ВЕРНУТЬСЯ

       Қырандай қанатымды қомдай сала,

аунатып ойнамақ ем... сол майсаға.

Салмақ ем қыста қырғын, күзде майдан,

болсын-ау бізде қайдан... ондай шама!

Араша ағайынға ән даулатып,

түлкідей алсам деп ем қарға аунатып.

Барайын қайда ғана мына қыста,

алыста, тым алыста қалды-ау бақыт!

Жатқанмен арамызда қанша мүшел,

шәрбатым сен бе деп ем аңсап ішер.

Көңілдің келе-келе дымы құрып,

ындыны кебе-кебе... шаршады... шөл.

Сызылтып салған ұзақ
көш-құлаш ән,

сен бе едің, бала кезден "өш құдашам?"

... Қайқы бел,

қаз омырау қарағым-ай,

қалған ба күйі кетіп төстің ашаң!

Қар жауып отыр деме қабағынан,

бұл - мен
ғой -

сол баяғы "бала құдаң" -

(Қашқақтап осы күні күш те менен,

ит пен құс
тістелеген балағынан!)

Қар жауып қабағынан отыр деме,

мен едім сол бір "дүлей, дөкір неме"!

Таяқ жеп келем әлі, амал қанша,

көп іші нөпірде де, көпірде де.

Есте ғой... бәрі-бәрі... есімізде,

ауылдың ән дарытып кеші бізге, -

Қолымды қақтың қатты,

"қапелімде",

төсіміз тиіп кетіп төсіңізге.

Жанып ек, қас-қағым сәт, жалындап ек,

тежеген қызып берген қанынды әдеп.

Қолымды сумандаған қағып тастап,

кеудемнен итергенсің: "Қағынба!" - деп

Жатса да көкірегімді түртіп бір он,

сен жаққа қараудан да үркіп тұрам,

Үйіңнен "ұятсыз!"
- деп айдап шыққан,

менмін ғой сол... әумесер ... ынтық құдаң.

Сен едің содан бергі "өш қүдашам",

білмеймін, жинап алдық есті қашан.

Есіме қай-қайдағы түсті-ау келіп,

біткенше жаңағы бір көш-күлаш ән!..