құттықтаймын ол кісіні.
-Тағы қандай жаңалық бар?
-Гүлдәурен тұрмысқа шықты.
-Кімге?
-Асқарға. Қашан қайтасың?
-Оның жұмыстың бітуі біледі.
Оншақты күнде барып қалармын.
-Құдай қаласа де.
-Иә. Алдағы істі Алла біледі.
-Жақсы, сау бол.
-Көріскенше.
«Оншақты күнде барып
қалармын» деген Күрлеу Алматыға бір айдан соң оралды. Алыс жолдан арып-ашып,
шаршап-шалдығып, үйге түн ортасында жеткен Күрлеуді Сандуғаш аяп кетті. Елден
кеткен ай жарым уақытта қатты жүдепті ол. Екі жағы суалып, көзі үңірейіп тұр.
Өңі сахарға салған сүйектей боп-боз.
-Жаным-ау, не болған саған,
ауырдың ба?-деді Сандуғаш Күрлеудің мойнына асыла кетіп.
-Жоға. Ауырған жоқпын,-деді
Күрлеу келіншегін ерінінен құшырлана сүйіп.
-Өңің боп-боз. Жүдеусің ғой.
-Қатты шаршадым. Оның үстіне
гостиница да суық болды ғой.
-Енді демал.
-Жақсылап демалуға  болады енді,-деді Күрлеу дауысын көтере
сөйлеп.
-Өзің қуаныштысың ғой.
-Қуаныштымын. Қырық бес күн
зыр жүгіріп, суыққа тоңған еңбегім еселеп қайтты.
-Иә, -деп елең ете қалды
Сандуғаш.
-Арманым отыз машина еді, мен
қырық машина алып қайттым. Осыдан осы машиналар өтісімен Ригаға тағы барамын.
-Тез өте қойса де.
-Өтеді,-деді Күрлеу көңілдене
сөйлеп. -Өтетіні кетерде елу машинаға заказ алып кеткенмін.
-Кімнен?
-Әртүрлі министрліктерден.
Бір ғана Денсаулық сақтау министрлігі отыз «РАФ» алғалы отыр.
-Оның бәрін не істейді олар?
-Ойбай-ау, республика үлкен
емес пе? Облыстар мен қалаларда  «Жедел
жәрдемге» көлік жетпей жатқан жоқ па? Мен Ригаға барғанда соның бәрін зерттеп
білдім ғой.
Шешініп, жуынып-шайына жүріп
біраз әңгіменің басын қайырған Күрлеу қырлы стаканға толтыра құйған конякты
түбін сарқа ішті де, жатып қалды. Содан тұяқ серппей бір тәулік бойы ұйқытаған
ол ертесіне төсектен тұра салып, бизнес дейтін жаңа бір тірліктің толқынында
тербеліп бара жатты...
 ІІІ
Төменнен жоғары  көтерілген лифт төртінші қабатқа жете бере
кілт тоқтады. Лифт ішінде жалғыз келе жатқан Бексұлтан сыртқа шықпақ болып еді,
есігі түскір ашылмады. Не болғанын білмей абдырып қалған ол астыңғы, үстіңгі
қабаттардың түймелерін бірінен соң бірін басты. Бірақ, лифт сол тұрған орнынан
қозғалмады, есіктің де ашылар түрі жоқ. Диспетчермен хабарласу түймесін басып
көрді, жауап болмады. Қалта телефонымен жақындарына хабар бермек әрекетінен де
ештеңе шықпады. «Қырсыққанда қымыран іриді» деген рас. Жұдырығын жұмғанда
алақанына сиып кететін сіріңкенің қорабындай ғана қалта телефонның
кіп-кішкентай көгілдір экранынан «отказ сети» деген жазу шыға берді. Тіпті
болмағасын лифт есігін ұрғылап, «көмектесіңдер» деп айғайлап та көрді. Алайда,
оған жауап берген де, көмекке келген де тірі пенде болмады. Лифт кабинасының
іші қап-қараңғы. Айнала құлаққа ұрған танадай тып-тыныш. Не істерін білмей,
салы суға кеткен Бексұлтан енді шындап сасайын деді. Маңдайынан суық тер бұрқ
ете қалды. Тізесі діріл қақты. Өн бойын әлдебір үрей билеп алды. «Лифт тоқ
болмай тоқтаған болар. Көп ұзамай жарық та жанар. Лифттің де есігі ашылар» деп
жұбатты ол өзін. Сол ойдан қуат алған ол сәлден соң-ақ өзіне өзі келіп, әліптің
артын бақты.
Есігі ашылмаған лифттің
тұтқыны болған Бексұлтанның қиялы әр қиырды шарлап кетті. Жаңа үйге жақындай
бергенде өзіне құдайдай сеніп, құлай берілген досы Айтанды көріп қалып еді,
содан да болар ойына өткен өмірі оралды.
Бексұлтан аудандық деңгейдегі
бір бастықтың баласы еді. Әкесінің беделі мен байлығының арқасында тұрмыста
таршылық көрген жоқ. Жұмысқа таңертең ерте кетіп, үйге кеш келетін, көбіне
іс-сапарда жүретін әкесінің бұған қарауға мұршасы болған жоқ. Жүрегі жұмсақ
анасы бетінен қаққан емес. Өмірден қағажу көрмей өскен ол әкесінің көмегімен
жоғары оқу орнына да оп-оңай түсті. Той тойлап жүріп-ақ бес жылдан соң  жоғары білімді экономист болып шыға келді.
Бүгінде ол Астанадағы беделді бір мекеменің бірінші басшысы. Оған қоса бірнеше
фирманың басын біріктірген үлкен бір компания тізгіні де өз қолында.
Құдыреті күшті құдай билік
пен байлықты бірдей бергесін Бексұлтан оның рахатын да бір кісідей көріп жүр.
Алам дегенін алды, кием дегенін киді, барам деген жеріне барды. Алматыда
котеджі, Астанада төрт бөлмелі үйі бар.
Жұмыр басты пенденің төрт
құбыласы қашан түгел болып еді. Сырт қараған кісінің  бәрі қызығатын Бексұлтанның төрт құбыласы
түгел емес. Түгел болмайтыны, мына жалған дүниенің қызығын қанша көрсе де, жүрегіне
байланған бір шемен мен көкірегін удай ашытқан шер кетпей-ақ қойды.
Жүрекке байланған шердің аты
- қыздай қосылған жары Қызғалдақ, шемене-жарық дүниедегі жалғыз досы-Айтан.
Екеуінің жолы екі айрылғалы
қашан?! Араға түскен сызат сынадай қағылып, ақыры екеуін екі түрлі соқпаққа
салып тынды. «Сол соқыр соқпақ қалай басталып еді». Ойға оралған осы бір сауал
оның көз алдына өткен күндер суретін алып келді.
Ені мен ұзындығы шамалас
шағын бөлменің іші мұнтаздай тап- таза. Бір қабырғаны тұтас алған үп-үлкен
терезеден қиғаш құйылған күннің қызғылт сәулесі оң қабырғаны тұтас алып тұрған
кітап сөрелерінің жып-жылтыр шыныларымен шағылысып, аппақ қабырғалар ақшаңқан
түспен мөлдіреп тұр. Төргі бұрышқа қиғаштай қойылған  столдың жиегін оң қолымен тіреп, биік креслоға
шалқая отырған ол көзін жұмып, қалың ойға кетті. «Осы орнымда отыра берсем,
өйтіп-бүйтіп ғылым докторы болармын. Сонда не ұшпаққа жетемін? Жоқ, бұлай өмір
сүруге болмайды. Мен басқа жолмен жүремін. Ертеңнен қалмай әрекет жасау керек.
Сонда неден, кімнен бастасам екен?..» Ашы шектей шұбатылған ойды:
-Әу, Бексұлтан, бұл не
отырыс?-деген құлаққа жағымды қоңыр дауыс бұзды.
-Ә, Айтан, сенбісің? Кел,
кел, отыр.
-Қайтпаймыз ба? Сағат алтыдан
асып барады. Мана өзің тапсырған анықтаманы жазып кідіріп қалдым,-деді Айтан.
-Жөн екен, Таңертең машинаға
бастырып, директорға бере сал. Мен ертең жұмысқа келмеспін,-деді Бексұлтан.
-Жайшылық па?
-Екеуміз көңіліміз жарасып,
дос болғалы қашан,-деді орнынан тұрып Айтанның қасына келген Бексұлтан ойлана
сөйлеп.-Сенен несін жасырайын. Мына жұмыс ұнамайды, басқа қызметке ауыспақ ойым
бар.
-Қандай қызметке?
-Әзір белгісіз. Бірер жерге
көз салып, беделділерге сөз салып жүрген жайым бар.
-Қайда бармақсың?
-Арманым Назарбаев отырған
үлкен үй. Оның орайы келмесе, Госплан мен министрліктің біреуіне бармақпын.
-Мына жұмысың оңды емес пе?
Кандидаттықты қорғап алдың. Докторлыққа тұзақ тастап тұрсың.
-Доктор тұрмақ, академик
болсам да мына қақпас өлмей директор бола алмаймын. Өлмек тұрмақ пенсияға да
кететін ойы жоқ оның,-деді Бексұлтан.
-Жасы жақындап қалды
ғой,-деді Айтан.
-Білмейсің бе, жоғары жақта
сүйеніші бар оның. Ал менің бастық болғым келеді, білесің бе?
-Қайдам?-деп иығын қиқаң
еткізді Айтан.-Менің ойымша, ең дұрысы-ғылыми жұмыспен айналысу. Бастықтың жолы
тағанақ. Тайып кету оп-оңай.
-Алпыстан асқанша членкор
бола алмай, жетпістен өте әрең академик болғандарды да көріп жүрміз. Бүкіл
өмірін ғылымға арнаған сол сорлылардың тұрмыс жағдайы мына менен төмен. Істеп
жүрген қызметтері деқұнсыз. Көбісі әлі күнге дейін ғылыми қызметкер. Аты
озғаны-шашы ағарып, алпыстан асқанда әупірімдеп көп институттың біріне директор
болады. Сол да мансап па, тәйірі.
-Мәселе бастық болуды емес,
Бексұлтан.
-Енді неде?
-Өмірдің мәні-мансапта емес,
мақсатта.
-Ал, менің мақсатым-бастық
болу.
-Сенің бір нәрсені ойға алсаң
орындамай тынбайтыныңды білемін. Содан да, жорытқанда жолың болсын деймін.
Ойлаған ойыңды тезірек жүзеге асыруыңа тілектеспін.
-Е, өстіп менің ығыма
жығылсаңшы,-деп кеңк-кеңк   күлді
Бексұлтан.
-Саған қашан қарсы келіп
ем,-деп жұмсақ жымиды Айтан.
Екеуі әңгімелесе жүріп сыртқы
шықты. Аялдамаға жақындай бергенде Бексұлтанның жүрегі атқақтай соқты. Қолына
бір шоқ гүл ұстап тұрған қызыл көйлекті келіншек көзіне оттай басылды.
-Сәлем, Назерке!-деді
Бексұлтан автобус аялдамасына жете бере қызыл көйлекті келіншекке қолын ұсынып.
-Саламатсыз ба, Беке,-деді
қызыл көйлекті келіншек нәркес көзі күлімдеп.
-Әй, Айтан слушай, келіншегі
аялдамада гүлмен қарсы алып тұрған сен қандай бақытты жігітсің,-деді Бексұлтан
күректей алақанымен Айтанның қақпақтай жауырынынан қағып.
-Назеркенің бір құрбысы туған
күніне шақырған. Оның үйі осы жерге жақын болғасын ғой Назеркемен аялдамада
кездесіп тұрғанымыз,-деді Айтан. 
-Иә, Назерке, хал қалай?-деді
Бексұлтан сұңғақ бойлы сұлу келіншекті көзімен ішіп-жеп.
-Жаман емес,-деді жаңа жауған
ақша қардай аппақ бетіне таң шапағындай қызғылт нұр ойнап шыға келген Назерке
жұмсақ жымиып.
-Ад жақсы, жолдарың болсын!
Кешті көңілді өткізулеріңе тілектеспін!-деп ерлі-зайыпты екеумен жылы қоштасқан
Бексұлтан автобус күтіп аялдамада тұрып қалды.
«Пәтшағар, сонша сұлу болар
ма?-деп ойлады күйеуінің жанында бұрала басып бара жатқан Назеркені көзімен
ұзатып тұрған Бексұлтан.-Екі бала тапқан отыздағы әйел деп кім айтар мұны.
Сәмбі талдай солқылдап тұрған жоқ па? Анау жұмыртқадай жұп-жұмыр, аппақ балтыр,
дөңгеленген сұлу бөксе, жіп-жіңішке бұраң бел, тік иық, аққудың мойнындай
иілген ұзын мойын, дөңгеле қиылған жібек шаш... Сымбаты бөлек сұлулықтың ажарын
онан сайын ашып тұрған жоқ па? Жүрісінің өзінде де өзге әйелдерде жоқ өзгеше
бір сұлулық бар. Назерке осы кетіп бара жатқанда жер басып жүрген қатардағы көп
әйелдің бірі емес, ауада қалқыған аққуға ұқсайды. Қылымсыған қылығы қандай
тәтті десеңші! Қалың да, жұқа да емес, томпиған алқызыл ерінін сәл ашып, аппақ
тістерін көрсете сылқ-сылқ күлгенде күн сәулесі түскен майдай ерімей көр. Жанып
тұрған от ғой Назерке. Сол жанған отқа кірер ме еді шіркін! Өзгелерге
ұқсамайтын асқан сұлулықпен бірге ерекше тартымдылық бар нәп-нәзік әйел
бойында. Қып-қызыл көйлегіңнің жел кеулеген етегі желбіреп, жүрегімді оттай
жандырып кетіп барасың, Назерке! Қызыл көйлекті қылықты әйел кімсің сен?
Өртпісің әлде дертпісің? Семсермісің, сертпісің? Кімсің сен жанып сүйген жаз
еркем-менің Назеркем! Айтанды от құшақта қорғасындай балқытқан қып-қызыл жалын,
қызулы өртсің! Мен үшін әлі күнге дейін түнде түстен, күндіз естен шықпайтын
дауысы жоқ дертсің. Әттең, дүние арман-ай, болмадың менің жан жарым деп ах
ұрғызған армансың! Мен үшін сен дарасың, данасың! Жүректегі жазылмайтын
жарасың... »
Назеркені көріп, көңілі
Нілдей бұзылған Бексұлтанның ойымен бірге бойы да ауырлап бара жатты. Ілгері
басқан аяғы кері кетті. «Мына Айтан иттің аузының салымдысын-ау. әйелдердің
аққуы ғой Назерке! Өзі сұлу, өзі қылықты әйелді құшқан еркекте не арман бар?
Қызығамын, қызғанам. Қызыл оты қызғаныштың жүрегімді қорып жүр. Қайтейін.
Ойдағы көп арманның қайсы бірін айтайын. Не Назеркені, не билікті, не байлықты
бұйыртпаған тас кедергі тағдырды жеңер күн бар ма?!»
Үйге көңілсіз оралған
Бексұлтанды Қызғалдақ күліп қарсы алды. 
-Голубчик мой, душа моя,-деді
жұмақ жымиып. Көзін жұмып, ернін тосуды да ұмытқан жоқ.
-Қызғалдағым, қызыл гүлім
менің,-деді Бексұлтан өзге түгіл өзіне де естілер естілмес үнмен оттай шарпыған
қызыл еріннен салқын сүйіп.-Шаршап келдім шай әзірлеші.
-Шай дайын,-деді қызғалдақ
күйеуін әлі де құшағынан бостапай.
-Болды, болды енді,-деді
Бексұлтан шартты рефлекске айналып кеткен дағдысымен әйелін белінен самарқау
құшақтап.
Мына жарық жүниеде әйелден
асқан сезімтал тіршілік иесі жоқ. Күйеуінің сөзі мен қимылы өзгермесе де оның
сезіміндегі салқындық пен самарқаулықты Қызғалдақ аңғарды.
Кешкі астан соң екеуі күндегі
әдетімен жатар алдындағы желпініске шықты.
-Соңғы кездері  бір түрлі боп өзгеріп, көңілсіз болып
барасың,-деп сыр суыртпақтады Қызғалдақ.
-Мүмкін,-деді Бексұлтан
көңілсіз кездегі әдетімен өзі түгіл өзіне де естілер-естілмес үнмен.
-Бүгін тіптен көңілсізсің.
-Оның рас.
-Неге?
-Неге жетісіп қуанамын?
-Қуанар жайлар аз ба?
-Атап айтқанда.
-Мына ару Алматының  сұлулығына, Алатаудың асқақтығына  неге сүйсінбеске! Бас қаланың абат бағы,
арайлап атқан таңы, шуақта күні, мақпал түні қандай ғажап! Құдайға шүкір,
бауырымызда баламыз, басымызда баспанамыз, тәп-тәуір қызметіміз бар. талайларға
арман болған осындай ару қалада тұрып, өмір сүру де бақыт емес пе?
-Толық бақытты болу үшін мұның
бәрі аз.
-Енді не керек саған?
-Карьера керек.
-Ғылым кандидатысың, білдей
бір институттың бөлім бастығысың. Отыз жасыңда аз ба осы.
-Мен жүретін жол ғылым емес.
-Енді не?
-Билік керек, билік!
-Мақсатың билік болса. Оған
да жетерсің. Асықпа.
-Асығу керек, асығу.
"Отызында орда бұзбаған, қырқында қамал алмайды" дейді біздің қазақ. Ертеңнен
бастап орда бұзуға кірісемін.
-Не істейсің сонда?
-Министр Күзен Есентаевичке
көмекші боламын.
-Ол орын бос па екен?
-Бос екен.
-Оны қайдан білдің?
-Білгені сол, ертең жұмысқа
шығатын болып келістім.
-Қашан?
-Кеше.
-Қалай?
-Әнеу күні премьер-министрдің
қолы астындағы дөкейге бекер шашылды дейсің бе?
-Ол кім?
-Мәркен Қасқабасович.
-Оны біресе үйге шақырып,
біресе аң аулауға апарып, жатып жастық болған түрің жаман еді. Сонда соның
бәрін сондай бір есеппен жасап па едің?
-Енді қалай ойлап ең?
-Соншама унижатся етуге бола
ма?
-Арыстанды әке, жолбарысты
жезде деп жалпақтамасаң өспейсің.
-Жаңа жұмысқа баратыныңды
неге айтпадың?
-Сенің аузыңда сөз тұра ма?
Ертерек айтсам елге тарап кетіп, біреу-міреу кедергі жасай ма деп қорықтым.
-Сенің ішіңде ит өліп, мысық
балалап жатады-ау.
-Аңқау болсаң мансап жоқ. Бар
қазақ пір тұтатын Абайдың атақ пен бақ жайлы не айтқанын білесің бе?
-Иә, не депті Абай?
-Алаяқ болмай атақ жоқ,
арамза болмай бақ қайда?-депті Абай.
-Сонда сен,-деп шошып кетті
Қызғалдақ.
-Қорықпа,-деді Бексұлтан
Қызғалдақты белінен құшақтап,-менен алаяқ та, арамза да шықпайды. әйтсе де
есебім дұрыс. Кіммен қалай сөйлесіп, қалай қарым-қатынас жасауды білемін.
Есебінен жаңылғанның есесі кетеді.
-Байқасаңшы. Бастық екен деп
көрінгенге жалпақтай берме.
-Оны өзім білемін.
-Осы өзім білемің орға жығып
жүрмесін.
-Айтпақшы мана жұмыстан
қайтарда Назеркені көрдім,-деді түнгі аспанға қарап түнерген Бексұлтан біраз
үнсіздіктен соң.
-Қайда?
-Біздің жұмыстың жанындағы
аялдамада.
-Онда неғып жүр?
-Күйеуін тосып алды. Екеуі
бір тойға бармақ екен.
-Сенің әңгімеңнің бәрі
қатын-қалаш, қыз-қырқын. Мен қызмет жайлы ғой. Оның да жөн. Түсетін қызметтің
биігі, ала алмаған қыздың күйігі жаман.
Қызғалдақ бұл сөзімен
Бексұлтанның Назеркеге ғашық болып, ала алмағанын меңзеп тұр еді. Оны Бексұлтан
түсінсе де, түсінбегенсиді. Осы әңгіменің ертесінде  Бексұлтан министр Күзен Есентаевичке көмекші
болып жұмысқа орналасты. Министрге ісі түскендер көмекшіні оралып өте алмайды.
Қолға тиген аздаған биліктің бағасын білетін 
Бексұлтан оны орайын тауып оңды пайдалана бастады. Енді ол ешкімнің ісі
түсе қоймайтын қатардағы қарапайым көп ғылыми қызметкердің бірі Бексұлтан емес,
"Беке, Бексұлтан Бұлғақбаевич!" болып шыға келді. Жүзіктің көзінен өтетін
Бексұлтанның ісі түскен кісіге ұнай білетін шеберлегі министрдің көмекшісі
болған екі жылдың ішінде онан сайын шыңдала түсті. Министрдің өзіне ғана емес,
оның жанұясына да көмекші болып, үй шаруасын үйіріп әкеткен Бексұлтан бастығына
ғана емес, оның еркетотай әйеліне де ұнады. Жағымпаздық өнерін жете меңгерген
көмекші екі жылдан кейін өзі жұмыс істейтін министрлікке қарасты үлкен бір
мекемеге бірінші басшы болып шыға келді.
Жаңа жұмыс Бексұлтан үшін аса
қолайлы болып шықты. Енді ол бұрынғыдай министрге көп жаутаңдамайды,
қарамағындағы өңкей "мен атайын, сен тұр" дейтін әлеңкейдей жаланған көп жігіт
пен көрікті қыздар бұның көңілін табуға тырысады. Бөлім бастықтарын былай
қойғанда қатардағы көп қызметкерлер мен шофер, хатшы қыз сияқты қаптаған
көмекшілер бар. Министрдің өзінде бір ғана көмекші болса, бұл екі бірдей
көмекші ұстады. Оның бірі штатта, екіншісі штаттан тыс. Жаңа жұмыс біраз жылдан
бері ойнап-күліп жүрген көңілдесі Назеркемен көбірек көңіл көтеріге аса қолайлы
еді. Бексұлтан бастық болғалы Назеркенің сұйық жүрісі тым жиілеп кетті.
"Назерке Бексұлтанмен жүреді екен" деген әңгіме сыпсыңдап Айтанға да жетті. Ол
оған алғашында мән берген жоқ. әйтсе де Бексұлтанның мінез-құлқындағы
өзгерістер мен Назеркенің жар төсегінен суынған суық сезімі Айтанның көңіліне
күдік ұялатты.
Күндердің бір күнінде оқыс
оқиға болды. Ташкентте іс сапармен жүрген Айтанды  сол жаққа әлдебір шаруамен барған бастығы
өзімен бірге Алматыға ала қайтты. Бұлар машинамен мың шақырымға жақын жол жүріп
Алматыға түн ортасында жетіп еді. Жанұясының ұйқысын бұзғысы келмеген Айтан
есікті өз кілтімен ашып, дыбыс шығармай жатын бөлмеге кіріп келгенде "қып-қызыл
қызықтың" үстінен түсті. Анадан жаңа туғандай тыр жалаңаш шешінген Назерке мен
Бексұлтан  жанған отқа жалаңаш кіріп,
ләззат ойынын ойнап жатыр кеен. Назерке күйеуінің  дәл бүгін келмейтініне сенімді болатын.
Себебі кеше ғана телефон арқылы тілдескен. Сонда Айтан Алматыға  екі күннен кейін қайтатынын, Ташкент-Алматы
пойызына билет алғанын айтып, вагон номеріне дейін хабарлаған. Қашан, қайда
кетсе де хабар бермей келмейтін Айтанның бүгін сайтандай сарт ете қалғанын
қарашы.
Мына сұмдықты көрген Айтанның
тілі байланып тыс мүсіндей қатып қалды. Екі көзі бақырайып, өзіне бажырая
қараған Айтанды кісі құрлы көрмеген Бексұлтан тез киініп, үйден шыға жөнелді.
Сонда барып есін жиған Айтан:
-Қарғыс атсын сені қарғыс
атқыр, қарабет Бексұлтан,-деп айғай салды. Сосын төсектің бас жағындатұрған
коньяктың бос бөтелкесін алып, баспалдақпен төмен түсіп бара жатқан Бексұлтанға
қарай лақтырды. Қабырғаға соғылып быт-шыт болған бөтелкенің сынықтары
баспалдаққа шашырап түсті. Айтан жатын бөлмеге қайтып оралғанда киініп үлгерген
Назерке  қатты қорыққан қояндай болып,
төсектің аяқ жағында бүрісіп отыр еді.
-Мұның не?-деді Айтан әйеліне
жақын келіп. Айқайламай ақырын айтқан сөзде аса ауыр, зілдей салмақ жатыр еді.
Айтанның отты көзі Назеркенің кеудесіне оқтай қадалды.
-Кешір,-деді Назерке ұзын,
қайқы кірпіктерін төмен түсіріп. Дауысы құмығып шықты.
-Дос дегенім қас, жар дегенім
жылан болып шықты,-деді Айтан.-Бұдан асқан запыран зар болар ма?
Назерке Айтан айғайлар,
ұрысар, ұрар деп күтіп еді. Оның бірі жоқ. Бұған айтқаннан көрі өзімен өзі
сөйлескенге көбірек ұқсайды. Бұдан гөрі мұны ұрып-соққаны, өшін ашу үстіндегі
ащы сөздермен алғаны жақсы еді.
-Енді қалай бірге
тұрамыз?-деді Айтан сәл үнсіздіктен соң.
-Кешір, кешіре гөр,-деп жылап
жіберді орнынан созалаңдап әзер тұрған Назерке. Тұла бойы дір-дір етіп, мойнына
асыла кеткен әйелін Айтан кеудесінен итеріп жіберді.
-Ертең лагердегі балаларды
алып елге кетемін,-деді Назерке.-Сенің ашуың басылғанша бой тасалай тұрайын.
-Балаларда жұмысың болмасын!
Өзің қайда кетсең, онда кет. Бірақ маған қайтып оралма! Көзіме күйік болма!
Сол күні екеуі екі бөлмеге
түнеген ерлі-зайыпты екеу көрер таңды көзімен аттырды. Ертесіне жеткен қайғылы
хабар бұл екеуін онан әрі есеңгіретіп кетті. Лагердегі екі бала екеуі бірдей
суға кетіп өліпті. Көл ортасында қайық аударылса керек. Бұл қайғылы оқиғаның
соңы Айтан мен Назеркенің ажырасуымен тынды. Екеуі үш бөлмелі үй мен азын-аулақ
дүние-мүлікті тең бөлісті.
Бексұлтан мен Назеркенің ара
қатынасын "көңілдес" деп тігісін жатқызсақ та, оның дөрекілей естілетін қазақша
аты ойнас қой. Атам қазақ: "Ойнас басында отан ыстық, соңында боқтан сасық" деп
қалай тауып айтқан. Таңғы шықтай тап-таза махаббат, шынайы сезімнен туған шын
ғашықтық емес, құмарлықтан туған құштарлықтың өмірі қашан ұзақ болып еді? Жерік
асына тойып жеріген қарақұс та, бірін бірі құшырлана құшақтап, тояттаған
көңілдестер де бір.
Асығыс тұтанған сезім алысқа
бармайды. Тез тұтанып, лаулап жанған от тез сөнеді. Тар төсекте тез табысқан
Бексұлтан мен Назерке тез тебісті. "Екі кеменің құйрығын ұстаған суға кетеді"
деген рас екен. Екі еркектен бірдей айрылған Назерке Қырғызстанға көшіп кетті.
Бүгінде оның сайда саны, құмда ізі жоқ. Сол екі ортада кеңес өкіметі құлап, әлі
жөн-жобасы түсініксіз бір аласапыран басталды. Ғылыми-зерттеу мекемесінде
істейтін Айтанда ең болмаса Ғылым кандидаты деген атақ та жоқ. Ол диссертацияны
әрі досы, әрі бастығы Бексұлтан үшін жазған болатын. Айтан қысқартуға ілігіп
жұмыссыз қалды. Осы күнге дейін күні-түні жұмыс істегендегі бар
байлығы-басындағы баспана ғана. Оның өзі қуықтай бір бөлме. Алдында ішер асы
жоқ адам қалай адал болады. Өзегі талып, аштықтан өлер болғасын ұрлық жасады Айтан.
Түн ішінде дүкен тонап, қолға түскен ол темір тордың ар жағынан бір-ақ шықты.
Назеркемен ұрлығы әйгіленіп,
одан кейін де бір әйелмен ұсталып қалған Бексұлтанның үйінде береке жоқ. Бір
кездері мақтадай үлбіреп тұрған Қызғалдақ бұл күндері бұған қара тас болып
қатып қалған. Бірге тұрады деген аты болмаса бір-біріне жақындығы, жанашырлығы
жоқ. "Осының бәрі Айтанның қарғысынан болды" деп ойлады Бексұлтан -Мен ол
байғұсқа диссертация жазғызып, құрдай жорғалатып құлша жұмсадым. Онымен қоймай
әйелімен көңілдес болып, шаңырағын ортасына түсірдім. "Жалғыз досым, жан досым"
деп жүргенде сатқындық жасап, орға жықтым. Мен оның ақ төсегін арамдап, Назерке
екеуміз ұсталыпқалған түні ол мені қатыннан бетер қарғап еді. Айтанның: "Қарғыс
атсын сені қарғыс атқыр, қара бет Бексұлтан" деп айғайлаған дауысы әлі күнге
дейін есімнен кетер емес. Жаңа үйге жақындай бере машинаның терезесінен
көргенде әзер таныдым өзін. Сақалы өсіп, шашы ағарып кетіпті. Үстіндегі
киімінің де тозығы жетсе керек. "Түрмеден шыққанына біраз болды. Тым құрыса
күзетшілік қызметке де алмапты ол байғұсты. 
Ол түрмеде отырғанда үйін де біреулер иемленіп кетсе керек. Әр жерде бір
түнеп жүрген көрінеді" деп еді Қызғалдақ. Өзі де бір өмірге икемі жоқ бейшара.
Қайтеміз енді, әркім маңдайына жазылғанын көреді де..."
Бексұлтанның аш шектей
шұбатылған ойын лифтінің тұсындағы баспалдақты тық-тық басып, тықылдаған дыбыс
бөлді. Қуанып кеткен Бексұлтан лифт есігін ұрғылап:
-Көмектес! Кө-мек-тес!-деп
айғай салды.
-Не болды?
-Мына лифт тоқтап қалды.
-Бұл кім?
Бексұлтан тани кетті.
"Апыр-ау, мынау  Қызғалдақ қой. "Саған
осы керек" деп тағы да табалайтын болды-ау. Мейлі не десе о десін, мына
қапастан құтқарса екен тезірек. Сосынғысын көріп алдым. Қыршаңқы сөз, қияңқы
қылығына үйрендім оның".
-Қызғалдақ, бұл мен ғой,
мен,-деді Бексұлтан.
-Менің кім?-деді лифт есігіне
тақап келген Қызғалдақ.
Әйелінің өзін әдейі танымай
тұрғанына жыны келген Бексұлтан ашуын әзер тежеді.
-Қызғалдақ, мен Бексұлтанмын.
Тезірек көмектес. Тынысым тарылып барады.
-Қазір.
Осылай деп жөнеле берді Қызғалдақ.
Туфлиінің бетон баспалдаққа тиген тақасы тақылдап ол кеткелі де біраз болды.
Әйтсе де лифтінің есігі әлі ашылған жоқ. Қызғалдақ: "Саған осы керек!" деп
диспетчермен әдейі кеш хабарласты ма, әлде көмекке келушілер кешікті ме, кім
білсін, әйтеуір арада біраз уақыт өткенде барып, ашылды лифт есігі.
Басы айналып, көзі қарауытқан
Бексұлтан жатын бөлмеге келіп, төсекке киімшең құлай кетті.
Таң алдындағы тәтті ұйқыда
жатқан Талапты анасы Тана оятты.
-Талапжан, тұр, тұра
ғой,-деді ол ұлына мейірлене қарап.-таңғы асымызды ішіп алып, Барахолкаға
ертерек жетейік. Әйтпесе сонау Стамбұлдан әкелген товарды көтерме бағасына
өткізу қиындап кетеді. Базардан ертерек оралып, ыстық ас әзірлеуім, ауруханада
жатқан Тілеулеске баруым, сосын жолға дайындалуым керек. Түнде сонау Түркиядан
түнделетіп жеткен анасын әуежайдан қарсы алған Талаптың ұйқысы шала еді.
"Тұр-тұрдан" хабар келген соң ұйқыдан маза кеткен ол төсектен созалаңдап әрең
тұрды. Тана мен Талап таксилетіп  қала
шетіндегі Барахолка атты үлкен базарға жеткенде ұясынан әлгі бір шыққан
жарықтық жарық күн айналаны аппақ нұрмен аймалап тұр еді. Тананың бүгінгі
саудасы сәтті болды. Солтүстік облыстардың бірінен келген өзі құрпылас қазақ
әйелі Тананың товарларын көтерме бағамен түгел сатып алды. Ала қаптан арқасы
босаған ана мен бала үйге қайтпақболып ұзын жолдың қарсы бетіне өте бергенде
қара шегірткедей қаптаған көліктердің ара-арасынан жүгіре басып бұларға қарсы
келе жатқан  жап-жас қызды бір жеңіл
көлік қақты да кетті. қыздың қолындағы қытайдың ала қапшығы бір жаққа, өзі
екінші жаққа  ұшып түсті. Жол үстінде
құлап жатқан қызға тақап қалған автобус тежегішті дер кезінде басып үлгерді.
Көліктің көптігінен базардың осы бір өкпе тұсында жүргізушілер жылдамдықты
қатты шектеуші еді. Содан да жаңағы жеңіл машина қаққан қыз құдай сақтап аман
қалды. Талап пен Тана жүгіріп келіп құлаған қызды орнынан тұрғызды. Тана қызды
сүйемелдеп, Талап қыздың ала қапшығын арқалап жолдың қалаға апарар қарсы бетіне
шықты.
-Қалқам, қалайсың, бір жерің
ауыра ма?-деп сұрады Тана Талап жерге қойған ала қаптың үстіне отыра кеткен
қызға жылыұшырай тіл қатып.
-Қолым, қолым,-дей берді
қыз.-Сол қолым көтертпейді. Мына киім-кешекті қайтып сатамын енді. Ертең
Стамбұлға қайтадан ұшуым керек еді.
-Ол жақта не бар?-деп сұрады
Талап.
-Сол жақтан товар тасып күн
көріп жүргем жоқ па?
-Сауданың бір жөні болар,
алдымен денсаулығыңды ойла,-деді Тана.
-Атыңыз кім, қарындас,-деді
Талап.
-Тәрбие.
-Көзіңнен танып тұрмын, өзің
атыңа сай тәрбиелі бала екенсің. Жақындарыңа телефон соқсаңшы. Келіп сені алып
кетсін.
-Жақындарымның бәрі ауылда.
Қалада танысым жоқ,-деді Тәрбие.
-Онда сізді дәрігерге өзіміз
алып барамыз,-деді Талап.
-Ана ала қапшықты жолда үйге
қалдырып кетейінші,-деді Тәрбие машинаға отырып жатып.
Тәрбие қаланың шет жағындағы
тауықтың күркесіндей жер үйде тұрып жатқан. Түріктің арзанқол киім-кешегі толы
ала қапшықты сол жеркепеге қалдырып, Жандосов көшесінің бойындағы ауруханаға
жеткенде түскі астың уақыты тақап қалып еді. ауруханада жатқан Тілеулеске
тезірек ыстық ас жеткізуге асыққан Тана 
үйге кетті де, Талап Тәрбиені сүйемелдеп астыңғы қабаттағы кезекші
дәрігерге келді. Ренген сәулесі Тәрбиенің сол қолы сынғанын анықтады. Сынғанда
да оңбай сыныпты. Шынашақтан жоғары сүйек быт-шыт.
-Операция жасау керек,-деді
дәрігер. - Бізде оған мүмкіндік жоқ. Сіздер Қалқамандағы жетінші ауруханаға
барыңыздар.
-Сізді жолыңыздан
қалдырдым-ау,-деді Тәрбие сыртқа шыққан соң.-Мені таксиге отырғызып жіберіңіз.
Машинаға отырғасын Қалқаманға жету қиын болмас.
-Жо-жоқ. о не дегеніңіз.
Қашан ауруханаға жатқанша жаныңызда боламын.
-Операция ауыр болады.
Наркозбен жасаймыз,-деді Тәрбиені қараған қасқабас хирург.
-Қашан?-деп сұрады Тәрбие.
-Ертең таңертең,-деді
дәрігер.
-Мынау менің Арқалықта
тұратын ағамның адресі мен телефоны,-деді өзіне бөлінген палатаға орналасқан
Тәрбие Талапқа бір жапырақ қағазды ұсынып жатып.-мынау өзіңіз көрген үйдің
кілті. Маған енді келіп әуре болмай-ақ қойыңыз. Тек операциядан соң кезекші
дәрігерге телефон шалып, халімді білсеңіз болды. Пышақтың аты-пышақ. Жазатайым
олай-бұлай боп кетсем ағатайыма хабар беруіңізді өтінемін.
-Олай демеңіз, қарындас! Бәрі
жақсы болады. Өзім келіп тұрамын,-деді Талап.
Тәрбие Талапқа деген алғысын
сөзбен емес оны аймалаған көзбен айтты...
 V
Соңғы оншақты күнді елде
өткізіп, Алматыға оралған Олжас біраздан бері жиналып қалған газеттерді оқып
отырып, "Известияда" жарияланған бір суретке көз тоқтатты. Мылтыққа сүйеніп,
оққа ұшқан дәу қара қабанға қарап тұрған Қонаевтың суреті көзіне оттай басылды.
Суреттің астына: "Айтпаса да түсінікті..." деген сөз жазылыпты. Қонаев
зейнеткерлікке шыға салысымен Мәскеуде Горбачев, Алматыда Колбин мен Арқатай
Есенович бастап, Әбдіғали Айбасов бастаған 
топ республиканың бұрынғы басшысы мен оның серіктерінің  соңына шырақ алып түсіп еді.  Алматыны айтпағанның өзінде Мәскеуден
топ-тобымен келген тергеушілер 
талайлардан әлдебір ілік тауып, талайларды түрмеге тоғытты. Солардың
бірі Қазақстанның бір емес үш бірдей облысында бірінші басшы болған Алдан
Арманов Мәскеудегі әйгілі Бутырка түрмесінен бір-ақ шықты.
Мұхаммед пайғамбар о дүниелік
болғаннан кейін мұсылман үмметіне басшылық жасаған халифтер құсап халықтың
қазынасына қол сұқпаған Қонаевтың үстінен қылмыстық іс қозғауға иненің көзіндей
саңылау таппаған топтың жігері құм болды. 
Қазақстан атты алып республиканы ширек ғасыр бойы басқарған Қонаевтың
достарынан алған ең қымбат сыйлығы екі аңшы мылтығы ғана, сосын жазушылардың
қолтаңба жазып берген кітаптары. Горбачев пен Колбиннің көзіне түсіп,
жағымпазданып қалуды көздеген жарамсақтардың тапқаны "Известияда" жарияланған
жалғыз сурет.  Мәскеуде шығып, КССРО атты
алып кеңістікке ғана емес, бүкіл дүние жүзіне тарайтын "Правда", "Известия"
газеттерінің реті келсін-келмесін Қонаевты әйтеуір бір іліп, шалып, тобықтан
қағуы бір бұл емес. Былтыр оның көмекшісі Исатай Ержанов пен Орталық Комитеттің
іс басқарушысы Иван Степанов істі болғанда да мысық тілеулі топ  қара қарғалар құсап бір қарқылдасып қалған.
Жаңсақ сөйлеп, Қонаевтың жананы жаралап жүргендердің көбі өз қандастарымыз.
Солардың біразы күні кеше Димаш Ахметовичтің алдында қол қусырып, құрдай
жорғалап жүргендер,-деп ойлады Олжас.-1962 жылыжелтоқсан айының он алтыншы
жұлдызында Оңтүстік Қазақстан облысының мақта өсіретін Бостандық ауданын
Өзбекстанға бермегені үшін Хрущев Димекеңді орнынан алып еді-ау. Сонда Қонаев
бұрынғы орнына қайтып келмейтініне сенген біраз кісілердің жаңа басшы Юсупов
қажағымпазданып, Димекеңді жамандағаны есімде. Солардың бірі қолдан жасалған
классик Әбдіғали Айбасов еді. Мен де Қонаев 
алтыншы қабаттың оң қанатындағы бірінші хатшының кабинетіне қайта оралып
бұрынғы биігіне қайта көтеріледі деп ойлағам жоқ. Әйтсе де Толстойдың "Анна
Каренинасындағы" "Өзіңмен өзің оңаша қалғанда да ұят іс істеме" деген сөзі
өмірлік кредом болған мен жаңа басшының алдында Димаш Ахметұлының ел аузында
жүрген жақсы қасиеттері, ел үшін еткен орасан зор еңбегін айтып, шығармашылық
қадамдарына  оң ықпал жасағаны үшін алғыс
сезімімді білдірдім. Димекеңді қолдаған сол сөзім үшін кейін талай таяқ жесем
де өкінген жоқпын. Димекең республиканың бірінші басшысы болып қайтадан сайланғанда
кезінде оған қарсы сөйлеген топ ұялмай, қызармай басқаша сайрай бастады. 1986
жылғы он алтыншы желтоқсаннан кейін Димекеңнің бұрынғы орнына қайта оралмасы
айдан анық еді. Соны білген жүзі қаралар тағы да Димекеңе тас ата бастады. Сол
топтың ішінде тағы да Аббасов жүр. Мына, "Известиядағы" кезекті
"әшкерелеуге" қол ұшын берген ана бір жылы осы суретті Димекеңнен аттай қалап
алған осы Айбасов емес пе? Мына суреттен кейін нәзік жаны тағы да жараланып
қалды-ау. Қой, бұлай отыра бергенім болмас, Димекеңе барып, көңілін көтеріп
қайтайын. Олжас сол оймен үйден шығуға жиналып жатқанда шыға берісте тұрған ақ
телефон шырылдап қоя берді. Ар жақтан Ерасылдың таныс дауысы естілді.
-Ассаламағалейкум, Олжеке!
-Уағалейкумассалам, Ереке!
-Қашан келдіңіз?
-Кеше түнде.
-Не істеп жатырсыз?
-үйден шығып бара жатырмын.
-Қайда барасыз?
-Димекеңе барып сәлем
бермекпін.
-Мен де барсам бола ма?
-Болады.
-Онда Димекеңнің
ескерткіш-бюстінің жанында кездесейік.
-Сәл кешіксем күтесің ғой.
Мен жолай бір жерге кіріп шықпақпын.
-Күтейін.
Ерасыл үйден шыққанда
еңкейген күн екіндіден ауып бара жатыр еді. Күн желкем. Күзгі аспан күңгірт
тартып тұр. Ерасылдың есіне Қонаевты алғаш көрген сәті оралды. Ол бүгінгідей
күреңқабақ күз күндерінің бірі еді. Онда Ерасыл бір топ студенттермен
бірге  тыңға астық жинауға көмекке
барған. Сол жылы да Қазақстан мол астық үшін күресіп жатқан. Егін орағының
қызған шағы. Көмекке келгендер де, жергілікті халық та ерте тұрады, кеш жатады.
Демалыс аз. Елдің бәрі көк жүзіне көз жіберіп дағдыланған. Аспанда асықтай бұлт
жоқ болса жұрт та жадыраңқы. Егер көк жүзін қорғасын бұлттар торлап, жаңбыр
жауса халық көңілсіз. Бәрінің ойлағаны астық қамы. Сондай күндердің бірінде
қырманда жұмыс істеп жатқан бір топ кісі күтпеген қуанышқа кенеліп, мәз-мейрам
болды да қалды.
Қырманда астық тазартып
жатқан бір жас қыз күрегі күнге шағылысып қуанышты дауыспен бұларға айғай
салды:
-Ау, жігіттер, мынаны
қараңдар, бізге қонақ келе жатыр.
-Бұлар кім болады екен,-деді
екінші бір студент.
Сөйткенше болған жоқ соңына
өрілген қою шаң қалдырып екі жеңілмашина қырман басына тоқтай қалды. Машинадан
жол киімін киген бір топ кісі сау етіп түсті де, қырман басында жұмыс істеп
жатқандарға қарсы жүрді. Ең алда орта бойлы, ақ сары жүзді көкшіл көз, орта
жастардағы орыс келеді. Оның жанында ұзын бойлы, кең жауырыны сәл еңкектеу
келген, жүзі жылы, түрі таныс кісі келе жатыр. Бұлардың соңында тағы бір топ
бар. Жаңағы топ кісінің ішіндегі бәрінен бойы 
биік жүзі жылы кісіні Ерасыл бұрын бір жерден көрген сияқты.  "Апыр-ау, бұл кім, қайдан көрдім?" деп ойлады
ол. Сөйткенше болған жоқ бұларды алғаш көріп айғайлаған аққұба қыз Ерасылдың
құлағына сыбыр ете қалды. "Ой, мынау Димекең ғой".
-Ол кім еді?-деді
студенттерге бас-көз болып жүрген жергілікті қарт. "Сіз білмеуші ме едіңіз?"
деді жаңағы қыз. Бұл кісі өзіміздің Димаш аға, кәдімгі Қонаев, Орталық
комитеттен келген өкіл. "Сонда бұл кәдімгі Дінмұхаммед Қонаевтың өзі ме? Е,
білмегенде. Ол кісінің өзін көрмесек те, сыртынан жақсы білеміз" деп қауқылдап
қуанып қалды қарт. Ерасылдың ойына енді түсті. Бұл кісінің өзін емес, суретін
көрген екен ғой. Өзін де көшеден бір рет көргені бар.
Ол кезде  ол кісі "Балалар әлемінің" жоғарғы жағындағы
үш қабат үйде тұрушы еді. Ерасыл кейде таңертең ерте Жазушылар Одағымен бірге
орналасқан көркем әдебиет баспасына келе жататын. Баспадан шығатын ұжымдық
жинақтарға  алғаш қатыса бастаған кезі
еді ол. Сондай бетпе - бет кездесіп қалған сәттерде ел аузында жүрген адамның
түр-түсіне қарайын деген оймен Ерасылдың бірде ол кісіге анадайда келе жатып
көз тігіп, жанарын тоқтатып қарағаны бар. Сонда ол кісі мұның жанынан өте беріп
күлімсіреп бас изеп сәлемдескен. Бір емес, бірнеше рет қарсы кездесіп қалса
керек. Ал түрі таныс кісінің бәріне сәлемдесіп, ізет көрсету оның қанына сіңген
қасиет. Одан кейін Ерасыл Қонаевты 
жылына екі рет бірінші мамыр және жетінші қараша мерекелерінде  парад алаңынан өтіп бара жатып үкімет үйінің
алдына орнатылған трибунадан, алыстан көретін. Сосын астанада жиі болып тұратын
әр түрлі салтанаттарда сахна төрінен көріп жүрді.
Ерасыл соның ешқайсысында да
ол кісіге жүзбе-жүз келіп еркін көз тоқтатып, асықпай қарай алған жоқ. Енді,
міне  ел аузында есімі ардақталып, ісі,
өнегесі аңызға айнала бастаған атақты адам қырманда жұмыс істеп жатқан
қарапайым жандарға келіп бұлардан бұрын өзі сәлемдесіп ең шетте тұрған Ерасылға
қолын ұсынғанда оның жүрегі ауға түскен балықтай бұлқынып, өзгеше бір сезіммен
лүп-лүп соқты. Өз-өзінен толқып, әлденеден қысылып қалған Ерасыл алғаш аңырап,
артынан өзіне өзі  келіп, қарсы алдында
қолын ұсынып тұрып қалған үлкен кісіге қол беріп, сәлемдесу керек екені ойына
түсіп, сол әбестігі үшін екі беті ду ете қап, құлағына дейін қызыл бояуға
малынып шыға келді. Апыл-ғұпыл, асығыс қолын икемсіз созған Ерасылдың
саусақтарын Қонаев ерекше бір ықыласпен қысты. Ол кісі сол бетімен қатарда
тұрғандардың бәрімен жағалай қол алысып сәлемдесіп шықты.
-Иә, жігіттер, халдарыңыз
қалай?-деді Қонаев бәріне естірте.
Жастар не дерін білмей үнсіз
тұрып қалды. Олар үшін қырман меңгерушісі болып істейтін жергілікті қария жауап
берді.
-Халымыз жақсы, рахмет сізге.
-Не үшін, ақсақал?
-Келіп халімізді білгеніңіз
үшін.
-Рахметті мен сіздерге айтуым
керек,-деді Қонаев жұмсақ жымиып. Жұмысты істеп жатқан сіздер. Қазақстан
астығының тағдыры сіздердің қолдарыңызда. Солай емес пе, Борис Михайлович?-деп
Қонаев жанында тұрған облыс басшысына қарады.
-Иә, солай,-дей салды ол
селсоқ қана.
Оның жауабы да, тұрысы да,
неге екенін кім білсін, Ерасылға ұнамады. Ол оның қимылына, сөзінен, тіпті
көзқарасынан, ешкімді менсінбей тұрған әлдеқандай бір тәкаппарлықты байқады.
Қонаев жұмыс жағдайы,
ауа-райы туралы әңгімемен біраз тұрып қалды.
-Енді қайталық, Димаш
Ахметович,-деді облыс басшысы сызданып. Бұлар машинаға қарай бет алғанда бұрын
әскер қатарында болған ересек бір студент Қонаевтың жанына жүгіріп келіп
жасқана шыққан жарықшақ үнмен:
-Аға, кешіріңіз, біздің сізге
бір өтінішіміз бар еді,-деді. Қонаев кілт тұра қалып жас жігітке жұмсақ
жанарымен мейірлене қарады.
-Айтыңыз.
-Айып етпесеңіз, сізбен бірге
суретке түссек деп едік. Ол біз үшін үлкен сый, өмірлік ескерткіш болар еді.
-Қайтеміз, Борис Николаевич,
жастардың тілегінен бас тартуға болмайтын шығар,-деді Қонаев серігіне.
-Сендер жұмысты жақсы
істейтін болсаңдар түсеміз,-деді ол қуақылана күліп.
-Осы үшін бүгін түнде дем
алмай қырманда қалып жұмыс істеуге бармыз,-деді жаңағы студент батылданып.
Сөйтіп бұлар ойда жақта
Қонаевпен бірге суретке түсті.
Арада он жыл өткенде Ерасыл
Қонаевпен екінші рет кездесті. Сол сәт әлі есінде. Жаздың жанға жайлы жаймашуақ
күндерінің бірі. Түнде жауып өткен ақ жаңбырға жуынған ару қала-Алматы сүйген
жігітімен кездесуге шыққан хас сұлудай жайнап тұр. Қазақстан комсомолының
кезекті съезіне делегат болып сайланған Ерасылдың көңілі көтеріңкі.
Құрбыларымен бірге ұлы Абайдың ескерткішіне гүл шоқтарын қойған Ерасыл съезд
өтетін Ленин атындағы сарайға келіп кіргенде фойедегі қаптаған қарақұрым
халықтың арасынан бір топ журналистерге сұхбат беріп жатқан Олжасты көрді. Өзін
қоршаған топтан иығы асып тұрған Олжастың желке тұсында ақиық ақынның аузынан
шыққан отты сөздерді қалт жібермей қадағалап Нағашыбай тұр. Ерасыл оның
сілеусін көзінен сілекей шұбырып, Олжастың сөзінен қылышынан қан тамған қызыл
империяның саясатына қарсы болмаса да қайшы келер қателік іздеп тұрған
мысықтілеулі пиғылын жазбай таныды...
Съезд өтетін сарайдың кең
залына келіп, алдыңғы қатардағы орындардың біріне келіп отырған Ерасыл
жастардың, тіпті, оны айтасыз, комсомол ардагерлерінің жүзінен танымсыз тулаған
жүректің, асығыс аққан асау қанының лүпілін сезіп, жалынды жастықтың бет
қарпыған, жігер жаныған қызулы лебін, отты демін сезді. Ол әр шешеннің сөзінен
соң тасталған отты ұрандар мен уралаған дауыстар тұсында делебесі қозып, қаны
тулай тасып, жалынды жастықпен қолтықтасып кетіп еді. Кірпік қақпай ояу тұрған
ұйқысыз сергек сезімдер Ерасылдың да қанын тасытқандай. Үзілістер арасындағы
қызу пікір алысулар жұлдызды жастықтың жүйіткіген қызық бір шағы.
Пленумға қатысушыларды Орта
Азия әскери округы мен шығыс шекара әскерлерінің жас жауынгерлері құттықтады.
Ерекше бір екпінмен, лаулаған отты сезіммен саңқылдаған анық, ашық дауыспен
сөйленген айқын пікірлі сөздер ерекше бір поэтикалық қуат тауып, жүрекке жыр,
көңілге нұр құйғандай. Жас балдырғандар-бастауыш сынып оқушылары құшақтары
гүлге, көмейлері жарға толып кең залға кернейлетіп кіріп келгенде, жан дүниесі
жаңғырып, көңіл шіркін сонау алаңы жоқ бал шақтың базарын бір барлап қайтты.
Пленумға қатысушыларға
арналып қойылған концерт ерекше әсер етті. Тарлан таланттары былай қойғанда
қазақ өнерінің жас жұлдыздарының үніндегі кең тыныс, ән салу өнеріндегі өзгеше
өрнектер Ерасылға ерекше әсер етіп еді. Комсомол  Съезінен алған сондай жақсы әсермен ол кешегі
комсомол, бүгінгі Төлеби көшесінің бойындағы 
үкімет үйіне келе жатты. Бүгін мұнда бір топ жас өнер қайраткерлерін
Қонаев қабалдамақ. Жүрек атша тулайды. Қуаныш, толқу сезімі ме, әлде
жауапкершілік жүгі ме, Ерасыл дәл қазір ол арасын анық ажырата алған жоқ,
әйтеуір әлденендей киелі сезім бүкіл жан дүниесін баурап алды. Ерасыл өз
қатарлас бір топ жастармен бірге төртінші қабаттағы кең кабинетке келіп
кіргенде төрте отырған Қонаев бұларды орнынан ұшып тұрып қарсы алды. Жастармен
жылыұшырай сәлемдескен ол:
-Қош келдіңіздер! Кәне,
төрлетіңіздер,-деді ұзын столды жағалай отырған жастарды нұрлы жанарымен бір
шолып өткен Қонаев құлаққа жағымды қоңыр үнмен сөз бастады.
-Сіздер өздеріңізбен бірге
жастықтың жалынды лебін ала келдіңіздер. Жастық дегеніміз сұлулық, жасампаздық
қой. Комсомол партияның қолғанаты ғана емес, сенімді серігі. Қазақстанның
бүгінге дейін қол жеткізген зор табыстарында сіздердің лайықты үлестеріңіз бар.
Еліміздің бүгінгі ғана емес, ертеңі де сіздерге байланысты. Өйткені сіздерде
адамның жан дүниесіне ізгілік рухын егетін, жасампаз совет адамдарын отаншылдық
рухта тәрбиелейтін талант бар. Материалдық байлықты жасап жатқан еліміз рухани
байлығымен де қуатты болу керек. Адамға ауа мен нан, от пен су қандай қажет
болса мәдениет те сондай керек. Кейде рухани қазынаның қасиетті қара наннан
да  керегірек кездері болады. мәселен,
құрсаудағы Ленинград тұрғындарына Жамбылдың "Ленинградтық өренім, мақтанышым
сен едің" деп басталатын өлеңі мен Шостоковичтің тоғызыншы симфониясы от
оранып, оқ астында қалған қала тұрғындарына 
қаншалықты күш-жігер бергенін сіздер тарихтан жақсы білесіздер. Екінші
дүниежүзілік соғыс кезінде одақтастар ұшағы Берлинді бомбалағанда француз
ұшқыштары  аспаннан Поль Элюар жырларын,
Гагарин ғарышқа самғағанда совет ұшқыштары Олжастың "Адамға табын жер енді"
поэмасын жаудырған жоқ па? Әлемді билейтін сөз, сөзді билейтін ақын. "Көркем
әдебиет жас баланы мемлекет қайраткеріне дейін тәрбиелейді" депті Фихтанберг.
Пролетариаттың ұлы жазушысы Алексей Максимович Горький бұдан ондаған жыл бұрын
қойған: "Мәдениет қайраткерлері, сіздер кімдермен біргесіздер?" деген сауалы
да, "Заводтар мен фабрикалардың көркем шежіресін жасайық" деген бастамасы да
ескірген жоқ. Бізге Ыбырайдың дәні қандай керек болса, Розаның әні, Олжастың жыры
да сондай керек,-деп көсіліп кең сөйлеген Қонаевқа Ерасыл сүйсіне қарады.
Алдында тұрған стаканнан бір
жұтым су ішіп, таңдайын жібіткен Қонаев тамағын бір кенеп алып, сөзін жалғады:
-Карл Маркс былай депті:
"Если человек трудится только для себя, он может, пожалуй, стать знаменитым
ученым, великим мудрецом, превосходным поэтом, но никогда не сможет быть
истинно совершенным и великим человеком". Ел үшін еңбек еткен адам бақытты.
Сіздердің шығармашылық жұмыспен алаңсыз айналысуларыңыз үшін КПСС Орталық Комитеті
мен Совет үкіметі, Бас хатшы барлық жағдай жасап отыр. Ендігі сөз сіздерде, жас
достар! Мына сіздердің-әдебиет пен өнер қайраткерлерінің жаңа сападағы жасампаз
Совет адамдарын тәрбиелеуге жаңа сәтті туындыларыңыз арқылы зор үлес қосып,
партиямыз бен өкіметіміздің әкелік қамқорлығына әспен жауап беретіндіктеріңізге
мен кәміл сенемін. Ендігі сөз сіздерде, жас достар! Қандай ұсыныс, тілектеріңіз
бар. Қысылмай айтыңыздар. Бұл бүкпесіз, ашық сырласу болсын!
Жастар бір-біріне қарап үнсіз
отырып қалды. Бұл күнде тасы өрге домалап, атағы жер жарған Саяси Бюроның
мүшесі Қонаевтың мысы басты ма, әлде үлкен кісінің алдында сөйлейміз деген ой
үш ұйықтаса да түсіне кірмей, дайындықсыз келді ме, жастар біріне бірі қарап,
бөгеле берді. Үнсіздік созылып бара жатқасын Қонаев та, қабылдауға келген
жастар да ыңғайсыздана бастағанда  оларды
бұл қиындықтан Олжас құтқарды.
-Димаш Ахметович!-деді Олжас
Қонаевқа  қарап,-мен бірер пікір айтсам
деп едім.
-Сөйле, Олжас, сөйле,-деді
Қонаев оған сүйсіне қарап.
Жылы жүзді қабылдау үшін
рахмет айта келіп, шығармашылықпен айналысып жүрген жастардың бәріне ортақ
проблемаларды айта келіп, "Қазақстан Комсомолының Орталық комитетіне Жазушылар
одағымен бірлесе отырып жас ақын-жазушылардың "Жігер" атты фестивалін өткізуді,
оған жергілікті жердегі жас таланттарды шақырып, фестиваль аясында
семинар-кеңес өткізуді ұсынамын! "-деді Олжас.
-Олжастың бұл ұсынысын мен
қолдаймын. Менің бұған қосарым, фестиваль ақын-жазушылармен шектеліп қалмай,
өнер мен ғылымды да қамтысын. Бұған комсомолдың орталық комитеті қарсы
болмайтын шығар,-деді Қонаев кездесуге қатынасып отырған республика жастарының
бірінші басшысы Арқатай Есеновичке қарап.
-Димаш Ахметович! Комсомол
үшін партияның сөзі заң. Біз сіздің айтқаныңызды бұлжытпай орындаймыз,-деді
бадырақ көз Арқатай Есенович басын шыбындаған жылқыдай қайта - қайта шұлғып.
Олжас жол ашып бергеннен
кейін қабылдауға келген жастар іркілген жоқ. Бірінен соң бірі сөз алып, көптен
көкейлерінде жүрген ойларын ортаға салды. Кездесудің орта тұсында Ерасылға да
кезек келіп еді. Қонаев оның да сөзін ықылас қоя тыңдады. Жастар республиканың
бірінші басшысының кабинетінен қанаттанып шықты.
"Бұл неткен тереңдік,-деп
ойлады Қонаевтың сөзімен қанаттанған Ерасыл.-Өзі тау кен инженері бола тұрып
әдебиет мен өнерді, тарихты қандай жетік біледі, Оның отан, халық алдындағы
азаматтық парыз, ел мен жер тағдыры жайлы ойлары баурап алғаны сонша ризалықпен
үнсіз қостай бересің. Оның адам бақсыз да, тақсыз да, тіпті баспанасыз да өмір
сүре береді, бірақ отансыз өмір сүре алмайды деген ойы қандай тамаша! Өзінің
ойын Бауыржан Момышұлының: "Отан үшін отқа түс, күймейсің", Жан-жак Руссоның
"Ең ізгі ерліктерді Отанға деген сүйіспеншілік туғызады" деген сөздермен
көмкеріп, көркем сөйлеген Димаш Ахметұлының сөздері көкейге қона кетті. Қонаев
сынды басшысы бар ел бақытты.
О дүние салған,
Осындай жандар келмесе.
Мағынасы да тірліктің
Кемір еді-ау жүз есе,- деп
Некрасов жазғандай  Қонаевтың дана
басшылығы болмаса өсіп-өркендеуіміз де, бәлкім, дәл бүгінгідей болмас еді.
Елдің бағын ашпаса,
Ер мұратқа жетер ме?!
Ерінің сағын сындырса,
Ел мұратқа жетер ме?!-
деп Ұлы Даланың ұлағатты ұлы
Әйтеке би тегін айтты дейсің бе? Арғы заман ақыны айтқандай Димеке сіз:
Қолда тұрған алтынсың,
Біле алса халқың пұлыңды.
Елін сүймеген ешкімді
сүймейді. Халқын сүймегенді қарғыс атады. "Адамда жақсы қасиет болмаса, оған
бақ та, бақыт та қонбайды" деген Жүсіп Баласағұн: "Өз пайдаңды ойлама, ел
пайдасын ойла, өз пайдаң соның ішінде" деген жоқ па? Ескіден жеткен есті сөзді
жадымыздан шығармай, Димаш Ахметұлы құсап ел пайдасын ойлап жүрміз бе?..
Сол жолғы қабылдаудан соң
сондай бір ой толқынын кешкен Ерасылдың ойына Қонаевпен жеке кездескен бір сәт
оралды. Бұл Ерасылдың республикалық әдеби апталықта істеп жүрген, алғашқы
кітаптары шыққан кез еді. Көктемнің кенже қызы-май айының соңғы күндерінің
бірі. Ару Алматы жылдың төрт мезгілінде де сұлу ғой. Мана таңертеңгі жауыннан
соң  шаң, тозаңнан тазарған қала үйлену
тойы кезіндегі қалыңдықтай  жайнап,
жасарып шыға келеді. табиғат тамылжып, айнала аңылжып тұр. Ол кезде қазіргідей        жеңі көлік көп емес. Қоғамдық көлік
жүрмейтін, у-шудан алыс тыныш көшемен үкімет үйіне жаяу бармақ болып ақырын
аяңдаған Ерасыл жан-жаққа сүйсіне көз тастап келеді. Оңтүстік жақта қаланың
көркіне көрік қосып, ақбас шыңдары аспанның өзіне асқақ қараған Алатау тұр.
Бойшаң болып өскен тал, теректер сұлу қыздай самбатты. Тау жақтан соққан саумал
самалмен әнтек тербелген жап-жасыл жапырақтар Саси Бюроның мүшесімен кездесуге
келе жатқан жазушыға  жол болсын айтып
тұрғандай ақырын ғана сыбдырлайды. Құлпыдай құлпырған қала көркіне сүйсіне
қараған Ерасыл Сәтпаев атын еншілеген көшенің бойындағы алты қабатты еңселі
ғимаратқа келіп кіргенде сағат тілі күндізгі төртке тақап қалып еді. Алтыншы
қабатқа көтеріліп, алдымен Қонаевтың бірінші көмекшісі Исатай Ержановтың
кабинетіне бас сұққан Ерасыл одан:
-Димаш Ахметұлының
қабылдауында қанша уақыт болған жөн,-деп сұрады.
-Өзіңіз білесіз,-деп ойлана
сөйледі Ержанов.-Димекеңнің жұмысы көп, уақыт аз. Содан да жұмыс кестесі өте
тығыз. Сол себепті де жарты сағаттан артық уақыт алмағаныңыз жөн.
-Егер сөзіміз жарасып, әңгіме
ұзарып кетсе ше?
-"Жазушы адам жанының
инженері" деп бекерге айтылмаған болар. Сіздер адамды қас-қабағына қарап
танитын психологсыздар ғой.  Әңгіме
ауанына қарай көресіз де.
Ерасыл Ержановтан ақыл-кеңес
алып қабылдау бөлмесіне келіп кіргенде ұзын бойлы, ер мұрынды, ат жақты, ашаң
денелі хатшы әйел Мағрипа Рамазановна мұны құрақ ұшып қарсы алды. Қырықтың
қырқасына шықса да қыз кезіндегі сұлу сымбатын жоғалтпаған ол орнынан ширақ
тұрды да:
-Кіріңіз, Димаш Ахметович
сізді тосып отыр,-деп қос қабат емен есіктің біріншісін ашты. Ерасыл екінші
есікті ашып ішке кіргенде төрте отырған Қонаев орнынан тұрып, бұған қарсы
жүрді. Екеуі ұп-ұзын, кең кабинеттің орта тұсында ұшырасты. Амандық-саулықтан
соң екеуі бұрынғы Мир, бүгінгі Желтоқсан көшесі жақтағы үлкен терезелерге
жапсарлас қойылған ұзын столға келіп отырғасын сөзді Ерасыл бастамақ болып еді,
өзі пір тұтатын адамның алдына келгенде жүрегі атқақтай соғып, аз кем кідіріп
қалды. Сол сәт Қонаев мұның алдын орап кетті.
-Бүгінгі күн мен үшін ерекше
күн. Сізбен-болашағынан үлкен үміт күттіретін талантты жас жазушымен кездесіп,
жақынырақ таныс-біліс болатыныма қуаныштымын,-деді Қонаев Ерасылдың жүзіне тура
қарап.
Ерасылдың да айтпағы осы
мағынада еді. Жаңа осында келе жатып жол бойы жұптаған сөзі: "Бүгін мен үшін
бақытты күн. Сізбен жеке кездесіп, жақын танысқаныма қуаныштымын. Қымбат
уақытыңызды бөліп қабылдағаныңыз үшін көп-көп рахмет!" дегенге саятын. Ол сөзді
қабылдауға келген бұл емес, үлкен кісінің өзі айтып қойды. "Енді сөзді қалай
сабақтасам екен?" деген оймен аз-кем абыржып қалған Ерасылдың көңіл-күйін
көзінен таныған Қонаев орнынан тұрып Ерасылдың жұмыс столының үстінде жатқан үш
кітабын алып келді. Ерасылдың көзіне өз кітаптары оттай басылды. Қонаев
Ерасылдың бұдан бірер жыл бұрын жарыққа шыққан "Тұсаулы тұлпар" атты кітабының
алғашқы бетін ашып, сөзін сабақтады:
-Мына кітаптың аңдатпасында:
"Бұл өн бойына философия мен психология, лирика мен трагедия жымдаса өрілген
қатпары қалың кесек туынды" деп дәл анықтама беріпті. Кеше жұмыстан соң бір
кеште бір деммен оқып шықтым. Сіз бұған жазылған Лев Толстойдың "Холстамерін"
де, Джек Лондонның "Белый Клыгін" де, Сетон Томсонның "Мустанг-Иноходецін" де
қайталамай өзіңізше өрнек тауып, қиыннан қиыстырыпсыз. Жаугершілік заманда
тұтқынға түскен жас батыр мен оның туған жерін аңсаған жандүниелерін жарыстыра
суреттеп, оқушының отансүйгіштік сезімін оятқан екенсіз. Меніңше, бұл біздің
әдебиетіміздегі жаңа сөз. Осындай ойлы шығарма жазып, отызға жетпей орда бұзған
сізден халқымыз зор үміт күтеді. Ал енді әңгімеңді айта отыр. Жазушы бауырларым
амандықта ма, аралары тыныш па?
Өзінің кітабын көрген сәтте
сенімді серігін көргендей сергіп, көңіл толқынын тежеп, еңсесін тіктеп алған
Ерасыл өзінің өзегін жарып шыққан шығармасы жайлы пікірінен соң қанаттанып
кетті. Енді ол жалғыз жазушылар одағы жайлы ғана емес, өзін толғандырған өзге
де мәселелер жайлы шешіле сөйлеп, кеңінен әңгімеледі. Қызды-қыздымен біраз
әңгіменің басын қайырған Ерасыл сөз арасында қайта-қайта білегіндегі сағатына
қарай берді. Соны байқап қалған Қонаев:
-Сіз сағатқа қарай бердіңіз
ғой, асығып отырсыз ба?-деп сұрады.
-Асығып отырғаным рас, Димаш
Ахметович,-деп жауап берді Ерасыл.
-Неге?
-Сіздің аз уақытыңызды
көбірек алдым-ау деп мазасызданып отырмын. Әйтпесе асығатын өзге себеп жоқ.
-Уақыттың аз екені рас,-деді
Қонаев Ерасылға мейірлене қарап.-Әйтсе де халықпен, тем более жазушымен
сөйлеспегенде кіммен сөйлесеміз? Асықпаңыз.
Осы сөзден соң да біраз
әңгіменің басын қайырған Ерасыл білегіндегі сағатына көзі түсіп, шошып
кетті.  "Ал керек болса, үлкен кісінің
алдында тұп-тура бір сағат жиырма минут отырыппын ғой. Тезірек кетпесем ұят
қой". Осы оймен орнынан тұра берген Ерасылдың иығына қолын салған Қонаев:
-Әлі де асықпаңыз. Қандай
бұйымтайыңыз бар? Ал енді соны айтыңыз,-деді.
-Ешқандай бұйымтайым жоқ.
-Дегенмен айтыңыз. Қолымнан
келгенше көмектесемін.
-Жо-жоқ, ешқандай бұйымтайым
жоқ.
-Қысылмай айта беріңіз. Не
тілегіңіз бар?
-Апыр-ай,-деді Ерасыл
сасқалақтап.-шынын айтқанда сізден бір нәрсе сұрайын деген ойым жоқ еді. әйтсе
де, сіз үлкен басыңызбен үшінші рет сұрағанда тағы да "жоқ" деп сөз қайырғаным
ыңғайсыз болар. Тәуекел, не де болса бір нәрсе сұрайын.
-Е, сұраңыз, сұраңыз,-деп
жадырап сала берді Ерасыл "бұйымтайым жоқ" дегенде қабағы кірбің тартқан
Қонаев.
Оның сырын Ерасыл кейін
білді. Ең жоғарғы биліктің қағазға жазылмаған қағидасы бойынша елдің бірінші
басшысының алдына жету-қиынның қиыны. Ондай бақ басына қонған адам сол сәтті
пайдаланып көптен көкейін тескен арманын айтып, біріншіден басқаның қолынан
келе бермейтін аса бір маңызды тілегіне қол жеткізеді екен. Сол кездің
өлшемінде ол біреулер үшін пәтер не машина болу, біреулер үшін атақ не қызмет,
тағысын тағылар. Ерасылдың орталықта үш бөлмелі пәтері бар. Газеттегі жұмысы
өзіне ұнайды. Атақ алу туралы ойлаған да емес.Енді не сұрасам екен деп ойланып
қалған оны Қонаев:
-Қысылмай тілегіңді айта бер.
Маған келіп тұрып бұйымтай айтудың ең айыбы жоқ,-деп демеп жіберді.
-Қымбатты Димаш
Ахметович!-деп ойлана сөйледі Ерасыл.-Ел мүддесі, халық қамының жанында жеке
бастың бұйымтайы деген не, тәйірі. Ал сіз халық үшін қаншама тарихи ұлы
жұмыстар істеп жатырсыз. Менің сізге айтар тілегім біреу-ақ,  егер қарсы болмасаңыз сізді сағынғанда келіп
тұрайын.
Ерасылдың сөзін ықылас қоя
тыңдаған Қонаевтың аққұба жүзі атып келе жатқан таң нұрындай алаулап, ойлы
жанарында жұп-жұмсақ нұр жүгіріп өтті. Ерасылға мейірлене қараған Қонаев
тебірене сөйледі.
-Апыр-ай Ереке, Сіз бұған
дейін ешкімнің ойына келмеген оригинальный тілек айттыңыз-ау. Шын жүректен
шыққан сол тілегіңізді мен шын жүректен қабыл алдым. Сізге есік әрқашан ашық.
Қалаған кезіңізде келіп тұрыңыз. Әйтсе де, бір нәрсені ескергейсіз. Егін орағы
не Саяси Бюроның кезекті мәжілісіне дайындық кездерінде менің сізді дәл сол
сәтінде қабылдай алмауым мүмкін. Ондайда біраз күтуіңізге тура келеді. Ал
асығыс шаруа болып қалса менің көмекшілеріммен хабарласыңыз. Мен оларға
ескертермін. Аса қиын шаруа болмаса олар да шеше береді. Алда-жалда менің
араласуым қажет болса, олар сіздің тілегіңізді маған жеткізеді. Жазушы дейтін
халықтың жүрегі тым нәзік қой. Сіздердің сәл нәрсеге қуанып, кейде болмашыға
бола ренжіп қалатындарыңыз бар. Сондай бір өкпе, наз болмасын деп айтып
жатқаным ғой.
-Менде өкпе жоқ, бауыр ғана
бар. Тілегімді қабылдағаныңызға аса разымын. Сізге мың да бір рахмет, Димаш
Ахметович!
Ерасыл толқи сөйлеп, орнынан
тұрды. Қонаев Ерасылдың көзінен оның жалтаңы жоқ жан дүниесін жазбай таныды.
Ерасылды қабылдау бөлмесіне дейін ұзатып салған Қонаев онымен жылы қоштасты.
Ерасыл бұдан кейінгі жылдарда
Қонаевтың қабылдауында бір емес, бірнеше рет болды. Соның бәрінде де ол жеке
басының шаруасын айтқан емес. Үнемі елдіңтілегі мен халықтың мұң-мұқтажын ғана
айтты. Рас, бір рет бір бұйымтай айтуына тура келді. Сол жылы өзімен бірге
тұрған туған інісі үйленіп, үш бөлме тарлық етті. Сол күні қашанғы әдетінше
асығып, жүрегі алып ұшқан Ерасыл Қонаевпен тезірек кездескісі келіп Жазушылар
одағының бірінші хатшысына келді де:
-Арыстан аға, мына
кремлевкаңызбен бір-екі минут сөйлесуге рұқсат етіңізші,-деді.
-Сөйлесе ғой,-деді ақ көңіл
ақын елпілдеп. Үкіметтік байланыс желісіндегі телефон трубкасын көтеріп,
қажетті номерді терген Ерасыл асыға сөйледі.
-Саламатсыз ба, Димаш
Ахметович! Мен Ерасыл Жақсыбековпін. Сізді мазалағаным үшін кешірім
сұраймын.  Бір шаруа болып тұр. Мені
қабылдайсыз ба?
-Ол не шаруа? Асығыс болса
телефонмен айта беріңіз. Асығыс болмаса екі аптадан соң хабарласыңыз.
-Асығыс болғанда қандай?
-Қазір қайдасыз?
-Жазушылар Одағынан телефон
шалып тұрмын.
-Маған он бес, жиырма минутта
жете аласыз ба?
-Он минутта жетемін, Димаш
Ахметович!
-Онда тез келіңіз. Мен
үзеңгіге аяғымды салып тұр едім, күтейін.
-Рахмет, Димаш Ахметович!
Қазір тез жетемін.
Осыны айтып, телефон тұтқасын
орнына қойған Ерасылға Арыстан:
-Әй, сен ана жолғыдай
министрлердің  бірімен сөйлеседі екен
десем Димаш Ахметовичтің тура өзіне шықтың ғой. Менің кабинетімнен телефон
шалғаның мен үшін біраз ыңғайсыз болды.
-Түк те ыңғайсыздығы жоқ.
Ұлылар кешірімшіл, кеңпейіл болады. "Жақсылық қылсаң бүтін қыл" деген. Мен
сіздің машинаңызбен ЦК-ға жетіп қалайын.
-Жарайды ЦК-ға жет те,
машинаны сол жерден қайырып жібер. Жұмыс күні аяқталып қалды ғой. Сәнім жеңгең:
"Елден ағайындар келді. үйге тез қайт. Жолай қызыңды ала кел!" деп бұйрықты
бұрқылдатып жатыр.
-Жарайды. ЦК-ға жетсем болды.
Қайту проблема емес. Димекеңнің өзі-ақ жеткізіп салады үйге,-деді Ерасыл
қашанғы әдетімен әлі бетінен қағып көрмеген ақын ағасына әрі әзілдеп, әрі
еркелеп.
-Өй, мынау қайтаді-ей?! Өзің
тым аспандап барасың ғой. Байқа, бала, байқа. Аспандай берме жерге түс.
Димекеңнің алдында асқақтап бірдеңені бүлдіріп алма!-деді әзіл сөзін шын көріп
қалған ақкөңіл ақын асығыс жөнеле берген Ерасылға дауысын көтере сөйлеп.
Ерасыл келгенде Қонаев
білегіндегі сағатына көз қиығын салып қойып, кабинетінде түрегеліп тұр еді.
Үстінде қаракөк макентош. Басында макентош түстес шляпа.
-Тыныштық па?-деді Қонаев.
-Тыныштық, Димаш
Ахметович,-деді Ерасыл.
-Ал, кәне қысылмай айта бер,
не жағдай?
-Маған бес бөлмелі пәтер
алуға жәрдемдессеңіз екен. Бірге тұратын інім үйленіп еді. Келіннің де аяғы
ауыр... Үш бөлмеде екі жанұя... Кітап жазу қиын болып тұр.
"Жаңа Димекеңнің "үзеңгіге
аяғымды салып тұр едім" дегенде кабинеттен шығып бара жатқанын айтқан екен ғой.
Жазушының қаламына да жиі орала бермейтін бейнелі сөз ғой бұл. Үлкен кісіні
кідірткенім жөнсіз болды-ау. Енді көп уақытын алмайын" дегенді қас-қағымда ойлап
үлгерген Ерасылдың асығып-аптығып, үзіп-жұлып айтқан сөзінен оның көңіл-күйін
сергек сезген Қонаев:
-Бар шаруаң осы-ақ па?-деді
жұмсақ жымиып.
-Айпықа бұйыра көрмеңіз Димаш
Ахметович. Бұл сөзге ұсақ болғанмен, мен үшін аса үлкен, аса маңызды шаруа.
-Саған бермеген пәтерді кімге
береміз, Ереке? Бірақ Алматыда бес бөлмелі пәтер жоқ. Бес бөлмелі пәтер салуға
Мәскеу рұқсат бермейді.
-Сіз берсеңіз мен айтайын бес
бөлмелі пәтердің қайда бар екенін. Бүгін газеттен су шаруашылығы министрі
Төребек Төлегеновтің Талдықорған обкомының бірінші хатшысы болып сайланғаны
жайлы хабар оқыдым. Фурманов пен Құрманғазы көшелерінің қиылысқан жеріндегі бес
қабатты үйде сол кісінің бес бөлмелі пәтері бар. Төребек Төлегенович енді
Талдықорғанға қоныс аударады ғой. Сол пәтерді алып беруіңізді өтінемін.
-Ә, иә, енді есіме түсті.
Қызылордада қызмет істеп жүрген Төребек Төлегеновті Алматыға шақырып,
минситрдің орынтағын ұсынғанымызда: "Астанада төрт бөлмеден артық пәтер жоғын
білемін. Туған жерде, жалғыз қабат жер үйде емін-еркін тұрып жатқан басым он
баламен қаланың қуықтай төрт бөлмелі пәтеріне қалай сиямын. Мені қозғамасаңыз
қайтеді" деп қиналғаны есімде. Сонда мен "Пәтерге бола бюроның шешімін өзгерте
алмаймын. Есесіне сізге қуықтай төрт бөлме емес, даладай бес бөлмелі пәтер беремін"
дедім де сол кезде жаңа салынған сол үйдің үш бөлмесі мен екі бөлмесін
қосқызып, бес бөлмелі пәтер бергенмін.
-Иә, сол Төребек Төлегеновпен
көршімін. Ол кісінің үйінде болғанмын.
-Ол Совминнің есебіндегі үй
ғой. Менің сырттай билік айтқаным ыңғайсыз болар. Баймен Асыловтың алдынан
өтейін.
Осыны айтып төрге озған
Қонаев қаптаған телеаппаратының біреуінің тұтқасын көтерді. Әйтсе де Министрлер
кеңесі төрағасы орнында жоқ болып шықты.
-Қап, әттеген-ай,-деп өкінді
Ерасыл.-Жолым ауыр менің.
-Сен бұған бола көңіл-күйіңді
бұзба,-деп жұбатты алдына келгендердің көңілін табуға тырысатын Қонаев
адамдарға жаны ашып тұратын қашанғы әдетімен. -Мен ертең Чехияға ұшамын. Бәймен
Асылович мені ұзақ жолға шығарып салуға әуежайға келеді. Сонда сенің шаруаңды
жақсылап айтамын. Егер Бәймен Асылович ол пәтерді біреуге беруге уәде етсе, оны
бұзуға болмайды. Ешкімге бермеген болса ол пәтер сіздікі. Мәселе оңынан шешілсе
біздің жігіттер сізбен өздері хабарласады.
-Беріп қойса қайтем?
-Онда жаңа салынып біткен
үйлердің бірінен таңдап тұрып төрт бөлмелі пәтер аласың.
-Келістік пе, інішек?!
-Келістік. Сізге мың да бір
рахмет, Димаш Ахметович!
Осы әңгімеден соң Ерасыл
пәтер жайлы асыға күтті. Алайда ешкім бұған хабарласқан жоқ. "Ол пәтерді
Министрлер кеңесінің төрағасы біреуге беріп қойды ма екен. Аса маңызды
мемлекеттік жұмыстар  қат қабат келіп
жатқан тұста Димаш Ахметович мұндай ұсақ-түйек шаруаларды ұмытып кетті ме? Кім
білсін, мүмкін, бәрі де мүмкін" деп ойлады Ерасыл. Арада екі күн өткенде
теледидар мен радио кешкісін Қонаевтің Чехословакияға ресми сапары жайлы Совет
Одағы телеграф агенттігінің ресми хабарын тартты. Онда: "КПСС Орталық Комитеті
Саяси бюросының мүшесі, Қазақстан компартиясы Орталық Комитетінің бірінші
секретары Дінмұхаммед Ахматұлы Қонаев жолдас басқарған ресми делегация кеше
Чехия астанасы Прагаға келді. Прага қаласының әуежайында Қонаев жолдас
басқарған делегация мүшелерін Чехия коммунистік Партиясының бірінші секретары
бастаған ресми адамдар қарсы алды" делінген. Осы хабардан соң арада тағы үш күн
өтті. Ерасыл бес бөлмелі пәтерден күдер үзе бастады. Әйтсе де, Қонаев жазушының
өтінішін ұмытқан жоқ-ты. Ол шетелге ұшқалы тұрып Бәймен Асыловтан бес бөлмелі
пәтер жайын сұрағанда ол сол пәтерге Орта Азия әскери округі қолбасшысының
орынбасары, генерал-полковник Беленожконың құда түскенін айтты.
-Сіз оған уәде бердіңіз
бе?-деп сұрады Қонаев Асыловтан.
-Жоқ, уәде бергенім жоқ.
-Онда ол пәтерді жазушы
Ерасыл Жақсыбековке беріңіз. Генералдар келеді, кетеді.  Жазушы өзіміз ғой.
-Бұл ойыңыз дұрыс, Димаш
Ахметович!
Осы әңгімеден соң арада екі
апта өткен соң Ерасыл бес бөлмелі пәтерге көшті.
Сексен алтыншы жылдың күзінде
Ерасыл Қонаевқа екінші мәрте өтініш айтты. Ол өтініші бүкіл өмірін өнерге
арнап, театр сахнасы мен кинода талай бейнелерді мінсіз мүсіндеген Қазақстанның
халық әртісі Кәмила Айтжанованың қайталанбас хас таланты мен талай жылғы ерен
еңбегін ескеріп оған КССРО Халық әртісі атағын алуына көмектесу жайлы еді.
-Апыр-ай,-деді Қонаев
таңданысын жасыра алмай.-Оның қатарларының бәрі бұл атақты алғанда ол неғып қалып
қойған. Бір ғана Қаракөз бен Дездемона образы үшін-ақ ол ең жоғары атаққа лайық
емес пе? Бұл да біздің көп қателігіміздің бірі екен. Оны түзетпесек болмас.
Еске жақсы салдыңыз. Қонаев осыны айтып телефон түймесін басты.
-Арқатай Есенович,-деді
Қонаев,-біздің қазақ өнерінің жұлдызы Кәмила айтжанованы білесіз ғой.
-Білгенде қандай,-деп таңдайы
тақ ете қалды Арқатай Есенович.
-Білсеңіз сол кісіге КССРО
Халық әртісі атағын әперейік. Министрмен келісіп, келесі бюроға құжаттарын
әзірлеңіз.
-Ол болмайды!
-Неге?
-Она такого высокого звания
не тянет.
-Дегенмен ойланыңыз. Кәмилә
айтжанованың таланты мен еңбегі жоғары атақ алғандардың ешқайсынан кем емес.
Сол себепті де...дей берген бірінші хатшының сөзін идеология жөніндегі салалық
хатшы бөліп жіберді.
-Кәмила Айтжанованың
Қазақстан жұлдызы болғаны да жетер. Одақ жұлдызы болуға ол жарамайды. Мен ондай
жоғары атаққа оны ұсына алмаймын.
Ерасыл Арқатай Есеновичтің
саңқылдаған ащы дауысын өз құлағымен естіді:
-Міне, көріп отырсың ғой, бұл
шаруаның ретін келтіре алмадық,-деді Қонаев екі алақанын жайып.-Өкінішті. Қәйт
дейсің енді? Мына дүлей Арқатай Есеновичті айтамын, соңғы кездері Мәскеуге арқа
сүйеп, айтқанды тыңдамайтын болды.
Арқатай Есеновичтің
бетбақтырмаған мына бетсіздігіне Ерасылдың жыны келді. Бұл Ерасыл күтпеген жай
еді. Бұлай болар деп кім ойлаған? Күні кешеге дейін Қонаевтың алдында құрдай
жорғалап  "Димеке, өмір бақи сізге адал
қызмет етуден басқа арманым жоқ" деп сайраған Арқатай Есенович емес пе еді
бұл,-деп ойлады Ерасыл.-Енді Қонаевтың биліктен шеттетіле бастағанын сезіп,
құбыла қалыпты. Бүкіл саналы өмірін ел игіліг жолындағы адал еңбекке арнап,
Қазақстан сынды алыптың басқару тізгінін жиырма бес жыл бойы берік ұстаған,
республикада  сексен жеті қала салып,
ауыл шаруашылығы мен ауры өнеркәсіпті, ғылым мен мәдениетті қатар өркендеткен,
адалдығы аңызға айналған, ерен еңбегі үшін Социалистік Еңбек Ерінің Алтын
жұлдызын бір емес үш рет алған, құдыреті күшті Саяси бюроның ең беделді, аса
ықпалды мүшесі, Бас хатшы Брежневтің жақын досы болған Қонаевтың  билікке кездейсоқ келген қайдағы бір
кездейсоқ қаңылтыр қайраткер Арқатай Есеновичке сөзі өтпеді деген не сұмдық?
Бұл әлдебір жаманшылықтың басы ма? Арқатай Есеновичтің бар арманы Республиканың
бірінші хатшысы болу ғой. Сол арманына жету үшін "процентомания" дегенді ойлап
тапты. Оның мәнісі-билікті де, жоғарғы оқу орнына қабылданушылар да республика
тұрғындарының санына сай өзіне лайықты орын алу керек. Осы принцип
сақталмағандықтанұлы орыс халқының өкілдері қағажу көруде. Шовенистерге ұнайтын  осындай пікірлеп айтып, соңғы съезде Қонаевты
қатты сынаған Арқатай Есенович Кремльдегі дөкейлердің көңілінен шықты. "Бөліп
ал да, билей бер" дейтін арандатушылық әрекеттерге әбден машықтанып алған
орталықтағы  арам пиғылдағы шенеуніктер
үшін  Арқатай Есенович сияқты сатқындар
таптырмайтын тамаша қолшоқпар емес пе? Қонаевтың орнына тезірек отырғысы келіп
аласұрған Арқатай Есенович ұлтын сатып ұшпаққа шықпақ. Билік тізгіні "Қаратіс"
атанған, кешегі Желтоқсан көтерілісі кезінде қандастарын қан қақсатқан бұл
қаніпезердің қолына тисе қазақтың күні не болмақ?.."
Бір сәт осындай ауыр ойларға
шомған Ерасыл биліктен шеттетіле бастаған Қонаевты аяп кетті. "Халыққа жаққан
Қонаев Горбачевқа ұнамай-ақ қойды,-деп ойлады Ерасыл.-Қонаевта кінә жоқ. Ала
тайдай бүлініп жүрген ана таздың өзі. Ана бір жылдары Ставропольде жүргенде бұл
да Арқатай Есенович құсап Қонаевтың алдында құрдай жорғалап жүруші еді. Бас
хатшы болғалы күрт өзгерді. Бүгінде басшымызға ғана емес, халқымызды да басынып
барады. Желтоқсан көтерілісінен кейін тәубесіне келіп, тізгінін сәл тартып еді,
арада аз уақыт өтісімен баяғы әніне қайта басты. Горбачев ана жылы Целиноградқа
келген сапарында өзінің сұрағына жауап бере бастаған Қонаевқа арқасын беріп,
сырт айналғанын да көгілдір экраннан өз көзімізбен көрдік. Бас хатшының Қонаевты
қырына алғанын халық көріп, біліп отыр. Әйтсе де, КССРО-да ғана емес, бүкіл
дүниежүзілік деңгейде үлкен беделге ие болған Қонаевты орнынан бірден алып
тастау жағдайды ушықтырып жіберетінін Горбачев та түсінді. Содан да амалсыз
аңысын аңдып отыр. Әйтсе де Қонаевтың билік басында бұдан былай көп отыра
алмайтыны қазірдің өзінде-ақ белгілі болды. Содан да ғой Арқатай Есеновичтің
асқақтап шыға келгені..."
Олжаспен бірге барып,
Қонаевқа сәлем беруге жиналған Ерасыл біраз уақыт ой орманын кезіп кетіп еді.
Аш шектей шұбатылған ойды ту сыртынан шыққан:
-Ереке!-деген дауыс бөлді.
Қонаевтың ескерткіш-бюстіне қарап ойға шомған Ерасыл жалт бұрылды.
-Кеттік, Олжеке!
Есікті Қонаевтың өзі ашты.
-Оңаша қалған оңды сәтті
пайдаланып, кітапханамды реттеп жатырмын,-деді едендешашылып жатқан кітаптарға
сұраулы жүзбен қараған Олжастың ойын айтпай ұққан Қонаев.-Арсыз адамдардың
кітаптарын адал азаматтардың кітаптарымен қатар қойғым келмеді. Мына жерде
жатқан мусорлардан арылмақпын.
Олжас әлдебір әуестікпен
әлдебір кітапты алып қарай бастады. Кітаптың алғашқы бетіне жазылған қолтаңбаға
көз жүгіртті. Онда: "Халқымыздың ұлы әкесі, кемеңгер көсемі Димаш Ахметұлы
Қонаев пен оның аяулы жары Зухра Шәріпқызына! Сіздер барда біз бақыттымыз" деп
жазылған екен.  Бұл кірпіш кітап Әбдіғали
Айбасовтың "Қызылдар мен Ақтар" атты трилогиясы еді... 
           VI
Тәрбие ауруханада айға жуық
жатты. Осы кезде оған күн сайын бір-ақ адам келіп тұрды. Ол-Талап. Хал-жағдайын
біліп, қамқорлық жасайтын жанашыр табылғасын Тәрбие елдегі жақындарына
ауруханада жатқанын айтқан да жоқ. Өзінен гөрі өзгелердің жағдайын көібрек
ойлайтын ол өліра дейтін өтпелі өлмешінің күйін кешіп, қалт-құлт күн көріп
отырған қарт ата-анасы мен жұмыстан шығып қалған ағасын мазалағысы келмеді.
Тәрбие алғашында жанына батқан аурумен алысып, Талапқа көп көз тоқтатпаған еді,
арада оншақты күн өткенде ғана ол жайлы ойлай бастады. «Адамның адамшылығы қиын
кезде танылады ғой,-деп ойлады Тәрбие. Мына Талап қандай мейірімді жігіт. Құдай
оған түрді де, ақылды да жомарттықпен сыйлаған екен. Сымдай тартылған сырықтай
бойға кең кеуде мен тіп-тік иық көз жауын ала жарасып тұр. Ат жақты жігіттің
жазық маңдайының оң жағын ала құлаған қап-қара шашы, қою қасы, қыр мұрыны
сымбаты бөлек сұлулықты онан сайын көркейтіп тұр. Бәренен де мінезін айтсаңшы,
мінезін! Артық ауыс сөз айтпай, жаңа түскен жас келіндей сызылып туған болса
екен деп кім армандамас дейсің?..»
Талаптың сүйіспеншілік
сезімін алғаш оятқан Әтіркүл есімді сұлу еді. Екеуі осыдан үш жыл бұрын көшеде
кездейсоқ танысқан болатын. Талап автобус күтіп тұрғанда аялдамаға сұңғақ
бойлы, сұлу қыз келе қалды. Күз мезгілі еді. Жаңбыр жауып тұрған. Киімі жұқа,
қолында қол шатыры да жоқ қыз тоңа бастады. Талап қарап тұрмай қыздың жанына
келіп, қолшатырымен қызды  сәт сайын үдей
түскен жауыннан қорғады. Автобус тез келе қоймады. Дір-дір етіп тоңған қыз
Талаптың бауырына тығыла түсті. Талап тоңған қызды аяп кетті. Табиғатына тән
қайырымдылықпен үстіндегі пиджагін шешіп қызға кигізді.
-Рахмет аға!-деді жанары жарқ
ете қалған қыз.
-Айналайын атың кім?-деді
Талап.
-Әтіркүл,-деп сыңғыр ете
қалды сұлу қыз.
-Менің есімім-талап.
Сол сәт бұлар  күткен қоғамдық көлік те келе қалды. Екеуі
автобусқа бірге отырды. Екеуі кезекті аялдамадан бірге түсті. Қыз жігітті өзі
тұрып жатқан пәтерге шақырды.
-Сіз суықтап қалдыңыз. Үйге
кіріп жылынып  шығыңыз,-деді қыз. Талап
«рахмет» деп етпек болған.
-Үйге кірмесеңіз пиджагіңізді
бермеймін,-деді Әтіркүл.-Сіз жаңа үйге пересадкамен жетемін деген жоқсыз ба?
Мына түріңізбен қалай бармақсыз?
Талап бір көргеннен ұнатып
қалған қыздың соңынан ерді.
-Осы аядай ғана бір бөлмеде
екі қыз тұрып жатырмыз,-деді Әтіркүл.-Пәтерақысы удай. Условиесі болғасын оған
да көндік.
-Көршіңіз қайда?
-Елге кеткен. Екі-үш күнсіз
келе қоймас.
Сөйлей жүріп шай қайнатқан
Әтіркүл дастарханға бір бөтелке ақ арақ қойды.
-Тоңып кеттік, бой
жылытайықшы,-деді қырлы стаканға ақ арақты толтыра құйған ол.
-Таныстық үшін.
-Достық үшін.
-Бір-бірімізді ұмытпай жиі
кездесіп тұруымыз үшін.
-Денсаулық үшін.
Бір-біріне осылай тілек айта
отырып екеуі бір бөтелке арақты лезде тауысты. Өзі аздап қана ішкен Әтіркүл ақ
арақты Талаптың стаканына толтыра құйып еді. Аш қарынға ішкен ақ арақ буынға
түсті. Тез қызып қалған Талап сол күні Әтіркүлдің пәтерінде қонып қалды.
 
VII
Әтіркүлді ұнатып қалған  Талап алғашында онымен жиі кездесіп жүрді.
Алайда арада бір ай өтпей жатып екеуінің арасы суи берді. Оған себеп кездескен
сайын екеуі екі жаққа тартады. Талап Әтіркүлді киноға, театрға шақырады.
Әтіркүл мейрамхана мен мейманханаларды қалайды. Сөйтіп «шортан көлге, аққу аспанға»
тартып жүрген күндердің бірінде Астанадан келген жолдасына сәлемдесу үшін
«Қазақстан» қонақ үйіне барды. Есікті жолдасы ашты.
-Сәлем, Ермек, келуіңмен!
-Рахмет!
Кіре берісте кідірмей ортаңғы
бөлмеге кіріп келген Талап өз көзіне өзі сенбей аң-таң болып, аңтарылып тұрып
қалды. Жатын бөлмеде Әтіркүл жатыр еді. Талапты көріп қалған Әтіркүл атып тұрып
жатын бөлменің есігін жауып алды. Әтіркүлдің анадан жаңа туғандай  тыр жалаңаш денесін  ақжаймамен асығыс қымтағанын да Талап ап-анық
көрді.
-Білмеген у ішеді,-деді Талап
ақтала сөйлеп.-Мезгілсіз мазалаппын ғой.
-Қайдағы мезгілсіз,-деді
Еремек,-тал түс емес пе?
-Ана жақта қонағың болғасын
айтқаным ғой.
-Оны ойыңа алмай-ақ қой. Ол
осы Алматыдағы тоқалым ғой. Түнімен төрт-бес мәрте ләззат ойынын ойнап ек, шаршап
қалыппын.
-Өзі көрікті ғой  деймін.
-Сұлулығы өз алдына, төсекте
мықты. Көзін жұмып алып, құлаққа жағымды қоңыр үнмен ыңырсып, алпыс екі тамыры
түгел иіп бергенде бар ғой, тұла бойың түгел балқып, рахат, ләззаттан есің
танып, өліп қала жаздайсың.
-Бұл қашан қонып еді қолыңа?
-бір жыл болып қалды.
Алматыға көбіне осы Әтіркүл үшін келемін. Осы жолы өзіммен бірге Астанаға алып
кетпекпін.
-Астанаға бара ма?
-Өткен жолы келгенімде
келіскенбіз.
-Жақсы. Мен қайтайын.
-Неге асықтың?
-Қонағың бар екен. Кедергі
болмайын.
-Сенің түк кедергің жоқ.
Қазір ресторанға барып бірге тамақтанамыз. Сол жерде таныстырамын саған
Әтіркүлді.
-Жо-жоқ. Асығыспын. Сен кеше
телефон соққасын сәлемдесейін деп келгенім ғой.
Ермекпен қоштасып, үйге
келген Талаптың көңіл-күйі болмады. Іші әлем-жәлем. Алғашында Әтіркүлді қатты
қызғанып қалған. Соңынан оны жек көріп, 
жиіркене бастады. «Әтіркүл Ермектің құшағына құлағалы бір жыл болыпты.
Ал менің Әтіркүлмен танысқаныма алты-ақ ай болды. Ана жолы жеңіл жүрісін сезіп,
күдігімді айтқанымда «Аққа күйе жақпа» деп өзімді кінәлап еді. Сөйтсем
баяғыда-ақ бүлінген пәлекет екен ғой бұл Әтіркүл. Ах, Әтіркүл, Әтіркүл!..»
 VIII
-Қаттырақ жүр,-деді ол
тақтайдай тегіс жолмен зулап келе жатқан ақ «Мерседестің» жүргізушісіне бұйыра
сөйлеп.
-Бұдан артық қалай қатты жүр
дейсіз,-деп күңк ете қалды ролге жабыса түсіп алға ентелей қараған жүргізуші.
-Спидометрге қарасаңызшы, жүзбен жүйіткіп келеміз.
-Сен уақытқа қара,-деді
білегіндегі қымбат бағалы швейцар сағатын жүргізушінің көзіне тосқан жылтыр
қара жігіт түрік еріні дүрдиіп.-Ұшақтың ұшуына жарты-ақ сағат қалды.
-Гаишниктердің көзіне түссем
көкемді танытады ғой. Ана жылғыдай правомды алып алса қайтем.
-Онда мен болмадым ғой
жаныңда. Мен тұрғанда тиісіп көрсін бізге.
-Сізбен байланысса пагонынан
айрылып қалар.
-Соны білсең қоқыма, Аманжол.
Бас газды.
«Бастығыммен  онан әрі байланыссам өліп-талып қолым әрең
жеткен пайдалы жұмыстан айрылып қалармын. Министрдің шоферінің  айлығы да мың доллар емес шығар» деп ойлаған
жүргізуші газды баса түсті. Жылдамдық жүз отызға жеткенде жолда тоқтап тұрған
«Тойота Камриға» көзі түсті. Жеңіл машина жанында шашы желмен желбіреп бір жас
қыз тұр. Жанында бойы сырықтай жігіт. Бұлар көріп келеді, екеуі бірдей жоғары
көтерген қолдары ербеңдеп «тоқта» деген белгі берді. Ентелеп алға ұмтылған
екеуін қағып кетуден қауіптенген жүргізуші жылдамдықты сәл азайтып, машинаның
солға қарай бұрыңқырап  қол көтерген
екеудің  тұсынан зу етіп өте шықты.
-Тоқта!-деп бұйырды
жүргізушімен қатар отырған жылтыр қара жанары жарқ-жұрқ етіп.
Жүрісін баяулатқан жеңіл
машина ақырын сырғып келіп тоқтай қалды. Екі өкпесін қолына ұстап, шашы
жалбырыған жас қыз да жетті сол сәт.
-Ағатай, әуежайға ала
кетіңізші,-деді алдыңғы орындықта отырған жылтыр қараға қарап асыға сөйлеген
қыз.
-Отыр,-деді ол.
-Рахмет аға!-деді қыз
машинаға отырып жатып.-Бұл жақсылығыңызды век не забуду.
-Қайда асықтыңыз,-деді
қырындай отырып, артқа мойын бұрған ол.
-Астанаға ұшуым керек.
-Қай рейспен.
-Сегіз жүз елу бесінші.
-Охо! Тіптен жақсы. Мен де
сол рейске асығып келемін.
-Үлгереміз бе?
-Үлгереміз.
-Атың кім, қалқам?
-Гуля.
-Қазақ емессің бе?
-Қазақпын.
-Онда қазақша атыңды айт,
қалқам.
-Гүлнұр.
-Менің есімім-Күрлеу.
Бұлар әуежай ғимаратына кіре
бергенде: «Астанаға 855-ші рейспен ұшатын ұшаққа отырғызу аяқталды» деп
хабарлады диспетчер. Екеуі қол ұстаса жүгіріп жүріп, ұшқалы  тұрған ұшаққа әзер ілікті. Соңғы күндері
қатты шаршаған Гүлнұр ұшақ биіктікке көтерілісімен ұйықтап кетті. «Астанаға
жеткенше мына сұлу қызбен біраз әңгімелесіп, тамырын басып байқармын» деген
Күрлеудің ойы жүзеге аспады.
-Қарындас, Астанаға
келуіңізбен,-деді Күрлеу ұшақ доңғалақтары жерге тигенде оянып кеткен Гүлнұрды
сөзге тартып.
-Рахмет, аға!
-Сізді барар жеріңізге
жеткізіп салуға бола ма?
-Рахмет! Мені күтіп алады.
-Менің қоштасқым келмейді.
-Олай болса уақытыңыз болған
кезде хабарласыңыз.
Гүлнұр осыны айтты да құс
тіліндей қағазға  қалта телефонының  нөмірін жазып, Күрлеуге ұсынды.
-Хабарласпай қойсам
қайтесің,-деді Күрлеу қулана күліп.
-Ол ерік өзіңізде.
-Қалжыңдағаным ғой,
Гүлнұржан,-деді Күрлеу жұмсақ жымиып. Бүгін кеш болып кетті ғой. Ертең телефон
соғамын.
-Жақсы. Сау болыңыз аға.
-Көріскенше, қалқам.
Сол күннің ертесінде
Қорғалжынға жүріп кеткен Күрлеу Астанаға екі күннен соң оралады. Келе сала
Гүлнұрға телефон шалды.
-Саламатсың ба, Гүлнұр
қалқам. Бұл Алматыдан Астанаға бірге ұшып келген Күрлеу ағаң ғой.
-Саламатсыз ба, аға!
-Гүлнұржан, бүгін «Конгрес
Холда» Гүлжамал Күсембаеваның жеке концерті бар екен. Соған екі билет алдым.
Бірге тыңдасақ қайтеді қазақтың бұлбұлын.
-Операда Қыз Жібектің ариясын
шырқағанда Ғабит Мүсіреповтің өзі: «Нағыз Жібек сен екенсің!» деп сүйсінген
Гүлжамал көбіне шетелдерде жүреді де оған қолымыз жете бермейді. Соның сәті
келіп тұр екен.
-Онда кешкі сағат алты отызда
«Конгрес Холдың» алдында күтемін.
-Концерт нешеде басталады?
-Жетіде.
-Жарайды, келейін. Кешіксем
ренжімейсіз бе?
-Жо-жоқ! О не дегенің? Келсең
болды. Кешіксең де күтемін,-деп асыға сөйледі Күрлеу.
Гүлжамалдың концерттік
бағдарламасы екі бөлімнен тұрады екен. Алғашқы бөлімде қазақтың халық әндерін
шырқаған әнші екінші бөлімде орыс пен батыстың классикалық шығармаларын асқан
шеберлікпен орындады. Концерттен көңілді шыққан Күрлеу Гүлнұрға:
-Ертең кешке ресторанға
барайықшы,-деді.
-Ертең бос емеспін.
-Онда бірісі күні.
-Жақсы.
-Қай ресторанды қалайсыз?
-Оны сіздің еркіңіз білсін.
-Солтүстік жағалауда «Сәтті»
дейтін ресторан бар. Соған барсақ қайтеді?
-Мейлі.
-Сізді қай адрестен табамын.
-Не үшін?
-Машинамен келіп алып кетейін
дегенім ғой.
-Қажеті жоқ. Өзім келемін.
-Жұмыстан қашан босайсыз?
-Сағат кешкі жетіде.
-Онда кешкі жетіде «Сәттінің»
алдынан күтемін.
-Жетіде емес, тоғызда.
-Жақсы. Тоғыз болса, тоғыз
болсын.
«Сәтті» қаладағы ең қымбат
ресторандардың бірі. Соған қарамастан мұнда қай кезде де кісі көп, әсіресе,
кешкісін бос орын бола бермейді. Астанаға жиі келетін Күрлеу көбіне осы жерден
тамақтанатындықтан мұны жақсы біледі. Содан да ол күндіз осында әдейі соғып,
шеткеректегі қағаберіс столдардың біріне тапсырыс беріп кетіп еді. У-шудан
алысырақ отырған Гүлнұр мен Күрлеу бүгін кешегідей емес, біраз әңгіменің басын
қайырды. Екеуара әңгімеде күн сайын жаңа бір құрылыс нысаны іске қосылып, ай
сайын ажарланып бара жатқан жаңа астанадан бастап саясатқа дейінгі біраз
тақырыптар қамтылды. Күрлеудің әр саладан хабары мол екен. Мамандығы құрылысшы
бизнесмен жігіттің ой-өрісінің кеңдігі Гүонұрға ұнады. Тілі де тәтті. Орайы
келгенде адамның көңілін көтеретін небір әдемі сөздерді қиюын тауып қиыстыра да
біледі.
-Гүлнұр деген атың қандай
жақсы еді,-деді ол ресторанда отырғанда.-Әрі гүл, әрі нұр! Тамаша емес пе?!
-Ал өзім ше? Өзім жаманмын
ба?-деп Күрлеуге сынай қарады Гүлнұр.
-Сізді жаман деп кім айтты?
Жақсы екеніңізді білгесін ғой қайта-қайта телефон шалып, мазалап жүргенім.
-Таныса салып жақсы
екенімді  қалай біле қойдыңыз? Мүмкін...
-Сөзіңізді бөлгеніме ғафу
етіңіз,-деді Күрлеу оның алдын орап,-уәжіңіз орынды. әйтсе де, алғашқы әсер
деген бар емес пе?
-Алғашқы әсер алдамшы ғой.
-Бұл сөзіңіздің де жөні бар.
Десек те, мені алғашқы әсерім алдап көрген емес. Жан дүниеңнің сұлулығын нұрлы
жүзің айтып тұр. Өзіңіз сынды сырты нұрлы, іші сырлы нәзік жанның тілі ғана
емес, ерекше нәзік, ерен сұлу бет бейнесі де сөйлеп тұрады. Ал сырт тұлғаңыздың
сымбаты бөлек сұлулығына қанша кішіпейіл болсаңыз да өзіңіз де таласпассыз.
-Комплиментіңізге рахмет!
-Бұл комплимент емес, имандай
шыным. Орыстарда «допустим» деген сөз бар ғой. 
Допустим, комплимент екінің біріне айтылмайды. Ол да шындықтан алшақ
кетпейді. Маған сенбесеңіз, үйіңізге барғасын айнаның алдына тұрып, өзіңізге
өзге біреудің көзімен, тіпті сын көзімен қараңыз. Сымбатты, сұңғақ бой
қандай.  Иман ұйып, нұр төгілген түр
қандай! Сенің барлық бақытың сол ғажайып сұлулықта тұрғандай!..
-Рахмет аға, көңілімді
көтеріп тастадыңыз.
-Сіздің көңіліңізді көтеруге
жарасам арман не?-деді Күрлеу Гүлнұрдан көзін айырмай. -Тал бойында тарыдай мін
жоқ өзіңдей сұлу қайда бар?
Гүлнұр жауап беріп үлгерген
жоқ, әудем жерде келе жатқан бұзау мұрын, бұжыр бет жігіт бұларға жақындай
бере:
-Қап бәлем, Қапалбаев, қолға
түстің бе? Сені де көретін күн бар екен ғой,-деп сампылдай сөйлеп. Әрі енді
кіріп келе жатқан әңгімені бұзып жіберді.
-Мен сенен қашан қашып ем.
Өзің ғой, біресе мұхит асып, АҚШ-қа барып, біресе Анталияға барып демалып,
ұстатпай жүрген,-деді Күрлеу Гүлнұрдан кешірім сұрап орнынан тұрған Күрлеу.
-Отыра бер,-деді бұзау мұрын,
бұжыр бет.
-Бұл жігіттің
аты-Төлеген,-деді орнына отырып жатып, Гүлнұрға қарап сөйлеген Күрлеу. -Екеуміз
құрдаспыз. Сосын ғой, мені көрсе сүйкенгісі келіп тұрады.
-Құрдасың болған қандай  жақсы,-деді Төлеген кеңк-кеңк күліп,-түбің
түскір дүниенің түбіне жетемін деп шаршап жүрген біріңді бірің қағытып, бір
жасап қаласың.
-Отыр, отырсаңшы,-деді Күрлеу
Төлегенге бос орындықты иегімен нұсқап.
-Рахмет! Жігіттер күтіп
қалды,-деді Төлеген сыртқа беттей бере тоқтап тұрған үш-төрт кісіні иегімен
нұсқап. -Мұнда қанша боласың?
-Жұмыстың бітуі біледі,-деді
Күрлеу жазықты адамдай Гүлнұрға жәутеңдей қарап.
-Ертең кездесейік. Телефон
соқ,-деді Төлеген кетіп бара жатып. Гүлнұр бұл кім дегендей сұраулы жүзбен
қарады Күрлеуге.
-Бұл жігіт юизнесмен,-деді
Гүлнұрдың көңіліндегі сұрақты көзінен таныған Күрлеу.-Ескі жолдас. Екеуміз
мектепте бірге оқығанбыз.
-Ертең жұмыс күні ғой.
Қайтпаймыз ба?-деді Гүлнұр.
-Сіз қалай айтсаңыз солай
болады,-деді Күрлеу жаңа түскен жас келіндей сызылып.
-Бар рахат далада екен
ғой,-деді таза ауамен кеуде кере демалған Гүлнұр. -Аспан ашылып, жаңбыр
басылып, салқын самал соққан осындай жазғы кешті жақсы көремін.
-Жаздың жақсы кешінде бой
сергітіп азырақ жүрейікші, қалқам,-деді Күрлеу Гүлнұрға қиыла қарап.
-Жақсы.
«Бәйтеректі» бойлай өтіп,
«Әнші фонтанды» жағалай жүрген Гүлнұр мен Күрлеу жаңа астанадағы жаңа
ғимараттарды жарыса мақтап, біраз жүрді.
-Охо! Сағат он екі болыпты
ғой. Уақыт қалай тез өтеді, қайтайық,-деді жарыққа жақын келіп, қол сағатына
қараған Гүлнұр. -Такси ұстаймыз ба?
-Алматыдағыдай емес, Астанада
ткси ұстау, әсіресе түнде қиын,-деді Күрлеу.
-Онда автобус күтеміз.
-Автобустың да қажеті бола
қоймас. Қазір жүргізушіме телефон соғайын. Ол «Сәттінің» маңында бізді күтіп
тұрған болу керек. Күрлеу қалта телефонымен әлдебір номерді теруі мұң екен,
арада он минут өтер өтпесте «Мицубиси Поджеро» маркалы аппақ джип жетіп келді.
-Мына машинаңыздың цветі де
ақ екен,-деді Гүлнұр артқы есікті ашып, қолтығынан демеген Күрлеуге.
-Көлігіміздің түсі ғана емес,
жүрегіміз де ақ. Содан да ақ түсті ұнатамыз,-деді Күрлеу Гүлнұрдың жанына
отырып жатып.
-Қайда барамыз?-деп сұрады
жүргізуші.
-Адресіңді айтшы,
қалқам,-деді Күрлеу Гүлнұрға мойнын бұрып.
-Оңтүстік жағалаудағы
Минфиннің қара жақ бетіндегі үй,-деді Гүлнұр. Екеуі де жеңсіз көйлек киген
екен. Жалаңаш білектер біріне бірі тигенде Күрлеудің бойын бір жалын шарпып
өтті. «Мына аппақ білек мойныма асыла кетсе ғой. Мынау қаз омырау, аққу мойын,
аппақ сұудың қойнында от жанған жігітте арман бар ма екен? Осынау жарық дүниеде
қыздың қызулы құшағына жетер не бар? Өрт қой ол өрт. Сол өртке жанып өлу үшін
бар байлығымды шашар ем...»
«Бұл жігіттің аты Күрлеу
екен. Сирек кездесетін есім ғой бұл,-деп ойлады Гүлнұр.-Атына заты сай.
Мінез-құлқы стандартный емес. -Мені ұнатып қалғанын бірінші күні-ақ байқағам.
Кездескен сәтте жақындап, жанасқысы келіп тұрса да сезімін тежей білетін
ұстамдылығына разымын. Осы күнгі жігіттердің көбі алып-ұшып тұрған ұшқалақ.
Таныса салып төсекке сүйрелейтіндер де аз емес. Мұның жөні бөлек. Тілі майда.
Жүрегі де жұмсақ болар. Дегенмен, әлден асығыс қорытынды жасауға болмас. «Аузы
күйген үріп ішеді». Әлі де біраз сынап көру керек. Мені өзіне қарыздар ғып
қойды. Әнеу күні асығып келе жатса да, тоқтап ала кеткенін көрмейсің бе? Мұның
алдындағы талай машина зулап өте шыққан жоқ па? Бұл болмағанда сол күнгі
ұшақтан қалатыным анық еді...»
«Осы біздің бастық ылғи
сұмдық сұлу қыздармен қыдырады,-деп ойлады жүргізуші. -Былтыр жазда теңізге
алып кеткен қызы да әдемі еді. Мынау одан да сұлу екен...»
Әркім өз ойымен өзі болып
отырғанда межелі жерге жеткен жеңіл машина асфальтті ақырын сызып тоқтай қалды.
Күрлеу ертесіне төсектен тұра салып Гүлнұрға телефон шалды.
-Қайырлы таң, Гүлнұржан.
-Саламатсыз ба, Күрлеу
аға?-деді Гүлнұр. «Кешегідей «қалқам» демесем де, мына қыз дауысымды бірден
таныды. Бұл деген жиі телефон шалатын жігіті жоқ деген сөз. Басы бос болса
шетелге алып кету оңай болар еді. Әйтпесе, мына алақандай Астанада көзге түсіп
қалу оп-оңай» деген ой санасында жарқ ете қалған Күрлеу дауысын көтеріп
көңілдене сөйледі.
-Мен сені түсімде көрлім,
қалқам!
-Иә,-деп елең ете қалды
Гүлнұр.-Қандай түс ол.
-О, бұл бір ғажап түс. Бірақ,
қазір айтуға болмайды.
-Неге?
-Мұндай ғажап түсті
телефонмен баяндау обал. Тағы бір кездесудің сәті түссе асықпай айтып беремін.
Бұл бөлек әңгіме. Ал өзіңнің көңіл-күйің қалай, қалқам?
-Жаман емес.
-Жаман емес дегенің
жараспайды!
-Түсінбедім.
-Сендей ғасырда бір-ақ туатын
өзгелерге ұқсамайтын өзгеше қыздың көңіл күйі өте жақсы болуы керек. Бұл бөлек
әңгіме. Бүгін жұмыстан соң қандай жоспарың бар?
-Үйге барамын.
-Айтқандай, кіммен тұрасың
қалқам?
-Жалғыз өзім.
-Онда сені жалғызсыратпай
жұмыстан соң алып кетейін.
-Қайда барамыз?
-Мен Есілдің сол жағалауында
тұрып жатырмын. Сонда барамыз. Ужинді бөлмеге әкеліп береді.
-Қонақ үй жағалап жүргенім
жараспас.  Одан да сіз кешке біздің үйге
келіңіз,-деді Гүлнұр.
-Келемін,-деді Күрлеу.
Адресіңіз.
-Кешегі өзіңіз сыртынан
кқрген үйдің үшінші қабатындағы бесінші пәтер. Есіктің коды он тоғыз, елу алты.
Бәрін бірге бірден басу керек, -деді де,-бір мың тоғыз жүз елу алтыншы,
Қазақстан тұңғыш миллиард берген жыл деп қосып қойды.
-Қай уақытта келген жөн?
-Сағат сегізде.
-Жақсы. Кешке дейін.
Күрлеу сол күні тура кешкі
сағат сегізде Гүлнұрдың пәтерінің қоңырауын басты.
-Қайырлы кеш!-деді ол есік
ашқан Гүлнұрға аппақ жеті тал Роза гүлін ұсынып жатып.
-Ой, қандай тамаша гүл!
Рахмет!-деді Гүлнұр.-Төрлетіңіз.
-Кешір, қалқам, мынаны ұмытып
барады екенмін,-деп Гүлнұрға француз духиін ұсынды Күрлеу.
-Ой, аға, мұныңыз енді
артық,-деді Гүлнұр духиді алғысы келмей.
-Ал қалқам, ала ғой,-деді
Күрлеу Гүлнұрға жақындай түсіп.-Өзіңе арнап алдым.
-Ыңғайсыз ғой,-деді духиді
аларын да, алмасын да білмей екі ойлы болып тұрған Гүлнұр.
-Қолымды қақпа, қалқам,-деді
Күрлеу.
-Мынау менің біраз жылдан
бері жағып жүрген духиім ғой. Менің талғамымды 
қалай тап басқансыз,-деді.
-Сезім шіркін сезді ғой.
-Қателеспегеніңізге
қуаныштымын.
-Рахмет, қалқам!
-Рахметті сыйлық берген сіз
емес, сыйлық алған мен айтуым керек қой. Мынау қызық болды ғой, аға.
-Ылайым осындай қызық көп
болсын!
Екеуі әңгімелесе жүріп
дастарханға отырды. Гүлнұрдың тап-тұйнақтай жиналған екі бөлмелі пәтері
тап-таза екен. Бұлар отырған зал деп аталатын ұзынша келген бөлме әжептеуір
үлкен. Сол үлкен бөлменің бір қабырғасын диван, одан сәл жоғарырақ екі кресло
мен үстіне түрлі-түсті журнал қойылған шағын стол еншілепті. Қарсы қабырғада
сервант, онымен қатар кітап сөрелері тұр. Қабырғада кристалды шағын телевизор.
Күрлеу оң жақ бүйірдегі ашық тұрған есіктен көріп отыр көгілдір перде тұтылған
жатын бөлме де жинақы екен. Дастарханға қазы, қарта, салат, жеміс-жидек
қойылыпты. Ұзын мойын «Белый аист» коньягы мен француз виносы «мені жұтуға
қалайсың?» дегендей жұтынып тұр.
-Сок құяйын ба, әлде минерлды
су ма?-деп сұрады Гүлнұр.
-Дұрысы «Сарығаш» деді
Күрлеу.
-Вино ма, коньяк па?
-Өзіңіз қайсысын қалайсыз?
-Аздап коньяк ішейік.
Күні бойы кейінге қалдыруға
болмайтын қауырт шаруалардың соңында жүріп түскі ас іше алмаған Күрлеудің
қарыны ашып, іші шұрылдап отыр. Әйтсе де қыз алдында қылымсып жөнді тамақ жей
алмады. Оның есесіне «батыл болу үшін» деген ішкі бір есеппен алғашқы бірер
рюмкені түк қалдырмай түбіне дейін ішті. Шаршап келіп аш қарынға ішкен коньяк
басқа шапты. Қызуы көтеріліп, батылдық пайда болған Күрлеу әр түрлі тәтті
тілектер айтып, Гүлнұрға да біраз ішкізіп еді.
-Гүлнұр, қолыңды созшы,-деді
сізден сенге көшкен Күрлеу. Сосын оның жауабын күтпей қарсы алдында отырған
қызға қолын созып, жап-жалпақ алақанымен оның салалы, нәзік саусақтарын сипады.
-Қолыңыз салқын ғой,-деді
Гүлнұр.
-Оның есесіне жүрегім
ыстық,-деді Күрлеу.-Ал сен ғаламат сұлусың! Сосын ерекше тартымдысың,-деді жан
дүниесі жағалауға ұрған толқындай толқыған Күрлеу.
-Оны өзім де білемін. Сосын
мен сұлу, тартымды ғана емес, еще тәтті қызбын. Так что оны біліп қойыңыз,
ағасы,-деді Гүлнұр.-Мақтанды демеңіз, қалжыңым ғой.
-Бұра қашқан түлкіге жақсы,
бұла сөйлеген күлкіге жақсы.
-Ақын Қапалбайға сіздің
әлдебір жақындығыңыз бар ма, әлде бұл әншейін ұқсастық па?
-Ол кісі менің әкем.
-Ә, солай ма? Ол кісі кезінде
мен оқитын мектепке келіп кездесу өткізген.
-Ол қай кез.
-Мен сегізінші сыныпта оқып
жүргенде ол бұдан дә тітті кезім ғой.
-Тәттімін деп айта берме,
қалқам.
-Неге?
-Онда менің тәбетім ашылып,
сен жеп қоюым мүмкін.
-Қорыққаным-ай,-деп сылқ-сылқ
күлді Гүлнұр. -Мен жеп қойғаныңызды қалайтын шығармын.
-Күлкіңіз де өзгеше екен.
-Күлкім ғана емес, қылығым да
өзгеше. Келіңіз, билейік.
-Музыкальный центр бар ма?
-Жоқ.
-Музыкасыз қалай билейміз?
-Менің тұла бойым  толған музыка. Гүлнұр осыны айтты да, орнынан
атып тұрып телевизорды қосты. Сосын әлдебір арнадан әдемі әуенді тауып алды.
Сол сәт орнынан тұрған Күрлеу Гүлнұрдың жанына келіп, басын иіп:
-Қарындас, сізді биге
шақыруға рұқсат етіңіз,-деді.
-Рұқсат,-деді Гүлнұр көзі
күлімдеп.
-Мен сізді сүйемін,-деді
Күрлеу билеп жүріп.
-Сақ болыңыз ағасы. Сүйемін
деп өртеніп кетіп жүрмеңіз.
-Махаббат сақтықты білмейді.
Жас алшақтығын мойындамайды.
-Сүю үшін де батырлық керек,
аға!
-Сіз үшін басымды бәйгеге
тігуге дайынмын, қалқам!
-Жанған отты жалаңаш қолмен
ұстамас болар. Сезіміңізді суытыңыз.
-Сезімімді суытуға болмайды.
-Неге олай дейсіз?
-Сезім суыса махаббат өледі.
Махаббатты өлтіру оңай, тірілту қиын,-деді Күрлеу сөзден ұтылғысы келмей.
-Оныңыз рас,-деді ойына өткен
күннің өкінішті оралған Гүлнұр күрсініп.
-Ақын мен махаббатты
өлтіруден асқан қылмыс жоқ!
-«Поэзия-махаббаттың
құлы»  деп еді ғой бір данышпан. Кім еді
соны айтқан? Есіме түспей тұрғаны,-деді Гүлнұр.
-Александр Сергеевич
Пушкин,-деді Күрлеу.-Сол данышпан ғой: «Я помню чудное мгновенье» деп Анна
Кернді асқақтаған.
-Шөлдеп кеттім, су ішіп,
таңдайымды жібітіп алайыншы,-деді Гүлнұр.
-Мен де,-деді Күрлеу.
Екеуі дастарханға отырды.
-Ақын үшін, махаббат үшін
ішейікші,-деді Күрлеу.
-Коньяк бітіп қалды,-деді
Гүлнұр.
-Оқасы жоқ. Вино ішеміз.
-Коньяк пен виноны
араластырғанымыз қалай болар екен?
-Ештеңе етпейді. Көңілі
көтеріңкі кезде адам бәрін көтере береді. Күрлеу осыны айтты да француз шарабын
екі бокалға толтыра құйды. Бір-біріне соғылысып сыңғырлаған бокалдар түбіне
дейін төңкерілді. Бокалдар тағы да шарапқа толды.
-Мен осы тосты сіз үшін
көтеремін,-деді Күрлеу Гүлнұрды көзімен ішіп-жеп.
-Мен сіз үшін ішемін,-деді
Күрлеуге елжіреу қараған Гүлнұр. Үшінші рюмка шарап ішілгенде Гүлнұр екі көзі
боталап күрлеуге елжіреу қарады. Үзіліп кете жаздап Гүлнұрға үздіге
қараған  Күрлеу орнынан атып тұрып оны
сүймек болды да, ол ойынан тез қайтты. Асығыстық жасап, қолға өзі қонғалы
тұрған құсты үркітіп алмайын,-деп ойлады ол. -Онан да талай жылғы тәжірибеме
сүйеніп, тәтті сөзбен басын тағы біраз айналдырайын.Оған дейін жаңағы ішілген
шарап та басқа шабар. Әйелдің құлақпен сүйетінін, Әуезовтің: "Махаббат
ойынында тәжірибе-жастыққа бергісіз көзір" дегенін ұмытпа, Күрлеу.
Асығыстық орға жығады. Сабыр түбі-сары алтын. «Сабырлы жетер мұратқа, сабырсыз
қалар ұятқа». Осы ойға табан тіріген Күрлеу Гүлнұрдың жұп-жұмсақ, салалы
саусақтарын жап-жалпақ алақанымен аялай сипады. Гүлнұр қолын тартып алмады.
Ұп-ұзын, қайқы кірпіктерін төмен түсіріп, үн-түнсіз отыра берді. Әккі жігіт жас
қыздың жібі босай бастағанын сезе қойды. Орнынан тұрып келіп, Гүлнұрды арқа
жағынан құшақтаған Күрлеу екі қолымен оның екі алмасын ақарын сипап өтті. Қыз
көзін жұмды. Жігіт еңкейіп оның ыстық ерінінен ақырын сүйді.
-Орныңызғы отырыңызшы
аға,-деді Гүлнұр сыбырлай сөйлеп. -Әңгімелесейікші.
-Тағы да бір сүйейінші,-деді
Күрлеу жалынышты үнмен.
-Сосын. Алдымен әңгіме
айтыңызшы.
-Сіз пионинода ойнайсыз
ба?-деді Күрлеу орнына отырып жатып.
-Ондай өнерім жоқ.
-Саусағың пианистердің
саусағындай ұзын, әдемі екен. 
-Әнді әдемі айтасың ғой
деймін.
-Әнші емеспін,-деді кірпігін
көтеріп  Күрлеуге тура қараған Гүлнұр.
-Сіздің әнші болмауыңыз
мүмкін емес,-деді Күрлеу.
-Неге олай ойлайсыз?
-Жай сөйлеген сөзіңнің өзі
әнге бергісіз. Құлаққа жағымды қоңыр үнің күйдей күмбірлеп тұр. Сөйлеші қалқам,
дауысыңды естігім келіп отыр.
-Не айтамын сөйлегенде?
-Алғашқы махаббатың туралы
айтшы. Сенсең сыр бөлісерміз.
-Түн жамылып отырмын ғой.
Имандай шыным аға! Өзіңізбен жүздескелі 
сіз маған жақсы әсер қалдырдыңыз. Жүзіңізден нұр төгіліп, жанарыңыздан
жылылық лебі есіп тұр. Қатты толқып отырмын. Басқа күнім болса да  арақ-шарапқа әуестігім жоқ еді. Біраз бүгін
біраз ішіп қойдым. Іштім деген аз. Өз өмірімде бірінші рет рекорд жасап, коньяк
пен виноны араластырып іштім. Сізге сенгендіктен сырымды айтқым келіп отыр,-деп
бөгеліп қалды Гүлнұр.
-Айт қалқам, айта ғой,-деп
жік-жапар болды Гүлнұрдың мұңлы көзі мен ойлы жүзіне барлай қараған Күрлеу.
-Кезінде мен де бір жігітті
сүйіп ем,-деп бастады Гүлнұр әңгімесін.-Сүлей атты сол жігітпен соңғы курста
жүргенде бірге оқитын құрбымның туған күнінде таныстым. Бір көргенде-ақ,
бір-бірімізді ұнатып қалдық. Ол «саған өлердей ғашықпын» деуші еді маған. Қайда
барсам да көлеңкем құсап қыр соңымнан қалмайтын. Жұбымыз жазылмай бір жыл
жүрдік. Сол бір жылда қаншама тәтті сөздар айтылмады дейсіз. Өзі өте қызғаншақ
болатын. Көшеде кездесіп қалған ескі таныстармен сөйлесіп қалсаң да, әлдебіреу
маған комплимент айтса да, тіпті биге шақырса да қызғаныштан жарылып кете
жаздайтын. Мен онысын ұнатпаушы ем. Бөлмеде бірге тұрған қыздар: «қызғанса
қайтуші еді. Жақсы көргесін қызғанады да» деп басу айтатын. Бірде сол мінезі
үшін онымен сөйлеспей қойғаным бар. Сонда сол Сүлейдің: «Маған сенсіз өмір жоқ.
Сенен айрылсам өлемін» деп жігіт басымен еңіреп жылап еді. Оны аяп кеттім. Өзім
де жақсы көріп тұрғасын қалай қуайын оны. Қайта табыстық. Институтты бірге
бітіріп, дипломды бірге алдық. Оқу бітірген соң мен Астанаға кеттім. Ол
Алматыда қалды. Алғашқы алты айда күнде телефон шалып, ай сайын келіп тұрды.
Сосын үшті-күйлі жоқ болып кетті. Қалта телефонын жоғалтқан ба, әлде нөмірі
өзгерген бе, ол арасын анық білмедім, әйтеуір сөйлесе алмадым. Қысқа күнде
қырық рет телефон шалғанда еститінім: «Абонент байланыс аясынан тыс жерде
немесе оның ұялы телефоны сөндірулі, кейінірек хабарласыңыз» деген жаттанды
сөздер. Бір нәрсеге ұрынып қалды ма деп зәрем ұшты. Жанұшыра іздеп жүріп үйінің
телефонын таптым. Жалма-жан Алматыға телефон шалдым. Телефон трубкасын Сүлейдің
өзі көтерді. Қуанғаннан асығып-аптығып, сөйлеп жатырмын. «Сүлей-ау, хабарсыз
кеттің ғой. Қайдасың?» деймін ғоя баяғы. Ол менің сөзімді бөліп: «Мен үйлендім.
Бұдан былай мені мазаламаңыз» деді. «Өңім бе? Түсім бе?» деймін аң-таң болып.
«Түсім болса екен» деп тілеп ем, өңім екен. Содан кейін іжігіт атаулыны жек
көріп кеттім. Еркек көрсем кірпідей жиырылатын бір әдет пайда болды. Содан бері
ешкімді жаныма жолатпаушы ем. Не сиқырыңыз бар екенін білмеймін, сізге басқаша
қарадым. Тіпті сізге шексіз сенетін де сияқтымын...»
Гүлнұр әңгімесін аяқтап үнсіз
қалды. Күрлеу оны көзімен аймалады.
-Маған сенген себебіңіз,-деді
Гүлнұрдың қолынан ұстап, саусақтарын сүйген Күрлеу жанары жасаурап,-менің сізге
деген сенімімде селкеулік жоқ. Соны сіздің сергек сеніміңіз тап басып таныған
болар.
-Мүмкін,-деді Гүлнұр Күрлеуге
елжірей қарап.
-Алақаныңды ашшы. Бал ашып
болашағыңды  болжайын,-деді Күрлеу.
-Көріпкелдігіңіз бар ма?-деп
күлді Гүлнұр.
-Одан да құра алақан
емеспіз,-деп қысық көзі сығырайып Гүлнұрға сынай қарады Гүлнұр.
-Онда сөйлеңіз,-деп алақанын
ашты  Гүлнұр. Күрлеу Гүлнұрдың алақанына
қарап сөйлеп кетті.
-Сен өзің жігітке оңай
берілмейтін, ал, егер, біреуді ұнатсаң оны құлай сүйетін, сертке берік однолюб
екенсің. Әйтсе де алғашқы махаббатың сәтсіз болыпты. Оған сен емес, сөзінде
тұрмаған ол кінәлі. Мынау екі айрылып кеткен екі сызық соны айтып тұр. Ал мынау
алыстан қосылған қос сызық  тоғыз жолдың
торабында тоғысқан қос тағдыр. Жүрек жақтағы сол қолдың сызықтары осылай деп
сыр шертеді. Ал енді оң қолыңды соз, қалқам.
-Мінекейіңіз,-деп оң қолын
созған Гүлнұр алақанын ашты.
-Охо! Бұл қолыңның сызықтары
көп екен,-деп ойланып қалды Гүлнұрдың алақанына тесіле қараған Күрлеу.
-Ол ненің белгісі?-деді
Гүлнұр.
-Ол сенің алдағы өмір жолың
сан тарау деген сөз.
-Таратып айта аласыз ба?
-деді Күрлеудің болжамына қызығушылығы арта түскен Гүлнұр.
-Айтқанда қандай,-деп
шабыттана сөйледі Күрлеу. -Сен бүгінде бас бос, еркін ұшқан ерке құссың. Көп
кешікпей өзіңді өлердей жақсы көретін бір жігітке махаббатың оянады. Ол сені
алақанына салып аялайды. Алайда, екеуің бірден қосыла алмайсыңдар.
-Неге?-деп қалды тап бір
алдағы тағдырын Күрлеу анық айтып беретіндей.
-Арада бір аздаған кедергілер
болады. Бірақ ол уақытша. Бір сөзбен айтсам, алда сені шетелдік қызық сапарлар,
бақытты өмір күтіп тұр.
-Айтқаныңыз келсін, аға,-деді
Гүлнұр Күрлеуге сенерін де, сенбесін де білмей.
-Қаласаң тағдыр талайын
болжап қана қоймай,  жаратылыс сыйлаған
жақсы қасиеттеріңді  де таратып айтып
беремін,-деп желпінді Күрлеу.
-Айтыңыз,-деді Гүлнұр.
-Ол үшін екеуміз де
орнымыздан тұруымыз керек,-деді Күрлеу.-Менің айтқандарымды бұлжытпай
орындайсың.
-Жарайды,-деп Гүлнұр орнынан
тұрды.
-Екі қолыңды алға сөз,-деді
оның қарсысына келіп тұра қалған Күрлеу. Гүлнұр екі қолын алға созды.
-Енді не істеуім керек?
-Сол қолыңның алақанын
аш,-деді Гүлнұрдың оң қолын оң қолымен қыса ұстаған Күрлеу.-жанарыңды менің
жанарымнан айырма. Күрлеу осыны айтты да, өзіне тура қараған Гүлнарды көзімен
аймалап, сөйлеп кетті.
-Сен жұрт айтып жүргендей
сегіз емес, сексен қырлы, бір сырлы қыз екенсің. Бір мінезің бар қатты, жүз
қырың бар тәтті.  Көңілің түскенге
көлдей, түспегенге шөлдейсің. Жаныңды ұқса сүйгенің, бүршік жарып, гүлдейсің.
Сенсең егер біреуге ақтарып бар сырыңды ағыл-тегіл сөйлесең. Сенбеген жанға сыр
шашпай, қырық құлыппен құлыптап, құпияңды ашпайсың. Көздегі мұңың айтып тұр,
көкірегіңде бір сыр бар әлі ешкімге айтпаған. Ақтарсаң сол сырыңды, жеңілдейді
мұңың да. Қолың ашық жомартсың. Қара басының қамын ойлайтын эгоист емес, дос,
тустың жайына жаның ауыратын алтуриссің. Жүрегің жұмсақ, мейірімдісің. Жаның
нәзік сезімталсың. Көкшиген көздің бәрі көріп тұрған сымбаты бөлек сыртқы
сұлулығыңды айтып қайтейін, қатардағы қарапайым пенделер сезе бермейтін жан
дүниеңді барласам шуақ шашқан жүзің қандай нұрлы болса, ішің сондай сырлы екен.
Ал енді көзіңді жұм, қалқам.
-Жұмдым.
-Енді қызыл көмейге біткен
қызыл тілден де шешен сезім  айтсын.
Үнсіз тұрып енді соған құлақ түр.-Күрлеу осыны айтты да қаннен-қаперсіз тұрған
Гүлнұрды бас салып құшақтап, оның албыраған алқызыл ернінен ұзақ сүйді. Мұны
күтпеген Гүлнұр:
-Мұныңыз не аға? Қойыңыз,-деп
қарсылық жасап көріп еді, қанша бұлқынғанмен қарулы құшақтан босана алмады.
Нәзік қыздың сәмбі талдай солқылдаған аш белінен қапсыра құшақтаған жігіт енді
бір сәт оның бетін өліп-өшіп сүйе берді. Күрлеу еріннен асып, тілінің балын
тата бастағанда Гүлнұрдың басы айналып, балқып бара жатты. Сәлден соң есін тез
жинаған ол қатты бұлқынып Күрлеудің құшағынан шығып кетті.
-Мен сізден мұны күтпеп
ем,-деді Гүлнұр ұзын қайқы кірпіктерін төмен түсіріп.
-Кешір, қалқам, кешірші,-жеп
жуасыған жылқыдай жуаси қалды Күрлеу.
Гүлнұр кері бұрылып, жатын
бөлмеге қарай беттеді.
-Қайда барасың?-деді Күрлеу.
-Боянып алайын. Күрлеу сәл
ойланып тұрды да Гүлнұрдың соңынан жүрді. Жатын бөлмеге Күрлеуден бұрын кірген
Гүлнұр айна алдына келіп бояна бастады. Сол сәт Гүлнұрдың жанына жетіп үлгерген
Күрлеу оның шашынан иіскеді. Қыз жаанры жәудіреп жігітке елжірей қарады. Күрлеу
«қалқам» дей бергенде Гүлнұр оның қатты толқығандықтан кезеріп кеткен ернін
кішкентай, жұп-жұмсақ алақанымен ақырын жаба қойды. Сосын екінші қолымен
Күрлеуді өзіне тартты. Жігіт қыздың салалы саусақтарына  ерінін тигізді.  Қыз көзін жұмып, алқызыл еріндерімен жігіттің
сәл түріңкі, қалың ерінін аймалады.  Сол
сәт жігіттің қалтыраған қолы  қыздың қос
анарын ақырын сипап өтті. Тұла бойы балбырап, балқып бара жатқан жігіт қыздың
ыстық ерінін өліп-өшіп сүйе бастады. 
Бұдан әрі шыдап тұра алмаған қыз жігіттің бауырына тығыла түсті. Қыздың
буыны босап бара жатқанын сезген жігіт оны құшақтаған бойы оң жақта тұрған
төсекке құлай кетті. Тағы да тәтті сүйіс басталды. Тұла бойда ыстық қаны
тулаған жігіт іштегі алапат қызуға шыдамай шешіне бастады. Өзі шешініп болғасын
қызды да шешіндірді. Жалаңаш денелер жалынға оранды. Адамның жан дүниесі мен
ұлы теңіздерде ғажайып бір ұқсастық бар. Желсіз тымық күндері моп-момақан болып
жататын теңіз жарықтық дауыл тұрған кезде жардай толқындарын аспанға атып,
жағалауды тынымсыз ұрғылайды. Қызулы жігіттің жалынды құшағында жатып, оттай
ыстық еріндер сүйіскенде Гүлнұрдың бұйғы жан дүниесі  дауылды түнгі теңіздей тебіреніп, бұғып
жатқан бұла сезімі тоғыз балдық толқындай толқыды. Астан-кестен болған тар
кеудеде  әйелдің өр көкіректігі мен ыстық
ықұшаққа деген құмарлық бірін бірі ала алмай бір сәт қатты арпалысты. Сол сәт
от боп жанып, өрт бопшарпып жатқан жас қыздың: «Келші жаным!» деп үздіге шыққан
жалғыз ауыз сөзі көзсіз құмарлықтың көзін ашты. Сонда да болса соңғы күшін
сезімнен ақылға қарай бұрған Күрлеу:
-Асылыңды арамдап, обалыңа
қалам ба деп қорқамын,-деді жүрегі атқақтай соғып.
-Ит талаған бөксем бар,
бөріден несін аяйын депті ғой бір тоқты. Сол айтқандай мен бұрын да
таланғанмын. Аямай-ақ қой. Өз обалым өзіме,-деп тұла бойы дір-дір еткен қыз
тұншыға сөйлеп. Өз ісіне есеп беруге бұдан әрі Күрлеудің шамасы келмеді. Сол
сәт өрт пе, дерт пе, әлдебір алапат күштің құшағына кірген екі дене бір денеге
айналып бара жатты...
 ІХ
Өз ойымен өзі болып,
қаннен-қаперсіз келе жатқан Асқар арс ете қалған дауыстан селк ете қалды.
Алақтап жан-жағына қарады. Қарсы алдында үлкендігі бұзаудай ит жетектеген
сұңғақ бойлы, сымбатты жас қыз тұр. Қыздың үстінде ұзындығы тізеден сәл ғана
төмен түскен қып-қызыл шалбар, аппақ ақ майка. Қаз омырауы тұтас, қаздиған қос
анары жартылай жалаңаш. Езуінде шылым. Қолында ширек бөлігі ішілген сыраның
бөтелкесі. Ашық кіндікте арзанқол сырға. Жетегіндегі иттің аузы қап-қара,
құйрығы шоп-шолақ, тып-тықыр қоңыр жүні жып-жылтыр.
-Ой, какой ты трус. Тап-тал
түсте соншама қорқа ма екен адам? Успокойтес молодой человек,-деп нәркес көзін
төңкеріп, сылқ-сылқ күлді  ит жетектеген
бойжеткен. Вы меня забыли?
-Сіз мені біреумен шатастырып
тұрсыз-ау деймін. Мен сізді танымаймын,-деді Асқар.
-Ничего страшного. Танымасақ
танысамыз. Меня зовут Атиркуль. Хотите отдохнуть. Пойдемте со мной.
Ішіне құрт түскен қызыл
алмаға ұқсаған қыздың жезөкше екенін байқаған Асқар оған жауап берместен өз
жөнімен кете берді. Ит жетектеген сұлу қыз дөңгеленген сымбатты бөксесін
бұлтыңдатып, бұрала басып оң жақтағы көп қабатты ғимаратқа кіріп кетті.
«Апыр-ай, біздің қазақтың
қыздары да бұзылып болды-ау,-деп ойлады Асқар.-Жаңағы өзі жап-жас, өзі сұлу
бойжеткенді теріс жолға түсірген кім, адам ба, заман ба? Ұлтымызды өсіретін
аналардың бірі ала қап арқалап таңертеңнен кешке дейін базарда жүрсе, бірі
тәнін сатып күн көрсе қазақтың көсегесі қайтіп көгермек? «Ел боламын десең бесігіңді
түзе» демеп пе еді Әуезов. Бесігімізді түзетудің орнына жігіттереміз жұмыссыз
сандалып, кедейшіліктің қамытын киіп, бірі қалта қаққыш ұры,  бірі кісі тонағыш рекетер, бірі адам атқыш
киллер болып кеткен жоқ па? Соның бәрі аздай-ақ жеріміз сатылып, еріміз атылып
жатыр. Қылмыстың бетін ашып, қылмыскерлерді құрықтайтын құқық қорғаушыларымыз
«оққа ұшқан арыстай азаматтың ажалы өзінен болған, ол өзін бір емес үш рет
атып, сосын ақ жамылғыны жамылып, төсегіне жата қалған» деп ел сенбейтін ертегі
айтады. Апыр-ай, анау билік басында отырған сырты жалтырауық, іші қалтырауық
жігіт ең болмаса өтірікті де үйлестіріп айта алмады-ау. Сырты бүтін, іші түтін
қоғамда өмір сүріп отырып елулікке енеміз дейміз. Ұялмай-қызармай ОБСЕ-ге
төраға болғымыз келді. Адамнан иба, қоғамнан иман кеткен бір заман болды. Мына
түрімен қайран қазақ қайтып ел болмақ?!»
Өз ойымен өзі болып
тротуармен кетіп бара жатқан Асқарды «Әу, Әсеке, Асқаржан» деген дауыс
тоқтатты. Кілт тоқтап, артына жалт қарағанда жүгіре басып келе жатқан
Бексұлтанды көрді.
-Саламатсыз ба, Беке?
-Әй, жаңағың бір періште ғой,
сен оны қайдан білесің? Қашаннан барі танисың?
-Кімді айтасыз?
-Жаңа сөйлескен сұлуыңды
айтам.
-Ит жетектеген қыз ба?
-Иә сол.
-Мен оны танымаймын.
-Онда қалай тілдестің онымен?
-Өзі ғой жағысқан.
-Сен ше, сен не дедің?
Сотовыйының номерін алдың ба?
-Оның керегі не маған?
-Саған керек болмаса, маған
керек. Өзімен былай ептеп танысып алар ма еді, шіркін! Бәрі де оқтай болар еді.
Бұрқылдатып қыдырсаң ғой онымен... Періште екен, періште ғой, періште...
-Періште болмай қалсығ
қайдағы бір періні...
-Әй, әй, қой, бала! Сондай
сұмдық сұлу қызды кісі сөге ме екен? Әлде ат құйрығын кесістің бе? Онда оны
маған бер. Сен әлі бала емессің бе? Менің жасыма келгенше талай сұлуды құшасың.
-Айттым ғой сізге. Оның маған
бір тиынға керегі жоқ. Сізге оны ғана емес, онан басқасын да, тіпті бүкіл сұлу
әйелдің бәрір берер ем. Бірақ ол менің қолымда емес қой. Сосын Сая жеңешемді
қайтеміз? Ана жылғыдай қолға түсіп қалып жүрсеңіз.
-Әй, сен қу бала, олай тілің
мен жағыңа сүйеніп қутыңдама. Онан да жөніңді айт. Сосын өзің байланысып
қалмаған болсаң жаңағы періштені маған таныстыр.
-Имандай шыным, мен оны
танымаймын.
-Сен олай жалтарма, бұл
бізден қалған қулық. Ағаңды алдау оңай емес, онан да шыныңды айт!
-Құдай ақына білмеймін.
-Е, ол жаңа ғана саған күліп,
еркелеп тұрды емес пе?
-Еркелесе ол да...Асқар «Ол да
Назерке сияқты сайқал шығар» дей жаздап тоқтап қалды,-сейіл-серуенді жақсы
көретін шығар.
-Сонымен таныстырмайсың ғой,
ә. - Бексұлтан тас кенеше жабысып айрылар емес. Асқар ант-су ішіп,
танымайтындығына  әзер сендірді.
-Осындай ит жетектегендерді
көрсем жыным келеді,-деді Асқар.
-О, неге?-деді Бексұлтан елең
етіп.
-Сол... Итпен серуендеген
қайбір қасиет дейсіз.
-Ойбой, сен өзің өмірден
артта қалыпсың ғой.
-Немене, ит жетектеу де жаңалық
болып па?
-Жаңалық! Жаңалық емей
немене? Қазір қаладағылардың көбі итті жақсы көреді.
-Сосын үйінде ұстайды ғой.
-Иә, үйінде ұстайды.
-Ол иттерді немен асырайды.
-Етпен, өзге де дәмді
тамақтармен.
-Суға шомылдырады ғой.
-Енді қалай?
-Ол ит ауырса дәрігер шақыра
ма?
-Шақырмағанда ше? Ит ауырмас
үшін оны жас төлдей баптап, күтеді, шомылдырады. Күн сайын таза ауаға шығарып
серуендетеді. Сен оны айтасың, Голландияда ит пен мысыққа арнап салған
қонақүйлер бар.
-Ол не үшін керек?
-Өзге елдерге демалысқа
кеткенде ит пен мысықтарын сол қонақ үйлерге қалдырып кетеді. Оларды қонақ үй
қызметшілері күтеді.
-Ол паразиттерді неге сонша
әулесітеді? Жалпы, осы қалада, үйде ит ұстаудың қажеті қанша?
-Ойбай-ау, жаңа не дедім мен
саған, бұл мода емес пе, мода ғой, мода.
-Бұл мода емес, дода. Адам
игілігіндегі нәрселерді тұрмыстық қызметті, дәрігерлік көмекті, дәмді тамақты,
алтын уақытын итке беру...- ең бір ащы, ауыр сөздерді іздеп тұтығып қалды,- барып
тұрған ақылсыздық.    
-Бұл сенің отсталый
көзқарасың ғой. Итті жақсы көретіндер, тіпті өлердей сүйетіндер көп қазір. Олар
үшін сенің сөзіңнің құны көк тиын. Оны айтасың, ақымақтық.
-Қалай десеңіз, олай деңіз,
пайдасы жоқ, арамтамақ иттерді әулиесіте берудің жөні жоқ,-деді Асқар алғашқы
пікіренен қайтпай. Бексұлтан да өз пікірін өткізетін мықты дәлелдер іздей
бастады.
-Сен білесің бе,-деді ол
Асқарға тқне түсіп.-Қалада ит ұстауға тыйым салынған заң жоқ әлі. Яғни,
өкіметтің өзі де бұған ерік беріп отыр деген сөз.
-Өкімет берген еркіндікті
артық пайдаланып, асыра сілтеп жүргендер аз ба? Мынау да сондай
злоотравлениенің бір түрі.
-Сонда немене, сеніңше жоғары
жақтағылар ештеңе білмей ме?
-Неге білмесін? Бірақ, жоғары
жақтағылар, менімше, қазір иттен көрі күрделі де маңызды мәселелермен айналысып
жатқан болуы керек. Әр нәрсенің шегі бар. Итті адамнан артық көретіндер шектен
шыға бастағанда ол кісілер оған да бір уақыт тауып, оралуға тиіс.
Ит мәселесімен біраз айтысқан
екеуі бірін бірі жеңе алмады. Ақыры ұрсысып қала жаздап, қырын қабақ боп
ажырасты.
-Неге ұлықсат етеді... «Жаңағы
қыз қандай сұлу, жетектеген иті неткен сүйкімсіз,-деп ойлады Асқар. Оның есіне
«қалада үш жүз мыңға жуық әр түрлі асыранды ит тұрады» деген сөз түсті.-Сонда
соншама ит не үшін керек болды екен? Әр түрлі қызмет, күзет мақсатындағы
иттердің жөні басқа. Ал жаңағындай сән үшін еріккенде ермек етіп жетектеп
жүретін иттердің қажеті қанша? Ит ертіп жүру де сән, салтанат болып па? Анау ит
әлгі қызға ажар емес, абыройсыздық әкеп тұрған жоқ па? Әлде серуенге шыққанда
иттен өзге қызық құрып қалып па? Оны айтасың-ау, жас әйел, жап-жас қыздардың
көпшілік орнында, қоғамдық көлік ішінде итті құшақтап, бетін аймалаған аюанды
сүйіп отыратынын қайтерсің? Қоғамдыө көліктегі екі кісілік орынның терезе
жағына итін отырғызып, кісі жүретін жағына итін отырғызып, кісі жүретін жағына
өзі жайғасып ап, жанында үлкен кісілер түрегеп тұрғанда орын бермей отыра
беретін жастар аз ба? Сонда иттің адамнан артық болғаны ма? Қалада мал ұстауға
ұлықсат етпегенде, ит үстауға неге ұлықсат етеді?..»
Асқар өз ойымен өзі болып
келе жатқанда қалтасындағы қалта телефоны «қақсап» қоя берді.
-Алло.
-Асқар, сүйінші.
-Қалағаныңды ал.
-Жоғары аттестациялық
комиссия менің кандидаттық диссертациямды бекітіпті.
-Оны кім айтты?
-Жаңа Ерасыл аға Астанадан
телефон соқты.
-Құттықтаймын жаным! Мен
қазір келемін.
Жан жарының қуанышын бөлісуге
асыққан Асқар құстай ұшты.
 
Х
Алғашқы махаббаты алданған
Талап қандай сұлу қыз кездессе де селт етпейтін. Оның Тәрбиеге деген сезімі де
бірден оянған жоқ. Талапты ауруханада жатқан Тәрбиеге алғашқы кезде қанында бар
қайырымдылық, адамгершілік ізгі қасиеттер бастап апарып еді. Тәрбиемен
әңгімелесе, сырласа келе оны қалай жақсы көріп кеткенін Талаптың өзі де
байқамай қалды.
Тәрбие аса ажарлы да емес,
аласа бойлы ақсары қыз. Әйтсе де, оның сәл мұңдылау тұп-тұнық жанарында адамды
тереңіне тартып әкететін быр тылсым құдырет бар. Уылжыған бетке ұялаған уыз ұят
пен иба да нағыз имандылықтың бір белгісі. Сыпайылықтан аспайтын сынық мінезде
де жасандылық жоқ. сырты нұрлы, іші сырлы Тәрбие күн өткен сайын Талапты өзіне
қуатты магниттей тарта берді.
Тәрбиені ауруханадан Талап
алып шықты. Екеуі таксиге отырып, Тәрбие тұрып жатқан баяғы жатаған жер үйге
келді. Кеше дүкен мен базардан біраз азық-түлік алған Талап ет асып, сүт
пісіріп дастархан жайып қойып еді. Үйді тазалап, күрке тауықтың ұясындай
жеркепені ұядай ғып қойған Талапқа Тәрбие іштей қатты риза болды. Екеуі ас-су
ішет отырып, көп сырласты. Бір-біріне деген жан сырын сөзбен емес, көзбен
айтты.
«Сен жаңа осының алдында
туған жер туралы, ата-анаң жайлы тебірене айтқаныңда  маған сондай керемет әсер етті. Екеуміз
баяғыдан бері бірге жүргендей ғажайып бір сезім сұлулығына шомылдым. Сен маған
қазіргі халдің бәрін тіпті ауруымды да ұмыттырып, мені райхан гүлге толы рахат
дүниесіне жетелеп әкелгендей болып ең. Сонан соң ана бір өзіңе ғашық болған
опасыз қыз жайлы айттың да кқңілімді кұзгі даладай құлазыттың» дейді Талапқа
мұңая қараған Тәрбиенің мұңлы көзі.
Оған Талаптың сырлы, нұрлы
көзі былай деп тіл қатты:
«Алдымен асықпай тыңдап алшы.
Сосын өзің де, менің бұл пікірммен келісерсің деп ойлаймын. Сен жақсы білесің,
асқан ақылды, керемет қайсар адамдардың дақолынан келмейтін бір нәрсе болады.
Ол-сергек сезімді тұсау, кеудеңдегі отты тұншықтыру. Яғни жүректегі жалынды
өшіру, мазасыз махаббаттың маздаған отын сөндіру. Дүниеде мен үшін асқан сұлу
екеу болса сен соның бірісің де, жалғыз болса өзіңсің. Содан да сен шабыттың
көзі, ақынның айта алмаған алмас сөзісің. Мен сенің бойыңнан үш түрлі сұлулық
кқрем. Бірінші-табиғат саған асқан жомарттықпен сыртқы сымбат берген. Нұр
төгілген ақсары жүзің қандай сұлу, қандай сүйкімді. Екінші-сол тән көркіңе орай
ішкі жан сұлулығың бар. Үшінші-орысша обояние, қазақша тартымдылық дейтін терең
бір қасиет. Бұған ажарға сай ақылыңды, ол аз десең ақындығыңды қос. Жә-жә,
таласпа. Мен ақындық дегенде бірер шумақ өлеңді қиыстыратын өнерді емес, сенің
жаныңның алғырлығындағы, сезіміндегі, нәзік жан дүниеңдегі ақындықты айтам. Осы
мен санап, саралап айтқан алтындай асыл, үш қасиеттің біреуі ғана талайына
жазылған адам таланты делінеді. Ал үш түрлі сиқырлы сәуле, құдыретті күштің бір
адамның өн бойына өрілуі өмірде өте сирек кездесетін құбылыс. Содан да осынау
жарық дүниедегі жалқы жалын, жалғыз сұлулық сен ғана! Мен үшін сенің орныңды
алмастыра алар бүкіл жер жүзінде ешкім жоқ. Содан да мен сенімен кездескенде
сөз жетпейтін сұлулықпен кездесем. Сені құшсам, бақытымды құшам. Сені
көру-көктемді көру. Көктем дегеніміз-гүл. Ол табиғат ғана емес, көңілдің де,
оны айтасың өмірдің де көктемі. Сенімен жолығу-арманмен жолығу. Мұндай биікке
қол жету-аспандағы айды алақанға алу. Гүлмен кездесу дегеніміз-бақытпен табысу,
Рас айтасың, өнер иесі болу асыл қасиет. Ол табиғаттың сыйы, сонымен бірге
тағдырдың ауыр сыны. Талантты адам, бейнебір соқпағы түгіл, соқыр ізі жоқ,
қалың орман ішінде қараңғылық құшағында жапа-жалғыз келе жатқан кісідей. Сондай
сол кісінің алдынан жарқырап жанған қуатты бір жарығы болмаса, сүрінері, оны
айтасың, адасып жығылары анық. Жарқын жағулаудан жарық жұлдыз тапса соған
жеткенше кемімейтін қайрат та табары хақ. Менің де өнердегі өміріме тірек
болар, адастырмай алға шақырып тұрар темірқазығым бар. Ол өзіңсің, Тәрбие! Сен
менің сергек сезімімнің сәулесі, көзімнің нұры, жанымның сыры, жүрегімнің
жырысың. Көңілімнің әні, өмірімнің сәні де сенсің».
«Мен сені жанарыммен аймалап,
жүрегімде аймалаймын. Қазір сен маған елжіреп қарап отырған сәтіңде мен
бақыттымын, Талап. Адам бақытты сәтінде де ертеңгі күні жайлы ойланбай тұра
алмайды. Осы бақытым басымнан ұшып кетпесе екен деп тағдырға күні-түні
жалбарынады. Мен де қазір осы күйдемін. Мен ертеңгі күні не боларын білмеймін,
тек бүгінгі қызуыммен күн өткізем. Мейлі қазір ол жайлы ойламайық та айтпайық.
Осы бір қайталанбас сәттегі тәтті сезімді бұзбайық».
«Айналайын, айым менің
Тәрбие! Жастыққа, сенің алтынның буындай ыстық лебіңе маспын. Мен тіпті, ауру
адам сияқтымын. Мен де қазір ес жоқ. Дәл осы сәтте ақыл емес, сезім жеңген».
«Мен де өзің кешкен
күйге-барлық сезім, бар жалынға ортақпын, Талап!»  
«Шыныңды айтшы, Тәрбие, осы
сенің адамды ақылынан адастырып, жүректі жаулап алатын сиқырың жоқ па? Сенімен
кездессем болды, бақытқа кездескендей бас боламын. Сен су болғанда мен балық
сияқтымын. Балық суда жүрсе өзге ештеңені іздемейді. Өйткені су оның бары,
жаны, бүкіл әлемі. Сусыз онда өмір жоқ. Сөйте тұра суға тоймайды. Судан шығарып
тастасаң-ақ өмірмен қоштасады. Мен сенсіз сол сусыз балық сияқтымын. Баяғыда
бала кезімде балық аулайтынмын. Алған балығымды біресе күн қақтаған құм үстіне
тастап, ол желбезегінен ентіге дем алып, жан тәсілім етер сәтке жеткенде
қайтадан шелектегі суға жіберіп, бар әрекетін балалықпен қызықтайтынмын.  Сен де кейде маған сол балықпен ойнаған бала
сияқты қарайсың. Маған елжірей қарайсың да жаныңа жақындап кетсем, қабағыңды
түйіп жанды жаралап, жүректі сыздатып қоясың. Сен менің көрбілтенеле бастаған
көкірегімде жарық жұлдызым болып жаралап, жанымның қараңғы түкпірлеріне қуатты
сәуле боп құйылып ең. Енді соны өз қолыңмен өлтірсең, өз қолыңмен өшірсең, өзің
біл. Не дейін саған, Тәрбие! Күлкім де, күрсінісім де, қуанышым да, қайғым да,
мұңым да, шаттығым да, сорым да бақытым да бір өзіңсің. Көңіл-күйім, көз жасым,
тіпті ол ғана емес, тағдыр талайым да бір өзіңнің қолыңда. Мен де адаммын. Адам
болғанда да асып тұрған, дара туған емес, қарапайым көптің бірімін. Дүниеде
мінсіз адам жоқ деседі ғой. Рас, менің де көп кемшілігім бар. Бірақ менің
көкірегімде кірім жоқ. Көз жасыммен жуғанмын талай, жаңғырыққан жанымды.
Абайсыз жұқтырған кірім Әтіркүл болса, саған деген мөп-мөлдір сезім жаңбырымен
жуғанмын. Менің сезімім сексен перне мен шешен егіз шек десек соны шерте алар
жалғыз ғана ғұлама күйші сенсің, Тәрбие!»
«Сен менің сүйерім, сүйенішім
ғана емес, жебеушімсің. Ауруханада жаныма ауру батқанда тар қапаста қмір сүріп
тылсым түнде тұншыққанда сені іздедім. Санам санға бқлініп, уайым-қайғы жанымды
жегенде де айнымай іздеген, адаспай жеткен арманым сенсің. Табиғаттай таза,
нәрестедей бейкүнә сезім еді ол. Жәмиғаттан жасырған сартап сағынышым да сол
болатын. Бейуақ шақ мамыр мезгілде кеуана кейіпте отырып көз алдыма  елестеткенім де сенсің. Бойым дел-сал,
сезімім дерт, өзегім өрт, мұңлық болған шақта да бар қайғымды ұмытып ойлап
едім-ау сен жайлы. Бақытымның үлкені сен қазір қасымдасың. Бар діліңмен сенесің
маған. Бірақ әр кездескен сайын жанымды толқытып қадала қарайтының бар. Біз
қанша рет кездесіп отырғанымызды өзге түгіл өзіміз де білмейміз. Бірақ сен мені
бірінші рет көріп отырғандай қарайсың. Сыры қайсы, құпиясы не осының. Көзбенен
көз кездескенде ашылмайтын сыр қалмайды. Бірақ сол қарасу ойыны емес, өмір ғой,
жаным!...»
Бұл бар кезде де таңғы шықтай
таза Тәрбиенің ойы.
-Көз-көңілдің айнасы. Егер
Тәрбие Талаптың көкірегіндегі сырды сол айнадан көргісі келсе ол мына
тебіреністі оқыр еді:
«Сенің көзің тіршіліктің
әміршісі күн тектес. Жанарыңда аспандағы жалқы күннің жалыны бар. Бірақ ол
шілденің бет қаратпас, көз ұялтар отты өткір жалыны емес, күздің жанға жайлы,
жұмсақ, майда шуағындай жарық. Сен маған сен, сәулем! Мен саған ескерткіш
орнатамын. Менің талантымның құдіретіне сен. Қаламмен емес қыл қаламмен жазып,
жанымды, барымды салып мәңгі өлмейтін өмір сыйлаймын өнеріммен мен саған. Егер
сен менің қасымда болар болсаң қолдан келмес керемет жоқ. Егер менің сыңарым
болсаң, сәулем, сен, небір ғажап жасар едім, адамзаттың құдырет күшін танытып.
Ол үшін жайлы жағдай тілеп жатпас едім. Жалғыз ғана нәрсе керек осынау жарық
дүниеден. Ол сенің маған деген ықыласың. Өле-өлгенше сенің көзіңнің шуағына
жылынып өтсем өмір бойы өзге тілек тілемес ем. Тас кедергі тас маңдай деп
қарғамас ем тағдырды. Сенен ғана емес өмірден өтінерім сол. Тағдыр маған осы
уақытқа дейін бергеннің барлығын, қажет болса талантын да, алда берер сыбағасы
мен сыйын да, аяққа жығылып қыңсылар атақ-дәрежесін де, талантқа тұғыр болар
дақын да алсын. Қараң қалсын бәрі де. Ол аз десе қазадан ауыр жаза берсін.
Керек болса көр азабын тартқызсын. Соның бәрінің есесіне бірақ нәрсе-тек сені
ғана берсін. Көкте құдай, жерде құдырет бар болса мынау жарық дүние, анау
қараңғы көр, қапас шер екі дүниедегі жалқы тілегімді бер дер едім. Орындалмас
болса егер бұл тілек, мәңгі маздар махаббаттың белгісі боп от боп жансын сорлы
жүрек. Сөйтіп қазақтың ғажап қызын ессіз сүйген махаббаттың еңіренген ері
болғанын, ең бастысы өмірде шын сүйіспеншіліктің бар екендігіне дүние қамымен
ғана жүрген көп қауымның көзін жеткізсін. Сен менен қашпа, сәулем! Сорың емес,
дағың емес бағыңмын мен. Адам көре тұра өзінің бақытынан қаша ма? Ақылды жан
аяқ асты етпес болар ақ тілек, аяулы арманды.
Тіпті сенің күлкің ғана
емес-ау, жалт етіп жалғыз рет қарағаның, ұзын қайқы қара кірпіктеріңді жалқы
мәрте қаққаның, ерінің гүлдей дірілдеп жарым лебіз айтқаның қуаныштың қайнар
көзі, қияға салсаң талмайтын шағала шабыттың нағыз өзі емес пе? Бұл бақыт еш
уақытта ештеңеге айырбастамас аяулы бақыт қой. Кеудеңде тас емес жұдырықтай
жүрегі бар пенделер мұны ағат дей алмас. Осынша үлкен жүрекпен ұқпаймын десең
осыны сенбес едім мен саған. Түсінсең егер тереңнен шығып тебіренген сезімді
қалайша жауап қатпайсың.
Мен қазір сырқатпын, сәулем!
Суықтан ауырғаным жоқ, ыстықтан ауырдым. Саған деген сағыныштың қызуы, ынтықтың
ыстығы ауыртты. Бұл дертті дүние жүзінің бірде бір құдыретті дәрігері емдей
алмасы хақ. Сырқаттың себепшісі де, емшісі де сенсің, сәулем Тәрбие!»
«Мен саған сенемін, саған
сенемін, Талап!»
Тәрбие ауруханадан шыққан
күні түннің бір уағына дейін онымен армансыз сырласқан Талап таң алдында өзі
үйіне келіп қонды.
Сол күннен бастап Тәрбие мен
Талаптың жұбы жазылған жоқ.
 ХІ
Ерасыл жатар алдында душ
қабылдамақ болып орнынан тұра бергені сол еді біреу есік қақты. Есік ашылғанда
оның қарсы алдында үкідей үлбіреген бір жап-жас қыз тұрды.
-Маған келдіңіз бе?-деп
сұрады жүзін төсен салып тұрған қызды әлдебір танысына ұқсатып, жөппөлдемеде
есіне түсіре алмаған Ерасыл.
-Иә, сізге келдім.
-Кіріңіз.
-Кеш мазалағаныма
кешіріңіз,-деді бейтаныс қыз табалдырықтан аттай беріп.
-Оқасы жоқ.
-Мен мына қарсы бөлмедегі
көршіңізбін. Бөлмедегі телефон істемейді. Рұқсат етсеңіз сіздің телефоныңызбен
подругаммен сөйлесейін деп едім. Переговор емес. Ол осы қалада тұрады.
Подругамды айтамын.
-Сөйлесе ғой, қалқам.
-Ұзақтау сөйлесіп қалсам
ұрыспайсыз ба?
-Асықпай сөлесе бер. Мен душ
қабылдап алайын.
Ерасыл осыны айтты да ваннаға
кіріп кетті. Жуынып жатып, әлденеден секем алған ол селт ете түсті. Қалт
бөгеліп, ойланып қалды. «Стол үстінде алтын жүзік пен швейцар сағаты жатыр.
Ақша мен құжат тағы бар. Мен мына жақта жуынып жатқанда  мына бейтаныс қыз соның бәрін қымқырып, тайып
тұрса ше? Қой, жап-жас қыз оған бара қоймас. Әй, қайдам? Заман өзгеріп, адамның
пейілі бұзылған кез емес пе? Кімге сеніп болады?» Осы оймен шала жуынып, асығыс
атып шықты ол ваннадан. Әлдекіммен сөйлесіп жатқан қыз телефон трубкасын ұясына
қойды да:
-Жеңіл буыңызбен, аға!-деді.
-Рахмет қалқам,-деді Ерасыл.
-Мына коньякты ішуге бола
ма?-деді Ерасылға тура қарамай, үзын, қайқы кірпіктерін төмен түсіріп ақырын
сөйлеген бейтаныс қыз.
-Сізбен бірге ішейін.
-Мен ішпеймін.
-Онда неғып тұр мұнда бұл
коньяк?
-Осындағы жолдастар ғой
мынаның бәрін алып келген,-деді Ерасыл стол үстіндегі ішіп-жемді нұсқап.
-Тамағым жұтындырмай тұрғаны.
Сіздің рұқсатыңызбен бір рюмка ішейін.
-Ішкіңіз келіп тұрса іше ғой.
Ал енді алдымен атыңды айтшы. Есімің кім, қалқам?-деді Ерасыл бір емес, екі
рюмкеге бірдей коньяк құйған қыздың қарсысындағы орындыққа отырып жатып.
-Әтіркүл. Аға, мен сізден
кішімін ғой. Сен деп сөйлеңізші.
-Жақсы, сен дейін.
-Рахмет, аға. Енді еркін
әңгімелесуімізге болады.
-Менің есімім-Ерасыл.
-Ерасыл Ғалымбекович, мен сізді
танимын.
-Қайдан танисың?
-Атақты жазушы Жақсыбековті
танымайтын қазақ бар ма екен, сірә.
-Бар ғой, бар.
-Ал мен сіздің «Алдаспан»
атты тарихи романыңызды оқығанмын.
-Қашан?
-Мектепте оқып жүргенде.
-Қазір қайда оқисың?
-Институтта оқуды құдай менің
маңдайыма жазбапты. Конкурстан өте алмадым. Сүрінгенде сүйеп жіберетін ет жақын
тағы жоқ,-деп мұңайды Әтіркүл.
-Оқасы жоқ. Басың жас.
Болашағың әлі алда.
-Болашақ дейтін сол сағымның
соңында жүрміз осы Астанада салпақтап.
-Қазір қайда істейсің?
-Бұл жайлы,-деп сәл кідіріп
қалды,-сосын айтайыншы аға, жарай ма?-деді Әтіркүл.
-Өзің біл, қалқам. Құпия
болса айтпауыңа да болады,-деді Ерасыл.
-Жоқ, айтамын. Басқаға
болмаса да сізге айтамын. Білесіз бе, аға, осы тап қазір менде сізге шынымды,
сырымды айтқым келіп кеткен бір сезім пайда болды.
-Неге маған айтқың келді?
-Өйткені менің сыр бөлісетін
жақыным жоқ. Оның үстіне сіздің жүзіңіз жылы. Адамды өзіне біртүрлі жақын
тартып тұрады екен. Кеше сізді теледидардан көргенде-аө осылай қарай құстай
ұшып ем. Сіз бөлмеңізде болмадыңызү Айтыңызшы аға, Алматыға қашан қайтасыз?
-Тәуірлердің бәрі Астанаға
көшкенде біз нашарлар Алматыда қалып қойғанбыз.Бар тірлік осы орталыққа тіреліп
тұрғасын анда-санда келіп кетеміз. Астанаға сирек қонақпыз ғой. Содан да әлі
екі-үш күн боламын мұнда.
-Аға, мынаны алып қоймаймыз
ба?-деді Әтіркүл коньяк құйылған ромкелерді иегімен нұсқап.
-Мен ішпеуші едім. Өзің алып
қой, қалқам,-деді Ерасыл.
-Ең болмаса ромкені қолыңызға
алып бір тілек айтыңызшы, -деп қиылды Әтіркүл.
-Құс ұшу үшін, адам бақытты
болу үшін жаралған. Бақытты бол, қалқам! Сол үшін,-деп коньяк құйылған бокалды
қолына алды. Әтіркүл бокал ұстаған қолын Ерасылға Ерасылға созды. Бір-біріне
соғылысқан хрусталь ыдыстан сыңғырлаған әдемі бір үн шықты.
-Өтінемін, аға, жаңағы маған
айтқан жақсы тілегіңіз орындалу үшін осы рюмкені алып қойыңызшы.
-Мені қинама, қалқам.
-Алғашқы рюмканы Әтіркүл
тауысып ішті.
-Маған бір тост айтуға бола
ма?-деді ұзын, қайқы кірпіктерін көтеріп Ерасылға алғаш рет тайсалмай тура
қараған Әтіркүл оны көзімен ішіп-жеп.
-Айта ғой, қалқам.
-Онда сізге де аздап құйып
қояйын,-деді өз бокалын коньякқа толтырған қыз.
-Жо-жоқ, керегі жоқ.
-Қолымды қақпаңызшы, аға,
ырымын жасайын,-деді Әтіркүл. Ерасыл үндемеді. Әтіркүл Ерасылдың бокалына аздап
қана құйды коньякты.
-Міне, көрдіңіз бе, мен
сөзімде тұрдым аға. Енді бар ғой, ең болмаса осы рюмкеге ерініңізді тигізіңіші.
Ал енді мен тілек айтайын,-деп сәл кідіріп барып сөзін жалғады Әтіркүл.-Не
айтсам екен?
-Көңіліңдегі сөзіңді айт.
-Айтсам... Сізбен танысқаныма
қуаныштымын, аға. Оны айтасыз сізбен осылай қатар отырғаным үшін бақыттымын.
-Бақыт деген өте үлкен сөз
ғой, қалқам. Аспандамай жерге қарай жақында.
-Жақсы, айтқаныңыз болсын.
Әтіркүл осыны айтты да
бокалды басына бір-ақ төңкерді. Ерасыл ерін тигізді де қойды.
-Анаңыз ті..,-деп тілін
тістей қойды Әтіркүл. Тірі ме?-деп сұрағысы келіп еді, «оным дөрекілей болар»
деген оймен: «Анаңыз өзіңізбен бірге тұра ма?» деп сұрады.
-Әкем қайтыс болған. Анам
өзіммен бірге тұрады.
-Онда мен үшін, тіпті өзіңіз
үшін болмаса да анаңыз үшін алып қойыңызшы.
-Ананың атын ішімдікпен
араластырма,-деді Ерасыл қабағын шытып.
-Ашуланба. Мен сені
сүйемін,-деді Әтіркүл.
-Мені қинап қайтесің,
қалқам,-деді Ерасыл салмақты үнмен сабырға шақырып.
-Неге олай дейсің?
-Сен нешедесің?
-Жиырма екідемін.
-Сен менің ұлым мен
келінімнен де кішісің.Ол аз десең немерелерім де бар. Мен қартайдым ғой,
қалқам.
-Тіпті жақсы.
-Қартайғанның несі жақсы.
«Старость не радость» демей ме орыстар.
-Қартайғаның мен үшін жақсы.
Мен сенің соңғы махаббатың боламын.
-Махаббат деген ұлы сөз. Ол
өмірде бір-ақ рет болады.
-Сен махаббатыңды таптың ба?
-Баяғыда тапқанмын.
-Ол кім?
-Өзімнің әйелім.
-Аты кім?
-Оны қайтейін деп едің?
-Секрет пе?
-Ұүпия емес. Аты-Айгүл.
-Әлемдегі ең бақытты әйел сол
шығар.
-Оны өзінен сұрау керек.
-Сұраудың қажеті жоқ.
-Неге?
-Сендей жігітке жар болудан
артық бақыт жоқ.
-Шын солай ойлайсың ба?
-Солай ойламасам өзім іздеп
келмес ем.
-Кешір қалқам, кеш қалдың.
Мен жанұя жылулығын бәрінен жоғары қоямын.
-Сүйіктің болмасам да
любовницаң болуға жарармын.
-Осы кезге дейін шаңырағымды
шайқалтып көргем жоқ.
-Мен қаланың сонау бір қиыр
шетінен өзіңді ідейі іздеп келдім. Қорықпа, мен саған жабысып қалмаймын. Массаж
жасап, қойныға кіріп, көңіліңді көтеремін.
-Менің саған төолейтін ақшам
жоқ,-деді беймезгіл келген қыздың жезқкше екеніне көзі жете бастаған Ерасыл
одан тезірек құтылғысы келіп.
-Мен сенен ақша алмаймын.
Өмірі жазушымен бірге ұйықтап көргенім жоқ. Өзің тартымды екенсің. Саған
көңілім құлап тұр,-деді Әтіркүл көзі ойнақшып.
-Сен жаңа қайда жұмыс
істейтінімді айтам деп едің ғой.
-Мен еш жерде істемеймін.
-Енді қалай күн көріп жүрсің?
-Қалтасы қалың жігіттерге
қызмет етемін. Бұл да атам заманнан бері келе жатқан кәсіп қой.
-Қанша болды бұл кәсіппен
айналысқаныңа?
-Үш жыл?
-Ата-анаң бар ма?
-Бар.
-Қайда тұрады.
-Ауылда.
-Ауылың қайда?
-Бұрынғы Семей, қазіргі Шығыс
қазақстан облысының Аягөз ауданы, Ақшатыр кеңшарында.
-Қалқам-ау, ол пәк сезімді
ғашықтар Қозы мен Баян мәңгі ұйқыда жатқан мөлдір махаббат мекені ғой. Сондай
қасиетті жерде туып, сен қалай кірленіп жүрсің, қызым.
-Рас, мен бақытсызбын,-деп
ашына сөйледі Әтіркүл.-Адам өзінің ақылсыздығынан, жамандығынан ғана бақытсыз
болмайды ғой. Бар емес пе, тағдыр дейтін тас кедергі тас қамау.
-Қандай тағдыр сені мұндай
жолға түсірген.
-Арман қуып келіп ем Астанаға.
Адыра қалды сол арман.
-Неге?
-Оқуға түсе алмағасын жұмыс
іздеп сандалдым. Ешкім жұмысқа алмады. Ең болмаса пол жууға да. Елге қайтқым
келмеді.
-Неге қайтқың келмеді?
-Ел дейтін ел бар ма бүгінде?
Жер азды, ел тозды. Ауылда жұмыс жоқ. Өз күнін әзер көріп отырған әке-шешеме
салмақ салғым, көздерін күйік болғым келмеді. Не істерімді білмей дағдарып
жүргенімде осы жолға менен бұрын түскен бір қыздың жетегіне еріп кете бердім.
-Қайда тұрасың?
-Сол қызбен бірге пәтер
жалдап, шет жақтағы микрорайонда тұрып жатырмын. Орталықта пәтерақы удай.
-Болашағыңды ойламайсың ба?
-Болашағыма осы кәсібім
қолайлы.
-Қалай?
-Не қалайы бар? Үш жылда
біраз қаржы жинадым. Жақында пәтер сатып алмақпын. Сосын машина аламын.
-Сосын?
-Сосын оқуға түсу үшін тағы
біраз уақыт қалталыларға қызмет жасап, содан тапқан ақшамен жоғары оқу орнында
оқимын.
-Сосын?
