ВЕРНУТЬСЯ

«Бала – бауыр, дос – тамыр»(Татар жұртының мақалы).Қызыладырдың жалпақ жонын жайлаған қалың елдің жартысы - түрікпен, жартысы - қазақ. Туысып кетпегенмен бір-бірімен алакөз бола қойған жері жоқ. Ілгеріде алысып-жұлысып өткен екі елдің ұрпағы Кеңес өкіметі орнағалы іргелес қонып, бір құдықтан су ішісіп, түсінісіп, күнелтісіп жатқан. Адайдың белді руының басы Байменде болса, абдалдың ақсақалы Атамұрат. Ауыл-үйдің  дау-жанжалына бұл ел үкіметі іздемейді. Бай мен биі әлгі екеуі. Жаңа заңға әзір бойұсына қоймаған қыр елінің тұрмыс-тіршілігі де бәз-баяғысынша. Ұстанатындары: «У ішсең руыңмен» дейтін ескі қағида.Байменде басы мен малы тең өскен, Тәңірінің назары түскен құлы еді. Екі әйелінен он екі перзенті бар. Өзі отау көтеріп, жеке түтін түтеткелі тышқан мұрны қанамаған, ошағының басы бүтін адам. Он екі төлінің бесеуі жеке отау тіксе, жеті қызы жеті елде. «Құдай да берейін дегеніне береді» деген бар емес пе? Бәрі де бар, бай ауылда. Құдай қосқан құдалары да кілең «сен тұр, мен атайын», күйлі-мәс, жанды-жақты тұқымнан. Қазақ түгіл түрікпен алдын кесіп өтпеген Байменде дәулетіне атағы сай, аузымен құс тістеп тұрған кісі. Аласа бойлы, жауырынды, шоқша сақалды, қара бұжыр бетті Баймендені осы өлкеде танымайтын жан да сирек. Үлкен ала көздері адырайған, кеспелтек келте мұрнының астына тікірейе біткен тікенек мұрты шоп-шолақ, жарлауыт қабаққа ұйыса өскен қалың түйдек қасының әр қылы жыңғыл сабаудай. Кетпендей кесек еріндерін жымқырып, аузын насыбайдан бір босатпайды. Шықшытты, шаршы беттің етегінде шодырайып бөлек шығып тұрған кішігірім төбешіктей иегінің үстінде бір түп бұйрығындай тырбиған селдір сақалы бар. Бет-ажары тіке қараған кісі жасқанғандай. Көпшілік, әсіресе, оның өткір тілі мен тура мінезінен қатты қаймығатын. Әйтсе де, бала-шағаны да бейбастақ еркелете бермейтін, сырт көзге тым қатал, қатігез көрінетін адамның жүрегі жұмасақ, жаны жомарт болатын. Көз ашқалы мал көріп өскен Байменденің бір осал жері-малсақ. Малды жек көретін қазақ бар ма? Оның үстіне бұл малды атадан мирас қылған кісі емес, өз күшімен жиған кісі. Әкесі шаруаға қырсыздау болды ма екен, бар малы ішіп-жемінен артылмайтын. Байменде оған ұқсамады. «Тамшыдан - теңіз» дегендей, тоқтыдан-қой, тайдан-жылқы құрады. Малдың жайын өз жайынан артық қойды. Сол малжандылығының  арқасында мал басы көлдеудің көк жусанындай қаулай өсіп, аз жылда айтарлықтай дәулет біткен. Қазақ «Мал баққанға бітер» деп текке айтты деймісің, малдың жайын қыламын деп, ата қонысы Ақтөбеден ауып, шөбі шүйгін Қызыладырды мекен еткен. Қызыладырдың байырғы иесі Атамұратпен де біліш болып, судай сүзісіп араласып кеткен-ді. Мал басы өскен сайын, жайылымы да кеңейе түскен. Біраз жерді алып жататын малды өз балалары мен туыстары бағатын еді. Туыс болғанда өзі бір атадан жалғыз да, ет-жақыны-үш атадан қосылатын Малбағар болатын. Сол Малбағар әке-шешеден ерте айырылды да, кішкентайынан байдың қолында өсті. Көзін ашқаннан қозының соңында жүрген Малбағар әлі күнге дейін ағасының қойын бағып келеді. Бай қанша малсақ болғанмен, қонаққа жайсыз емес-ті. Кісіге қонағасы бермей, сараң атанған да жері жоқ. Жөн-жосығын біледі. Ата-баба салған жолды бұзып, әдет-ғұрыпқа қайшы келіп көрген де жан емес.Оның түрікпен ішіндегі тұстасы - Атамұрат. Жасы үлкен болғанмен, абырой-беделі де, байлық-дәулеті де Баймендемен тең түсетін адам. Бірақ, оның бір наласы бар: ұрпақсыз. Сансыз аруанасы мен қара  шыбындай қаптаған қылқұйрығының мұрагері жоқ. Төрт қызы төрт елде. Ұлдары жасында өліп, тұрмапты. Ең кіші ұлы Бердімұраты қаза болғалы да жылдың жүзі ауды. Көзінің қуанышы, жанының жұбанышы - жалғыз ұлы үш күн ауырып, қызылшадан қайтқанда, оның мезгілсіз қазасына қайғырмаған қазақ пен түрікпен аз. Екі көзі жұлдыздай жарқыраған құлыншақтай қара баланың өлімі шау тартқан әкесін тірілей жерге тығып кетті. Ботасы өлген аруанадай боздап, сақалын жас жуғанда, қосыла жыламаған жан кемде-кем шығар-ау. Атамұраттың нарттай жанып тұратын нұрлы жүзі күлдің түсіндей қуарып, жағы суалып, таяқ сүйеніп қалды. Еңгезердей еңселі азамат аз күнде еңкіш тартып, сақал-мұрты жылға жетпей қардай болды. Байменде сол андасының көңілін аулап, анда-санда барып тұратын. Күннен-күнге су мүжіген кемік тастай кішірейіп бара жатқан Атамұратқа жаны ашып, ауылға күйзеліп қайтатын.Бірақ, «Өлгеннің соңынан өлмек жоқ». Ажал шіркінге ара тұратын кім бар? Атамұрат та соңғы барғанында бұрынғыдай емес, мал жайын сұрап, ауыл арасының  жағдайын әңгімелеп, күйбең тірліктің тізгініне қайта жармасқандай рай танытқан. Жылдан аса  аза тұтқаны аз ба? Адам баласы Алладан күдер үзбес болар. Пендесіне пейілі түссе жаратқанның қолынан келмес не бар?Байменде досының көңілі көтеріліп, ширап қалғанына қуанып, сөз арасында:-Атеке, төсек  жаңғырт. Жағың түсіп отырған кәрі емессің. Шүкір малың жетеді.«Малы бардың әлі бар» деген. Құдай қаласа, Бердімұратыңның орны толар, балалы боларсың. Алланың шапағаты мол ғой!-деп еді.Атамұрат та бұның сөзін теріс демеді. Қайта:-Айтқаның келсін! Алладан үмітіміз бар, -деп разы болып қалды.Бай досының көтеріңкі көңіл-күйін пайдаланып, кетерінде:- Біліш, біздің ауылға көптен келген жоқсың, бойыңды жаз! Қонақ бол– деген. Досы оған да қуанып:-Алла жазса, барып қайтармыз, -деп уәде берген.Көп күттірмей, түрікмен байы жеті-сегіз нөкерімен Байменде ауылына түсті.Өңкей сүліктей қанжирен сәйгүлік мінген қонақтардың бастарында бірдей ақ сеңсең, күрең кетен шапандарының сыртынан күмістеген  белдік буынған. Аяқтарында жалтыраған қара былғары етік. Өзара қауқылдасып күлгенде, маржандай тістері жарқырап, тұнжыр қабақтың астынан қап-қара көздері күн көзінде ойнаған болат қанжардай жарқ-жұрқ етеді.Атамұрат бастаған сый қонақтарды Байменде оңаша үйге түсіріп, айырықша құрмет көрсетті. Тай сойып, қонақасы берді. Маңайдың  жақсыларын жиып, жыршы шақырды. Бір-екі күн қонақ болған соң, кештетіп қайтамыз дегендеріне көнбей, қолқалап қондырды. Үлкен үйге төсек салынар  мезгілде досын ертіп тысқа шықты. Ұйқыға жатар алдында қан таратпақ. Шал үйден аулаққа ұзап барады. Тоқтар емес. Бұл да соңына ере берген. Ауылдың желке тұсындағы төбешікке шыққасын, қонақ шапанының екі шалғайынан ұстап, астына төсеп жіберіп молдас құрды.Дала түні. Күзге салымғы мамыражай мезгіл. Қаракөк аспан астында ағараңдап байдың жұмыртқадай боз үйлері көрінеді. Көк теңіздің төсінде қатарласа қанат жайған ақ шағаладай ауыл оты сөнген. Көк атлас көйлектің өңіріне қадаған күміс теңгедей дөңгеленіп ай тұр. Күндізгі қарбалас тірліктен бірауық қол үзіп, жан біткен тыным тапқандай. Кең кеудесін түнгі самалға тосып, Атамұрат көпке дейін үнсіз қалды. Біраздан соң, Байменде досының дыбыссыз жылап отырғанын сезді. Ақырындап Атамұраттың жүзіне қараса, Ай нұрына шағылысқан бордай сақалдан тарам-тарам жас ағып жатыр екен. Баймеңде қапелімде не дерін білмей, тосылып қалды. Атамұрат болса егіліп отыр. «Қой» деуге дәті бармады. Әлден соң, досының даусынан тұла бойы шымыр етті.-Бәйһменде! – Тарғылдаған үні мен көкірегін қарс айырған ащы өксік қабат шықты. – Менің Атамұрат болғаным кімге керек? Менің байлығым мен дәулетім кімге керек? Менің Абдалдың ақсақалы болғаным кімге керек?Байменде тым-тырыс. Өзінен-өзі тұңғыш рет досының бар қайғысын қапысыз ұғып, бар қасіретін терең түйсініп, тұншыға қыстығып жылап жіберді.Жалған-ай, десейші! Пенденің сырын пендеден өзге кім ұғушы еді?! Баяғыдан біте қайнасып келе жатқан бұл түгіл, қамкөңіл қарттың мұңы мен зарына мал тұяғы тимеген тақия төбешіктің бұйра жусаны да қабырғасы қайыса бас шайқап, қамығып тұрғандай мүлгиді. Көк атлас аспан төсіндегі күміс теңге Ай да ақсақалдың аянышты халін көргісі келмегендей, бір шөкім бұлт тасасына тығылды.Қонақ тағы тырс үндемей қалды. Әлден соң, досына қара түндей тұнжыраған мұңлы жанарын қадай отырып, сөйлеп кетті.-Бәйһмеңде, біліш! Сенен жасырын сырым жоқ. Әуелде «төсек жаңғырт» деп өзің айтып едің. Қазақ пен түрікпенге қыз алысу таңсық емес. Маған да бір қыздарыңды қиың. Ағайының алақаныңда. Оны жақсы білемін. Менің жайымды өзіңнен өзге кім түсінер?! Өзім де қазақтың жиені едім, қазақтан қыз алсам көктер ме екенмін, тамырласайық! Қазақ қызы қайда кетпеген?! Мен де соның бірі болармын. Малымнан қанша аламын десең де қолыңнан қақпаймын. Керегіңді ал! Тек маған бір қыз алып бер.Байдың аузына сөз түспеді. Әншейіндегі шешендігі қайда?! Бар сөзі көмейіне тығылып, тілі күрмеліп, сөйлей алмай қалды. Атамұрат бүйтіп өзіме ауыз салар деп ойламапты. Тілінен жазған-өзі. Шалың да құрығын мойнына құтылмастай қылып салды-ау! Әй, мықтап тұтылған жерім осы шығар. Байменде ақыры үндемей қалуды жөн көрмей:-Көрерміз, ел-жұрт бар, кеңесейік,-деуге мәжбүр болған.Абдал шал ол сөзді місе тұтпады. Қасарған жерден қан алатын тұқымның тұяғы емес пе?!- Сенен бір тілегім болсын, осы сөзімді жерге тастама. Жауабын да осы жерде бер!-деп, қадалып отырып алды.Бай қатты қысылды. Ақыры амалы құрып:-Айтқаның  болсын, Атеке!-деген.Атамұрат орнынан атып тұрып, қарулы қолымен досын екі қолтығынан тік көтеріп алды. Байменденің төсіне төсін тигізіп, айлы түнде құшағына айқара қысты. Содан кейін, төбеден жүгіріп түсті. Сол түні төбеге ұрғандай қатып ұйықтады. Керісінше байдың таң атқанша кірпігі айқаспады. Түні бойы шаңыраққа телміріп жатып, ойы онға, санасы санға бөлінді.Апыр-ай, Атамұрат досы бұны бір қиын сынға салды-ау! Бір түбектің екі пұшпағын жайлаған қос қабыланның таныстығы ертеде басталған. Сонау жігіт шағында, шаруасы шағын, малының  басы санаулы кезде аз ғана ағайынмен осы атыраптағы жалғыз құдықты жайлаған жат жұрттың ағасынан жайылым сұрағаны бар. Сонда жомарттық танытып: «Жер-Алланікі»-деп, іргеден қоныс берген Атамұратпен татулығы бүгінге дейін бұзылмай келеді. Малының маңдайы-мақпал қарасының үйірі де Атамұрат мінгізген аттың тұқымы.Асылы, Алла-тағаланың жаратқан пендесіне бірінсіз-бірі күн көру жоқ қой! Әйтпесе, адамзат баласына әуелде Айды ортақ, Күнді ортақ жаратар ма? Атамұрат та ұлты басқа демесең, ұлы халықтың ұрпағы. Тегі бөтен демесең, текті тұқымның перзенті. Аз-маз көмейден сөйлегені болмаса, түрікпен мен қазаққа тілмаш керек емес. Түбін қаза берсе, тамыры тереңде жатқан көшпенді жұрттың бір-бір бұтағы емес пе? Өзі бір рудың беткеұстары. Шашының ағы бар демесең, басының бағы бар. Иншалла, перзент те сүйгізер. «Мұсылманға болмасын деген оңбасын» деген. Лайым, Аллажан бетінен жарылқасын! Кімді неден жарылқайын десе де, жаратқанның жұмысында кімнің ортағы бар. Байменденің тұжырым-тоқтамы осыған сайды.                                                                 * * *«Уәде – құдай аты». Баймеңде сөзін жұтып көрген жан емес. Бітеу жара қылып, біраздан ішке бүккен сырын сәтті күні ауыл азаматының басын қосып, жайып салды. Хабар көпшілікке жайсыз тиді.«Жаудан алса, бір сәрі. Түрікпенге қолдан қыз береді деген не сұмдық! Күні кеше ата жауың болып, текеметіңді тілген, нәрестеңді найзаның ұшына ілген қаныпезер, қарау түрікпен емес пе бұл?!» деген пікірдің әркімнің де көкірегінде көгенделіп жатқаны анық.Жасырақ жағы осқырынып та қалды.-Дәмесінің зорын қарашы!-Түрікпеннің қызы құрып қалып па?!-Қазақтың қаракөзі тұрғанда, өзінің қолаңса исі бұрқыраған таты күңін не қылсын?!-Оның арқаланып отырғаны ана сайда саны жоқ аруанасы-дағы!Бай бір жөткірініп қалып, бейбастық сөздерді шорт кесті. Жалбыраған жүндес қасын түйіп, кәріне міне сөйледі.-Не сандалап отырсыңдар, әй?! Сендерге тиген соққы маған тимей ме? Сендерге ар болғанда маған ар емес пе?! Қызды жау да алады. Бұл жау болып алайын деп отырған жоқ. Құда түсіп, қалың беріп алғалы отыр. Мұсылманның баласы емес пе? Талай қызды орыс та олжалаған, қалмақ та қуған. Түрікпенге қыз бергеннің басы біз емес. Өзі бізге жиен. Мына бізді неге «Түрікпенадай» дейді, а? Оны осы отырғанның түгел жақсы білесің. Түп анамыз - түрікпен қызы. Әлде, Қосай атамыздың өшкенін жандырып, өлгенін тірілткен томашадай түрікпен қызы Оғылмеңді әжеміз екенін ұмыттыңдар ма? Сол түрікпеннің қаршадай қызы бабамыздың жапырағын жайып, етегінен бір тайпа ел өрмеп пе еді?! Талай қасқа мен жайсаңға ана болмап па еді?! Әне, біз сол қарға тамырлы қазақтың ұрпағымыз! Қайтсек те, қашып құтылар жеріміз жоқ бұл түрікпеннен. Онан да  Атамұратқа лайық кімнің қызы бар, соны айтыңдар!Ешқайсысы тіл қатпады. Байменде тағы сөйледі.-Маған айттырсаңдар, Атамұрат қомсынатын кісі емес. Өздерің білесіңдер, менде қыз жоқ. Немере қыздардың алды әлі етегін жаппаған, жас. Баймеңденің сөзінен соң, үнсіздік ұзай берді. «Менде қыз бар»  деп желп ете түскен ешкім бола қоймайды. Байменде енді есік алдында мойны салбырап, өзімен-өзі отырған інісіне қарады.-Әй, Малбағар, сенде осы бойжеткен балдар бар емес пе?Малбағар басын құлықсыздау изей салды.-Айтсаңшы, даусыңды шығарып!-Байменденің ала көздері онан сайын алайып кетті.-Бар ғой.-Жасы нешеде?-Он бес-он алтыға келіп қалған шығар...- інісі күмілжи жауап қатты.Малбағардың жуастығы елге аян. Жұрт оның ағасынан аса алмайтынын жақсы біледі. Сонда да Байменде көпшілік көзінше сөзді пісіріп алмақ болып:-Малбағардың баласын берсек қалай болады?!-деді.-Өзің білесің, тума өзіңдікі,-деді Ермекбай деген құрдасы.-Он бестегі баланы алпыстан асқан шалға беру обал емес пе? – деп күңк етті Сәтбай деген еті тірлеу жігіт. Өзге ешкім үндей қоймағасын, Бейменде Малбағарға қайта шүйілді.-Ау, Малбағар, бересің бе балаңды? Айтсаңшы, тілің бар емес пе?-Қайдан білейін, өзіңіз білесіз-дағы. – Малбағардың дауысы мұрнының астынан міңгірлей шықты. Сонымен сөз тәмам болды.Жай  үйленген Малбағардың тұңғышы – он бес жастағы Айсұлу. Қараторының әдемісі, үлкен мұңлы көздері жәутеңдеген, сабырлы қыз. Өзі есейгелі бәйбішеге қолғанат болған. Анада қонақтар келгенде шай құйған да осы Айсұлу еді. Бейкүнә қыз кесе сүртіп отырып, төрдегі сақалы қауғадай, қыр мұрын, қызыл көз шалға көзі түсіп, селк ете түсіп еді. Өн бойы қасқыр көрген киіктің лағындай қалтырап, өзіне-өзі көпке дейін келе алмаған. Көздері шоқтай жайнап, жүзі күреңітіп, күлімсірей қарағаны өңменінен өтіп кетті. Көзі өткір, түсі суық екен. Сол бір ішіп-жеген ашқарақ көзқарас көкейінен кетпей қойған. Ол Атамұрат еді.* * *Атамұрат көп ұзатпай құда жіберіп, қызды алып тынды.Қызыл шұнақ аруананы айдап алған Малбағар қоян жұтында тақырға отырып қалды.Баймеңде мен Атамұрат сол тамырлығын үзбестен, «жекешеге ұшыраймыз» деп сескеніп, шекара ауып кетті.

Автор: