ВЕРНУТЬСЯ

Әлдеқашан  сәннен шыққан жаға-жеңі желбіршекті ақшыл көйлек  киген әлжуаз әйелді Жанар хәуіз жанынан жиі көретін. Жаздың қапырық кештерінде қалалықтар айналаға салқын су бүріккен алаңқайға  келіп жан  сақтайтын.  Күйеуі  түнгі ауысымға  кетісімен үйде  жалғыз отыра алмай өзі де осында келетін.Алаңқай әрқашан адамға толы. Жұрт қос-қостан қыдырыстайды. Бала шағасымен бой жазады. Бұл көбіне өзі сияқты жеке жүретін әлгі бейтаныс әйелдің маңына кідірістейтін. Бүгін де аласа талдардың тасасындағы ұзыншақ орындыққа екеуі қатар отырып қалыпты. Көпшіліктен оңашарақ жайғасқан Жанар мен бейтаныс әйел арасындағы таныстық әп дегеннен өзінен өзі өрбіп жүре берді.-Бұл жердікі емес шығарсың, қызым? деп әуелі әйелдің өзі Жанарды сөзге тартты.-Қостанай жағынанбыз.-Жұрт қазір солай қарай ойыса бастаған жоқ па? Сендер бері келіпсіңдер ғой?-Күйеуім мұнайшы. Жұмыс реті осы жақтан табылды.-Е, дұрыс қой. Мұнайшы болса мұнайы бар жерге келеді де.-Өзіңіз қайдансыз?-деді Жанар да өз кезегінде үнсіз қала алмай.-Өй, біз осы жердікіміз. Өміріміз осында өтіп келеді. Аржағымыз Жылойлық.Жанардың әйел басынан бірінші аңғарғаны оның таза, ашық даусы еді. Сырттай жұпыны көрінгенмен тұла бойында жасырынып жатқан бір бекзаттық бар секілді. Жұқалтай ақ құба жүзі, қап-қара нұрлы көзі, әдемі пісте мұрны, оймақтай бүрілген аузы әлі де өңі таймаған ажардың айғағындай. Әсем мүсіні  шебер ұстаның қолынан шыққандай екен. Аздап ақ кірген шашын бір өрім қылып арқаға жіберген.  Әйел өзіне көз тоқтата қарап қалған келіншекке күлімсірей тіл қатты.-Өзің қайда істейсің, қалқам?-Менің де мамандығым мұнайшы. Бірақ әзір боспын. Лайықты жұмыс табылмай жүр.-Жақсы екенсіздер. Біз кезінде табыстың көзі қара майда деп ойламаппыз. Өз жерімізден шығып жатқан байлықтың бағасын білмеппіз. Мұнайшылықты оқып алғанда, осы күні қолымызды жылы суға малып отырғандай екенбіз. Әйел күрсініп қойды.-Иә. Осында өскен болсаңыз мұнайшы болмағаныңыз шынында да қызық екен. Бұл қала мұнайшылар астанасы атанған жер көрінеді ғой.    Сонда сіз қайда істейсіз?-Еден жуам.-Не дейсіз?-Еден жуушымын. Мектепте істеймін.-Өмір бойы ма?-Жоқ. Екі-үш жылдай болды.-Ал одан бұрын немен айналысып едіңіз?-Ән салдым.-Ән?!-Иә, ән. Әнші болдым. Осындағы мәдениет үйінде қызмет істедім. Сахнада өнер көрсеттім.-Қойыңызшы?! Сонда қалай? Сахнада ән айтып жүріп кенет... Қызық екен.-Ой, қызым-ай, несін айтасың. Менің өмірімнің қызығы да, шыжығы да жетерлік. Тыңдасаң айтайын.-Әрине, айтыңыз.                                                              *       *       *Мен манағы айтқан Жылой жерінде  дүниеге келіппін. Маңғыстаудан мұнай табылып, ел бері ауып жатқан тұс екен. Анам сол нөпірге қосылып осында келіпті. Соның алдында ғана басқа  әйелмен әуейі болып кеткен әкеммен ажырасқан бойы екен. Бауырына құндақтағы мені қысып алыпты да көшке ілесіпті. Өзі бірге туғаны жоқ жетім қыз екен. Мен де жалғыз өстім. Шешем пысық әйел еді. Төрт кластық сауатымен үлкен дүкен ұстап тұрды.«Бұл жерге келгесін несібеміз жаман болған жоқ. Не ішем, не кием демедік» деп отыратын апам байғұс. Ол рас. Не бір дөкей бастықтың қызында жоқ киім менің үстімде болды. Анам қатал адам еді. Жалғыз баласы болсам да мені қатты ұстайтын. Сондықтан мен сабақтан басқаға көп көңіл бөлмедім. Өз қатарымның оқуда да, ойын-сауықта да алды болдым.«Әкесі бар қыздарға сөз тимейді. Сөз алдымен саған тиеді. Үстіңнен бір жаман әңгіме естімейтін болайын. Менің жесірлігім жұртқа жүк. Қазақ күйеуден ажырасқан әйелді өсекке таңбай жүре алмайды. Қашан да еркектің тәйтіктігі серілік те, әйелдің жеңілдігі перілік саналады» дейтін ол.Анам сөйтіп өз артынан да, менің соңымнан да бөтен сөз ерітпеуге тырысты. Жесір болғанмен бос жүрісі болмады. Күндіз-дүкенде, түнде-үйде. Жиын тойға онша үйір емес еді.Мен анамның сенімін ақтап мектепті абыроймен аяқтадым. Сонымен бірге бұлаңдап бой жеткенімді де сезбеппін. Оны қолыма кәмелеттік аттестат алған күні түсіндім. Себебі сол күні мені тұңғыш  рет үйіме жігіт шығарып салған. Үй мен  мектептің арасы жүз қадамдай-ақ жер. Бірақ жолды ұзарту үшін біз шарбақ пен үйдің іргесін неше қайтара айнала беріппіз. Қанша уақыт жүргенімізді білмеймін әйтеуір ел жатып қалғасын жүрексіне есік қаққаным есімде. Қатты ұрысқан анамның ашуын алтын медалімді көрсетіп әзер бастым. Тап сол күні өзімнің өмірлік махаббатымды да тапқанмын. Тәтті қиял, тосын сезімнен көңілім алабұртып таң атқанша көз ілмей шыққанымды әлі күнге ұмытпаймын.Менің сол алғашқы да соңғы махаббатым-өзіммен бірге оқыған Бақытжан есімді бала еді. Оны бала көңілмен бастан құлай сүйдім. Бақытжан сырт көзге биязы, ұяң болып көрінетін. Бірақ онымен жақынырақ танысқан сайын өзгеше бір оғаш мінезін байқағандай болдым. Ол мені айналадан  қатты қызғанып, жеке меншіктеуді қалайтын. Басында қызық көрінгенмен сол өрескел мінезінің кейін өмірімізге көп зардабы тиді. Әскерге шақыру қағазын алғанда айтқаны:«Қайтіп оралғанша сен мені үйден күтетін боласың. Әйтпесе, сені біреу қағып кетеді. Сосын менің өлгенім».Баламыз ғой. Оның сол сөзіне шынымен сеніп уәдемді беріп қойыппын. Сонымен, мен күйеуге шығып алдым. Бақытжан бір айдан соң әскерге кетті. Мен өзі айтқандай, оны үйінде күтіп қалдым. Бойыма бала бітіп қалған екен. Аяғым күн санап ауырлай берді. Уақыты жеткенде босанып ұл таптым. Атын Арман қойдық.Бала күтімінен көп қиындық көрмедім.Қос әжесі қолғабысын аямады. Тұңғыш немерелерін менен гөрі солар көп шайқаған шығар. Балам талпынып кәдімгідей ес болып қалғанда төбеден ұрғандай жайсыз хабар жетті.«Ұлыңыз госпитальда.Тез жетіңіз» деген жедел хатты алысымен әкесі Бақытжанға ұшып кетті. Әскери дайындық кезінде күл талқан боп қираған бір аяқтан айырылыпты. Үйге мүгедек боп оралды. Өлмеген адам өмірден орнын таппаса болмайды. Біраздан соң Бақытжан сағат оңдаушы болып жұмысқа тұрды. Жалақысы жарытымсыз. Әрі өзі жиі-жиі ауырып қала берді. Әкесі белді бір мекеменің бастығы еді. Тұрмыстан таршылық көрмедік. Анам да тапқанын бізге таситын.Бірақ бұл жағдай ұзаққа созылмады. Атамыз қан қысымынан кенеттен көз жұмды. Бұрынғыдай молшылық күй кетті. Апта сайын бір бәтеңке ауыстыратын Арманға ештеңе түтпейді. Оның үстіне екеуміз бірдей бос отырмыз. Сырқостана бергесін Бақытжан жұмыстан шығып қалған.Енем мен екі қарындасы бізді ауырсына бастады. Сосын біз жалғыз тұрып жатқан анамның қолына кіріп алдық. Үшеуіміз бірдей шешемнің мойнына түсіп отыра беруге ұялып мен жұмыс іздей бастадым. Кімге барарымды білмей басым қатып көшеде келе жатыр едім алдымнан мектепте әннен сабақ берген ағайым шыға келді.- Әй, Алтынай, сен қазір қайда жүрсің? -деп сұраған ақжарқын кісіге жағдайды жасармай айттым.-Олай болса, бізге кел. Көркемөнер ұжымын құрып ойын көрсетіп жатырмыз. Сенің өнерің бар ғой. Айлығы мардымсыз демесең,- деді ағай.Менің мектепте жүргенде ән салатыным бар еді. Бірден келісе кеттім. Басқа барар танысым, сірә, жоқ. Сөйтіп, артист болып халыққа ойын қойып, мерекелерде ән салып өнер жолына түстім. Бұл жүрісім Бақытжанға ұнамады. Қалғып жатқан қызғанышы қайта оянып, жөнсіз-жосықсыз ілік тауып тиісіп, ішуді жиілете берді. Бірақ басқа мамандығым болмағасын мен сол жерде қала бердім. Анамның азғантай айлығына қосымша бірдеңе тапқаныма мәзбін.Бірде ағайым маған ақыл айтты. «Алтынай, сен бүйтіп жүре берме. Оқы. Өнерің болғанмен оны жетілдіру керек» деп. Күйеуіме айтып көріп едім шалқасынан түсті. «Қазіргің мынау. Оқуға  кетсең біржола жоғалып үй көрмей кетерсің. Бармайсың!» деді. Сонымен оқу мәселесі сол айтылған күйі қайта қозғалмай қала берді. Аз мұз өнеріме иек артып жүргенімде жанашыр боп жүрген ағайым Атырауға көшіп кетті. Біреулер жақсы орынға шақырған көрінеді. Мен сол ұжымда қала бердім.Театрға бақа көз, сумаңдаған сұрықсыз біреу бастық болып келді. Әйелі әнші екен. Тыриған арық қара қатын. Аты-Таңсұлу. Өзі екі естілеу, іші тар әйел болып шықты. Сол құйындай ұйтқыған қызғаншақ әйел менімен бақкүндес болуға айналды. Мен не кисем соны киеді. Мен қай әнді айтсам, ол соны салады. Дардай бастықтың әйелі менде барға әуес болды. Оның үстіне күйеуі әйелінен жасырын маған қырындап, басқан ізімді аңдуды шығарды. Екі оттың ортасында қалғандай болдым.Сол кезде театрға өнерлі жас маман келген. Әр сөзі мен қимылынан әдептілік пен мәдениет исі аңқып тұрған жас жігіттің аты Асылбек еді. Көргенділігімен, көпшілдігімен жұрттың бәрімен жақсы тіл табысып ұжымға бірден сіңіп кетті. Бір көргеннен бәрімізге ұнаған ізетті жігіт дарынды композитор еді. Музыкалық сауаты жоғары Асылбек менің даусымды тыңдап көргесін өзінің жаңа әнін ұсынды.Алғаш рет әйелдер мерекесі тұсында орындалған сол әнді көпшілік жылы қабылдады. Бірден ауыздан-ауызға іліп әкетті десем де болады. Кез-келген салтанатты жиын-сауықта ол ән айтылмай қалмайтын. Бұл жайт Бақакөздің әйелін қызғаныштан өртеп жібере жаздады. Мен сол әнді орындаған сайын жүзі түтігіп, өңі өрт сөндіргендей қарауытып кететін.Асылбек екеуміз жақсы партнер болып алдық. Бірақ арамызда бөтен жақындық болған жоқ. Таза өнер байланысы орнады. Біздің өнердегі әрбір табысымыз Таңсұлудың жанына тастай батты. Сыртымыздан сұмдық өсектің неше түрін таратып жүрді. Ол өсектің шеті үйде отырған Бақытжанның  құлағына да тиетін болуы керек. Менің отбасындағы тыныш тірлігімнің тұнығы лайланып, берекесі қашты. Біз жиі ұрысатын болдық. Күйеуім маған қол көтеретін, шешем ара түсетін. Не керек, ыри-тыри бір күндер өтіп жатты.Сол тұста қала құрметіне дүрілдеген той өтіп, біздің ұжым Алматыға өнер сапарымен аттанатын болды. Бар шығынды мұнайшылар мойнына алған. Мені көре алмайтын Бақакөздің әйелі сапарға шығатындар тізімінен сыздыртып тастапты. Бірақ дәл аттанар алдында аяқ-астынан әлгінің өзі ауырып қалып, жолсапар маған бұйырды.Ол менің өмірдегі жұлдызды күндерім болды. Алғаш рет Алматыны аралап  , үлкен сахнада ән салдым. Әнім де, жаным да бір биікке көтеріліп, көңілім асқақтаған шағым еді. Асылбек екеуміздің атымыз Алматы аспанында қатар шарықтады. Өнер сапарынан зор табыспен оралдық. Астанадан қанат байлап қайтқандай болып едік. Ауылға келгесін бәрі бұрынғы қалпына түсті. Шалқып тасқан көңіліміз арнасына қайтқан өзендей басылып қалды. Бақакөздің қатқан қара қатыны тұғырына қайта қонды. Жұрт аузында жүрген менің атымды өшіруге бар күшін салды. Ал Асылбекті Бастық сәл затты сылтауратып жұмыстан қысқартып жіберді. Оның аз уақытта  аяғынан тік тұрғызған ұлт аспаптар оркестрін бір қаусаған шалға басқартып қойды. Ақыры  сол сайдың тасындай оркестр мүшелері жұғымсыз шалға көндікпей, тарыдай шашылып тарап кетті. Асылбекті орнына қоюын сұрап қанша тілек айтылса да Бақакөз өз шешімін өзгертпеді. Кім біледі, жасы келіп қалған басшы болшақта өз орныма таласар деп қорыққан да болуы мүмкін. Себебі Асылбектің өнері де, өресі де өзінен көп биік екенін түсінді ғой.Ал  маған тіпті күн беруді қойды. Әйелінің көзін ала беріп жаныма жетіп келеді. Бірде киінетін жерде оңаша отыр едім.Үстіме үн-түнсіз кіріп келді де, мені бірден тарпа бас салды. Сәл қызғындау екен.  Аш қасқырдай тамақтан жабысып, әй-шайға қарайтын емес. Күйіп кеткенім ғой, өзімді еңсере бастаған еркекті бар күшіммен итеріп жіберіп, шапалақпен жағына тартып жіберіппін. Сірә, бұндай батылдықты өз қарамағындағы қауқарсыз әйелден күтпеген болуы керек аузынан боқтық сөздерді боратып жатты. Мен арсыз бастықтың құшағынан аман босағаныма қуанып, алды-артыма қарамай  далаға ата жөнелдім.Бұл қылығым театрды табанына салып үйренген тарпаң бастыққа жақпады. Менің өзіне тәуелді бола тұрып тізгінімді ұстатпауым кеудесінде кешірілмес кек туғызды. Енді менің соңыма әйелімен бірігіп түсті. Ақыры сахнадан аластап тынды. Мен театрдан кетуге мәжбүр болдым. Опасыз бастықтың қорлығына көнбедім. Күйеуімнен талай жазықсыз таяқ жесем де оның арына дақ түсіргім келмеді. Мен үшін бәрінен де абырой, ар-намыс артық еді. Ондай бастықтарға мүгедек күйеуімнің басқан ізін де айырбасамас едім. Мен адал жарыма деген махаббатымды кіршіксіз күйінде сақтап өтуді ғана қаладым.«Жығылғанға жұдырық» дегендей, тап сол уақытта бар өмірін маған арнаған аяулы анам аз күн ауырды да қайтыс болды. Мен қара жердей ауыр қайғының астында қалдым. Бақытжан болса бірде сау, бірде мас жұмыстан мүлде қол үзіп, үйде отырған. Ішіп-жейтін ақша таппағасын бар дүние мүлік сатылды. Қалған іліп алар киім-кешекке дейін күйеуім менен жасырып шөлмекке жұмсап құртты. Анам байғұстың өмір бойғы тірнектеп жиған қып- қызыл дүниесі мұрсатта су болып ағып жоғалды. Қоңыраған үйде аш- жалаңаш қалдық.Қыс айы еді. Қарын ашқасын қарап отыра алмай анамның қырқы өтпей-ақ жұмыс іздеп тысқа шықтым. Үстімде көнетоз күздік пальто, аяғымда концертке киетін шақырайған ашық қызыл түсті, біз өкше сәндік етік. Басымда анамнан қалған қара жүн бөкебай. Басқа ештеңе таппадым. Көзіме көрінгені үй іргесіндегі орта мектеп болды. Сол сиқыммен одан әріге жету де қақаған аязда қиын еді.Баяғы өзім оқып бітірген білім ордасы. Содан кейін бір рет те бас сұқпаппын. «Өзімнің ұшқан ұям ғой. Өзекке теппес. Біреу-міреу танып есіркер» деп ойладым. Бірақ табалдырықтан жасқана  аттаған мені ешкім танымады. Директор бір келте шаш, кеспелтек тұмсық, егде әйел екен. Жасы өзім шамалас. Менің ұсқыныма қас-кірпіксіз, сығырайған көзінің астымен кіржие бір қарады да жуан даусымен барқ етіп:-Арызыңды жаз! Еден жуасың деп,- бұйыра сөйледі.Қызыл етікпен шоқаңдап еден  жуып жүр едім бір кездері өзіме сабақ берген қартаң мұғалім қасымнан өтіп бара жатып қайырылып бетіме қарады.-Әй, қызым, осы сен бізде оқыған жоқпысың? -деп сұрадыкөзілдірігінің үстінен бас-аяғымды шола тұрып.Мен өзіме әрдайым адалдықты өсиет еткен абзал жанға өтірік айта алмадым.      -Иә. Осында оқыдым деп,-ұстазыма ұялыңқырапжауап бердім.-Сен Мамаеваға ұқсайсың. Апыр-ау, сол емеспісің?-деді сенімсіздеу.-Мамаевамын апай,-дедім мен жалтара алмай.-Не дейді? Осы сен медальға бітірдің ғой? Қарағым-ау, сен мұнда не істеп жүрсің? Мына шелегің не? Сен әнші емес пе едің?-деп таң-тамаша болды мұғалім.Мен үндемедім. Көзіме келіп қалған жасты көрсеткім келмей теріс айнала бердім. Опынғанмен оқуға тым кеш еді. Еден жуып, терезе сүртіп тамақ табуға тура келді. Сонымен күніміз өтіп жатыр. Өз бетімен өскен жалғыз ұл не әкесін, не мені тыңдамайды. Оқуда да, жұмыста да жоқ. Әкесінің жәрдемақысы мен менің азғантай жалақым оны оқытпақ түгіл ішіп- жеуге де жетпей қалады.Таныс-тамырың болмаса бүгінде жұмысқа тұру қиямет. Сонымен сорлы бала бос сенделіп қалды. Тәп-тәуір-ақ оқып еді. Үйдегісінен түздегісі көп. Қайда жүргенін де тіс жарып айтпайды. Жат аулада өскен жабайы күшіктей. Ызақор, ашуланшақ.Күйеу ішкіш. Оны-пұны оңдап тапқан тиын-тебенін араққа сауады. Қазір мені бұрынғыдай көп қызғанбайды. Кей-кейде баяғы жұмсаған таяғы есіне түсіп кешірім сұрап сандырақтайтыны бар. Көршілер менсінбейді. Бұрын той-томалақ жасаса алдымен бізді шақыратын. Енді есікті ашуды қойды. Енем о дүниелік болған. Қайын сіңлілерім бізбен араласпайды. Екеуі де күйлі-мәс. Бақытжанның бар тірлігі - кеш батса көрші еркектермен даурығысып карта соғу. Шиқылдаған ескі протезі жанын қинайтын шығар ұзап жүруден бизар. Жұпыны үйде жабырқап жалғыз қашанғы отырайын. Бір мезгіл бой сергітейінші деп кешкілік осында келем. Көпшілікке қарап, даңдаманы көріп ішіме толған құсаны аз да болса жеңілдеткім келеді.                                                                 *          *         *Әнші әйелдің көзінен аққан жас әдемі ақша жүзін айғыздап тастапты. Жанардың да көңілі босады. Жаңа ғана бейтаныс көрінген әйелдің бүкіл өмірі көз алдынан өткендей болды. Осы бір шарасыз, шынжау әйелдің бар сыры енді бұған да мәлім. Тұла бойында қайшыласып жатқан өнер мен өкініштің, намыс пен наланың, мұң мен мұқтаждықтың ию-қию айқасы оның кішігірім тұлғасын бір сәтте биіктетіп жібергендей.Таңсұлу әлі осында ма?-деді Жанар оған аянышпен қарап.- Осында болмай қайда кетсін? Бақакөздің арқасында орны тойға барса төрде, сахнаға шықса өрде. Әлі баяғыша атақ үшін арпалысып өзінен өнері үстем жастардың жолын бөгеп, жеке шауып жүлде алып жүрген шығар. Бақакөзі болса ұжымды қойдай иіріп, жылқыдай жусатып жүр дейді ғой. Жақында Астанаға барып өнерге сіңірген өлшеусіз қызметі үшін өңіріне моншақ тағып қайтыпты деп естідім.-Ал Асылбек не болды?-Ол Алматы жағында көрінеді. Батыраштың балтасынан аман жүрсе, бір жерден жарып шығуы тиіс еді. Бірақ о жақта да Бақакөздер жоқ деймісің?!Әшейінде Жанарға өнер адамдарының өмірі қызық пен қуанышқа толы болатындай көрінетін. «Қайда сауық-сайранның ішінде жүреді. Шіркін, соларда не арман  бар екен?» деп ойлайтын. Қарап отырса, өнерлінің жолы қиындық пен құпиядан құралғандай күрделі екен-ау. Бұның естіп білгені кішкентай  бір қалашықтағы қарапайым ғана  әуесқой  әншінің  өмір тарихы ғой. Ал ана үлкен шаһарлардағы өнерпаздар өмірі бұдан да өткен қиын шығар?! «Терең судың балығы да үлкен» деген бар  ғой.

Автор: