ВЕРНУТЬСЯ

       Арланын
арыстанның қырғиы ілген,

Аңшыдай әңгіме
айтып тілді үйірген.

Отыр ем
топ ішінде жарқылдап тек,

Тиісті ол
арпылдап кеп бір бүйірден.

Жаңағы жайма-шуақ шырқымызды,

Арылдап,
дарылдаған күлкі бұзды, -

Пердесін
бетіндегі сырып тастап,

Шынжырын
мойнындағы жұлқып үзді.

Тірліктің наласы мен нарқын дөттеп,

Отыр ек
әңгіме айтып, ән тыңдап тек.

Ұрынып
анаған да, мынаған да

Төбеттей
тиіскені-ай арпылдап кеп!..

Болғандай зиялының бірі десе,

Сыпайы-ақ
жігіт еді күні кеше.

Білмей де
кетер ме едік кім екенін,

Отырған
орындығы шірімесе.

Кім білсін, аттан түсе кеткен бе есі,

Сырылып
шыға келді бет-пердесі.

Біз түгіл,түрін
көріп түңіліп тұр

Кешегі
келдектесі, кетпендесі.

Бет қайда,бедел
қайда,пошым қайда? -

Баласы
пошымынан шошынбай ма?

"Өмірде не болмайды?" - десек тағы,

Тіліңді тістейсің кеп осындайда!..

Иіп әкеп аспанды
шатыр қылған,

Мойын бұрмай біз
жаққа жатыр бұл маң.

Қарашаның қорлығы
әбден өтіп,

Сән де кетіп
барады ақылдыңнан.

Көк аттыны
көлденең кимелетіп,

Жақсылардан
барады күй де кетіп.

Өткелдің
де мен жағы жарлау болып,

Тарлау
болып шығады киген етік.

Төңіректі түп-түгел зәндемі етіп,

Тіршіліктен
барады мән де кетіп.

Аш бұралып жатады
арыстаным,

Пілге салған
басқаның қандені өтіп.

Арғы беттен әбілет тістене үріп,

Ара-тұра әділет түске кіріп.

Мидай ғана
былығып жатыр бүгін,

Ақылдының
алтыны мыс көрініп.

Алақтамай, ағайын, таны сөзді,

Алты басын
аждаһа тағы созды.

Арғымағы мертігіп
әділ ойдың,

Жәдігөйдің
жатаған жабысы озды.

 Бұл емесін біледі сөз бүгінгі,

Өлеңім де
сондықтан тез құбылды, -

Гөй-гөйіне
бастым ба замананың,

Қозғаймын деп отырып өз мұңымды!...

Құс болып көкте
бірде қалықтайсың,

Біресе қолға тұрмас
балықтайсың.

Барасың күнің
үшін сан айлаға,

Апыр-ау, қалай
ғана жалықпайсың?!

Әспеттеп ананы да, мынаны да,

Ілмейсің ұлы сөзді құлағыңа.

Кешегі кең
сарайдай қайран көңіл

Айналды
ібілістің тұрағына.

Біресе "бірімін, деп, жалқаулардың",

Алдында
ағайынның аңқауландың.

Жомарт та болғың
келіп жолға қарап,

Кісіге бесті
беріп, алтауды алдың.

Өзіңнен үні бөлек,күні
бірге,

Мақтадың бүлігін
де, жүлігін де.

Мақтадың
өлермені, өктемін де,

Шым батып
кеткенін де жылым інге!

Қарайлап
қалталыға, қолы ұзынға,

Мақтадың қоңызын
да, доңызын да.

Жүргенің есекті
де емексітіп,

Жел беріп жеті
атадан долы жынға.

Кісіге, кішіге де "сүйкімді" анық,

Бірі едің
ағайынның ұйқың қанық.

Білмедім,
сыйлымысың, күйлімісің, -

Барады қимыл-ісің
қиқымдалып!

Жаңғырып құлағымда
қай-қайдағы үн

Келеді ара-тұра
айғайлағым:

Осылай өткені ме,
деймін де, өмір,

Шынымен
кеткені ме жанбай бағым!

Домбырам күмбірлеп те, күмбірлемей,

Өтуде бір
күнім бай, бір күн кедей.

Алпыс жыл айттым елге айтарымды

Несіне
өмір сүріп жүрмін демей.

