ВЕРНУТЬСЯ

      Қараңғыға шақырсаң да мені сен -

танды бірге атырсаң да,

талқан беріп қатырсаң да келісем.

Қараңғы үйге қаматсаң да мені сен -

қара нанға қаратсаң да,

қандалаға талатсаң да келісем.

Алдасаң да, арбасаң да мені сен,

танды таңға жалғасаң да,

қыр соңымнан қалмасаң да келісем.

Әзәзіл боп азғырсаң да мені сен -

жазықсыздан жазғырсаң да,

аздырсаң да, тоздырсаңда келісем.

Ал бірақ:

"Мен де
серттен айнығам", - деп,

басыбайлы бай қылам деп,

хақ жолынан тайдырам деп ойласаң;

намысымды таптатам деп,

ар-иманнан аттатам деп,

жәдігөйді жақтатам деп ойласаң;

айтқаныма жүргізем деп,

айтағыңа үргізем деп,

күлмесең де күлгізем деп ойласаң, -

әріңе де қарамаймын сәніңе,

онда мүлде ... бітті дей бер бәрі де!...

Үзіліп үміт-қайыр емексіген,

ышқынып, ішін тарта жел өксіген, -

... Өзін де

Құдіреттің осындай бір

қысылған сәттерімде... керексінем.

Дүние былығынан барша мынау -

шалдығып, шақша басым, шаршадың-ау!

Бұл күнде
санауға да жүрексінем

түскенін тақымыма қанша бұрау!

Қара бұлт
күннің көзін тағы бүркеп,

болып тұр
бұл заманның бағы да үркек.

Қаша алмай жаңағы айтқан былықтан да,

құдайсыз
қылықтарға жарыдым тек!...

Қор болып даңғазаға енші басың,

түсесің қара терге, малшынасың.

Тұрады
сақ-сақ күліп сайқал-тағдыр

ұшырып
қанды балақ қаршығасын.

Айналып ақ жаңбырдың арты қарға,

тіршілік батпағына малтығарда,

еске алып Тәңірінді тағы да бір

көңілің құлазыған...
сәл тынар ма.

Бола алмай ол да бірақ ұдайы үлгі,

кіргізе қояр ма екен шырайынды.

Алдында тіршіліктің таңы күтіп,

кетесің тағы ұмытып
Құдайынды!...

2006