-Содан диплом қолға тиген соң
бұл кәсіппен қоштасып, мен де адам құсап бір жерде жұмыс істеймін.
-Сосын тұрмысқа шығасың ба?
-Шықпағанда? Кәрі қыз боп, қу
тіземді құшақтап өтпекпін бе өмірден?
-Мына тірлігіңнен кейін
өмірлік серік табу оңай бола қоймас.
-Менің түнгі көбелек екенімді
кім біліп жатыр. Қала үлкен ғой. Кездесер бір жігіт.
-Ал, сол жігіт асылыңды
алдырғаныңды білмей ме?
-Білсе қайтем. Мен тұрмақ
оқушы қыздар да алдырып жатқан жоқ па 
бүгінде қыздығын. Шын сүйген адам оған да қарамайды. Махаббатта көз де
жоқ, сөз де жоқ. Тек соқыр сезім ғана бар. Әйтпесе голландиялық суретші Ван Гог
жезөкшеге ғашық болар ма еді? Қай қыз жетіскеннен жеңіл жүрісті қалапты? Сосын
жезөкше де адам. Онда да сезім бар. Мәселен мен саған ғашықпын. Сенбесең
қойныма кіріп көрші, қаныңды қалай тасытар екем.
-Менің сенімен ойнап күлуге
зауқым жоқ.
-Бұл әншейін ойнап-күлу емес.
Менің отты құшағым, балбыраған балғын денем, тәтті қылығым өн бойыңды балқытады,-деді
Әтіркүл екі көзі ойнақшып.
-Менің жұмысым көп, таңертең
ерте тұруым керек. Сен қайта ғой қалқам,-деді Ерасыл ашуын әзер тежеп.
-Жұмыс ешқайда қашпайды. Онан
да осындай оңаша оңды сәтті пайдаланып, тәтті түннің бал шырынымен тояттамайсың
ба?
-Жетер енді. Тезірек
кет,-деді шыдамы шегіне жеткен Ерасыл.
-Айғайлама! Алдымен мына
сұлулыққа сұқтан.
Осыны айтып орнынан атып
тұрған Әтіркүл жеп-жеңіл жаздық көйлегін шешіп тастады. Ішінде іш киімі де жоқ
екен. Жаңа жауған ақша қардай аппақ дене жарқ ете қалды. Ерасылдың қарсы
алдында сымдай тартылған ұзын сирақ, қиылған қыпша бел қыздың құламай  тіп-тік тұрған қос анары сұмдық сұлу
еді.  Албыраған еріні болар-болмас
дірілдеп, жауын шайған қарақаттай жанары таңғы шықтай мқлдіреп тұр. Ақ мақтадай
үлбіреген аппақ тамақ, найзадай қадалған ұзын, қайқы кірпік қандай!
«Пәтшағардың  сұлуын-ай!-деп ойлады
Ерасыл.-Қыз емес, сурет қой мынау. Әлгі әлем аруы деп әспеттеп жүрген мисс
қыздар бұдан садаға кетсін. Кірпігі кірпік емес, кеудеге қадалған найза ғой.
Әтіркүлдің бөбешегі сүп-сүйір қос анары Ерасылдың көзін жаулап, көңілін арбап
барады. Мына қыздың көзі көз емес, адамды тереңіне тартып бара жатқан әлдебір
тылсым тұңғиық қой!..» Анадан жаңа туғандай тыр жалаңаш шешінген әйел затымен
бетпе-бет келген еркектің жайы белгілі емес пе? Оған қоса Ерасыл  әлі тұғырдан таймаған  еркек әрі сұлулыққа сұқтана қарайтын жүрегі
жұмсақ, сезімі сергек жазушы ғой. Содан да болар жаңа ғана мына қызды жеңіл жүріске
салынған жолбике деп оған жирене қараған ол бір сәтте аузы ашылып, аңырап қалып
еді. Еркектің жандүниесін жазбай танитын әккі қыз сол бір қас қағым сәтті
пайдаланып, Ерасылдың мойнына асыла кетті де, оның ернінен құшырлана сүйді.
Ерасылдың тұла бойы шымырлап, өн бойы балқи бастаған Әтіркүл оның кқйлегінің
түймелерін ағыта бастады. Ерасыл оқыс есін жиып, шоқ басқандай ыршып түсті.
-Қой, тоқта, мұның не?-деп
екі көзі атыздай болып кейін шегіне берді Ерасыл. Сол сәт Әтіркүл оны
кеудесінен итеріп жіберді. Еорасыл оң жақта тұрған төсекке құлап түсті. Тұла
бойын құмарлық  билеп, екі көзі
сексеуілдің шоғындай жанған Әтіркүл Ерасылдың үстіне құлай кетіп, оны асығыс
шешіндіре бастады.  Коньяктың қызуы мен
құмарлық оты қне бойын өрттей шарпып, еліріп алған жеңілтек қыздың сөз ұқпасын
жан жүрегімен сезді. Сезді де бар күшін бойына жиып, Әтіркүлді итеріп тастап,
тқсектен атып тұрды. Әтіркүл құшағын жайып, қайта ұмтылды.
-Кет, шлюха, кет!-деп айғай
салды Ерасыл.
-Ал, кетпеймін! Не
істейсің?-деп көкбеттеніп шыға келді Әтіркүл.
-Өз еркіңмен кетпесең милиция
шақырамын,-деді Ерасыл.
-Шақыр,-деп шаңқ ете қалды
Әтіркүл.
Ерасыл шынымен милиция
шақырмақ болып телефон трубкасын көтерді. Сол сәт телефон трубкасына жармасқан
Әтіркүл:
-Түн ішінде елді дүрліктіріп,
мені де, өзіңді де ұятқа қалдырма, жаным! Мен өзім-аө кетемін,-деді мұләйімсіп.
-Кет! Тез кет!-деді Ерасыл
тұла бойы қалшылдап.
-Қазір, айналайын ағатай,
қазір,-деп тез киінген Әтіркүл бокалға толтыра коньяк құйды да, түк қалдырмай
түбіне дейін ішіп жіберді. Сосын шығып бара жатып, Ерасылға ала көзімен ата
қарап:
-Сені де еркек дейді-ау,
шірік! Адам емес роботсың сен!-деді.
Қайдағы бір қаңғып жүрген
жезөкшеге бұдан әрі сөзін шығындағысы келмеген Ерасыл оған жауап берген жоқ.
Үнсіз келіп есікті кілттеді де, шешініп жатып қалды.
Сол күні түнде басы бар, аяғы
жоқ шым-шытырық түс көрген Ерасыл жайсыз ұйықтады. Ол ұйқы-тұйқы болып орнынан
тұрғанда таң да атып қалып еді.
 ХІІІ
Бүгін мереке  - Тәуелсіздік күні! Қапалбай үйде жалғыз.
Кәмила мана таңертең «Астана алаңында» көрсетілетін театрландырылған көрініске
қатынасуға кеткен. Қапалбай таза ауа жұтпақ болып балконға беттеп еді, есік
қоңырауы шырылдап қоя берді. Келген Ерасыл кеен.
-Келуіңмен Ереке! Түрік
бауырларыңыз аман ба? Қашан келдің?
-Аман, Кеше келдім.
-Мереке құтты болсын,
Қапалбай мырза!
-Бірге болсын, Ереке!
-Әу, мынандай тамаша той күні
неғып үйде отырсың?
-Себеп бар оған, себеп
бар,-деп әндетті Қапалбай.
-Охо! Өзің көңілдісің ғой.
-Иә, көңілдімін, Ереке,
көңілдімін. Жаңа ғана «Тәуелсіздік таңы» атты поэмамды жазып бітірдім.
-Құтты болсын!
-Рахмет, Ереке, рахмет!
-Ал мен саған Стамбұлдан қуанышты
хабар әкелдім. Анкарада шығатын «Түркі әлемі» атты журнал Қазақстанға тұтас бір
санын арнаған екен. Сонда сенің өлеңдерің және Кәмила жайлы «Менің
пірім-Қаракөз» атты көлемді мақалаң жарияланыпты. Ол аз десең журналдың сыртқы
бірінші бетінде Кәмиланың суреті бар.
-Кәне?
-Міне. Ерасыл ақ қағазға  оралған журналды Капалбайдың қолына ұстатты.
Қапалбай қағаздың орауын жазғанда Кәмиланың ұлттық киім киіп түскен сымбаты
бөлек сұлу бейнесі жарқ ете қалды...
Ерасылды ұзатып салғаннан
кейін Кәмила дайындап кеткен кешкі асты ішіп, біраз демалған Қапалбай жазу
столына қайта отырды. Қуанышқа да ренішке де еңбекпен жауап беріп үйренген ол
бүгін біраз шаруаны бітіріп тастамақ. Қапалбай соңғы кездері қазақ мемлекетінің
өткен ғасырлардағы тарихын зерттеп жүрген болатын. Соған орай республикадағы
беделді басылымдардың бірі сол жайлы мақала жазып беруін өтінген. Бүгінгі кешін
біраздан бері сәті түспей жүрген сол жұмысқа арнамақ боп, мақалаға кірісіп
кетті. Алғашқы аяқ алысы жақсы. Айтпақ ойлары көңілінде әлдеқашан қордаланған.
Сол себепті де жалпы көлемі жиырма беттей болар деген мақаланың жартысына
жуығын тез жазып тастады. Бірақ, неге екені белгісіз бірте-бірте  қаламы кібіртіктей берді. Көңілін әлденелер
алаң етіп, ісі өнбей қойды. Сөйтіп азаптанып отырғанда Кәмиланың жұмыстан
қайтар уақыты да болып қалған екен. Қапалбай дерек киіне бастады. Ойы далаға
шығып, таза ауа жұту әрі Кәмиланы қарсы алу. Мақаланы содан кейін жалғастырмақ.
Күн жылы ғой деп жеңіл шығып
еді. Дала салқын екен. Денесі мұздап сала берді. Ай тастай қараңғы. Жүріс-тұрыс
сиреген шақ. Көшедегі жарықтың біразы сынып, сөніп қалған. Қатты соққан жел
ағаштарды теңселтіп, жапырақтарды өршелене жұлқылайды. Кәмиланы аялдамадан
күткен Қапалбайдығ ойына Жаңылдың әнеу күні Кәмиланы қаралап жоғары жаққа арыз
жазғаны оралды.
Өмірде адам бойындағы
қасиеттің қасірет әкелетін де кездері де болады. Кәмила халін қиындатқан да
сондай бір жағдай еді. Кәмила бойындағы таланттың асылдары ашылып, өнерінің
өрлеуі көпті қуантқанмен ол бір адамға аса жайсыз тиді. Ол-Жаңыл еді. Кәмиланың
қнердегі үлкенді-кішілі әрбір табысы, тіпті оның атына айтылып жатқан мақтау
сөздер, сүйсіну сезімі оған шаншудай қадалды. Өзінен озғанның бәрін қызғанып
ұйқытап, күндестік сезіммен оянатын Жаңылдың Кәмиланы атарға оғы жоқ. Кәмиланың
соңғы жылдары киноға жиі түсіп, атақ-даңқының бұрынғыдан да биіктеп кетуі жанын
жігі құрт болып жеді.  Оның ойынша өзінің
алдыңғы топтан ысырыла бастауына, құрметті тізімдерден көрінбей кетуіне бірден
бір кінәлі Кәмила. Ендеше, оны бұлай асқақтатып қоюға, одан кек қайтармауға
болмайды. Бұл деген қорлық! Бұдан асқан бақытсыздық болуы мүмкін емес. Кәмиланы
бұлай басына  шығарып басындырып
қойғанша, бақталасы жолында қліп кетсе болмас па? Өзің өлу-дақ та, күндесіңді
өлтіру-бақ. Осы ойған бекінген Жаңыл Кәмиланы өлтірмекші де болды. Бірақ қалай,
қайтіп? Әлде у беру керек шығар. Жо-жоқ, ол болмайды, онда өз басына қатер.
Қазір қара суда қайықтан із қалмайтын баяғы заман жоқ. Техника дамыған, ғылым
өскен жиырма бірінші ғасыр бұл. Біреуге у берсең де, тасада тұрып таспен ұрып өлтірсең
де экспертиза деген мықты бұлтартпай ұстап береді. Ал арандату, шағыстыру,
домалақ арыз дегендердің Кәмилаға әлі келмей-ақ қойды.  Енді не істеу керек? Әрі ойлап, бері ойлап
әбден басы қатқан Жаңыл Кәмилаға тезірек бір жамандық істеу жолын іздеп жанталасты.
«Суға кеткен тал қармайды» деп сондағы оның тапқаны-қараңғыда қапысын тауып
қорқыту еді.
Кәмиланың жаратылысынан
қорқаө екендігін білетін Жаңыл өзінің бұл әрекетіне көп үміт артты. «Осыдан
кейін ол мүмкін жүрегі жарылып өліп кетер немесе қатты шошып өмір бақи мүгедек
болып қалар, азап шегер деп ойлады ол. Бұған дейін менің Кәмилаға атқан
үлкенді-кішілі оғымның мүлт кеткені жоқ. Ең арғысы әнеу күні көз бояйтын
қарындаш арқылы менің қышымамды жұқтырып алған Кәмила кей кездері жанын қоярға
жер таппайды. Сол керек өзіне. Өлмесе өрем қапсын. Сол сұмырай құрымай менің
бағым ашылмайды...»
Осындай әзәзіл ойлар еді
Жаңылды жаман ойға жетелеген. Бұл жоспарының оған ұнаған тағы бір
себебі-ешкімге ұстатпайтын оңтайлылығы. Алда-жалда біреу-міреу ұстап ала қалса
әзілдеп едім деп жалт беруге де жақсы. Нақа бір сор түртіп тұрмаса жеті қараңғы
түнде кімді-кім аңдып жүр дейсің. Осындай қорытындыға келген Жаңыл түн жамылып
Кәмиланың жолын тосты.
Сол күні  кешкі спектакльден кеш шыққан Кәмила жаңа өзі
сахнада бейнелеген Қаракөздің қиын тағдыры жайлы ойға шомылып келе жатыр еді.
Қараңғы бұрыштан шыға келген біреу:
-Тоқта! Өлтіремін сені!-деп
айғай салды. Арт жағына жалт қараған Кәмила қолында пышағы бар, бетперде киген
біреудің өзін өкшелеп келе жатқанын көріп тұра қашты. Сол бойымен жанұшыра
жүгірген Кәмила автобус аялдамасында 
өзін күтіп тұрған Қапалбайдың жанына жете бере:
-Әне, анау,-деді әлсіз ғана.
-Кәне, ешкім жоқ қой.
-Қолында пышағы бар біреу
мені өлтірмек болды. Тезірек үйге жетейікші.
Екеуі таксилетіп үйге келгесін
де Кәмила үрейлене берді.
-Жарайды, сен енді ештеңе
ойлама. Тамақтан. Сосын жақсылап демал. Мен саған бүгінгі жаңалықтарды айтайын.
-Тамаққа тәбетім жоқ. Сен де
бүгін ештеңе айтпай-ақ қой. Өтінем. Жарай ма?
-Болсын, бірақ ең болмаса
бірер кесе ыстық шай ішші.
-Ішкім келмейді.
-Әлде кофе қайнатып берейін
бе?
-Тіпті ештеңеге зауқым жоқ.
-Апыр-ай, мынауың қиын болды
ғой, енді не істесек екен?
-Мүмкін болса жатып
демалайық.
Ертесіне екеуі ұйқыдан кеш
оянды. Таңғы ас үстінде Қапалбай Кәмиланы айналып-толғанып жік-жапар болды.
-Немене, мені сағынып қалдың
ба? -деді Кәмила.
-Сағынғанда қандай! Сенсіз
өткізген аз уақыттың өзі азап маған.
-Кеше не бітірдің?
-«Тәуелсіздік таңын»
аяқтадым.
-Сосын?
-Көптен ойда жүрген үлкен бір
мақаланы бастап қойдым.
-Жарайсың, шалым!
-Кеше Ерасыл келіп кетті.
«Түркі дүниесі» дейтін журнал әкеліп берді. Онда сенің суретің және сен жайлы
мақала бар.
Екеуі әңгімелесіп отырғанда
дәлізде тұрған қызыл телефон шырылдап қоя берді.
-Алло,-деді телефон тұтқасын
көтерген Қапалбай. Ар жақтан Айгүлдің таныс дауысы естілді.
-Сүйінші, Қапалбай, сүйінші!
-Қалағаныңды ал.
-Мәскеуден қуанышты хабар
келді. Ерасыл Ресей Әдебиет академиясының академигі болып сайланыпты.
-Қуаныш ұзағынан болсын!
-Айтқаның келсін! Біз қазір
келеміз.
Қапалбай мен Кәмила Ерасылды
құттықтау үшін үйден шыққанда аспандағы алтын күн екеуін үнсіз аймалады.
 ХІV
Әлі отызға жете қоймаса да
Талап өзін орта жастан асқан үлкен кісідей сезінуші еді. Оның ойы да байсалды,
жүріс-тұрысы да салмақты. Тәрбиеге ғашық болған кезден бастап оның жүрегінде
жалындаған жастық оты тұтанды. Сол от Тәрбиені сағынғанда, онымен кездескенде,
әсіресе сүйіктісін әлдебіреуден қызғанғанда өзгеше бір қызумен өн бойын шарпып
өтуші еді.  Ондайда ол табиғатына тән салмақтылықпен
байсалдылық ауылынан алыстап, он жеті, он сегіз жасындағы бозбала кезіндегідей
ұшып-қонып, ұшқалақтанып кететін. Тәрбиеге үйленгелі күйлі, мұңлы сезімі жаңа
бір арнаға түсіп, бұрынғы орнықты мінез, салмақты қалпына қайта оралды.
Бұрын екеуі екі бөлек сауда
жасап, жеке-жеке әрекет еткен Танакөз бен Тәрбиенің кәсібі мен нәсібінде тұрып
жатқан ене мен келін енді бір-біріне сүйеу болып, тұрмыстың ауыр жүгін өрге
қарай бірге сүйреді. Танакөз бен Тәрбие тапқан табыстарын қосып «Барахолка»
базарынан дүңгіршек сатып алды. Енді олар сонау Стамбұлдан алақаппен арқалап
жеткізген товарларын бұрынғыдай көтерме бағамен делдалдарға бірден өткізе
салмай, қоймаға қойып, өздерінің жеке меншігіндегі сауда орнында әлденеше есе
қымбатқа сататын болды. Табыс көбейген сайын тұрмыс та түзеле бастады. Үй іші
шетелдік қымбат жиһаздармен жаңаланды. Шетелдік көлікке де қол жетті. Енді
Талапқа да жұмыс табылды.Түркия мен Қытайдың арзан товарын Алматыға көбіне-көп
Талап атсып жүрді. Сондай сапарлардың бірінде әуежайға мезгілінен кешігіп
жеткен Талап Алматыға Алматыға қатынайтын ұшаққа іліге алмады. Амал жоқ, бір
аптадан кейін ұшатын «чартерлік рейсті» күтуге тура келді. Қосылғанына екі-ақ
ай болған, жар құшағының қызуы әлі басылмаған кезде отбасы, ошақ қасынан алыста
болған қиын екен. Талап Тәрбиені сағынып кетті. Жан жарын қатты сағынғаны
сонша, оны ойласа жүрегі сыздап сала береді. Көңілі күздің күнгі елсіз даладай
құлазиды. Оны ойламау тағы мүмкін емес. Бұл оның еркінен тыс. Әрі дөңбекшіп,
бері дөңбекшіп ұйықтай алмаған ол тқсектен тұрды.Талап балконға шықты. Күн
желкен екен. Терезе алдындағы жаңа отырғызылған жас талдар теңселіп тұр. Сол
жақта аспанға атылған көкала толқын жағаны тынымсыз ұрғылап жатыр. Оң жақта
сұсты, сұлу шыңдары аспанмен тілдескен асқар тау мұнартады. «Тау мен теңіз!
Биіктік пен тереңдік! Қыранның қос қанатындай екі бірдей егіз ұллық пен
сұлулықты Табиғат ана қалай жомарттықпен сыйлаған,-деп ойлады Талап.-Шіркін,
осы жерге біздің қаланы әкеп қондырар ма еді? Жо-жоқ, осы табиғатты біздің
қалаға алып барса! Ең бастысы Қазақстан осы елдей бай бақуатты болса ғой,
шіркін. О, онда тіптен ғажап болар еді-ау. Онда біз бұлайша туған жерден тым
алысқа ұзап кетпес едік. Онда мен оны сағынып, қазіргідей азапқа түспес ем.
Онда...»
Сол сәт оның көз алдына
қалыңдығының бейнесі келе қалды. Ол орта бойлы, иықты. Дене бітімі сұлу. Белі
жіңішке. Кең маңдай, тік қабақ. Ол оның дөңгелек жүзі мен сопақша, сүйір иегіне
жарасатын қыр мұрыны мен ұялы, нұрлы көзін де анық көріп отыр. Міне, ол жұмсақ
жымиып, ұзын сұлу мойынын аққудай иіп, бұған қарады. Сол сәт неге екенін өзі де
білмейді, жігіт алақанына алақанын салды. Бұл алақанды күні кеше Тәрбие қысып
еді. Ол Тәрбиенің алақанының ыстық табын сезді. Тәрбие соны сезгендей
қарлығаштың қанатындай қиғаш қастарын қағып, бұған күлімсіреп қарап тұр. Талап:
-Келші жаным!-деп ұмсына
берді.
-Келші жаным!-деп Тәрбие оның
құшағына енді.
Талап осы сәтті, тәтті
елестің құшағында ұзақ тұрды.
Аспанда ақжолақ із қалдырып
әуе лайнері ұшып өтті. Ұшақ дауысына елеңдеп, тәтті елестен айрылып қалған
Талап Тәрбие  жайлы, махаббат туралы ойға
берілді.
«Мен Тәрбиенің бағасын онымен
қол ұстасып бірге жүргенде, құшақтап сүйгенде де білуші едім,-деп ойлады
Талап.-Ал қазір оның бағасы он, жүз, жо-жоқ мың, миллион есе артты. Мен енді
оны тастап, ешқашан, ешқайда кетпеймін. Өзімнің осы ақымақтығымның сазайын
мықтап тартудамын. Оны сағынып, бір көруге құштар болып, тіпті дауысын естуге
зар болып, әбден азап шегудемін. Өзіме де обал жоқ. Кетіп нем бар еді қасынан.
Онан кету-бақыттан кету екен ғой. Бұл маған, жоқ екеумізге де өмірлік сабақ
болсын! Жаным, жалғызым, Тәрбием, сағындым ғой сені. Мен сенің бүкіл денеңнен
бір нүкет қалдырмай тегіс сүйемін. Бұдан былай сенің қасыңнан кетпеймін. Сен не
айтсаң соған көнем. Егер сен жоқ болсаң, мен де жоқпын, өлемін. Жаным, сәулем,
махаббатым менің! Мен міне, түн ортасы ауып кетсе де жүрегім сыздап, бір сені
ойлап, ұйықтамай, уақыт өткізу үшін біресе телевизор көріп, біресе газет оқып,
біресе түнгі аспандағы жұлдыздарға қарап мазасыз күй кешудемін. Алқаракөк түнгі
аспанда үнсіз жымыңдасқан жұлдыздарға қарап тұрғанымда ана бір жылы әллдебір
газеттен оқыған қызық бір жай ойыма оралды. АҚШ ғалымдары аспанда жүз миллиард
жұлдыз бар екенін анықтапты. Өзің де білесің, жұлдыз жер планетасынан да үлкен
ғой. Мына ғажапты қара, Америка ғалымдарының айтуына қарағанда, сол жұлдыздардың
сексен бес, тоқсан пайызы жұп, қалғаны тақ жұлдыздар екен. Ал енді мына ғажапты
қара, ғылыми зерттеулер жұп жұлдыздардың ұзақ жасайтынын, ал тақ жұлдыздардың
тез сқніп қалатынын анықтапты. Бұдан шығатын қорытынды: жердегі өмір. Оны
айтасың табиғат ана да, аспан ата да, барлық жаратылыс атаулы егіздік заңына
негізделген. Жалғыз шекті домбыра сақау. Сыңар қанат болса қыран да ұша
алмайды. Ол ол ма? Аспанның алып бөліктері-жұлдыздар да жалғыз-жарым ұзақ өмір
сүре алмайды екен. Ең ұлы сезім махаббат та егіз болса бақытты, сыңар болса
бақытсыз. Екеуміздің сезіміміз егіз болғасын да біз бақыттымыз, жаным! Сен не
істеп отыр екенсің? Сен де мендей ояумысың? Әлде мені ойлай-ойлай талқысып
барып таң алдындағы тәтті ұйқының құшағында жатырсың ба? Түс кқріп жатыр ма
екенсің? Мені көрдің бе ботам түсіңде... Жаным, жарығым, уайымға салынба, ұйқыңды
қандыр, ештеңе ойлама, өзіңді сақта. Біз ертең-ақ кездесеміз. Саған қазір-ақ
жетіп барар ем, ұшуға қанатым жоқ, қайтейін. Құйтақандай құсқа берген қанатын
табиғат ана ең иықты, ең сүйікті перзенті адамзатқа қимапты. Сен мені қарсы
аласың. Екеуміз от құшақта бірге жанып, бірге өртенеміз. Сөйтіп тағы да бақытты
боламыз. Астапыр Алла, кешірге гөр құдайым, бақытты боламызым не? Біз қазір де,
тіпті бір-бірімізді бір көруге зар болып отырған қысылтаяң қиын шақта да
бақыттымыз. Сағынатын, сенетін, күні ертең көретін, жаныңдай жақсы көрер
сүйіктің, сүйенішің махаббатың болу бақыт емес пе? Бақыт қой, бақыт! Бақыт
болғанда қандай! Бағасы жоқ, сөзбен айтып жеткізе алмайтын бақыт. Ол бақытты
жоғалтқаннан өмірді жоғалту әлдеқайда жеңіл. Ендеше сақтайықшы, сол бақытты!
Жасасын бақыт! Жасасын махаббат! Өмірбақи тіпті өлген соң дабірге болуға
серттесейік, сәулем!..»
Түн салқын еді. Денесі
тоңазыған Талап төсекке келіп жатты. Сүйгенін ойлап жатып, ұйықтап кетті.
Ұйықтай салып түс көрді. Түсінде Тәрбиені көрді. Екеуі аппақ киім киіп, ақ
арғымаққа мініп, асқар таудың басына өрлеп бара жатыр екен...
Түстің осы бір тұсына
келгенде сағат шырылынан оянған Талап тқсектен атып тұрып, Стамбұл әуежайына
тартты. Тәрбиені көргенше жүрегі алып ұшып, асығып келеді...
 
ХV
Кәмиланың мерейтойына орай
албасты рольдерде ойнайтын спектакльдер көрсетіліп жатқалы бір апта болып еді.
Бүгін сол спектакльдердің соңғысы-«Қаракөз». Кәмила сонау жас кезінен бері
еңбек етіп келе жатқан Әуезов атындағы академиялық театрдың үлкен залы бүгін де
халыққа лық толы. Сахнада әйгілі режиссер Әзім қойған үш актілі спектакльдің
соңғы көріністері жүріп жатыр. Наршаның отауына қоп-қою қара шашы тарқатылып,
тарам-тарам болып өлердей жүдеу өңін жапқан Қаркөз роліндегі Кәмила келді. Жас
балаша былдырлап сқйлейді. Ыңырсып ән салады. Қолындағы жапырағы сарғайған
ағаштың бұтағымен бетін басып, айналаға үрейлі көзбен үрке қарайды. Зал толы
көрермен жынданған Қаракөзге аянышпен қарап, демдерін іштеріне тартып, қайғылы
хал кешіп отыр.
Қаракөз роліндегі Кәмила
«(айнала қарап тұрып, өз-өзінен) Тоғайға бардым... Тағы барам ба?.. Тоғайды
қуалап кете-кете барып... азынаған көрге барам ба?! (күліп). Тоғайда ән салады
екен. Жібек шапаны бар...Біресе жел болып кетеді. Ұйқым кеп кетеді... Тоғай...
Жапырақ... Тоғай түн... (шошып) Ойбай... пышақ... кісен... әже!.. (Ақырын ілбіп жүріп)
Қазір... қазір... (Бетіне жапырақты ұстап). Тоғай ішінде көргелі жатқалы келем
(Төсегіне отырып). Ақыретке оранайын ба? Ән салайын ба?... (Қатты шошынып айғайлап).
А... тоғай, Сырым... Түн... ән... әне-әжем шақырады... шақырады... (шалқасынан сіресіп
жығылады)»
Қаракөз роліндегі Кәмиланың
қазасы денесін мұздатып, жүрегіз сыздатқан зал толы халық қайғылы хал кешіп
отырғанда сахна айналып, спектакльдің ең соңғы көрінісі көрермендердің көз
алдынан өте бастады. «кеш батқан бейуақ. Анда-санда алыста күн жарқылдайды.
Елсізде жалғыз мола-тқрт құлақты бейіт. Бейіт ішінде жалғыз қабір. Бейіттің
есігі ашылады. Келген Сырым. Қабірді құшақтап жабысып жатып қалады. Ұйқытап
кетеді». Зал толы халықпен бірге Қапалбай да демін ішіне тартып сахнадан көз
алмай отыр.
Талай көрген спектаклі емес
пе? Әрі қарай не болатынын жатқа білетін Қапалбай ұйықтап кеткен Сырымның
түсіне Қаракөз кіретінін, Қаракөздің «баяғы сау, сұлу қалпында» залдағы көрермендерге
қарап тұрып «Ей, Сырым! Жалғыз-ақ сөз тапсырамын» деп басталатын монологын
айтуын күтіп отыр. Бірақ, неге екенін кім білсін, сахнаға Қаракөз роліндегі
Кәмила шықпады. Қаркөздің соңғы монологы айтылмады. Ал Сырым роліндегі талайды
көрген талантты актер: «Рас па күнім, рас па?» деп басталаты, бұрындары сахнаны
күндей күркіреген даусымен көрермендерді өзімен қоса күңірентіп, нөсер жауындай
төгілтіп жіберетін монолгты шабытсыз қақалып-шақалып зорға айтып шықты.
Спектакль аяқталды.
«Қаракөзге» қатынасқан әртістер сахнаға шығып, халыққа тағзым етті. Неге екені
белгісіз, бұлардың арасында Қаракөз роліндегі Кәмила жоқ. Көрермендер аң-таң.
Қапалбайдың ойы-ойран, ақылы-айран. «Кәмила қайда? Поклонға неге шықпайды,-деп
ойлады Қапалбай.-Қатты шаршаған болар. Жеті спектакльде жеті күн бойы басты
рольдерде ойнау оңай ма? Кәмила сахнада ойнады дегенім қате. Ол сахнада
Толғанай, Дездемона болып қмір сүрді ғой. Өзіңді мүлдем ұмытып, көрерменнің көз
алдында өзге біреуге айналу, біресе ана, біресе мына заманда өмір сүру, біресе
күліп, біресе жылау, ол аз болса жындану, өлу оңай ма Шаршаған болар. Оның
үстіне соңғы кездері денсаулығы да күрт нашарлап кетіп еді. Бірақ, мен білетін
Кәмила қанша қатты шаршаса да поклонға шықпай қалған кезі жоқ. Ол ол ма? Кәмила
соңғы көріністегі соңғы монологын да айтпады. Өзі де көрінбеді. Сонда не болды?
Әлде ауырып қалды ма? Кәмила қанша ауырып тұрса да соңғы актідағы соңғы
көріністе ең соңғы күшін жинап шықпас па еді? Әлде...» Қорқынышты ойдан
Қапалбайдың жүрегі аузына тығылып, басы айналды. Көзі қарауытып, тізесі
дірілдеді. Сүрініп-қабынып сахнаға келді. Шымылдық сыртындағы әртістер мұны
көріп абыржып қалды.
-Кәмила қайда, қайда менің
Кәмилам,-деді Қапалбай ентіге сөйлеп. Әртістер біріне-бірі қарап түнеріп тұр.
Сырымды сомдаған әртістің басы салбырап, кеудесіне құлады. Наршаны бейнелеген
әртіс көзімен жер шұқыды.
-Гримерныйда шығар,-деді
Асанды мүсіндеген жас актер. Қапалбай «Кәмила онда неғып отыр?» деп ойлап
үлгергені сол еді, Мөржан ролін ойнаған Жаңыл:
-Жасыратын не бар, Кәмиланың түбіне
Қаркөз жетті. Ақыры өліп тынды,-деп дүңк ете қалды. Қапалбай бір топ әртістің
ортасында тұрған Жаңылға жалт қарады. Екеуінің көздері түйісе кетті. Жаңылдың
әдетте зәр шашып тұратын жылан көздері күлімсіреп, бұған қас қақпай қарады.
Қапалбайдың денесі мұздап кетті.
-Не дейді, не дейсің
сен?-деді Жаңылдың жанына жетіп келген Қапалбай оған төне түсіп.
-Кәмилажан бүкіл өмірін
сахнаға арнап еді, демі де сахнада үзілді,-деді Ақбаланы ойнаған актриса.
-Алланың ала сызығынан аттау
жоқ. Болған іске болаттай бол,-деді Жарылғап роліндегі қарт актер.-Жүр,
Кәмилажанға барайық.
Басына ауыр соққы тиген
адамдай мең-зең болып, денесін әзер билеген Қапалбай қарт актердің соңынан
ілесті. Сахнадан шығып, жұмыс бөлмелерін жалғаған дәлізге беттегенде оң жақта
қатар қойылған арқалы орындықтар үстінде жатқан мәйітті көрді. Бұл жаңа сахна
төрінен о дүниеге аттанған Кәмила еді. Аяқ астынан келген ажалдан естері шығып,
сасқалақтап қалған әртістердің мәйіттің бетін жабуға да шамалары келмеді.
Тәлтіректеп Кәмиланың жанына әрең жеткен Қапалбай тізерлеп отыра кетті. Жан
жарының кеудесіне басын сүйеп, ернінен сүйді. Сосын өзін қоршаған әртістерге
қарап жылап жіберді...                             
 ІІІ
Тұла бойында түк қыш қалмаған
Айтан тәлтіректей басып Абылайхан көшесіне жетті. Босаған буындарын әрең
бекітіп, көше қиылысындағы светофордың жасыл жарығы жануын күтті. Есіл-дерті
қарсы алдындағы көп қабатты ақ үй. Соған жетсе арманына да жететіндей.
Асыққанда қас-қағым сәт те шыдамға сын. Жасыл жарық тезірек жана қоймады ма,
әлде жүрегі алып ұшып, албұртып тұрғанда уақыт шіркін ұзарып кетті ме, әйтеуір
Айтан мең-зең болып біраз тұрып қалды. Жол ережесін бұзып, көз ұшында тұрған ақ
үйге жүгіріп жетпек те болды. әйтсе де, қырсыққанда қымыран іритіні рас. Көше
толы полицейлерден қорықты. Қымбат көлік мінген дөкейлер кісі басып кетсе де
қыңқ демейтін олардың әлі бұған әбден жетеді.
Күн күйіп тұр. Әшейінде
тынымсыз соғатын Арқаның өткір желі де тына қалыпты. Тымырсық ауа тынысты
тарылта түсті. Шақырайған күннің өткір сәулесі Айтанның шаш өспейтін қасқа
басын күйдіріп, шегіне жеткен шыдамын күл-талқан етіп күйрете бастады. Сол сәт
белдеуінде «жол полициясы» деген жазуы, төбесінде жарқылдаған мигалкасы бар
жеңіл машиналар Абылайхан көшесімен  ағып
өтіп, Айтанның жолын бөгеді. Онан кейін зу-зу өтіп, өте қатты жылдамдықпен келе
жатқан қара «Мерседес» пен екі «Джип» өтті. Бұл президент кортежі еді. Одан соң
алдына жол полициясын салып Премьер-министр өтті. Айтан енді қозғала бергенде
светофор жайына қалып, көлік қозғалысы мен жаяулар жүрісін қолында ала таяқшасы
ойнақтаған полицей реттей бастады.
Әлден уақытта жол ашылып,
Айтан арман болған көп қабатты аұ үйге де жетті. Анықтап айтқанда, оған керегі
көп қабатты ақ үідің нақ өзі емес, соның ауласындағы жуынды төгетін темір жәшік
еді. Екі күн бойы нәр татпаған Айтан мас адамдай қисалаңдай жүріп оған әзер
жетті. Көзі қарауытып, басы айналған ол құлап бара жатып, темір жәшіктің
ернеуінен ұстай алды. Бойын зорға билеп, жұрт «помойка» деп атап кеткен жуынды
жәшіктерін қолы қалтырап, асығыс қопара бастады.
Тоқ адамның қолқасын қауып,
жүрегін айнытатын жуынды жәшіктің сасық иісімен жылап көріскен Айтанның қолына
ортасынан қақ бөлінген кәрі жіліктің сіңір жақ бөлігі ілікті. Аш адам ашқарақ.
Ақкөзденіп кәрі жіліктің басын азу тісімен асығыс жұлмалай бастады. Әлі кеуіп
үлгермеген сіңірді шала шайнап жұтып жатыр. Екінші жуынды жәшіктен целлофан
дорбаға салынған май мен без араласқан еттің наны шықты. Өзі әжептеуір мол
екен. Сәл тоңазып қалғаны болмаса нағыз тоқ тамақ осы. Ішіне ел қонған Айтан
енді су ішкісі келіп, қатар тұрған үш жуынды жәшіктің ең соңғысын қопара
бастады. Құдай оған бұл жолы да қарасты. Көп қоқыстың орта тұсынан жартылай
ішілген «Сарығаш» суын тауып алды. «Ас адамның арқауы» дегенді өзге жұрттан
гөрі көбірек білетін Айтан көңілін бір демдеп, жан-жағына қарады. Көп қабатты
ақ ұйдің орта тұсындағы сыртқы есіктен әуелі жұп-жуан қарыны көрінген
еңгезердей бір еркек шыға келді. Айтан тани кетті-ол өзімен институтта бес жыл
бірге оқыған екі жыл бірге қызмет істеген досы Бексұлтан Бұлғақбаев екен. Баяғыда
Айтанға жалынып-жалпайып жүріп кандидаттық диссертациясын жазғызып алған кезде
ап-арық еді. «Пәтшағар, мынау бордақылаған қойдан бетер семіз ғой,-деп ойлады
Айтан.-Өмір біреуге бетін, біреуге көтін береді деген осы».
Талаңдай жүріп, аулада тұрған
«Джипке» отырған Бексұлтан Бұлғақбаев есігін жауып жатып, оң жағындағы жуынды
тқгілген жәшіктерге тесіле қарады. Айтан ол танып қалмасын деп теріс айналып
кетті.
Тоя жеген қалдық ас өзегіне
түсіп кеткен Айтанның ұйқысы келді. Айлар бойы алынбаған сақал, мұртын
жара-жара болған кірқожалақ алақанымен бір сипап қойып, жан-жағына алақтай
қараған оның көзі әудем жердегі жапырағы жайқалған биік терекке түсті. Ұйқы
қысқан Айтан иығындағы ала қапшығын жастанып, теректің көлеңкесіне құлай кетті...
 
                                                
 
 
VII
Әнеукүнгі ауруханаға жатып
шыққаннан кейін Тәрбие оңалып кете алмады. Соңғы күндері ыңқыл-сыңқылды
көбейтіп жүр. Бұған қатты алң болған Талап Тәрбиенің қарсыласқанына қарамай оны
дәрігерге де, профессорға да қаратты. Әр түрлі анализдер тапсыртып, ұзақ
тексергеннен кейін бар дәрігер кездесіп, кеңескенде бір қорытындыға келді.
Олардың айтуынша, Тәрбиенің қан қысымы күшейген, жүрек қызметі әлсіреген. Бұл
күйінде оған бұдан әрі Алматыда тұра беру зиян.Уақытша болса да тез қоныс
аударып, география өзгерту керек. Бірер ай солтүстік облыстардың бірінде тұрса,
күшке тигізіп жұмыс істемей жүйке тамырды тынықтырса,  кейін бірте-бірте бәрі қалпына келеді десті
дәрігерлер.
Осындай кеңестен кейін Талап
көп ойланып, көп толғанды. Соңғы кезде салып жүрген суреттерінің тақырыбы ауыл
өмірі болғандықтан өзінің де елге барып, бірер ай тұрып қайтқысы бар. Болашақ
кейіпкерлермен юірге жатып, бірге тұрмасаң оқта-текте бір соғып кеткен аздық
етеді екен. Ол өз алдына, Тәрбие үшін де ауыл пайдалы болып тұр.  «Бәрін айт та, бірін айт, коллективтің жырын
айт» деп Бейағаң айтпақшы, бәрінен бұрын Тәрбиенің денсаулығын айтсайшы. Одан
қымбат не бар? Ендеше оның сауығуы үшін, қажет болғанның бәрін істеуім шарт деп
ойлады Талап.
Осы ойға бекінген ол бірер ай
елге барып тұру керек деп шешті. Бұл ойын Тәрбиеге айтып, ақылдасып еді, ол
алғашында ат тонын ала қашты. Тұрған қаласын, әсіресе, істеп жүрген жұмысын
қимаған әлдебір аяулы сезім жолын бөгей берген. Бірақ Талаптың дәлелдері
Тәрбиенің көкейіне қонды. Ойлап қараса, орынды сөз. Қазақтың қашанғы мақалы
бар: «Бірінші байлық-денсаулық, екінші байлық-ақ жаулық, үшінші байлық-он
саулық». Дүниеде денсаулыққа жетер байлық жоқ екен ғой. Байлық деймін-ау
денсаулық деген бақыт емес пе? Дені сау адамның анау жетпейді, мынау жетпейді
деуі, «жұмыс көп, қолым тимейдісі» әншейін пендешілік қой. Дені сау кісіге
соның бәрі қызық. Ауырмаған адамға мұның бірі де бұйым болмаса керек. Кісі не
нәрсені де өз басынан өтпей толық білмейді ғой. Тәрбие де денсаулық қадірін
бұрын мұншалық сезіп көрген емес еді, енді міне өз басына түскен соң біліп
отыр.
Біраз ойланып, толғанғаннан
кейін Тәрбие елге барып қайтуға келісті.
Талап жолға шығар алдында
Жомартқа хабар берсем бе, бермесем бе деп біраз ойланған. Салт басты, сабау
қамшылы  болса ешкімді мазаламай-ақ тарта
берген жөн. Бірақ жанында Тәрбие болғасын, әрі оның сырқаттығын ескеріп
Жомартпен хабарласу қажет пе деп тапты. Қйткені ұшақ облыс, орталығына дейін
екі сағаттай ұшады. Жаздың ыстығында Тәрбиеге бұл да аз жүк емес. Одан кейін
аудан орталығына дейін жүз елу шақырым жүру керек. Ал аудан мен «Қайнар»
совхозының аралығы онша қашық емес, бар болғаны жиырма шақырым шамасында. Бірақ
осының бәрі мынандай ыстық уақытта Тәрбиеге ұзақ, ауыр жол емес пе? Сол ұзақ
жолда жақсы, жайлы көлік болмаса ол қиналып қалмай ма? Бұлар баратын ауданда
жаңа, жайлы «Джип» әзірге бір-ақ кісіде. Жомартта ғана бар. Ол-бір.
Екіншіден-хабарсыз барса Жомарттың ренжуі кәдік. Осыны ойлаған Талап ұшардан
бірнеше күн бұрын Жомартқа телефон соқты. «Хабар бергенің жақсы болды,-деді ол.
-Мен көрші облысқа сапарға шыққалы отыр едім. Өзің естіп жатқан шығарсың биыл
ауа-райы құрғақшылық болып, біраз қысылыңқырап тұрмыз. Жалпы жағдайымыз жаман
емес, әрине, бірақ мына оңтүстік жақтағы бір-екі шаруашылығымыз мал азығынан
қысылып қалу қаупі бар. Сол себепті де көршілерден шабындық жер алмақшы едік.
Соған барам. Көп кідірмеспін. Екі-үш күнде қайтып оралармын. Билет алғаннан
кейін қай күні, қай рейспен ұшатыныңды хабарла. 
Уақыт болса өзім қарсы аламын. Ал асығыс бір жаққа кетіп қалсам,
алдарыңнан кісілер шығады». Сол келісім бойынша Талап жолға шығардан бір күн
бұрын  аудан орталығына тағы да телефон
соқты.  Телефон трубкасын көтерген
Жомарттың көмекшісі ол кісінің ойламаған жерден облыс орталығына шақырылғанын,
бірақ Алматыдан кісілер келеді деп машинасын қалдырып кеткенін, өзінің күтіп
алуға әзір отырғандығын айтты.
Талап пен Тәрбиені ұзақ жолға
ұзатып салуға Асқар, Тана, Гүлдаурен бастаған жақындары келді. Тәрбие уақытша
кетіп бара жатса да өзінің көп жыл тұрған қаласын, жақын достарын қимай бір
түрлі көңілі босай берді. Бейнебір Алматыны жаңа көріп тұрғандай
жан-жағына  ет жүрегі елжіреп өзгеше бір
қимас сезіммен қарай берді. Алматыдан таңмен таласа ұшқан ұшақ облыс
орталығы-Суықтөбе қаласына жақындағанда иллюминатордан көзін алмаған Тәрбие
өзіне таныс аймаққа таңырқай көз тастап келеді. Мынау ұзыннан-ұзақ созылып
жатқан Ұлы Даланың ана бір өңірі  жаңа
ғана тебіндеп қылтия бастаған егін алқабы, әне бір тұста бір үйір жылқы жүр.
