ВЕРНУТЬСЯ

Екеуі де күн ұзаққа тынбай жүріп, сілелеп шаршады. Ақыры кемпірдің әлі құрып, аяғы шалысып, сүрініп жығылған. Құлаған жері қайраң құм. Ерте күздің жомарткүні бар жылуын аямай төгіп, елжіреп-ақ тұр. Анадайда бақырдағы балқыған күмістей жарқырап ақ шулап теңіз жатыр. Алып адамның кеудесіндей бір көтеріліп, бір басылған күміс айдын баяу теңселеді. Бұл араның суы таяз. Кешіп кетсең, көпке дейін тізеден аспайды. Судың түбі әйнек астында жатқандай ап-айқын көрінеді. Жағалаудың ана шеті мен мына шеті сырт көзге теңіздің төр жақ  бетінен бөп-бөлек боп ағараңдап шалынады. Соған қарағанда бұлар әлі Ақсу маңынан ұзай қоймаған секілді. Құмға малтыққан адамның жүрісі қайдан өнсін? Кемпір жығылған жерден бала да ұзап кете алмады. Қалжыраған күйі теңіз лебінен дымқыл тартқан сап-салқын жағаға етпетінен сұлай кетті. Күн көзі қанша жарқырағанмен құмның ыстығы қайтып, топырақ тоңазып қалыпты. Су сіңген сыз жерге батқан аяқ ізі ап-анық бадырайып түсіпті. Өзінің шиырлаған жолына қарап жатып, көзін жұмды. Өзегі талып, таңдайы кебірсіп барады. Маңайда ұшқан қара көрінбейді. Иесіз жағалаудың жалаңаш төсін айқара құшқан аппақ айдын жалғыздықтан жаны құлазығандай үнсіз егіледі. Тұп-тұнық мөлдір су еріне жылжып, қиыршық құмды шырпиды. Көздің жасындай. Жез құмақтың әр түйірі інжу моншақтай жылтырайды. Жағада жұдырықтай малта тастар қойдың құмалағындай шашылып жатыр. Бұның айналасы да жұмыртқадай шұбар ала тасқа толы екен. Бауырына батқан соң төрт-бесеуін саусағымен тырналап әрі таман сырып тастады. Жайланып, білегін жастанып, бетін теңізге бере жатты. Кішкенеден соң, шөліркеп, ирелеңдеп иегінің астына келіп қайтып жатқан мөлдірден ұмсынып, үзіп-үзіп екі-үш  ұрттады.Тарыдай саудыраған жез құмнан сүзіліп шыққан аз ғана алғаулы  су ауызды шақпайды екен. Қарсы алдындағы айнадай жарқыраған айдынға тағы көз салды. Су бетімен сансыз құмырсқа жорғалап бара жатқандай. Жыбыр-жыбыр. Мың сан күміс құмырсқаның жыбырлағанына қарай берсең басың айналатындай. Құлағыңды құмға бассаң, тереңнен ауыр тыныс тартқан ұлы теңіздің жүрек соғысындай бір қалыпты зор сарын естіледі. Шымырлап келіп, қайранды бір шайып, кейін лықсыған ирек толқындар мимырт та момақан. Алқымын жылымық толқын сипаған баланың күміс айдынға қарай-қарай көзі бұлдырады. Кешелі бері нәр сызбаған аш құрсақ тыным алған соң, асқазандағы әлденеше аш бақа аузын ашып, асыр салып, өзегі суырып, көз алды қарауыта бастады. Қарын тұсын қос шеңгелімен бүріп алып, бұрай жөнелген құлқын қысымына шыдай алмай қиналды. Әттең, дүние-ай! Жер-көк жылан жалағандай. Бала бір мезгіл басын шалқайтып, аспанға қарады.  Айнадай. Жан-жағы тақтайдай теп-тегіс жағалау. Кенет қол созым жерден көзіне бірдеңе жыбыр ете қалғандай болды. Тағы бір бұлқынып тына қалды. Ол не болар? Толқын ба, тас па? Суға көп қарасаң да көзің бұлдырап, өзінен-өзі қозғалақтай беретіні бар.  Бала бүлк еткен тұстан көзін айырмай, қисайып тағы біраз жатты. Жоқ, толқын емес! Тобыққа жетпейтін жайдақ су керенау кейін серпілгенде, жаңағы жер тағы бұлқынды. Жағадан едәуір шегініп кеткен тасбақа толқын тырбаңдап жеткенше тағы бір жыбыр етті. Бұл тегін емес! Баланың одан әріге тағаты жетпеді. Төрт тағандап, сәбише еңбектеп жыбырлаған жерге жетті. Бүлк-бүлк. Бала он саусақты айырша арбитып қайраңға көміп жіберді. Сыз топырақты қос шеңгелімен көсіп-көсіп алып, ін қазған тышқанша екі қапталға шаша бастады. Өсіңкіреп кеткен тырнақ астына құм тығылып, көбесі солқылдап сыздай ауырғанына да қарамады. Сулы топырақты оңды-солды оса берді. Саусақ ұшына балықтың тікендей қанаты іліккенде, көзі қарауытып, тобырсыған аузының сілекейі шұбырды. Қолын қанат инесі шабақтап, теңгешік тілгенін де ауырсынбады. Қайраңды тырналап арши берді. Осы мезгілде баланың бірдеңеге қадалып қалғанын көзі шалған қария да сүріне-қабына ұмтылған. Қырық жамау көйлегінің етегін жағалаудың сулы топырағына сүйретіп, жан дәрмен қасына жетті. Тірі аруақтай азып кеткен қарттың түрі қорқынышты-ақ. Қос самайдан дудыраған екі уыс ақ шаш аштық аздырған кейуананың сұсын одан әрмен кетіріп, арықтықтан сүйек-сүйегі ақ жем көйлегінің сыртынан шодырайып білініп тұр. Бет жүзі аңғал-саңғал. Көз ұясы үңірейіп кеткен. Шүңірейген боз жанары болар-болмас жылтырайды. Жиегі қызарып, суланған. Жақ жүні үрпиіп, беті тозаңытып, қаңғалақтап құларман халде тұр. Аштықтан талмаусып езуі көпіре бастаған кейуана жүресінен отыра қалып, сіңірі шыққан, сіріңкедей әлсіз саусақтарымен бетіне шып-шып суы шыға бастаған шұқыршақты мысықша тырналай бастады. Шұқырдан бір сүйемдей сыртқа шығып тұрған қанаттан екеулеп тартқылап, жата қалып тістелеп көріп еді, кірігіп қалған қайраң қозғалмады. Енді екі жақтан етбеттей жатып қазғыласты. Жағы суалып, көз алды көгістеніп кеткен он төрт-он бес жасар тыриған қара бала қайыстай болып, тырысып-ақ жатыр. Қашаннан бергі ащы тері қос самайын айғыздап, омырауына қарай ақ жолақ із салыпты. Ит тісіндей ырсиған жон арқасы ақ таңдақ. Маңдайдан тер, самайдан соры шұбырып, тұқшаңдап бақты. Екеуі бар қайратын жұмсап қалуда. Ақыры ұзындығы үш қарыстай қара балықты аршып алысты. Қайраңдап қалған бейшара суға тұмсығын тыға-тыға тереңге бата берген секілді. Бала балықтың құйрығынан ұстап қайраңнан суырып алғанда, алтын теңгедей желбезегі батып бара жатқан күннің сәулесіне шағылысып, бір жарқ етті.Бір әулеттен қалған қос мұңлық - әже мен немере өздерін ажалдан арашалап қалған Алланың несібесін Ақсуға қуана шайып  жатты.

Автор: