ВЕРНУТЬСЯ

Шын көңілмен сүйсе екен, кімді сүйсе...Абай Бойында қара судың арал бар ма,Жайылған сол аралда марал бар ма?Ант ішкен айырылмасқа қимас қалқа,Тағдырдың тәлкегіне амал бар ма?!Қара өлең Көктем туып, көктің қаулағанына кім қуанбайды? Етек-жеңі кеңіп, арқа-басы жазылған елдің еңсесі көтеріңкі. Жан біткен жайлауға ынтық. Жаздың тезірек шығуын Ақбөбек те аңсайды. Өз ауылында өткеретін соңғы көктемі көңіліне кірбің түсірудің орнына әлдеқайда алып-ұшып жастық арман жетегімен көз жетпес қияға шарықтатып әкетеді.Қыс қамытынан мойны босаған ел етек-жеңін түрініп, көктеуге көшкен. Табиғат түлеп, жаңарып жатқан шақ. Түздің қыстай қар астында жатып, сіресіп қатқан мұз-тоңы күннің өткір сәулесімен шыт-шыт сөгіліп, жон арқасы жалаңаштанып болған. Қар еріп, жер су сіңген мақтадай былбырап, сеңдей соғылысқан бұлт тасқыны көк жүзін аласапырандатып, жөңкіліп жатқан. Аспан асты бусанып, жылымық ауаға тоғытылған. Құралай салқыны өткесін күрт қызған күн жерді дегдітіп, аз уақытта сыңғыратып құрғатып тастады. Бұл кезде жусан бүр жарып, түбіт желегі мұрын жара аңқып жатқан. Оған қоса өлі шөп қаптап, көктем-келіншек қара жердің жүзін тегіс көк шұғасымен тыстаған. Даланың осы мезгілде көбейетін сарғалдақ, қызғалдақтары қылтиып, көп ұзамай көздің жауын ала гүл ашқан. Қысқа мерзімге құлпырған дала дидары адам айтқысыз ажарлы еді. Жылына жарты айдай ғана қонақтап, өте шығатын теңіз маңының келте көктемі көркем келбетіне көрген кісінің таңдайын қақтыратын.Арайлап ататын алтын таң аспан астындағы жанды жаратылысты бозторғай күйімен тербеп оятатын. Таңмен таласа тұрған тіршілік тынысы өзгеше әуенмен, соны сазбен құлақ құрышын қандыратын.Илеуінің үстінде қос аяқтап тұрып, шиқыл қаққан саршұнақтар жаздың шыққанын бір-біріне қуана хабарлайды. Қыстай жердің тас қараңғы қойнауындағы темірдей суық індерінен қысылып-қымтырылып шыққан байғұстар күн көзінде ұзағырақ шуақтауды ұнататын секілді. Бір орында тапжылмай тұрып, арқасын күнге қыздырумен болады.Құйрық-жалы құндыздай құлпыра құлдыраңдаған құлыншақтар, ауыл арасында асыр салған қозы-лақтар, тана көздері жұлдыздай жарқыраған ұлпа жүн үркек ботақандар – бәрі көңілді.Көктемнің көңілжай күйі пенде біткеннің жан сарайын жаңартып, тазартып тастағандай.Қабақта кірбің, маңдайда кіржік жоқ. *  *  * Ашық мінезді, сезімтал, нәзік жүректі Ақбөбек ақыл тоқтата бастаған. Аға-жеңгенің арасында арда құлындай арқайын өскен жігерлі қыз сөзге ұста, кісіге есесін жібермейтін қайсар боп бойжеткен. Он төрт-он бес жасынан ойын-тойдың көркін аша бастаған ерке қыз ән-күйге әуес, өнерге құштар. Күміс құмырадай сыңғырлаған тұп-тұнық даусымен тәп-тәуір ән де салатын. Сымдай тартылған саусақтары майысып, домбыра шертетін. Ән ырғағы мен күй сазына келгенде бар өнерін салып, нақыштап бағады. Талабы күшті, талғамы биік.Көзінің қуанышы жалғыз қызын кішкентайынан қуыршақтай қылып киіндіріп қоятын анасының үрдісімен үсті-басын күтуді ерте үйренді. Киген киімінің қонымды, әшекей-моншақтарының сәнді болуын өсе келе өзі де ерекше қадағалауды әдет қылған. Қимыл-қозғалысының өзі бір түрлі жарасымды, кербез. Аққудай таранып, төрінде Ақбөбек отырғанда, ақ боз үйдің іші аппақ нұрға қарығып, арайланып тұратын.Әкесі де жат жұрттық болғанмен жатқа қимайтын жалғыз көгершінін жасқамай, жайдары қып өсірген. Ешкімді жатырқамайтын ақжарқын Ақбөбек ағаларымен терезесін тең ұстайтын. Өзіндігі болғанмен өркөкірек емес. Сөзге тоқтайтын, сын көтеретін салиқалы сұлу. Ақылды, ағайынның тілін табатын, жақын мен жатқа бірдей жағатын Ақбөбек он бес-он алтыға келгенде, әке шаңырағының ғана емес, ауылдың ажарына айналған.Ақбөбектің бітім-болмысы, ақыл-ұстамы, ажар-көркі жас-кәріге тегіс ұнайтын. Үлкендер жағы өзара: «Есекеңнің мына бір баласы бала-ақ қой, шіркін!» – деп ырзалық танытса, қыз-қырқын: «Ақбөбектей қыздың да арманы бар ма екен?» – десіп тамсанатын. Жігіт-желең Ақбөбектің бір ауыз лебізіне зәру.Он жетіге енді қадам басқан Ақбөбекті алдан бір асу-арман қол бұлғап шақырғандай, асау жүрегі кеудесіне сыймай тулап, жаңа жасанып келе жатқан жазғытұрымғы далаға ала қашатын. Жауын шайған көк шөп – балауса бойжеткеннің аппақ көңіліндей тап-таза. Қыр ауасы – қыз жанындай мөлдір.Жер-көктің аясынан тұрақ тапқан жанды тіршіліктің бәрі жаңа әуенмен тербеліп, жас, таза леппен тыныстап жатқандай.Осы бір көктемнің туысы басқа. Бұдан бұрынғы дүниені мөлдір нұр, көгілдір бояуға бөлей келген талай көктемнен өзгеше. Әлде тек Ақбөбектің көзіне солай көріне ме?! Әйтеуір, көңіл құсы көкке далпып, өрекпиді де тұрады. Жаны жай таппағасын, ұзақты күн ауыл сыртына шығып немере сіңлісі Ақкөзтай, басқа да құрбы қыздармен бой сергітеді. Жас балаша жасыл мақпалдай жұмсақ көкке аунап, қызыл, сары гүлдерді қызықтап, көбелек қуып, мәз-мейрам.Өз өміріне өзгеше өрнек, жаңа түр сала келген осы бір көктемге Ақбөбек аса қуанышты еді.Жас жүрегі аттай тулап, жанында ыстық ағыстар тоғысып, көңілі теңіз толқынындай тасып жатқан.Дәл осындай жайдары жаз басында Есжан аулына жырақтан жалғыз атты бейтаныс жігіт келіп түскен. Етікші екен. Әкесінің Кетік базарынан көріп, қалап шақырған шебері. Аты етікші дегенмен, заты байдың мырзасындай!  Ақбөбек ортадан жоғары бойы бар, қияқ мұртты, дөңгелек жұқалтай жүзді, бидай өңді жігітті көргенде ішінен: «Е, әлгі айтып жүрген етікшісі осы екен ғой» – деген де қойған. Тап сол мезетте қыз ойын сезіп қойғандай әншінің алақандай қара көздері жарқ етті. Сол бір қарас көкірегіне шоқтай қарылып, қалып қойды. Көкейінен кетер емес. Түпсіз терең судай жанарын мұң мұнары қаптап жатыр екен. Қыз жүрегі дір-р-р етті. Көзі сол жанарға қайта кезігер болса, жаны ауыратындай. Қаралай қашқақтап жүрді. Ауылда жасырын сыр жатар ма? Көп кешікпей-ақ етікші жігіттің жай-жапсары белгілі болды. Жасы жиырманың бесеуінде екен. Соқа басы. Өзі өнерлі. *  *  * Ақбөбектің ұзатылу тойы келер жазға уағдаласылған еді. Бай қызына барған жерде сыншы көп. Соны ескеріп, жаз шығысымен қыздың жасау-жабдығына бүкіл ауыл боп жұмыла кіріскен. Ауыртпалық әсіресе, әйелдерге түскендей. Жүн сабау, киіз басу, жіп иіру, өрмек жүгіру – бәрінің басы-қасында жүретін солар.Етікшіге жеке үй тігілген. Күмбіреген ақ отаулардың жанында жетім тайлақтай жарбиып тұратын төрт қанат қоңыр үйде ертелі-кеш  етігін тігіп, тарамысын есіп, Қайып отырады. Айналасында: былғары, қайыс, біз, пышақ, қайрақ, қайшы, қысқаш, қалып, мұрындық, балға – етікшінің керек-жарағы жайрап жатады. Шебер сәнқой, кербез. Керіліп-сызылып іске кіріскенше сәске түседі. Кейде тарамыс есуге қолғабыс берген болып қолы бостау қатын-қалаш, қыз-қырқын қасына иіріліп қалады. Бойдақ жігіт дегесін сөз тартпақ болған ауызды қатындар: «Қағынғыр-ау, қыз қарамайтын жігіт емессің ғой. Осы уаққа дейін салаңдап бос жүруіңнің мәнісі қалай?» – деп Қайыпты қажайды. Көңілшектеу біреуі: «Қайным-ау, қарап отырғанша әу дей отырсайшы» – деп ән бұйымшылайды. Қолға домбыра бір тигесін іс жайында қалады. Көп құмары қанғанша Қайып әнге басады.Бай үйі қонақсыз бола ма? Келімді-кетімді кісі жетерлік. Келген қонақ жөніне қарап отырмай: «Ауылыңызда Қорабайдың Қайыбы бар дей ме? Лебізін естуге құмартып жүр едік» – деп, ауыздарының суы құриды да отырады. Қазақ қонаққа «қой» деген бе? «Қонақ атаңнан ұлы!» – деп мейманын қадірлеген ел ғой. Қайып та бір қағылез адам екен. Хабар тиісімен ісін тастай беріп, домбырасын алып жетеді. Топты көрсе тықыршып, өзі де орнында отыра алмайды. Құданың құдіреті, Қайып ән айтса, жұрт  аузын ашып, көзін жұмады. Қайыптың даусын естігенде жылаған бала жұбанып, төсектегі кәрі басын көтереді. Ауылдың тірі жаны қалмай, әнші отырған үйдің есігінен ентелесіп, жабығынан сығаласып жүргені.Қайыптың әні Ақбөбекке де ұнаған. Оның әнін естігенде, өзін-өзі ұмытып, өзге дүниенің есігін ашқандай болған. Ғажайып дүние! Сиқырлы ғалам! Ешкімді көрмейді, ештеңе сезбейді. Тек әсем әуенге елтіп, сырлы сазға сіңіп кеткендей күйге түседі. Жүрегіне жеткен ән Ақбөбектің сана-сезімін жаулап, ақыл-ойын шырмауықша шандып тастаған. Домбыра шегі дың етсе, құлағын түре қояды. Қайыптың бір әуезі – бір дүние! Сол әуенге құмарта берді. Құмарлығы күннен-күнге арта берді.*  *  *Ақбөбек бай қызы болса да басы байлаулы көп мұңлықтың бірі. Айттырулы жері бар. Онысы бір белді, шелді атаның тұқымы көрінеді. Есі кіргелі естіп келеді. Басында бата жасалып, бет сипасқан әке кесіміне қарсы тұрар қауқар аз. Ата салты, ел жоралғысы – құдалық заңына қазақтың қай қызы да бағынышты. «Алтын басты әйелден бақа басты ер артық!» деген пайымды қыз біткеннің құлағына қаршадайынан құйып тастаған заман. Құлынында мойнына құрық тасталып, ботасында басына ноқта түскен де жалғыз Ақбөбек емес. Тіпті жарық дүниенің жүзін көрмей жатып-ақ біреуге келін атанып үлгеретін қыздар қаншама.Әкенің мол дәулетінің арқасында дала қызғалдағындай жайнап өскен Ақбөбектің қысқа жіптей күрмеуге келмейтін қыз-ғұмырының ақыры таянып қалған. Ұзатылған қыздардың:Кім мұңлық дүниеде қыз-ай мұңлық,Қыз болып шешемізден неге тудық? – деп сыңсығанын талай естіген Бөбек. Естігенмен өлең сөзінің мәнін ескермепті. Енді ойлап қараса, қазақ қызының мұңлық екені рас екен. Туғаннан төбесіне «жат жұрттық» деген айдар тағылатын қыз байғұстың үйінен ұзатылып шығысымен «жоғалған түйенің» біріне айналып жүре беретінін көзі көріп жүр. Алысқа  ұзатылып кеткен апасын сағынған бір қыздың:Боз інген боздай-боздай отқа кетті-ау,Апекем жылай-жылай жатқа кетті-ау – деп жылағаны бар еді.Әжекем таппай кеткір қайдан тапты-ай,Бір жылғы жұтап қалар малға сатты-ай, – деп зар еңіреп кеткен бейбақтар қаншама?! Көрмеген, сүймеген біреуге күшпен ұзатылған қыз жыламай кете ме? Осыны ойлағанда өзінің де көзіне жас толып, жүрегі шымырлайды. Күйеу жақтан: «Қалыңдығымызды берсін!» – деген хабар жеткелі көңілі жұртта қалғандай құлазитынды шығарды.Жалғаншы дүние-ай! Қарап тұрса, қыз ғұмыры қызғалдақтың гүлдеп солғанындай тым қысқа екен. Кеше ғана қуыршақ ойнап, тұлымшағы желпілдеп жүретін бала қыз бүгін-ертең біреуге жар атанғалы отыр. Әттең, қолдан келер қайран жоқ. Әйтпесе, танымайтын-білмейтін біреуге басын кессе де бармас еді-ау. Танып-білмек түгіл бет-жүзін көрмеген бейтаныс адамға қалай пенде болмақ?!Осы бір сауалға жауап таппай қиналған сайын Ақбөбектің шарасыздықтан жаны шырқырайтын. Ақыры жауабы жоқ сұрақтың шешімін таппай, дағдарып, ақылынан торыққан қыз болашақ күйеуін өзінен-өзі жек көріп кетті. Өзін сарсаңға салып қойған сол сияқты болады да тұрады. Ол болмаса туған ауылдан ұзап кетпестей, ата-ананың аялы алақанынан ажырамастай көрінді. Арда құлындай асау жастығын қыл бұғалық боп буындырып жатқан дүлей күш иесі де нақ сол күйеу жігіттей. Бейкүнә жаннан жазықсыз жиреніп шыға келді.Той мерзімі жақындаған сайын өзін жақындарының бәрі бөтенсірейтіндей, өзіне бір түрлі аянышпен қарап, өтірік құрақ ұшып тұратындай әсерде жүрді. Ақылды қыз өзін беттен қақпай бұла өсірген әке мен шапанының шалғайына шаң жұқтырмай, мәпелеп баққан шешенің ықылас-пейілі де аз күндік қонаққа көрсетілген сый-құрмет екенін ұққандай. Аға-жеңгенің де Ақбөбектің оң жақтағы өміріне өте-мөте кешіріммен қарап, еркелігінің қандайын да болса көтере білуі «қыз-қонақ» деген халық қағидасына бас ию секілді.Қыз бала ата-анаға үш күн қонақ,Таранып тоты құстай бір күн ұшар, – деген дұрыс екен. Енді, міне, өзінің де ұядан ұшар уақыты таяғанда, жанына жарық түсіріп, жүрегін діріл қақтырған Қайыптың әнімен танысты. *  *  * Он сегізге аяқ басқан Ақбөбектің өз ғұмырында көрген асқан әншісі де, аңсары ауған алғашқы жігіті де Қайып еді. Шүңіректеу үлкен қара көздері жалтылдаған ақжарқын жігіт нағыз аузын ашса көмейі көрінетіннің өзі екен. Дәңгілдей адамның баладай аңқаулығына алғашында Ақбөбек таңырқап жүрді. Қулық-сұмдық дегеннің не екенін білмейтін Қайып «атан түйе боталапты» десе нанатынның өзі екен.«Өнер деген осындай таза жанға бітеді ғой. Харамдық пен қасиет қайдан үйлессін?!» – деп, Қайыптың қылықтарына әкесінің бас шайқап отырғанын байқаған Ақбөбек әшейінде аузы ауыр, салмақты анасының да: «Өзі бір жаны жоқ, ақ көйлек жігіт екен» – деп, етікшіні мақтай бастағанын тағы естіді. Кіші ағасы Есқуатқа Қайыпсыз ас батпайтын болып алды. Қит етсе, «Қайып қайда?» – дейді де отырады. Жеңгесі Нұрсұлу онсыз шай ішпейді. Қашан көрсең, Қайып сол үйдің қонағы.Ақбөбек бойжеткен қыз емес пе, Қайыптың өзін тұңғыш көргенде-ақ жанары жай отындай жарқ ете қалғанын қалт жібермеді. Кездескен жерде көп ішінен өзіне көзі түсетінін, тілдескен кезде әуелі өзінің атын атайтынын қапы қалдырмады. Сол бір жарқ еткен жанардан шашыраған ұшқынның өз жүрегіне де жарықшағы түскенін көп ұзамай мойындаған.Мамыртай ауылының майда жібек мінезімен аты шыққан бұрымдылары шетінен ажарлы келетін. Әсіресе, көп жұлдыздың арасында толған айдай жарқыраған Ақбөбектің сипаты өзгеше. Орта бойлы, тал шыбықтай бұралған ақ сұр бойжеткен күн өткен сайын Қайыптың есін алып барады. Оның жарқыраған көзін көрмесе, қоңыраудай сыңғырлаған даусын естімесе бір сәт сабыр сақтап тұра алмайтын халге жетті. Бірақ, бай қызы асау. Аз-кем  емеурінді елемеген сыңай танытады. Сөзін салғырт тыңдап, селқос жауап қатады. Ешкім маңдайынан шертіп көрмеген бай қызы болғасын да ерке, еркін. Әншімен емін-еркін әзілдесіп, ашық-жарқын сөйлесе береді. Бірақ, басының бос еместігін бетке тұта ма, бойдақтан бойын аулақ ұстайды. Қайыптың сүйіспеншілік сөзіне жауап қайырмай, сынаптай сусып, уысынан шығып кете береді. Әйтсе де әккі сері сезеді. Қыз кет әрі емес.*  *  *Қосқұдық жазығын жайлаған жалпақ ел жаз ортасында бір желпініп қалды. «Ақтығымның алды» деп, Аязбай ақсақал шілдеханаға шақырыпты. Қазақ қызықтан құр қалған ба?! Жаз шығысымен той-думаны басталып жүре береді ғой. Табиғаттың төл перзенті – көшпенділердің  бар қызығы жайлауда. Көк аспан – жамылғысы, көк шалғын – төсеніші. Тойын тойлап, ойынын ойнап, әбден құмарынан шығады. Ауыл-ауылдың қоян-қолтық араласып, кәрі-құртаңның дидарласып, әңгіме-дүкен құрысып, жас-желеңнің танысып, сырласып-сыбырласып қалатын мезеті – сауық-мереке уағы.Күн жылына Есжан аулы да ырғалып-жырғалып, Түгердің түйдек-түйдек құмынан шығып, Аунамас бетіне ауған. Мамыртай ішіндегі іргесі екі елі ажырамайтын  ағайынды Есжан, Қыдыр - берісі Бәйімбет, әрісі Адайға белгілі байлар.  Мал-басы толық бір қауым елге алты ай жаз еркін жайлауға бұл өңір тарлық ететін. Етек-жеңі кең малды ауылдар ол арада көп кідіре алмаған. Аяқты малдың соңынан ере көшіп, ерулеп ұзай берген. Қазақ үшін көшу де бір қызық дәурен. Кеңге шыққасын көңіл көтеріліп, жұрт жайдарман мінез табады. Ұлан-ғайыр дала төсінде тізбек-тізбек боп қанаттаса ұшқан жыл құстарындай көш-керуен қырға шұбайды. Ата-қаздардай мамырлаған нар түйелер ұбақ-шұбақ көш бастайды. Салқын самала сақараға еркін көсіле сілтейді. Қызық қуған қыз-бозбала бір бөлек, жібек жабулы нарларға тең-тең жүк артқан бәйбішелердің сән-салтанаты өздерінше бір бөлек, атан қомынан бастары қылқиған бала-шаға, кемпір-шал, үйші-малай бір бөлек - у-шу болып,  тұтас бір ауыл түйе үстінде теңселіп бара жатады. Со бетінше Маңғыстаудың құба жонына жеткенше көш басын ірікпейді. Үстірттің мидай ала дөңіне тұяқ іліктіргенше тізгін тартпайды.Көш бойы қыз-бозбала, жасаңдау қатындар өз ара думандатып, сауық құрады. Көбіне Ақбөбектің айналасына үймелесетін көңілді топтың ішінде қыздан дәмелі жігіттер де жоқ емес. Тәттіге үйір қара шыбындай сол маңайдан шеттемейді. Өкшелесе келе жатқан өзге ауылдардан келіп, өзеурейтіндер де бар. Жастар жүрген жер ән-жырсыз болмайды. Жігіт-желеңнің айтатындары:Үстінде қара нардың ырғалған қыз,Батсайы қызыл мақпал шұлғанған қыз...Молданың көзің қара сиясындай,Қасыңа келсе жігіт кете алмайды,Төсегің ақсұңқардың ұясындай – деген секілді өлең шумақтар. Кейбір тіс қаққан жылпыстар:Сымбатың сұлу сыртыңнан,Сөйлесең бал тамады ұртыңнан.Тату бір құрбы сен болсаң,Сүйіп бір алшы-ау мұртымнан – деп желөкпелеу қатындарға жабысады.Батылырақ, батымдырақ бозбалалар:Ақбөбек, сен де мендей, мен де сендей.Байлардың мінілмеген тентегіндей,Шашың бар үштен өрген құла қараАрқаның бой жасаған еркегіндей, – десіп, Ақбөбекке тікелей тиісіп, сөзбен сыр тартуға құштар. Ондайларға қыздың бір ауыз жауабы әзір.Есігі үлкен үйдің айқабақтай,Ағекем айдарыма маржан тақты-ай.Аулақ жүр қырындамай, қарағым-ай,Өзіңе көз салар ма біздей жақсы-ай – деп, сөз аяғын әзілге бұра, айтысып жатқандары.Жол бойы қыз-жігіттердің әзіл-қалжыңы, ойын-күлкісі үзілмейді. Үлкендерге де жастардың жарасымды сауық-думаны жат көрінбейді. Кеше ғана өз бастарынан кешкен қызық дәурен ғой. Қайта көңілдері көтеріліп, құлақтарын түріп, күлісіп, жадырасып, бір жасап қалады. Жастық қуаттың жалынды жігері жаздың шуағымен толысып, тасып, жан-жағын шарпи шалықтайтындай шаттанысады. Тып-тыныш жатқан тұйық қырға тіл біткендей, үн-түнсіз бұйығы даланы әуен тербеп оятқандай айнала тегіс сілкініп, сергіп сала береді. Жазғытұрымғы жұпар дала түлеп, түрленіп, қыр гүлдері қызылды-жасылды қыз-келіншектердей құлпыра жасанып, жастар әуеніне елтіп, жамырасып жатқандай болады. Өмір жырын шерткен көңілді көшпен бірге тіршілік базары қайнап, қыр үсті  жайнап жүре беретіндей.Оты іргеден иен жайлау. Үсті – құт, оты – сүт. Малдың өрісі, елдің ырысы. Шыңыраулы шалғайдағы жаз жайлауға содан да жұрт құмар-ақ. Жері шұрайлы, ауасы райлы салқын-самиян мекенге қаптай қонады. Қоңыр салқын жанға райыс, малға рақат.Негізінен жаз жайлауы Жем-Сағыз бойы саналатын төменгі Адайлардың алды бұл кезде діттеген жеріне жетіп қалғанмен, Жаңғақ ойын қыстайтын Мамыртай-Жақау ауылдары қыс аяғы ұзаңқырап кеткен жылдары әрі кетсе Ырғызбай-Қарасай маңынан қыр самалымен желпініп қана қайтатын. Кейде, жер отты болса,  Қызылсай, Құланды бетіне шығып, отырып қалатын. Тісі тітірге тиісімен көшке ере алмай келе жатқан көтерем тайлақтың ойнақтап шыға келетінін білетін кәрілер осы араларды жайлайтын.Бұл ойдағы, құмдағы ел қыр төсінде тоғысып, ас пен тойда алыс-жақынның басы қосылып, бір жасап қалатын кезі. Мал қоңданып, жылқы жонданып, қозы марқайғасын  қыр тамашасы басталады.Ат баптаған бәйгеде бақ сынайтын, жыр жаттаған шаршыға түсіп көпке ұнайтын шақ. Іргелес қонған ағайын-жекжат думандатып бір шалқитын, зеңгір көкте әуелеп ән қалқитын  тұс та осы. Балуандар белдесіп, күреске түсетін, бал бармақ күйшілер саз толғап, білек түретін мезгіл де осы.Тойшылар ауыл арасына ат мінбей әдейі жаяу шыққан. Қызылды-жасылды қызыққұмар топ көңілді. Жол бойы ойын-күлкі,  әзіл-қалжыңға ырық беріп, алыс-жұлыс. Бозбалалар қыздардың бірде орамалын, бірде тақиясын ала қашып, арсалаңдайды. Кейбіреуінің ойында көңілі ауып жүрген аруларының мінез-құлқын сынап көру де жоқ емес. Бірақ, болар тойдың тамашасына елтіп, қызығы тамсандырған бойжеткендер бұндайда ауыл-үйдің телі-тентектеріне текке мінез көрсетіп, босқа сөз шығындамайды. Сабырлылық танытып, сыпайылық сақтап, ашуларын тежеп, ызаларын тізгіндей тұрады. Биязы, инабатты болып көрінуге тырысады. Сырт көз – сыншы! Бөтен ауылға келе жатып сыр алдырып, топтың сәнін бұзғысы келмейді.Алдарынан қарсы алған жігіттер бұларды алыстан шырамытып:

  • Е, Мамыртай ауылының арулары, мында жүріңдер. Өзіміз оңаша отыралық  – деп шеткері отауға қарай бастады. Қыз-келіншектің басшысы – Ақерке. Есжан ауылының би келіні. Үлкен қара көздері жарқыраған, орта бойлы, оқтаудай, аппақ - ажарлы әйел. Қашан да қыз-қырқын соның қарауында. Қой бастаған серкедей әркез алдарында Ақерке жүреді.

Үй оңаша екен. Арнайы тойға тігілген сәнді, салтанатты отау. Ауылдың қазақы қалжыңымен қағыса отырып, шай ішіліп бола бергенде, бұлардың үстіне Қайып келіп түскен. Қайып келісімен отырмақ қыз-қыз қайнап жүре берді. Шай еселенді. Әңгіме өңденді. Шаңырақ астындағы шырай өзгерді. Көптің қолқасымен домбырасын қолға алған Қайып әнге басты. Отаудың есігінен тыным кетті. Үй іші тыңдарманға лықа толды. Сырттан сығалаған сан көз жабықтан шырадай жыпырласа жанады. Әсем әуен әркімнің жүрек қылын қапысыз шертіп, сезім пернесін дөп басқандай. Жұрт үн шығармай, ұйып қалған. Әншінің даусы зарлы, мақамы мұңды екен. Бей-жай тыңдай алмайсың. Жон арқаңды шымырлатып, қай-қайдағыңды қозғап, көзіңе жас үйіреді.Ән біткенде демдерін бір шығарған тыңдаушылар:– Өй, өлме!– Мың жаса, Қайып!– Өйт, деген-ау!– Күнде бұндай жиын-той бола бермес, Қайып біздің қолымызға түсе бермес. Кәнеки, тағы бір ән салып жібер! – десіп жатыр.Қайып бұлданбады.  Жүзі нұрланып, тамағын бір қырнап алды. Мұңлы қоңыр дауысы дірілдей басталып, әуелей шырқап кетті. Әнші бұл жолы Ақбөбекті көрген жерде жүрегіне сыймай жанын кернеген сүйіспеншілік дертін сазға қоспақ болды. Көптен көкейінде түйіншек боп жатқан сыры сиқырлы сөз – өлең болып төгіле берді.Ақбөбек, сайқылықпен бұраңдайсың,Сұм жалған өтер десем, тіл алмайсың...Ақбөбек өз атын Қайып аузынан естігенде, жалт қарады. Өн бойын аяз қарығандай дүр сілкінді. Ес білгелі естіген есті сөздері осы екен. Жарлы жігіт жалған айтпайды. Дүние-жалған! Жалғандығын Ақбөбек жаңа түсінгендей. Бұл әшейіндегі бозбалалар айтатын: «Ойналық та күлелік» емес. Өзіне іңкәр жүректің мөлдір сыры. Қайып кім көрінгенге көзін сүзетін жеңілқол жігіт емес. Бір сүйсе бақиға дейін сүйетін бірмінез жігіт. Аузын ашса, қолқасы көрінетін ақ жүрек жігіттің өзін бір көргеннен құлай сүйіп қалғаны да ақиқат. Кеудесінің қуысы, жүрегінің құлтасы жоқ ақжарма ақын айтса лақ еткізіп ақтара салатыны аян. Өзінің жүрекжарды лебізіне мойын бұра қоймағасын, лажсыздан көп алдында қызға қылған назы шығар. «Менің елден жасырын сырым жоқ, барым осы» деуін көрмеймісің. Ақбөбек осы уақытқа дейін өзін жан-тәнімен сүйген адал жанға жарытып жылы жауап қайыра алмағанына енді өкінгендей іштен тынды. Әйтпесе, бұл сөздерді бұрын да естімей жүрген жоқ. Адал жүректің ақиқи сырын талай аңғартып еді ғой. Бірақ, көпшілік көзінше өзіңе арналған әнді қысылмай тыңдау қиын екен. Ақбөбектің құлағына дейін шиедей болды. Әншінің мысы басты ма, әшейіндегі өрлігі әдірем қалғандай. Жұрт жанары жүнше түтіп барады. Өзіне қадалған сыншыл көздердің қуатынан қорғанған қыз жанарын жерге салды. Құлағында Қайып даусы. Төбе құйқасы шымырлап кетті.Ақбөбек, айтшы-ау менің мінім қандай?Ән салса, аңқытады тіл мен таңдай.Сөзіңе жалғыз ауыз зәру болып,Көкірек аласұрып өрт боп жанды-ай!Тосын, жаңа ән. Біреулер:– Өйдөйт, батыр Бегей, қапы қалма! – деп, қолпаштай қағытып жатыр. Батырлығы емес пе, шаршы топта Ақбөбектей аруға әнмен қолқа салып отырғаны. Батылдығы емес пе, бай қызының қымтап жасырып келген қымбат сырын қапияда жарқырата жайып салғаны. Ақбөбектің бұрын тас бітеу құлағының кенет тарс етіп тығыны атылып кеткендей болды. Ән әуенімен бірге әнші зары жүрек құтысына құйылып жатқандай.Рас-ау, Қайыптың бір басында кедейліктен басқа не міні бар? Кедейлік дегенің ер жігітке мін бе екен? Өмірдің жалғандығы рас болса, пенденің  міні бола ма, сыны бола ма? Бүкіл ғұмырың елес-ғайып бұл жалған дүниеде адамға қазына-мал, дүние-мүлік неге керек? «Өзінің жалғыз ауыз сөзіне зәру болып», жүрегі от боп жанып тұрған жігіттің алтын басынан садаға кетсін бәрі! Малың, жаның өзіңді сүйген жанның жолына құрбан болса, несі айып?! Әй, «әйелдің шашы ұзын да ақылы қысқа» деген осы да. Әйтпесе, өзін өлердей сүйген Қайыптан өзге жігіті қайсы? Беті жылтыр қыздың бәрін бар болғаны сұлу әйел санайтын бәдік жігіттің қайсысы өзін Қайыпша ардақтап еді? Қайсысы Қайыпша сүйе алып еді? Ақбөбектің Қайыптан басқа асығы да, асылы да бар ма, сірә?! Бар ғұмырына бір ауыз сөзі азық боларлық Қайыптай жанды маңдайына жазған Ақбөбек бақытты екен ғой!Ақбөбектің жүзі жайнап кетті. Жұрт «тағы айт, тағы айттың» астына алып, кеу-кеулеп барады. Қайыптың да жұқалтаң жүзі күреңітіп, өңі нұрланып алыпты.Құдайға бір мінәжат қыламын-ай,Өзіңе қоса гөр деп сұрадым-ай.Зар болдым бір сөзіңе, жандырмашы,Тіл қатшы ең болмаса, шырағым-ай!Аяғын үзеңгіге салып отырған қызға шаршы топта бұндай ән салдырған ғашықтық ғаламаты-ау! Кейбіреулер осыны түсініп бастарын шайқап, жымыңдайды. Енді біреулері бұл әнді неге жорырын білмей дал.Ақбөбек те қара жаяу емес-ті. Екі ауыз сөзді құрастыру қолынан келеді. Қасындағы қыз-келіншектер түрткілеп:– Сен де бір ауыз жауап айтсайшы, – деп мазасын ала берді. Әзірге әкесінің төрінде отыр. Ақбөбекті аузынан қағатын кім бар? «Айтсам, айтайын» деп Ақбөбек те бір ауыз сөзге бекінген. Қайып өзінің ғашықтық сырын, сүйген жүрек жырын ешкімнен тайсалмай-ақ айтты. Қалтқысыз сезімін әнге қосып отыр. Ақбөбек те ағынан жарылуы тиіс. Ақ жүрек әншіні бұдан әрі қинай берудің жөні жоқ. Осы оймен Ақбөбек Қайыпқа өзінің көп зарықтырған жауабын берген.Кигенім камзол, бешпент алтын жаға,Сөзіңді қош аламын, Қайып аға!Есебін өзің білші қосылудың,Қол артсам сендей жанға арман бар ма?!Қайыптың езуі жиылмай күле бергенін көргенде көкірегі оттай ысып, екі бетінің дуылдап өртеніп бара жатқанын білді Ақбөбек. Үй іші араның ұясындай гулей жөнелді. Осы сәтте белбеуін шарт буынып, орнынан ұшып тұра келген Ақерке қамшысының ұшын есікке қарай сілтеп қалды.– Кәне, алдыма түсіңдер! Әйтпесе, әлпештеп отырған Еркежанымыздың басын сиқырлап, есігіміздегі етікші ертіп кетіп жүрер.Ауылға бәрі бірге қайтты. Қайып пен Ақбөбектің ортасында Ақерке келеді. Ақерке тілді, шайпау әйел. Одан қыз түгіл ауылдың кексе қатындары қаймығады. Ақбөбектің де бата алмайтын бір адамы осы жеңгесі еді. Қанша кедей болса да, талай қыздың көкейіне құрт боп түскен сері Қайып емес пе? Ақеркенің ақ таяғы арқасында неше қайтара ойнаса да біресе оң жағына, біресе сол жағына шығып, Ақбөбектің білегіне жармасумен ауылға жеткен. Ақерке де қанша тосқауыл болам дегенмен, әншінің аузына қақпақ бола алмасын білгендей бір түрлі жасып қалыпты. Оның есесіне, Ақбөбектің бір ауыз сөзінен соң, Қайып атқа мінгендей арқаланып шыға келген. Қанша азаптанса да, ақыры Ақбөбектің ақтық жауабын көп көзінше алған Қайып   қуанышты еді.*  *  *Ақерке Қайып жайына көптен қанық еді. Оның: «Ақбөбекке жолықтыр» деп қылқылдағанына біраз болған. Қыз бен жігітті жарастыру Ақеркеге қиын шаруа емес-ті. Бұл ауылда қызға барарда Ақеркенің алдынан өтпейтін бозбала жоқ. Бірақ, атаның батасын алған, басы бұйдалы тәуір көретін қайын сіңлісін қайдағы бір қаңғырған сері бойдаққа қимады. Етікшіні емексітпей, «аулақ жүр» деп, бірден тыйып тастаған. Бірақ, қыздың буыны босап, еркі кетіңкіреп қалған сыңайлы. Қайып бар жерден қалмайды. «Басы байлаулы бала ғой, қайда барар дейсің» дей ме екен, бай мен бәйбіше қыздарының еркіндігіне көңіл бөлмегенсиді. Оң жақтағы азат күні азайған сайын қыз қылығын қызықтай түскісі келетін сияқты. Қыз болса, Қайып келгелі түлеп кеткен. Әшейінде де киімді таңдап киетін кербез сұлу қызылды-жасылды боп, тотыдай түрленіп алған.Баста шоқ шашақты шоқтай барқыт орамал. Өңірі зермен кестеленген ақ атластан бүрмелі, қос етек көйлек. Күрең мандаладан бешпет. Түрме белбеу. Көк сауыр етік. Қызғалдақтай құлпырып кетіпті.Қайып іске отырғалы Ақбөбекті күніге әлденеше шақыртумен болған. Себеп көп. «Кебісін киіп көрсін, етігін өлшетіп кетсін». Қызыл мақпалмен қошқар мүйіздеп ойған шоңқайма етік. Күміс бауырдақты, жиегін жібек жіппен қайып зерлеген бес тақа кебіс. Бірінен бірі өтеді. Бір сыңары дайын болса, екіншісі айлап бітпей жатады. Сәндікке тігілгесін іске асығыстық жүрмейді. Отыз өлшеп, қырық қарайды. Негізгі жұмысы сол болғасын Қайып та аянбайтын секілді. Тігісі қолмен моншақ тізгендей өнімсіз. Бар өнерін салып, екі шоқып, бір қарайды. Ақыры Ақбөбектің кебісінің кісі қызығарлық, етігінің елден ерекше болып шыққаны ешкімнің көзінен таса қалмады. Етікшінің шеберлігіне ешқайсысы мін таға алмаса да, Ақбөбектің аяқ киіміне ала пүле қызықпаған кісі кем. Қызықтай келе қызғанышын жасыра алмаған бір жеңіл ауыз жеңгесі: «Еркемнің не бәлесі бар осы? Етігіне дейін әп-әдемі болып аяғына құйыла қалады» – деген. Сонда Қайып та қарап қалмай: «Етік әдемі болу үшін әуелі әсем аяқ керек-ау!» – деп  жұртты ду күлдірген.Қара сөзден кісіге дес бермейтін Қайыптың қалжыңбастығы да жетерлік болатын. Бала-шаға, кемпір-шал демей, жұрттың бәріне өзімсіне сөйлейтін. Сосын да үлкен-кіші Қайыпқа үйірілетін. Қасында «қағынғырлап» кемпір-сампыр, қатын-қалаш отырады. Қайтсе де Қайыптың қоңыр үйі қарасыз болмайтын. Қатын-қалаш бос келмейді. Бірі мәсін, бірі кебісін ұстай келеді. Қайып кісінің көңілін жықпайды. Іс арасында біреуінің табанын ұлтарып, бірінің сірісін жаңартып, сауапқа қалады. Сөйте-сөйте,  ауылдың өз адамына айналып шыға келген. Әсіресе, Есқуатпен ерекше жақын болып алды. Күн ұзақ іс тігіп, жұмыс басты боп отыратын жігітті Есқуат кешқұрым өз отауына алдырып, оңаша сыйлауды әдет қылған. Өзі сауықшыл еді. Сондайды аңдып жүретін жігіт-желең Қайыпты ортаға алып, бастаңғылатып жіберуге шебер. Ойын да ойналады, ән де айтылады. Араларында Ақбөбек те жүреді. Қайып болса:Ақбөбек бетің айдай, белің қындай,Қарасам ту сыртыңнан тартқан сымдай – деп сүйіктісінің сыр-сипатын әнге де қосып қояды. Ақбөбектің жүзі күреңітіп барып,  қайта жарқ ете қалады. Қаралай қобалжып, жүрегі дүрсілдейді. Қайып қыздың жан-толқынысын жүзінен сезіп, күлімсірейді. Екеуі оңаша қалса, аш белінен құшақтай алады. Ақбөбек ақ сазандай бір бұлқынып, босанып кетеді. Ауылдың бозбаласына айтатын ащы сөзін Қайыпқа айта алмайды. Оған келгенде аузына сөз түспей, абдырап-дабдырап қалады. Неге екенін өзі де білмейді. Әйтеуір, әркіммен әңкілдеп әзілдесе беретін сөзінің зілі жоқ кедей әншіге келгенде тілі байланып, дымы құриды. Сөзі сыпайыланып, мінезі сынықси қалады. Онысына өзі де таң, өзге де қайран.Бірде бұл қылығы қытығына тиген Ақерке: «Еркежан-ау, ауыл-ауылдың небір сыпа-сері, бай-бағыланын бетіңе қаратпаушы едің, осы Қайыпқа келгенде бұйдалаған тайлақтай қайқаң қаға жөнелетінің қалай?» – деп қойып қалған. Онысын өзі де жете түсініп үлгермеген қыз қызарақтап күле берді.Бастаңғылатып жататын жастардың ажары – Ақбөбек пен Қайып. Аққудай таранған Ақбөбек араларында отырмаса кештің сәні кірмейтіндей. Қайқайтып Қайып ән шырқамаса топтың мәні жоқтай. Іргені түріп қойып, қоңыр салқын үйде таң атқанша ойын-сауық дүкенін қыздыратын қыз-жігіттер ара-арасында бой жазысып, түнгі ауамен тыныстайды. Айсыз түнде ақсүйек жасырылады. Қараңғылықты пайдаланып, тышқан аңдыған мысықтай бұта түбінде бұғып отырған бір-бір жігіт көңілі кетіп жүрген күлімкөздермен тілдесер сәтті тықырши тосады. Орайы келсе, Қайып та Ақбөбектің  білегінен ұстап, бұрымынан сипап қалуға құмар. Қыз жуас емес. Білегінен ұстатқанмен бетінен сүйгізбейді. Сөйтіп, Қайыпты әбден діңкелетіп, сарсаңға салып қояды.*  *  *Қайыптың қажыр-қайраты мен еңбекқорлығы да кісі қызығарлықтай еді. Іске бір кіріссе, таңертеңнен кешке дейін нәр сызбастан шаншылып отырғаны. Сонда жұрт: «Құнты жоқ кісінің қолынан іс келе ме, өзі бір табанды жігіт екен» – десетін. Сонда да, «сабақты ине сәтімен». Жұмысы өнбей қойғанда біз тесіп, тарамыс ысып, қысқаш қажап тастаған етсіз саусақтарын уқалап жіберіп, қолына шанақты қара домбырасын алатын. Кешкі бейуақтың тыныштығын тітіретіп күмбір-күмбір күй шертеді. Қызыл іңірдің қызғылт сәулесін сетінетіп әуелете ән шырқайды. Сондайда, жер асып, жадау атын қамшылап жан бағып жүрген жарлы жігіттің мұңына әркім-ақ еріксіз құлақ түреді.Шіркін, жоқтық-ай! Осынша өнерлі жанды жат босағаға телміртіп қойған сұсың не деген қатты еді. Төрінде жатып ішетін көже қатықтық малы болса, сомадай басымен сонша жерден ат сабылтып жүрер ме еді, бұл байғұс?! Қайтсін-ау, есіл азамат, қамшының сабындай қысқа ғұмырында түлкі-тағдырдың  тәлкегі титықтатып біткен шығар. Сандалма күндермен кеткен қайран жастығы есіне түсіп, жанын қинайтын шығар. Содан соң көкейіне кептелген ащы запыраны зарлы өлең болып тілінен сорғаламай қойсын ба?! Қанша тырмысса да басы құралмай қойған дәулет, жетер-жетпестікпен жанын қинаған күн көрістің мойынға түскен ауыр қамыты қажытатын шығар. Қос ішектен төгілген күймен бірге кедейліктен көкірекке жиылған шері көзден жас боп сырғанайтын шығар. Әуелден Құдай тағала маңдайыңа ырыс-несібеңді кем жазса, қолыммен қазына жиям, теріммен төл өсірем деуің бекершілік екен. Бір бейнетқор бұның әкесі Қорабайдай-ақ болсын!  Егін де екті, мал да бақты, іс те қылды. Одан бүйірі шығып, қамбасы толған Қорабай кәне? Сол баяғы мүкі-тақы, қалт-құлт тірлік. Өзінің жиырма беске келгенше аяқтана алмай, салт басты, сабау қамшылы жүрісі де сол жоқтықтың қырсығы. Қалың беріп, қыз айттыратын қаражат тапшы. Ит тірлікке қолды бір сілтеп, өнер қуып, ән-жырдың соңына түсуге – қарт әке-шеше қолбайлау. Ендігі сиқы мынау. Бай аулының басыбайлы құлы есепті – құны төлеулі етікшісі. Бірақ, көңіл арсыз! Қайда кедейдің көзі байдың қызына түседі. Қайтерсің, «батырлық, байлық кімде жоқ, ғашықтықтық жөні бір басқа!» демейтін бе еді бұрынғылар. Ғашықтық басқа түссе, не шара?!*  *  *Аязбай үйіндегі «айтыстан» соң, Ақбөбек өзін көргенде бұрынғыша сырттамай, салмақты пішінмен сөз алмасуға көшіп еді. Ақеркенің аңдуы да қос ғашықтың аяғына тұсау бола алмады. Ендігі жерде ғашықтар бір жерден табылуды қалайтын. Ортақ тілекшілері – Есқуаттың келіншегі Нұрсұлу. Жаздың мақпал түндерінде ауыл сыртында қос асықты оңаша жолықтыратын да сол еді. Бұл жайдан үшеуінен өзге жұрт бейхабар. Есқуат қана соңғы кездебұлардың ымы-жымы бірігіп кеткенін ептеп сезіп жүретін. Әнеу күнгі Қайыптың әні елге тарап болған. Ол әнді қазір ауыл-ауылдың бала-шағасына дейін біледі. Сол кештен соң көп ұзамай басталған құпия кездесулер бозқырау түскенше тыйылмап еді.Екі жастың тілегі бір арнаға құйылып, жүректері бірге соққалы тағаттан айырылған. Қыз бен жігіт жұрт көзінше қымсынуды қойып, бейне бір қалыңдық пен күйеу жігіттей жұбын жазбайтын болған. Алды артын абайлатпайтын ғашықтық дерті екі жүректі де меңдетіп, асқынып алған. Сүйген жастарды жігіттің қолының қысқалығы, қыздың басының ноқталылығы елең еткізбеді. Махаббат сиқыры ақылын арбаған қос ғашық ессіз Мәжнүндей еді.Ақбөбек ә дегеннен Қайыптың әніне ғашық болған. Сол сезімі өрши келе әннің иесіне тәнті етіп қойды. Сұлу сазымен әнші өзінің жан сарайын жаулап алғандай. Оның өзіне деген риясыз көңілі, баладай пәк сезімі Ақбөбекті еріксіз байлап-матап тастағандай. Әншейіндегі ауыл арасының бозбаласына менменси қарайтын паң бойжеткен қарапайым ғана етікші жігітті көргенде жуасыған асаудай арынын ірке қоятын. Қайыптың мұңлы жанарынан тарап, өз жүрегіне құйылатын нұрлы шуақ жан жүрегін жылытатын. Жігітпен оңаша жолыққалы бір түрлі бауыр басып алыпты. Келе-келе тіпті күннің батуын асыға күтетін ерсі мінез тапты. Алғаш табысқанда ғашықтар күйіп-жанған ыстық жүректі жазғы түннің жібек самалымен желпіп, жандарын жалынша шарпыған ынтық тілекті ай жарығында аймаласып тұрып айтысқан. Албырт жас қыз аңқылдақ жасамыс жігіт құшағынан сая тапқан. Көңіл пернесінің тіл жеткізе алмас тіндерін көзбен толғап, ерінмен қармап ұзақ ұғысқан.Сүйген жүректер өзара сыр ұғысқыш. Бұлар да бір-бірінің жүрек сырын қалтқысыз сезіп, қапысыз түсінген. Ғашық жүректің тарсылдай соққан тентек тамырын тап басқан. Ауруының емін, ғұмырлық теңін тапқан ғашықтар бір-біріне аласұра ұмтылатын сәтті сағына күтетін.Ақбөбек те айқара құшақтасып, айқаса өбісетін сәулелі сағатын асыға тосатын. Қайыптың құшағына кіріп, көзін жұмса болды, өз-өзін ұмытып, ертегідей ғажайып әлемге еніп жүре беретін.Азат дүние! Айнала мүлгіген тыныштық. Боз жусанды буалдыр дала. Шаңқан бозға мінген қос атты ашық жазаңмен ағызып келеді. Жалғанда екеуінен өзге жан иесі жоқтай. Айдалада ақ боз үй ағараңдайды. Армандағы ақ отау...Қиялындағы жұмақтай суреттің кірпігін қимылдатса қиюы қашатындай көзін ашпауға тырысады. Ақбөбек арман тұлпарынан айырылып қалардай қорқады. Өмір бойы жұбы жазылмас болса, солай самғай беруге әзір. Сүйген серігін тапқалы, Қайыппен табысқалы біржола бекінген тұжырымы, бар тілегі осы!*       *        *                         Мизам шуақтың мезгілі өтіп, қазанның қара суығы түскелі ауылдың аймағы азып, елдің мазасы қашқан. Мыңдаған жылқы тұяғымен тапталып, мыңғырған жандық тісімен қиылған жусанды жердің тоз-тозы шығып, жазықдаланың тозаңы бұрқырап жатқан. Азынаған жел, қаптай соққан қара суық қыбырлаған мал-жанды қыстауға қарай ықтырған.Шығандап шалғай шығып, шетке ұзап кеткен ел үдере көшіп қара жұртқа бет түзеген. Қарбалас қимыл, көші-қон қамы қауырт басталып кетіп еді. Жылқыны Жаңғақтың ойына құлатуға асыққан ауылдың іргесі сөгіліп, біразы ілгері озып кеткен. Бай үйінің бау-шуы, жасау-жабдығы буылып-түйіліп, бүгін-ертең қозғалғалы отыр. Қоңсы-жалшы қыстауды даярлауға күні бұрын жүріп кеткен. Ер-азамат соңынан мал айдасқан қажарлы қатын-қалаш ерген.Ауыл оңаша. Қырдың жалпақ жоны қаптай қонған қалың ел, сыңсыған малдан айырылғасын жетімсіреп қалғандай жүдеу. Бұрынғыдай ашық аспан, жарқын күн жоқ. Көктің жүзін сұрғылт матамен бүркеп тастағандай. Тұтас бұлт. Таңертеңгілікте айналаға боз шымылдық тұтып, тұман түседі. Күні өтіп, көзден бұл-бұл ұшқан қайран жаз бар қызығын өзімен бірге ала кеткендей. Ала жаздай дүбір мен думанға тойған қыр томсырайып қыраулы қысты сазара тосып жатқандай.Қыз бен жігіт байласқан уәде, айтысқан серттің орындалар уақыты келгенін түсінді. Көліктерін сайлап, білдірмей жол жабдығына кірісті. Бұдан оңтайлы сәттің енді тумасын біледі. Қашу керек!Қайып Құдайдан тілек қылды:Ақбөбек, әкең сүйіп қойған атың,Ақ сүйек, асыл сүйек арғы затың.Жігіттің ат жеткізер мұратына,Менің де сүйенерім жалғыз атым.Отырған қарсы алдымда Ақбөбегім,Болған соң өзім жалғыз, жоқ көмегім,Ісімнің істеп жүрген бәрі қиын,Ия, Құдай, жеткізе гөр бір себебін.«Әминді» іштей айтқан Ақбөбек аттанар түні көз ілмей шықты. Ештеңе ойламауға тырысса да қай-қайдағы қорқыныш пен күдік есін алып, таң атқанша кірпік айқастыруға мұрша бермеген. Атын атап шақырған Қайып даусын естігенде, орнынан қалай ұшып тұрғанын білмеді. Туған үйден ата-ананың ақ тілеуімен аттанбай, әлдебір күңдерше қашып-пысып бара жатқаны жанына батады-ақ. «Алақанда аялаған ағайынның сүйегіне таңба салатын болдым-ау, сорлы басым» деп өкінеді. Бірақ, енді бәрі кеш. Алған бетінен қайту Ақбөбектің ойына кіріп-шыққан емес. Қайта бұл жерден тезірек қарасын батыруға асық. Өзінің алдағы өмірі тек қана Қайыппен базарлы, Қайыппен ажарлы болмақ. Оған қыздың көзі әлдеқашан жеткен. Сүйіп көрмегендер Ақбөбектің сырын қайдан ұқсын. Бұның жанын түсінетін де жалғыз сол – Қайып! Қанша қорланса да қашқан қыздың да алды-арты Бөбек емес. Дауыс шыққасын шұғыл қимылдап, бозінгеннің биязы жүнінен оңқай-солақай иіріп, құстаңдайлап тоқылған ағима шекпенін* киіп, белін түрме белбеумен мықтап буды. Шоңқайма шығыт етігін де киіп алды. Қама бөріктің сыртынан басына шашағын төгілдіріп аймақы қызыл шарқатты тамағының астынан орай тартты. Ешкіммен қоштаспастан елең-алаңда есіктен шықты. Сол сәтте Қайып та көрінген. Қыз көп кідірместен сүйгенінің соңынан ерді. Қайыптың қабағы қатыңқы екен. Қара басын қатерге тіккен қасқаның не жаны жүр екен? Ақбөбек қалтырап кетті. Қара суық Ақбөбектің ақша маңдайын қанжардай қақ айырып жарып барады. Күн шығысты нұрға бояп, тағы бір таң атып келеді. Қарашаның қара темірдей қаритын ызғарлы таңы. Жарауы жеткен қос арғымақ ауыздығын қарш-қарш шайнайды. Ауылдан қара үзіп кеткенше артына қарайламай қатты жүріспен үзеңгі түйістіріп келе жатқан қос атты елсізге шыққасын аздап тізгін тартқан. Бөбектің үрпиіп кеткен үркек кейпін көріп, күлімсіреген сері ат үстінен ұмтылып көзінен сүйді. Жігіттің ыстық демінен ынтық жүрегі жібіп сала берген Ақбөбек еңсесін тіктеп, есін жиып алды. Өздерін алды –  мұнар, арты – тұман талайсыз ғұмыр сапары күтіп жатқанын ғашықтар сол мезетте сезген жоқ. Жұбайлық өмір жолына жұбын жазбастан қол ұстасып қатар аттанды.Ағима шекпен – ақ тайлақтың жүнінен тоқылған сәндік шекпен*  *  *Қашқындар қыр үстіндегі бірен-сараң көшпей кідірістеп қалған шабан ауылдарға ат шалдырып, аяқ суытып алып, арада бірнеше күн жүріп, Жарқұдыққа жеткен. Екеуінде де «елге жетсек» деген бір ғана тілек бар еді.Қорабайдың ауылы бұрынғы орнында, ескі жұртта отыр екен. Қайыптың жалғыз келмегенін көрген ата-анасы келінді қуана қарсы алды. «Бір баламыз екеу болды» деп жүректері жарыла қуанған қарттар жиналған ауыл-аймағына тойды бастап та жіберген. Қайыптың анасы Айсұлу етегіне сүрініп, көзінің жасын сүртеді. Көптен күткен келінін көргесін көкірекке сыймаған шаттық сезімі сыртқа лықсытып шығарған қуаныш жасы. «Ақ түйенің қарны жарылды» деп, Қорабай сол күні-ақ бір бойдақты жығып салып, келіннің бетін ашқан.Беташардан соң ата салты, ел жоралғысымен тойға жиналған жұрт түбіне күміс теңге тасталған неке суынан ауыз тиіп, «куә, куә, куәдүрмізді» айтып, сырлы зереңді қолдан-қолға жағалай жүгіртіп шыққан.Көргендер Ақбөбектің ажарынан көз айырмай көп қадалған. Айдай аруға қол жеткізген Қайыпқа риза. «Баяғыдан бері аңсары ауып, ауылға тұрғызбай жүрген осы сұлудың дерті екен-ау» деп тамсанысады. Серінің сүйгені сондай-ақ болар. Бұндай қызды жер түбінен жалғыз атты Қайыптың алып қашуы кейбіреуге көзсіз ерлік көрінді. Кейбіреу кедей жігітке көркем келіншекті көпсінді. Әйтеуір бей-жай қалған біреуі жоқ.Ақбөбектің даңқы айналаға тез жайылды. Айға дейін кісі аяғы басылмады. Аяқ жетер жердің адамы келінді көруге асықты. «Мың естігеннен бір көрген артықты» білетін қазақ үйде тыныш жата алмады. Әсіресе, қызба, керауыз, сөзуар қатындар жас келіннің жүріс-тұрысын сынап, аузынан шыққан әр сөзін аңдысып Қорабайдың құжырысына үйір.Сондай бір усойқы қатын келіннің қашып келгенін бетіне басып бір ұялтпақ болып: – Кәнеки, енді келіннің жасауын көрмейміз бе? Сандығын ашыңдар біреуің – деп қасындағы қызық құмар қатындарға көз қысқан. Ақбөбек айыр тілді аяр қатынның аңдаусызда жанды жерінен аямай шағып алғанын ауырсынса да айылын жимады.– Қашып кеткен қыздың ат сауырына сары ала сандығын өңгеріп жүргенін қайдан көріп едіңдер? Онан да мен әкелген бір дорба дау бар. Соның аузын өзің шешіп, қатындарға тең бөліп, үлестіріп бер!От тілді, орақ ауызды ожар қатын жым болды. Осыдан соң кім де болса Ақбөбектен аяғын тарта сөйлейтін болды. Ақбөбектің азулы қатынға қайтарған ұтырлы жауабы Айсұлудың айызын қандырған. Келіннің ажарына ғана емес ақылы мен айбарына да көңілі бітті. Ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермейтін адуын қатынның аузына құм құйғаны Ақбөбектің атағын одан әрі аспандатып, сол күні-ақ ауыздан-ауызға тарап кеткен.Қыс бекіп, суық үдегесін ғана кісі аяғы саябырсып, үй-іші өзді-өзі боп оңаша қалып еді.    Қайып сақал шыққан сақа жігіт болғанмен от басында ойнақы да ерке. Ата-ананың алдында ойын баласындай. Жалғыздықтың әсері ме, олар да оны кезек өбектеп, жас балаша шолжаңдатады. Екеулеп ортаға алып еміренеді.Қайыптың бірге туғаннан ұзатылған жалғыз апасы бар еді. Өзінен бұрынғы ағалары жасында өліпті. Баласы тұрмай, зәрезап болып қалған әке-шешенің Қайыпқа дегенде шығарға жандары бөлек. Әпкесі де «келін әкелді» деген хабар құлағына тигесін құм ішінен артынып-тартынып келіп, бір жұма жатып, жастарды қызықтап қайтқан. Естирақ боп қалған ұлын «жұмсарсыңдар» деп әкесінің үйіне тастап кетті.Ақбөбек келгелі от басының қуанышы көбейіп, қызығы молайған. Өзара қалған кездерде де үй іші жадырасып, жарқын күлісіп, жымыңдасып отырады. Көздерінде қуаныш оты қаулайды. Қос ғашықтың сәтті күндері мен тәтті түндері шат күлкі мен шалқыған сезімге толы еді.Бұл кезде ел іші айттырулы жерін тастап қашқан Ақбөбек жайынан тегіс құлақтанған. Ауыл арасы әңгімесіз бола ма? Алып-қашты қауесет өрттей қаулап, бірден-бірге ұласа, ұлғая келе, түрлі реңк алып, әлденеше құбылып, әрқалай пікір туғызып жатты. Көпшілік жиналған жерде Ақбөбек аты ауыздан-ауызға көшіп, әңгіме араның ұясындай гулейді. Біреулер: «Біреудің қалыңы өтеулі қалыңдығын азғырып, абыройын төкті» – деп Қайыпты кінәласа, енді бірі: «Қыспаған көтте бәле бар. Бәрі қыздың өзінен» –  деп Ақбөбекті айыптайды.Бойжеткен қыздары барлар бата бұзып, ата-ананың алғысын алмай, қарғысына қалып қашып кеткен Ақбөбекті сөкеттеді.«Беті жылтыраған, ақылы қысқа ұрғашының несі таңсық? Ол жаққа  аттап басушы болмаң!» – деп қыздарына Қорабай аулына баруға тыйым салды.Тіпті өз руластарының да Қайыптың бұл үйленісіне үрке қарап, үйіне жоламай кеткендері болды. Тышқақ лағы жоғалса да тайлы-тұяғымен іздеп тапқанша тыным таппайтын қазақ қалыңы төленген қалыңдығын қайдан сұраусыз тастасын. Табатыны, бұл тойдың       соңы дауға айналатыны анық. Осыны сезген ауылдас, аралас-құралас адамдар да бір дүлей дауылды үнсіз күткендей үйді-үйінде тым-тырыс тың тыңдап қалып еді.Қорабай қобалжулы болатын. Әйтсе де, қауіп қылғандай қыз артынан жуық арада қуғыншы болмады. Ақ түтек боранын ала келген қатты қыс мал-жанның есін алып, басқа қайғының бәрін ұмыттырып жібергендей. Томаға тұйық ұлу жылының аяғы ұшына, ұйтқи борасындатып, маңайын ықтыра, ысқыра келетін жыланың да жақындап қалған. Қараша ауылды қаһарлы қыс құрсауға алып қинап жатты. Үсті-үстіне сыбай жауған қалың қар айналаны ақ сеңсең тонымен айқара қымтап жауып тастаған.  Ақ шұнақ аяз тысқа шықсаң бетті үсітіп, берекеңді алады. Ара-арасында жылт еткен күн көзінен жіпсіген қар қас қарая сықырлай қатып, омбы қардың бетін жылмиған төрт елі мұз жапты.Болат тұяғымен тұтасқан шөлмек мұздың қабырғасын қақырата теуіп, қар астынан шөп жұлған жылқы жарықтық болмаса, ойсылқара тұқымы жалпақ табанымен жер баса алмай, тайғанақтап тұрып қалды. Бауырын сызған сере қардан ықтырмадан қарыс қадам ұзай алмай, қой баласы шуласты. Ешкі байғұс төрт аяғы ерең-серең етіп тұяғы тоңып, бойы мұздап, көздері бозарып, тырапай асып жатты. Қарлы даланың үсті қарайған өлімтікке толып, жемтік аңдыған қарға-құзғын көктің жүзін жауып кетті. Шөкесінен жатқан күйі қатып қалған түйе мен ұсақ-жандықтың шеті жоқ. Түн баласы ұлыған қасқыр елдің зәресін алып, ауыл іргесінде өріп жүр. Шоқтай жанған көздері қараңғы дала қойнауынан қып-қызыл боп шырақтай жылтырайды. Төбеден тәңірдің қаһары қалтыратып, төменнен ит-құс, қарға-құзғынның шуылы шаршатқан ақ сіреу дала ай астында азалы күй тартып жатқандай.Осындай қатты қыстан соң күн жылтырап көктемнің көгілдір шәлісі желбіреп көкжиектен қол бұлғағанда ел есін жия алмай, есеңгіреп жатқан. Қырда қырылған мал, үсіген малшыда есеп жоқ.Шығыны мол  болған ауылдар айтарлықтай жұтап қалған.Қорабайдың малы санаулы. Қыстай Қайып, жиені Қыстаубай үшеуінің бағып-қаққаны сол аз ғана жандық пен үш-төрт мойнақ. Сондықтан бұл үйдің мал басы қыстан аман шықты.Қатал қыстан көп зәбір көрген жұрт қуанышты еді. Күрт жылынған күн жерді қардан мұрсатта аршып, ызғардан ада қылған. Қар астында бұғып жатқан бәйшешек бас көтеріп, дүркіреп көк қаулап шыға келді. Құм іші қызылды-жасылды боп шоқтай жайнап кетті. Мал аузы көкке тиіп, қой төлдей бастады. Ауыл маңы азан-қазан. Қой сауу, қозы салу қыз-келіншектердің күнделікті жұмысы.Ақ білегін сыбанып, ақ жібек орамалдың шашағын төгілдіріп Ақбөбек те қой сауысады. «Байдың қызы едім» деп кекіреймейді. Торғын көйлектің етегін жиырып, бір шетін түрме белбеуге қыстырып, бешпентінің жеңін түріп алып, іске кіріседі.Қойды қосақтап сауады. Ауыл-елдің аузына алғашқы уыз тиіп, сап-сары бал татыған ірімшік қара қазанда бұрқылдап қайнай бастады.Сырлы зереңдерге қойдың қоп-қою қойыртпағы да құйыла бастады. Аузы аққа тиген ауыл кешегі көк сіреу мұз құрсаған қыс қыспағын ұмытқысы келіп, жаңа шыққан жайдары жазға ұмсына түседі.Жер аяғы босанғалы ауыл іргесін жүргіншілер жол қылған. Азығы таусылып, қаптың түбін қаққан үйелмендерден үшеу-төртеу бірігіп, түйе тіркеп, қала шығып жатқандар да бар. Қыстай келінді қызықтап төрі қонақтан босамаған Қорабай үйінің де түйір дәмі таусылып, қаптың түбін тықырлатып отырған. Қалашыларға Қайып та қосылды. Қасына Қыстаубайды жолдас қылды.*  *  *Қайып пен Ақбөбектің жыры Маңғыстаудың ойы-қырын аралап кетіп еді. Кедейлердің де кектейтіні сол. Қашқаны қашқан, құм ішіне жасырынған қоян құсап тып-тыныш, тықырсыз жатса бір жөн. Соңдарынан қап-қап сөз, көрінгеннің құлағын қажайтын қора-қора аңыз ертіп кеткен жоқ па? «Күйеуі кім екен, қалың берген?» – деп қадалмай ма қысыр әңгімеге құмырсқадай құжынасатын сөзқұмар қазақ. Қалжыңы жарасқан нағашылы-жиенді біреулер: «Өздеріне со керек, бәлем. Батыр Бегей жақсы қылыпты» – деп шаптарына шоқ тастаса, ашу-аразы бар ағайын: «Қап, бәлем. Итбайдың бозымбай баласына сұлу қатын қайда?! Серімен ала жаздай серуен құрғанда ай қарап, жұлдыз санап жүрді дейсің бе? Ойнап-күліп қойған-дағы. Сосын қашпағанда қайтеді?!» – деп, Кедейдің терісін қан шығармай іреп-сойып жатқан шығар.Қалай да Қаражігіттің тулауы тегін болмады. «Сүйекке таңба, даңқымызға дақ түсіртпеймін. Ол дүзіқараны өзім барып, шашынан сүйреп алып келем!» – деп тепсінгенде, терісіне сыймайтын тентек інісінің ызалануы негізсіз емес.«Мейлі, Бегейдің босағасынан алып келу керек. Өлсе, Кедейдің есігінде өлсін!» – деп түйген Итбай да. Әйтпесе, айттырулы қатындарын көлденең көк аттыға мінгестіріп қоя берген қансыз, арсыз Кедей аты қалар ма?!Сондықтан ол Қаражігіттің сөзін құптап: «Алдыңнан жарылқасын! Ағаңның арын арлап, руыңның туын жықпаймын десең, қолыңды қақпаймын. Барып, Бегейде кеткен кегімізді қайтар!» – деп батасын берген.Осы сөзден соң Қаражігіт бір сәт те аялдауды жөн көрмеді. Кілең білекті, жүректі жігіттерден қол жинап алды да сойылдарын сүйретіп, Самға қарай жөнеп кетті.* * *Қаражігіт қолынан қаруы түспеген барымташы батыр еді. Оның атын естіген еркектер тіксініп, әйелдер сескеніп қалушы еді. Өзі мерген, өзі балуан Қаражігіт ағайынның айбары. Айтқанынан қайтпайтын мерт мінезін білетіндер оның жолына тұрмақ түгілі, көзінің қырына ілінбеуді ойлайтын. Өзгені өзінің мысы басып, құтын қашыратынын көрген сайын оның да қайраты бойына сыймай, есіріп кететін. Біреудің бітпеген дауын сатып алып билік құрып, көнбегенді күшпен ықтырып, ыңғайына бұрып алатыны да бар. Соны малданған айналасы да дандайсып, Қаражігітті арқа тұтатын. Омырауы есіктей дырау жігіттің шын аты ұмытылып, шым қара өңіне орай бейтаныс ел  Қаражігіт атандырған. Осы атаудың өзінде бір шойын қара күш жасырынып жатқандай өзгелер одан ығыса жүретін.Әке-шешеден ерте жетім қалып, Итбайдың есігінде ержеткен жігіт өсе келе сойыл соғарына айналған. Панасыз баланы бауырына тартып, жастай шаруаға баулыған Итбай оның отты жанарынан көп нәрсе аңғаратын. Өз балалары Қоштай мен Есберген жуас, болбыр. Жетім баладай шалымды емес. Күшігінен асыраған иттей қолында өскен өткір баланың өз қатары арасында күші басым, сөзі үстем екенін байқайтын. Момын, босалаң балаларынан гөрі көбіне сөзі өтімдірек, қолы батымдырақ жетім баланы жұмсайтын. Қақ-соқпен ісі жоқ балаларының кісіде кеткен ақысы болса кіші де болса алып беретін айбатты жасқа көңілі толатын. Келе-келе ол иесінің ыңғайын танып, айтқанына үретін адал иттей осы үйдің қорғанына айналған. Қай іске де тындырымды, ылдым-жылдымы мол, батыл, жылпыс, тентексоқ жігітті Итбай іштей жек көрмейтін. Ол тұрғанда малы түгел, шаруасы бітік. Айтқызбай істейді, айтақтамай тістейді. Бұл жолы да ағасының жоғын іздеп кеткен Қаражігітке Итбай ырза.Есберген «есемді қайтарам» деп елірген Қаражігітке ермей қалды. Кейде тіпті оны қуып жетіп, «Кейін қайт! Маған Қайыптың қатынының керегі жоқ!» деп, орта жолдан кері қайтарғысы да келеді. Бірақ, бетіне таңба түсірген Бегейдің бас бұзарлығын қалай жазасыз жібермек?! Бір есептен Қаражігіттің бұл ісі дұрыс та сияқты. Бүйтіп бұға берсе, Кедей кімге келемеш болмайды? Есбергеннің есесі кімде кетпейді? Ертең-ақ жатқа жем, көпке келеке, жұртқа күлкі, сыртқа сөз болмай ма?!Осы ойлар мазалаған сайын Есбергеннің еңсесі түсіп, басы салбырап кетеді. Өзін менсінбей, жалғыз атты жарлы-жақыбайға еріп, жатқа қашып кеткен қалыңдығының қыжылы, опасыз қылығы тағы бар. Қыздың қорлығы, Қайыптың зорлығы есіне түскенде, Қаражігіттің қасына еріп кетпегеніне өкініп те қояды.*  *  *Ақбөбектің аяғы ауыр еді. Өзі соңғы кездері шым-шытырық түстер көріп, көкейіне бір жамандық қашып, мазасызданып жүрген. Оның үстіне бір көзі қоймастан тартып, жайсыз хабар сездіргендей еді. Іштей қала шыға кеткен Қайыпты ойлап қорқатын.  Төркін жұрты ендігі ұмыттыға жорып жүрген. Есбергендерден де сес жоқ. Сірә, өзін өлген мал, шіріген жұмыртқа санайтын болса керек.Ертесіне қой сауып отырып, бір топ аттыға көзі түскенде, жүрегі атқақтап, аузына тығыла берді. Ақбөбек бұның тегін жүріс емесін сезді. «Қуғыншы болмасын!»Ат үстінен әкіреңдеп, қарсы жолыққанның бәрін бас-көз демей төпелеп, қамшымен шықпыртып, кеудесі күптей бір қара кісі ысқыртып келеді екен. Қимылы жаудың қылығы. Ақбөбектің бұрын көрмеген адамы. Соңында он шақты жасағы бар. Аттары алқынып, танауларынан  будақ-будақ  дем шығарады.Әлгілер Қайыптың үйін қоршай тұра қалысып, қамшымен үзікті сатырлатып сабай жөнелгенде, Ақбөбектің көзінен ыстық жасы ыршып кетті.«Жау екен ғой! Қасқа болдым-ау! Қуғыншы екен!»  деп егіле берді.Үйден қалбалаңдай жүгіріп шыққан Қорабайдың басына қамшы жауып кетті. Қаражігіттің тізгініне жабысып, тілге келмек болған қарттың басын қорғасын өзекті дойыр жарды. Самайынан қып-қызыл қан жылымшылай аққан күйі ауыр соққыдан белі бүгіле берді. Арқасына үстемелей тиген қамшыдан терге жидіп тозып тұрған тері кеудеше тілім-тілім боп, дар-дар айырылды. Бетін қан жуып кетті.Таяққа жығылған шалын көріп, дауыс сала ұмтылған Айсұлу отағасының үстіне өкіре құлады.Аттылар аңыраған ақ жаулықтыға бұрылмады. Анадайда біраз қойды иіріп, қосақтап сауып отырған қыз-келіншектерге қарай салды. Жаны мұрнының ұшына келген Ақбөбек қосақтың түбіне бұға берген. Ат тұяғы құлағын жарып барады. Опыр-топыр топ төбесінен ойнақ салғандай қалшылдап кетті.– Қайда, кәне?! Қайда әлгі қашаған қаншық?! Шық бері, жаныңныңбарында! – деген айқай дәл желке тұсынан естілді. Қатты дауыстан үркіп қозғалақтаған қой бір-біріне тығылысып, топ-топ болып, ұйыса қалған. Қасындағы қыз-қырқын зіркілдеген зәрлі кісінің тегін жүрмегенін түсініп, шетке сытыла берген.Ат үстінен ақырып, аяқ астынан аспаннан түсе қалған әзірейілдей елдің зәресін ұшырған Қаражігіт ұйлыққан қойды қамшымен жасқап, бытырата бастады. Ақбөбек өзіне таянған тықырдан қайда қашарын білмей, қой бауырына тығыла түсті. Тұяғымен жәншіп, жанын көзіне көрсеткен қойлардың тыпыршығанына да төзді. Дыбысын шығармау үшін жағын тістене берді.Топырлаған қойдың үстінен тұс-тұстан төне тінткен қырағы көздерге шоғырланған малдың жыпырлаған тірсегінің арасынан көксауыр етіктің қып-қызыл қонышы оттай басылды. Аттан сыпырылып түсе қалған қуғыншылар қой қосағын асығыс ағыта бастады. Ақбөбек көзін тарс жұмып алды.Бүркіт шеңгеліндей қажарлы саусақтар желкесінен бүре жоғары көтеріп, көжекше қалтыраған келіншекті қой арасынан суырып алды. Қасақана қыса түскен қысқаштай қол Қаражігіттікі еді.Ақбөбек даусының қалай шығып кеткенін де сезбей қалды. Айласы таусылып, амалы құрыған қауқарсыз жанның ащы айғайы айналаны жаңғырықтырып жіберді. Шарасыздан қос қолымен құрсағын қорғаштай берген. Соның арасынша көзінің оты жарқ етті. Күре тамырдан тиген соққыдан есінен танып қалды.Көзін ашқанда, жерде жатыр екен. Кешегі қара кісі отты көздерін  өңменінен өткізе қадап, қасында отыр. Оның әлдекімге дауыстап сөйлегенін көзі көріп жатса да шыңылдаған құлағы естімейді. Аузына су тамызбақ болған балаң жігіт басын сүйеген. Ақбөбек аузына құйған сұйықты ықылассыз жұта берді.Енді бір уақ біреудің алдында өңгеріліп келе жатқанын бажайлады. Қатты жүріс соғып тастаған. Жансыз тұлып сияқты. Көзін ашса, көретіні – дөңгеленген көк ала жер. Мұрнына балауса жусан иісі келеді. Манағы жылымшы су жүрегін кілкітіп, ақтарып құсып келеді. Аш қарынға ашулы мысық түсіп кеткендей. Лоқсыған сайын іші-бауырын аямай тырнап жатыр. Бөбектің басы айналып барады. Шулаған құлағы тарс бітеліп, қайта ашылғанда, ат тұяғының дүсірі, үзеңгі-шылбыр шықылы үзіліп-үзіліп алыстан талып жеткендей болады.Түн бе, күндіз бе? Таң ба, түс пе? Белгісіз. Қарауытқан көз жанарының түбінен түрлі-түсті от шеңбері жарқылдап, жанып-сөнеді. Торсықша домаланып ат бауырына допша соғылған басы жұмысынан жаңылып, жадын қайта жоғалтты.*  *  *Көкпарға тартылған лақтай іргеге дүрс еткізіп тастай салған Ақбөбектің жүзіне ешкім үңілмеді. Өздерінің намысын аяққа басып, бата бұзып, асығымен қашып кеткен келіндеріне Кедейлер кекті еді. Әлдеқашан біреудің босағасынан басын сұғып, табалдырығынан аттап, беті ашылған қатынның соңынан сонша уақыттан соң  қуып барып қайтарып  әкелген де сол кек.«Қыз қашты!» деген хабар бұлардың құлағына жеткенде, ел қыстауға орнығып, қарбалас қыс қамына кірісіп кетіп еді. Қарлы жаңбыр үсті-үстіне жауып, зәрлі боран үдей түскен. Кедейлер қапы ұрып, сандарын соғып қалған.Малды-жанды ауылдың ер-азаматы ереуілдеп тұщы етіне ащы таяқ тигендей еліріп, бірден атқа қонбақ та болған. Онда да осы Қаражігіт қасына қол жиып, дүрліккен. Қайрат көрсетіп, «Қанға тартпағанның қары сынсын» деп қолына қару алған.– Басындырмаймын! – деген ол көзі қанталай құтырына сөйлеп. –Бауырымның намысын аяққа бастырар жайым жоқ. Кәне, Кедейдің арын қорғар қайсың  барсың? Ер соңымнан! Еркек болсақ, елдігімізді көрсетейік! Қашаған байталды құрықтап қайтарайық үйірге. Қалыңы өтеулі қатынымызды Бегейдің қаңғырған етікшісіне беріп қойып, елдің бетін қалай көреміз?!Дегенмен, бұл әрекетті үлкендер құптамады.– Жаз шығып, жер аяғы кеңісін. Қоя тұрың. «Байтал түгіл бас қайғы!» Мына суықтың сылайы жаман. Сендер қуғыншылап кетсеңдер малға кім ие болмақ? Ит-құс көп. Онан да ана жылқыға барың. Қатын жетер жеріне жетіпті ғой. Енді қайда барар дейсің. Мына қыстан мал-жан аман шықса, оны да Бегейдің аулында бұлғаңдатып қоя алмаспыз. Жалғыз атты жарлыға кегімізді жібермеспіз! – деп тоқтатқан қарулы топты Кедей кеңесі. Қаражігіт сөзінде тұрды. Қыс өтіп, қар ерісімен жолға әзірленді. Қасына қажарлы, қарулы жігіт жинады. Қыстай өзіне қосшы болып, қалың жылқыны қар төсеніп, мұз жастанып жүріп қыстатып шыққан оқсаулы он жігітті соңына ертті.Бет алысы – Сам* құмы. Салт аттылар суыт жүріспен Жарқұдықта отырған Қорабай аулына жеткенде, Қайып елде жоқ болып шықты. Өлімші қыламыз деген өшпендісі қолға түспеді. Өкшесін бұлардан бұрындау көтеріпті. Қалашылап, Бесқалаға жүріп кетіпті. Қапыда қалған Қаражігіт Қорабайды ұстап, дойырмен сойып салды. Баласының өшін әкесінен алды. Ауыл үстінде ат ойнатып, қауқарсыз үйдің басына зобалаң туғызды. Елге жоғын түгендеп, жеңгесін алдына өңгеріп оралған. Өз міндетін өтеп, мойнына алған жұмысын атқарып, ағасының қатынын қолына ұстатқасын көп кідірмей, қайта малға жөнелген. Басқаға аса сене бермейтін қожасы соны қалады.Жолымен жүрмей, жатқа күлкі қылып кеткен келіннің келгеніне Итбай үйі қуана қоймады. Айыпты келінді кіржиген қабақпен  қарсы алған үлкендер үйге кіргізуге асықпады. Ақбөбек сол аттан түсірілген жерде, іргеде жабу үстінде қала берді. Арада екі-үш  күн өткен. Ел емес пе, бұл көрініске көңілдері көншімеген көпті көрген қарттар:– Ит тиген аяқты да адалдап алатын едік қой. Бұл адамның баласы емес пе?! Келімді-кетімді кісі бар. Ертең біреу-міреу көрсе, күлмей ме? Бүйтер болғасын барған жерінен барымталап несіне әкелдіңдер? Бұның қылығын дұрыс демейміз. Жастықтың желігімен бір білместік жасаған шығар. «Сүрінбейтін тұяқ, жаңылмайтын жақ бар ма?» Мына істерің ұят! Бұл келіннің ендігі күтімі Бегейге емес, Кедейге сын! Бір қисықты түзетіп, қатарға алып, бір асауды үйретіп, үйірге қоса алмасақ елдігіміз қайсы?! – деп реніш білдірген.Итбай ессіз кісі емес еді. Келіннің екі-үш күн бойы бұралқы иттей бұратылып, ас-сусыз іргеде жатып қалуы оның да ұятын кеміріп жүрген. Қариялар кеткесін кемпіріне қарап қабақ шытты: –Босағаңа келген бөтен кісіні де төріңе түнетесің ғой. Бұл бөтен емес, өз келінің емес пе? Осыны ел айтпаса, мен айтпасам, білмейсің бе? Бар, өзің әкеп кіргіз келінді үйге!Кемпір үндемегенмен үйдей ренішін ішке бүгіп, келінін көтергендей қылып, сүйрей-мүйрей есіктен алып кірді де табалдырықтан аттасымен «сенің орның осы!» дегендей тулақша бір сілкіп босағаға тастай берді.Есберген әкесінің сөзіне іші жылып қуанғанмен, шешесінің қылығын көріп күйзеліп қалды. Ақбөбек келгелі көңілі күпті болып, көкейіндегі бар ашу-ызасы тамағына кептелгендей түйіліп: «Қалай өш алсам екен?!» – деп бойын буған кек қайнап, қабағы ашылмай жүрген. Бірақ, бір беймәлім күш қол-аяғын жіпсіз байлап-матап қойғандай, қасына барғызбады. Анадайдан орағытып өтсе де, Ақбөбектің ауыр халін алыстан сезіп, арқасына аяздай батып, біртүрлі аяп кеткен. Күндіз кісі көзінше маңайлай алмаса да, қыбырлаған құмырсқаға қиянат қылып көрмеген бауыры жұқа, жүрегі жұмсақ жігіт өзіне тиесілі жанның иесіз малдай іргеде жатқанына қынжылатын. Әке-шеше жылы қабақ танытпағасын бұл да қасына жолай алмаған. Жақын барып, жайын білмесе де, күндіз қозғалақтап, қинала ыңыранып жатқан келіншекке іштей жаны ашып: «Қайыппен қашып кетпегенде, бұның бірін де көрмес едің» – деп өзінше өзегі өртене өкініш білдіріп, аяушылық танытып қоятын.Сол келген күні-ақ Есберген түнде түзге шыққан боп Ақбөбектің қасына барған. Келіншек тіздеулі тайлақтай шөкесінен түсіп, үнсіз жатыр екен. Қолы байлаулы. Содан да қалаған жағына қисая алмай қиналатын сияқты. Есберген бұдан әріге шыдамады. Қолын буған қыл арқанды жанындағы бәкісімен қиып жіберді. Жіптен босап, жаны жай тапқан Ақбөбек бір қырына сылқ ете түсті. Аунап түскенде күміс жамбыдай аппақ жүзі ай жарығымен жарқ ете қалды. Күн жылынғанмен түн әлі салқын еді. Бұның тықырынан оянып кеткен Ақбөбек көзін ашып алды. Өзіне тонын жауып, үстін қымтап жүрген жігітті көріп, су сұрады. Қызуы көтеріліп, таңдайы құрғап жатқан. Жігіт жүгіріп барып, саптаяқпен сусын әкеліп ұсынды. Қымыз екен. Жусан дәмі шыққан саумал қымыз. Ақбөбек ыдысты сарқа сімірді. Тыныс алмастан тауыса ішті. Көзінен жас бұрқ етті. Жауша байлап әкелген жұрттан жақсылық күтпеп еді. Жаңылысыпты. Бұл босағада да жанашыр жан бар екен!*  *  *Келінінің томпайып тұрған құрсағына көзі жұрттан бұрын түскен ененің іші жылымай-ақ қойған. Баласының мойны босап, қасына барғыштап жүргенін байқап, ит жыны келді. Үйге әкелісімен  біресе сусын беріп, біресе тағам ұсынып, бәйек болғанына қаны қайнайды.«Бозымбай иттің біреудің  буаз қатынына не аузының суы құри қалды осы? Беті жылтыраған ұрғашының алды-арты осы дей ме екен? Қайта қамшының астына алып, сойып салмай ма, дос-дұшпанға көз қылу үшін де болса. Өй, соры қайнаған сабаз! Бұл түріңмен бай болып, не келістірермін дейсің? Ішіне әлдеқашан бөрінің бөлтірігін салып алып, тымырайып жатқан сайқалды төңіректей берген несі-әй, жасық иттің? Көзін байлап, көңіліне құрт боп түскені ме келмей жатып? Еркектің есін аударып, басын дуалап алатын жәдігөй болып жүрмесін бұл жүзіқара! Ойбай-уй, енді қайтейін! Ел-жұрттан ұят болды-ау! Ең болмаса ащы даусын бір естімеді-ау құлағын түріп отырған қоңсы-қолаң. Ертең-ақ өзі жүріп-тұруға жарап, үйден кіріп-шыққасын кім көрмес дейсің бұл қарбашаның томпайған қарнын? Көзін шел қаптап, көңілін жел қаққан мына менің әумесер балам болмаса. Бұл байталды елді шулатып несіне әкеліп жүр екен өңкей жарымес құрғыр. Масқара-ай! Бетім-ай!»Кемпір осының бәрін ойлап, қаралай күйініп, іштей тынады. Бос белбеу баласына да, ашуы тарқап, жадырай қалған отағасына да таң. Наразылық танытқанмен, шалынан сескеніп, келінге туралап тиісе алмайды.Үй ішін осындай пұшайман күйге түсірген Ақбөбек әзір бұның бірін де білген жоқ еді. Иә, Ақбөбек екіқабат болатын. Бойына біткен тұңғыш перзенттерін Қайып екеуі тағатсыздана күтіп жүрген. Тек екеуі емес Қорабай мен Айсұлу да мәз еді. Келінінің жерік екенін білгенде, қатты қуанған енесі үйдегі құрт пен майды аузына ұстап, сақтаулы сары сүр, дәмді шұжықты асып беріп, асты-үстіне түсіп жүрді. Бай, бар үйлердің дастарханынан жеңсік тағам, тәтті тістейтін, өрік-мейіз, бұйра шайы да болса бұйымшылап әкеліп, келініне беретін. Ақбөбекке арқан естірмей, ұршық иіртпей, түйе етін татырмай – түрлі ырымды тергеп, қолынан келгенінше күтіп-баптаумен болды. Қатал тағдырдың аяқ астынан құйындай ұйытқып, бұндай күйге ұшыратарын қайдан білсін, сорлы ана.Күміс қасықтай, маңдайы жарқыраған, ақша жүзді Айсұлу үсті-басына қылау жолатпайтын тирақ, ауыл-үйге сыйлы, ағайынға жағымды, жұртқа жұғымды жөні түзу әйел еді. Жасында жиын-тойда ән де салатын. Әдемі, ашық даусын ел сүйетін. Кейін балалары тұрмай, уайымнан белі бүгіліп, басынан қайғы бұлты арылмай қойғасын ән салуға жайы болмады. Кешеуілдеп көрген Қайыпты Қорабай екеуі кезек шайқап, көзден таса қылмай, бағып-қақты.Кішіқолдау, қара торы, шоқша сақалды Қорабай етікшілік кәсібін көп күйттеп, «Бегейдің бестақасы» аты қалған өнерлі елдің баласы. Өзі де ептеп етікшілік қылатын, аздап ұсталығы да бар, қолы ұсынақты адам. Әйеліндей әнші болмаса да қара өлеңге қара жаяу емес. Қолынан домбырасы түспейді. Халық әндерін кемеліне келтіріп, келістіріп шырқағанда, көпті аузына қарататын шабытты шақтары да сирек те болса кездесіп тұратын. Бірақ, күйбең тірліктен қолы босай бермейтін. Қайып болса сондай қос қарлығаштың ынтымағы жарасқан ыстық ұясында көз ашқан кішкентай балапан. Әкесі әркез сол әсем саздармен ұйқыдағы ұлын тербеп оятатын. Айсұлудың әлдиі, сірә, әнсіз болмайды. Әсерлі әуенге ұйыған бөбек ана сүтіне қанғасын балбырап, қайта ұйқыға кететін. Қорабайдың қоңырқай үйі үнемі пейіш құсы шырқап, әсем әуез қалықтап тұрғандай сырлы сазға толы болатын. Бесіктегі бала Қайып сол сиқырлы әуенге қосыла уілдеп, үн шығарып жататын.Көзінің нұры, өмірінің гүлі – жалғыз ұлдан олардың аянары жоқ еді. Қос жүректің жыры, егіз-екі алақанның жылуы жас нәрестенің жанына нәзік нұр, сезіміне сұлу сыр құймай қойсын ба? Бесікте жатып-ақ шаңырақ астында шарықтаған ән әуезімен ауызданған Қайып бала кезінен  өнерге бейім болды. Өсе келе домбыра шертіп, ән сала бастағасын, «баламмен жарысып қайтем» деп салиқалы Айсұлу әнін қойған. Кейде көз көрген, көңіл тату құрбылары: «Ән салшы, даусыңды сағындық!» –  дегенде, Айсұлу: «Енді әнді Қайып айтады. Мені қолқаламаң, Қайыптың әнін тыңдаң!» – деп баласының қолына домбыраны өзі ұстататын.Әуелгіде қызықтап күлетін құрбылары, кейін қызығып тыңдайтын болды. Шыныға, ширай келе шынашақтай баланың шырқай, шалқыта салатын әдемі әндерін әркімдер естіп, Қорабай үйіне әдейі бұрылатынды шығарды. Бұрынғы құлазыған құжырасын думанға толтырған қара баласына дән ырза болған ата-анасы бар дәмін қонаққа ұсынатын. Етікші Қорабайдың елеусіз үйі бірте-бірте қыз-қыз қайнаған ән мен жырдың базарына айналып бара жатты. Қайып сөйтіп отбасынан өнер-көгімен отығып, екі арыс ата-ана мұрасын бір басына аманатқа алғандай арда өскен ұл еді. Әкесінен етік тігудің қыр-сырына қанықса, шешесінен ән салудың шеберлігіне жетілді. Әдейі үйренген жоқ. Ата қанымен, ана сүтімен бойға біткен қасиеті күнделікті өмірде көрген-түйгенімен толығып, бірсін-бірсін жанына сіңіп, зердесіне құйыла берді. Жас шыбықтай өзі өскен топырақтың құнар-сөлін өзегіне сіміре берді. Жастан қолғабыс еткен етікшілік өнері қолға машық болып өсті. Ән-жырға ғашық жүрегі әдемілікке әуес қылды. Сәндікке құмар табиғаты серілікке баулыды. Өскен сайын өн бойынан табылған сан қырлы өнері өршіп, өзіне жұрттың назарын аудара бастаған. Көп көргіш, бұқара білгіш. Ел арасына «Әнші Қайып», «Етікші Қайып», «Сері Қайып» атағы қатар тарады. Айсұлу баласының көптің бірі емес, Бегейдің бірегейі болып ержеткеніне қуанатын. Жалғызы жұрттың он ұлына татитын талапты жігіт болса, ана байғұс неге қуанбасын?!*  *  *Ақбөбектің есін жиғанда, ойына келген ілкі сұрақ: «Қайып қайда жүр екен?» – болып еді.Қайып болса жаяу аяңдап, алыста жүрген. Қашан да қазандай қайнап жататын Хиуаның базары. Құмырсқадай құжынаған халық. Аларман да сатарман. Бір бума бөз сатқандар да бар. Қалтасында көк тиыны болмаса да әр затқа құр қызығып, көз сатқандар да бар. Түйе сатушы да түйме сатушы да кезігеді. Ала шапанды сартың да, күпілі қазақ, қауға сақал түрікменің де, қысық көз қалмағың да  осында. Іздей берсең, бар керегің табылады. Ұзына бойы жайма базарды жағалап, үлкен-кіші ертелі-кеш сабылады. Арасында Қайып та жүр. Қалтасы қалың болмаса да бір-екі құлақ баулы қапты толтырып тары-жүгері, көйлектік кездеме, ұсақ-түйек керек-жарақты алды. Енді қасындағы жолдастарына қарайлап, ерте күнді кеш қылу үшін базар аралайды. Көбіне зергер-ұста, етікші-шеберлерді жағалайды. Қатар-қатар дүкен құрып, іс көрігін қыздырып, сіңбіруге қолы тимей, кәсіп қылып жатқандардың өнерін тамашалайды. Кәнігі шеберлердің қимылына көз ілеспейді. Көзді ашып-жұмғанша кебіс-мәсіні сырып тастайды. Өзі құсап өлгенше сәндемейді. Көпшілік сүйрететін жеңіл кебіс, бұқара киетін арзанқол мәсіге көп шұқшимайды. Бірлі жарым бұлды етік, қымбат кебістерін жоғарыға керілген көрме жіпке салбыратып іліп қойыпты. Оларды саудалап жатқандар көп емес. Алып көрмей-ақ, алыстан бәсін шамалап, аузын ауыртпайтын секілді. Өзіне таныс кәр болғасын Қайыптың қызығушылығы ересен. Етікшілерді жағалай жүріп, өзіне қажетті ширатпа зер жіп, жез таға, күміс бауырдақтарды саудалайды. Нәл, мыс шеге, жақсы былғары, мықты сүрік қарайды. «Базардың бәсін білмесең, қымбатын ал!» деген. Тәуірі құнды, жақсысы бұлды. Қайып қалтасына қарай сауда қылады. Керегі көп те қаржысы аз. Алғысы келген заттың ақысын төлей алмай, айниды.Қайып Қарақамыс, Көкжар, Теке базарларын да көрген. Жыртылып-айырылған түрлі жамағат жұрт. Қауға сақал қазақ-орыс, қысық көз қалмақ, бақалшы татар-ноғай, өрік-мейіз сатқан өзбек-сарт, етікші ермелі, қыдырма қақол, жөйт, сығанға дейін аузын ашқан аңғал қазақты алдап-сулап, үйтпей жеп үйренген. Қанша есемді жібермедім дегенмен қыр қазағы сауда-саттыққа шорқақ. Бәсін білмегесін бәріне жем. Айырбас сауда болғасын ұсақ-түйекке дейін, бір-бір тоқты болып, маңырап кете барады. Шай жабдығын, кездеме-шүберегін қамдап алғасын, тері-терсек, жүн-жұрқа, топырлаған тұяғынан аз күнде аққұла қол көтеріп, қалған уақытын қымыз ішіп, қызық қуып қайтқанша даңдамамен өткізеді. «Сауда сақал сипағанша» дегенді сондай қыр қыр қазағының бірі айтты-ау, сірә.Ол жәрмеңкелер – айт пен той. Жағалай тігілген ақ отау, құрылған шатыр. Бар жақсысын киіп, қыз-келіншектер сылаң қағып, жез самауырдан ыстық шай ұсынатын қонақжай төр. Ертелі-кеш бір үзілмейтін татардың сырнайы, башқұрттың сыбызғысы, қазақтың домбырасы қиқулатып күй төгіп, айналаны әсем сазға тұндырып, жаныңды жадырататын. Ойдан-қырдан жиылып жәрмеңке басында тоғысып, балуан күрестіріп, ат жарыстырып, ақын айтыстырып, өнер базарын қыздырып, өз алдына думандатып жататын көңілді топқа көп те үйір. Қайып сияқты өнерлі жастар базар аралауға емес, ән-жыр дүкенін жағалауға құмартатын. Ақ отаудың босағасы бала-шаға, үлкен-кішіден бір босамайды. Өнерлерін ортаға салған сайқы-серілер жәрмеңке басын нағыз ұлы тойға айналдырып-ақ жіберетін. Мұхит,  Молдабай, Қашаған, Ақтан, Мұрын, Қашқынбайлар жүрген жер – мереке. Әлгіндей орта өз өзінен өнер додасына ұласып кететін. Көбіне олардың арқасын қоздырып, алқаға түсіретін бәсеке-байрақ емес, халық ықыласы, көп қолқасы. Тамашаға жиылған жұрттың жан сарайы толып, көңілі тойып қалады. Айлап жатып жәрмеңке аралап, ән-жырға қаныққан қызыққұмар жұрттың алған әсері ала жаздай әңгімеге арқау болып, келер базарға дейін молынан жететін. «Қазақтың әу демейтіні жоқ». Өнері барлар жаңадан үйренген жақсы әнін, тәуір мақамын өз ауылындағы той-томалақта көпке таратып, елге жайып жіберетін. Енді қазақ даласының басқа бір пұшпағында туған әдемі әуен, сұлу саз өзге бір өлкесінде де шалқып, шырқалып, жан азығына айналып жататын.«Жақсыны көрмек үшін» деген емес пе, жаз шықса қыстай жыр болған ғажайып жәрмеңкені бір көру қыр баласының жан аңсарына айналады. Ол күндер есіне түссе әліге дейін Қайыптың да көзі жайнап шыға келеді. Бір басына жетерлік өнері болғанмен қолдың қысқалығы Қайыпты етікшілік кәсіпке көндірген. Өнер додасына білек сыбанып, біржолата түсе алмай, от басында отырып, іс қылуға мәжбүр. Бірақ, өлең шоғы көкейін қыздырып, ән тұнығы жан тұмасын мөлдіретіп жататын. Сәті келгенде домбырасын ұстап, бойын буған ән-жырға ерік беретін. Әзірге алдына түскен  адам аз.Қолы боста өзбек, сарттардың палуан күрестіріп, қошқар сүзістіріп, қораз таластырып ермек қылатыны болмаса, Бесқала базарларында ондай дырду-думан жоқ. Бұнда тіл безеп, делдалшылық қылып, күн ұзағына зыр жүгіріп тыным таппайтын тат, қарақалпақ, күпілі қазақтың етегінен ұстап, уыстап тиын сауған сарт, ұры тазыдай жылмаңдап жылтырағын бұлдаған өзбек саудасы қызады. Тәуперлі* кісі көрсе тызақтап қыр соңынан қалмайтын ділмар делдалдар Қайып сияқты қалтасы жұқа қалашыларға жоламайды. Сауданың майын ішкен сұмдар қыр қазағының сырын сыртынан ұққыш. Қаражаты тапшы болғасын  Қайып тақ-тұқ саудасын бітіріп те қойған.Жаңадан қосылған жарына жібек орамал, шешесіне термеліден жаулықтық шаршы алды. Әкесіне Бұқар ұсталары соққан қажарлы бәкі сатып алды. Жатқан үйінде жиені қалған. Оның да оразасын ашпағанын ойлап, ыстық нан, самса алып, базардан шықты. Жолдастары шаруасын бітірсе бүгін-ақ жүріп кетпек. Ақбөбегіне  асығады Қайып!*  *  *Қалашылап оралғанда, Қайыптың алдынан жай соққандай жайсыз хабар шықты. Кескен теректей теңселіп барып, ұзыннан түсіп, серейіп жатып қалды. Тіл-жақтан айырылған. Ішін ит тырнағандай тыпырлап домалайды. Өзіне-өзі келгелі өзегіне қорғасын құйылғандай іші-бауыры уылжып, қолқа-жүрегі жалын ата өртеніп барады. Қайтерін білмеді Қайып. Алып-ұшқан көңілі су сепкендей басылып, тауаны шағылып қалды. «Жолыма қарап алдымнан тағат таппай күтіп отыр» деген асылы өзі жоқта қолды болыпты.Бес ай бойы сес шықпағасын Кедейден келер қауіп сейілгендей көңілі орнығып еді. Қала шығуға да сондықтан бел байлаған. Сонда да артына қарай-қарай кетіп, ауылға алаңдаумен жеткен. Жүрегі құрғыр бірдеңені сезген ғой. Он-он бес күнде оралармыз деп ойлаған. Қасындағыларға қарайлап айналып қалды.Енді міне, ұрмай-соқпай есеңгіретіп кеткен Кедейлердің ісі ішін алай-дүлей қылып, азынатып, ақыл-есін жинатпай, жанын қинап жатыр. Ұзақ түнге сариық ауып «Сорлы болған Бөбегім-ай» деп сарнай береді. «Сенің күнің не болды екен?! Құрсағыңда тайдай тулап, жарық дүниеге ұмтылып жатқан бейкүнә шарананың жайы  не болды екен?!» деумен жаны шырқыраған Қайып таң атқанша көз ілмей шығады. Көзінен жас сорғалап егілген шешесін, басы таңулы, бет-аузы көлкілдеп ісінген әкесін көрсе, жүрегі парша-парша болып, аш бөріше аспанға қарап, ұли бергісі келеді. Ызадан жер бауырлап жатып ыңыранады. Қорлықтан қан жылай ышқынады. Жаралы жолбарыс сияқты. Қасына келгенді қауып, жанына жақындағанды жарып тастардай. Осы халден он шақты күнге дейін арыла алмады. Күн өткен сайын көкірегін күйдірген өрті бәсеңсіп, бірте-бірте қам-қарекет жасаудың жолын іздей бастады. Қарап жатқаннан қалпына келетін істің жоқтығына көзі жете түсті. Ақыры таң бозынан белін буып, бір істі ойға алған. Бұның да ел-жұрты бар. Атадан жалқы болғанмен ағайынға жарлы емес. Көппен кеңесіп көру керек. «У ішсең – руыңмен» дегенді де бұрынғылар білмей айтты деймісің. Бұл да көрінгенге кіріптар кірме емес, рулы елдің баласы.Әйелін тал түсте барымталап алып кетсе, қарымта қайтарудың жөні бар емес пе?! Аң баласы да жұбын жаудан қорғап, айбар көрсетпей ме? Бұл азамат емес пе? Ақбөбекке араша түсуі керек ғой. Қосағын қайырып алуға тиіс. Қайыптың Ақбөбексіз күні қараң!*  *  *Қайып «Белгілі Бегей» аты бар іргелі елдің баласы. Ешкімге есесін жібермейтін ер, аршаң ауыл. Бегейдің өзі заманында қазақ пен қалмақ қырқысқан қанды жорықтарда көзге түскен айтулы батыр болыпты. Оның Қозыбақ, Өмір, Темір атты тұқымдары да тұсында ерлігімен аты шыққан адамдар. Қайыптың арқа сүйері – өз аталастары аз үй Көбес, сосынғы жанашары – Бәйті және Өмір, Темір батырлардың ұрпақтары. Бірақ, арға шапса, туысы Малай, аты Бегейдің қарап қалмасы анық. Қайыптың кеңеспек боп бекінгені де осындай ойлардан туындаған. Обалы неге керек, оның «Ақбөбекті қайтарып аламын» деген сөзін ағайын-туыстарының көбісі қоштады. Қорабайдың таяққа жығылған жазасы тағы бар. «Бұған көзді жұмып, қарап отыру жарамайды» деп шешті жиналғандар. «Бұл бір Қайыпты қорлау емес, бүкіл Бегейді басыну!»«Бірақ, дәл қазір қолдарынан ештеңе келмес. Себебі, күйлі, малды ауыл Кедейлер осы уақта түп көтеріле көшіп, сонау Жем-Сағыз бойлап, Арқа асып, жаз жайлауға шығып кетті. Иен жайлауда иін тіресіп отырған Кедейлердің Ақбөбекті оңаша тастамасы белгілі. Не болса да екі-үш ай шыдай тұру абзал. Күз түсе қыс қыстауы, қара жұрт, ата қоныс - Аманқызылит, Ауыздыбасқа оралар. Ақбөбекті қайтарып алудың да сәті, бәлкім, сонда түсер» деп топшыласқан үлкендер жағы.Көп тоқтамына көнбеске Қайыптың лажы қалмады. Ағайындардың айтып отырғаны ақыл. Қайып қауқарсыздығына қапаланды. Жіпсіз байланып,  жаздың жалқау күнінің әр сәтін темірдей  төзімін тауыса тықырши өткізуге мәжбүр болды. Сарша тамыздың сағыздай созылған самарқау ұзақ сары күнін салқын сабырын сарқа түгесті. Ақ торғын шарқатын жамылып, алтын арайын шашатын әр таңды Ақбөбегін аңсаумен атқызды. «Ат арыса – тулақ, ер арыса – аруақ!» деген. Қайып адам танығысыз өзгеріп кетіп еді.Әуелде Қайыптың сөзін қоштап, шашбауын көтермек боп даурығысқан ағайыннан жеме-жемге келгенде суырылып шығып, біреуі атқа қонуға жарамаған. Күйкі тірлікте пенденің түрлі шаруасы таусыла ма? Оны-мұны сылтау қылып, сенген адамдары сапарды кешеуілдете берді. Өз отының басы аман ағайын Қайыптың жайын жете түсінбейтін сықылды. Көңілі қалған сері жолға жалғыз шықты. «Құдай – жалғыз, мен – жалғыз, басқа түскенді көрермін. Күшті болса,  көп Кедей тістер, талар. Көптігін қылып, жалғыз атты Қайыпты ұры бөріге алар. Ақбөбектен аянар нем бар?!» деп түйген. Сүйген жары үшін Сері қандай қиын іске де қайыл еді.Қорабай қолдағы жандықтың біразын сатып, баласына жарамды ат әперген. Әдемі керторы ат. Жол алыс. Жолдасы жоқ жанға қарусыз жүру қауіп. Қолына ескі серігі – қырлы мылтықты ұстатты. Жалғызды жаратқанға тапсырып, екі кәрі егіліп, соңында қала берді.Кедейдің қорлығының үстіне ағайынның ызасы жамалған Қайып шерлі көкірегін кеңге шыққасын құсадан арылтып, жүрекке толған ащы запыранды ән қылып ақтарып алғысы келді. Кеудеден зымғай шығып, көкке самғаған ащы айғайдан әп дегенде аты үркіп, жығып кете жаздады. Бұрын-соңды мұндайды көрмеген жануар құлақ түбінен шыққан зарлы үннен шошып, шылбырды үзіп жібере жаздады. Көптен көмейде кептеліп тұрған тегеурінді әуез тығыны атылған көнектегі қымырандай шашырай шарықтап, көкке көтеріле берген.Жаңғақта үйің қалды құлай алмай,Айырылдым Ақбөбектен, Құдай алмай.Қасыма еретұғын жолдасым жоқ,Келемін жалғыз қуып шыдай алмай.Қайыптың өңірін жас жуып келе жатты.*  *  *Қаратау бойын жайлаған қалың елдің ішіне келіп, Қайып бір жарлы ауылға тоқтаған. Ауылдың бір адамы Итбай үйінің малын бағады екен. Тоқабай-Кедей – аралас-құралас жатқан іргелес жұрт. Кедейлердің қашанғы қонысына жайғасып алғанын да Қайып осы ауылдан естіді. Қойшы жігітті оңаша шығарып алып, Қайып бар сырын бүкпестен жайып салды. Одан Ақбөбектің бір дерегін біліп беруді қолқалаған.Тоқабай жігіт елгезек, ақкөңіл адам екен. Қайып басындағы көпке белгілі жайдан құлағдар секілді. Өзі іштей Қайыпқа тілектестік танытып, түбі бір Тобыш баласы болғасын орайы келсе ағайынның намысын жыртысуды да көздеп жүреді екен. Әрі Итбай босағасына келгелі Ақбөбектің көңілінің пәстігін көріп, әуелгі кезде үйіне кіргізбей, далаға түнетіп, қорлағанын естіп-білгелі Кедейлерге реніші күшейіпті. Әрі сол ауылдың малшысы болғасын Ақбөбекті де көріп тұрады екен. Қыбын тауып тілдесіп, Қайыптың хабарын беруге бірден келісті. Айтқандай ол сөзінде тұрды. Ақбөбектің сәлемін тез жеткізді. Ғашығы тапсырған үш жерден түйілген бір сабақ шуда жіпті қойнынан шығарып, Қайыптың қолына ұстатты. Қайып жұмбақ жіптің шешуін: «үш жерімнен буылғанша өзіңнен күдер үзбеймін. Әуелгі сертіме берікпін» дегені деп ұқты. Сол күннен бастап Тоқабай жігіт арқылы Есберген үйінің бар жай-күйін Қайып жасырын біліп отырды.Екі күн өткесін жансызы Итбай ауылының тойға жиналып жатқанын, Ақбөбектің үйде оңаша қалатынын айтып келді. Қайып бұндай қолайлы сәттің туа бермесін бірден түсінді. Тоқабай баладан Ақбөбекке: «Тастүйін болып, дайын отырсын» – деп түнделетіп хабар жіберді.Ертесіне сәскеге таман уәделі сай тұйығында тықыршып Қайып күтіп тұрған жерге Тоқабай жігіт Ақбөбекті ертіп әкелді. Ғашықтар жылап-еңіреп көрісіп, біраз уақытқа дейін сағынысқан жүректерінің мауқын баса алмады. Екеуінің еңірегеніне сай-сүйегі сырқыраған Тоқабай жігіт те көзіне еріксіз жас алды.Босаңсыса да бойын тез жиып алған қойшы жігіт оларға басу айтып, асықтыра берді. Қиналғанда қол ұшын берген азаматқа алғыс жаудырған ғашықтар бұдан әрі кідіруге болмайтынын ұқты. Ақбөбекті атына мінгестіріп алған Қайып қайыр-қош айтып, жүріп кетті.*  *  *Ғашықтар Бостан құмының бір бүйрегін сағалап, қой бағып отырған жалғыз үйге келіп паналаған. Ақбөбектің жоқтығын кеш бата бір білген тойшылар таң атысымен тұс-тұстан із кескен. Жалғыз аттының ізін жаңылмай тапқанмен қуғыншылар қалың тұманнан адасып, жарты жолдан кейін қайтқан. Бірақ, ел ішінің сыбысына құлақ түріп, тың-тыңдап отырған Кедейлер келінін іздеуді тоқтатпаған.Осы кезде айы-күні жеткен Ақбөбек босанып қалып, Қайып амалсыздан алыс ұзай алмай, бой тасалап бұғып жатқан. Бір жұмадай аялдап, жас нәрестесін орап алып Ақбөбек белін таңып, атқа мінген. Бұл жолы Қасқыржолды орағыта, Қайдақтың сорын жағалай, Өрмеліден қырға шығып, Бесқала аспақ болған ғашықтар асығыс жолға шыққан.Ертелетіп атқа қонған қашқындар елсізге ұзап та кеткен. Арттан қуғын көрінбеді. Алдан төнер қауіп тағы жоқ. Қайып көңілді еді. «Қуғыннан аман-есен құтылдық-ау!» деп қуанған. Жас баланың жайымен әр жерге аялдап, асықпай келеді. Бала қыңқылдай бергесін бір белден асып қалың өскен бір бұтаның түбіне тағы ат шалдырмақ болды. Ақбөбек сәбиін емізіп, арқайын отырған. Қайып атын отқа жіберіп, әнге салды. Іштегі алай-дүлей қуаныш сезімін ірке алмай бірінен соң бірін шарықтата шырқап, күзгі даланың құшағын әуенге толтырды. Айнала бұйрат-бұйрат құм төбелер. Тырс еткен дыбыс жоқ. Маңайдың ұшқан құс, жүгірген аңы да тырп етпей, Қайып әніне құлақ түріп қалғандай. Жел де тынып, аспан да көздің жасындай мөлдірей тұнып тұр. Тымық күндері түстік жерден естілетін даусы дұшпанға айғақ боларын ақкөңіл әнші абайламады. Өзі салған әннің өздерін ұстап беруге себепші боларын да сезбеді. Соңдарынан өкшелей қуғыншы шыққанын да білген жоқ.Қаражігіттің жарау қолы дәл осы сәтте жотада жол тосып жатқанынан да бейхабар еді. Құлағы қиядағыны шалатын Қаражігіт айдаладан аңыраған ән әуезіне селт еткен. Тым алыстан емес жақын маңнан шығады. Оның елең еткеніне көзі түскен қосшылары да құлақтарын тіге қойған. Апыр-топыр аттарына қонды. Қимылы шапшаң Қаражігіт жолдастарын соңынан шұбырта шапты. Олар да атқа аямай қамшы басып, құйғытып келеді. Бәрі де қарулы.Алаңсыз отырған ғашықтар ат дүбірін төбе басына топырлап шыға келгенше естімеді.

  • Ойбай, анаң қара! – деген Ақбөбектің үрейлі үні Қайыптың оттай

шалқып-тасқан көңілін су сепкендей басқан. Қапелімде қаруына жабысып, атын ұстай берген.-Сен осы бұтаның түбінен басыңды көтерме! Байқай қоймас. Мен қайтып келгенше, күт! – деді де тұра шапты. Қуғыншылар ағыза шапқан Қайыптың алдын орай кеңнен айнала қоршай берген. Қайыптың ойы қуғыншылардың  назарын өзіне аудару еді. Қауіптің бетін Ақбөбектен алысқа әкету. Сол күйі құладүзге лаға сілтей берді.Өзіне бір шұбар атты құйрық тістесе таяп қалып еді. Қайып амалсыз мылтық атты. Қуғыншы да қаруға жармасты. Ат үстінен тарс-тұрс атыс болды. Бір өкшесі тыз ете қалды Қайыптың. Қайырылып, құрық тастам жерге жетіп қалған Қаражігіттің атын көздеді. Мылтық гүрс еткенде, ол аттан ауып түсті. Қайып болдыра бастаған атын борбайлап шығына берді. Аты оққа ұшқан көсемдеріне қарайлаған Кедейлер тізгінді тарта берген. Қайып қара үзіп кетті. Жеткізбесін білген Кедейлер ат басын кейін бұрып, әр бұтаның түбін сүзіп, тінткілеп жүріп, Ақбөбекті тез арада тауып алды. Белі қатпаған әлсіз келіншекті түйгіштеп ауылдарына айдап әкетті. Ауылға әзер жеткен Ақбөбек аяусыз соққыға жығылды. Көк ала қойдай болып, талықсып қалды, сорлы ару. Шырқырай жылаған шаранаға қарауға дәрмені жоқ еді. Ісініп-күбініп кеткен бет-аузы күйіп-жанып, денесі от боп қызып, сандырақтап жатқан. Кішкентай ғана жанды түйіншекке ешкім жоламады. Жылай-жылай даусы қарлығып сәбидің үні шықпай қалды. Қарны аштығының үстіне қараусыздық қосылып, жөргегі ылғалданған бала қалшылдап тоңа бастады. Бойын суық алып, аштықтан әлі құрыған нәресте ақыры сілесі қатқан күйі көз жұмды.*  *  *Айтысқан айрылмасқа құшақ жайып,Бөбек-ай, бастан дәурен болды-ау ғайып.Ұрысқа жауыздармен жалғыз түсіп,Оқ тиіп өкшесінен жатыр Қайып, – деп өкшесін оқ жанай өткен Қайып күңіреніп, елсізді кезіп, күнді батырғасын ізінше кейін оралған. Тастап кеткен жерінде әйелі мен баласы жоқ болғасын ұсталғанын түсінді. Топ аттының сайрап жатқан ізімен жүріп отырып, анадағы өзі паналаған Тоқабай жігіттің үйіне түсті. Хабарға содан қанды. Ақбөбекті айдап әкеліпті. Келгесін соққыға жығылған. Қараусыз қалған баласы шетінеп кетіпті. Қайыптың ауылына қайтқысы келмеді. Күндіз тау-тас кезіп, аң аулайды. Түнге қарай Есберген аулын сыртынан торуылдайды. Аяулысынан қапияда айрылған Қайып қамығулы еді. Тағдырдың тар қапас жолынан алып шығар амал-айла ойлайды. Жар ғашығының жүзін көргісі келіп, зарығады. Зарығып жүріп ауылдан аулақтау шығып, айғайға басып, ән салады.Екі-үш рет хабаршы жіберіп, Ақбөбекпен жолығуға бел байлап көрген. Күшті күзет қойылған Ақбөбек уағдалы жерге  келе алмады.Бұл жолы келінін үйінің іргесінен алдырған ауыл аңдуды күшейткен. Ақбөбектің аяғын қия бастырмай, қашаған келінді тайлы-тұяғымен қарауылдайды. Түзге шықса да көзден таса қылмайды. Салпаңдатып соңына кісі салып қойды.Бірақ, Қайып өлермен. Түнделетіп келіп, сүйгенін сырттай торып, жүзін бір көрмек боп жабықтан сығалайды. Қаймықпай қоңсы үйлерге барып, әдейі әуелете ән шырқайды.Ақбөбек, көре алмадым айдан бері,Мен болдым осы күнде арлан бөрі.Жеріңе  уәделі келе алмадың,Бар ма еді уәдеңнің жалған жері?Ит дауыс бұрынғыдай аңқымайды-ау,Ақбөбек, өзің құйған шайдан бері-ай!Ғашық жандарды айырып, сүйген жүректерді азапқа салғанмен әнге тұсау, өнерге тыйым сала алмады, ешкім.Енді айналаның жиын-тойы, қуаныш-мерекесі Қайыптың әнінсіз өтпейтін болған. Кедейлер келтірмегенмен Қайыпқа басқа үйдің есігі ашық, төрі дайын. Серісін сыйлайды, әнін тыңдайды сауыққой ел.*  *  *Ақбөбек өжет болатын. Қанша қорлық көріп, таяққа жығылса да көз жасын бұлап жылап, не араша сұрап, осалдық көрсетпеді. Қайта қара көздері шоқтанып, ақ сұр жүзі сазара түседі. Кеудесін кек кернеп барады.Ол Кедей аулына екінші рет жердің астымен жеткендей болған. Жігері құм болып, жан баласын көргісі келмеді. Енді енесі ғана емес, үйші-жалшыға дейін жауыға қарайтындай. «Е, кетпеп пе едің қашып, неге келдің сол асығыңның қасында өлмей?!» деп кекей, келеке қыла көз тігетіндей.Қаражігіт болмағанда Ақбөбекке Есбергеннің қолының екінші рет жетуі екіталай еді. Тіпті, оны қуғындау ойына да келмеген. «Сүйгеніне қашып, тұрмайтын қатынды айырып алып, не береке табамын?» деп біржолата түңіліп те қойған. Тағы сол Қаражігіттің намысқойлығы мен қасарған жерден қан алмай тынбайтын қайсарлығы бұл ойын іске асырмады. Дәукес жігіт дұшпаннан кегін алып берді.Жұрт аяғы басылып, ел жатқасын босағада бүк түсіп жатқан Ақбөбекке жақындаған. Ыңырсып, өксігін баса алмай жатқан келіншекті көргенде, жүрегі шымырлап, шаншып кетті. Қанына қарайып тұрған шақта Қаражігіт қолына ұстата қойған қамшыны «қаттырақ сілтеп жібердім бе?» деп өкінді. Бұрынғы ашу-ыза бір сәтте тарап жүре берді. Ісіп-кеуіп сандырақтап жатқан Бөбек ештеңе сезер емес. Денесі алаулап, қызуы өртеніп жатыр екен. Сәбиінің шырқырап жылай-жылай, таң ата тым-тырыс үзіліп кеткенін де білмеді. Оны Есбергеннің төбе басындағы көне қауым шетіне көміп қайтқанынан да бейхабар болатын.Тек ертесіне есін жиып, баласын іздегенде ғана оның өліп қалғанын енесінен естіді. Енесі бұрынғыдан бетер  долданып, өшігіп алып еді. Бөбектің жан-жағына қарап әлденені іздей бастағанын көрген кемпір қара сұр өңі қара талақтанып, қарға тұмсығы көкпеңбек шүртиген ерніне төне сүйреңдеген.– Балаң өліп қалды, білдің бе? Өлсе, өмірем қатсын! Бүкіл елдің қарғысы қойсын ба, сенің көрдемшеңді сеспей қатырмай?! Өй, бетпақ, осы үйдің босағасында бауырыңа қысып, бағып отырмақ ойың бар ма еді, Бегейдің төлін?Ақбөбек басынан тоқпақ тигендей теңселіп кетті. Жан түршігерлік қараулық, табалаған шақар дауыстан жұлын-жүйкесі шымырлап:– Аһ,  не дейді? Ойбай-ай, бейшара болған сәбиім-ай! – деген ащы айғайы аузынан еріксіз шығып кетті. Ол одан соңғы кемпірдің қардай бораған қарғысқа толы ызбарлы сөздерін естіген де жоқ. Жүрегінің түбінен бырт етіп бір түйіншек үзіліп түскендей болды. Құлағы тарс бітеліп, көз алдын қара түнек қаптап алды. Өзегі өртеніп, іші-бауырын от пен мұз кезек жалап, тұла  бойы ысынып-суынып, қалшылдап бара жатты. Ара-арасында уытты қайғының күйігіне шыдай алмай, аузынан ақ жалын атып, аһ ұрып аңырап-аңырап алады. Есіл Бөбек ес-түссіз егіле берді, еңірей берді.*  *  *Бұл көрініс Есбергеннің де жанына батқан. Әуелде шешесінің айдап салуымен ашуын тежей алмай Ақбөбекті қамшымен сойып салған. Қаражігіттің ерегестіруімен қол көтерген. Енді соған өкініп отыр. Өзіне осыған дейін бір ауыз жылы сөз қатып көрмеген келіншектің таяққа жығылған соң сірә кектенерін түсінді. Оның үстіне кешірілмес күнә – баласының өлімінен кейін мүлде жіби қоймас. Жібитін жөні де жоқ-ау. Мал құлағы саңырау, сұмдық іс. Үлкендер арасындағы араздық ашық жаулыққа себепші болды. Осыны ұққан сайын төменшіктеп, бәріне бір өзі кінәлідей бұға береді.Алғаш төбесінен жай түскендей әсер еткен хабар Есбергенді есеңгіретіп жіберген. Бөбектен біржола айырылған шығармын деп топшылаған. Қайта жолығармыз деп ойламаған. Бірақ, өгізді өрге айдап, ағасының кегін қуып үйренген інісі бұл жорамалын жоққа шығарды. Ақбөбекті бірде атқа өңгеріп, біресе жаяу айдап, алдына салып, қуып әкелді.Ақбөбекті алғаш көргеннен-ақ ұнатқан Есбергеннің жұмсақ жүрегі қозға түскен құйрық майдай еріп, бұрынғы ашу-ызасын көп өтпей-ақ ұмытқан. Әркімнің айтқанына еріп, аяулысын қапқанына енді өкіне бастап еді. Тағы да қатты күйзеліп, күңіреніп қалған Бөбекті аяп, өзі көмекке келген. Оның жанына барып, басын сүйейтін бір өзі. Мүсіркейтін де, есіркейтін де Есберген. Тіпті бұрынғыдан бетер үздіге, үзіле көз салып, үстіне түсіп өбектейді.«Қайтер екен? Көптің сөзі мен шешемнің түртпегіне көндіге алар ма екен?» деген қорқынышы да жоқ емес. Қиын жағдайда қолтығынан демеп, қысылғанда қасынан табылуға тиіс сияқты. Тағы бір еркелігін көтеріп алуға әзір.Қанша өбектеп, өз қылығын жуып-шаюға тырысқанмен Ақбөбек Есбергенге жылы шырай танытпады. Түс жылытып, езу тартпады. Тас мүсіндей суық. Жазатайым денесіне қолы тиіп кетсе, жыланша жиырылады. Бір төсекте жатса да бөтен. Жақын да болса  жат. Осы бір өзі дегенде отқа-суға түсуге бейіл бозымбай жанды жанына жолатқысы келмейді. Ірі сүйекті,  көзі бозарған, үйелмендей қара жігітті суқаны сүймей-ақ қойды. Бұның барлық мазағы мен азабына үнсіз көніп, жөнсіз көндігіп жүргені өзіне деген адал сезімі мен ыстық ықыласының көрінісі екенін іші сезеді. Бірақ, сезе тұрып сенгісі, көре тұрып көнгісі келмеді. Бұндай да өлермен болатынын білгісі келмейді. Есбергеннің елпілдегенін ездікке, есіркегенін ессіздікке жориды. Қиыла қарағаны қарадай жанына тиеді. Бүйтіп бұның қас-қабағын бағып, көңілін аулағанша, жуан жұдырық дөкір біреудің кезіккені әлдеқайда тәуірірек болар ма еді. Ал өзіңе өлшеусіз қайырымы мен алғаусыз адал сезімі үшін біреуді жек көру дегенің қиямет екен. Кейде күйеуінің мұнша момын, мейірімді адам боп шыққанына өкінетіні бар. Бір қыз қомсынбай-ақ жар етуге тұратын жақсы-ақ жігіт сияқты. Бірақ, Ақбөбек оның жақсылығын біле тұра жар еткісі келмейді. Өз еркіне салса, Қайыптан басқаны қаламайды. Серіден өзгені сүймейді. Есберген тұрмақ ханның ұлы болса да Қайыптың тырнағына татыр ма? Осы бір айдан анық шындықты өзі түсінсе де, өзгенің түсінбейтініне таң. Ақбөбектің жүрегі бір ғана Қайып деп соғатынын бөгде жұрттың байқай алмайтынына қайран. Ақбөбек үшін Қайыптың жалғыз екенін ел неге ескермейді? Түнде түсінде, күндіз есінде тек сол Қайып тұратынын неге түсінбейді?Жүрек түкпіріне жасырған ғашық жарының бейнесін көз алдына елестетіп жатып, оңашада осындай оқшау ойлардың құрсауында қалады, Бөбек.Тәйір-ай, тағдырдың тәлкегін-ай! Өліп-өшіп сүйгеніне ұмтылған сайын өзеуреген өзге біреулер өре түрегеліп, екеуін айыруға өш. Ұзында өші, қысқада кегі болмаса да қыр соңдарынан қалмай-ақ қойды. Ғашық жүректердің ынтық зарын естігісі, ыстық жалынын сезгісі келмейді. Қайта қарсыласқан  сайын қараулық танытып, қасқырша талауға құмар. Әлде, өздері ондай сезімнен ада, жүректен жұрдай ма? Әшейінде обал-сауапты ойлағыш үлкендердің мейірімі қайда? Жанашыр жақындардың мейірімі қайда? Әлде сүйіспеншіліктен салт-сананың, кешірімнен кек-ызаның күшті болғаны ма? Адам бойындағы ең биік сезім, ең ізгі қасиет сүйіспеншілік емес пе? Пенде біткен ата-анасын талғамай сүйсе, қыз бен жігіт өмірлік жарын таңдап сүймей ме? «Сұлу сұлу емес, сүйген сұлу» дегенді бұрынғылардың  білмей айтқаны ма? Жаны жарасым тауып, сезімі үйлесім тапқан жастардың сүйіспеншілігі шығар, сондай сөзді айттыруға себепші болған. Енді сол іңкәр сезімді уысында тұншықтырып жатқан қандай қорқау қоғам, қарау заман еді бұл?!Қараңғыда қапаланып, ұйқысыз жатқан Ақбөбектің көз алдынан Қайыптың жарқыраған жанары кетпей қойды. Түн баласы күрсініп, кірпік ілмей шығады. Көкірегі толып, кеудесін шер қысқанда, өксік ата күрсініп алады. Тұзаққа түскен торғайдай тыпыршыған жүрегі «Қайып» деп діріл қағып, жанын қоярға жер таптырмайды. Күнұзақ жан-жағына назар салмай, сұлқ отырады. Көзін көкжиектен аудармай, аяулысын сағынады. Жарық дүниеге көзін ашар-ашпаста пейіш құсындай бақиға ұша жөнелген нәрестесін ойлап, көзінен бұршақтай төгілген ыстық жасы бетін жуады. Ақбөбектің хал-ахуалын аңғарып, аяушылық білдіретін ене қайда? Қайта зекіп, жекіріп жұмсап, ит сілікпесін шығарып ұрсып, көңіліне қаяу түсірумен болады. Соның түртпегінен құтылуға асыққан Ақбөбек тезек тере шыққан ауыл әйелдеріне ере шығып, кеңірек тыныстап:Айрылған сүйген жардан жаман екен,Ажалсыз өздігімнен өле алмадым.Барғаның сәлем айтың Қайыпжанға,Кедейге бауыр басып көне алмадым – деп, өзім деген құрбы-құрдасқа оңашада мұңын шағып, мауқын басып алады. Ақбөбектің бұл сөздері жеңіл ауыз қатындардың пыш-пышынан енесінің де құлағына тиіп жататын.Оның осы қылығына кемпір қатты күйінетін сияқты. Келінін реті келсе кекетіп, мұқатып қалуға құмар. Ондайда Есберген өзінен-өзі шыр-пыр болады. Ашық араша түсуге адуын, тілді шешесінен ығады. Бұның Ақбөбекке жанашарлық танытқанын байқап қалып:– Қатынжандысын шірік иттің! Шық үйден! Қай бір қатынға жарыған неме едің? Қит етсе қашып, күнде елге таба қылып жүрген бетпаққа несіне жаның ашиды арсыз ит-ау?! Сенің орныңда басқа еркек болса бір емес екі рет қашқан көргенсіз қатынның басынан тоқпақ айырмас еді. Өй, ынжық сорлы! Қай қылығымен жағып жүр саған, бұл дүзіқара?! Елді бүлдіріп жүріп, неге дәселі болады бұл беті тілінгір! –деп біраз шаптыққан. Ақбөбектің бұндай сөздерге әбден еті өліп, құлағы үйренгендікі ме, бит шаққандай шамданбайтын болып алды. Шешесінің шайпау мінезін білетін Есберген де үндемей құтылатын.*  *  *Қайып қатты жасып қалды. Қолынан ештеңе келмегеніне күйінді. Ақбөбегінен тағы айырылып қалғанына қамықты. Ішін удай ашытқан құсасы зарлы ән болып төгіліп жатты.Ай едің кеше туған бүгін он бір,Жарасар Керторы атқа салсам олбыр.Керторы ат мен риза болсын десең,Ауылына Ақбөбектің жетіп қондыр. Қаракер шабарында ошарылған,Бақ тайса ер жігіттен досы айрылған.Көз ілмей ұзақ таңға сенделемін,Дауысың шыға ма деп осы ауылдан – деп Қайып Қаратаудың ыза сулы Тамды, Бескемпір жерлерінде тығылып, әліптің артын бағып, бой тасалап жүрген. Сері қапалы еді. Ақбөбектен айырып, аластағалы ұйқыдан да, күлкіден де тыйылған. Сүзек ауру сияқты сүлесоқ. Өзін іш тартатын қараша ауылдардың біріне түнеп, бірінен түстеніп, күн жұбатады. Айналсоқтап Ақбөбектің ауылын ториды. Көрші ауылдарда бой тасалап жатып, сүйіктісіне жансыз жіберуден жаңылмайды. Жылы лебіз, жағымды жаңалық күтеді. Қалай да қауышудың қамын жасайды.Бұл шақта Есберген оңаша, отау шыққан. Қытымыр, қазба кемпірдің түрткісінен Ақбөбек те құтылған. Арқа-басы жазылып, қия басқан аяғын аңдудан арылған. Аз да болса еркін тыныстай бастаған. Есбергеннің малға шығып, түйе көздеп кеткен кезінде жансыз арқылы тілдесіп, арасында Қайыппен жасырын жолығысып та жүрді. Араға құпия көпір орнағалы сері де қалың мұңы бір мезгіл сейілгендей сергек еді. Күн бата келіп, үй сыртынан көкектің даусына салып: «Бө-бек, Бө-бек» деп шақыруын қоймайды.Атыңнан айналайын Бөбек деген,                                                    Бөбек деп Қайып сорлы дедектеген.Ойымда үш ұйықтасам бар ма менің,Айырылып Ақбөбектен кетед деген – деп өз басындағы  халді ыңылдап әнге қосып та қояды. Кейде ай қараңғы, ауыл тыныш уақта аулаққа атын тұсап жіберіп, сезіксіз келіп, оңаша отаудың жабығынан сығалап тұратын болды.  Қараймын жабығыңнан қаздай бойлап,  Бөбегім отыр  ма екен ақыл ойлап.                                     Адайдан таңдап алған Бөбек едің,   Көрмедім қызығыңды бір жыл ойнап – деп қамығады. Қанша батыр болса да жауыққан  жат ауылда  жалғыз жігіттің қолынан не келсін. Мауқын басып, құмардан шыға алмай қалған асыл жарымен жасырын жолығысып, асығыс аймаласуға тура келді.Үйде Есберген жоқ болса Ақбөбекпен арқайын араласып, аяулысымен бөліскен аз уақытының әрбір сәтін алтынға балап, қуана білді. Қасында  болып, қабағын бағуды қанағат тұтты. Әзірге қолынан келгені осы еді. Ұзақ сырласып, түн жарымы ауғанша көңілін аулап, шерін тарқатып та кетіп жүрді. Артына қуғын түсіп, тұтылып қалмас үшін  таң қараңғысына дейін ғашығының жанында болған жігіт ауыл үйге сөз болып, көп көкейінде күдік туғызбас  үшін үш-төрт күн көрінбей кетіп ізін жасыруға мәжбүр болды. Келмейді ердің жасы екі елуге,  Ат жарар сары табан  сар желуге.  Адайдан алған таңдап Бөбек едің,   Зар болдым осы күнде бір көруге.Ақ сұр ат аяңдашы-ау желгеніңше,Сұм жалған сауық етейін өлгенімше.                                     Адайдан алған таңдап Бөбек едің,                                                   Аман бол, енді айналып көргенімше – деп сүйгенімен аз күнге қоштасып, араға күндер салып қайта оралатын. Ақбөбек, қарақат көз, ақша маңдай,Ақ жүзің жарқырайды жазғы таңдай.Көп айдың көрмегелі жүзі болды,Жарлы деп жазғырмасаң жазық қандай?Аспанда бір жұлдыз бар Темірқазық,  Бәйгіден ат келеді баурын жазып.  Көтеріп ақ тамақтан бір сүйгізсең,   Болады  бұл Қайыпқа алты ай азық – дегенді сондайда айтқан.    Қаратау бойын қатар жайлаған қарға тамырлы қалың елдің ішіндегі таныс-андаларды паналай жүріп, Қайып біраз уақыт бойы осылай үзбей серілік құрды. Оның сүйген жарынан зорлықпен айырылып, сергелдеңге түсуі – қас дұшпанға  тілемес тағдыр-тәлкегі еді. Талайына тап келсе  пенде пақыр не көрмейді, неге көндікпейді?! Жаратқан иесі Қайыпты да қамырықты көңіл, аянышты кезеңге душар етті. Бұндай ауыр мұң, азапты қайғының құсасынан оны құтқаратын сенімді серігі – ән мен жыр. Маңдайына Ақбөбектей ару бұйырмаса да, таңдайына сырлы сөз, сұлу саз бұйырған сері өз басындағы осы жайды жүрген жерінде бүкпесіз баян ететін. Есбергенді елемейтін, Кедейдің құқайына қарамайтын.*  *  *Ғашықтарды аңдушы көз, тыңдаушы құлақ жететін. Бірақ, ел арасынантілектес жандар да табылды. Кедергі көп болғанмен екі асық кездесіп, қауышудың түрлі тәсіл жолдарын, амал-айласын таба білді. Сүйіктісінің зейінділігіне, тапқырлығына  ырза болған Қайып:  Ақбөбек артық еді-ау ақыл-айлаң, Тар жерде тиюші еді-ау талай пайдаң – деп тамсана әнге қосты.Ақбөбегіне деген аппақ сезімін, асыл махаббатын Адайға әйгілеп әспеттеуден талмады ғашық жүрек. Қаражігіттің қарулы тобы да Қайыптың аузына қақпақ бола алмады. Елдің еркесі, жігіттің серкесі сері Қайыптың әні елге жайылып, үлкен-кішінің аузында жүрді. Қос ғашық өздерін айналасы қанша ажыратып, айырса да, бір-бірінен суынбаған. Қайта сағыныш желі отты сезімдерін одан әрі өршіте түскендей, жалын атып, алаулай берді. Ыстық құшақтар, ынтық жүректер анталаған көз, қаулаған сөзге қарамастан жиі-жиі табысып тұрды. Жасырын жолығысулар жалғаса берді. Ширыққан Қайып шыр айналып, Ақбөбегінен ұзай алмады. Есберген үйін төңіректеп, іргесін шиырлай берді.Оңаша жолығысқан сәулелі сәттерде азып, жүдеп кеткен Қайыбының кейпіне қарап, Ақбөбектің көзіне жас үйірілетін. Қара көздерін мұң басып, нұрлы жүзі солғын тартқан асығының ажарын көріп, жүрегі сыздайтын. Алмас жігер жасып, өткір намыс мұқалғандай, мойны салбырап кеткен. Дәл қазір қасында болғанмен айырылысудың ақиқаттығын сезгендіктен бұрынғыша асқақтап күліп, асықпай жүре алмайтын. Содан да жабырқау. Ақбөбекке көз салғанда Қайыптың жаны ауыратын. «Қайран ару қалай өзгерген?!» деп іштей егіліп, тұнжырай қалатын. Қолының қысқалығына налып, қауқарсыздығына намыстанатын. Қаншама қуғын, қапысыз қудалау қажытып, қинап жібергендей. Бұрынғы наз күлкі, жарқын жүз жоқ. Үркек көз, үрейлі сөз. Ақбөбек олақ әйелдің қолына түсіп, аяусыз жұлмаланған жібек жүндей түтіліпті. Жәбірлеу, жасқау, басқан ізін аңду, сөйлеген сөзін бағу – бұрынғы ашық жарқын Ақбөбектің бет-ажарынан бар шырайды сыпырып алып, томсырайған томаға-тұйық жанға айналдырғандай. Дәрменсіздіктің зәрлі запыраны кеудесін кернеп тұрса да Қайыпты көргенде лажсыз жымияды. Жымиғаны жылауға бергісіз. Жүзіне қарауға жан төзгісіз. Бұдан әріге төзе алмады. Қалқасымен  қашуға бел байлады. Бірге болудың, бақытты болудың бұдан басқа жолы жоқ еді.*  *  *Қайып Ақбөбегін үшінші рет алып қашқан. Түн ортасы ауа үйден бүркеніп шыққан Бөбекті тасада тосып тұрған Қайып атына мінгестіріп алған. Таң атқанша ауылдан ұзап кетті. Ертесіне күн ұзағына жүрді. Екі адамды ауырлаған ат талмай жүрістен болдырғасын қызыл іңір шағында бір төбенің астында тізгін тартып, аялдаған. Соңдарынан түскен ашулы топ тынбай жүріп, тоқтамай қуған. Бұл жолы қасына төрт-бес жігітті таңдап ерткен Қаражігіттің қолында найза. Аямасқа бекінгендей. Қолға түссе Қайыпты түйреп шаншып, өткен жолғы оққа ұшқан атының қарымтасын қайтармақ. Қауырт қимылдаған қуғыншылар аты болдырған екеуді оңай ұстады. Күн ұзақ арттарына қара ертпей қараңғыға жетуді ойлаған қашқындарды қапылыста қолға түсіргеніне Қаражігіт мәз еді. Әп дегеннен қастасқан жауы Қайыпқа ат үстінен найза сілтеген. Ат құйрығына байлап, тағы сүйретті. Қуғыншылар онымен де тоқтамады. Ит тартқан терідей тұс-тұсынан жұлқып, тартқылап қинаумен болды. Біраз әуреленіп, жеті жерден жараланған Қайып қансырап қалып еді. Әбден өлер болғасын жарты жолда қолын шешіп алып, қан жоса күйі ат арқасына таңып, байлап алған. Ақбөбекті  алдына өңгеріп әбден есірген қуғыншылар ертесіне түсте елге жетіп еді. Қанжығасы майлы Қаражігіт тобын ауылға жақындағанда жұрт жабыла қоршап алған. Қашқан жауды құтқармайтын жеке батыр қоқиланып, бұл жолғы үкімді өзі кесті.– Осы қорлағаны жетер, жаман Бегейдің! – деді ол жиналған жұртқа қарап кіжіне сөйлеп. – Енді бұның сазайын өзім тартқызам. Жазасын өзім берем. Кедейдің намысы, келешектің абыройы үшін өлтірем бұл итті! Бізге істеген бар қысастығы мен қылған қорлығын өзіне көрсетіп, жанын қинап, өлтірем.Қаражігітке ешкім ауыз ашпады. Оның осы сәттегі ашу-ызаға булыққан күйінен көбі үн шығара алмай, қорқып тұр еді. Жиналғандар бұл шешімге көнгендей қанға бөккен Қайыпқа жым-жырт қарап тұра берді. Ашулы Қаражігіттің қолын қағып, бетін қайтаруға ешкімнің жігері жетпеді.Алайда ажалсызға араша табылды. Қаражігіт қайың сапты найзасын Қайыптың кеудесіне таяй бергенде ту сыртынан бір зор дауыс саңқ етті.– Араша! Ау, бір ашуыңды бер, батыреке!Бұл Итбай аулында қонақ болып жатқан Қырықмылтық Құлшар күйші болатын. Адайдың сыйлы, беделді адамының бірі.Қайыптың қолға түсіп, ауылға әкелінгенін естіп, құжынай қарайған топқа ол да қосылған. Ақбөбек екеуінің әңгімесіне де қанық.Қаражігіт Құлшарға қадалды.– Нең еді бұл Бегей? Есің бе еді, досың ба еді? Әлде әйлеңкес әншіге өзің құсап домбыра тартып, думанға үйір болғасын бүйрегің бұрып тұр ма?Құлшар Қаражігіттің әуелгі аптығы басылып, тілге келгесін, асықпай қасына жақындады.– Ей, жігіттер-ай! Ашу арындайды, ақыл аяңдайды. Бұл менің ешкімім де емес. Қылшылдаған қыршын жасты аяймын. Бұндай жігіт қырық жылда қайтып бір туа ма, жоқ па? Өзін де, өнерін де өлімге қиятын жан ба еді, бұл Қайып?! Адайдың аяулы бір серісі еді ғой деп араша сұраймын. Сен өлтіргенмен соңынан сұраушысы табылар. Артында бір тайпа елі бар. Ара ағайын болғасын Адайдың екі арысына ағалық жөнімді айтып, жасымды бұлдаймын. Есің бар жігітсің ғой. Елге ерсі, халыққа қарсы іс қылмассың. Сақалымды сыйласаң, бір тілегімді берерсің. Сөзіме құлақ ассаң, Қайыптың шыбындай жанын, бір қасық қанын қи! Мойныңа ауыр айып, зор күнә жүктеме!Көпшілік сілтідей тынып қалған. Онсыз да өлім халінде жатқан Қайыпқа жаны ашығанмен Қаражігітке қарсы шыға алар бірі жоқ. Бірақ, жаудыраған жанарлар мен түйілген қабақтар Құлшардың құдайшылық сөзін құптағандай күйшінің аузына қарап ұйып қалыпты. Қанша қатыгез дегенмен Қаражігіт те қанішер емес еді. Көп назары оның да ашуын тізгіндеп, арынын тежеп тастағандай. «Өлтірем» дегенмен көпке топырақ шаша алмады. Жауыққанмен жаралы Қайыпқа қару жұмсауға дәті бармады. Балуан денелі, бурыл сақалды, байсалды күйші болса шу асау аттың мойнына құрық салып, басын босатпастай қылып, байлап алғасын жанына жақындай-жақындай епті қолымен құлағының түбінен қасып, жуасыта келе біржола жүген кигізуге оқталған кәнігі жылқышыға ұқсайды. Бір қолын Қаражігіттің иығына салып, екінші қолымен найзаның сабынан мықтап ұстап алыпты.Райдан қайтпасқа болмады. Аталы сөзге тоқтамайтын ақымақ емес. Қалшылдап кеткен Қаражігіт қолындағы найзасын топтың төбесінен асыра аулаққа жітіріп жіберді. Іштен ытырылып шыққан ызаның күшімен қайың сапты ауыр найза бірталай жерге зымырап кетті.*  *  *Құлшардың арқасында жаны сауға болған Қайып ауыл шетіндегі бір күркеде қамаулы жатқан. Серінің ендігі тірлігі мен тағдырының тізгіні қолына жеке тигесін Қаражігіт өзі естіп-білген азаптың түрін көрсетіп, кек қайтаруды көздеді. Жаңадан сойылған жылқының жас терісіне Қайыпты жалаңаш орап, киізше домалатып, үш жерінен қыл арқанмен тас қылып буып тастады. Күнде әрлі-берлі аяғымен теуіп, домалатып, аузына су тамызып, Қайыпты қажап, қылжақ қылады.– Қалай, батыр Бегей? Біреудің қатынын олжалаған жақсы ма екен? Күшті болсаң, мына ту биенің терісін тісіңмен қиып, қол-аяғыңды босатып алшы! Көрейін бәлем, батырлығыңды!Күн көзінде жатқан тұлып кепкен сайын Қайыптың тұла бойын құрсай қысып, жанын қинай берді. Тері қата бастағасын Қайыптың бет-аузы күп болып ісініп, көлкілдеп барады. Әбден көгеріп, өлім аузына тақағанда, ес-түссіз жатқан жігітті ораған терінің жібін Итбайдың өзі  келіп пышақпен қиып жіберген.Әлденеше күн есін жинай алмай, талықсып жатқан Қайыпқа Қаражігіт жаңа бір жаза түрін тапқан. Енді оны қол-аяғын байлап, босағаға таңып тастады. Бұл көшпелі ел тұрмысында бұрыннан бар жаугершілікте қолға түскен, құлдыққа мойын ұсынғысы келмеген басы асау, тентек құлдарға көрсетілетін мазақ  жазаның бір түрі. Есік көзінде көрінгенге көз түрткі болып отыру Қайыптың жанын жегідей жесе де, жарасы қара қотырланып жазыла бастады. Екі айдай уақыт өткенде, бұрынғы қалпына келгендей болды.Қаражігіттің Қайыпты құр босқа отырғызып қойғысы келмеді. Нағыз қара табан құл есебінде екі табанын тіліп, тобан аяқ қылып тастаған. Етікші өз бетімен жүре алмайды. Табанымен жер баса алмағасын, құйрығымен сырғып жылжиды. Енді қалғаны құлша жұмсап, қайырын көру керек деп шешті кедейлер. Сол оймен оны күндіз жұмысқа жегіп, мәс, кебіс, етік тіктірді. Түнде кісенге салып, күркеге қамап тастап жүрді. Қайыптың қолы шапшаң. Бірер күнде бір-екі етікті бітіріп тастайды. Кедей аулы аяқ киімге кенеліп қалды. Талайдан кебеже түбінде сүрленіп, буылып-түйіліп жатқан былғарылар Қайыптың қолына түскесін құлпырып көксауырлаған шоңқайма етікке, бестақа кебіске айналып жатты. Көңілі түссе, қыз-келіншектердің кебістеріне жез тоғадан бауырдақ салып, етіктің қонышын қызыл қыжыммен оюлап сырып, сәндеп те жіберетін.Мизам шуақтың мезгілі еді. Қой қырқымына кіріскен ауылдың қарбалас жұмысы қызған шақ. Күзем жүн алудың әбігеріне түскен үлкендер Қайыпты бір сәтке естен шығарып алғандай. Күндіз тұтқыннан гөрі етікші кейпіне көбірек келіңкірейтін Қайып өңкей кемпір-сампыр, бала-шағаның иелігінде қалатын. Қолы да бір мезгіл істен босап, тізгіні маңайына топырласқан кәрілер мен кішкентай балаларға тиетін. Қанша дегенмен заты әйел емес пе, Қайыпқа жаны ашыған қартаң кемпірлер оңашада оны мүсіркеп, келіндеріне шай демдетіп, шебердің көңілін аулайды. Жылы-жұмсағын аузына ұстайды.Қайыптың өздеріне қылған дұшпандығы, жеке бас араздығы болмағасын Итбай баласына көрсеткен әлімжеттігінде жасамыс әйелдердің жұмысы жоқ. Керісінше етікшіге достық пейіл танытып, тілеулестік білдіреді. Шын ықыласпен аяушылық көрсетеді. Шебердің көңілі көтеріңкі болса, қолы да жүрдек. Шабыты келсе, шалымы да тез. Әйелден айла құтылған ба, Қайыпты қамшылап қойып, ақкөңіл әншіні әбден бабына түсіреді. Кейбір көңілшек әйелдердің төбе басына балаларды қарауыл қаратып қойып, қолқалап ән де салғызатыны бар. Қайғылы ән әуені мен мұңды жыр ешқайсысын бей-жай қалдырмайды. Қайсыбіреулері қамығып, көзін де сулап алады.Қайып қатын-қалаштың қамауында отырғанда енесі Ақбөбекті үйде оңаша қалдырмайтын. Мал суара, тезек тере, отын шаба кеткенде, оны да қасына қосақтап ерте жүретін. Осылай Кедей ауылындағы азапты күндер өтіп жатты. Маңына жолай алмаса да Ақбөбек Қайыптың қимыл-әрекетін алыстан бақылап, сырттай жүрегі езіліп жүретін. Өзіне жақтас жастау қызметші, қоңсы әйелдерге айтып піскен ет, ағарған бергізіп, күнұзақ іс тігіп, қалжыраған Қайыпты құпия тамақтап жүрді. Қайтсе де ретін тауып, қашырудың мүмкіндігін де қарастыра берді.*  *  *Бұл хабар Қайыптың еліне жетіп, жақын-жуықтарының құлағына шалынған. Ел іші екідай пікір туғызып жатты. Біреулері: «Азаматымызды тұтқындап, баламызды өлтіргендері үшін Кедейлерден құн аламыз» – десе, енді біреулері: «Жайына жүрмей, біреудің жесірінде несі бар?  Басын дауға салып жүрген өзі!» – деп, Қайыпты күстәналай бастады. Қайткенмен де Қайыптың құлдыққа түсіп, қорлыққа ұшырауы Адайдың арлы азаматтарына қозғау салмай қоймады.Бара-бара бұл оқиға Бегей емес, бүкіл Тобыш тайпасының ашу-ызасын туғызып, екі рудың арасындағы дау ушыға түсті. Асқынған дау аяғы Уездік сотқа жетті.Арада алты ай өткенде, Қайып Ақбөбектің араласуымен Кедейдің бір кемпіріне көксауыр етік тігіп беріп, ақысына кісеннен босап, тұтқыннан қашып шығып еді. Оның құлдықтан құтылуына бірінші себепкер - кісеннің кілтін алып берген кемпір болса, екінші қол ұшын берген - іргелес отырған Өтеғұл аулының азаматтары болатын. Аяқ басып, қадам жер жүре алмайтын Қайыпты қараңғы түнде атқа таңып, алып қашқан жүректі жігіттер Қайыпты емдету үшін тәуіп іздей бастады. Бозащы жағында айналаға белгілі балгер-тәуіп Базарбай деген бар екен. Сол кісі сөзге келместен Қайыпты өз қамқорлығына алып, емдеуге келіскен. Бәйімбеттің Сарғасқасынан* тарайтын  Базарбай емші кісілігі мол адам еді. Қайыпты бар ықыласымен ыждаттап емдей бастады. Серінің тілкем-тілкем  табанына түйенің мойын шудасын сары майға салып, қайнатып, тартып, жазып алды. Соның арқасында айға жуық мезгіл өткенде Қайып өз бетімен жер басып жүруге жарап қалған.Серінің жайы адам аярлықтай еді. Ол ешкіммен тіл қатысып сөйлеспейтін. Мылқау жан сияқты еді. Күн ұзағына меңірейіп, өзімен-өзі отыратын да қоятын. Кешке қарай белін жазып, құр сүлдерін сүйретіп, ілбіп басып, ауыл желкесіндегі тақия төбеге шығатын. Батып бара жатқан күнге қарап отырып, бір зарлы әнге басатын. Ән салып отырғанда, омырауын жуған жасы тамшылап жерге төгілумен болатын. Қасына барып, ән тыңдамақ болған ауыл адамдарын сол сәттегі серінің халін терең түйсінген Базарбай тәуіп іркіп:– Ішіндегі шерін босатып, оңашада құсасын шығарып алсын. Қасына бармаңдар, – деп ешкімді маңайына жолатпайтын.–Қайғы деген у ғой. Жүрегінің түбіне жиналып, беріш боп қатса, адамды ауру қылады. Қазір оған оңашалық қажет – дейтін ол.*  *  *Ақбөбек мәселесі енді Кедей – Бегей емес, Жеменей – Тобыш арасындағы үлкен дауға айналған. Кедейлер күшпен жеңсе, Бегейлер заңға жүгінбек. Азаматын қорлап, алғаш бетін ашқан келіндерін зорлық қылып байлап әкеткен Кедейден билік үкімімен қайта айырып, алмаққа бекінген еді, Бегейлер. Ру ақсақалдары осы түйінге тоқтады. Жылдарға созылып кеткен сары тіс дауды осымен біржола доғарып, істі тәмәмдауды көздеді.«Арыз-шағым қаралып, іс шешімін тапқанша, Ақбөбек қамауға алынады».  Итбай аулына келіп түскен жез түймелі, зер жағалы жандаралдың айтқаны осы. Қасында тілмашы, қарулы күзеті бар орысты көрген ауыл үрпиісіп, үркіп қалды.Патшаның құрығы ұзын, шеңгелі мығым. Кедейге Қайыптың күші жетпегенмен орыстың үкімі жүреді. Бұл Қайыпқа қорлық беріп, баласын өлтіргені үшін жасап отырған Бегейдің қысасы. Артынып-тартынып, шерулі топ Ақбөбекті алдарына салып, ауылдың үстін шаңдатып, жүріп кетті. Бұл көрініс Кедейге батты.Үкімді орысқа кестіріп, биліктің тізгінін үкіметке ұстатуы да жуандығын көрсетіп, ірілігін сездірген сесі Бегейдің. Қысасқа қысас. Сен қылғанға мен қылдым. Желіде жылқы, қорада қой қалмайтын болса да бұл жолы қалмай шапты, келінін Қайыпқа емес, қарулы орысқа алдырған ауыл. Әуелде малының аздығына қарай Кедей атанғанмен бұл кезде Нұрмағанбет іргелі ел. Оның ішінде Азнабай әулеті мал біткен, ырысы ортаймаған, аузыбір ауыл. Итбайдың өзі бес ағайынды. Бәрі де малды, жанды. Ағайын-туыстың өзі бір төбе. Үй басына үш бойдақтан шығарса да, бір отар қой жиылады. Ақсақалдар ұйғарымымен ортаға мал жиылып, әр үй өз үлесін қосуға атсалысты. Іріктелген қойды Қоштай мен Қаражігіт Кетік* базарына апарып, қаржы қылуы тиіс. Қастарына сенімді үш-төрт жолдас ертіп, бір қора қойды айдап, күн ілгері жөнелмек болып келісілді. Қалмай шауып, жан-жағын қармай шауып, қам қылмаса болмайтынын бәрі білді. Жанқалтасын ақшаға толтырмаса әкімнің кім-кімге де мойын бұрмасы белгілі. Бірінен-бірі асып түспесе ішкен асы бойына сіңбейтін бәсекешіл байлар бұл күнде әкім-қараның аузын ақшамен тығындап, әбден аңғарын ашқызып, жаман үйретіп қойған.Ақбөбекті ұстап, байлап, алдарына салып айдап әкеткендердің айтуынша: «Кесікті Кетікте айтпақ. Бітімді бүкіл Адай жақсысын жиып жасатпақ. Ақбөбектің Адайға жайылған дауы сотта қаралмақ!»Кедейлер өзді-өзі болып қалмай, келіннің төркініне ақыл салысты. Есжан аулына адам жіберді. «Бірігіп қимылдап, сөзді бір ауыздан шығармасақ, абыройдан айрыламыз. Келін біздікі болса, қыз сіздікі. Келер ұят ортақ. Сүйекке түскен таңбаны сылып, кекті күшпен қайтарудың кезегі келді. Осы жолы барды беріп, малды шашып бағу керек. Айла мен ақшаны қатар жұмсамасақ, бұл сапар қатты жығыламыз. Намыс жолына малды құрбан етудің сәті туды» деген Кедейлер бәтуасын Мамыртайлар да мақұлдаған.Ақбөбекті әуелгі Самнан қайтарып алған тұста Есжанның елшілері үн-түнсіз жата алмай, Кедей құдаларына бір келіп кеткен. Бос келмеді. Ақерке бастаған жеңгелері қыздың жасауын да ала келген. Алыс жолға күпті көңілмен аттанған бір топ елші елге еркін тыныстап, Есжанның күдігін сейілтіп оралған.

  • Айып өзімізде болғасын кете-кеткенше қыпылықтап, құтымыз қашып еді. Бірақ, құдалар кінәмызды бетімізге басып, абыройымызды төкпеді. Олар да сыр бермеді, біз де үндемедік – деп Ақерке ырзалығын жасыра алмаған.

Үлкен келіні де:– Кедейлер кісілігі мол ауыл екен. Қабағымызға кірбең түсірмей, күтіп алып, жылы шыраймен шығарып салды – деп келген.Осыдан кейін аса жақын араласып кете қоймаса да құдалық жолын ұстанып, жақындық жібін үзбеген. Арада Ақбөбектің тағы қашты деген хабары шыққанда, Есжанның еңсесі түсіп кетіп еді. Ауыл арасы алыстығын сылтауратып, бұл тұста бой көрсетпеді. «Бас жарылса бөрік ішінде» дегендей, қит етсе қызын әке босағасына әкеп тастайтын оғаш қылықты Кедейлер де істемеді. Қашты-қудымен жүргенде  туған баласын құдаларыбауырына баспай, нағашы жұртына әкеліп берген. Бұлар да Қайыппен қатынасы үзілмей, пыш-пыш өсек ерте жүріп,  жарық көрген күмәнді ұлды өз қолдарында өсіріп жатқан.Құдалар жақтың хабарын естіп, Есжан мен Қыдыр да қарап қала алмады. Қызының қандай еркелігін де ер мінезбен көтеріп келе жатқан Кедейлермен күш біріктіруді жөн санады. Өзінің ет жақындарымен ақылдасып, осы жолы намысты қолдан бермеудің жайын мықтап еске түйіп еді.*  *  *Ақбөбекті айдап әкелген қарулы топ оны Кетік бекінісіндегі түрмеге жауып тастаған. Әуелде әскери бекініс ретінде салынған тас қамал айналасы тік жар оқшау таудың басында. Қамалға кірер ауыз біреу. Түрме сол темір қақпалы тас қамалдың ішінде. Қатар-қатар үш-төрт барақ үйдің бірінде Ақбөбек қамаулы. Қамал аузына апаратын жалғыз аяқ тас баспалдақтан өзге жол жоқ. Есігінде күзет бар. Көзі тұздай, жирен сақалды егде солдат күні-түні есік көзінде отырады. Қолында мылтық.Ақ-қарасы анықталғанша айыпкер ретінде қамауға алынған Ақбөбек сол солдаттың қарауында. Тұтқын жайынан хабардар орыс жирен сақалын тарамдап, тісін ақситып, темір есіктің оймақтай көзінен сығалап, күліп қояды. Түрмеге түскен қазақ қызын тұңғыш көруі. Өзі ұрлық жасап, қылмыс қылғаны үшін емес, ел дәстүрін бұзып, сүйген жігітіне қашып кеткені үшін айып тартып отыр. Жалғызбасты солдатқа сонысы қызық көрінеді. Біреуге көзсіз ғашық болып, басын қатерге тігу – өзінің үш ұйықтаса түсіне кірмейтін жәйт.Бұл қазақ дегенің қандай батыр халық?! Қызының өзі қасқыр. Бірнеше күн бойы жападан жалғыз тас үйге қамалып отырса да қабақ шытар емес. Ең болмаса, әйел болып айғай салып жылау да ойына кіріп-шықпайды. Оңашада өзін-өзі ширатып, жабырқау көңілін бір көтеріп алайын дей ме, кей-кейде ән салатыны бар. Ән болғанда, бір жүрек шымырлатар мұңлы ән. Сондай әннен соң мелшиіп, көпке дейін қыбыр етпей сазарып отырып қалады.Жас келіншек дімкәс жүрегіне әннің әсері күшті ем-сазынан бірер тамшы тамызып алып, қайратына қайта мінеді. Тұғырға қонған сұңқардай дүр сілкінеді. Қараған кісі көзіндегі ұшқын атқан оттан қорғанғандай.«Әй, жарайсың, қазақ! Қандай мерт, мықты қыз туған қатындарың?! Анау-мынау еркектің өзі жеті-сегіз күнде жүнжіп кететін тас түрмеде тегеурін танытып отырған бұл қыз не де болса тегін болмас!» – деп түйген орыс тесікті тағы бір көздеп қойып, өзінен-өзі басын шайқап, күледі. «Бұл бейшараның басын азапқа салып жүрген сүйіктісі қандай адам болды екен?! Әй, бұндай қыздың жүрегін жаулай алған ол да жай кісі емес шығар?!» – деп те ойлап қояды күзетші. «Көрер ме еді, өзін!»*  *  *Дүниеден талай ғашық өткен шығар. Зарланып, ыстық жасын төккен де шығар. Адайдың Мәжнүні, Бегейдің Төлегені – Қайып та өз ғашығын, Ақбөбегін аңсап, тағы бір сергелдең сапарға, қауіпті жолға шықты. Сүйгенін көзден таса қылғысы келмеді. Қиын сәтте қасынан табылуға асықты.Өлсем де осы ісім жөн көрінген,Қай кезде жақсы-жаман теңгерілген?Бұл елде қанша сұлу болса дағы,Бәрі де бір өзіңнен кем көрінген – деп ол Ақбөбектің қамауға алынғанын естісімен сонау Сыңғырлаудан Ақкетікке қарай құстай ұшқан. Жетуін жеткенмен, дәл кірер ауызда мылтығын кезеніп, қарсы алдына кесе-көлденең тұрып алған көзі тұздай орыс жолын бөгеп, жібермеді. «Көрер ме еді, өзін!» деп сырттай қызығып жүрген жігіт алдына келгенде жібімеді. Қақпайлап, түрме есігіне жолатпады.Патшаға адал қызмет жолына бүкіл өмірін арнап, жастығын сарп еткен егде солдат өз міндетін өтеуді өзіне бұлжымас борыш, үлкен абырой санайтын. Сол дағдысынан жаңылған жоқ.Қайып сол маңның бір ноғай жатағын танитын еді. Араға соны салып, күзетшімен әрең тілге келген. Адамның құлқыны жаман болса, азғыруға ылықпай қоя ма? Тапқаны тамағынан аспайтын қара орыс та құлқынның құлы екен. Күзетшінің басы былқылдап, көзі бозарып қоя бергесін-ақ Қайып бәрін тілмашсыз түсінді. Тамырын тап басыпты. Қара тамағынан басқа қайғысы жоқ қарауылдың осал тұсы ақша екен. Айласын тапса, алынбайтын қамал бар ма?  Тас қамалды қорғаған қарауылдың қипақтап жымың қаққан  түрін көргенде қыр қазағының түсінгені осы болды. Тумысында көріспеген орыс пен қазаққа бір ноғай бітуажа* болып, екеуінің ортақ тілін тауып берді. Бұрын «құр аяққа бата жүрмес» дегенді білетін Қайып енді «Берген перне бұзар!» деген тағы бір  нақылды есіне мықтап түйіп алды.Ақбөбектен аяйтын несі бар? Астындағы жалғыз атынан өзге саудаға салатын бұлды дүниесі тағы жоқ. Қайып оған бейіл. Жаяу қалса да, қалқасын бір көрсе болды. Ақбөбектің жолына мал түгілі бас құрбан!Ақыры көзі тұздай күзетшімен: «Ақбөбекпен жолықтырсаң, атымды аласың!» – деп келісім жасасты. Атты алған қарауыл қапысын тауып, қараңғы түсе, ғашықтарды жолықтырды.Көк теңіз Қараған түбекті қолтығына қысып алып, жағалауды ақ көбігімен аямай шомылдырып жатты. Ай жарығымен айнала анық көрінеді. Биік қамал басынан тынымсыз теңіздің жүйткіген толқындарына көз жіберіп тұрған Ақбөбек Қайыпты көргенде, қуанғаннан жылап жіберді. Шыбын жанын шүберекке түйіп қарулы күзет, кезенген мылтықтан сескенбей, өзімен бір жолығысу үшін жанын ортаға салып, сонау ит арқасы қияннан келіп тұрған асыл азамат, ақ көкірек серісін айқара құшақтай алып, еңірей берді. Өзінің әуел бастан Қайыпты жаңылмай таңдап, жасқанбай сүйгеніне Тәңіріне тағы бір мәрте тоба қылды. Бұлардың жасырын жолығулары көп ұзамай жария болған. Кетік басындағы Кедей жансыздары ғашықтардың қараңғы түсе құпия кездесіп жүргенін көріп қойып, түрме бастығына шағымданған.«Ақбөбекті енді ол жерде жалғыз қалдыруға болмайды. Сенімді адамның қарауына кепілдікке берілсін!» – деген Кедейлер жағының ұсыныс-талабы қабылданып, оны оңаша үйде ұстап, бөлек қарауылдауға Есіркеп деген беделді кісінің құзырына берген болатын, Уездік Сот.*  *  *Ақбөбектің шықпаған жаны бар еді. Бұрынғы ажар, бастапқы сән жоқ. Әйтсе де аты әйгілі, сыры көпке мәлім, жүрегі жаралы сұлуға сырттан сұқтануға әуес кісі көп болып шықты. «Ақбөбекті әкеліпті» дегелі өзі жатқан Есіркеп үйінің есігінде тыным жоқ. Алты қанат ақ боз үй өткен-кеткенді алыстан арбап, өзіне мойын бұрғызбай қоймайды. Ақ шағаладай үзіктерінің жиегі  қоянның құлағындай қос дөдегемен шыр айнала айшықталған жұмыртқадай әдемі отаудың киіз есігі түрулі, сүйектелген сықырлауықтары* айқара ашық. Олай етпеске болмады. «Бөбекті көреміз» деп келушілердің күн ұзағына аяғы бір басылмайды. Тіпті топырлап кіріп-шыққандар табалдырықты тоздыруға айналды. Үй иелері келіншектің жеке басына жауапты болғалы соның бәріне төзімділік танытып, қабақ шытпай, көнуге бейіл. Әйтпесе, азаматтық атына сын. Өзіне артылған сенімге нұқсан. Егесе келе екі тайпа елді дүрдараздыққа жеткізген ескі даудың соңы сотқа тірелгесін бұрын да аты шулы Ақбөбек кермедегі бәйге атындай көпшіліктің көзінің құртына айналып еді. Қызық құмар қазақтың басқа жұмысы жоқтай ермегі бір Ақбөбек болып алды. Есіктен қарап, жабықтан сығалап, ертелі-кеш мазасын алады. «Адам үш күннен соң тозаққа да үйренеді» демей ме, Бөбек байғұс бұндай күйге де көндікті. Ай дидары жарқырап, қара көздерін төңкеріп, келгендерге тым-тырыс қарап отыра беретін болды. Кейде шыдамы шегіне жетіп жабықтан жыртыңдаса сықсаңдағандарға, есіктен сыпсыңдаса ыржаңдағандарға ызаланып:– Жақынырақ келіп қарасаңдаршы! Өйтіп тышқан аңдыған мысықша аулақтан торуылдасқанша! Келіңдер, көріңдер! Менен қорқып тұрсыңдар ма? Қамауда отырған бейбақтан кісі қорқа ма екен?! – дейтін болды.Ақбөбекті ат жетер жерден арнайы келіп көрушілер де аз емес еді. Ел арасы болғасын біреу аяйды, біреудің айызы қанады. Көпке өсек, Кедейге кесір болған келіншекті көзімен көргісі келеді. «Атақты Қайып серінің сүйгені қандай екен?» – деген қызығушылық та жоқ емес кейбіреулерінде. Әшейінде «ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын!» дейтін кең пейіл қазақтың осындай дау-дамай тұсында туыстық сезімдері тұтанып, рулық намыстары қозып шыға келетін қашанғы әдеті емес пе?!Итбайдың руластары ағайынның арын арлаған болып, Ақбөбектің бөтен кісімен тілдесіп, Қайып жақтың жансызымен жолығыспауына күш салып, сырттай қызғыштай қориды. Осындағы Қаражігіт, Есбергендердің көзі болып, күні-түні Ақбөбекті нысанаға алған. Сенімді адамдарына сырттай бақылатып, бар қимыл-әрекетін шашау шығармай аңдуға көшкен. Бұлар бұндай бақылау-күзетті анадағы Ақбөбектің Қайыппен жолығысуынан соң күшейткен еді. Сотқа шағымданып, Қайыпты бекіністен аластап, Ақбөбекті Есіркеп үйіне кепілге бергізген де осылар болатын.Ақбөбек тек сырттай торуылдың ғана емес, бетпе-бет айыптау-қаралаудың да нысанасына айналып бара жатқандай еді. Тумысында Есбергеннің есігін көрмеген аты Жеменейдің өзі жанын жаралап, жарасының аузын ашып кетеді. Кедейге ілік-шатысы бар әмейі біреулер келіп кекеп-мұқап, тілін тығып, бізін шаншып, қаралай күйдіреді. Кейбіреулерге кемді күн әңгіме, қысыр сөз керек. Кейбір дау-далабамен ісі жоқ Құдай деген жандар кәдімгідей есіркеп, жігерін жанып, қайратын шыңдап кетеді.Бұл кезде бұның бәріне Бөбектің бойы үйреніп, еті өліп кеткен. Жақсы айтты деп сүйінбей, жаман айтты деп күйінбей, бәрін үнсіз тыңдап, ішке жиып отыра беруге үйренген. Кіммен бет жыртысып, жаманаттасып жатсын. «Ел аузына етек тықпақ жоқ» деп, ешкімге жауап қатып, әуре болмайды.Бір күні есіктен егдерген, киімі жұпыны, көрмеге қораш сары кісі қарады. Жамаулы қақпа шекпені, ескі қалпағы бар. Жай қараған жоқ ішке басын сұға беріп:– Сері Қайыптың сүйгені қандай қатын екен? Сұлу ма екен өзі? – деп қағыта келген.– Бұл байғұсқа да сұлу керек пе екен? Ұсқыны мынау! – деп қалды Ақбөбек қапелімде лықсып келіп қалған ашуын тежей алмай.Сыздана, сынай қарағандарға, сыр бермей, тым-тырыс тесілгендерге сөз таппай тосылушы еді. Бұның өзі келіп ұрынды. Қарап тұрып тиісті. Бірден соқтыға сөйледі. Сонысымен Ақбөбектің жынына тиген.Ол жай адам болмады. Сол маңайға белгілі, сөзге ұста, суырып салып қоя беретін шақпа тілді Сауран ақын екен. Ақбөбекке бітікене қарап тұрып, төгіп-төгіп жіберді.Қамысы Қаракөлдің буын-буын,Арқаның атар мерген ақша қуын.Әлегің алты жылға жетті Ақбөбек,Жыққан жоқ Кедей, Бегей тіккен туын.Әр елден әр адамды ұстатқан соң,Қарашы Ақбөбектің құйқылжуын!Ақбөбек осындай сөздерді естіп көп налитын. Өзін не үшін жазғырады осы жұрт?! Неден жазықты болды, бұл Бөбек?! Осыны ойлай-ойлай оңаша жатып алып, түн баласы көз жасына ерік беретін. Қайыпты ойлайды. Қиюы қашып, оңына орала қоймаған қиын тағдырын ойлайды. Тумай жатып көз жұмған тұңғышын, ана мейірімін көрмей жырақта өсіп жатқан жас нәрестесін ойлайды. «Сүйгеніме қосылып, бақыт тапсам» деген ақ тілегінің аяқ асты қалып, басын дауға салған қарау заманды қарғайды. Теңін тапқан қыздың тақымына тұсау салып, тас түрмеге қаматқан қатал заңды қарғайды.Барады аулым көшіп Ақкөлмекке,Жарасар алтын ілгек ақ көйлекке.Жаңғақтан келген алып Бөбек едің,Зар болдым ақ жүзіңді бір көрмекке.Жарасар қызыл басқұр ақ үйлерге,Жетіпті біздің хабар хан, билерге.Адайдан алған таңдап Бөбек едің,Жүр екен осы күнде не күйлерде?Ат туар салсам айғыр қара керден,Кем емес бетің алтын, етің зерден.Әркімдер сүйгенімен кетсін деген,Бір қағаз жазылар ма әкімдерден?! – деген Қайып арманы да Ақбөбектің құлағына жеткен. Сол арман бұның да көкейін тесіп жатқан.*   *   *Үкім шығарып, кесік айтар кез келген. Уездік Сот кеңсесінің кең залында сот құрамы қарсы жақтардың дауын жеке-жеке тыңдап, әр рудың өкіліне кезек сөз берген.Бегей жағының сөзін ұстаушы Сәлдір, Қалмағамбет бастаған ақсақалдар:– Қайыпты қыз ұнатып, әкесінің босағасында жүргенде сөз байласып, өз қалауымен қашып келген. Қыздай қосылған қосағы. Некелі күйеуі. Сондықтан Кедейлердің біреудің қатынын барымталап байлап алып, әкесін таяққа жығып, құрсағындағы баласын өлтіруі – ашық жаулық! – деп Кедейлерді қаралады.– Ақбөбек пен Қайыптың некелескендеріне куә болған кісі бар ма? – деген Сот сұрағына, олар:– Куәгерлікке жүрген Қазбан, Асанбай деген жігіттер бар, – деп растаған өз сөздерін.Бірақ, Кедейлер бұл сөзді Сот алдында жоққа шығарды. Бір жігіті орнынан тұрып:– Қыз қашатын қыста Қазбан менімен бірге Бесқалада медреседе оқып жүрген. Ол қалай куәгер болады? – деп өжектеп бой бермеді.Бегейлер бұл уәжге со бойда қарсы сөз, тұщымды жауап айта алмағасын, тергеушілер неке жөніндегі ақпарды көп көзінше теріске шығарды.Тартыс қыза келе, екі жақтың жігіттері шарт-шұрт жағаласып, аяғы төбелеске айналар болғасын Сот жүрісін сонымен тоқтатып, жалғасын ертеңге қалдырды.Келесі күні Кедей жағынан сөз алған Біләл, Тілембай сияқты өз руының белді-беделді кісілері:– Қайып біздің қалыңы төлеулі жесірімізді алып, бата бұзды. Арымызды аяққа таптады.  Қызды азғырып, өзіне аударып алды. Бата жолы некемен бірдей. Әуелі Бегейдің бұзығы кінәлі! – деп қарсыластарына қарсы дау айтты.Бегейлер:– Бата жасау – неке қию емес!  Кедейлер келінімізді тартып алып, бір зорлық жасаса, азаматымызды жәбірлеп, жаралап, құлдыққа салып, екі қорлық көрсетті! – деп тепсіністі.Кедейлер:– Қалың бергесін қазақта неке қиылған есеп. Ата салтымызды, ел дәстүрін бұзған Қайыптың қандай жаза тартса да обалы жоқ! – деп өңмендесті.Тергеу тәжікесі ұзаған сайын екі рудың адамдары өзара жауығып, қит еткен сөзден ілік алып, жағаласа кетуге дайын тұрды. Ішінара сотанақ, содыр, қызба жастардың бұл қылығы жұртты қорқыта бастады. Кейбір ақсақалдар сот төрағасынан істі тезірек бітіріп, шешімді жылдамырақ қабылдауды сұранды. Себебі Кетік көшелері қып-қызыл майдан алаңына айналып кетуге шақ тұрған.*  *  *Шиеленіскен даудың шешімін табу қиынға соқты. Сот үкімін күткен  ығы-жығы халық екіге жарылып, гүж-гүж қайнайды. Қайшы пікір өршіп, өрттей қаулап барады.Кедейлер тобының жасырын кеңесіндегі көп күбір мен мол сыбыр соңы қулыққа ұласты. Сот тізгінін ұстаған көпке белгілі парақор төрағаға құпия сөз салып, көп көзінен жасырын жолығысу үшін таса жер тапты. Бұқараға әділетсіздігімен жеккөрінішті болған бұқа мойын, бадырақ көз, беті шара табақтай тапалтақ Сот төрағасы шата нәсілді шала ноғай Нурскийге де керегі сол еді.Бірақ, ол біржақты кесім айтып, өз аузымен үкім жариялаудан қорғанды. Өзіне жасырын жолығып, аузын алып қойған Кедейлерге көп алдында істі жығып беруден жасқанды. Төре беруден тайсақтады.Бұл шешімге ширығып, шамырқанып тұрған Бегейдің білекті, қызба жігіттері наразылық көрсетіп, лап етіп тұтанып кетуі кәдік. Талайды көрген төбел таз бұны аңдамай қоймады. Жай күндерде қойдай жуас қазақтың намысқа күйіп, арға шапса, арыстанға айналарын жақсы білетін. Сол себептен өз мойнынан мұндай қауіпті міндетті алып, мұсылмандық заңға – шариғат жолына жүктеп құтылуға асықты.Уезд кеңесін уысында ұстайтын төраға қалған мүшелерін өз тұжырымына көндірді. Осы пәтуаны Сот төрағасы жиналғандарға өз аузымен жеткізді. «Соттың шариғатқа жүгініп, ақтық кесікті айту міндетін молдаға тапсыратынын» айтты.Оған да қисын табылды. «Ел ісіне Уездік үкімет араласпайды. Осы күнге дейін қала аумағынан тысқары жатқан түз қазақтары өз заңдарымен өмір сүріп келеді. Ағайын арасындағы дау-шарларын шариғат жолымен шешіп отырады. Сондықтан олардың бұл заңына қол сұғуға болмайды. Халық қалауына, ел салтына қарсы болуға Уездік соттың да қақысы жоқ!»Ұзақ ырғасу, көп кеңесуден кейін Ақбөбек тағдыры шариғат жолына тәуелді болды. Төрелер тұжырымы, үлкендер ұйғарымы осы. Екі жаққа да ілік-шатысы жоқ, ара ағайын, шариғат жөніне жетік Нұрнияз ахунға кесік айтқызбақ боп тараған текетірескен топ.*  *  *Негізінде Нурский өзінің көмейін мол парамен тығындап, аңғарын толтырып қойған дәулетті ауылдар Кедей-Мамыртай жағының сөзін сөйлеп, дін өкілдеріне өз кесімін айтып, өз тұжырымын мақұлдатып, дауды бір жақты қылып бітіріп, істі жауып та қойған.Молда оған осы шешімді жұрт алдында шариғат атынан жариялату үшін ғана керек болған.Қазақтың қанын теспей сорып, күре тамырына сүлікше қадалған кәнігі көп парақор төренің бірі есебінде  өзі Итбай мен Есжан адамдарынан аларын алып алғасын, істің ақ-қарасын айыруға құлық танытпады. Қолы қысқа Қайыпты күшті, күйлі жаққа бірден жығып беруге келіскен. Қалтасы толып, қайғысы  сейілген шоқынды ноғай қыр қазағының қайдағы бір Қайыбы мен Ақбөбегі үшін басын ауыртқысы келмеді. «Ғашықтардың көз жасына қалармын-ау» деген ой оның миына да кіріп шыққан жоқ. Қайта обал-сауабын өздері көтерсін деген оймен, қыр қазақтарының өз қотырын өздеріне қасытпақ болды.Қазақтар керісінше орысқа қарағалы өзара дау, таласты шешуде атадан келе жатқан дәстүрге опасыздық жасап, түзу сөзге тоқтамай, төреге жүгіретін әдет шығарған.Дала заңы – әділ сөз төрелігіне мойынсұнбай, сотқа шағымданып шатасқан жұрт ақыры айлакер түлкіге жем болды. Қайткенде де қарсыласқа есесін жібермеу үшін жанталасқан топтардың оны түсінуге құлқы да жоқ еді.Тағылық заңы тағы күшіне енді. Күші жеткен алды, күші жетпеген қалды. Әлді жеңді, әлсіз жығылды. Адам тағдыры талқыға түсті. Сүйген жүректер екіге бөлінді. Айнымас асықтар амалсыз айырылды. Адамдық жолымен әділ төре берілмеді. Әкім-қаралар Ақбөбектің зарын тыңдамады. Көз жасын көрмеді. Байға бүйрегі бұрып, кедейге қолын сермеді.*  *  *Соңғы түйін түйіліп, кесік айтылатын күні Қайыптың кежегесі кейін тартып, сотқа бармай қалды. Жүрегі суылдап, көзі үсті-үстіне тартып, бір жайсыздыққа тап болды. Жақсы хабар болса жерде жатпас. Сүйінші сұраушы табылар. Ал, Ақбөбекті Кедейлерге беретін күн туса, көп ішінде Қайып не өзін, не біреуді жазым етер.Бұл тоқтамға келтірген Бегейдің ақылшылары. Серінің басында бұндай келісімге көнгісі келмеп еді, ойлана келе көпке бағынды.Сот кеңесінің сөзі де соңғы уақта сұйқылттанып барады. Көбіне Кедейлерді тыңдап, солардың уәжіне құлақ түріңкірей береді. Соған қарағанда безбеннің бір басын қарсы жақтың қалталылары толтырып, салмақ солай қарай ауып бара жатқанға ұқсайды. «Итбай-Есжан адамдары әкімдермен ауызжаласыпты» деген қауесет те тегін емес сияқты. Соған қарағанда...Қайыптың ойы дәл осы жерге келгенде үзіліп кетеді. Көңілдегі күдігі күшейген сайын жүрек суылы үдей түседі. Кеше түнде жайсыз түс көрген.Биік жардың басында тұр екен дейді. Енді бір аттаса, құзға құлауға шақ қалыпты. Табан астындағы кемердің жиегі кеміріліп, шеті төменге сырғи сөгіле бастаған. Шыт жарылған жардың топырақ дыбысы сытырлап анық естіліп жатыр. Бір мезетте ту сыртынан «Қайып!» деген таныс дауыс шықты. Бірақ, жер түбінен шыққандай, шыңылдап құлағына әзер жетті. Қараса, Ақбөбек! Қолында баяғы қызыл аймақы шарқат. Жалаңбас. Үстінде бір шұбатылған қоңырқай көйлек. Құлағындағы үзбелі сырғасы көрінбейді. Қостақтайлы өңіржиегі де жоқ. Әшекей бұйымнан жұрдай. Өзіне қарай жалт бұрылып жүре түскен Қайыпқа назарын салмастан орамалын бұлғады. Жан дәрмен жүгіремін дегенмен Қайыптың қос өкшесіне қорғасын құйылғандай. Аяғы зіл-батпан. Алдырмайды. Арадағы қашықтық ұзай берді. Бұл жетем деп әлек. Ақбөбек сол тұрған күйі көзден ғайып болды.Осы жерге келгенде Қайып оянып кеткен. Қара терге малшынып қалыпты. Өкпесін баса алмай, әлі алқынып жатыр. Түсін ішінен жаратпады. Әйтсе де жамандыққа жорығысы келмеді. Қазіргі көңілсіз қалпы көрінген ғой деді өзін-өзі алдарқатып. Ақбөбек байғұс та қай бір жетісіп жүр дейсің. Оның тартқан азабы мен көрген құқайы аз ба? Қамауға да түсті, талауға да түсті. Сонда да талай сынға төзіп келеді.Осы түс Қайыптың ойын бөле берген. Енді міне, өз жақтастары шешуші соттан қайтпай кешігіп жатыр. Кешіккен сайын бұның төзімін өткір балтадай жаңқалап, жұқартып барады. Қайыпта ес-түс қалмады. Күн төбеден ауғалы сәл тықырға алаңдап, үйден сан кіріп-шықты. Уақыт өткен сайын жанын қоярға жер таба алар емес. Күн еңкейіп, көлеңке ұзарғанда қара-құра көзіне шалынды. Ала-шұбар топ ілбіп аяқтарын басар емес. Мойындары салбырап, бастарын көтермейді. Өздері өлік шығарғандай тым-тырыс. Жақындағанда байқады, топ бастаған ағаларының түстері өрт сөндіргендей түтігіп кетіпті. Қайыптың босағаға сүйеніп, бүгіліп бара жатқанын көрген екі-үш кісі жанына жүгіре жеткен. Қатар жеткен екі жігіт қолтығынан демей берді. Қаумалап көтерген көпшілік төрдегі төсекке әкеліп салған. Қайып сұлқ түсіп, жатып қалды. Керең кісідей меңірейеді. Барлық ашу-ызасы алқымға тіреліп, түйіліп қалғандай, тілдесуге де, бір жұтым су ішуге де дәрменсіз халде болатын.*  *  *Әуелі қара тастай қалшиып қатып қалған Қайыпты көріп қорыққан ағайындары ертеңіне сәскеде құм арасынан сыздықтап шыққан мөлдір бұлақтай көзіндегі жасты көргенде, қуанысып қалды. Бұны жақсы нышанға жорысты. Жүрекке түскен ауыр салмақты жеңілейтуге жылымшылап аққан жастың  жәрдемі тиерін түсінді. Бірте-бірте сорғалаған ыстық жаспен қоса ыңырсыған әлсіз дыбыс шыға бастады. Жаралы жүректің уытты шері шымырлаған жаспен бірге шым-шымдап шешілейін дегенін сезді жұрт. Басында жай ғана жеңіл күрсініс сияқты білінген болмашы леп күшейе келе зор ыңыранысқа ұласты. Қалың қайғының азапты жан тебіренісі кейін төкпектеген жас болып төгілді. Ыза мен кектің ышқынысы ыңырсумен тысқа ытқыды. Күйреген арман мен үзілген үміттің көкірегін күйдірген ащы зәрі аузынан ақ жалын болып атқақтап, маңайына жақындағанның бетін шарпыды.Қайыптың бұл күйіне қарап тұруға ешкімнің жүрегі дауаламады. Қасына барғандар Қайыпқа қосыла кемсеңдеп, кейін ығыса берді. «Қой» деуге ауыздары бармады.Ағайын-дос әліптің артын бағуды жөн санаған. Көзден аққан ащы жаспен, ышқынған ыстық деммен жігіттің жүрегін қатырған мұз жібіп, басын құрсаған бұлт ыдырай бастағандай болып еді. Жүрек қағысы қалыпқа түсіп, жағдайы жөнделе бастады. Ақбөбекті даулап аламыз деп алабұртып келгенде, арысынан айырылып қала жаздаған топ қатты жасып қалған. Қайыптың беті бері қарағасын ғана ат-көлігін әзірлеп, ауылға қайтуға ыңғайлана бастаған.Қайтпасқа болмайды. Соңғы сыннан сүрінді. Кедейлер айласын асырып, алдарын кесті. Ақырғы кесік айтылды. Соңғы байлам жасалды. Даудың басы біржола ашылды. Талайлар тілін безеп, шеше алмаған қиын түйін шешілді.Арғы-бергіні тізбелеп, өткен-кеткенді таразылап, бұрын-соңғыны термелеп, қай-қайдағыны қазбалап, мың сан мысалға жүгініп, қыруар дерекке сүйеніп, ахунның айтқан кесімі: «Ақбөбек Есбергенге тиесілі!»Аңырап Ақбөбек, жамырап жұрт қалды. Бұл кесім Бегейлердің белін майыстырып, Қайыптың қабырғасын қайыстырып кетті. Қол қысқа, шама шақ. Мал беріп, әкім-төренің аузын алған Кедейлер көңілді. «Қайттік бәлем сендерді?!» дегендей оқырая қарайды. Жеңістеріне мәз болып, жымың-жымың. Қу шөлмектей боп қуарып кеткен Ақбөбекті ортаға алып одыраңдап кеу-кеулей жөнелді.– Өлтірсеңдер де Есбергенге бармаймын! – деп жер тепкілеп жылаған Ақбөбек зарын құлақтарына ілмеді.– Қара мына жүзіқараның айтып отырғанын! – деп қамшымен арқаға аямай осып-осып жіберген Қаражігіт жеңгесін балаша көтеріп алып, тыпырлағанына қарамай тысқа алып шықты. Айқайға басып, аңыраған Ақбөбек Есберген атына өңгеріліп кете барды.*  *  *Сері қайғы жұтып, қан ішіп қалған. Сүйгеніне сүйеніш, аяулысына араша бола алмаудан асқан азап бар ма?! Басы салбырап, омырауға түсіп кеткен. Қабығын өрт шалған ағаштай жүзі қара күйе болып, күйіп кетіпті. Елге көрінер кейпі, кісіге қарар беті қалмаған. Дәрменсіздіктен уһілей береді. Аз уақыт ішінде үш жылғы  кезіктен тұрғандай құр сүлдері қалыпты. Қайып Ақбөбектен күдерін үзген. «Ер кезегі үшке дейін». Бұл үш рет алып қашты. Олар да осал емес екен. Үшеуінде де айырып алды. Әуелден Бөбекті бұның маңдайына жазбаған шығар. Жазған болса, осы жолы өзіне бұйырмас па еді?Қайып енді артына қайырылмады. Елден безіп, алысқа көшіп кетуге бел буды. Бағыты – Бесқала. Сосынғысын тағы көре жатар. Тұз-дәмі қайда тартса сонда барар. Ол өзіне жылы шырай танытпаған тас бауыр тағдырға да, қиналғанда жан сала жүгіріп, қол ұшын бере алмаған алауыз ағайынға да өкпелі еді. Бірақ, тіс жарып, тіл қатпады. Бір күнде буынып-түйініп, көшті де кетті. Әкесіне топырақ  атакүлдігі – Жарқұдықтан бұйырған. Шешесін өзімен бірге ала кетті. Бір көштік жерге дауыс ете боздап, шығарып салған жалғыз апасын жұрт зорға тоқтатқан. Қайып оның да қайт дегеніне қайырылмаған. Жүдеу көш өз жөнімен кете барған. Жалғыз үйлі шолақ көшті бастап келе жатып, көз жасы бұршақтап ән салады сорлы Қайып.Көшкенде жылқы айдадым қараменен,Бір құрық кесіп алдым араменен.Адайдан алған таңдап Бөбек едің,Ит Кедей алып кетті-ау параменен... Барады аулым көшіп, құлай алмай,Айрылдым Ақбөбектен, Құдай алмай.Кетті деп Ақбөбекті естігенде,Төсекте төрт күн жаттым жылай алмай.Амал не күйігіңнен өлмеген соң,Шай іштім ақырында шыдай алмай. Ақбөбек сайқылықпен бұраңдадың,Сұм жалған өтер десем, тіл алмадың.Түлкідей құмнан қашқан қызыл алтай,Ұстатпай құбарланға бұлаңдадың.Басыңды тауға-тасқа ұрсаң дағы,Дегені болады екен бір Алланың!Жарлылық пен жалғыздық жанын езіп, жүрегін жәншіген жәбірі зарлы саз болып, аузынан ақтарылды. Қабырғасын қайыстырып, еңсесін түсірген зорлық салмағы зіл батпан болып желкесінен жерге басып барады. Қорған болар бірге туған бауыры, қора-қора малы жоқ. Қайғының қара бұлтына көміліп қалды. Күні-түні күңіреніп, күйікті көкірегі шерге толып, көкейін шемен тескенде тебіреніп тағы зар төгеді.Сұңқардай қомдап қанат іліп едім,Сүйенер ешкім жоғын біліп едім.Болған соң айтысқан серт, алысқан қол,Кете алмай маңайыңнан жүріп едім. Ақтаудың түлкі қашар қуысынан,Құрбыдан артық едің туысыңнан.Жарлылық жалғыздықпен қабат келіп,Абайсыз кеттің шығып уысымнан. Алашқа атым шықты әйгіменен,Жақсы атқа жал қоймадым бәйгіменен.Адайдан алған таңдап Ақбөбегім,Қатырдың қабырғамды қайғыменен.*  *  *Қайыптың «ел бүлдірген айыбы» мойнына қойылғасын Бегей руы үш тоғыз айып төлеген.Біріншісі – нар бастаған тоғыз: нар түйе, қалы кілем, қызыл тон, ұштап көйлек, кестелі жаулық, қос бауырдақты күміс жүзік, қылыш бау, деңмент белбеу, зерлі сәукеле, ақша; екіншісі – ат бастаған тоғыз, үшіншісі – қызыл тон бастаған тоғыз.Айыпты бүкіл ел болып төлеген. Бұл құн әсіресе Малайларға салмақ болды. Жастар жағы, ет жақыны Қайыпқа жақтас болғанмен, ішінара дәулетті ағайын, малды туыстары жалғыз атты жаяуға тістерін қайрасқан.«Жайына қарап жүре алмағаны-ау жаманның?!» деп, кедейлігіне қарамай байдың қызына ұрынған, басына бәле тілеп алған жалқы жігітті жақтырмады.  Жаманаты өз алдына, мойындарына түскен мал, қалтасынан шыққан шығын олардың жанына батып бара жатқан.Көп болып жұмылып, білек сыбанып, Қайыпты қорғай алмағандары ағайын арасында кейістік те туғызып жатты. Бегейлер жік-жік болып бөлініп, бір-біріне өкпе артып, реніш білдіре бастаған. Басында «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара» алмай қапы қалып, Кедейге есесі кеткен ауылдың алауыздығы күшейе түскен. Егесе келе Көбестер ерегеспен елден шығынып, Қайыптың соңынан еріп, бөліне көшкен.*  *  *Қайып бұйрықсыз өле алмады. Кебінсіз көрге кіре алмады. Артына қайырылмады. Маңғыстауда жүрсе, Ақбөбекті көрмей тұра алмас. Көргесін, көкірегін шоқтай күйдірген сезімі сыртқа шықпай тағы тұрмас. Өйтіп өзін тірідей отқа салғаннан опа таппас. Ақылынан адасар. «Болмасқа болаттай бол!» деген. Елден жырақ, Ақбөбектен алысқа ұзап кетсе, кім білген, мүмкін қара бұлттай қайғысы бірсін-бірсін басылар. Басылар да басын бүркеген қалың тұман ашылар. Азапты күндері азаяр. «Көзден кетсе, көңілден кетеді» деген де бар. Сезімі суынып, көңілі торығар. Бұнда қалса, қаралай қан жұтып, қайғының уын ішер. Дұшпанның табасы қанбас, көптің қаңқуы қалмас. Құрбы-құрдастың қалжыңы тыйылмас. Қағытпай тұрмас. Бір қылжақбас қу тілдің найзасын түйрер. Уытты сөз, улы күлкі бұның басын күнінен бұрын көрге сүйрер. Онан да, «жақсы ит өлімтігін көрсетпес», жат жерде жүріп, түз бөрісінше жарасын жалап, жан созар. Күннен күн, айдан ай озар. Қабырғасын қақыратқан қайғы қанжары тозар. Кеудесі толы кек кемір. Жарқын өмір  жалғасын табар?! Тағдырдың тезіне түсіп, түзелмеген тентек бар ма? Әуелде тайқы маңдайға таңба теріс түскесін пенденің пешенесіне жазғанға көнбеске лажы қайсы?!Алты жыл азапқа салған ғашықтық дертінен Қайып тесік өтіп, сарт асса да айыға алмаған. Арада аттай он екі жыл өткенде ауыл-елді аңсап, туған жерді сағынып, әбден зарығып шерменде болған Қайып Маңғыстауға оралған.Ол бала кездегі бейқам күндеріне куә болған ата қонысының о шеті мен бұ шетін көзбен сүйіп, көңілмен өбіп, көп кезді. Әр бұтасы көзге ыстық, әр төбешігі жүрекке жақын. Жалаң аяқ жүгіріп, желмен жарысқан құм төбелер осыдан дәл қырық жыл бұрынғыдай томпиып-томпиып, бұйығып, бұғып қана жатыр. Осы бір ирек жон жота-жота сусыған шағыл төбелердің маржан моншақтай сауылдаған жез құмын сапырып, балалық аулының базарын Қайып та біраз қызықтаған. Әрқашан ауыл балаларының алдында қол бастаған бала батырдай отты жанары жарқылдап өзі жүретін еді. Көпті маңайына үйіріп алатын қасиеті бар. Қағылез, пысық Қайып қаршадайынан шабандоз бала атанып, бәйгеге де түсті. Қиқу мен дуды көрсе арқасы қозып, өзі де тыпыршып бір орында тұра алмайтын. Сол топты ызы-қиқы қылып көбіне мәреге бұрын келетін. Оң-солын танып, өсе келе, ойын-тойдың көрігін басып, отырмақтың отын қыздырып жүретін көсем жігітке айналды. Аузын ашса, айналасын лезде думанға ұластырып жіберетін.Шіркін, жастық! Жаныңды жадыратар жазғы даладай көркем, хан ұлындай қиқар да ерке, өткел бермес асау өзендей өр, жүрегі қалың жаудан қаймықпас қас батырдай ер - неткен уайымсыз уақыт, шалқар шақ едің?!Әні-міне дегенше ағын судай сарқырап, алмас қылыштай жарқырап, айпап-жұйпап өттің де кеттің. Өкінгенмен пайда жоқ. Енді айналып соқпайсың. Алысқа атылған оқтай көзден ғайып болдың.Сері атажұртын армансыз аралап, жан сарайын қайта жаңартып алғандай сергек еді. Енді елді де еске алатын жөні бар. Отының басына оралғаны дұрыс. Туған жерде тірлік етуді Тәңірі маңдайына жазбағасын не амал бар?!Қайып бұл шақта жігіт ағасы жасқа жеткен. Сонау жылы Тәжік ауғанда көш-жөнекей жолықтырып, тағдырдың бұйрығымен өзіне өмірлік жар болған кесек денелі, кең пейілді Қалиядай әйелі бар. Сол байғұс бұның жолына қарап, күн санап отырған шығар. Үйелмелі-сүйелмелі екі ұлы отының басын думанға толтырып, тай-құлындай тебісіп, тетелес өсіп келеді. Қазір жетіге келіп қалған үлкені кәдімгідей қолғанат. Екінші ұлы енді қаз тұрып, қадам басып  жүруге жарап қалды. Күлмесіңе қоймайтын тәтті қылықтарын былай қойғанда, былдырлаған балдай тілінің өзі қандай? Әкеге баладан жақын кім бар? Қайып та сол қос құлынын қатты сағынып қалғанын түсінді. Елді-жерді көрді, көңілі орнына түсті. Ертең-бүрсігүні аттанбаққа бекінді. Бүгінше Қорабай жидесі маңында отырған Малайлардың  біріне қонбақ болды.Түс ауа бір ағайынның үйіне жетіп кідірген. Есік алдында әбден арып қажыған жылқыға көзі түсті. Көзіне жылы ұшырай берсе де жыға тани алмады. Әуелі ақтулақ боп, мүлгіп тұрған атты бір жүйрікке ұқсатқан. Ақыры айналшықтап, қасынан шыға алмай, үй иесінен анығын сұрап білді. Сол, Жалаукөк! Танымай не Құдай атты? Япырмай, өзгермейтін зат жоқ екен-ау?! Бозбала күнінде өзі талай жарысқа мініп шапқан бәйге аты. Шашасына шаң жұқтырмас қайран жүйрік қартайыпты. Баяғы дүбір, бұрынғы даңқ жоқ. Қиқулы күндер бұның да көзінен бұлбұл ұшыпты. Көзі аларып, көні қатқан көп қыл құйрықтың біріне айналыпты. Бір кездері жабулап жасырып, кез-келгеннің көзіне түсірмейтін құнды ат енді сырты – түк, іші – боқ күтімсіз мал болыпты.Бұл көрініс Серінің сезімін шайқап, серпілген көңілін сәтте басып тастады. Көзіне шып-шып жас толды.Заманы өткен екен сәйгүліктің!.. Бәйгенің алдын бермей, қиядан құйрық-жалы желбіреп, көк жібек шүберек құсап жалаулатып бірден көзге түсетін көк тұлпар Жалаукөк атанып еді-ау! Енді сол көп сүйінетін Жалаукөк кісінің көзі түспейтін жадау көк болыпты. Бұрын көрмеген адам мына сүйегі арса-арса жадау көк атты Жалаукөктей жүйрік болды десе сенер ме?! Өзін біреу «Ақбөбектей аруды Адайдан таңдап сүйген сері Қайып еді» десе нанар ма?! Ендігі жас бірін сері, бірін сәйгүлік десе келекелеп күлер.Қайып сияқты бұның да басынан бағы ауған екен. Серінің сағы сынса, жүйріктің жасы жетіпті. Осы ойлардан көңілі құлазып, кірпігі жасқа шыланған Қайып мұңайып, тыста біраз тұрып қалып еді.Ағайын арасын ай жүріп аралаған сері Ақбөбекті бір көрмей кете алмасын түсінді. Бірге жүрген жерлері оны есіне салмай тұрмады. Жүрегі алып-ұшып, жас күндері қайта оралатындай кейінгі кездері көп толқымайтын сезімін тулатты. Көңілі алабұртып, Ақбөбекке ынтықты. Сағыныштан жарылардай болған ғашық жүрегі ақылға тұсау салдырмады.Ертесіне жол бойы Ақбөбекпен бірге өткізген тәтті күндерінің елесі, шабандоз бала шағындағы Жалаукөктің көз ұшынан бұлдыраған бейнесі сағымша құбылып, көз алдынан кетпей қойды.Қаратауға қарай созылған жол ұзақ еді. Қайыптың көңілін бұзып, көзіне жас үйірген жүрек толқынысы, жан тебіренісі сезімін селдетіп, шабытын шайқап  жіберді.Жалаукөк жайы өз мұңымен үндесіп сырлы сөз, әсерлі ән  болып шымырлап, жан сарайына  құйылып жатты.Қайыңдыдан ән салдым құлап тұрып,Қызыл шарқат ойнайтын лақтырып.«Сәулем» деген бір сөзің естен кетпес,Үзеңгіге сүйеніп, жылап тұрып. Жалаукөк!Қайтейін, қалқам, амал жоқ.Кекілін кербестінің сылап тұрып,Ширатып шашбауыңды бұрап тұрып,Есімнен өле-өлгенше кетер емес,«Хош-аман бол» дегенің жылап тұрып,Жадаукөк!Қайтейін, Бөбек, амал жоқ.Самдағы елден келемін керге мініп,Алтын тоға, ат басты ерге мініп.Өлі айрылмай, Бөбектен тірі айрылып,Онан жақсы ед кеткенім жерге кіріп.Жадаукөк!Қайтейін, қалқам, амал жоқ!Ән Қаратау аспанында қалықтап тұрып алды. Қайыптың асыл махаббаты ән болып шарықтап, әр төбенің басынан айналып, әр бұтаның түбіне байланып, туған жер топырағына тарап бара жатты.*  *  *Ақбөбекті бір көрмей кетуге дәті бармаған Қайып ат басын арнайы Қаратауға бұрған. Сырттай болса да сүйгенін бір көріп, көзін тойдырып қайтпақ. Ел шетіне жеткесін әркімдерден жұқалап сұрап көріп еді. «Ақбөбек Есбергенмен бірге, қонысы – Күркіреуік, Жармыш беті» деген там-тұм жауап алды.Қайып жалғыз емес. Қасында жас жігіт жолдасы бар. Өзімен елден бірге көшкен Көбестің бір баласы. Екеуі кештетіп, Кедей аулының тұсына таяғанда, күн батуға  жақындап қалған.Ауылдың сырт жағында құдық бар екен. Сонадайдан шаушылдап шыңыраудан су тартып жатқан бір топ әйел көздеріне түсті. Жолаушылар солай қарай жүрген. Іздегенін сол арадан табатындай Қайыптың жүрегі аунақшып, аузына тығылды.Серінің сезеген жүрегі алдамапты. Ақбөбекті анадайдан шырамытты. Тұла бойы түгел шымырлап, көзінен жас парлап қоя берді.Тіп-тік тұлғасы, сындарлы сұлбасынан жазбай таныды. Сол. Қайран, Ақбөбек!Ақбөбек аттыларға елеусіздеу бірер көз тастағаны болмаса, аңдамады. Ат суара жүрген жолаушыға жорыды.Қайып даусын шығарып, көпшілікке сәлем бергенде де, Ақбөбек бұған бетін бұрмады. «Сонау Қаразымның ойынан Қайып келе қояр» деп ойламаса керек.Ақбөбектің өңі сарғыш тартып, реңі оңып кетіпті. Жүзінде бір кіреуке мұң бар. Аңыратып қоя берді Қайып:Ақбөбек кеткенің бе серттен тайып,Адамды Алла айырады ерлі-зайып.Даусымнан танымасаң танытайын,Баласы Қорабайдың атым Қайып.Қапелімде сасып қалған Ақбөбек аң-таң болып, азырақ  қарап тұрып, боздай келіп, Қайыптың шылауына оратыла кетті.Ол да аңырап келіп асығына көріскен.Санаменен сарғайдым,Көкірегім толды шеменге.Шырамытып мен тұрмын,Қорбайдың баласы,Атым Қайып дегенге-ай!Екі ғашық ең соңғы рет солай көрісіп, біраз мауқын басқасын, қимай құшақтасып, қоштасты. Бұл кезде қызыл іңір түсіп, күн ұясына батып бара жатқан. Күннің күрең шапағы шығыс бетті қанға бояп, көпке дейін қызылы сембеді.Ақ жүзімнің ажары,Көңілімнің базары,Айрылдым сүйген жарымнан,Тәңірдің келмей ажалы.Дүниенің білдім жалғанын,Көтердім тағдыр салғанын.Бір көрсем деп аңсаушы ем,Орындалды-ау арманым... – деп боздаған Бөбек Қайыптың соңында қала берді. Қара түннің құшағына сіңіп бара жатқан қос атты қара үзіп кеткенше көз алмай қарап тұрды. Көзден аққан ащы жасы бетін жуып жатты. Ақбөбек айтқан қоштасу жырының мұңлы сарыны баяу желмен әуелей қалқып, бір-екі белден асқанша Қайыптың құлағына естіліп тұрып еді.*  *  *Ақбөбекпен қош айтысып, Қайып атына қамшы басты. Артына қарамауға бекінді. Қайырылса, қан жылаған жүрегін қайта жұбата алмасын сезді. Өзінің де жаңбырдай жауған жасы өңірін жуып келе жатқан. Төңірек тастай қараңғы еді. Күзге салымғы жайма шуақ мезгіл. Айналада ат дүбірінен бөтен дыбыс жоқ. Қайыптың көкірегі шерге толып, өкініш өзегін өртеп, өксік ата зар құсып келе жатты.Ауылым Сыңғырлаудың кемерінде,Қараймын Ақбөбектің бедеріне.Бөбектен өлі айрылмай, тірі айрылып,Алланың таң қаламын шеберіне.Ақбөбек, едің телім,Болдың шерім.Айрылып сенен алыс жүргеннен де,Құдай-ау, бұл Қайыпқа берсейші өлім.Мақпалдай құлпыратын екі бетің,Мақтадай үлбірейтін аппақ етің.Ақылың, айтқан сөзің еске түсіп,Сен болып жүре алмадым есі-дертім.Сағыныш сүйегіммен кетер білем.Қалайша баса аламын көңіл өртін? Ақбөбек, едің телім,Болдың шерім.Көңіліңде басылды ма тентек желің?Басылса көңіліңнен тентек желің,Құдай-ау, екеумізге бергей өлім....*  *  *Ақбөбек пен Қайыптың айырылуы ел ішінің кейбір көкірегі ояу азаматтарының да ашу-ызасын оятқан. Ата заңын бұзды дегенмен, біреуге біраз уақыт жар болып, бөтен босағаны аттап қойған әйелді сүйгенінен әлімжеттік жасап, зар қақсатып, тартып алуы қисынсыз көрінді. Сондықтан жуандық жеңген жосықсыз шешімді әсіресе қарапайым жарлы-жақыбайлар құптамады. Соның бірі теңіз жағасынан балық аулап күнелтетін тура мінезді, әділ сөзді төкпе ақын Сауран еді.Ақбөбекті әдейілеп барып, өз көзімен көріп, Қайып екеуінің ғашықтық жайына қаныққалы жарлы жігітке бай-жуан ауылдың көрсеткен көзсіз қысастығына іштей наразы болып жүретін. Есбергенмен жете таныс болмаса да Кетік маңындағы Кедейлерді жұмылдырып, Ақбөбекті аңдуға алып, ағайынның намысын жыртысқан болып жүретін бір жігітті Сауран жақсы білетін. Қашаннан байдың, бардың сөзін сөйлейтін жылпыс.Жұрт алдында Ақбөбекті сөзбен тосылдырып, бетін тойтарғандай болғанмен іштей мұңлық аруға ақынның жаны ашып қайтқан. «Ит алған қуда сын болмас» дегендей, аз күнде ажар-көркі солғын тартып, сұлу жүдеп,  азып қалғандай көрінді. Әдемі қарақат көзде кіреукеленген мұң бар. Шарасыздық мұңы. Әсершіл ақын жүрегі соны бірден сезіп еді. Бірақ, басынан сөз асырып көрмеген асау мінезі көп көзінше үндетпей қала алмаған. Со заматта аузына келген бір ауыз сөзді сардитып айтып салған. Айтарын айтқанмен, үйіне жеткенше Ақбөбектің мұңды жанары көз алдынан кетпей қойып еді. Сұңғыла ақынның сезімтал жүрегі жас келіншектің көкейіндегі наласын жәудіреген нәркес көздерден тап басып ұққан.  Басындағы мұң-зарын бүкпесіз түсінген. Бірақ, өзінің оған араша бола алмасын да білген. Содан қайтып ол жаққа жоламаған. Жолағанда жалаң аяқ балықшының сөзіне құлақ түрер жан табылар ма? Сондықтан да Сауран Ақбөбектің ақтық сотына қатыспаған. Даудың Кедейлердің пайдасына шешілгенін елден естіді. «Кімнің малы болса, заң да соның жағында болғасын кедей-кепшіктің көретін күні осы ғой» – деп біраз налып, қамығып қалған, қамыққанмен қолынан келетін ештеңе жоқ. Өзі де Қайып сияқты сіңірі шыққан жарлы. Кімге сөзі өтеді. Сөйлегенде бұның сөзін кім есепке алады. Қайта бай-мырзалар: «Мына байғұсқа бала-шағасын баға алмай жүріп, билік неге керек екен?» – деп келемеш қылып күлер. Азар болса іштегі ыза-кегін уытты тілімен қайырар. Көкіректегі қыжылын  селдеткен ақ жаңбыр сөзбен басар. Жалаң аяқ балықшының қолынан онан басқа не келеді? «Қай заманда да кедейдің көретіні осы ғой. «Күштінің көті диірмен тартады», «Аузы қисық болса да байдың ұлы сөйлесін» дегенді неге айтты дейсің?!» – деп ақын қанша ширыққанмен шарасыздықтан салы суға кетіп, өзімен-өзі іштей булығып, тілін тістеп қалған. Тек Сауран емес, талайлар сөйтті.*  *  *Қайып сол кеткеннен Маңғыстауға қайтып оралмады. Көрер жарығы таусылмағасын тағдыр-қожайынның тартқан сыбағасын талшық етумен күн кешті. Ғұмыр бойы ғашық жүрегін әнмен әлдилеп, Ақбөбекпен көрген аз ғана қызығын кейінгі қара байыр тірлігіне азық қылған Қайыпқа да, сүйген Серісіне деген сартап сағынышын соңғы демі үзілгенше сөндірмей, көкірек түкпірінде сақтап өткен Ақбөбекке де топырақ жат жерден бұйырды.Алайда, ол екеуінің аты туған жер, өскен елінде ұмытылмады. Көктем сайын қайта түлеп жаңаратын көк шөптей  ел жадында жасарып, жаңғырығып, тыңдаған жанның жүрегін тебірентіп, қиялын тербейтін ғажайып ән-аңызға айналып, ұрпақтан-ұрпаққа ұласа берді.Ол аяулы Ақбөбегіне арнаған сері Қайыптың әні.«Адайдан алған таңдап Бөбек едің»...

Автор: