ВЕРНУТЬСЯ

      Ілияс Есенберлин рухына

     Қазақтың биі "мылқау", ханы "малғұн"

кезінде-ақ, Аға, Сізді танығанмын.

Қасқайып қас жүйріктей шықтың алға,

соңында салпақтамай жабылардың.

Шықтың сен қабақ түйе "Қаһарыңмен",

жайылды алты алашқа атағың кең,

"Айқастың" ағасы өктем құлдармен де,

шайқастың қара шекпен шатақ ұлмен.

Даусың да кетті алыстап, қарлықпады,

бодандық бопсаны айттың зар ғып тағы,

арқанда сенің ғана

қазағыңның

тағына қайта отырды барлық ханы!

Жатың да жалт бергенде, жақындарың,

қаншама жолбарыстай атылмадың.

Сен едің атқа қайта мінгізген де

қазақтың қайта туған батырларын.

Қайда да қазағыңның қамын ойлап,

шығып ең Әбілхайыр, Абылайлап,

Сүйсініп қалың елің, қайран жұртың

тіледі тілеуінді "а, құдайлап!"

Тұмсығын
тасқа тіреп жауларыңның

тайсалмай талай сүргін дауға кірдің.

Таныттың
дүниеге қауқарын да,

көшкен ел, көшпелі жұрт, ауған ұлдың.

Әлі де қара тасқын қарқындайсың,

телегей теңіздейсің, сарқылмайсың.

Өзі боп "Алмас қылыш" - алдаспанның

халқыңның қақ төрінде жарқылдайсың!

13 наурыз, 2006