ВЕРНУТЬСЯ

Сәуір айының аяқ жағы жауынды болды. Қыстай құрғақ аяз, борасынды болып қар аз түскен. Көктем туысымен соның есесін алайын дегендей аспанды жиі-жиі бұлт торлап әлсін-әлсін жаңбыр сіркіреп күн қабағын ашпай қойған. Ара-тұра бір жылт етіп қалың бұлттың тасасына қайта тығылып, тас бүркеніп жатып алады. Кей күндері тұман түсіп, боз шымылдығы маңайды тегіс тұмшалап түс ауғанша сейілмейді. Томсырайған шық шылаулы ауа райы айықпай қойды. Жердің ызғары кетпей әуре-сарсаңға салғасын жұрт жаздың шығуын асыға күтіп жүрді. Әсіресе қыстың ызғырық суығынан ығыр болып, жалаң аяқ жүгіруге әзір балалар тықыршитын. Үлкендер сұп-сұр жабағы жүндей тұтасқан бұлтты аспанға ауық-ауық абайлай көз жіберіп: «Не де болса бұның артына сақтағаны бар ғой» десіп, өздерінше келер күнге күмәнмен тон пішісіп қоятын.Ұлы жолдың бойында, төңкерген қазандай биік дөңге ұласар баурайдың етегіндегі елеусіз он-он бес үй алаңсыз тіршілік етіп жатты. Кеңес кезінде құрылған бөлімшенің қалай болса солай қаланған ірге тассыз жатаған, балшық үйлерінің қабырғалары үгітіліп, бордай езіліп құлауға дайын тұрған.Үйлерін бұзып қайта салу көптен бері көбінің көкейінде жүрсе де тұрғындар қазақы енжарлықпен жұмысты кейінге қалдырып, қол сілтеумен құрғақ қыстың соңын ыстық жазға жалғастырып, уақыт ұттырып жүріп жатқан.Өліара мезгілі еді. Көптен қабағын түйіп кереленіп тұрған күн ұлы сәскенің уағында шелектеп құйды да кетті. Қарны салбыраған қара бұлттың құрсағын біреу өткір пышақпен тіліп жібергендей ақпа-төкпе жауын басталды. Әрқайсысы түйенің құмалағындай ірі-ірі тамшылар төпелей бастағанда жұрт онша мән бере қоймаған. Бірақ жауынның жуық арада басылар түрі байқалмады. Ұзай берді. Кешке дейін төкпектеді. Түнімен тынбай сорғалады. Ара-арасында күшейіп сатырлай құяды. Таң атқанша төгумен тұрды. Шатырдың бұрыш-бұрышынан су шорылдай шүмектеді. Таластар болмады. Көктің түбі тесіліп кеткендей айналаны мұрсатта қақ қылды. Ойдым-ойпаң жерлер көлшікке, шұқанақ-шұқырлар құдыққа айналды. Есік алды шолпылдаған су. Шарбақ іші кілкіген айдын. Дала телегей теңіз. Көрші-көлемнің бір-біріне қатынасы тыйылып әркім өз үйлерінде бас сауғалаумен болды. Тәулік бойы жауған жаңбыр бәрібір тыйылмады.Күн жатыс еді. Қорадағы мал қаңтарылды. Жем беру, жайғау жайына қалды. Мал түгіл жан қайғы бола бастады. Кейбіреулер қаладан қайтатын балаларын ойлап жол көздейді. Бірақ даңғыл бойы дамыл таппайтын көліктен босаған. Анда-санда өткен бір машина асфальттың бетіндегі іркілген суды айналаға шашып малтып, ыңыранып әзер жүреді. Қайсы біреулері жоқ қарап далада жүрген түйелерін түгендемекке әрекет еткен. Әйткенмен ауыр машиналар ауладан ұзамай көлшіктің біріне батып шоңқайып қала берді. Бұндайда жаяу қайда барасың? Жауынның ақырын күтуден өзге жол қалмады. Ал жаңбыр болса бәсеңсудің орнына үсті-үстіне үдеп екінші тәулікке ауған. Биіктен жыра-жыраны қуалап қарғын аға бастады. Қарғын екпініне шыдамай шеткері үйлердің іргесі опырылып құлай бастады. Абырой болғанда, әйтеуір күн жарық. Әйтпесе, үйелменімен үйіндінің астында қалатын екен. «Құдай мықтап сақтады-ау» деп қояды шүкіршіл шаруалар. Әзер қалқайып тұрған ескі үйлер бірінен соң бірі жалп етіп құлап жатты. Бар мүкәммалы кесектің астында қалған ауыл адамдары бастарының амандығына қуанды. Селдете құйған қара жаңбырдың астында баспанасыз қалса да қайғырған жоқ. Енді қайғыруға да, қаракет қылуға да бәрібір кеш еді.Жыландай сумаң қағып жүйткіген жойқын су сайға қарай сарылдай ақты. Жолындағының бәрін жапырып жайпап жойып барады. Ойдан-қырдан қысылып арқасы кеңейе түскен ағын суда біреудің шәйнегі, біреудің астауы батып-шығып кетіп барады. Ашық-тесіктен су ағызып әкеткен қозы-лағын жоқтап қорада қой маңырайды. Жаңадан төлдеген саулықтардың жағы сембей шулайды. Ауыл үсті ызы-шу. Жылап жүрген кім, жаңбырдың тыйылуын тілеп көкке қарап «Сұбхан Аллалап» жыларман боп тұрған кім?!Ешкімді ажыратып болар емес. Әйтеуір астан-кестеңі шыққан ауылдан су болмаған бір сабақ жіп табылмасы анық. Қарайған дүние, қыбырлаған жан тегіс малмандай. Құйрық басуға құрғақ жер жоқ. Көз жетер жердің бәрі шылқыған су, шалқыған көл.Үшінші тәулікке қараған түні жаңбыр саябырсып барып тыйылды. Төбеден тынбай сорғалаған су сап болды. Түстіктен азынаған жел тұрып аспандағы қорғасындай қара бұлтты шүйкелеп есіп теріскейге түре қуып айдай жөнелді. Көк жүзі тұп-тұнық көл суындай мөлдірей ашылды. Күн жомарт кісіше бар шуағын төгіп-шашып елжірей қалды.Қарғын алып кеткен ауылдың айналасы жау шапқандай жайрап жатыр. Қайда қазан, қайда қақпақ. Сел шайып кеткен аула іші тап-таза. Есін жия алмай есеңгіреп қалған ел қай шаруаның шетінен ұстарын білмей дал. Екі тәулік бойы тыным көрмеген тұрғындар құлаған үйлерінен кәкір-шүкірін шығарып, көрпе-төсегін шарбаққа жайып тастап, тақтай сәкі үстіне алаша төсеп қисайып, күн көзінде шуақтап мызғып жатыр. Қозғалуға дәрмен жоқ. Мал жандарын түгендеп қора жаққа қарауға да әлдері келер емес. Аяқ астынан апай-топайын шығарып талқандап кеткен табиғаттың тосын сыйын тілдеудің де, тоба қылудың да жөнін таппай меңірейісіп қалған. Сөйтіп айдың-күннің аманында сарқыраған өзен түгіл сылдыраған сыңар бұлағы да жоқ Маңғыстаудың бір пұшпағын су алып кетті. Су емес, селдеткен қарғын!Сол екі жарым тәулік толассыз құйған сәуірдің тосын жаңбыры туралыалдын ала жергілікті байланыс желілері арқылы күні бұрын хабарлағанын, кейбір жерлерде темір жол торабы істен шығып жолаушылар пойызының тоқтап қалғанын радиосы, тележүйесі жоқ ауыл тұрғындары артынан, әбден апа-сапа болғасын қаладан қатынаған кісілерден естіді.

Автор: