ВЕРНУТЬСЯ

     Аязда аяқ тоңып,

күш те кеміп,

жігіт тұр
темекісін тістене еміп.

аландап зәулім үйдің есігіне,

атылып шығатындай іштен елік.

Қараумен сағатына ара-тұра,

қалмай да бара жатыр тағаты да.

Қос қолын қолтығына тығып алып,

билеген болады өзі ара-тұра.

Апыр-ау, талшық
алып тек үміттен,

баяғы мен ғой
мынау

сені күткен.

Өзінді бір көргеннен

түндерге ерген,

бойына жігіттіктің желі біткен.

Аумайды қалпағы да басындағы,

(Ауылдан келгендігін жасырғаны).

Ақ үйден атып шыққан анау кыз да

сенсің ғой,

сенсің... жиырма жасындағы.

Апыр-ай, өзіммен бе,

басқамын ба?

(Өмір-ай, өте шыққан қас-қағымда!)

Ақ үйге кіріп,

қайта шықпақ
едің,

сарғайтып

сыртқа

мені тастадың да.

Ау мені сен осылай да жазалап ең,

көңілден
өшті-ау қайғың азабы әрең,

Онда мен өз жолында өлуге бар,

Махаббат дегеніңе тазарақ ем.

Онда мен қазіргіден бөлек едім,

(Қайтейін, білетұра,
елемедің),

Өзімдей сүйе алмас деп ойлайтын ем,

жырдағы Қыз Жібекті Төлегенің...

Кеттің сен.

сол кеткеннен тоқтамадың,

арада жылдар өтті, жоқтамадым.

...Сыртынан

жаңағы бір жас жігіттің

қызығып,

енді бүгін

көп қарадым...