ВЕРНУТЬСЯ

Таңертеңгілік салқынмен теңізге апаратын даңғыл бойына шыққан Алшын ирелендеген ұзын жолдың жиегінде қақшиып біраз тұрды. Күн сенбі. Аузы-мұрнынан шыққан ұзынды-қысқалы автобустар жанынан зу-зу етіп өте шығады. Қол көтергенмен біреуі де қайрылар болмады. Елдің бәрі теңізге асығыуда. Қоян көлеңкелер бұтасы да саусақпен санарлық шөлейт дала жұртының шілдеде қайнар бұлақты ыза сулы сай-саланы саялайтын киіктердей жан сақтайтын жалғыз тұрағы - теңіз. Қамыттан мойны босаған жегін аттай демалысқа шыға салысымен Алшынның да қаланың қаптаған масасы мен ми қайнатар ыстығынан, түнгі тымырсықта жанындағы зауыттан шығатын күкіртті сутегінің қолқа қабар мүңсік исінен безіп, бас сауғалайтын жері - жағажай.Қаладан жарты сағаттық жердегі қиқа-жиқа ағаш, қаңылтыр үйшіктер, тізбек-тізбек түйе керуенге ұқсап, теңіз жағасын бойлай шұбап жатқан жағажай жапан түзде шөлден қаталаған жолаушының алыстан көзін арбап, аңсарын аударатын жасыл арал іспетті. Жалпақ жұрттың жан қинайтын ыссыданқашқанда тығылатын саясы да сол.Көк ала автобус қасынан өте бере, кілт тоқтай қалғанда байқайды: Қарасай екен. Кәдімгі Қарақозы. Он жыл бірге оқыған сыныптас досы. Бұйра қозыдай бұлтыңдаған қара жігіт. Домаланған толық денесі мен бір қазан бұйра шашы мектепте «Қарақозы» атандырған.-Қаланың у-шуынан қашып барамысың?-деп, анадайдан күрек тістерін ақсита күлді. Қашан көрсең де езуі жыйылмайды. Сол баяғы аңқылдаған қалпы. Есікті ашар-ашпастан, даурыға сөйлеп, амандасып жатыр. Алшын аман-түгел алысқан соң, арт жаққа мойын бұрды. Автобус толы демалушылар екен. Буыншақ-түйіншектен аяқ алып жүргісіз. Жолшыбай қосылған жалқы жігітті жақтырмаған жанарлар әр тұстан алая қарасты. Өздері жолдаманы қолға әзер түсіріп, автобусқа айқай-ұйқаймен, әзер дегенде аяқ артқанына іштей қуанысып отырғанда, мәпитіне жүрген мұның жолының оп-оңай оңынан орала кеткеніне жыланша жиырыла қалғандар да жоқ емес. Әр жерден күңкілдей  шыққан наразы дауыстар Алшынды төрге озбақ ойынан сап тыйып, есік көзіне еріксіз тұсап тастады. Иығындағы жол дорбасын да аяқ астына әзер сыйыстырды.Қарасайдың аузы жабылар емес. Көптен көрмеген көзкөрген досқа ағынан жарыла ақтарылып келеді.-Кеше қонақта болып едік. Болаттың қара тентегі биыл оқуға барады екен. Соған той жасады,-деп, бір қолымен маңдайын басып, саусақ ұшымен ысып-ысып қойды. – Менің Сәулешкам амандық болса, келесі жылы барады.Қарасай өзіне-өзі риза кейіппен үлкен ала көздерінің аясы мейірбан нұрға тола риясыз жымиды. Алшын одан арғы сөздерін естімеді. Жіңішке қастарының арасындағы тіке қос сызық тереңдеп, кішкене қоңырқай көздері таспа жолға телмірді. Бұрын Болатпен де, Қарасаймен де тонның ішкі бауындай аралас-құралас жүретін. Болат екеуі қатар үйленді. «Иә, биыл Ерболдың да мектепке баратын жылы екен-ау».Жұқалтаң еріндері жымқырылып, өңі қуқыл тартты. Үшкірлеу иегі ақырын дірілдегендей болды. Айналаны ұмытып, үн-түнсіз ой-орманын аралап кетті. Терезелерді ашып тастап, теңізден ескен ерке самалға тұмсықтарын төсеп тыпыршып отырған алакөңіл жұрт автобус еңіске түсе бастағаннан есік жаққа ентелей берді.Бұлар жағажайға жеткенде, күн көкжиектен арқан бойы көтеріліп қалған-ды. Аспан ала бұлтты. Теңіз беті мұнар. Күн астына бозғылт капрон шымылдық тұтылғандай болар-болмас бу пердесі ауада қалқиды. Шамал шырышы денеге жабысып, дымы киімді ылғалдай бастады. Алшын көзіне көптен таныс сары үйшіктердің біріне әп-сәтте орналасып алды. Теңіз жағасында теңкиіп-теңкиіп жатқан қойтастар жылыұшырай қарайды. Талайдан тату достары.Алшын жағада бірқыдыру жүріп, денесінің құрыс-тырысын жазған соң, орнына келіп жайғасты. Түнімен қапырық бөлмеде масадан мезі болып ұйқы көрмегендікі ме, дайын төсекке жантайғаннан бұйығып ұйықтап кетті. Содан күн қыза бір-ақ оянған.Жағада ине шаншар жер көрінбейді. Шаңқай түсте шөп түбіне басын қорғалаған кесірткеше тұмсықтарымен құм қапқан кілең өлермен. Жағалауға буырқанып, бастырмалата соғып, лықсып қайта серпіліп жатқан ақ жал толқындар бүгін әдеттегіден тентектеу көрінді. Таяқ тастам жерде шарасына сыймай ысылдай ышқынып, екі иінінен әрең тыныстап, көк шулан Каспий жатыр. Содан қаймыққан демалушылар әрірек баруға бата алмай, қайырлап қалған қайықтай жиекте айқыш-ұйқыш бауырлай жатып алыпты. Қармақ қапқан балықтай құйрығымен жер сабалап, бұлқынып жатқан ақ көбік толқынмен жағаласа шуласқан балалар ғана шат-шадыман.Алшын суға бір-екі сүңгіп, денесін шылап, қызыл қиыршық құмға көміліп жата кетті. Тас төбеден төне түсіп, жан-жағын жалынша шарпыған күн лебі жонын қақтап, күйдіріп барады. Бусанып, бойы балқып, қоламтадай қыз-қыз қайнаған мақпал құмда етпеттей жатқан күйі бырш-бырш терледі. Ылғи тықыр алғызатын тікенек шаштың түбінен моншақтай жылт-жылт домалаған тер тамшылары самайдан сырғанай-сырғанай кішкене көзінің оймақтай ұяшығына құйылды. Биік жоталы мұрынның қырын қуалай сорғалады. Үшкір иектен шүмектей ақты. Бойынан аққан ащы термен бірге тал бойы оттан шыққан таба нанның арасына түскен сары майдай еріп, ыстық құмға сіңіп кеткендей болды. Алшын ұйқылы-ояу, бей-жай, рақат бір күйде ұзақ жатты. Біраздан соң, алды-артына көз салған. Адам қарасы азайыпты. Сірә, көпшілік кешкі асқа кіріскен сыңайлы.Кешке салым теңіз суы – рақат! Түссең, қайта шыққың келмейді. Баяу теңселген алып теңіз ұшы-қиыры жоқ жайқалған көк шалғынға ұқсас. Толқын жалдары күн көзіне шағылғанда жалт-жұлт етіп, мың сан айна сынықтарынша жалтылдайды. Алшын толқынмен тербеліп, арасында шолп-шолп сүңгіп, су бетінде бақаша тарбиып, шалқасынан керіліп, қары талғанша құлаштай жүзіп, әбден құмарынан шықты. Бес күн бойы борша-борша боп, қалжырап шаршағанын мұрсатта ұмытып, жаны жай тапты. Судан шығысымен құмақта қалған түндіктей түкті орамалын жамылып, үстін құрғатып, қарсы алдында шалқып жатқан жасыл атлас теңіздің көгілдір аспанмен тұтасар тұсындағы жіңішке жіптей сызығына қадалып отырған. Желке тұсынан сәби даусы естілді. Төрт-бестер шамасындағы қара домалақ қыз бала ерткен керіктей кербез келіншек оңаша жағада емін-еркін шешіне бастады. Кішкене қызы тық-тық етеді. Пысық-ақ. «Тілі орысша шыққан қаланың дүбәра сәбиінің бірі болды-ау» деп ойлады Алшын. Келіншек жүзе білмейтін болуы керек, кеуде тұсына шейін батар-батпас болып, екі қолымен суды шолпытып, әрлі-берлі жүрді де қойды. Мінсіз сымбатты дене ерріксіз көз тартады. Су бетінде ойнақ салған ақ сазандай кеудесі бір жарқ еткен сайын, Алшын көзін аудара алмай, арбалып қалады. Көлеңке астына ілінген ақ жолақ халаты жалауша желбірейді. Кішкене қыз жиекте су шашып ойнап жүр. Қолына да, аузына да тыным жоқ. Алтын шашты қуыршағын да армансыз шомылдырды. Даусы теңіз сарынынан бірде жұтылып, бірде жаңғырып естіледі. Неге екені белгісіз, көрікті келіншек Алшынның есіне Райханды түсірді. Бірден кеуде тұсы шым-шымдап сыздап қоя берді...Қайран, Райхан! Ұмытылар емес. Бәлкім, ол бұны әлдеқашан есінен шығарған да болар?! Зымыран уақыт заулай ағып барады емес пе? «Барлығы да өтпелі – қуаныш та, мұңың да...» сұңғыла ақын қалай тауып айтқан?! Мәңгілік не бар?! Бәрі өткінші. Өткінші жаңбыр секілді. Құйып-құйып өте шығады. Тоқта, тоқта... Бұл өзі не деп кетті?! Райханның өткінші жаңбыр болғаны ма?! Сан рет ұмытайын деп-ақ тырыспап па еді? Сол бір аяулы жанның асыл бейнесін өз жадынан өшірмек боп көрмеп пе еді? Бақса, Райхансыз бұның балалық шағы, естияр кезеңі, бозбалалық кезі, тіпті, барлық өткен өмірі тұлдыр, тұрлаусыз екен. Балалық шақ деп аталатын аппақ әлемнің әдемі естелігі екен. Балдәуреннің жаздай жадыраған жайдары күндерімен бірге көкейіне күн шуағындай сіңіп кеткен сағынышы екен. Сол бір бейкүнә мезгілдің періштедей пәк сыйы, асыл жауһары екен. Райхан бұның көңіл жайлауында көзі жұмылғанша күміс киіктей мәңгі ойнақтар алғашқы махабаты екен.Жапанда жалғыз өскен жасыл бәйтеректей «Мұнайшылар астанасы» атанған кішкене қалашықта бұлардың балалығы да, арманшыл албырт жастығы да дыбыссыз зымырандай заулап өте шығыпты. Уақыт қандай жүйрік еді?! Өмір-өзен өз арнасымен артына мойын бұрмастан толассыз, тоқтаусыз аға беріпті. Бәрі күні кешегідей көз алдында.Алшын мен Райхан бала жастан «галерейка» аталатын төрт қабатты үйдің екі басында жұптарын жазбай қатар өсті. Үй тұрғындары түр-түсі ұқсас болмаса да, кәсібі де, нәсібі де бір – мұнайшылар. Әр қиырдан қара алтынның даңқы мен дәмі айдап келген қырық ру қауым. Кейбіреулері кезінде іс-тәжірибесі мен білім-білігіне бола шақырылғандар болса, қайсыбіреулері дала кезген қаңбақтай домалап, дүние қуып келген өзге ұлттың өкілдері. Жергілікті халықтың ата-бабасы мал соңында жүріп, қала тұрғызбағаны, ағаш отырғызбағаны кейін осындай келімсектердің алдында ұрпағының ұнжырғасын түсіріп, өзге тілді мұнайшылардың мысы басты. Кейбір кеудемсоқ қонақтардың төр иелеріне: «Біз қала тұрғыздық! Жапанға жасыл ағаш орнаттық!»-деп көзбе-көз мақтанатындары да жоқ емес-ті. Бірақ, «Кеңестер Одағы» дейтін кең сарайдың тәртібі күшті. «Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер!» деген ұранның күшінде тұрған кезі. «Сен», «мен» деуге ешкімнің халі жоқ. Қала да ортақ, дала да ортақ. Бар ұлттың баласы бір анадан туғандай. Ас та төк, молшылық заман.Мұнайлы өлкенің тыныш жататын кезі кем. Таң ата сай-сайды, дөң-дөңді бетке алып, тарам-тарам таспа жолмен қара қоңыздай жарыса жорғалаған қорапша автобустарға отырып, қала жұрты жұмысқа ағылады. Қыс болса, жалтыраған жалаңаш асфальтпен тасбақаша тырбыңдап ылдидан өрге, өрден ойға түсіп, жаз болса, жусан исі аңқыған боз даланы бетке алып, өрістеген түйелерге ұқсап мұнайшылар керуені ұбап-шұбап бара жатқаны. Алшынның анасы да алакөбеңнен тұрып, сол автобустардың бірімен дала төсіне, промсылға аттанатын. Әкесі де көп жыл бұрын көк тайғақта сол жолмен қайтпас сапарына кеткен. Автомобиль апатынан қыршын жас ғұмыр үзілген. Талайлар сол жолда табысып, шаңырақ көтеріп, талайлар танысып, тату досқа, айнымас сырласқа айналып жататын.Өмірдің өзі де жол ғой. Пәни мен бақи арасын жалғаушы жол. Сол жолда әр пенденің пешенесіне жазылған әрқилы сапарының аты - өмір. Әркімнің шыр етіп жерге түскеннен басталатын өз соқпағы бар. Алшынның сол жіңішке соқпағы «Газ қалашығы» атанған мекеннен басталған. Көз ашқалы көргені: кеңірдегінен атан түйе өткендей колонна құбырлар, жирафтай мойнын созған көтергіш крандар. Ию-қию тас жолдар, каскілі кісілер, жарқ-жұрқ оттар. Пісіріп жатыр, құрап жатыр, жалғап жатыр, жасап жатыр. Қарбалас жұмыс, қан майдан. Өмір майданы. Әр машинаның соңынан шудадай желкілдеп, шүйкедей есіліп, шұбатылған будақ-будақ шаң. Бассаң, балтырыңды қабатын борпылдақ май топырақ. Сол май топыраққа былғанып, екі көзі жылтырап, кешке үйіне келгенде, шешесінің өзі әрең танитын.Ұлутастан өрілген төрт қабатты, бір-бірінен айнымайтын қызыл, жасыл, сары  балконды үйлердің ауласында өзі құралпы ингуш, татар, орыс, украин, башқұрт, әзербайжан балаларымен бірге ойнап өсті. Қала іргесіндегі самаладай жарқыраған газ алаулары, әр жерге қойылған жайдақ шамдай шалқи жанып, түнде көз қарықтыратын. Күндіз жан-жақтан маздай жанған алтын алаулар туған өлкенің аңқыма желімен алқызыл жалауша желбірейтін де тұратын. Үй сыртына шықсаң, техниканың қым-қуыт даусы құлағыңды тарс бітеп тастайтын. Қызғылт ұлутастан өріліп, күн санап көбейіп келе жатқан тұрғын үйлер, әр жерде жаңадан басталып жатқан құрылыс, тырна аяқ телеграф бағандары, сәукеле мұнаралар, сағым ішінде бұлдырап тұратын қисапсыз әлпеншек-скважиналар бұның балалық шағынан көзіне ыстық жәдігерлер.Сонау бейкүнә сәби шақтан айнымас дос ақша қызбен алқызыл мойынтақтары желбіреп, мейрам сайын орталық алаңға жүгіретін кездері, оразасын ашпастан алақандарына бұның анасы салған күміс теңгелікті қысып, мерекеге бірге баратын аяулы таңдары, жазғы кинотеатрда кешкілік жүретін үндістер туралы ызы-қиқы фильмдерді айлапат экранға қарама-қарсы үйдің ашық балконында қаздай тізіліп тұрып көретін кештері бұлдырап кейінде қалыпты.Екеуі он жыл бірге оқыды. Арман сапарына, Алматыға бірге аттанды. Райхан түсті, бұл құлады. Тәп-тәуір оқыса да, бағы жанбады. Әуелден жолы ауыр. Сорпаға да күйді, ит те қапты, аяғы да сынды, көрмегені жоқ. Қайтып ешқайда бармады. Шешесінің жанына мұнайшы боп орналасты. Аңызақ, аптап ыстықта, күзгі қара суықта, қысқы боранда, жазғытұрымғы ызғырық жел мен жауын-шашында ұзақты күн тыным таппайтын мұнайшы болудың қиындығын алғашқы күннен-ақ түсінді. Туған жерінің қатал табиғатына қандай төзім, қажыр-қайрат қажет екенін де бір білсе, осы мұнайшы қауымның білетіндігіне көп ұзамай көз жетті.Райханның студенттік өмірі басталды. Астанадағы алғашқы айлардың, қызғылықты күндердің хабаршысы – көгілдір көгершіндердей хаттар тізбегі ұшып келе бастады. Алматының әсем кештері, ауылдан барған жастардың әсершіл көңіліне өшпес бейнетаспадай жазылып қалатын күлкі мен қалжыңға бай сауық кештері хаттың әр жерінен үзік-үзік көрініс беріп, Алшын қиялын қияға, сәукелелі асқар таулар арасындағы ару қалаға самғататын. Содан былай хаттар бұның ең жақын сырлас досына айналды. Әне-міне дегенше, әскерге аттанды. Қиыр шығыстағы әйгілі қалада азаматтық борышын абыройымен өтеп қайтты. Ауылға келгесін ішімдіксіз аяқ баспайтын даурықпа  ортаны алғашында бөтенсіреп жүрді. Әйтсе де, өз өлең төсегіңнен безіп, қайда барасың? Басында аз ғана ұрттап, арамдық жасап көрген Алшынды жолдастары бірден тезге салып, түзеп алған. Өзі туып-өскен қалашықта сол достарымен бас қосып, әрнені сылтауратып сылқия ішетін «сенбіліктерден» басқа қызық та жоқ сияқты көрінетін бұған. Лүп еткен самал соқса, тозаңы ақ ұндай ұйтқып ала жөнелетін борпылдақ жердің азынаған желді күнде алағай да, бұлағай шаңытып, ақ дауыл көтергенде, сыртқа қарыс қадам аттап басқысы келмей, төрт қабырғада құлыпсыз қамалып, қара жәшікке телміретін, дауыл басылып, аз ғана жаңбыр сіркіресе, «таза ауа жұтамыз» деп, әр жерінде бір-бір қара ағаш қараңдаған тозған жіптей үзік-үзік сүреңсіз көшеге топырлай шығатын көптің бірі өзі еді. Өзіндей қала жастарының қуанышты да, жағаласты да тең бөлісетін орны – отырмақ. Отырмақ сәні – күлмеңкөз көк шөлмектер.Алшын да көп ұзамай айлық алған сайын апталап, мереке сайын мелдектеп тойып жүретін қаланың қаратаяқтарының біріне айналған. Бейбақ анасы әуелі «әскерден сағынып оралған жалғызының қуанышы тарқамай жүрген шығар» деп сөкпеді, соңынан шынымайдай жүрекке шық еткенде, сөзі өтпеді. «Ішетін жалғыз мен бе екенмін, елдің бәрі ішеді» деген баласының бәтуалы сөзін құптамасқа амалы қайсы? Шүкір, баласының бас жарып, көз шығара қойған өрескел қылығы әзір құлағына  тиген жоқ. Жалғызын итше тістелеп жүріп жетілдірген жесір әйел ұлын жаманатқа қимады. «Жұмыстан қалмайды, жанжал шығармайды, бетерден-бетер бар ғой» деген оймен өзін-өзі оңашада жұбатып та қоятын.Райхан ол кезде дәрігерлік институттың төртінші курс студенті болатын. Келе-келе хат сыртына көзге көрінбес күңкіл әңгіме де ере келетінді шығарды. «Райханның жігіті бар көрінеді, жүргіш боп кетіпті» деген сияқты алып-қашты әңгімелер естіліп қалып жүрді. Қызға кім қызықпайды? Соның бірі өзі емес пе? Райханға қашаннан қызыға бастады, оны өзі де білмейді. Әйтеуір ұнатқаны рас. Бірақ, ол туралы қызға тіс жарған емес. Білетіні бала кезден оны қатты қызғанатын.  Ол бұның үйде де, түзде де екі елі ажырамайтын адамына айналған. Жазық маңдайын жарқыратып, толқынды жылтыр қара шашын қақ жарып, екі өрім етіп қоятын ақша қыз. Маржандай тістерін түгел көрсете сыңғырлай күлгенде, ұшы имектеу кішкене мұрны жапырайып кетеді. Меңсіз таза жұқалтаң жүзі сәл ұялса, құлағына дейін қызарып шыға келетін. Оймақтай аузы бұртия қалғанда сондай сүйкімді-ақ. Жіңішке қастары сұйық. Қиғаштау қара көздері қара моншақтай жылтырап тұратын сол бір сүйкімді қыз ғана Алшынның бала кезден айнымас досы еді. Бірақ, екеуі екі дүние. Алшын қандай қатал, қайсар, тәкаппар болса, Райхан сондай кішіпейіл, жұмсақ, қайырымды. Бірақ, көзге көрінбес бір нәзік жіп сырттарынан матап тастағандай екеуі де іштей бір жақындықты түйсінетін.Бұл мектептен қайтар жолда Райханның сөмкесін алып жүруді әдет қылған. Көңілді күндері көшеде танымал ақындардың өлеңдерін жатқа соғатын, көңілсіз болса үйге дейін жақ ашпайтын бұның кейде бұрқ-сарқ, кейде жауар бұлттай түнеріңкі, кейде аяқ астынан көктемдей жадырап шыға келетін жаймашуақ қызық мінезіне Райхан рақаттана күліп алып, «қияли қырсық» деп бас шайқаушы еді. Тілі удай, қисайған бетінен қайтпайтын қыңыр балаға батып сын айта алатын да, бетін қайтара алатын да сол. Әзілі шынға бергісіз, әжуасы аяусыз өткір баланың әжуаламайтын жалғыз адамы да өзі. Сырттай өзі қатарлас балалардан ересектеу боп көрінетін Алшын ойынға да шорқақ болатын. Қыста бала біткен уыс-уыс қар лақтырысып, алқын-жұлқын алысып ойнап жүргенде, бұл қолын қалтасына салып, ыржия күліп, қызығына қарап тұратын.Бірде қар жапалақтап, күні бойы жауды. Бұлағайлап сабалап тұрған қар астында бар бала жағаласып ойнап жүрді. Бұл да аппақ ұлпаны уыстай алып, жұмарлап-жұмарлап кімге лақтырарын білмей, біраз тұрды да қол қызуынан ери бастаған жұдырықтай ақ домалақты жерге тастай салған. Онысы бекер болыпты, біреудің ту сыртынан атқан кесегі арқасына тиді. Райхан екен. Аппақ тістерін көрсете сақылдай күледі. Бұл да көбік қардан көсіп-көсіп алып, тұра қуды. Қытығына тиген қызды ұстап алып, бұлқынғанына қарамай, тұңғыш рет жақсылап «жуындырған». Әуелі қарсыласып бағып еді, кейін қорғанумен болды. Ақыры құлақ түбінен шыңғырып жібергенде шошып кетті. Қыздың мойыны қарға толыпты, беті алаулап тұр. Бұл дереу пальтосының ілгегін ағыта бастады. Райхан әл берер емес. Шыңғырған үстіне шыңғырып жатыр. Алшын қыздың пальтосының ілгегін әзер ағытып, киімін  қағып, шашының арасына жабысып қалған сұп-суық қарды саусағымен үгіп ала бастады. Қоян құлақшынының іші де қарға толы екен. Ет қызуымен ери бастаған қар ызғарынан ба, аппақ маңдайы қызарып кетіпті. Алаулап тұр. Алшын демімен үрлеп жылытпақ болып еді, ернін шоққа қарып алғандай болды. Күйдіріп барады. Көзін бақырайтып ашып алған қыз бұлқынып шығып, қаша жөнелді– Пальтоңды ки, бөркінді ал! Ауырып қаласың,-деп бұл соңынан тұра жүгірді.Қайран, балалық шақтың бал күндері-ай! Ертегі әлеміндей қызық дүниесің-ау.Кейінгі кезде Райхан «сабақ қиын» деген сылтаумен хатын қысқаша қайыра салуға көшкен. Бірақ, сирек келсе де хат үзілген жоқ. Хаттан өзге өсек-аяң да жетіп жататын. Көбі алатаудың баурынан қиян шеттегі кішкене қалашыққа жеткенше, көбелектің қанатындай қырық түрлі құбылып өзгеріп жататын. Қашан да қаңқу жаман. Райхан туралы қаңқу естігелі туған даласының асау желіндей тарпаң мінезді Алшын қатты тулаған. Тулағаны сол, алыстан аңсап ауылға аз күнге демалысқа келгенде алдынан шықпады. Көшеде көргенде, сәлемдеспей қойды. Мұның қыңыр мінезіне қанық қыз бәрін жуып шайған. Көрген жерде ерке ботадай еркінси келіп, басын бұның иығына сүйкеді. Бір қолымен мойнына асыла тұрып, жұп-жұмсақ ұлпа алақанымен Алшынның сазарған сап-салқын жағынан сипады. Өзімсіне  амандасып, анасын сұрады. Бұның қырсық мінезі ұстап тұрғанын сезсе де, қыбыр етпей қасарып қалатынын қайдан білсін? Әуелі көзіндегі бейтаныс ызғарды байқамады. Тіпті басын бір жаққа шалқайта қисайтып, ыстық алақанынан бетін ала қашқанда да, ортасы тұтасыңқырап, екі шеті самайға таман созылып жатқан жіңішке қасын маңдай терісін тегіс жиыра түйгенде де ештеңе сезбей, бәрін бұның «әртістігіне» балаған бойжеткен күнәсіз күлкімен мәз-мейрам күле берген. Бірақ бұның қанжардай қадалған суық жанары жалт еткенде көз түбіндегі мөлдір көлшікте баяу толқын дір-дір етті. Жаңа ғана сәуле шашқан маржан тістер әсем еріннің тасасына жасырынды. Жұқалтаң жүзі қуқыл тартып, жазықсыз жанары жәудірей аңтарылып қалды. Содан соң үн-түнсіз бұрылып жүре берген. Қол созым жерде талдырмаш денесіне жібек көйлегі жараса желбіреп, білектей сыңар бұрымы бұраңдап белін соғып бара жатқан Райханды еске алса, бүгінге дейін сол қалпында анық көреді. Елес. Өткен өмірдің жалт еткен жалғыз сәті жадына ұмтылмастай болып жазылыпты...Өкініш дертінің асқынған ащы запыраны көкірегін кернеді. Өзегі өртеніп, алқымына өксік тығыла бастағасын еңсесін көтеріп, төңіреке көз жіберді. Демалушылардың жастау жағы көңіл көтеретін би алаңына қарай лек-лек боп ағыла бастапты. Үлкендер екеу-үшеуден карта, шахмат ойнауға кірісіпті. Балалар шегіртке, көбелек қуып, аулағырақта шуылдасып жүр. Батып бара жатқан күннің көмескі сәулесі маңайды ал қызыл нұрға малған. Айнала шоқтай қып-қызыл. Оңтүстіктің алмасындай қызыл күрең күн теңіз түбіне түсуге таяу. Су беті жалтырап көз қарықтырады. Кейде теңіз толқыны  қызыл-жалқын сусыма көшкін құмдай жота-жота. Теңселе аударылады. Кейде теңіз бетімен мың-миллион алтын түсті алмас өркеш айыр іңген жөңкіле көшіп келе жатқандай өркеш-өркеш. Көп ұзамай көмескілене түскен күннің қошқыл күрең сәулесі қара-көк теңіз тұңғиығына шым-шымдап сіңіп көзден ғайып болды. Алқара көк барқыт түн тұмшалаған аймақтың тынышын арыс-күріс еткен теңіздің терең демалысы ғана бұзып тұр. Алшын теңіз дауысын түн құшағында жатып тыңдауға әуес. Теңіз жағасында торғын топырақты төсеніп, мың-сан моншақтары жымыңдасқан жазғы жібек аспанды жамылып жатып, талай таңды қарсы алған. Алай-дүлей көңілі тынбай, тербеле шайқатылып, шағаласы шарқ ұрып жүрген мазасыз теңіз жағасында ғана сабасына түсетін. Жапан даланың құрсағында тайдай тулап жатқан жалқы теңіз өз жанына ұқсас көрінетін. Жалғыздықтан құлазыған жаны жанданып, сыңарын тапқандай бір серпіліп қалатын.Алшын ауыр күрсінді. Сол жылы кешірімшіл, кішіпейіл, қыз ештеңені елемей, қайтарда жолаяғына шақырған. Аз уақытта көп өзгерген Алшынға таң болған. Таң бола жүріп, тентек ұлды кешірген. «Екі жыл елден жырақ жүріп, жатбауыр болып кеткен шығар» деп жуып-шайған. Отырмаққа едәуір қызып барған Алшын ол жерденде де оңды-солды сілтеңкіреп алып, әркімге бір тиісіп, жанжал іздегенде де ол бала жастан бірге өскен досын іштей ақтаумен болған. Бұл ешкімге бой бермей өршеленіп, көпшілік ішінде Райханға ауыр-ауыр сөздер айтыпты. Жаны таза, жүрегі аяулы адамның нәзік сезіміне сызат түсіргенін ол кезде әрине, жастықтың буымен білген жоқ. Әзәзәлдің тіліне ерді. «Аспирантпен жүреді екен» деген қаңқу Алшынның кеудесінде бұғып жатқан қызғаныш құбыжығын оятып жіберген еді. Айдалаға мөңкіп кеткен шу асау сезім қапелімде ес жидырмаған. «Бұның қалай?» деген де ешкім болмады. Қайта сырттарынан сұқтанып жүретін сұмдар екеуінің арасына түскен жарықшаққа суық сөздерді сыналап қаға беріпті. Сол кеткеннен Райхан хат жазуды қойған. Алшын ол кезде албырт, асау еді. Өз тарапынан татулыққа бастар алғашқы қадамды жасамады. Арақтың құлы болып, өмірдегі жалғызынан айырылған сол бір жексұрын кезін еске алса, өзегі өртеніп, өзінен өзі жиренеді.Әзәзіл арақ ақыры түбіне жетіп тынған. Райхан Алматыға кеткен соң, көп ұзамай Алшын аяқ астынан үйленіп алды. Жоқ, өзі үйленейін деген жоқ. Жолдас-жоралары үйлендірді. Бір-екі отырмақта көріп, көз таныс, кейін көше таныс болып жүрген екі қыздың бірін үйіне қаумалап әкелген дүрмектің арасында жүргені рас, достармен бірге ішуге үлкен себептің табылғаны да шын. Үй-іші де дайындықсыз, ештеңеден бейхабар болатын. Анасы әуелі абдырап қалса да, сыр бермеді. Ол Райханды өз қызындай көретін. Әйтсе де жастардың ісіне араласпады. Бүгінгінің жастарын кім түсінген. Бүгін былай, ертең басқаша.  Жалғыз ұлдың жарын жап-жақсы қызықтап, той жасады. Азды-көпті жинағын қуанышқа шашты. Аз күнде қыздың үйімен де араласып, өз міндетін ойдағыдай атқарып шықты. Тойдан соң да кісі аяғы толас тапқан жоқ. Ішу аптадан айға ұласты. Сол уақыттар бұлдыр-бұлдыр жөнді есінде қалмапты.