ВЕРНУТЬСЯ

      Өзен аты ежелгі Ертіс еді,

Ертіс десем - есіме ел түседі.

... "Хас сұлудың
сырғасын қайық қылған"

көкелерім әңгіме шертіседі.

Биіктігін биылғы бетегенің

айтып-айтып тоқтады көкелерім.

Сөз етеді әлі де тірі жүрсе

парыздың да қарыздың өтелерін.

Баяғы бір басылмай балаң аптық,

жібергенін айта ма... сәл ағаттық,

тағы бірі сақалын сығымдайды

осы корген күнін де қанағат қып.

Қарт жүрегін еріксіз бұлқындырып,

ағады өзен,... ақырын, ... сылқым күліп.

Шайқап-төгіп шалабын отыр бірі

тостағанның түбіне сыр тұндырып.

Ел күбірі есінде, жер дүбірі,

саясатқа жармасып енді бірі,

қозғалақтап, қопандай қалбырақтап,

ханды мақтап кетеді ерлігі ірі.

Ертісі не, ері не, белесі не, -

түсіп кетті, әйтеуір, ел есіме.

Осыны да әзірге тұт қанағат,

айтып берем қалғанын келесіде!

2005 жыл