Міне, мынау ирелеңдеп жатқан өзен үстінен салынған көпірден жүк машинасы өтіп
барады. Ұшақ қаланы айналып ұшқанда бұрын «Қызылқозы» атанған өңірдің балқыған
мыстай қызғылт топырағы көзге оттай басылды. Осы өңірдің «Қызылқозы» аталуы
туралы ел аузында аңыз бар. Аңыздың айтуынша, 
ертеде осы өңірде атақты бай болған. Байдың бәрі жомарт емес. Олардың ішінде
сараңдары да бар. Тышқақ лағын дүниенің құнындай көретін бір байдың бір қызыл
қозысын тапа тал түсте қрістегі қойға шапқан аш бөрі иығына салып ала қашқан
кеен. Үй іргесіндегі көрмеде ерттеулі тұрған сәйгүлікке міне сап көкжалды қуып
берген бай баласы қасқырдың адымын аштырмапты. Бір-екі қырқадан асқан соң-ақ
иығына қызыл қозыны салып ап, қысыла жортқан көкжалға жетіп-ақ қалса керек.
Айлалы кәрі қасқыр  арынды жүйріктің
жетпей қоймасын біліп иығындағы қызыл қозыны тастай қашып, жан сауғалапты. Әлі
терісі үгітілмеген, жылқыдан жаңадан ұстап мінген тоқ бәйге атын одан әрі
қинағысы келмеген бай баласы қасқырдың аузынан жырып алған қызыл қозыны алдына
өңгеріп, аяңдап ауылға қайтыпты. Сол қызыл қозының қасқырдың иығынан түсіп
қалған жері осы жер екен дейді аңыз. Сол сбепті де бұл өңір «Қызылқозы» аталып
кетіпті.
Бала күнінен көзге таныс,
көңілге ыстық сол қып-қызыл топырақты көргенде Тәрбиенің жүрегі лүп-лүп соқты.
Қайран туған жердің тарту күші-ай десеңші. Ұшақ доңғалағы жерге тигенше
Тәрбиенің шыдамы таусылып, жүрегі алып-ұшып келеді. Иллюминатордан көз алмай
ұшақ қанатының астында жатқан қызыл топыраққа құмарта көз тастайды. Аспансерік
қыз Суықтөбенің облыстың орталығы екендігін, мұнда қазір  күн ашық, ауаның ыстықтығы отыз екі градус
болып тұрғанын хабарлады. Сөйткенше болған жоқ ұшақ ұшып-қону алаңына келіп
қонды.
Ұшақ басында бұларды
Жомарттың орынбасары Қожағали бастаған бір топ адам қарсы алды. Олардың
арасында Талаптың бөлесі Нияз,  бұлар
тани қоймайтын тағы бірер жігіт бар. Амандық-саулық сұрасқаннан кейін бұлар
дайын тұрған машиналарға бөлініп отырып, қалаға бет алды. Жаңа ұшақтан
түскеннен кейін не істейміз, Суықтөбеде 
кідіріп демалып аламыз ба, әлде Амантоғайға тура тарте береміз бе деген
әңгімелер болып еді. Әркүм әртүрлі ұсыныс айтқан. Жомарт бастаған бір топ «Ел
дайындалып күтіп отыр, біз бүгін қонаға жетеміз дегенбіз. Су жаңа «Джипке»
асфальт жолмен жүз елу километр деген сөз бе екен? Бір жарым сағатта аңқытып
жетіп барамыз. Неде болса қазір кідірмей тура тартып кетейік» десе, Нияз
бастаған екінші бір топ «Е, сонша асығып кім қуды сендерді. Мұнда да бір қауым
ел бар. Талап пен Тәрбие келеді деп қуаныштары қойнына сыймай дайындалып отыр.
Осында бір-бірер күн кідіріп, бел суыту керек. Талапты қойшы, мына Тәрбие
жолдан шаршап келді. Асықтырмаңдар, тынықсын» десті. Осы топтың ішінде жасы
болмаса да жолы үлкен болған соң бәрі де байлау сөзді Тәрбиеден күтіп еді.
Ұшақтан шаршап түссе де, неде болса ауылға бір-ақ жетіп жығылуды қалап еді ол.
Бірсқ аонда да болса көптің ыңғайына көніп, өз пікірін ашып айтпай «Өздеріңіз
біңіздер, мен қайсысына да әзірмін» деді Тәрбие.
Талап пен Тәрбие мінген
«Джиптің» алдына отырып алған Нияз «біздің үйге тарт, осы жерде тұрып
дауласқанша, үйде дауласайық, неде болса бара көреміз» деді. Сонымен бұлар
қаланың оңтүстік батыс жақ шетіндегі жаңа салынған көп қабатты кірпіш үйлердің
біріне жетіп тоқтады. Нияздық келіншегі, анасы, бала-шағасы бәрі болконға шығып
тұр екен, бұлардың келе жатқанын көріп, сыртқа тұра жүгірісті. Бұлар машинадан
түсер-түспесте жүгіріп келіп шылауына оралып, жандары қалмай бәйек болып
амандық-саулық сұрасып, құшақтасып, с.йісіп жатыр. -Әу, қонақтарды далада
осынша бөгеп, бұл неғылғандарың?-деді Нияз,-өздері жолдан шаршап келді, тезірек
үйгне кіріп демалсын. Шайың әзір ме?-Нияз ұзын бойлы, арық, ақсары, көгілдір
көзді келіншегіне ым қақты.
-Дайын, стол жасаулы
түр,-деді ол.
Бұлар ішке кірсе, шынында да
шай қайнап,  дастархан әзір тұр екен.
Жолаушылар мен қарсы алушылар тез жуынып, дастарханға отырды.
-Осы шай болса басқа
ештеңенің керегі жоқ,-деді талап.
Жолдан қатты шаршап, шөліркеп
келген жолаушылар қаймақ қатқан қызыл күрең қою шайға бас қойысты. Жеделтеде
тқрт-бес шыныаяқ ішкеннен кейін дененің құрыс-тырысы жазылып, бастың ауырғаны
басылып, бұлар кәдімгідей тыңайып қалды. Жаңа ұшақ Суықтөбеге тақаған кезде
өзін жайсыз сезініп еді Талап. Әсіресе ұшақ ұшарда, қонарда  қатты ыстықтап, терлеп, ал аспанда келе
жатқанда денесі мұздап, әбден берекесі кеткен Талап «менің жағдайым осындай
болғанда Тәрбиенің халы қандай екен?» деп оған жанашырлықпен аялай қарап,-бүгін
қалаға қонбасақ болмас» деп келе жатқан. Енді міне, қазақтың қайран қызыл күрең
қоңыр қою шайын ішекннен кейін ол ойдан айныды. Бойына жаңадан бір тың күш
бітіп, енді неде болса ауылға жетіп алғанымыз жөн деген шешімге келді. Сол ойын
дастархан басында отырғандарға жария етіп, қайтадан жолға жиналды. Бұл кезде
күн ертеңге ауып кеткен еді.
Нияз бастаған бір топ жігіт
бұларды біраз жерге дейін шығарып салмақ болып өз машиналарымен ілесіп шықты.
Әлі көп жүрілмеген қаракөк «Джип» тас төбеге шығып алып шақырайған күннің
алқызыл нұрымен шағылысып, жалт-жұлт, жарқ-жұрқ етіп асфальт жолмен ағызып
барады. Оның соңынан ерген жеңіл машиналар қаздай қалқып келеді. Алдындағы
«Джип» көш бастаған ата қаз болғанда соңындағы кішірек «Жигули», «Москвичтер»
оның балапандары сияқты. Бұлар қаладан отыз шақырымдай ұзаған кезде өзінің
жекеменшік «Жигулиінің» ролінде отырған Нияз алда кетіп бара жатқан «Джипті»
басып озды.
-Мынау неге желікті?-деді
жігіттердің бірі.
-Желіккен жоқ, бұл қу бірдеңе
ойлап келеді,-деді екінші біреуі. Сөйткенше болған жоқ, Нияз алдыңғы машинадан
оқ бойы озып барып, оң қанатқа қарай оқыс бұрылды. Сол бұрылған бойында жолдан
шығып кетіп, көгалды қуалай бес жүз метрдей жүріп барып тоқтады.  «Мұның ойы енді түсінікті болды» деді
Қожағали. Өзге машиналар  да солай қарай
бұрылып тоқтады. Көгал шөпке түкті кілемді жайып жіберген Нияз оның үстіне
бір-екі көрпешені тқсеп, екі-ұш жастық та тастады. Келіншегіне ым қағып, екеуі
лып-лып етіп жылдам қимылдап, машина ішінен әлдебір сумка мен
буыншақ-түйіншектерді алып шықты. «Осы жерде кішкене тамақ жібітіп жіберейік»
деді Нияз.
-Иә, ұазір жібітіп алмасаң
тамағың құрғап қалған шығар,-деді Қожағали.
-Қазір үйіме баратын мені
қойшы, әлі алда жүз жетпіс шақырым жүретін сені айтсаңшы. Мен сенің қамыңды
ойлап жүргенім жоқ па, жазған,-деді Нияз.
-«Күріштің арқасында күрмек
су ішеді» деп Талап пен Тәрбиенің арқасында ұртымыз бір майланып қалатын
болды,-деп әзілдеп те жатыр Қожағали.
Әзіл-қалжыңы жарасқан топ
көгал үстінде, ашық аспан астында отырып бірер шыны коньяк, шампанды төңкеріп
жіберді. Ішке барғаннан кейін адамды қыздырып, сөйлете бастайтын ішімдік
жарықтықтың қашанғы әдеті емес пе? Бұл жолы да сол әдетінен жаңылған жоқ.
Жігіттер дауылдасып, әрнені бір айтысып кезекті бір бөтелкенің аузын ашпақ
болғанда Талап тежеу салды.
-Жігіттер, көңілдеріңе
рахмет! Әзірге осы жетер. Мына коньяктың аузын ашпай-ақ қойыңдар. «Жол ақысы
жүрсе бітеді». Мүмкін болса біз қозғалып кетейік.
-Жөн.
-Дұрыс айтасың.
-Түс ауып барады.
-Ие, ашық-жарықта жетіп
алайық.
-О, әлі Кемерде кідіреміз.
-Жолда сәлем бермей кетуге
болмайтын үлкендер бар.
-Иә, жүрейік, Тәрбие шаршап
қалмасын,-десіп дуылдасып жатыр.
Осы сөзден соң бәрі дүр етіп
орындарынан тұрды. Сол жерде бұлар ұзақ қоштасып, қайта-қайта қол алысып әзер
ажырасты. Екі жеңіл машина солтүстік бағытқа қарай бет алып Амантоғайға қарай
жол тартты да, қалған машиналар кері оралды. Жолдың екі жағын бойлай егін
алқабы қалып жатыр. Әлі дәні толысып үлгермеген бидай масақтары көкшіл сарғылт
өңдеріне күннің сынық сәулелері түскенде өзгеше бір ажармен құбыла құлпырады...
Туған жер топырағына табаны
тиісімен-ақ Тәрбие өзгеріп сала берді. Табиғатында сөзауырлығы жоқ ол бүгін
жаратылысынан тыс шешен  болып шыға
келді. Ұзақ жол үстінде талай әңгіменің басын қайырған ол межелі жерге жақындағанда
әлдебір тұңғиық ойға батып, ұзақ уақыт үнсіз қалды.
-Неғып үнсіз қалдың,
ботам?-деді Талап оған ғашық көзбен ет жүрегі елжірей қарап.
-Мені бір ауыр ой иектеп
алды,-деді Тәрбие.
-Ол қандай ой, ботам?  
-Осы мен көп ұзамай өлетін
сияқтымын.
-Қой, олай деме.
-Рас айтамын. Мана ұшарда
тұрған қалам Алматыға қиыла қарап, ұзатып салуға келген дос, туыспен қимай
қоштасып едім, енді міне туған жеріме де 
сондай бір нәзік сезіммен қоймай, тоймай қарап келемін. Бұл не сонда?
-Бұл ұзақ жолға шыққан
адамның, туған жерін сағынған жұмыр басты пенденің бәрінің басында болатын жай
ғой.
-Жүрегім сезеді. Бұл менің
туған жерге соңғы сапарым. Бәлкім, Алмытағыа қайтып жете алмаспын.
-Жаман ойлама,  жаным!
-Дай бог, чтоб я ошиблась.
Тәрбиені ауыр ойдан арылтқысы
келген Талап көңілді  бір әңгімені бастап
кетті.
Алматыдан аттанарда
атамекенде бір ай боламын деп ойлаған Тәрбие елге келгеніне бір апта өтпей
жатып аяқ астынан нілдей бұзылды. Таңертең тұра салып жолға жинала бастады.
«Неге сонша асықтың?» деген  Талаптың
сөзіне де, «Ең болмаса тағы бірер күн болсаңшы» деген ата-анасының сөзіне
де  тоқтамады. Тәрбиені жібергісі
келмеген  ауылдастары оны бір көш жерге
дейін ұзатып салды.
Таңқаларлық бір жай жүрегі
алыс жолға алып ұшқан Тәрбие ауылдастарымен қоштасуға асықпады. Неге екенін кім
білсін, көңілі әлі де кідіре тұруды қалаған ол, топтан сәл оқшау шығып, табиғат
көрінісіне құмарта көз тікті. Айнала төңіректе 
адам жанарын арбайтын асқақ таулар, небір көз тойдырар көгілдір орман
жоқ. Көз жетер жердің бәрі керіліп жатқан кең жазық. Бірақ осы бір Ұлы Дала бір
түрлі көңілге жақын, көзге ыстық. Өзі әлі аттарын жете біле бермейтін мынау
іртүрлі шөптердің иісі қандай әдемі. Міне, жаңа ғана тып-тыныш тұрған тымық
ауаға алуан шөптің әтір иісін шашып, ерен даланың ерке самалы соқты. Сол-ақ
екен, тыныс кеңіп, жан жадырап сала берді. О, ғажап! Мына саумал самал неткен
дәмді, неткен сиқырлы еді. Жұтқан сайын адамның жан сарайын ашып, бал шарбатына
ынтықтыра түседі. Тәрбиенің көзінде өмірге деген бір құштарлық оты жанып тұр...
Көл жағасындағы көп көліктен
екі жеңіл машина облыс орталығын бетке алды да, өзгелері кейін қайтып кетті.
Тақтайдай тегіс жолмен зулап келе жатқан ақ «Мерседестің» артқы креслосында
Тәрбие мен Талап қатар отыр. Жүргізушінің жанындағы алдыңғы орын бос. Соңғы
машинада үш кісі бар. Жүргізушінің жанында Жомарт, артқы орындарда тәрбиенің
ата-анасы. Екі машина асфальтқа түскен соң-ақ жылдамдықты жедел арттырып,
жұлдыздай ағып келеді. Межелі жерге қырық шақырымдай қалғанда іңір
қараңғысы  қоюланып, машиналар жарығын
жақты. Алдан электр жарығының нұрына шомылған сұлу қала Суықтөбенің ақшаңқай
үйлері  сағым арасынан көрінген ақ
таулардай мұнартады. Қараңғылықты қақ жарған машиналар ерсілі-қарсылы зулап
өтіп жатыр.
Жолаушылар қалаға кіретін жол
айырығына түскені сол еді, ағызып келе жатқан ақ «Мерседес» шауып келе жатып
сүрінген бәйге атындай омақаса құлап, үш-төрт аунап түсті. Талаптың көз алдынан
қызылды-жасылды оттар ойнап, күн күркіреп, найзағай шатырлағандай  болды да, есі ауып кетті. Одан арғысын
білмейді. Талап түгілі жүргізушінің өзі де ештеңенің байыбына бара алмай қалған
еді. Оның бар есінде қалғаны-қарсы келе жатқан көп машинадан сытыла шығып,
жұлдыздай аққан жүк машинасы.  «Мынаның
жүрісі жаман ғой, бірдеңені бүлдірмесе неғылсын, сақ болу керек» деген оймен
жылдамдықты тежеп, машинаны жол жиегіне бұра бергенше болған жоқ, қарсы келе
жатқан «Джипке» соғысты. Жүргізушінің көзінің оты жарқ ете қалды. Қай құдырет
сақтап қалғанын кім білсін, денесінде еш жарақат жоқ. Найзағай оғындай жарқ ете
қалған әлдебір сезіммен тежегішті шірене басып, рольді тас қып құшақтап алған
екен. Қарысып қалған аяқ-қолын әрең жазды.
Талап есін ертесіне
ауруханада жиды. Өайда жатқанын, мұнда қалай келгенін тез ойлап үлгерді. Есі
кірісімен Тәрбиені  іздеді. Жанындағы
мейірбике қыз оның басөа ауруханада жатқандығын айтты. Талап жүгіріп сонда
барды. Тәрбие есеңгіреген бе, әлде ұйқылы-ояу ма, әйтеуір екі көзі  сәл жұмылып, алқызыл еріндері қызғалдақтай
әлсіз дірілдеп, бар мен жоқтың арасындағы бір күйде жатыр. Мұның кіргенін
сезген жоқ.  Ақ жамылғыдан көрінген
денесінің бәрі ақ дәкемен оралған. Ашық жатқан беті ғана. Бұрын әлдебір алқызыл
жұмсақ нұралар ойнап тұратын беттің қаны қашып, сақарға салған сүйектей ағарып
кеткен. Әдемі қыр мұрыны әлдебір қатты затқа соғылып қатты жарақаттаныпты.
Жарақаттанған жерге йод түстес әлдебір май жақса керек. Онысы еріп, жан-жағын
болар-болмас балапан сызықтармен шимайлаған. Талап Тәрбиенің жанына отырып,
қолынан ұстады. Қолына жан жарының жылы, жұмсақ алақаны емес, әлдебір шүберек
ілікті. Бұл енді байқады. Тәрбиенің қолы да ақ дәкемен оралған екен. Төрт
саусағының ұшы ғана қылтиып көрінеді. Талап Тәрбиеге қарап бірдеңе айтқысы
келіп еді, тілі таңдайына жабысып, сөйлей алмады. Сол сәт Тәрбиенің еріні
көгеріп, жанары жұмыла берді.
-Дәрігер қайда, дәрігер?
Жүгір, тез кезекші дәрігерді шақыр,-деді Талап жан дауысы шыға.
Талаптың жанында тұрған
мейірбике есікке қарай оқша атылды. Сол сәтте жүгіре басып кезекші дәрігер де
келіп еді. Алайда, тура келген ажалға ешкім ара тұра алмады. Тәрбие Талаптың
көз алдында о дүниеге аттанып кете барды... 
 ІХ
Талап Тәрбиеден абайсыз
айрылып қалғалы екі жыл. Осы уақыт ішінде ол талай жайды бастан кешті. Ана жылы
жол апатына ұшырағанда мұның жамбас сүйегінің кемік басы сынып, ортан жілігі
жарылған екен. Алғашында ет қызумен оны байқаған жоқ.  Кейін аяғы бастырмағасын балдақпен жүруге
тура келеді. Жас адамға қолтықтағы қос балдақты тықылдатып жүру ыңғайсыз екен.
Әсіресе, көшеге шыққан қиын. Жұрттың бәрі бұған аянышпен қарайды. Мүсіркейді.
Автобусқа отырса жұрттың бәрі тіпті қарттар мен әйелдер де ұшып тұрып орын ұсынады.
Осының бәрі Талаптың жанын жегідей жеп болды. Өзіне жол беріп, орын
ұсынғандарға ол ризалық білдірудің орнына, ыза болатын. Оған олар айыпты емес
екенін біле тұра біртүрлі жек көретін. Көшеге шығайын десе қос балдаққа
қорланды, шықпайын десе міндетін кісіге артып жата беру тағы ыңғайсыз. «Сап-сау
жігіт, ең болмаса киоскіге барып өзі оқитын газетін өзі алып келмес пе, қашанғы
міндетіңді кісіге арта бермексің. Кәдімгі бір соғыста елін қорғап, мүгедек
болған кісідей шалжайып жатасың да қоясың. Ұялсаңшы» деп іштей өзін-өзі кекетіп
қоятыны бар.
Талап қос балдақты дәрігер
айтқан мерзімнен ертерек тастады. Енді ол қолына «Г» әрпіне ұқсаған кішкене
қоңыр таяқ ұстады. Мұнымен де ұзақ жүрген жоқ. Таяқсыз жүріп көріп, жаттығу
жасаудың нәтижесінде оны да лақтырды. Күн озған сайын аяқ икемге келіп, таяқсыз
жүретін дәрежеге де жетті. Рас, алғашында қиын болды. Сонда да мойымады.
Алғашқы күні аяғының ауырғанына қарамай он бес минут жүрген. Сол жүрісіне күн
сайын бес минуттан қос берді. Ақыры, міне ешқандай балдақсыз, таяқсыз тіп-тік
жүретін күйге де жетті. Жан жарасы жазылғанмен тән жарасы жазылар емес.
Абайсызда  айрылып қалған жан жары
Тәрбиесі көз алдында көлбеңдеп тұрып алады. Ол ойына оралып, сүйген жардың
бейнесі көзіне елестегенде жүрегі сыздап сала береді.
Талаптың Тәрбиеге деген
сезімі өзгерген емес. Уақыт озып жанып сүйген жар бейнесі  алыстаған сайын биіктеніп, тұлғалана береді.
Осы жылдар ішінде ол өзіне тосын бір жаңалық ашты. Көп жыл Алматыда тұрып
келген Талап қала іргесіндегі асқар Алатаудың шын ажарын аңғара алмай келіпті.
Жақында тұрып адам не нәрсенің де жақсы қасиетін толық біліп болмайды екен.
Дүниеде өзгермейтін сезім, еш нәрсеге айырбасталмайтын махаббат болады екен.
Оны да Талап қазір терең ұққандай. Осы жылдар ішінде ол көп адаммен танысты, біраз
кісімен сырласты, дәмдес, жақсы қыздар да аз емес. Талапқа жақындары Тәрбиенің
жылы өткен соң үйленуді кеңес етті. Бірақ бір жыл тұрмақ екі жылдан соң да
Талап әлі үйлене алмай жүр. Тең таппағандықтан, қатарымен тіл таппағандықтан
емес, мұның жүрегінде  бір-ақ адамға
деген сезім, бір-ақ кісіге деген мәңгі маздап тұрар махаббат шырағы бар екен.
Екінші бір сезім оянып, екінші бір шырақ жағу өзге біреулердің қолынан келер
емес. Тәрбиенің көз тірісінде Талап айтар еді, «Егер дүние жүзінің бар сұлуын
көз алдымнан өткізіп таңдатса да, сенен басқаны қаламаймын» деп. Сонда ол
өзінің жан жарына жүрек жарды сырын, әзілдесе де ойындағысын айтыпты. Енді
байқаса ай астында Тәрбиені алмастырар ешкім жоқ екен.
Тәрбиені ойлап жүрегі
сыздаған бір сәттерде онымен бірге өткізген бақытты күндерін еске алып,
Тәрбиемен ойша сырласады. Өткен күндер естелігі жазылған қойын дәптерді
парақтайды. Сүйтіп жанын жеген жалғыздықтан бір сәтке болса да  арылғандай болады.  Бүгін де ол өзінің және Тәрбиенің күнделік
дәптерін оқып отыр.
 Х
Сауда-саттықтың
арқасында  біраз табыс тауып, тұрмысы
біршама түзелген Тілеулестің отбасы жаңа қонысқа көшіп еді. Онысы Көктөбе
баурайынан бой көтерген екі қабатты 
котедж. Сол жаңа қоныста Тілеулес бүгін жалғыз. Ұлы Талап іс сапармен
Францияда жүр. Ана жылы шетелдікке тұрмысқа шыққан қызы Сымбат Америкада.
Жұбайы Тана Түркияда. Белдиби деген жердегі «Риксос» отелінде демалып жатыр. Ол
өзі бетін Жерорта теңізіне беріп, арқасын асқар тауға тіреп тұрған алты қабатты
аппақ ғимарат. Алдында үлкендерге  және
балаларға арналған үлкенді-кішілі үш бірдей бассейн бар. Ресторан, кафе, бар,
ойын-сауық алаңы, кино, спорт залдары өз алдына. Күн батқаннан таң атқанша  бірнеше виедозал жұмыс істейді. Жер бетінде
жеті жұмақ болса, соның бірі нақ сол. Тілеулес өткен жылы сол жерде Танамен
бірге демалған. Биыл жаңа қонысқа қарайлап бара алмады.
Тілеулес балконға  шығып сыртқа көз жіберді. Ұясынан жаңа ғана
шыққан күн Алатаудың қар басқан шыңдарын қызылжалқын шұғылаға бөлеп тұр. Аспан
шайдай ашық. Тау жақтан соққан самал жел мезгілінен ерте сарғая бастаған ағаш
жапырақтарын қалтырата желпіп қояды. Ұйқысынан оянған торғайлар топ-топ болып
ұшып жұр. Бұлардың жатын бөлмесінің терезесі Көктөбе жақта. Жиырма сегізінші
панфиловшылар паркінен сонау  Медеуге
дейін созылып жатқан, бұрын кеңес өкіметі кезінде Ленин, Қазақстан Тәуелсіз
мемлекет болғаннан кейін Достық даңғыл аталған ұзын кең көше  бұл тұрған жерден онша алыс емес. Арада екі
көше болғандықтан  күндіз-түні ағылған
машиналар дауысы көп естіле бермейді. «Биылғы жаз жаңбырсыз өтіп барады,-деп
ойлады Тілеулес.-Алматының қапырық ауасына қамалғанша Танамен бірге Анталияға
кетіп қалмаған екенмін. Ол қазір теңізде шомылып... жо-жоқ, ұйықтап жатыр.
Қазақстан мен Түркияның уақыт айырмасы бес сағат емес пе?..» Тілеулес балконға
желең шығып еді,  денесі тоңазып барады
екен. Дереу душ қабылдап, жеңіл тамақтанған ол 
күндегі әдетінше ол астыңғы қабатқа түсіп, почта жәшігінен бір бума
газет алды. Сосын жұмыс бөлмесіне келіп бүгінгі газеттерді шолып шықты.
Пәлендей жаңалық жоқ екен.
Көбісі «Хабар» арнасының кеше кешкісін айтқандарын қайталапты.  Биыл Ата заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес
пропорционалдық жүйе бойынша өткен парламент сайлауына жеті партия қатынасқаны,
соның ішінде «Нұр Отан» партиясының сексен сегіз пайыз дауыс алғаны жайлы барлық
газеттер жарыса жазыпты.  «Биылғы
сайлауда жеті партия жарысты,-деп ойлады Тілеулес.-Сол жетеудің ішінен «Нұр
Отанның» бағы жанды. Бұл партияның серкесі Президенттің өзі. Жеңісті қамтамасыз
еткен басты фактор да сол. Бұл жолы әкімшілік ресурстар толық пайдаланған болу
керек.  Әйтпесе Талдықорған, Солтүстік
Қазақстан облыстарында тоқсын бір пайызға дейін дауыс ала алмас еді. Жергілікті
жердегі басшылар асыра сілтеп жіберді-ау деймін. Әйтпесе қанша әлсіз десе де «Ауыл»
мен «Руханият», «Патриоттар», «Коммунистер» партиясы екі пайыздық деңгейге де
жетпеді дегенге кім сенеді? Менің үміт еткенім Қалихан Шайменовтың «Ақ жол»
партиясы мен Қалмахан Қияқбайдың «Жалпыұлттық» социал-демократиялық партиясы
еді. Бұлардың алғашқысы билікке бір табан жақын, соңғысы нағыз оппозициялық
партия. Олардың серкелері де бұрын биліктің биік баспалдақтарында болған,
саясаттың ұңғыл-шұңғылын жетік білетін 
сұңғыла саясаткерлер. Халыққа кеңінен танымал тұлғалар басқарған осы екі
партияның екеуін де жеті пайыздық шепке жеткізіп,  әрқайсысына жетіден он төрт депутаттық орын
беру керек еді. Бұлардың жеті пайыз дауыс алғанына менің титтей де күмәнім жоқ.
Шәйменовтің партиясының билікке қарсы келмейтіні белгілі. Қияқбайдың өзі
бастаған жеті депутат «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясынан партиялық
тізім бойынша сайланған тоқсан сегіз депутат пен Қазақстан халықтары
Ассамблеясы арқылы Мәжіліске өткен тоғыз депутатқа қарсы айтарлықтай қауіп
туғыза алмас еді. Оның есесіне пікір алуандығы болар еді. Ал енді не болды? Бір
партиялық парламент болғасын фракция да жоқ. «Адамдардың бәрі бірдей ойлаған
кезде ешкім ештеңе ойламайды» деп еді бір данышпан. Паралментте билік
партиясынан бөтен бірде бір партияның болмауы-қате. Билік артық қыламын деп
тыртық қылды-ау деймін. Енді не істеу керек? Меніңше сайлауда  жеңілген алты партия бірігіп дауыс беру
кезіндегі заң бұзушылық жайлы мәлемдеме жасауы қажет. Сосын Қазақстандағы
барлық партиялар бір тудың астына жиналып, бір-ақ партия болғаны жөн. Сонда
олар «Нұр Отанға» баламалы партия болып, қуатты күшке айналады. Осы
партиялардың бәрінің бағдарламалары өте ұқсас. Бәрінің де серкелері халық қамын
ойлаған танымал тұлғалар. Ендеше неге бірікпеске? Он бес миллион халқы бар
Қазақстанға екі партия жетпей ме? Әй, қайдам, екі қошқардың басы бір қазанға
симағанда  көп қошқар бір партияға сияр
деймісің? Халықтың қамынан гөрі өзінің бағы мен тағын көбірек ойлау адымын
аштыра қоймас. Әлемде талай қызық бар. Кенияда тұратын Арсантус Аккд Овгелл
деген біреу жиырма алты рет үйленіпті. «Қазір оның жасы жетпіс екіде, заңды
түрде тіркелген қырық бір әйелі бар» деп жазыпты газет. Естімеген елде көп.
Бүгінде жынысты ауыстыру да ауруға айналды. Ол ол ма? Жынысын ауыстырғандардың
операциясын Бразилия үкіметі өздері қаржыландырмақ.  Қызығы бар болсын, бұл өмірдің шыжығы да бар.
Айналаға көз салсаң қуаныштан қайғы көп. Анашамен ауырғандар  Қазақстанда да аз емес. Міне, мына бір
газетте былай деп жазыпты:  «Только за
минувшие сутки полицейскими Алматы выявлено четыре преступления, связанные с
незаконным хранением и сбытом наркотических средств. В отношении всех
задержанных возбуждены уголовные дела ро ст. 259 УК РК «Незаконное хранение и
сбыт наркотических средств». Задержанные были выдворены в изолятор временного
содержания ДВД Алматы. Проводится расследование».
Адамның пиғылы тарылып, ниеті
бұзылғаннан кейін табиғат та тарпаңдық таныта бастады. Қыстың не екенін
білмейтін ыстық өлкелерге қар жауды. Жанартаулардың атқылауы, ормандардың
өртенуі, жердің сілкінуі, су тасқыны сияқты табиғи апаттар көбейді...»
Тілеулестің ойын телефон шырылы
бөлді:
-Алло.
-Папа, привет!
-Талапжан амансың ба?
-Аман, папа, аман.
-Қайдан телефон шалып тұрсың?
-Мәскеудемін. Парижден кеше
келдім.
-Алматыға қашан келесің?
-Екі-үш күннен соң. Мамам
телефон соқты ма?
-Соқты. Дін аман.
-Қашан қайтады Алматыға?
-Бір екі күнде келіп қалар.
-Мен кеше Сымбатпен
сөйлестім.
-Иә, не дейді ол?-деп елең
ете қалды Тілеулес.
-Алдағы аптада Алматыға
келмек.
-Жалғыз келе ме?
-Жалғыз емес, Буш бар
қасында. Генрих та келіп қалар.
-Қанша болады екен мұнда?
-Үш-төрт күн, әрі кетсе он
күн.
-Әу, онысы несі, сонша
асығып? Мұхит асып, сонау АҚШ-тан келгенде сонша асыға ма екен кісі?
-Ой, папа, сен қызықсың. Ол
мұнда ұзақ болса бизнесі ақсап қалады.
-Сен де ылғи асығасың да
жүресің.
-Асықпауға болмайды. Қазір
уақыт солай. Пока, папа, пока...
 
Тілеулес тағы бірдеңе айтпақ
еді, байланыс үзіліп кетті. Орнына қайтып оралған ол оқыған газеттерін ысырып
қойып, бүгін почта жәшігінен алған газеттердің ең соңғысына - «Караванға» көз
жүгіртті. Алғашқы беттердегі материалдарды шолып шығып, жалаңаш әйелдердің
суреттерін аттап өткен Тілеулес әлдебір әуестікпен жарнама бөліміне көз
жүгіртті:«Әй, осы орыстың қыздарында
ұят жоқ,-деп ойлады Тілеулес.-Бесіктен белі шықпай жатып жезөкше болады бұлар. Мына
бір жерде ірі, жуан әріптермен «Невозможное-возможно!» деп жазыпты ғой. Кәне,
мұны да оқып көрейік: Специально для вас-царственная роскошь! Вдохновленная
магической сексуальностью секс-богиня поможет разнообразить ощущения и любой
каприз. Неутомимая в любви, неподражаемая, чертовски сладкая дама 33 лет,
казашка. Изумительная девственная грудь, чувственные губы, стройные ножки и
игривый блеск в глазах. Я красивая: кипарису подобен мой стан. Утолю в твоем
сердце любовный пожар. Я сведу тебя с ума, окуная в волну неожиданностей,
воплощая все твои желания в ральность. Ощути радостное восприятие красоты. Нет
прекрасней блаженства забыться в объятиях лучезарной красы, чьи уста, словно
мед. Это првда, а все остальное-загадка. Быть красивой-легко, но трудно выглядеть
красивой. Ты можешь прекрасно провести досуг. Обмани время-сделай каждую минуту
незабываемой. Элитная квартира в центре. Очень дорого. Тел. 555-785-3173» 
Ал керек болса! Қазағым
орыстан да асып түсті. Иә, біз қазақтар осындаймыз. Біреуден бірдеңе үйренсек
олардың өзінен асырып жібереміз. Батыстан тапсырыспен кісі өлтіруді көріп ек,
бүгінде олардан озып кеттік. Орыстан арақ ішуді, өзбектен сауда жасауды үйреніп
ек, олардан асып түстік. Бір ғажабы өзгелердің жақсысын емес, жаманын тез
қабылдап, тез үйреніп аламыз. Казино мен түнгі клубтар да жауыннан кейінгі
саңырауқұлақтай  қаптап кетті.
Жезөкшеліктен бастап кісі өліміне дейінгі барлық пәлелер солардан балалап
жатқан жоқ па? Ұлтты ыдырататын, ел іргесін сөгетін кеселдің ең ірісі-жат
діндерді тарату мен діндер арасындағы алауыздық екенін Балкандағы соғыс,
Пәкістан мен Үндістандағы қақтығыс, діндегі алтыбақан алауыздық түбіне жеткен
Сомали мен Ирак трагедиясы дәлелдеп берген жоқ па? Бисмарк: «Ақылдылар өзгенің
қатесінен, ақымақтар өз қатесінен үйренеді» деген жоқ па? Дін-әлемдік
мәдениеттің бір бөлігі. Сол қасиетті дін уағызын алауыздыққа емес,
ауызбіршілікке бұру керек-ақ. Теледидар арналарын  жауыздықты насихаттайтын қатыгез фильмдер,
порнография мен секс жаулап алды. Жастар үйде де, түзде де, тіпті жеңіл машина
жүргізіп келе жатып та батыстың даңғаза музыкасымақтарын тыңдайды. Бар
дауысымен бақырған батыстық әншісымақтардың 
әнсымақтарын, дүңк-дүңк еткен қатқыл, ащы дыбыстарды күні-түні тыңдаған
жастың миы ашып, сезімі шетінеп, ол миғұлаға, мәңгүртке айналмай ма? Біреудің
қаңсығы бізге таңсық. Әлдебірден соң  сол
жастар тәрбиесімен айналысып отырған кім бар? Бала бақшалары жапаай жабылды.
Пионер, комсомол ұйымдары жойылды.  Олардың
орнын алмастырған ұйым бар ма? Жоқ қой, жоқ! Ата-ана ма бала тәрбиесімен айналысатын.
Әйел ала қап арқалап базарда, еркек қайтсем өсем, қалай мол табыс табам деп
алашапқын болып жүр. Балаға қарайтын уақыт бар ма оларда? Мемлекет ше, мемлекет
бар емес пе, оның идеологиясы қайда? Кеңес өкіметі құлап, коммунистік идеология
қайтыс болып кеткеннен кейін оның орнын ұлттық идеяға негізделген  жаңа идеологиямен толтыру керек еді, оған да
салдыр-салақ қарап жүрміз. Ана тілің анау, босағадан сығалап, төрге оза алмай
жүр. Бізден гөрі батыстың иеологиясы күшті ме деймін. Олар айтыпты ғой өздерінің
елдерінің басшыларына: «Совет Одағымен соғысып керегі жоқ. миды шірітетін
даңғаза шумен, экрандардағы аласапыран алапес көріністермен-ақ олардың түбіне
жетіп, тұқымын тұздай құртамыз» деп. Соған келе жатыр бұлар. Қысық көз қытайың
анау ішімізге кеулей еніп жатқан. Олар осы қарқынмен келе берсе бір оқ
шығармай-ақ жаулап алады бізді. Көші-қоны саясатын мықтамай болмайды...»
Тағы да телефон шырылдады.
-Алло.
-Тілеке, саламатсыз ба? Мен
Қапалбай ғой, сізді мазалап тұрған. Хал-жағдайыңыз жақсы ма?
-Шүкір.
-Талап қашан келеді?
-Алдағы аптада.
-Сіз «Жас қазақ» газетінің
жаңа санын оқыдыңыз ба?
-Биыл соған жасызмаппыз.
-Өкінішті. Бұдан бес жыл
бұрын ғана өмірге келген осы газет бүгінгі ақпараттар тасқынына көміліп кетпей,
өмірден өз орнын ойып алды. Оның әр санында ең болмағанда бір, екі мықты
материал жарияланады. Өткен санында кешегі парламент сайлауы жайлы «Елбасыға
деген ел сеніміне нүкте қойған сайлау болды» деген көлемді мақала жариялап,
«Заң сақталмайтын елде қандай заңдылықпен жеңіске жетуге болады?..» деп айды
аспанға шығарған газет қой бұл.
-Ол мақаланың  авторы кім?
-Оны жазған сол газеттің бас
редакторы, белгілі ақын Қазытай Исабаев.
-Оппозициядағы газет-ау
шамасы.
-Жоқ. «Жас қазақ» үкіметтік
те, оппозициялық та басылым емес. Таразының екі басын тең ұстап, барды бар,
жоқты жоқ деп қара қылды қақ жарып жүрген әділ қазы. Мына жаңа санында да әлі
ешкім айтпаған жаңа сөз айтыпты.
-Иә, кімді сынапты бұл жолы?
-Ешкімді сынамаған. «Адамзат
тарихындағы мәңгілік ұлы тұлға» атты құнды мақала жариялапты.
-Аты айғайлап тұр ғой. Сонда
кім туралы?
-Мұхаммед пайғамбар туралы.
-Кім жазыпты?
-Ерасыл. Оқыңыз. Өкінбейсіз.
-Қайдан табам ол газетті?
-Қаласаңыз мен қазір факспен
жіберейін.
-Жібере ғой.
Тілеулес Қапалбай факс арқылы
жіберген газет қиындысын зер салып, оқи бастады:
«Ақылым асып, қайратым
тасығандықтан емес, қайран қазағыма жаным ашығандықтан өзге тірліктің бәрін
жиып қойып, көптен көкейде жүрген аса маңызды мәселе жайлы оқушымен ой бөлісуге
бекіндім. Көзім жетіп, көңілім сенген бір ақиқат-тіршіліктің тірегі адам,
иманды қоғам. Кез келген қоғамдық құрылыстың басты байлығы-адам не оның жан
дүние жасаулары.  Мемлекеттің --- - оның
рухани байлағында.
Имандылық жайлы сөз болғанда
ислам дінін, оның негізін салған Мұхаммед пайғамбарға оралмай кету мүмкін емес.
Алыста қалған арғы дәуірлерден күні бүгінге дейінгі ондаған ғасырларда әлемдік
биікке көтерілген  мәңгілік ұлы тұлғалар
саусақпен санарлық. Олардың бірегейі-Мұхаммед пайғамбар. Ол әлгі дәстүрлерді
сақтай отырып қоғамдық дамудың жаңа ағымдарын өмірге әкелді, өзінің
мұрагерлеріне әрі қуатты, әрі шуақты мұсылман мемлекетін қалдырды. Осының
бәрінен де маңыздысы-Алланың жердегі елшісі дүние жүзіне кең тараған, әлемді
таң қалдырған, жаһан бейнесін мәңгілікке өзгерткен, адамзаттың жандүниесін
ізгілікпен нұрландырып, имандылық пен рухани байлықтың берік тұжырымдамасын
қалдырды.
Мұхаммед пайғамбардың
шапағаты әлемдегі екі миллиардқа жуық мұсылман қауымына ғана емес, бүкіл
адамзатқа тиесілі. Олай дейтініміз, ол негізін салған ислам дінінің қасиетті
қағидалары адамзат қауымын адалдыққа, достыққа мейірімділікке,  бейбіт өмірге, қайырымдылыққа шақырып,
ізгілік атаулымен  үндесіп тұр. Ислам
сөзінің баламасы -бейбітшілік, оның ұлы мұраты-ибалы адам, иманды қоғам. Ислам
туының түсі - жасыл. Жасыл түс Аспан атаның тазарған, Жер Ананың жасарған
шағындағы реңк. Көңілге нұр, өмірге сәуле құятын қасиетті Құран аяттарының
бірінде: «Алла жалғыздықты сүймейді» деп жазылған. Осыдан-ақ исламның
имандылыққа бастайтын ұлы мұратын аңғару қиын емес» деп басталған мақала оқыған
сайын алға жетелеп, қызықтыра түсті. Онан әрі автор: «Өмірдің мәні-мансапта
емес, мақсатта. Тіршіліктің тірегі-ибалы адам, иманды қоғам. Оны құру үшін
Мұхаммед пайғамбардың өмірі мен ілімінен үлгі алу керек» дей келіп ойын:
«Мұсылман дінінің негізін қалап, әлем бейнесін жақсылыққа  қарай мәңгілікке өзгерткен адамзат
тарихындағы мәңгілік ұлы тұлға-Мұхаммед пайғамбардың рухани мұрасы келер ұрпақ,
кемел тарихпен бірге жасай береді. Бұлай батыл байлам жасауымыздың
себебі-Мұхаммед ілімі адамзат үшін бұдан сан ғасыр бұрын қандай маңызды болса,
бүгін де, болашақта да  сондай қадірлі,
қасиетті. Содан соң Мұхаммедтің  туған
жері, Мекке болғанмен оның отаны Жер-Ана атты алып планета. Ол өмір жасы
дәуірлермен өлшенетін ғасырлар перзенті» деп түйіпті.
«Жарайсың, Ерасыл! Бұл көпке
қозғау салатын ойлы мақала екен. Мұны балаларым да, әсіресе шет елде жүрген
Сымбатыма оқытайын. Мына көгілдір экран не дейді? Енді соны тыңдайын» Осы оймен
бүгінде ұзын саны қырықтан асқан арналарды 
аралай бастады Тілеулес. «Бір арнада атыс-шабыс, бір арнада секс, тағы
біреуінде жартылай жалаңаш ән салған клип. Дені дұрыс бірдеңе бар ма өзі? Охо!
Мынау өзіміздің Ерасыл ғой. Ал кәне тыңдайық». Тілеулес теледидардың дауысын
күшейтті. Ерасылдың жанында  отырған оң
жақ бетінде бұршақтай меңі бар журналист қыздың бұлақтың сылдырындай
сыңғырлаған дауысы жетті құлаққа:
-Ерасыл аға жауабыңызға
қанағаттандым. Рахмет. Енді кезекті сұрағымды қояйын.
-Қоя ғой, қалқам.
-Соңғы кездері мерзімді
баспасөзде сіздің Мұхаммед пайғамбар мен мұсылман діні жайлы бір емес, бірнеше
мақалаңыз  жарияланды. Гостонкер былай
депті: «Мұсылмандық дүниенің ұйытқысы болған дін. Бұл діннің қайнар көзі-Құран.
Ал Құран болса әлем мәдениетінің іргетасы. Егер мұсылмандық жер жүзінен жойылар
болса, дүние шайқалып кетер еді». Сіз айтып жүрген пікірлер де осымен үндес. Ал
енді діннің мәдениетке қаншалықты қатысы бар. Сол жайлы ойларыңызды
таратыңқырап айтсаңыз.
-Дін-әлемдік мәдениеттің
бөлінбес бір бөлігі. Адамға ауа, от пен су қандай қажет болса, мәдениет те
сондай керек. Кейде рухани қазынаның қасиетті қара наннан да керегірек кездері
болады. Мәселен, құрсаудағы Ленинград тұрғындарына Жамбылдың сапта тұрған
сарбаз жырлары  мен Шостаковичтің от пен
оқтың астында туып рухтандырған ұлы музыкасы 
қаншалықты күш-қуат бергенін тарих жақсы біледі. Жеке адамның да,
қоғамның да даму деңгейі ең алдымен мәдениетпен өлшенеді. Мәдениеттің ең басты
критерийі-имандылық.
Исламның басты мұраты-ибалы
адам, иманды қоғам дедік. Егер адам өзі үшін ғана өмір сүрсе, ол қоғаммен
байланысын  жоғалтады. Кім қоғамға, жеке
адамға қаншалықты көп берсе, соншалықты 
оған жақсылық болып оралады, оның өзі де рухани жағынан баии түседі. Осы
тұста Мұхаммед пайғамбардың: «Дүние ақыреттің егіні, мұнда не шашсаң, онда соны
орасың»-деген сөзін еске алудың орайы келіп тұр. Пайғамбарымыздың: «Кімнің ұяты
жоқ болса, соның иманы жоқ»-деген сөзі тағы бар.
Ибалы қоғам, иманды адамның
сырты нұрлы, іші сырлы. Олар рухани да бай. Содан да ибалы қоғамның болашағы
айқын, иманды адамның жүзі екі дүниеде де жарқын.
-Тойнби әлемдегі үш
өркениетті ерекше атапты. Осыған орай қандай ой айтар едіңіз?
-Тойнби айтып отырған үш
өркениеттің алғашқысы христиан дінінің аясында өмірге келіп,  соның ықпалымен дамыған шығысеуропалық
өркениет. Батысеуропалық өркениет католиктер мен протестанттарға телініпті.
Қиыршығыс өркениеті мен үнді өркениеті тағы бар. Осы саптағы өрісі кең, өркеші
биік өркениет-мұсылман өркениеті. Бұлардың әрқайсысы өз заңы, өз дәстүрлерімен
ерекшеленеді, сонымен бірге олардың ортақ белгілері де бар. Адамзат тарихындағы
әр қилы өркениеттер мен әр түрлі діндер бір-біріне бөгет жасамай, бірін-бірі
байытып дамыса, олардың көрнекті тұлғалары арасында бір-біріне деген түсіністік
пен құрмет болса, адамзат әр түрлі қақтығыстар мен апаттардан аман болмақ. Ал
еуроцентризм методологиясы. Ол жан-жақты дамыған жалғыз өркениет деген қате
ұғым орға жығатын қатерлі дерт. Исламның, оның негізін салушы  Мұхаммед ілімінің ерекшелігі сол-ол өзге
діндер мен өркениеттерді жоққа шығармайды, олармен түсіністікте қатар дамиды.
Жазушы болсын, жұмысшы,
қайраткер болсын рухтың кемелденуі-ең негізгі қасиеттердің бірі. Рух кемелденуі
үшін адам ибалы, қоғам иманды болуы керек. Тіпті сонау қатігез орта ғасырдың
өзінде де құдыретті билеуші Құбылай хан былай депті: «Старайтесь завоевать души
людей, а не их телесную оболочку». Әйгілі Шыңғысхан ұрпағының мемлекеттің
гүлденуі жайлы өз мұрагерлеріне жазып қалдырған бұл өсиеті әлі ескірген жоқ.
-Кеңес өкіметі кезінде елдің
бәрі атеист еді. Сол кезде қызыл империяның саясатын қызу қолдаған, қолдап қана
қоймай мещіттерді қоймаға, қой қораға айналдырған кейбір партия, совет
қызметкерлері  бүгінде қолына құран
ұстап, таспиық тартып, молда болып шыға келді. Сонда солар құдайдан қорықпай
ма? Әлде құдай жоқ па? Сіз не айтасыз Ерасыл аға?
-Айналайын, Гүлдәурен! Бұл да
оралып өтуге болмайтын оңды сұрақ. Бұған орай айтарым, құдай бар ма, жоқ па деп
пікір жарыстырудың қисыны қирап қалғалы қашан. Құдай әр адамның жүрегінде болуы
шарт. Бұл ұғым өркениет пен философияның бесігін тербеткен адамдардың рухани
өміріне берік енген. Гомер өзінің даңқты дастандарын жазарда құдайға сыйынып
құлшылық жасаса, Л. Толстой бастаған талай тарландардың мұсылман дінін өз
еркімен қабылдауы тегін емес. Оның терең сырын Мұхаммед пайғамбар негізін
салған мұсылман дінінің бүкіл адамзатқа ортақ гуманизмнен іздеу керек.
Біздің бала кезімізде ауыл,
аудан халқы есікке құлып салу дегенді білмейтін. Үй иелері бір жаққа жолаушылап
кетсе үйге ит, құс кірмес үшін есікті жіппен орап бекіте салатын. Ол заманда ел
аузында «обал болады», «ұят болады» дейтін сөздер жиы айтылатын. Бүгінде мұның
бәрі ертегіге айналды. Қазір үлкендер ұйымдасқан қылмыс пен ұялас жемқорлықтың
темір құрсауында, ал жастар өз болашағын байлықпен байланыстырады, бақыттың
басты тірегі ақша деп біледі. Ақша болса бәрін де сатып алуға болады деп
сенеді. Бұл қате ұғымның қатерлілігі бүгінгінің жастары байлыққа қандай лас
жолмен жетуден тайынбайды. Ал ибалы адам, иманды қоғам тәрбиелейтін зиялылар
әлеуметтік экономикалық жағынан қорғалмаған. Жазушылар көрінгенге қол жайған
сұраншақ, ғалымдары базар жағалап, өнер адамдары байшікештердің тойында ән
салып асаба, қыздары тәнін сатып жезөкше болып кеткен заманда ибалы адам,
иманды қоғам болу қиын-ақ. Бас уайымы-баспана мен ішер ас, киер киім болған
жастарды түзу жолға салып адал еңбек етуге үндеу де оңай емес. Міне, осындай
қилы заман, қиын кезеңде ислам діні-адамның тәні мен жанын тазартатын қуатты
қару. Осы тұста Мұхаммед пайғамбардың өмірі жайлы кітапты қайта басып
шығарудың, оны қалың көпшілікке жеткізіп, тәрбие құралына айналдырудың маңызы
аса зор.
-Әңгімеміздің  соңында 
телекөрермендерге не тілек айтасыз?
-Бізді тыңдап отырған
көрермендер қазақ халқы ғой. Қазақ мемлекетінің қатардағы бір перзенті ретінде
халыққа айтар тілегім, Алладан жатсам, тұрсам тілерім-Тәуелсіздіктің көк
байрағы мәңгі желбірей берсе екен! Жиырма бірінші ғасыр-қазақтың көсегесі
көгерген құтты ғасыр болғай!
-Ерасыл аға, мазмұнды  әңгімеңіз үшін мың алғыс. Сізге біздің
«Қазақстан» ұлттық арнасының атынан шығармашылық табыс тілейміз.
-Рахмет!
-Сіздердің көріп,
тыңдағандарыңыз «Салиқалы сұхбат» тақырыбында берілген хабар. Хабарға
қатынасқан Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты  Ерасыл Жақсыбеков. Хабарды жүргізген
филология ғылымдарының кандидаты Гүлдаурен Оразбек. Келесі кездескенше.
«Апыр-ай, мынау «Салиқалы
сұхбат» бұрыннан беріліп келе жатқан қырық бес минуттық хабар ғой. Мен соның
соңына ғана іліктім. Қап, әттеген-ай, басынан бастап тыңдай алмағанымды қарашы.
Енді Ерасылға телефон шалайын».
Телефон трубкасын Айгүл
көтерді. Ол Тілеулестің дауысын тани кетті. Амандық-саулықтан соң Тілеулес
Ерасылдың өзімен тілдесті:
-Ерасыл қалқам, жаңа өзіңді
көгілдір экраннан көріп, сөзіңді тыңдап бір жасап қалдым. Айтқан әңгімең дәмді.
Әттең, басынан бастап көре алмай соңғы жағына ғана іліктім. Шөлім қанбай қалды.
Айтқандай «Жас қазақтағы» Мұхаммед пайғамбар жайлы мақалаңды да оқыдым. Ірі,
тірі сөз екен. Саған разы болып, телефон шалып жатқаным ғой. Жасай бер, жаза
бер, Ереке!
-Рахмет, Тілеке!
Тілеулес телефон тұтқасын
ұясына қондырып, сыртқа шықпақ болып есікке беттеді. Сол сәт Сымбат кіріп
келді. Жанында үш жасар ұлы бар.
-Папа.
-Сымбатжан!
Екеуінің құшағы айқаса кетті.
Сол сәт сәби:
-Мазе,-деп анасының етегіне
оралды.
-Ой, мынау Буш па?-деді жалт
қараған Тілеулес.
-Иә, бұл Буш, папа!
-Ой, Алла-ай, немеремді
көретін күн бар екен ғой. Кел, ботам, келе ғой.
Тілеулес осыны айтып,  сәбиді көтеріп, құшағына қысты. Ол «мазе,
мазе» деп анасына қарай бұлқынды.
-Пәлі, мына күшік атасын
жатырқап тұр ғой,-деді Тілеулес құшағында бұлқынған Бушты Сымбаттың қолына
ұстатып жатып.
-Әу, Сымбатжан Талапжан сені
алдағы аптада келеді дегені қайда?
-Бәрін бүлдірген сол сенің
сүйікті ұлың.
-Қайтіп?
-Бүгін баратыныңды айтпаймын.
Папама сюрприз болсын деген.
-Пәлі, неғып тұрсың? Төрлет.
Мен шәй қойып жіберейін.
-Папа, отыра бер, мен өзім.
-Генрих қалай, аман ба?
-Буштың папасы қазір
Мәскеуде. Бір жұмыстармен бөгеліп қалды. Екі күннен соң осында келеді. Мамам
демалыстан қашан оралады?
-Тана ертең таңертең керуі
керек.
-Охо! Бәріміздің басымыз
қосылатын болды ғой.
Тілеулес пен Сымбат ас үйде
шай қойып отырғанда кішкентай торғыл мысықты құшақтаған Буш атасының жанына
келіп ағылшынша бірдеңе деді.
-Мына күшік не дейді,
Сымбатжан?
-Мына тарғыл мысықты алып
кетемін дейді.
-Оны алып кеткенше, өзі
осында қалсын.
-Өзім де Бушты қалдырып
кетпекпін.
-Оған көне ме ол?
-Көнбей қайда барады?
-Оның жөн, Сымбатжан. Жат
елде жүріп жатбауыр болып кетер әйтпесе.
-Анасы тұрғанда жатбауыр бола
қоймас. Қанына тартпай тұрар дейсің бе? Өзім тірі тұрғанда елін, жұртын
ұмыттыра қоймаспын. Менің уайымым ол емес.
-Енді не, ботам?
-Мұхиттың ар жағында жүріп
ана тілінде сөйлемей қалмаса екен деймін. Сол үшін қашан қазақша еркін сөйлеп
кеткенше жылдың жартысында АҚШ-та, жартысында сіздермен бірге болады.
-Болсын, болсын. Бұған күйеу
бала Генрих қалай қарайды?
-Оған алаң болма, папа! Ол
менің айтқанымнан шықпайды.
-Талапжан ана жылы АҚШ-тан
келген соң: «Сымбат тәтем құды мамам. Сізді билеген мамам құсап күйеуін билеп
алыпты. Мамам құсап Генрихті ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстайды екен»
деп келіп еді. Сол рас болды-ау, қызым.
-Рас, папа, рас. Шығыс қашан
батысқа бой беріп еді. Күн шығыстан шығатынын мойындады Генрих.
-Жарайсың, қызым, жарадың!
Жалғыз Генрихті ғана емес, АҚШ-ты да мойындатар заман болса екен.
-Мына немерең,-деді Сымбат
сәлден соң әкесінің алдына отырып алған Бушқа қарап,-ағылшын мен қазақ тілін
бірдей біліп, батыс пен шығыс мәдениетін 
тел емес, бойында ұлттық намыс, ұлттық рух болса қазағыма-халқыма жаман
қызмет етпес. «Болашақ» бағдарламасымен шет елдерде, ұлттық жобалармен елде
оқып жатқан аға, апаларына еріп, елдің ертеңін нұрландырар.
-Лайым, айтқаның келсін,
қызым! Ендігі үміт осы жастарда. Алла жар болсын!
Бірін бірі бес жыл бойы
көрмеген әке мен бала сол күні армансыз сырласты...
 
ХІІ
Жалдама өзенінің жағасындағы
биік жотаның етегінде қабырғалары шикі кірпіштен қаланып, төбесі қамыспен
қоянжондана жабылған жеті үй тұр. Күншығыс жақтағы ең шеткі үйдің алдындағы
жерошақтың отын темір көсеумен анда-санда бір көсіп қойып, ақ жаулықты кейуана
отыр. Күнбатыс беттегі қырқадан қасқа бұзау жетектеген ұзын бойлы, ақ шашты,
ақсақалды қария келе жатыр. Қасқа бұзаудың соңында алға қарай иіле біткен  имек мүйізді қазандай басын шайқап қойып,
оқта-текте бір мөңіреген қарала сиыр. Қос мүйіздің бірі орта тұсынан сынған,
екіншісі, ұшы кесілген тұқыл. Батып бара жатқан күннің қасқа бұзаудың қызғылт
жонына қиғаштай құйылған сәулесі сәт сайын құбылып қарала сиырдың көзін
қарықтырып келеді.
-Қарасан келгір қасқа бұзау
енесін еміп қойыпты,-деді қара қазанда сақылдап қайнап жатқан қара суға қос уыс
бидай салып жатқан кейуанаға кінәлі адамдай жасқанып, жаси сөйлеген қария
желмен желбіреген аппақ сақалын оң қолымен тарамдап.
-Әй, шал-ай, -деді кейуана
маңдайына түсіп кеткен ақ жаулығын жөндеп жатып ана... ой, Алла-ай, кім еді
әлгі Ноянның қызының аты...
-Ой, қайран кемпірім-ай, сен
де қартайыпсың ғой әбден. Не көрінді саған күнде көріп жүрген Пүліштің атын
ұмытып.
-Сол Пүлішке барып бір
тостаған сүт алып кел. Қара шайды қайтіп ешімз енді?
-Әй, кемпір-ай,-деді қария
тоқтықтан маужырап тұрған бұзауды ауладағы қазыққа байлап жатып,-осы сенің
атыңды әке-шешең Шайгүл деп біліп қойған-ау, нәті. Соншама Шайқұмар болармысың?
-Мен емес, сенің атыңды
Жайбасар деп тауып қойған кім қойса да. Жайбасар, жалқау болмасаң айдың күні
аманда жалғыз бұзауға ие болмай, емізіп алар ма ең. Көтіңе қарамай қырынып,
жуынып, үсті басыңды қаққыштап, сыланып-сипанып жүріп аласың түге.
-Қайран кеңес үкіметінің
көзіндей жалғыз костюмімді қағып-сілкіп таза ұстасам, қырынып, жуынып,
сыланып-сипанып күнде таза жүрсем оның не сөкеттігі бар? Тазалыққа жас кезден
үйренген жақсы әдет қой ол.
-Кедейдің кербезінен сақта
демей ме қазақ. Үйіңде шайқап ішер шалабың жоқ сенің үстіңе қыл-қыбыр жолатпай
қақиып жүргенің кімге керек?
-Өзіме керек, өзіме! Адамның
жаны да, тәні де, киген киімі де таза болу шарт. Сосын сен мені «кедей, кедей»
деп тақымдай берме, білдің бе? Мен туа кедей болғам жоқ, жүре кедей болдым.
Арғы атам бай, өз әкем болыс болған. Кеңес үкіметі кезінде өзім де завферма
болып, аузыңнан ақ май ағызғаным қайда?
-Әй, шал, сайрай бермей сүт
алып кел.
-Өзің ғой, сөзге айналдырып
бөгеп жатқан,-деп бөгежектеген Жайбасар жайлап басып аз ғана үйлі ауылдың
екінші шетіне қарай кетіп бара жатты. Барған ізімен іле кері қайтқан қария сүт
толы сырлы ағаш тостағанды кейуанаға ұсынып жатқанда күншығыс жақ қырқадан
құйғытып шыға келген бір жеңіл машина бұлардың жанына келіп тоқтай қалды. Аппақ
түсі батып бара жатқан күннің қызғылтсары сәулесімен шағылысқан ақ машинадан
түскен ұзынды-қысқалы екі жігіттің бірі:
-Ассаламағалейкум,
ақсақал,-деп Жайбасармен, екіншісі:
-Есенсіз бе, апа?-деп
Шәйгүлмен амандасты.
-Қай балаларсыңдар?-деді
еңкіш иығын тіктеп, сәлем берген екі жігітке көз қиығын  кезек тастаған Жайбасар.
-Мына жігіттің аты-Нағышыбай,
фамилиясы - Нұриденов. Астана КНБ-да жұмыс істейді,-деді екеудің  ұзын бойлысы жанындағы аласа бойлы  жігітті нұсқап.
-КНБ деп тұрғаның Ұлттық
қауіпсіздік комитеті ғой,-деді Жайбасар өзінің әр нәрседен хабары бар
сауаттылығын танытқысы келген сыңаймен ұзын мұртын оң қолының қос
саусағымен  ширатып.
-Тас төбесінен түстіңіз,-деді
ұзын бойлы, қарасұр жігіт қулана жымиып.
-Өзіңнің ныспың кім?
-Менің атым-Қыдырәлі, әкемнің
есімі-Қарғабай. Бизнесменмін.
-Қай жердің тумасысың?
-Осы Жалдама бойын жайлаған
қырқымылтық руынанмын.
-Тоқта, тоқта,-деді Жайбасар
Қыдырәліні бастан аяқ бір шолып өтіп,-сен сонда өзіміздің қарға бойлы
Қарғабайдың баласы болдың ғой. Онда сен бізге жиенсің. Сол сәт Қыдырәліге
көзінің астымен қараған Шайгүл ұрлана, дауысын шығармай ақырын күлді.  Ол күлкінің себебін біле қойған Жайбасар
кемпіріне қарап, жұмсақ жымиды. Қарға бойлы Қарғабай соғыстан кейінгі жылдары
көңілдесімен ләззат ойынын ойнағаны үшін әйелі Айсұлу оны қолындағы сорпа құйып
жатқан ыстық ожаумен жанды жеріне салып қалған. Сосын әйелінің ашуы басылғанша
бой тасалай тұрайын деп даладағы дәретханаға кіргенде соңынан ілесе шыққан
әйелі дәретхананың есігін  сыртынан
бекіте салған. Дәретхананың ағаш есігін әрі итеріп, бері тартып, қара терге
түскен, жаздың ыстығында  жағымсыз иіс
қолқасын  қауып, қақпанға түскен
қасқырдай аласұрған қарға бойлы Қарғабайдың ащы дауысын бүкіл ауыл естіп
күлген. Сол оқиға ойларына оралған Жайбасар мен Шәйгүл бір-бірін тілсіз түсініп
еді.
-Әй, шал-ау,-деді Шәйгүл
Жайбасарға  бұйыра сөйлеп,-балаларды
прокурор құсап тергей бермей үйге кіргізсеңші.
-Ә, иә, жігіттер,
төрлетіңдер,-деді Жайбасар. Қабырғасы жарылып, іргесі шөге бастаған аласа жер
үйге кіргісі келмеген Нағашыбай үй іргесінде жатқан тулаққа қисая кетті.
-Үй ыстық шығар, осы жер
қолайлы ғой,-деді ол.
-Апа, жолға алып шыққан су
мен сырамыз таусылып, қатты шөлдеп келдік,-деді Қыдырәлі Шайгүлді жақын арта
жылы сөйлеп, - бізге тезірек шәй бере көріңіз. Мосыға ілінген қара шәйнектің
астында жанып жатқан отқа құрғақ тезектің үш-төртеуін тастап жіберген Шайгүл:
-Қазір, қалқам, қазір,-деп
дастархан жая бастады.
-Шай қайнағанша шөл баса
тұрыңдар,-деп Жайбасар ұсынған бидай көжені басына бір-ақ төңкерген
Нағашыбайдың маңдайынан тер бұрқ ете қалды.
-Қайдан жүрсіңдер, қайда
барасыңдар?-деп сұрады шай үстінде Жайбасар.
-Нағашыбайдың мына Аманкелді
ауданының орталығында тұратын жиені үйленіп, соның тойына келгенбіз,-деді
Қыдырәлі. -Тойдан соң құс атып, аң аулап жүріп осы жерден бір-ақ шықтық. Бұл
өзі қай ауыл?
-Бұл жердің бұрынғы атауы
Құсұя болатын. Қазіргі аты- «Жетім ауыл»-деп әңгімені әріден бастады Жайбасар.
Ертеректе бұл өлкені Нұрдәулет атты атақты бай мекендеген. Осы төңіректегі ат
аяғы жетер жердің бәрі сол Нұрдәулет байдың арғы аталарынан мұраға қалған жер
екен. Осы өздерің ат басын тіреген ауыл ертеректе Молтов атындағы колхоздың
орталығы, кейін тың игерген кезде «Амантоғай» атты астық совхозының бір
бөлімшесі болды. Ол кездері мұнда қырық шақты түтін болған. Содан
тәуелсіздіктің алғашқы жылдары бір өзі кішігірім бір мемлекет сияқты совхоздар
мен колхоздар жаппай таратылып, халықтың маңдай терімен келген бар байлық
ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпеді ме? Аса қуатты ауыл шаруашылығы
күйреген елде не береке болушы еді? Жер озды, ел тозды. Бар тірлігі қолындағы
азын-аулақ малға қарап, жұмыссыз қалған ауыл қазағының бір тобы Арқалық пен
Рудныйға, енді бірі Қостанай мен Астанаға үдере көшті. Жаппай көтеріле көшкен
елдің жұртында қозғалуға көлігі, қаржысы жоқ мына біз секілді шал-шауқан мен
жетім, жесірлер ғана қалды. Бұл жерде қазір бар болғаны жеті үй, он бес адам
бар. Ауылдың айналасындағы мына қалқиған жартыкеш қабырғалар мен томпиған
төбешіктер қалаға көшкен елдің ескі жұрты.
-Ауылдың желке тұсында тұрған
анау еңселі ғимарат ше?-деп сұрады Нағашыбай.
-Е, ол Нұрдаулет байдың
өзінің көкжал арғымақтарына арнап салдырған ат қорасы ғой,-деді шашы ұстарамен
алынған тақыр басын бір сипап қойып.
-Өзі қай қырынан қарасаң да
әрі көрікті, әрі биік екен,-деп қалды Қыдырәлі.
-Еңселі болатыны,-деп
түсіндірді Жайбасар,-мына біздің тапал үйлерден әуелде-ақ әлдеқайда биік
салынған. Көрікті болатыны қабырғалары жылқының құйрық, жалының қылы қосылып
иленіп, бір келкі болып құйылған сапалы кірпіштен өрілген. Ғасырдың басында
сомдап соғылған ғимарат уақыт желіне желініп, сәл шөге түскені болмаса, әлі де
өңін бермей, қабырғасы қақырамай қасқайып тұр. Бұл ғимарат кезінде Молотов
атындағы колхоздың клубы болған. Кітапхана мен почта сонда орналасқан-ды.
-Қазір не бар онда?
-Бос тұр.
-Соған неге көшіп
алмайсыздар? Мына үйден ол әлдеқайда жақсы емес пе?
-Ә, онда гәп бар?
-Ол қандай гәп?
-Сұлуынан жылуы демей ме
қазақ. Ол пәлен бөлмелі әйбат үй болғанмен оны қыста жылытуға көп отын керек.
ол бізде жоқ. Көмірге қолымыз жетпейді. Мына аласа үйді қыста қоға, қамыс,
тезекпен әзер жылытамыз.
-Кеш түсіп, іңір қараңғылығы
қоюланып барады. Мына жерошақтағы оттың жарығы әлсіз екен. Шам бар ма?
-Шам бар.
-Онда жақпайсыздар ма шамды?
-Шам болғанмен керосин жоқ.
Қыдырәлі мен Жайбасардың
манадан бергі әңгімесін үнсіз тыңдап отырған Нағашыбай орнынан тұрып «Джиптің»
фарын шағып, радиосын қосты. Сол сәт айнала жап-жарық болып, «Ленд крузердің»
ашық тұрған есігінен ән мен күй кезек шалқып жатты. Мұны байқап қалған «Жетім
ауылдың» тұрғындары Жайбасар үйінің ауласына жинала қалды. Шайгүл мен
Жайбасардың киімдері ескі, өңдері жүдеу болғанмен дастарханы мен ыдыс-аяғы
тап-таза екен. Сүт қатқан қызылкүрең қою шайды терлеп-тепшіп ішіп отырған
Нағашыбай мен Қыдырәліге кезек қарап алып сөз бастады Жайбасар:
-Қарақтарым, өздерің
білесіңдер, қазақ құдайы қонағынан ештеңе аямайды. Біз де қолдағы барымызды
ауыздарыңа тосып отырмыз. Мына дастархандағы нанға сары майды жағып жеп, тойып
алыңдар. Сендерге соя қоятын ұсағымыз жоқ. Бес-алты қой ешкіміз бар еді, ұнға
айырбастап тауыстық. Желініне қарап отырған жалғыз сиырды да, оның бұзауын да
соймады деп айыптамассыңдар. Біз ыстық сорпа ішпегелі қашан?
-О не дегеніңіз.
Көңіліңізге  ризамыз, ақсақал,-деді
Қыдырәлі елпілдеп.
-Ендеше бүгін ыстық сорпа
ішеміз. Қыдырәлі, кәне, ана машинадағы бүгін атып алған құстарды тегіс алып кел
мұнда. Бірін үйітіп, бірін асып, ас әзірлеңдер,-деді Нағашыбай. Сол екі ортада
«Жетім ауылдың» барлық тұрғыны Мырзәлі үйінің алдына жинала қалды. Осынау жеті
үйде тұратын ұзын саны он бес адам жетім, жесір үшін Нағашыбай мен Қыдырәлінің
келуі әжептеуір оқиға еді. Жаз бойы ешкім ат ізін салмаған, бір үйден кіріп,
бір үйден шыққан қамкөңіл жандар ойламаған жерден келе қалған жолаушылардан жөн
мен жаңалық сұрасып, қауқылдасып қалды. Біреулері Нағашыбайдың ине-жіптен жаңа
шыққан шетелдік спорттық киіміне, біреулері Қыдырәлінің қолындағы күн нұрымен
шағылысқан  алтын баулы алтын сағатын
қызықтаса, енді біреулері өздері бұрын-соңды көрмеген аса қымбат «Джипке»
таңырқай қарады. Газет, журнал оқуды былай қойып, радио тыңдап бір жасап қалды.
Газ дегеннің не екенін білмейтін ауыл тұрғындары жүні жұлынған құстарды лезде
күйдірген Қыдырәлінің құралын сиқыршының қолындағы кереметтен кем көрген жоқ.
Электр жарығы болмағандықтан кеш түсіп, ымырт қараңғылығы қоюласымен жатып
қалатын жарықтық қарттар түні бойы машинаның қараңғылықты қақ жарған
жарығында  рахаттана отырып әңгіме-дүкен
құрды.
-Осы өңірді кешеден бері
шарладық,-деп сөзге араласты 
Нағашыбай.-Осы жақтың шалдары бұл өлкенің табиғаты керемет деп тамсанып
отырушы еді. Көре алмадық қой сол тамаша табиғатты. Өңкей бір шаңы шыққан
сұрғылт дала, сұрқай сурет көргеніміз.
-Е, шырағым-ай, бұл қазір
ғой. Бұрын бұл жерлер Нұрдәулет байдың еншісі болған кездегі көркін мен өз
көзіммен көрдім ғой. О заманда жер жанаты еді-ау бұл өңір,-деп әңгімені әріден
бастар кездегі әдетімен тамағын бір кенеп қойды Жайбасар. Жиырмасыншы ғасырдың
басында бұл жерлер ерекше сұлу, өзгеше 
абат өңір болатын. Жап-жасыл шалғыны атты кісінің үзеңгілігін сүйетін,
тобылғы бұталарының қызғылт бояулары  күн
нұрымен шағылысқан, сайын далада сан мыңдаған төрт түлік өрген, ауылдың сол
жағындағы Аман тоғайының алуан түрлі 
жеміс-жидектерінің  жұпар
иісі  желді күндері ауаға таралып, жан
сарайыңды шайдай ашатын.  Оң жақтағы
қарағайлы қалың  орманмен жалғасып жатқан
тоғайдың көркі қысы-жазы  бір үзілмейтін
әнші құстар таңмен таласа сайрай жөнелгенде қиялыңды қияларға самғататын.
Сауырын күнге сүйгізіп керіліп жатқан кең дала, сол Ұлы Даланың бетін жапқан
жібектей жасыл шөп пен ақ селеу, боз көде мен боз жусан, қыр мен қырқада қаулай
өскен қызғалдақ пен сарғалдақ... көздің жауын алатын. Ата-бабасынан мұраға
қалған осы жерде туып-өскен Нұрдаулет айналаға сүйсіне қарап, Сарыарқаның
саумалдай дәмді, саф алтындай тап-таза ауасын кеуде кере жұтып, өзінің
замандасы көзі соқыр, көкірегі ашық Қайыржан ақындай шалқушы еді-ау. Сондай бір
сәттерде ол:  «Төрт құбыласы түгел жұмақ,
түгесілмес сұлулық болып жаратылған осындай байтақ өлке, бай мекен қайда бар?!
Асан Қайғы бабамыз армандаған Жерұйық та осындай-ақ болған шығар. Жаннан қымбат
жанат қой мынау! Қазақтың соңғы ханы Кенесарының оң қолы болған қас батыр
Тойшығара айтып, қайран әкем Бабахан қайталаған: «Сенде тудым, сенде өлсем
арманым жоқ. Болашақ ұрпақтарым да туған жердің әр сүйемін көзінің қарашығындай
сақтаса екен» деген сөздерде теңіздей терең мағына бар ғой» деп тебіренетін.
Аты белгісіз арғы замандардан
бері қазақтардың атамекені болып келе жатқан Ұлы Даланың сұлулығы мен байлығын
сөзбен айтып жеткізу мүмкін бе? Бұдан он ғасыр бұрынғы сымбаты бөлек сұлулығы
тіпті ғажайып еді бұл Ұлы Даланың. Оны кейінгі ұрпаққа жеткізген даланың дана
қарттары айтқан дәйегі мол әңгіме, дерегі көп шежіре, қала берді тасқа қашалып
жазылған өнегелі өсиет.
Жайбасардың әңгімесін тыңдай
отырып ақ арақты аянбай ішкен Нағашыбай әдеттегісінен ерте оянды. Денесі
күйіп-жанып,  екі шекесі солқылдап тұрған
ол «Жетім ауылдың» қарсы алдында баяу ағып жатқан Жалдама өзеніне шомылмақ
болды. Қыдырәліні ертіп алып өзен жағасына келген ол өз көзіне өзі сенбеді.
Кеше ғана айнадай жарқырап
жатқан жарықтық «Жалдама» бүгін жоқ.
-Осы менің өңім бе, түсім
бе?-деді ол жанындағы Қыдырәліге алақ-жұлақ қарап.
-Өңің ғой, кеше кешкісін
екеуміз шомылған өзен қайда кеткен?
-Қайдан білейін, мен де соған
таң қалып тұрмын, Нықа.
-Кеше кешкісін ғана бар өзен
бүгін таңертең жоқ дегенге өз көзімен көрмегендерн сенер ме?-деді Нағашыбай
ойран-асыр болып. -Осыны ертең біреулерге айтсаң бізді өтірікші дер.
-Өтірікшің не, Ныққа,
ақыл-есі  ауысқан нақұрыс дейді ғой.
Екеуі бір түннің ішінде жағалауды шайған мол су әлдебір жарықты жарып өтіп, жер
астына түсіп кеткен өзен арнасына таңдана қарап, бастарын қайта-қайта  шайқап біраз тұрды. Күні кеше жарқырап жатқан
өзеннің орнында ұзынан ұзақ созылған терең сай жатыр. Көзге анық  көрінген сай түбі толы көкшіл мүк пен балдыр
басқан батпақ. Әр жерде жағаға шығуға тырмысып, тырбаңдаған бақа, шаян, ауа
жетпей, желбезегі желпілдеп, жанталаса тулап жатқан шалажансар балық. Аспанға
көтерілген  тозаң түстес будан тараған
сасық иіс қолқаны қабады. Көз көрмек тұрмақ, құлақ істеміген мына сұмдықтан
төбе шашы тік тұрған Қыдырәлі мен Нағашыбай біраздасын естерін жиып, «Жетім
ауылға» қарай беттеді.  Сол сәт қарсы
алдарынан қос шелекті иінағашқа асып алған Шайгүл шыға келді.
-Әже, қайда барасыз?-деді
Нағашыбай амандық-саулық жоқ.
-Өзенге,-деді Шайгүл.
-Су алуға барасыз ба?-деді
Қыдырәлі.
-Иығында иінағашқа ілген қос
шелегі бар мына мен секілді кетік кемпір өзеннен су алуға бармағанда таң атпай
не үшін барушы еді?-деп таңданды кейуана.
-Онда кері қайтыңыз,-деді Нағашыбай
жұлып алғандай.
-Неге?-деді Шайгүл.
-Су жоқ. Мұны айтқан
Қыдырәлі.
-Су жоғы несі, өзенде су
болмаушы ма еді?-деген Шайгүлдің таңданысына Нағашыбай:
-Суды айтасыз, өзеннің өзі де
жоқ,-деп таңдайын тақ еткізді.
-Ау, балаларым-ау, не айтып
тұрсыңдар? Өзен жоқ, су жоқтарың қалай? Кеше ғана ағып жатқан өзен қайда
кетіпті?-деді мына екі жігіттің айтып тұрған сөзіне сенбеген Шайгүл.-Қойыңдар,
боталарым ондай қылжақбастықты. Мен сендердің аналарыңмен жасты, бәлкім үлкен
де шығармын. Үлкен кісімен бұлай әзілдеспес болар.
-Біз сізбен әзілдесіп тұрған
жоқпыз.
-Сенбесеңіз барып, өз
көзіңізбен көріңіз,-десті.
-Иә, балалар, біздің
кемпірмен біраз шүйіркелестіңдер ғой. Жүйкесі жұқарып жүрген кейуана ғой. Бос
сөзбен бастарыңды қатырса көңілдеріңе алмаңдар,-деді манадан бері Жалдама жаққа
қарап тұрған Жайбасар.
-О кісіде жазық жоқ. Біз ол
кісіге бүгінгі күннің ең басты жаңалығын айттық,-деді Нағашыбай.
-Иә, ол не жаңалық?-деп елең
ете қалды Жайбасар.
-Жалдама өзені жоғалып
кетіпті,-деп қойып қалды Қыдырәлі.
-Тек!-деп шоқ басқандай
шоршып түсті Жайбасар.-Зат емес, мал емес, оны айтасың, тіпіт адам да емес
жылдар бойы жарқырап жатқан үп-үлкен өзен жоғалушы ма еді? Не айтып тұрсыңдар?
-Сенбесеңіз барып, өз
көзіңізбен көріңіз.
-Не дейді? Не көкіп
тұрсыңдар?-деп зекіп тастады Жайбасар.
-Мынау рас болса сұмдық қой.
-Сусыз қалай күн көреміз,-деп
шулады мұны естіп тұрған «Жетім ауылдың» тұрғындары.  Сосын бір-біріне қарап, аң-таң болып тұрған
олар сәлден соң Жалдама өзеніне  қарай
беттеген Жайбасардың соңынан тұра жүгірді. Бұлар келгенде Шайгүл суы жерге
сіңіп кеткен өзен арнасының жағасында:
-О, қу шұнақ құдай-ай! Енді
жетпегені осы ма еді? Құдайдың қара суын да қимағаның ба бізге?-деп аңырап отыр
еді.
-Апыр-ай ә?!
-Не болып қалды?
-Кеше бар өзен бүгін жоқ!
-Ой, Алла-ай.
-Бір-ақ түнде жоқ болыпты ғой
Жалдама.
-Бұл не масқара!
-Енді қайттік?
-Құдайға не жаздық?
-Сусыз қалай өмір сүреміз?
-Сұмдық-ай!
-Басқа жаққа көшіп кететін
күш те жоқ бізде.
-Құлақ естіп, көз көрмеген
сұмдық қой мынау.
-Ниеті бұзылған адамдарға
Алла тағаланың жіберген зауалы шығар бұл.
-Алла, Алла дейсіңдер, біздің
көз жасымызды көрмеген сол Алланың көзі соқыр шығар.
-О, қу шұнақ, қу құдай-ай,
бізді сонша зарлататындай не жазып едік саған? 
«Жетім ауылдың» жаны жара,
көңілі нала тұрғындары осылай зар илеп іштегі зәрлі уын сыртқа шығарып жатты.
Кеше ғана жарқырап жатқан
өзеннің бір-ақ сәтте жоғалып кеткеніне әрі таң қалып, әрі қорқып, естері шыға
есеңгіреген топтың арасында Пүліш те бар еді. Қыздай қосылған күйеуі «бала
тумайтын бедеусің» деп бұдан он шақты жыл бұрын кетіп қалған болатын. Содан
бері екі тізесін құшақтап, көшкен елдің жұртында жалғыз қалған жетім көңіл
жесір әйелдің  бірі осы Пүліш. Жалғыз
сиырдың емшегінен басқа қорегі жоқ еді оның. Қанша күннен бері жөнді тамақ
ішпей жүрегі сазып жүрген сол Пүліш барлық суы жер астына сіңіп кеткен өзен
табанындағы тыпырлап жатқан бір топ балықты алмақ болып жағадан батпақты терең
сайға секіріп кетті. Сол сәт ешкім күтпеген оқыс оқиға болды. Пүліш дік етіп
түскен жерінде жер астына сіңіп бара жатты. Жан дауысы шыға шыңғырған Пүлішке
Шайгүл сай жағасында тұрып  иінағашын
ұсынып «мынадан ұста» деп айғай салды. Алайда, Пүліштің созған қолы оған
жетпеді. Пүліш қас-қағым сәтте «Жетім ауыл» тұрғындарының көз алдында екі қолы
ербеңдеп, жер астына сіңіп кетті.
-Апыр-ай, мына тағы не
сұмдық?
-Не де болса бұл жақсы ырым
емес.
-Бүлінгеннен бүлдіргі алма
деген.
-Пәледен машайық қашып демей
ме атам қазақ.
-Қой, кетейік.
-Кеткенде қайда барасың?
-Бәсе деймін-ау, аяқ артар
көлігің де жоқ. Ендігі жетпегені осы еді.
-Сусыз өмір жоқ.
-Шетімізден шейіт болатын
шығармыз енді.
-Мәйітіміз итке жем болып,
көзімізді қарға құзғын шұқымаса болғаны да.
-Иә, өлсек те ит пен құсқа
жем болмасақ екен.
Жұрт осылай улап-шулап
жатқанда манадан бері қазандай басы салбырап, көріктей кеудесіне құлап түскен
Жайбасар кенет бүгілген белін жазып, бойын тіктеді де шың басындағы қарт
қырандай саңқылдап сөйлеп кетті:
-Уа, жұртым! Ұлардай шуламай
тоқтаңдар енді. Құдай өзі берген жанын өзі алады. Ноқталы басқа бір өлім. Күні
бұрын жамандық шақырмаңдар. Араларыңдағы 
жасы үлкендерің  мен екенмін.
Ақылым тасығандықтан емес, жаным ашығандықтан айтамын. Ескіден жеткен есті сөз
бар:
Күніне тоқсан түрлі пәле
көрсең,
Сонда да күдер үзбе бір
Алладан,- депті ғой бір ақылман. Алланың әмірінсіз ештеңе болмайды. Бәріміз бір
Аллаға жалынып, мінәжат етейік. Қазір мына жастар жағы ауылға барып, Пүліштің
қара сиырын, үй-үйде  бар суды алып
келсін. Сиырды сойып, етін жеп, күш жинайық. Бұл әрі Пүлішке берілген құдайы
тамақ, әрі бір Аллаға сыйынып берген тосаттығымыз болсын. Сосын тағы ақыл
қосып, тағы бір әрекет жасармыз. Құдайды қарғап, сілеп құр зарлай бергеннен
гөрі осы дұрыс болар. Уа, жұртым бұған не дейсіңдер?
-Жөн сөз.
-Осы дұрыс.
-Алдымен есімізді жиып алайық
осылай.
-Иә, сосын алқа-қотан отырып
ақылдасайық.
-Бір ақыл жақсы, екеу болса
бекем болады.
-Айтқаныңа құлдық, Жәке!
-Сіз бәрімізден жасы үлкен
аға ғана емес, сауатты азаматсыз ғой.
-Иә, сіздің көргеніңіз де,
көкейге түйгеніңіз де көп.
-Сіздің дегеніңіз болсын.
«Жетім ауылдың» тұрғындары
осылай улап-шулап жатқанда көптен жырылып шыққан Нағашыбай мен Қыдырәлі өзара
сыбырласты.
-Апыр-ай, не газы, не светі
жоқ осындай да ауыл бар екен-ау.
-Үлкен жерден алыста жатқан
арал сияқты ғой.
-Как будто каменный век.
-Соның бәрі аздай-ақ бұл
сорлылар енді сусыз қалды ғой.
-Ендігі өмірі не болады екен
бұл бейбақтардың.
-Әркім маңдайына жазылғанын
көреді де.
-Жая жеген жая, қая жеген қая
жейді. Өмірдің қатал заңы сол.
-Өздері де бір өмірі
маңдайының соры кетпеген оңкей сорлылар кеекн.
-Әй, айдаладағы қаймана
қазақтар үшін несіне қайғырамыз.
-Бұл жерден тезірек кетейік.
-Иә, есің барда еліңді тап
деген.
-Радиатордағы су қайнап
кетпей тұрғанда тезірек Астанаға жетіп алайық.
Осылай бірінің сөзін бірі
қостаған Нағашыбай мен Қыдырәлі «Джипке» отырып алып, алды-артына қарамай зып
берді. Сол сәт «Жетім ауылдың» төбесіне төне түсіп, тіп топ қарға төмендей
ұшып, жар жағасындағы адамдарға қарай беттеді. Мұны көрген Жайбасардың тұла
бойы тітіркеніп кетті. Ол қарқ-қарқ еткен қара қарғаларға тіксіне қарады.
Бұл кезде Ақбас бүркіт қазақтың
Ұлы Даласын шарлап, шарқ ұрып жүр еді. Қызбел тауының Қыземшек деп аталатын
арудың анарындай қос шыңының ортасында туып-өскен қыран құс бүгін де жалғыз.
Өмір серігі Көкдауылды тың игеруге келген бір есерсоқ орыс ана бір жылы атып
өлтірген болатын. Алатаудан Ұлытауға асығып жеткен Ақбас бүркіт өзі туып өскен
өңірді қырағы көзімен шолып келеді. Міне, мынау Аман тоғайы. Жиырмасынша
ғасырдың басында бұл тоғайда сан түрлі әнші құстар сайрап, жасыл жапырақтар
жайнап тұратын. Бүгінде оның бір бөлігі адам қолымен аяусыз оталған, бір
бөлігін өрт шалған. Ақбас бүркіт туып-өскен Құсұя ғой. Нұрдаулет байдың бір
кезде жарық дүние есігін іңгалап ашқан, ер жеткен, Алла тағаланың жазуымен
жастық шағы өткен қасиетті жері де осы. Бұл жердің неге бұлай оталып кеткенін ешкім
анық білмеуі мүмкін, бұл жері баталы 
Жалдама жағалауына ұя салған сан мыңдаған құстардың құтты мекені болған
шығар, бәлкім, осында қанаттанып, кейін жан-жаққа тарап, жылы жаққа қайтпақ
қоймас құс құсап, туған жерге қайта оралған адамдар үшін өз руластарының қимас,
қымбат ұясына а            йналған
шығар.  Қалай болғанда да  Нұрдәулет те, оның замандастары да  сонау сәби 
кездерінен Құсұя Қаражар жайлауының бір шөкім бұлттай ғана бір бөлшегі
деп білетінін баяғыда-ақ жан жүрегімен ұғып еді Ақбас бүркіт. Ал Қаражар болса-Мәмбетәлі,
Қараман, Төлек руларының қашаннан бергі қонысы. Ал мына ұланғайыр Ұлы Дала,
оның аса бай , асқан сұлу табиғаты-Алла тағаланың қазаққа берген сыйы.
Сол Ұлы Даланың бір өңірі
Нұрдәулеттің атамекені. Айналасы ат шаптырым аумақты алып жатқан, орта тұсы
ойпаңдау болып келген осы бір өңірдің жаратылысы тым бөлек-ті. Ауылдың дәл
қарсы алдында, күншығыс жақта ұзындығы жүздеген шақырымға созылатын Жалдама
өзені баяу ағып жатушы еді-ау. Басын сонау Ұлы таудан алатын арнасы кең, ағысы
қатты өзен суы мөп-мөлдір, тұп-тұнық болатын. Көбіне жайпақ болып келетін өзен
жағасына әрі биік, әрі тіп-тік нар қамыстар өсіп тұрушы еді. Жағасы елсіз,
қамысы қалың тұстарда жолбарыстар жортып жүретін. Сол қайратты жолбарыстардың
бірі бірде Нұрдәулеттің атын жарып кеткені бар. Жердегі төрт аяқтылардың ең
күшті ең тегеуріндісімен  аспандағы
қанаттылардың тәңірісі Ақбас бүркіттің күш сынасқысы келгені қайда? Жалдама
өзенінің құмды, тасты, құлама тік жартастары да жалаңаш емес, бұтақтары
тырбиғат аласа бұталар мен солқылдаған 
сәмбі талдарға  толы болатын. Су
бетінде қалқи жүзген құс төресі аққулар да бар еді. Ұзын, әдемі мойындарын әсем
иіп, жүрек қылын шерткен сыбызғы үнмен сыңси жүзген аққулар сыры терең сымбаты
бөлек сұлулықпен көзді арбап, көңіл толқытатын. Қаңқылдап ұшқан қараша қаздар
мен сұңқылдаған сұр үйректерден көз тұнатын.
Ауылдың желке тұсы  теңіз толқынындай бүктетілген қабат-қабат
төбе. Бірте-бірте биіктеп, Құсұядан күндік жерге созылатын сол төбелердің бір
шеті Ұлытаумен, екінші шеті бірінен-бірі көркем бес шыңы аспанға қарай
шаншылған Бестаумен ұласып жатыр. Тау беткейі қысы-жазы көкбеңкөк болып көгеріп
тұратын жасыл шыршалармен көмкерілген. Тау баурайы ит тұмсығы өтпейтін
қарағайлы қалың орманға ұласып жататын. Орман іші аса бағалы аңдарға толы
болатын. Со заманда мұнда арқардан бастап ақ барысқа дейін бар еді. Аса епті,
аса сезімтал ақ сілеусін  мен ақтөс қоңыр
аю да жиі кездесетін. Кейде орман арасынан жазық далаға шығып бой жазған кербез
бұғылар тарам-тарам шаңырақ мүйіздерін шайқап қойып, үп-үлкен, мөп-мөлдір
сүйкімді жанарымен айналаға сүйсіне қарап тұрушы еді-ау... Бүгінде соның бірі
жоқ. Өзі туып өскен осынау байтақ өлке жиырмасыншы ғасырда бар бояуын, барлық
байлығын жоғалтты. Тың игеру дейтін ондаған жылдарға созылған аса ауқымды жұмыс
жерді құнарынан айырып, эррозияға ұшыратты. Осының бәрі-жердің тозуы,
табиғаттың тоналуы, елдің азуы Ақбас бүркіттің көз алдынан өтіп жатты.
Жүрегі бір сұмдықты сезген
Ақбас бүркіт өзі туып өскен өлкеге асығып жеткенде талай сұмдықты көріп, қатты
шошынды. Алдымен байқағаны аспанға ұшырылған космос корабльдерінің жерге құлап
түскен қаңқалары, содан тараған радиациядан уланып өлген жүздеген ақбөкеннің
жүні жидіп, арса-арса болған қабырғасы мен күнге күйіп қарақошқыл тартқан қызыл
еті. Ақбас бүркіт «Жетім ауылды» қанша айналып ұшса да ол жерден
тіршіліктің  бірде-бір белгісін көре
алмады. Мал да, жан да көрінбейді. Даладағы ошақтардың  оты өшкен. Жатаған үйлердің мұржасынан ұшқан
түтін тағы жоқ. «Жетім ауыл» өлі ауылға айналыпты. Одан да өткен
сұмдығы-ғасырлар бойы көз алдында көлбеп жатқан Жалдама өзені жер астына сіңіп,
жоқ болыпты. Сусыз қалған өзеннің орнындағы терең сайды жағалай жатқан өліктер.
Қос шелегін-сусыз қаңырап қалған бос шелегін құшақтай құлаған бір кейуана ақ
жаулығы желбіреп өліп жатыр. Оның жанына сақал-шашы ағарған бір шал жүрелей
құлапты. Қаназасы кеуіп, шөлден өлген адамдардың мәйіті иістене бастапты.
Жалдама өзенінің сусыз қалған арнасындағы «Шайтантіс» мүйісінде шұңқырға
жартылай шөккен дәу қара тастың үстіне дәу қарақұс отыр. Өлген адамдардың
мәйітін айнала қарқ-қарқ етіп бір топ қара қарға ұшып жүр.
Ақбас бүркіттің ойына
Айнамкөз ана атымен байланысты аңыз оралды. Алла тағала аты белгісіз арғы
заманда ауада ұшып жүрген шаң мен тозаңды, топырақ пен қиыршық ұсақ тастарды
қысып, сығымдап жұмыр жерді жаратқанда қазақтың еншісіне бар өңірі жерұйық
жанат жерді-осынау Ұлы Даланы сыйласа керек. Ұлы Даланың перзенттері-қазақтар
қала салып, егін егіп, көрші елдермен сауда жасап, әуелете ән салып, күмбірлете
күй тартып, бақытты өмір сүріпті. Қазақтардың бақытын көре алмаған шайтан
көкшіл көзі көкшіп, сап-сары өңі күреңітіп, қызғаныштан жарылып өле жаздапты.
Батыстағы шайтан аз болғандай шығыстағы қиық көз әзәзіл де қызғаныштың қызыл
итін айтақтап, айдап салыпты қазақтарға. Екі бүйірдегі екі бірдей құдайын
ұмытқан құдайы көршілер қазақтарды қанжоса ғып қырып салып, Ұлы Далаға иелік
етуді армандапты. Алайда, ат құлағында ойнайтын, сілтеген қылышы қара тастың
өзін қақ айыратын, құралайды көзге ататын епті де ержүрек қазақтарды жер
бетінен жойып жіберу қолдарынан келмесе керек. Әбден ыза болған көк көз, сары
шайтан қиық көз әзәзілдің азғыруымен қара қоңызға айналып, қара түнді жамылып,
қазақтарды шаға бастапты. Оның тісі тиген адал адамдардың өздері де қызғаншақ,
күншіл, қатігез, қаныпез пенделерге айналыпты.
Сонда жарықтық Айнамкөз
ананың түсіне аруақтар кіріпті. Олар оған шайтандар шоғырланған жерге баруға
бұйырыпты. Айнамкөз ана әруақтардың аманатын арқалап, шайтандар шоғырына
жетіпті. Оған сап-сары шайтан да, қысық көз әзәзіл де  кедергі жасай алмаса керек. Себебі ол әулие
ғой. Шайтан қанша шақса да  ол қыңқ
демепті. Айналасына адамдарды жиып ап, қанының қызуын, жанының жылуын беріпті
Айнамкөз ана. Ызадан жарылып өле жаздаған шайтан бір улы тісін жұлып алып,
қазақтың Ұлы даласына лақтырыпты. Сол улы тіс түскен жер Шайтантіс аталады.
Содан бері шайтан мен әзәзіл басқа жерге кетіп, басқа елдер мен басқа адамдарды
қазақтарға айдап салып жүрсе керек. Сонау ту, ту алыс, тым алыс арғы замандағы
қасиетті Айнамкөз анамыз бен киелі атамыз 
шайтан мен әзәзіл атаулыдан ел мен жерді қорғап жүрсін деп  өз аруақтарының рухын екі Ақбас бүркітке
айырбастапты. Содан бері сол қос қыран құс ел мен жердің иесі мен киесіне
айналыпты. Олар барда қазақ дейтін халықтың қорғаны мықты. Егер олар өлсе қазақтың
рухы да өледі дейді аңыз.
Ақбас бүркіт енді  бір сәт ой желісін үзіп, төңіректі тағы бір
шолып өтіпті. Күні бойы көрген сұмдық 
суреттерді көз алдынан қайта бір өткізген оның жүрегі сыздап сала берді.
Қайғыдан қан құсқан  Ақбас бүркіттің
қуатты қос қанаты бұрынғыдан бетер ауырлап кеткен денесін әрең көтерді.
Қайғыдан қанаты талып, Қызбел тауына әзер жеткен ол Қыземшек шыңына келіп
қонақтады. Қандай қиындық көрсе де қайыспай қарсы тұратын қыранның қиядағыны
шалатын қос жанары тұманданып, көз алдындағыны анық көре алмады. Шың басына
қонақтаған Ақбас бүркіт жылап отыр еді...
Ақбас бүркіттің қайғысын
бөліскен күн бүгін әдеттегісінен тез батып, ымырт қараңғылығы күрт қоюланып
шыға келді...
 
ХІІІ
Министрдің кабинетіне қарсы
бөлмеде оның көмекшісі отырушы еді. Медет есімді бұл жігітті Дүйсенбек біраздан
бері білетін. Ол институтта Дүйсенбектің інісі Сейсенбекпен бірге оқыған.
Студент кезінде Дүйсенбектің үйінде талай болған. Ол кезде ағалап тұрушы еді,
министрге көмекші болғалы өзгере қалыпты. Ашық тұрған есіктен Медетті көзі
шалған Дүйсенбек оның кабинетіне келіп, онымен қол беріп амандасты. Медет
Дүйсенбектің ұсынған қолын самарқау алды. Танымайтын адамдай тым салқын
сөйлесті. Шамадан тыс сыздана қалған өзінен мүшел жас кіші жігіттің алдында
Дүйсенбек байыз тауып отыра алмай, қабылдау бөлмесіне қайтып келді.
Дүйсенбектің көңілін қалдырған тағы бір жай мұның ұсынған қолын амалсыз алған
Медеттің іле-шала  «Тройной одеколон» деп
аталатын иіс сумен қолын жуғаны. Медет өзінен шені жоғары біреу болмаса өзгеге
қол беріп амандаспайтын. Зәуқайыр қол алыса қалса іле иіс сумен қолын шаятын.
«Министрдің көмекшісі мынандай кірпияз, менмен болғанда өзі қандай екен?» деп
ойлады Дүйсенбек.
Министрдің көмекшісіне
қарағанда қабылдау бөлмесінде отырған хатшы қыз әлдеқайда ізетті, сыпайы
екен.  Медеттің кабинетінен көңілсіз
шыққан Дүйсенбекке ол жылыұшырай қарап:
-Аға, шай ішесіз бе, әлде
кофе ме?-деп сұрады.
-Рахмет, қалқам!-деді
Дүйсенбек. -Үйден шай ішіп шыққам.
-Одан бері біраз уақыт өтті
ғой. Қысылмаңыз. Күн ыстық, таңдай жібітіп отырыңыз. Ол сөйлей жүріп жиегіне
алтын жалатқан күміс подносты Дүйсенбектің алдында тұрған аласа столға әкеліп
қойды. Подноста кішкентай хрусталь вазаларға салынған қымбат конфет пен
печенье, өрік пен мейіз бар еді. Таңертең асығып, үйден оразасын ашпай шыққан
Дүйсенбек бір шыныаяқ кофе ішкенде маңдайынан тер бұрқ ете қалды.
-Айналайын атың кім?-деді
Дүйсенбек хатшы қызға мейірлене қарап.
-Гүлжан.
-Қай жақтансың, ботам?
-Торғайдан.
-Екеуміз жерлес боп шықтық.
Астана Алматыдан Астанаға көшкенде біз де Арқалықтан осында қоныс аударғанбыз.
Сол сәт қабылдау бөлмесіндегі
қаптаған көп телефонның екеуі бірдей қатарынан шырылдап, Гүлжан әлдекімдермен
сөйлесіп кетті.
Гүлжан телефон трубкасын
орнына қоя бергенде қабылдау бөлмесіне оң жақ құлағына жылтырақ сырға таққан,
жауырынға дейін жеткен шашын орта тұсынан буып қойған жас жігіт кіріп келді де:
-Салют, Гуля!-деді.
-Привет, Қайрат,-деді Гүлжан.
-Шеф өзінде ме?
-Жоқ, Бексұлтан Бұлғақбаевич
келген жоқ.
-Странно!
Ол осыны айтты да шығып
кетті. Аты, өңі қазақ екенін айқындап тұрған оның орысша сөйлегеніне Дүйсенбек
таң қалған жоқ. Тәуелсіздіктің он бесінші жылында да орыс тілін көкке, қазақ
тілін жоққа шығарып жүрген мұндайлар аз емес-ті. «Өз елінде босағадан сығалап
қол болған қайран ана тілім-ай. Сенің де бағың жанатын күн болар ма екен?» -
деп іштей күйзелді Дүйсенбек. Гүлжан жаңағы Қайрат есімді жалбыр шаш жігітпен
қабылдау бөлмесінің орта тұсында тұрып сөйлесіп еді.  Дүйсенбек сол кезде ғана оған зер сала
қарады. Гүлжан сұңғақ бойлы, аққұба өңді, өте сұлу, өте сүйкімді қыз екен.
Жәудірей қарайтын жұп-жұмсақ жанарында өзгеше бір жылылық бар. Гүлжанның
үстінде жағасы ашық, жеңі қысқа ақ жібек блузка, ақ жібек шалбар, аяғында аппақ
босоножка. Дөңгеле қиып, биік прическа жасаған қап-қара шашы аппақ жазық
маңдаймен, қарлығаштың қанатындай қиылған қаспен үйлесе қалыпты. «жасы
жиырманың ар жақ бер жағында болар болар,-деп ойлады Гүлжанның тұла бойын
тінте, оған ұрлана қараған 
Дүйсенбек.-Әбден пісіп, уылжып тұрған кезі ғой. Мұндай балғын денені  құшқан еркекте не арман бар».
Дүйсенбектің ойын түймесі
басылған телефоннан естілген:
-Шеф қаладан шықты,-деген
дауыс бөліп жіберді. Сол-ақ екен кабинеттен атып шыққан көмекші
төңірегіндегілердің бәрін дүрліктіріп, аяғынан тік көтерді.
-Гүля, шефтің кабинетін
желдетіп пе ең?-деді ол жау қуып келен жатқандай ентіге сөйлеп.
-Терезелерін ашып
қойғанмын,-деді Гүлжан.
-Бар, тез терезелерді жап.
Гүлжан жүгіре басып, министрдің кабинетіне кіріп кетті. Әлдеқайдан естілген
жаңағы дауыс әр төрт-бес минут сайын қабылдау бөлмесін жаңғыртып тұр.
-Шефті қарсы алуға
дайындалыңдар.
-Шеф көпірден өтті.
-Шеф бес минуттан кейін
министрлік ғимаратының ауласына кіреді.
-Тез қызмет қақпасын ашыңдар!
-Шефтің жеке лифтісін төмен
түсіріңдер!
-Шеф машинадан түсіп жатыр.
-Шефті қарсы алыңдар!
Хатшы қыз қабылдау
бөлмесіндегі қаптаған телефон аппараттарының жанында түрегеліп тұр. Көмекші
сыртқа қарай безіп барады. «Министр қазір қабылдау бөлмесі арқылы кабинетіне
өтеді. Сол кезде тұрып амандассам ба екен, әлде орнымда отыра бергенім дұрыс
па?» деп ойлады Дүйсенбек. Ол бір шешімге келе алмай ойланып отырғанда  жүгіре басып келген көмекші зып беріп
кабинетіне кіріп кетті. Дүйсенбек министр әне кіріп келеді, міне кіріп келеді
деп қабылдау бөлмесінің есігіне қарап отырғанда арада жарты сағат уақыт өтті.
Әйтсе де министр әлі жоқ. Шыдамы шегіне жеткен Дүйсенбек шай жасап жатқан
Гүлжаннан:
-Министр қашан келеді?-деп
сұрады.
-Бексұлтан Бұлғақбаевич
келген, қазір өзінің кабинетінде отыр.
-Мен осы жерде манадан бері
тапжылмай отырмын ғой, қалай ол кісіні көрмей қалдым.
-Бексұлтан Бұлғақбаевич
кабинетіне демалыс бөлмесі арқылы өтеді. Гүлжан «соны да білмейсіз бе?»
дегендей Дүйсенбекке таңырқай қарады. Сол екі ортада қолтығына  «На подпись» деген қоңыр папканы қыстырған
көмекші министрдің кабинетіне кіріп кетті. Кіруінен шығуы тез болған көмекші
Гүлжанның жанына келіп, құлағына сыбырлады:
-Гүля, байқа, бүгін шефтің
настроениесі жоқ.
Гүлжан манағы Дүйсенбекке шай
берген подностан да әдемі, бір қарағанда-ақ аса қымбаттылығы көзге ұрып тұрған
подносты көтеріп минситрдің кабинетіне кіріп кетті. Ол подностағы ақ жамылғымен
бүркелген ішіп-жемнің молдығын Дүйсенбек көзінің бір қиығымен көріп отырған.
Министрдің кабинетінде  көп кідірмей іле
қайта шыққан Гүлжанға Дүйсенбек өтініш айтты:
-Айналайын Гүлжан, Бексұлтан
Бұлғақбаевичке менің күтіп отырғанымды айтшы.
-Оны көмекшіге айтыңыз,-деді
Гүлжан.-Бізде тәртіп солай.
Дүйсенбек Гүлжанға айтқанын
көмекшіге айтып еді:
-Бексұлтан Бұлғақбаевич бүгін
сізді қабылдай алмайды,-деді ол.
-Неге қабылдамайды? Қазір
сағат он бір болды. Мен сағат тоғыз болмай келгенмін осы жерге. Табаны күректей
екі сағат күттім.
-Әлі де күтесіз.
-Неге?
-Вы интересный человек,-деп
қабағын шыта қатқыл сөйледі көмекші.-Министрдің жұмысы жеңіл деп кім айтты
сізге? Қол қоюға дайындалған құжаттарды қарауға да уақыты жоқ қазір. Сіз қайта
беріңіз. Бүгін Бексұлтан Бұлғақбаевичке кіре алмайсыз. Ертең, жоқ, лучше  алдағы понедельникте хабарласыңыз.
-Әу, інішек, ол кісімен
жасалатын сұхбат газеттің сенбі күнгі санына жоспарланып қойылған. Бүгін
бейсенбі. Сонда оны мен қай уақытта жазып үлгеремін.
-Это ваша проблема.
-Бүгінгі кездесу министрдің
өзімен алдын ала келісілген. Менің күтіп отырғанымды айтыңыз. Егер сіз доложить
етпесеңіз мен өзім ескертусіз-ақ министрге кіре беремін.
-Ту, сіз де қадалған
жеріңізден қан алады екенсіз. Болмадыңыз ғой. Бексұлтан Бұлғақбаевич қазір
обедке барар алдында мені шақырады. Сонда айтамын сіз жайлы. Енді менің
жұмысыма кедергі келтірмей, қабылдау бөлмесінде отырып күтіңіз.
Дүйсенбек қабылдау бөлмесінде
отырып тағы бір сағат күтті. Естіп, көріп, біліп отыр: сол бір сағаттың ішінде
Алматыдан бір халық жазушысы үш рет телефон шалып, бір рет Гүлжанмен, екі рет
Медетпен сөйлесті. Өзін министрмен байланыстыруын өтінді. Оған хатшы қыз да,
көмекші де: «Бексұлтан Бұлғақбаевич орнында жоқ, үкімет мәжілісінде. Түстен
кейін парламентте болады» деп жуап берді.
Бұл кезде министр Бексұлтан
Бұлғақбаевич кабинетінде ұйқылы-ояу, мең-зең болып отыр еді. Көмекші айтқандай,
ол бүгін шынында да тым көңілсіз. Өткен түнін казинода өткізген оның ұйқысы
шала болатын. Оның үстіне құмар ойынында қолы шықпай бір түнде отыз мың доллар
ұтқызып еді. Қызметке кеш келіп, еш нәрсеге зауқы соқпай санасы сансырап
отырғанда кабинеттегі көп телефонның біреуі безілдеп қоя берді. Қалғып бара
жатып селк ете қалған ол бұл қайсысы екен деп бебеулеп жатқан телефон
аппаратына көз тігіп еді, ортасында қазақ мемлекетінің гербісі бар, кеңестік
кезеңде «кремлевка», бүгінде «Сұңқар» деп алатаын үкіметтік байланыс желісі
екен бебеулеп тұрған. Министр телефон трубкасын көтерейін бе, көтермейін бе деп
екі ойлы боп отыр. Үкіметтік байланыс желісіне қосылған ақсары телефон шыр-шыр
етіп шырылдауын қояр емес. Ол телефон трубкасын еріне көтеріп:
-Алло,-деді.
-Бексұлтан Бұлғақбаевич,
саламатсыз ба?-деді сымның ар жағынан жеткен дауыс.-Мен Зұлқайнар
Есенжоловичпін қой.
-Иә жайшылық па?
-Сізге кіріп шықсам ба деп
ем.
-Қашан.
-Мүмкін болса қазір.
-Онда қазір кел. Арада аз
уақыт өткенде Зұлқайнар Есенжолович министрдің алдында отырды.
-Как дела?-деді министр
амандасып жатып.
-Хал онша емес.
-Е, не боп қалды?
-Ештеңе болған жоқ. Түнде
жаңа любимицамен жатып шығып ем, сонан ұйқым қанбай ұйқы-тұйқы болып отырмын.
Бүгін жұмысқа да барған жоқпын. Таңертең үйге келіп, төсекке құлай кетіп ем,
жөндеп ұйықтай алмадым.
-Әй, слушай, менің де ұйқым
шала. Түнде казинода болып, оның үстіне отыз мың доллар ұтқызып быт-шыт болып
отырмын. Бірақ мен сен құсап жата алмадым. Түске дейін төбемді көрсетіп кетейін
деп жұмысқа келдім. Кому на русе жить хорошо а? Наверное саған. Мәжіліске
депутат болып екінші рет сайланып алдың. Енді тағы бес жыл шалқып жүресің.
Хочешь парламентке барасың, не хочешь бармайсың. Рахат өмір ғой сенікі.
-Жаман деп жаловаться ете
алмаймын. Бірақ сіздей министрге жету қайда?
-Әй, слушай, сенің мына
менен-министрден бір артықшылығың бар. Мендей емес еркінсің. Куда хочешь туда
тарта бересің. Мына біз байлаулы бұзаумыз. Астанадан ұзап шыға алмаймыз.
-Қойыңызшы, Бексұлтан
Бұлғақбаевич бір жас қызды қолтығыңызға қысытырып, жыл сайын шетел асып кетіп
жүргеніңіз өз алдына, апта сайын Алматыға барып-келіп жүрген жоқсыз ба?
-Суббота күні түнде Алматыға
ұшып барып, понедельник күні таңертең ерте Астанаға ұшып келуден әбден
жалықтым.
-Сосын екен ғой Астанадан
жаңа тоқал тауып алғаның. Өзі уылжыған жап-жас, әрі керемет сұлу дейді ғой. Аты
кім деп ең? Өзі дөңгелек бөксе, қаз кеуделі, қыпша бел сұлу, ұзын сирақ, нағыз
ақалтек арғымақ дейді ғой көргендер.
-Менің жаңа секретаршамды
айтасың ғой,-деп жанып түсті Бексұлтан Бұлғақбаевич.-Сұлу деу аз. Нағыз мисс,
по всем параметрам. Әй, бірақ қанша жас, сұлу болғанмен Алматыдағы тоқалыма
жетпейді.
-Неғып?
-Алматыдағым бұдан он жас
үлкен болса да секске мықты. Махаббат ойынына шешініп тастап кіріскенде жанған
отқа жалаңаш кіргендей боласың. Ақ төсекте ұмыр-жұмыр боп айқасқанда алпыс екі
тамырың тегіс балқиды. Бойындағы қызыл қаның тулап рахат теңізіне шомыласың.
-Бексұлтан Бұлғақбаевич, бір
тамаша идея бар.
-Қандай?
-Аң аулауға шығайық.
-Мұның ақыл. Біз охотаға
шықпағалы біраз болды ғой.
-Онда сенбі күні шығып
кетейік, дүйсенбіде қайтып ораламыз.
-Бүгін қай күні өзі?
-Бейсенбі.
-Четверг пе?
-Иә четверг.
-Сонда субботаға дейін не
бітіреміз? Давай, ертең кетеміз.
-Жұмысың бар ғой, Бексұлтан
Бұлғақбаевич!
-Жұмыс ешқайда қашпайды. Отыр
ғой целая армия. Қаптаған көмекшілер не бітіреді? Указание берем де кете берем.
-Жоғары жақтағылар шақырып
қалмай ма?
-Кім шақыруы мүмкін?
-Премьер-министр ше?
-Бог с ним. Мен одан
қорықпаймын. Менің тағдырымды шешетін Президент қана. Ол қазір демалыста.
Президент жұмыста болғанда дело другой. Онда хочешь жұмыс істе, істе ме бәрібір
суббота күннің кешіне дейін кабинетте тапжылмай отыруың керек. Менің басымды
алатын президент қана. Қалғанына наплевал я.
-Сонымен қашан шығамыз аңға?
-Ертең ерте аттанамыз.
-Онда тікұшақ мәселесін
өзіңіз шешесіз ғой.
-Оған қам жеме. Екі джип
бүгін кете берсін. Біз таңертең военный вертолетпен ұшамыз.
-Онда мен кеттім, дайындыққа
кірісейін.
-Әй, слушай, тұра тұр ана
бизнесмендердің біреуін ала кетейік. Кім бар, крутойлардан, айтшы.
-Күрлеу ше?
-Қапалбаевты айтасың ба?
-Иә, Күрлеу Қапалбаевты
айтамын. Содан дұрысы жоқ.
-А, ну-ка. Звонда қазір. Мен
айтты да, барлық жұмысын тастасын да, жүрсіз бізбен бірге. Ішіп-жемді ең
қымбатынан мол ғып алсын. Благодаря мне байығанын ұмытпасын ол чудак.
-Жақсы мен қайтайын. Күрлеуге
жолай соға кетемін.
-Әй, слушай, сағат бір
болыпты ғой. Жүр бірге кетеміз.
Осыны айтып екеуі сыртқа беттеді.
Таңертеңнен  бері қабылдау бөлмесінде
отырған Дүйсенбектің өтініші министрге жеткен жоқ.
Сол күннің ертесінде жаңа
қазақтар әскери ұшақпен аң аулауға аттанып кетті. Олар үшеу еді: министр
Бексұлтан Бұлғақбаевич, парламент мәжілісінің депутаты Зұлқайнар Есенжолович
және жұмысы жүріп, жұлдызы жанып тұрған үлкен бір холдингтің президенті Күрлеу
Қапалбаев.
Астанадан шықпай жатып жолаяқ
деп француз коньягын біраз жұтып алған бұлар сол күні аса көңілді еді. Әйтсе де
осы сапрларының соңы қайғы-қасіретпен аяқталарын олар сол сәтінде білген
жоқ. 
 ХV 
Алапат ащы гүрілі тау-тасты
жаңғыртқан әскери тікұшақ Ереймен тауының етегіндегі көл жағасына келіп
қонғанда мезгіл ұлы сәске еді. Айдалада емін-еркін жүрген тағы аңдар  мен көл бетінде мұңсыз, қамсыз жүзген құстардың
апшысын қуыра келген тікұшақтан төрт адам түсті. Олардың бірі орыс азаматы,
лейтенант шеніндегі әскери ұшқыш. Қалған үшеуі қазақ. Жастары шамалас, бәрі де
отыздың о жақ бұ жағындағы жас жігіттер. Өздері бойшаң. Сырт тұлғалары
сымбатты. Аса қымбат киімдерінен барлық байлық қана емес, биік талғам да анық
танылып тұр. Бұлар жай қазақтар емес, жаңа дәуір өсірген жаңа қазақтар.Үшеуі де
бүкіл республикаға танымал азаматтар. Бірінен бірі өткен дөкей...
Осыдан бір күн бұрын
Дүйсенбек «зажигалка» деп атап кеткен сыртқы тұрқы сіріңкенің тік тұрған
қорабына ұқсайтын отыз екі қабатты жаңа ғимаратқа келіп еді. Оның ұшар
басындағы үшкір маякқа қарап министрді күтіп қабылдау бөлмесінде отырғанына бір
сағаттан асты. Ол мұнда сағат тоғыз болмай-ақ жеткен. Бюджеттен қаржыландыратын
республикалық газеттің бас редакторы кеше мұны шақырып алып, министр Бексұлтан
Бұлғақбаевичпен сұхбат алуға келіскенін, оның таңертеңгі сағат тоғызда мұны
қабылдайтынын, ал ол материалдың келесі нөмірге кезектен тыс шұғыл
жарияланатынын бұған қайта-қайта қатаң тапсырған. Бас редактор министрдің
жұмысы көп, уақыт аз екендігін, сондықтан мұның келісілген уақыттан кешікпеуін
де ескерткен. Астана қаласының көшесінен машинасы әлден есе көп. Қалалықтар
«час пик» деп атап кеткен жұмысқа таңертең барар уақыт пен кешкісін қайтар
кезде сеңдей соғылысқан сансыз жеңіл машиналар біріне-бірі жол бермей, «пробка»
дейтін тығынға тығылып тұрып алды. Содан қауіптенген Дүйсенбек әйелі Майраның
түскі тамаққа деп берген азғантай ақшасын шығындап, таксимен асығып-аптығып
жетіп еді. Енді отырысы мынау. Саған оннан асып барады. Сағат тоғызда
қабылдайды деген министр әлі жоқ.
Алапат ащы гүрілімен
жер-жаһан мен аспан арасын жаңғыртқан әскери тікұшақ Ереймен тауының етегіндегі
көл жағасына келіп қонысымен Күрлеу үш күнге жоспарланған демалыстың беташарын
бастап жіберді. Жерге табаны тиісімен ол тікұшақты айналып өтіп, әскери
ұшқыштың жанына келді.
-Атың кім еді сенің?
-Андрей.
-Ал Андрей ұшақ ішіндегі қол
жүктерін түсір. Андрей тікұшақтан бір дәу сөмке мен арақ, шарап толы екі қағаз
жәшік алып шықты. Күрлеу екеуі көл жағасындағы көгалға дастархан жайды.
Дастархан үсті әп сәтте шетелдік қымбат 
коньяк пен вино, сок пен минералды су, сыра, қазы-қартаға толып кетті.
Күрлеу жайлап басып бір
кезде  Ақан сері мекендеген Сандықтауға
сұқтана қарап тұрған Бексұлтан Бұлғақбаевич пен Зұлқайнар Есенжоловичтің қасына
келді. Сол сәт Зұлқайнар Есенжолович тастан-тасқа секіріп бара жатқан арқарды
көріп қалды.
-Тез, әкел мылтықты,-деп
бұйырды ол Күрлеуге. Ол жүгіре басып мылтықты алып келді. Зұлқайнар
Есенжолович  мылтықты оқтап Бексұлтан
Бұлғақбаевичқа ұсынды.
-Мә, алдымен өзің ат.
Бексұлтан Бұлғақбаевич көздеп үлгергенше арқар ұзап кетті.
-Қап, үлгермедім-ау,-деп
өкінді ол.
-Оқасы жоқ,-деп жұбатты оны
Зұлқайнар Есенжолович, -арқарды ертең вертолетпен аулаймыз. Бүгін мынау тамаша
табиғат аясында жақсылап джемалайық. Сол сәт оңға бұрылған Бексұлтан
Бұлғақбаевичтің көзі көл бетінде жүзіп жүрген бір топ құсқа түсті.
-Оқталған мылтық атылар
болар,-деді ол әр сөзіне салмақ сала сыздана сөйлеп. Как вы думаете?
-Я тоже так думаю. Мұны
айтқан Зұлқайнар.
-Дұрыс!-деді Күрлеу. Үшеуі
көл жағасына келді.  Көлдің осы бір тұсы
жалаңаш, жағасы қымдауыт еді. Тау жақтан салқын самал соғып тұр. Жағалауға жете
алмаған әлсіз толқын көл бетін әлсін-әлсін әнтек тербетеді. Аспандағы алтын
күннің суға түскен қызғылтсары сәулесі 
көз жауын ала құлпырады. Жай басып жағаға жеткен үшеу жайбарақат жүзген
екі топ құсқа қадала қарады.
-Әй, слушайте, қайсын
атайын?-деді Бексұлтан Бұлғақбаевич.
-анау алыстағы топ қаз болу
керек. Мына жақындағысы  үйрек,-деді
Зұлқайнар алақанын маңдайына қоя күн сала қарап.
-Қазға оқ жетпейді. Үйректі
ат.
Үйректер тобының орта тұсын
нысанаға алған Бексұлтан Бұлғақбаевич дүрбілі мылтықтың шүріппесін басып қалды.
Көл бетінде еркін жүзген қаз бен үйректер тобы бір қаңқ етіп, қанаттарын
сабалай көл бетінен көтеріле бергенде ол дүрбілі мылтықтың шүріппесін екінші
рет басты. Қиқулап ұшқан құстар алыстап кеткенде көл бетінде оққа ұшқан екі
үйректің жансыз денесі қалқып бара жатты. Бұл кезде бұлардың тобына Андрей де
келіп қосылған еді.
-Оу, өзің керемет мерген
екенсің ғой,-деді түрі татарға ұқсайтын Зұлқайнар тұтыға сөйлеп.-Ол Күрлеуге
қысық көзімен сығырая қарап күліп қойды.
-Мынандай бір оғы мүлт
кетпеген мергендікті бірінші рет көріп тұрмын,-деді Күрлеу жағымпазда сөйлеп.
-О, мұның мергендігіне дау
жоқ. Сұлу қыздарға тіптен сұрапыл. Бір атқанда-ақ сұлатып түсіреді,-деп
кеңк-кеңк күлді Зұлқайнар жарылғалы тұрған шиқандай бүйрек бетін жап-жалпақ
алақанымен бір сипап қойып.
-Ал енді мұны жуу керек,-деді
Күрлеу.
-Дұрыс, дұрыс. Обязательно
жуамыз,-деді тілін шайнап сөйлейтін Зұлқайнар бөгелек тиген жылқыдай басын
қайта-қайта шұлғып. «Мынаның ұсқынсызын-ай,-деп ойлады Зұлқарнайдың басынан
аяғына дейін барлай қараған Бексұлтан Бұлғақбаевич.-Басы бас емес, екі иықтың
ортасына орната салған доп сияқты. Мойын тым қысқа болғасын солай болмай
қайтсін? Тырыли арық денесі, тырысқан тарамысқа ұқсаған, қып-қысқа қолы,
шұбарала сепкіл қаптаған шикісары беті, көкшіл көзін жауып, жабағы жүндей
жалбырап тұрған қасы оның онсыз да ұсқынсыз түрін онан бетер сүйкімсіз ғып
көрсетеді екен. Қотан аяғын талтитып тұрысын малғұнның. Мұның кличкасы қарауыз
емес пе? Кім қойса да бұл атты тауып қойған екен. Қап-қара еріні дүрдиіп,
бүлдек иттен айнымай қалыпты. Табақтас болуға татымайды-ақ. Бірақ депутаттығы
өзімізге қолайлы заңдарды өткізу үшін керек. Сосын бизнесі тағы бар бұл иттің.
Казинода ұтылған шығын мен любовницаларыма жұмсалатын расходтардың орнын
толтыруға  таптырмайтын майшелпек бұл...»
Бексұлтан Бұлғақбаевичтің ойын Күрлеудің саңқылдай сөлеген дауысы бөліп
жіберді:
-Андрей, сен суға түс те, ана
оққа ұшқан екі үйректі алып кел. Сен Зұлқайнар, ішіп-жемді дайындас. Бексұлтан
Бұлғақбаевич жүріңіз, сіздің аңшылық сапарыңыздың сәтті басталғанын жуып, бір
жүз грамм тартып жіберейік. 
Бұлар көл жағасына жайылған
дастархан басына келіп бір емес, бірнеше жүз грамды жұтып жіберді. Біраздасын
оққа ұшқан екі үйректі алып Андрей де оралды. Сол сәт кеше түнделетіп астанадан
шыққан екі «Джип» те келіп жетті.
-Жігіттер,-деді Зұлқайнар
«Джип» машинасының жүргізушілеріне қарап,-мына Анрдей, Күрлеу төртеуің
шатырларды тігіп, төсек салыңдар. Біз Бексұлтан Бұлғақбаевич екеуміз суға
түсіп, шаң басып келейік.
Сол күні көл жағасына
тігілген шатырда түнеп шыққан жаңа қазақтар-министр Бексұлтан Бұлғақбаевич,
Парламент Мәжілісінің депутаты Зұлқайнар Есенжолович, бизнесмен Күрлеу
Қапалбаевич таңғы астан соң тікұшаққа отырып аң аулауға аттанып кетті. Тау
баурайы мен орман тоғайларды, сай-саланы айнала ұшқан бұлар сол күні екі арқар,
бір қасқыр атып алды. Түс ауа көл жағасына қайтып оралған олар келе жүз
граммдата бастады. Сол сәт Зұлқайнар аспанда ұшып жүрген Ақбас бүркітті көзі
шалып қалды.
-Бексұлтан Бұлғақбаевич! Әне,
ананы көрдіңіз бе?-деп жерден жеті қоян тапқандай айғай салды ол.-Ана бүркітті
айтамын. Соны нысанаға алыңызшы. Оны сізден басқа ешкім атып түсіре алмайды.
Ақбас бүркіт бұларды айналып
ұзақ ұшты. Ол әбден азып-тозып бара жатқан қазақ жері үшін қатты қайғырулы еді.
Табиғат-Анаға адам қолымен жасалған тағылықтардың шектен шығып бара жатқаны жанына
батқасын бұл бассыздықты тоқтату керек деп ойлады ол. Көл жағасында отырған
топқа жақын келіп, жанай ұшқан Ақбас бүркіт тынымсыз шаңқылдады. Оның:
«Айналайын, Адамдар, адаспаңдар! Табиғат-Ананы қорғаңдар. Тым болмаса, мына
Ереймен тау сынды әлі де болса азбай, тозбай тұрған аз ғана өлке, өңірлерді
аздырмаңдар» деген жанайқайын төменде отырған қасқырдан бетер қатігез жаңа
қазақтар ұққан жоқ...
Зұлқайнар жүгіріп барып
Бексұлтан Бұлғақбаевичтің дүбірлі мылтығын алып келді.
-Бексұлтан Бұлғақбаевич! Мына
бүркітті атыңыз. Мұны сізден басқамыз атып түсіре алмаймыз,-деп бір айтқанын
қайта-қайта айтып, жалынып, жағымпазданумен болды.
Әншейінде аң, құс көрсе қаны
қайнап, көзі жайнап шыға келетін Бексұлтан Бұлғақбаевичтің Ақбас бүркітті атуға
жүрегі дауламады. Зұлқайнар ұсынған мылтықты қолына алып, орнынан тұрғанда
тізесі дірілдеп, жүрегі атқақтай соқты.
Бексұлтан Бұлғақбаевич Ақбас
бүркітті ұзақ көздеді. Аспан ашық еді. Ақбас бүркіт алғаш ұшып келгенде
жарқырап тұрған күн де кенет күңгірт тартып жүре берді. Біресе ақша бұлттардан
әрі асып, тым биіктеп кеткен, біресе төмендей ұшқан Ақбас бүркітті ату оңайға
түспеді. Әлден уақыттан соң Ақбас бүркіт жер мен аспанның арасын жаңғыртып
саңқылдап, тас төбеге төніп келді. Бексұлтан Бұлғақбаевич  дүрбілі мылтықтың шүріппесін басып қалды.
Оққа ұшқан Ақбас бүркіт жер құшты. Бәрі тұра жүгіріп, аспаннан ағып түскен
Ақбас бүркітті қоршап тұра қалды. Ол тыпырлап ұша алмай жатқаны болмаса әлі
тірі еді. Бексұлтан Бұлғақбаевичтің жанары әлі жұмылмаған Ақбас бүркіттің от
шашқан көзіне түскенде жүрегі шымырлап қоя берді. Біреу төбесінен мұздай су
құйып жібергендей денесі мұздап кетті.
-Ойбай, мынау әлі өлмепті
ғой,-деп Зұлқайнар шегіртке даусымен шіңкілдеп қоя берді. - Бексұлтан
Бұлғақбаевич, мына пәле қайтадан ұшып кетпей тұрғанда атыңыз, тағы да атыңыз.
-Әй, сволоч, слушай! Атқыш
болсаң өзің ат!-Зұлқайнарға ала көзімен ата қараған Бексұлтан Бұлғақбаевич
қолындағы мылтығын лақтырып жіберді. Мылтықты жерден көтеріп алып, Ақбас
бүркітке тақап келген Зұлқайнар шіңкілдеп қоя берді:
-Ойбай, мынау әлі тірі ғой.
Жаны қандай сірі. Көзі қандай пәлекеттің. Зұлқайнар қансырап жатқанАқбас
бүркітті қақ жүректен атып жіберді.
-Апыр-ай,-деді Ақбас бүркітке
таңдана қараған Күрлеу,-талай бүркіт көріп ем, дәл мынандай басы аппақ, көзі
тостағандай, сирағы жуан, имек тұмсығының ұщы біздей, тырнақтары сояудай,
кеудесі кебежедей өзгеше бүркіт көргем жоқ. Өзі өте үлкен екен. Өзге бүркіттер
мынаның жанында қаздың балапанындай ғана.
Сол сәт тастақ жерді
тасырлата шапқан ат дүбірі есітлді. Бәрі ат дүбірі шыққан жаққа жалт қарады.
Сүйіткенше болған жоқ астындағы тортөбел аты ақкөбік болған қияқ мұрт, шақша
сақалды бір шал жетіп келді. Жаздың жалпағында үстіне плащовкадан тігілген
шекпен, басына киіз қалпақ киіп алыпты. Келе ат үстінде тұрып айғай салды:
-Кім мына Ақбас бүркітті
атқан?
-Мен,-дедіҚұлқайнар мақтанып.
-Не дейді? Әй, не дейсің сен
зәнталақ! Көзің қиып қалай аттың?
-Әй, шал, сен бұлай
айғайлама,-деп айбат шекті Зұлқайнар.-Немене бір құсқа бола сонша айғайлап.
-Бұл жай құс емес, текті құс!
Мына жердің иесі мен киесі ол. Оны атқанша, мені атпадың ба, жауыз? Енді сені
Ақбас бүркіттің киесі ұрады,-деп астындағы атын тебініп, Зұлқайнарға төніп
келген алпамсадай шал оның төбесіне қамшы үйірді.
-Әй, мына шал қайтеді, қой
кет әрі,-деп шегіншектей берген Зұлқайнарды шал қамшымен тартып-тартып жіберді.
Қарт қайратты екен. Қамшыны алғаш сілтегенде Зұлқайнардың арқасын осып өтті.
Екінші рет сілтегенде оң көзі ағып түсті. Бұлар бірдеңе деп үлгермеді шал аттың
басын кері бұрып, шаба жөнелді. Аяқ астынан абыр-сабыр болған жаңа қазақтар
Зұлқайнарды Джипке отырғызып, жақын маңдағы ауруханаға аттандырды.
Алапат ащы дауысы жер-жаһанды
жаңғыртқан әскери ұшақ ертесіне аспанға қайта көтерілді. Әйтсе де, біразға
дейін тағы аңдар көзге түспеді.
-Кешегі шабуылдан шошынған арқарлар
таудың арғы бетіне ауып кеткен болу керек. Қой, енді қайтайық,-деді Күрлеу.
-Жоқ!-деп кесіп айтты
Бексұлтан Бұлғақбаевич.-Тым құрыса бір арқар атып алмай қайтпаймыз. Давай
Андрей, таудың арғы бетіне өт.
- Бексұлтан Бұлғақбаевич,
таудың ар жақ бетіне өту қауіпті,-деді Андрей.
-Әй, собака!-деп айғай салды
Бексұлтан Бұлғақбаевич.-Өт дедім саған, өт таудың ар жағына! Әлі күнге дейін
беті қайтып көрмеген Бексұлтан Бұлғақбаевичтіңайтқанын орындатпай қоймайтынын
білетін Күрлеу қанша қобалжыса да, Андрейге қуат бере сөйледі:
-Бексұлтан Бұлғақбаевичтің
сөзі бәрімізге заң. Ағаң өт деді ме, өт. Сен қорықпа, көгершінім. Бірақ тауды
айналып, аласалау жерінен өт.
Тікұшақ Ереймен тауын айналып
біраз жүрді де, осы аласа-ау деген асуды бетке алды. Сол сәт тұман ба, сағым
ба, бұлт па, әлдебір көкбуылдар көз алдын тұмшалап алған әскери ұшқыш алдын
анық көрмеді. Кері бұрылуға кеш еді. Жалаңтөс жартасқа соғылған әскери ұшақ
таудан төмен қарай домалап бара жатты...
Бексұлтан Бұлғақбаевич тіл
тартпай кетті. Әскери ұшқыш пен Күрлеу ауыр халде жақын маңдағы аудан
ауруханасының реанимация бөлімінен бір-ақ шықты...
Аспанда ұшып жүрген Ақбас
бүркіт көл жағасындағы адамдарды анық көрпі еді. Бірақ, олардың не үшін
даурыққанын, неге абыр-сабыр боп жүгіргенін түсінбеді. Әлдебір ұзын темірді
өзіне қарай неге кезенгенін де ұққан жоқ. Өзі қорғап жүрген адамдар өзімді
өлтіреді деп те ойламап еді ол.
Бірден өліп кетпеген Ақбас
бүркіттің көз алдына қазақтың ұланғайыр Ұлы Даласы келді. Оның қос қарашығы
асқар таулар мен көкжасыл ормандарды, өзендер мен көлдерді ап-анық көріп жатты.
Әлі сөнбеген жанарынщда қазақтың алуан түрлі ұланғайыр жері мен аспандағы аққу
қанат ақша бұлттар жүзді. Қанға боялған денесін Ұлы даланың үілдеген желі
аймалады...