Өзіне-өзі келіп, ес жиған соң, Алшын тым ашушаң, қатал боп алды. Аңдаусызда аяғын қақпан қапқан көк жалдай жат қылық, тағылық мінез  таныта  бастады. Келіншегін орынсыз тілдеп, намысына тиюді шығарды. Той-томалаққа жалғыз барып, сілейіп келген күндері жазықсыз қол көтеретін болды. Себепсіз ішу, түнімен карта ойнау машыққа айналды.Үздіксіз ішуден ісіп-кеуіп шыққан бір күні иін тіріскен автобус ішінде   төбедегі тұтқыш темірден қос қолдай ұстап, машина ырғағымен көппен бірге шайқатыла тербетіліп келе жатқан. Артқы жақтан біреу қол созып, иықтан тартты. Болат екен. Жылмақай, қысық көз, таңқақ танау, тапырайған қара. Жылжи-жылжи жанына жақындап, аялдамаға жеткенше біраз хабар айтты.  Өздерімен бірге оқыған тұтықпа сары қыз Сәнім тұрмысқа шығыпты. Соның тойына барыпты. Тойда каникулға келген Райхан да болыпты. Біреу желкесінен жейдесінің ішіне жылан тастап жібергендей жұлын тұтас омыртқа бойы мұздап жүре берді. Жүрегіне сансыз ине қадалып, тоқтаусыз шабақтай бастады. Алғаш шаншу дерті сонда жабысқан.Ертесіне күн жексенбі еді. Иненің жасуындай күміс қылау жалғыз-жалғыздан құбыла қалықтап қара жерге ақ көбелектей үлбіреп қонып жатты. Осы тамашаға арбалған Алшын есік алдында бейқам тұрған.-Алшын! Жанына етене жақын дауыс саңқ етті. Ол дауысты бұл миллион дауыстың ішінен жазбай таныр еді-ау. Райхан. Галереяның ана басынан тура өзіне қарай келе жатқан  қызыл пальтолы ару сол сәтте көзіне ақшақар секілді көрініп кетті. Жалт бұрылып үлгермеді.-Тоқташы,-деді Райхан бұның жалтармақ болғанын анадайдан байқап. Бұның бойында ол көрмейтін қалтарыс, қуыс жоқ шығар. – Құттықтаймын! – Ол қолын ұсынды. Өзінің оған қарауға жүзі шыдамай, еңкейген күйі саусағын ұстата бергені есінде. Бұл жолы қыз бұған бұрынғыдай сүйкенбеді.  Мақтадай жұмсақ алақанын да бетіне баспады. Аппақ саусақтар да ақ қардай суық еді.- Тойыңа шақырмағаның не?-дегенде, тамағына бірдеңе жүгіріп кеткендей, дауыс ырғағы бұзылып шықты.- Кешір,-деген сөздің аузынан қалай шығып кеткенін Алшынның өзі де аңғармай қалды. Жанары мөлтеңдеген қыздың өзін-өзі әзер тежеп тұрғаны байқалып тұр еді. Күші аз тоқ көзі біртіндеп бүкіл денесіне жайылғандай Алшынның тұла бойы қалтырап кетті. Өзінің де көз алды бұлдырай бастағанын сезіп, бетін бұрып, жанарын жасыруға тырысты.- Жеңіл шығыпсың ғой. Жер сыз. Қыздың даусы түзеліп шықты.Алшын содан қайтып Райханды көрген жоқ. Көп ұзамай, көптен облыс орталығында жұмыс жасайтын ағасы пәтер алып, үйін көшіріп алды. Кейін Райхан өзімен   курстас  жігітке тұрмысқа шығып, жолдаманы соның ауылына алыпты деп естіген.Алшын ішуді көбейткен соң, отбасының шырқы бұзылды. Ақыры әйелі төркініне кетіп тыңды. Анасының көз жасына да қарамады. Болашақ баласының шешесіне қайта бармады. «Керегі жоқ, көргім келмейді» деген сөзден соң, қатты көңілі қалған анасы ештеңе демеген. Тек өзі еркін өсірген бір кездегі аңқау, арманшыл ұлының тажалға айналғанына күйінгеннен шарасыз бармағын тістеген.Тұңғышы бөтен босағада дүниеге келді. Тіпті өзін де ойда жоқта көшеде көрді. Әрине, баласы бұны таныған жоқ. Шешесінің қолынан ұстаған күйі былдырлап кете барды. Әйелі болса, бұны көргенде көзі жапақтап, үркіп қалды. Белқаста Алшын баласын ала қашатындай қарсы алдынан тез-тез жүріп өткені сондай, шешесінің адымына ілесе алмаған сәби сүрініп қалды да, сол бетінше, көкпаршы қолындағы лақтай тақымына соғып сүйретіліп кете барды. Сәби сүп-сүйкімді екен. Өзінен аумай қалған. Масқара-ай! Сол сәтте Алшынның жүрегі шым етіп, ине сұққандай шаншып қоя берді. Сол ине көпке дейін суырылмай, демін алғызбай, қозғалуға мұрша бермей, көшенің қақ ортасында сілейіп тұрып қалғаны есінде. Әзірейіл көргендей алды-артына қарамай зыта жөнелген әйелі бұрыштан айналып кеткенше, бұл олардан көз алмады. «Қарабет!» деді өз ішінен бір дауыс. Өзіне бір де бір рет қарсы келмеген, ұяң келіншегінің алдындағы кінәсін сол күні еріксіз мойындады. Көпке дейін айнаға қарай алмай жүрді. Ешкімге тіктеп назар сала алмай, жанары жер қыдырып кететін әдет тапты.Бір күні жұмыстан шыққан бетте балабақша қасынан бір-ақ шығыпты. Қалай келгенін әуелі өзі де аңғармай қалды. Кішкентай бөбектер аулада топ-топ болып, алаңсыз ойнап жүр екен. Әр топта бір-бір тәрбиеші. Қойын өргізіп жіберген қойшыдай балалардан көз жазбай, сырттай ғана бақылап жүр. Ауланың қақ ортасына келіп, жан-жағына аңтарыла қарап қалған ұзын бойлы, сымбатты жігіттің жанына келіп, бір жасаңдау орыс әйелі:-Кімге келдіңіз?-деп сұрады. Алшын қапелімде не дерін білмей, өз атасының атын атаған. Әлгі әйел әріптесіне дауыстады.- Сәрсенов қайсыңда? Алшынның қасына бір жас қыз келді. «Бұрын-соңды көрінбеген қай әкесің?» дегендей, бұған бастан-аяқ тінте қарап алды да:-Асхат сіздің кіміңіз болады? – деп сұрады.-Балам,-деді Алшын беті бүлк етпестен. «Аты Асхат болды ғой» деп ойлап қояды ішінен. Үнсіздіктен ақжарқын, пысықай тәрбиешінің өзі құтқарды.-Асхат!-деп шақырып еді, арсалаңдаған, жалпақ бет, ересектеу қара бала екі айттырған жоқ, жүгіріп жетті. Ойында дәнеңе жоқ бала Алшынға бір, тәрбиешісіне бір қарап алды да:-Неге шақырдыңыз?-деді төтесінен, қалтқысыз таза көңілмен. Алшын қысылғаннан қолын ербеңдетті.-Жо-жо-о-қ, бұл емес, кішкентай!«Кішкентай Сәрсенов» ол жерде жоқ болып шықты. Баласының бақшасын, тобын білмейтін күдікті әкені бәрі тосырқай шығарып салды.  Кейін білді. Асыл баланы өз әкесінің атына жаздырып, атын Ербол деп қойыпты.Екінші рет баласын мамыр мерекесі күні көрді. Асылдың қасындағы қол-аяғы тоқпақтай, орта бойлы, қалмақ бет қара жігіттің күйеуі екенін бірден сезді. Алдында ғана «Асыл күйеуге шығыпты» деп естіген. Жұбайлар өзара жарасымды сәнмен баяу басып, орталық алаңды бетке алып бара жатты. Ұрыдай алыстан торып, соңдарынан бұл да ілескен. Көзімен ұлын іздеді. Сөйткенше болған жоқ, желке тұсынан шыққан «папа» деген дауысқа жалт қарады. Жанынан өтіп бара жатқан ұлы бұған көзін де салмады. Анадайда өзіне қос алақанын жая күлімдеп тұрған әкесінің мойнынан құлдыраңдап барып құшақтай алды. Жігіт балажанды, ақ пейіл адам сияқты. Сөзге келместен баланы тымақ құрлы көрмей жерден іліп алып, желкесіне қонжитып алды да, әйеліне ілесіп, кең көшемен адымдай басып кете барды. ...«Құм қиыршығы түсті ме?» деп Алшын удай ашыған көзіне қолын апарып еді, сап-салқын бетін ыстық жас жуып жатыр екен. Есейгелі дауыс шығарып жылап көрген емес. Бала күнінде де сирек жылайтын. Көзі әуелден жасқа сараң. Жылаған боп құр бақырса да, тандыры кепкен тақырдай көзінде бір тамшы ылғал болмайтын. Онысы өжеттігі ме, қаттылығы ма, кім білсін? Бірақ, Алшын сырттай қандай қатты, берік көрінгенмен, іштей күйрек, морт сынғыш болатын. Танымайтын кісі өз жасына қарағанда әлдеқайда үлкен жас берер еді. Шашының жартысынан көбі күмістей. Жүрек те соңғы кезде жиі сыр беріп жүр. Дәрігерлер есепке алғалы да біраз болған. Қазір ащы суды кәзір аузына алмайды. Инфаркт деген бәле қайта ұстағалы дәрігерлер қатаң тыйым салған.Кеудесі қақ айырыла күрсініп алып, басын көтерді. Әр жерде шоқ-шоқ боп сиреп қалған жастардың көңілді, даурықпа күлкілері естіледі. Танымал әншінің жағымды әуені жан-жүйені босатып сызылады. Әріректе жылтылдаған от көрінеді. Түн ортасына таман ауа салқындап, дымқыл топырақтан денесі тоңази бастаған Алшын үйшігіне оралды.Ертесіне сәскеге таман тұрып, жағада азырақ жүріп, сергіп, бой жазғасын, асханаға келген. Кезек тез жүрді де, бұл шеттеу үстелдердің біріне жайғасты. Ыстық сорпаны аузына ала бергені сол еді:-Қасыңыз бос па?-деген сәби даусы естілді. Тани кетті. Кешегі пысықай қыз.- Бос.Кішкене қыз орындыққа отырмақ болып тырмысып-ақ жатыр. Бірақ, өресі жетер емес. Алшын қуыршақтай сүйкімді қыздың қос қолтығынан көтеріп алып, оп-оңай орындыққа жайғастыра қойды.-Рахмет!-деді ентігін басып үлгермеген бала орысша тақ етіп. Жайланып алған соң, екі алақанына жағын таянған күйі бұдан көз алмады.-Эльмира, Мира десең де болады. Сәби үйірсек екен. Іле: - Сенің ше?-деп тағы тақ ете қалды. Алшын атын атады. Осындай таныстықтан соң, Мира бұған сұрақ жаудыра бастады. Жұмысын мекен-жайын, әйелі бар ма, жоқ па, баласын, бәрін анкета толтырғандай тәптештей сұрады. «Тергеушіден кем емес» деп ойлады Алшын. Қазіргі баланың бәрі осы. Шетінен пысық. Өзі баяғыда бала кезінде шешесіне еріп, той-томалаққа барғанда, көпшіліктен ұялып, анасының артына жасырынып отырушы еді. «Заманына адамы сай» деген осы-ау.Осы мезгілде қыздың шешесі де көрінді. Қызының ауыз жаппай сөйлеп отырғанын алыстан байқап:-Мира, тоқтат. Кісінің мазасын алма! – деп бірден бежеріп, тыйып тастады.-Кешіріңіз, тым сөзшең, -деді, ыңғайсызданған пішінмен қызын кінәлай сөйлеп.Жұқалтаң ақ сары жүзінен суық ажар байқалды. Жұп-жұмыр білегі, жалаңаш иығы, шымыр дене бітімі жеңіл атлетшіні еске салғандай. Шарасы үлкен қой көздері кісіге қаймықпай тура қарайды. Көнтектеу еріндері де әзіл-қалжыңға көп бейімділік танытпайтындай. Сәл-пәл шытыңқы, қиғаш қасынан шаршағандық табы білінеді.-Ештеңе етпес,-деп жуып-шайды бұл. -Әлі бала ғой. Алшын өз даусының әдеттегіден ерекше жұмсап шыққанына таң қалды. Үнсіздік көпке ұзамады. Мира тағы сұрақ қоя бастады.-Сен менің кеше нешеге толғанымды білесің бе?-Білем.-Білсең, айтшы.-Төртке.Алшынның тапқырлығына таңырқаған Мира бір, шешесіне бір жалтаңдай қарады.-Сен оны қайдан білесің?-О-о, мен бәрін білем!-деп күлді сәбидің әңгімесінен көңілі көтерілген Алшын әзілдеп. Мира сенбеген сыңаймен қулана жымиды.-Онда менің маманың аты кім? Тапшы.Алшын қу қыздың алдында шынымен сасайын деді. Келіншектің салқынқанды өңіне күлкі нышаны жүгірді. «Сүйкімді екен» деп іштей бір түйген Алшын тек кеуде тұсын ғана қаусырып тұрған газеттен пішілгендей алды-арты бірдей жазуға толы ақ мәйкесінің белдігіне төрт елі жетпей ағараңдап тұрған аршылған жұмыртқадай ашық тұсқа ұрлана көз тастап қойды. «Әлі күнге күйе қоймаған екен. Кеше келген болды-ау» деп қорытты бейтаныс келіншек туралы ішкі пікірін.Қызғылт алтын түске боялған қысқа шашын желкесіне жинап буған ақ сары келіншек Алшынға ұнап қалды. «Шынында бұл сүйкімді сұлудың есімі кім болды екен?!» Қазақта қазір кім көп? Гүлнұр, Гүлнар, Гүлназ, Гүлмира, Гүлшат, Гүлсім, Гүлжазира, әйтеуір, толып жатқан «гүл-қыз» көп. Орысша барлығы да – Гуля.-Гуля! –деді Алшын ойланбастан.-Жоқ. Мұның өзі айтқандай бәрін біле бермейтініне Мира енді күмәнданған жоқ.-Білмедің, Гуля емес. «С» әріпнен басталады,-деп, енді шешесінің атын табуға баланың өзі жәрдемдесе бастады. Алшын бұл жолы ұзақырақ ойланып қалды. Келіншек бұлардың сұхбатына сырттай құлақ түріп, үнсіз отыр. Өзінен көз айырмай, тым-тырыс ойланып қалған шашы селеудей, жағы суалған, көзі ұйқысыздықтан қызарған, ескі бет жігітке «Ал, білгіш болсаң, тапшы, қане!» дегендей, үлкен қой көздерімен бірер қадала қарап алды да, қарлығаштың қанатындай қиғаш қасын бір серпіп, жеңіл күрсініп қойды.-Света! Таңдайын тақ еткізген Мира басын шайқады.-Сәлима. Қыз басын үнсіз шайқап қойды.-Сағира. Мира мұрнын тыжырды. Енді өзі көмектеспесе, бұның жеңілетінін сезген қыз ақыры:-Сым... –деп тоқтап қалды.-Бат! Алшын алақанын шарт еткізді. Мира қуанғаннан сықылықтай күлді. Алшын да баладан кем қуанған жоқ.- Сымбат! Әрине, Сымбат! Қалай есіме келмеген?!Шыдай алмай, келіншек те күліп жіберді.-Менің атым Алшын,-деді күлкімен бірге жүзіне жылы шырай енген келіншекке басын иіп. Ол да таныстық ишаратын жасап, наздана бас изеп қойды. Алшын Мираның көмегімен болса да жеңісін аяқсыз қалдырғысы келмеді.-Ал, енді, папаңның атын айтып берейін бе?Бұл жолы Мира жауап қатпады. Жүзіндегі жаңа ғана жайнап тұрған күлкі сәулесінің көлеңкесі де қалмаған. Зым-зия. Түйіп ала қойған қабағын бір ашпастан үнсіз қалды.-Оның әкесі жоқ. –деді, діріл аралас аянышты дауыспен. –Тастап кеткен.Өзін біреу шапалақпен бетке тартып жібергендей болды. Жүзі дуылдап барады. Әңгіме пышақ кескендей тыйылды. Әлгіндегі тап-тату үстел басының шырқы бұзылды. Тым-тырыс өлі тыныштық орнады. Не дерін білмей, абыржыған Алшынның қараторы өңі күреңітіп, жағы қарысты да қалды. Орнынан үн-түнсіз қипақтай тұрып, тысқа шығуға асықты. Асханадан  шыққан бетінде теңізге қарай аяңдады.  Теңіздің қасында жаны тыным табатындай, тез-тез жүріп, шеткерідегі қара қожалақ қойтасқа шығып отырды. Жаны қиналғанда теңізбен сырласатын әдеті. Күбір-күбір толқынмен тілдеседі. Ешкімге айтпайтын мұңын шағады.Күн көзін қалың бұлт басқан. Өліара мезгілінде, аңызақ аптап арасында адамға тыныс кеңіп қалатын. Қазір де теңіз беті қарақошқылданып, аспанмен астасып кеткендей. Аулақта мол жаңбыр бар сыңайлы. Батыс жақтың алақандай ашық тұсы да қаракөк бұлт  арасынан қанталаған көздің ағындай боп, қызылтамырланып сұп-сұр аспанның қалың қабағының астарына жасырынуға жақын. Көк пен су тұтас қарауытып, қара көлеңкеленіп, қабарып қалған. Теңіз беті сұсты-ақ. Дәл қазір төңкеріліп, тау-тау боп келе жатқан толқындар жер бетін жайнап кетердей-ақ, теңселіп, талақтай қағынып, талаурап жатыр.Жағада адам қара сирек. Алшын жалғыз өзі су мүжіп, шұрқ тесіп тастаған тарғыл таста отырып, еріксіз Мираны ойлады. «Қарашадай боп қабағын бір ашпады-ау, байғұс бала. Тіпті, жылап жіберуге шақ қалды ғой. Кемсеңдеп, ернін тістелей бергенін қарашы! Тіріжетім. Тіріжетім екен ғой. Мен де тіріжетімнің әкесімін. Жоқ. Тіріжетім менің өзім.» Осы ой жүйке-жүйесіндегі ұсақ тамырдың бәрін түбірімен қопара жұлғандай, бырт-бырт үзіп жатты. «Тіржетім» деген жалғыз сөз санасын найзағайдай осып барады.Кенет жұрт дүрліге қалды. Шу шыққан жаққа Алшын да жүгірді. Барса, беліне резеңке қалтқы киген кішкене сәби жағадан ұзаңқырап кетіпті. Жиналғандар тұс-тұстан шуласып, құр даурығысқанмен араларынан суырылып шығар ешкім байқалмайды. Алшын сәбиді көрісімен ойланбастан  суға күмп берді. Алпауыт Каспийдің тойымсыз толқындары нәрестені бірінен-бірі допша қағып алып, жағалаудан алыстата берді. Бала әр жерде қадау-қадау көрініп тұрған ескертпе белгілерге жақындай түсуде. Теңіз қайнаған қазандай бұрқ-сарқ. Түбіндегі шөп-шаламы бетіне қалқып шығыпты. Жасыл-көк су ашыған көжедей быжылдап жатыр. Жиекке ақ көбік іркіліп қалыпты. Теңіз төсінде ноқаттай боп, бір батып, бір шығып жүрген қауқарсыз баланы Алшын әрең дегенде құмаққа алып шықты. Ол Мира болатын.

Автор: