ВЕРНУТЬСЯ

     Өмір де бір
спектакль-қойылым,

Қатар тұрар
домбыра мен дойырың.

Кел, ойнайық, домбыра мен дойырды ап,

Жұматайдың
"Ақын өлтіру ойынын".

Бастарына қарға, құзғын саңғытып,

Баспана деп қалсын атар таң күтіп.

Кел, ойнайық ақын өлтіру ойынын,

Қаншама жыл үйсіз-күйсіз қаңғытып.

Содан кейін қара басын қарақтап,

Дал болсыншы есіктерге далақтап.

Кел, ойнайық ақын өлтіру ойынын,

Қасіретін тұздықтап
та арақтап.

Көші ауғанда тимесін еш көмегің,

Өзі есірсін өкініші
бөбегін.

Кел, ойнайық ақын өлтіру ойынын,

Кесіп-қиып... керіп жүндеп өлеңін.

Даяр етіп тірісінде табытын,

Шаршатып та шалдықтырып шабытын,

Кел, ойнайық ақын өлтіру ойынын,

Кигізіп кіл қара жұмыс қамытын.

Қарапайым қара маңдай қасқалар

Қай жерде де сыбағадан аш қалар.

Кел, ойнайық ақын өлтіру ойынын,

Жүрсін олар болып "және басқалар".

Айқай-шуы жатпаса ығы-жығы боп,

Қыл жұқпастар
кімге керек қыбы жоқ.

Кел, ойнайық ақын өлтіру ойынын,

Тізімдерде аты-жөнін "т.б." деп.

Талантпын деп кеуде кермей, таласпай,

Танымалы бола алмайды алашқа-ай.

Кел, ойнайық ақын өлтіру ойынын,

Кемеңгер жыр жазса дағы жақ ашпай.

Алай-бұлай
көрмегенді ар аттап,

Албастылар күнде жерге қаратпақ.

Кел, ойнайық ақын өлтіру ойынын,

Халтурщикті марапаттап, мадақтап.

Жоғалтқандар қанағатқа тойымын

Сортынан ғой мешкейліктер сойының.

Мешел жырды мемлекеттік сыйлықтап,

Кел, ойнайық ақын өлтіру ойынын.

Атағынан атан құлар,
ат тайып,

Айдындыны алты алашқа бақтай ұқ.

Кел, ойнайық ақын өлтіру ойынын,

Ойнап-ойнап... өлтіріп ап, мақтайық!