Тек қана елім дедім, жерім дедім,

Еліре
еңбек еттім, ерінбедім.

Кеудемнен
күніге бір ерлік ашам,

Қайысып
көрді қашан менің белім.

Өзімнің өрім дедім, төрім дедім,

Ешкімнен
жырақ кетіп, бөлінбедім.

Беделін бағаладым баланың да,

Төбеме тік
көтеріп көрінгенін.

Бар еді өнбей тұрған
қай іс тағы, -

Қабырғам
қайсысына қайыспады?

Жағынып жағалыға,омыртқамның,

Оллаһи,
есімде жоқ майысқаны.

Қуырым
қуат қалмай білегімде,

Үзіліп
күдерім де, жүдедім бе.

Әйтеуір, қашан
көрсем көпке сыйлы

Үн есіп тұрар еді
жүрегімде.

Бәріне жақсылардың жетер ме гүл,

Еңсемді
енді бір сәт көтер, көңіл.

Жанбай-ақ қойсын
бағым, ойшылдарым,

Сүрмесем болыпты да бекерге өмір!

Бар еді менен де
өткен асқақ қайсың,

Ағатай,
неге сонша қашқақтайсың? -

Үйіңе үлкен-кіші жиылғанда

Тойыңды бұрынғыдай бастатпайсың.

Көргенде, көңіл үшін, өбіспейсің,

Ойыңды оңашалап бөліспейсің.

Жосыла әңгіме айтып ақтарыла

Қосыла
арақты да көп ішпейсің.

Сырыңды бүгіп ұстап,
құндақтайсың,

Тым-тырыс тына
қалып, тіл қатпайсың.

Қарызын
қайтара алмай жүрген елдей,

Сырылып
мені көрсең, сырғақтайсың.

Жақсылар емес пе едік кемел де сал,

Жан аға,
жөнің қайсы менен қашар.

Мастанып
кеттің бе әлде,мас біреулер:

"Ұлы
да ұлық едің", - дегенге
сәл.

Беделің басы қырау
биікті алып,

Алды-артың
бара жатыр тұйықталып.

Кешелер
аман-саулық сұрасушы ең

Алдымен маңдайымнан сүйіп барып!

Саған да, мен үшін де іш-тысы жат,

Байқатпай
арамызға түсті сызат.

Туысып
кеткен едік екеуара

Тұсыңнан
билік айтар "күштісіз-ақ".

Патшадай шыға келген тастап тағын,

Неге сен
аяқ-асты қашқақтадың?

Бойыңды
бірте-бірте аулақ салып,

Тойынды бұрынғыдай басқартпадың.

Жүріп те жақсылармен жолға шыға,

Өкпелеп
көріпті кім болмашыға.

Дәл қазір қалдым ұқсап қанды ұрыста

Өскері
тастай қашқан қолбасыға!

Болатын жанымызға күнделікті ем

Езуде
емеурін жоқ, үн де біткен.

Арамыз алыстап та бара жатыр,

Ағатай,
айтсаң еді - бұл неліктен?!

...Осы ма хордың қызын құшқандағым,

Табалап
күлген шығар дұшпандарым.

Ақынның
елес қуған түсі ме бұл,

Ісі ме Құдіреті Күшті Алланың?

Тағдырдың тәлкегіне кезіккендей,

Кім ұғар мұндай
халді өзі үптелмей.

Ұшырап удай ащы
мазағына,

Дәл мендей
азабына төзіп көрмей!

Тілім жоқ қыран
қанат құспын деуге,

Топ етіп түстім
жерге, ұштым желге.

Аңғармай талай
қазақ татып көрген

Қайғының қара
суын іштім мен де.

Қайғының тағы ішер ем қара суын,

Алармын
кімнен бірақ жан ашуын?

Сандалтып,кең далаға сыйғызбаған

Тәңірмен
жөн бола ма таласуым?!

Бөлісіп бет күйдірер отымды елмен,

Не шығар
өкінгеннен, зекіргеннен,

Әп-сәтте сырт айналып шыға келді

Қу тірлік
- кеше ғана бетін берген.

Осы ма көкке самғап ұшқандағым,

Қызығып,
хордың қызын құшқандағым.

Күледі-ау
есалаңдар,не шарам бар

Ісіне Құдіреті Күшті Алланың!