ВЕРНУТЬСЯ

Отынға  кеткен келіні:-Ойбай, ене, орыс келіп қалды!-деп табалдырыққа отыра кеткенде Ақжанның айтқаны:- Не дейд, қасқа?! Қайдағы орыс?!-болды.Айтуын айтқанмен, іле-шала тұмса келінді шошытпайын деп:-Құрысын, шұбырса бізге не қылар дейсің?-деп қосып қойды.-Тұр былай. Табалдырыққа отырғаның нең, байғұс-ау?-деді де үрпиіп орнынан тұра берген келіннің көйлегінің етегін жаулығына түйрелген сабақты инесімен үш-төрт жерден бүріп-бүріп тастады.-Қорқып кеткен жоқпысың? Жүрегіңнің басына түкірші. О несі, айдаладағы орыстан қорыққаны,-деп жайбарақат сөйлеген сыңай танытқанмен, өзі келіні босағаға тастай салған шотқа қарап қойды. Күн аяз. Қызыл асықтан қар жатыр. Тентек  Дәлу туғалы тау-тас кезіп тентіреген аңшы үйі күркесін Қауындының терең сайының тұйығына қалқитып, іргесін көміп, аспаны үлкен қара таспен бастырып тастаған. Жыра-жықпылды сайдың ернеуінен аңдап қараған адамға болмаса аңшының қар басқан қосы аса байқала қоймайтын.Жаңыл отынға кеткенде Ақжан әдеттегідей іс қылып, шалының шекпенін жамап отырған. Өкпесі тесілген жарлының көретін күні сол.«Жамаулы киім кигенім, жарлылық сенен көремін» депті-ау бір мұңлық. Жоқтық шіркіннің де түрі жаман ғой,-деп өзінен-өзі налып отырғанда, отынға кеткен келіні түскір қайдағы жоқты айтып зәресін алды-ау.«Бұның айтып жүргені не екен, байғұс-ау» деп, біраздасын келініне қарап:-Жазған-ау, орысты қайдан көріп жүрсің?-деді әлі де болса, алақтап, түсі қашыңқырап отырған келініне:-Қос төрткіл жақтан.-Қарулы ма?-Білмеймін. Әйтеуір әскер. Осылай қарай жаяу шұбырып келеді.-Қарасы қандай? Көп пе?-Бірталай... шеру тартып келеді.Енді ене бөгеліп қалды. Іштей үркіп қалса да сезігін сыртқа шығармай. -Әскер болса, жөніне...деп, үнсіз қалды. Ақжан қанша сабыр сақтайын дегенмен әр затты бір ұстап, алаңдай берді.Қос төрткілі жаяу адамға бұл арадан бірталай жер. Қас қарайып қалды. Әлгілер де келіп қалар деп ортада қозданып жатқан сексеуілдің шоғын көсіп жіберіп, төрт-бес шырпыны айқыш-ұйқыш тастап жіберді. Мосыда тұрған қара шәугім тыз ете түсті. Соның арасынша, қыстың қысқа күні ұясына отырып, көз байланып та қалып еді. Олжасын бөліп арқалап, тыстан кірген аңшылардың киімін жұқа қар басыпты. От басындағы төрт адам ас қамына кірісіп кетті.Ақжанның хабарына олар да қуана қоймады. Әрқайсысы өз ойымен өзі болып, үй ішін үрейлі үнсіздік жайлап алды. Үнсіз ішілген астан соң, үй иелері шығарға шығып, тың-тыңдады. Ірі қара дегенде жалғыз жарбайын  іргеге тіздеп, аузын буып тастады.Қияқтанып туған Ай жарығымен көбелек қар сан құбылып жауып тұр. Күндізгі шағырмақ аяз сынған. «Қардың басын қар алар, ханның басын хан алар» деген, бұл аңшылардың не ойлағаны бар?-деп, Ақжан ішінен тон пішті.Әкелі-балалы аңшылар бұл кезде сайдың жиегіне көтеріліп бара жатқан. «Қанша жаяу дегенмен қостөрткілден жетер уақыт болды» деп, әкесі сайдың ернеуінен теріс беттегі тегістікке қарады. Бара-бара үдей түскен бұрқасын қардан айнала жөндеп көрінбейді. Жарықтық, киіктің матауы, текенің бұрқасыны ғой. Әлде әрі айналып кетті ме екен? Олай кетсе жолдан адасып, ізіне қайта шұбырады-ау. Әй, бірақ, әккі әскер адаса қоймас. Қолдарында қағаздары бар ғой. Жердің ой-шұңқырын кезгенде соған қарап адаспай жол тауып келе жатыр ғой» деп түйді шал.Аңшылар бой тасалап, ернеуді айнала бергенде анадайдағы құдық басынан жалпылдаған от көрінді. «Мәссаған, адасу қайда? Тас төбелерінде отыр екен ғой. Маңайдағы жалғыз құдықты  қағазға қарап жаңылмай тауыпты-ау, кәпірлер. Әкесі баласына осы жерден бақылайық дегендей ым жасады. Жақындасақ көрініп қалармыз».«Мұнша көп әскер түгіл екеуінің қарулы екі орысқа қарсы тұрар қауқары бар ма? Бар қаруы екеу ара бір қырлы. Иттер үйме-жүйме боп от жарығында өзек жалғап отыр-ау шамасы. Жан-жағына қарайтын да емес. Иен далада кім тиіседі десін. Тиісу қайда, қарулы орыс көрінсе бүгінгінің байғұсы  бұта-бұтаны сағалап қашар.Орыстар от сөнгенше орындарынан қозғалмады. Оларды сырттай қарауылдаған қос аңшы да қабақтан сығалаумен болды.-Асығатын емес қой иттің балдары... Шал тістеніп көкейінде кептеліп тұрған ызасын бұрқ еткізді. Баласы мырс етті. Шал одан сайын шамданды. О, қасқаның баласы, айдаладағы шұбырынды орыстан қорқып сайда бұғып жатып бұнікі не күлкі? Баяғы шалдардың ақкөздігінен бізде тұқыл қалмаған-ау осы. Қалса қашқын орыстың қарасынан үркіп бүйтіп бұтаның түбін қорғалап, бұғып жатар ма едік?! Енді еркінен тыс өзінің мырс ете қалғанын байқамай қалды. Бірақ бұл қорланғандықтан туған ызалы, сесті мырсыл еді.Шалдың шала бүлініп отырғанын сезгендей орыстар қыбырлап жинала бастады. Көп ұзамай ұзыннан шұбақ сапқа тұрып, арба жеккен түйелерін жолға салып, айдалада әлдене деп даурыға адымдап ілгері қарай жөнеле берді. Әкелі-балалы аңшылар орыстар қара үзіп кеткесін уһі десіп үйлеріне қайтты.Қанатбай сол түні кірпік ілмей шықты. «Жыртық үйдің Құдайы бар демекші, өздері орыстың көзіне ілікпей қалғанмен, жол бойы қазақ ауылдары жетерлік. Құдық-құдықты сағалай қонған Адайдың қай-қайсысы да қарулы орысқа тап болса жақсы емес-ау» деген күдікпен таңды атырған. Ат-көлігі болса, аяқ жетер жерге хабар берер еді. Тақымына қотыр тай бұйырмаған аңшы. Қолынан не келеді?! Ақыры ұйқы жоқ болғасын, таң қараңғысында тысқа шықты. Салқын ауада сергіп, сілкініп бойы ширап намазға ыңғайланып, қайта кіргенде кемпірі де от басында күйбеңдеп, шоқты жандандырып, мосыға шайнек іліп отыр екен.Кейін шұбырынды орыстың жүрген жерлерінде оқшау отырған ауылдарды қорқытып, қойларын сойып жеп, қыз-келіншектерін келемеш қылған жайлары да естілген. Сонысын кектеген көкірегінің қыжылы бар жігіттер соңдарынан қуып барып, бірқатарын жарадар еткен құсайды. Қарулы орыс қашып ұрыс салып, құтылып кетулі.* * *Бұл оқиға олардың есінде «орыс шұбыратын қыста» деген тіркеспен көпке дейін сақталып қалды. Сол жылы туған баласы едәуіршік болғанша, ұйқыдан тұрмаса:  «Өлген орыс құсап жатысын қарашы, мына иттің.  Өзі де орыс шұбыратын жылы туып еді-ау» деп еске алысып жүрді.

Автор: