ВЕРНУТЬСЯ

Қаланың қақ ортасындағы кішкентай наубайхананың хош иісі жанынан өткендерді өзіне еріксіз тартатын. Кәдімгі жаңа піскен нан иісі! Қашан көрсең де есігі айқара ашық. Сол наубайхананың тұрақты тұтынушыларының бірі өзім. Сондықтан жұмысшыларын да танып алғанмын. Бар-жоғы үш адам. Біреуі пысықай ғана талдырмаш қара бала. Қоңырқай көзінде қараған кісінің жанын дір еткізерлік мұң көлеңкесі бар. Екіншісі-ақ сары өңді толықша орыс әйелі. Үшіншісі-Қожайын. Іспектеу қысық көздері кісіге суық қарайтын егделеу кәріс. Жылмиған қара сұр жүзінде жылы шырайдан нышан жоқ. Жыланның қабығындай жылтыраған өңі бір жылымайтын сұп-сұр адам. Жасы елудің жуан ортасына толық іліккен. Тыққан шұжықтай кеспелтек керістің әлгі екеуіне шолақ бұйырып, бежеріп жұмсап, кішкентай ғана бөлмеде шертиіп тұрғанын талай көретінмін. Сырттай көп сөйлемейтін кәрістің бұрын өктемдігі байқалмайтын. Өз ісіне жетік, жұмыс десе ішкен асын жерге қоятын жан-себіл жұрттың өкілі екендігіне өзгені бірден мойындататын момын шаруа секілді. Қасындағыларды қас-қабағымен ықтырып, шаруаны ұршықтай үйіріп жүргені.Ып-ыстық буы бұрқырап жататын наубайханада жұмыс бір сәтке де толастамайтын. Бөтен сөз, шаң-шұң дауысты естімейсің. Бас-аяғы үш ақ адам бүкіл бір ауылды асырарлық нанды илеп, пісіріп, сатып үлгеріп жатады. Кейде нанды қожайынның өзі де сатысатын. Білегін сыбанып жіберіп келген кісіні кідіртпей керегін беріп жыпылдап тұрады. Бір жақсысы әлгі кәріс қазақ тілін тәп-тәуір білетін болып шықты. Жұртпен мүдірмей жауаптасып, жатық сөйлеп тұрады. Онысын көріп ішім жылып қалған. «Нағыз үйренем деген адам қытай тілін де игеріп жүр ғой. Оның қасында өз топырағымызда туып-өскен жұрағат жұрттарға біздің тіліміздің   қандай жаттығы бар? Нанын жеп, суын ішкен топырақтың қадірін біліп, халқын құрметтейтін бір ақылды азамат болды-ау» деп ырза боп қалғанмын.Өз тіліңде сайрап тұрған кісіден нан сатып алудың өзі сүйкімді шаруа екен. Бір түрлі мерейің өсіп, мәз боп қаласың. Бір күні наубайхана есігінен аттасыммен өзімді аң-таң қалдырған оқиғаға куә болдым. Қожайын талдырмаш қара балаға қатты дауыстай ұрысып жатыр екен.-Сендердің қолдарыңнан не келуші еді?! дегенін анық естідім. Қаншама жер-жебіріне жетіп жатса да ұнжырғасы түсіп кеткен байғұс бала қожайынға бір ауыз сөз қайырмады. Сірә, қожайыннан көріп жүрген құқайы бір бұл емес білем, бала басын қорғаштап бүгежектей береді. Кіріп-шығып жатқан адам қарадан ұялатын болуы керек.-Жайырақ, жайырақ айтыңызшы,-деген жалынышты даусы тым бәсең шығады.Қиық көзі ақиланып, түрі әлемтапырық боп кеткен кәріс қояр емес. Қайта үсті-үстіне үдеп барады.Үні үстем, сөзі өктем. Бұл жолы неге екені белгісіз кәріс тек орыс тілінде ұрсумен болды.-Жоқ, мен жай сөйлемеймін. Сен кімсің менің аузыма қақпақ болатындай? Өй, шірік! Керек болса мен сені қазір-ақ қуып шығам. Жүресің сосын, ана құл базарда тентіреп. Сенің қожайының мен! Біліп қой! Мына менмін!-деп кеудесін соғып зіркілдейді. –Ауру шешеңді аяғаннан алғанмын. Әйтпесе, сендейлер әне, толып жүр. Бір қолында қап-қара боп күйіп кеткен қалаш нан. Айқайға себепші де сол болуы керек.Мен қожайынның сөзіне қатты қорландым. Шыдай алмағасын нан ды да алмастан шығып жүре беріппін. Қожайын қатты айтса да қалтқысыз шындықты айтты. Қайда барсаң да жалшы-қазақ. Арба айдап, қап көтеріп мықшыңдап жүрген орыс не кәріс баласын көрмейсің. Ауылдан келген азып-тозған қазақтың қара сирақ баласы көздері жәудіреп базар аузында екі қолға бір жұмыс таба алмай топ-тобымен ертеңнен қара кешке дейін иіріліп тұрғаны. Кәдімгі құл!. Ақшасы барлар қалағанын таңдап, тиын тебенін төлеп жеке шаруасына жалдайды. Қарны аш адам жұмыс таңдай ма? «Мені алыңызшы, мені алыңызшы» деп алдына түсіп жүгіріп бәйек болады. Бір-бірімен таласып-тармасып қалатын кездері де жоқ емес. Қайткенде де көзге ілігу-тамақ табу керек. Керілдесіп тапқан күндікші-қожайынның тапсырғанын атқара жүріп кез-келгеннің балағат боқтық сөздерін естуге, кесірлік-кемсітушіліктің түр-түріне көнуге мәжбүр. Жұмысы біткесін ақысын төлемей қуып жіберетіндер де кездеседі екен.Жұрт олардың үйреншікті орнын «Құлбазар» деп атайды. Әлгі кәрістің айтып тұрғаны да сол.Көктемнің сергек ауасы, жылымық шуағы жанымды жадырата алмады. Қайта тұла бойым түршігіп қалтырап барам. Көз алдымда әлжуаз қара баланың желкесінен алып, зіркілдеген қиық көз қожайын ...

Автор: