ВЕРНУТЬСЯ

(әңгiме)                                                                      1.Бұл пәниден пешенесiне жазылғанның бәрiн тiлiмен татып, көзiмен көрген Тұрмамбет батырдың қартайған кезiнде келiнiнен естiген сөзiнiң iште тынған құсасы жан досы Балуанияз батырдың бейiтiнiң басына келгенде лықып ақтарылды.- Уа, Балуанияз! Еңiреп өткен ерiм, орда бұзар отыз-ақ жасыңда елiңдi жаудан қорғап жүрiп, майданда қаза болған неткен бақытты едiң. Сенiң артыңда қалып, боқ домалатқан қара қоңыздай ұзақ ғұмыр сүргенде көрген напақам қайсы? Ошағының отын әзер жағып жүрген салпы етек, шайпау келiннiң тiлi тидi. У жыланның тiлiндей екен, ет-сүйектен өтiп, жүрегiме дәл қадалды. Жаудан қайтпаған жүрегiм бiр шүйке бастан шайлықты. Ендi өмiр сүргiм келмейдi, менi қасыңа алып қал, құрдас...Тұрмамбет атынан түсе сала құрдасының қабiрiнiң суық топырағын құшақтап, еңкiлдеп жылады. Өзi ес бiлгелi сексен жылдық ғұмырында тұңғыш жылағаны да осы болар. Келiнiнiң “осы кәрi қақпастан-ақ құтылмадым-ау” деген сөзiн естiгеннен өлгенi артық. “Қасыңа ал, құрдас, тай-құлындай тебiскен, жарты құртты бөлiскен жан досым, бұл күнде сексен жастағы менiң емес, сенiң айбының зор ел iшiнде, мен де дамылдаймын, қу тiрлiктен жалықтым”.Мәрт батыр ағайынының, балаларының жалынған-жалбарынғандарына қайтпады.- Көштерiңдi жолдан қалдырмай жүре берiңдер, мен ендi Балуанияздың қасында қалам, - деумен болды. Қар көбесi сөгiле қыс бойы паналаған жылы ойдан қырға жайлауға бағыт алған ауыл көшi амалсыздан Балуанияз батырдың бейiтiнiң қасына келiп қонып, төрт-бес күн еру болуды қалады...                                                                   IIБалуанияз батырға мәңгi мекен болған төрткүл төбенiң топырағы өмiрдегi сызығы таусылған күнi өзiне де мәңгiлiк торқа болып жабылғанын қалайтын. Жаз бойы от-судың мол жерiн iздеп, тұрақтамай көшiп-қонып жүретiн бұл ауыл жайлауы биыл қай өңiрде болатынын бiр құдайдың өзi бiлсiн. Егер олай-бұлай болып кетсе, Жем-Сағыз өзендерiн бойлап қоныс тебетiн елдiң шiлденiң аптабында бұның мүрдесiн өзi қалаған осы төрткүл төбеге жеткiзе алары екi талай. Сол себептен Тұрмамбет Алладан ажалды осы сәтте тiлеп, қан қысымын кенеттен өзi көтердi. Шынында да қарт батыр пәниден бақиға бiржола кеткiсi келгенi және оның тым-тым жақындап қалғанын сезгенi рас едi. Өйткенi бұл жерде Маңғыстау қазақтарының елдiгiн сақтап қалған, аруағын асырып, мерейiн үстем еткен, кейiн оны ақындар жырға қосып, әркiм құмарта тыңдайтын, сол ерлердiң туысы, ұрпағы, жекжат-жұрағаты, үзеңгiлес серiктерi болғаны үшiн мақтаныш сезiмiн кернететiн дастанға айналдырған жеңiстi шайқас өткен. Бұл жерде тұтқындалып, айдалып бара жатқан, аңыраған жесiрлер мен жетiмдердi, қолды болған мал-жанды құтқару жолында шейiт болған ерлер жатыр. Соның басшысы Балуанияз едi. “Ел шетiне жау келсе менен сүйiншi сұра”- дейтiн бұла қайратына мас, ақкөңiл, аңғал батыр, қайран Балуанияз. Соңғы шайқаста өзiне сай, қолтығында қанаты бар деп есептелетiн астындағы пырағы – Құла атты да Тұрмамбетке бермек болып, “осы жорыққа бiр мiнiп шығайыншы, сонан соң сенiкi, құрдас!” – деп ағынан жарылып едi-ау! Сол шайқастан соң Тұрмамбетке Балуаниязбен жүрудi де, қазақ пен түрікпеннiң талай ер көңiлдi жiгiттерiнiң арманы болған Құла атқа тақым салуды да жазбады. Ер жiгiттер қуса жетiп, қашса құтылатын сәйгүлiктерге, сұлу қызға ғашық болғаннан кем қызықпайтын. Жаугершiлiкте қолға түскен олжаның ең құндысы мыңғырған мал, алтын алқа емес, айдай Ару мен асыл тектi Арғымақ болатын.Иә, сол шайқас қалай болып едi өзi. Тұрмамбет батырдың бiр ерекшелiгi – сауда-саттыққа үйiрлiгi, Бесқала жаққа барып елдiң керек-жарағын әкелiп тұратындығы едi. Жанына онша көп кiсi ертпей-ақ, жалғыз-жалпы жүре беретiн.Тұрмамбет бiр сапарында Бесқалаға келе жатып, Айбүгiр тауының астында отырған түрiкмен досы Құрбанияздың үйiне түскен. Ол осы өңiрге белгiлi саудагер едi. Кейде оны-мұнысын алып, Сам өңiрiн жайлайтын Тұрмамбеттiң елiне де келiп, саудасын жүргiзiп кететiн.- Тұрмамбет, құдай қосқан бiлiшiм едiң, айтпасам адалдығыма сын болар, - дейдi Құрбанияз. – Маңғыстаудың ойындағы қазақ туыстарды шабуға екi жүз елу атты түркмен аттанып кеттi. Басшысы – Қара Бақы. Бүгiн екiншi күн. Хабар тарап кетпес үшiн ауылдан адамды шығармайды. - Ох, әттеген-ай, Бақы өткен жылғы кикiлжiңде айтқан уәдесiнде тұрған екен-ау! Мен оны айтыла салған, атасы өлген сөз болар деп едiм. Кейiн қайтпасам болмайды, - дейдi Тұрмамбет санын өкiнiштен бiр соғып.                                                                 IIIӨткен жылы көне Үргенiштiң базарында жүргенде сұлу арғымақты саудалап тұрған балуан тұлғалы түрiкмен жiгiтiне кезiккен.“Тұлпарды тақымы мықты адам ғана саудалар болар, кәне, жолымнан былай тұрыңдар”, - деп әлгi алға ұмтылған. Өзгелердiң сыпырылып жүре бергенiнен-ақ, оның тегiн адам еместiгiн бұлар түсiнген. Аттың иесi де өңiрге белгiлi байдың бiрi болса керек, саудаласушыны жазбай таныды да: “Бақы батыр, арғымақтың өзiңе лайық пырақ екенi рас. Бiрақ маған мал-мүлiк, ақша емес, қызметшi құлақ кестi құл керек, егер... ”, - деп сөзiнiң соңын жұтып жiбердi.- Келер күзде қазақтарды шабамын, сонда қазақтың он баласын тұтқындап, құлдыққа әкелiп беремiн, уәде осы болсын, Хемрақұлы, ал ат басыбайлы менiкi, - дедi де әлгi мықты өзге сөзге келмей, сүмбiледей жараған сұлу сәйгүлiктi жетектеп жүре берген. Әлгiнiң үстем сөзiне шыдай алмаған Тұрмамбет тұра ұмтылғанда осы Құрбанияз жiбермей қалған: - Елiңнен жырақ жүрсiң, әрi жалғызсың, ол болса түрiкпеннiң атақты Қара Бақысы. Сабыр, сабыр, сабаңа түс, базарда әркiм не айтпайды, - деген.Осы сөздi кейiн бiреу Бақыға жеткiзсе керек. Құрбанияздың үйiне қылышын жалаңдатып жетiп келгенi:- Басын аламын!...- “Мейман атаңнан ұлы” – деген, Бақы, мейманыма қол көтеруге қандай хақың бар? Әуелi менiң басымды шауып барып, қонағымның басын аласың, – дедi үй иесi.Бабалардың салт-дәстүрiн қатаң сақтайтын аңғал батыр сәл абыржығандай болып: “Менiң сыртымнан сөз айтып, жағама жармаспақшы болыпты”, - деп кешiрiм сұрағандай, үй иесiне ишара бiлдiрдi де, қонаққа сұсты көзiмен өңменiнен өткiзе қарады, сосын:- Әй, қазақ, айтқаным, айтқан, келер күзде қан майданда кездесермiз, менiң ажалым ба, сенiң ажалың ба, оны жекпе-жек шешер, - дедi.- Бекет-Атам жар болса, қасаңды тiстеп, сүйегiң сол жақта шiрiп қалмасын, - дедi бұл да жасқанбай, келушiнi ала көзiмен атып. Бақы одан әрi сөзге келмей шығып кеткен.- Бақы уәдесiнде тұрған екен, - дедi Тұрмамбет тағы да, әп-сәтте әлгi оқиға көз алдынан көлбеңдеп өте шыққан соң. – Мен елге тез жетуiм керек, тамыр, сен маған көмектес.Үй иесi үнсiз бiраз отырған соң: - Тұрмамбет, бәрiмiз де түбiмiз бiр мұсылман баласымыз, елiңе тез жетуiңе көмектесейiн, айыпқа бұйырма, әлгi айтқан жасақтың iшiнде менiң де ұлым бар. Жасақты аттандырып отырған Хиуа ханы: “Адайлар орысқа қарап кеттi. Салық төлейтiн түрi жоқ, оларды тәубесiне келтiрiңдер”, - деп отыр, оның үстiне Хемрақұлы тәрiздi байларға қолға түскен жалшы-құлдар керек. Жасырынып жет, күндiз ешкiмнiң көзiне түспе, ыңғайлы мезгiлде өзiңдi жолға салып жiберем. Бiрақ өз атың жарамайды, жолға төзiмдi емес, әрi ауылдан шыққан аттының iзiн аңдып жүргендер көп, соңыңнан қуса қолға түсесiң де жаныңмен мәңгiлiкке қош айтысасың. Менiң жарамды қашырым бар. Жүрiске талмайды. Елiңе сенi бiр жеткiзсе сол жеткiзедi. Араға бiр күн салсаң, небiр арғымағың да оған жете алмас...Уәде осы болды. Тұрмамбет бой тасалап жатты. Түрiкмен досы жүрiске мықты, екi-үш күн бойы шабысынан бiр танбайтын айғыр қашырын ерттеп дайындап қойды да, түннiң бiр мезгiлiнде Үстiрт бағытындағы жолға шығарып салды. Досының қашыры шынында да қажырлы болып шықты. Бiр күннен кейiн түрiкпен ауылының iз кесушiлерi бiр iздiң Маңғыстауға бет алғанын бiлiп, түре қуған екен, бiрақ аттары болдырып, жете алмай кейiн қайтыпты. Ал қашыр Тұрмамбеттi Сам құмын жайлап отырған қалың елге жеткiздi. Келе: “Балуанияз батыр, қайдасың, Маңғыстаудың ойындағы бейқам жатқан елдi шабуға Хиуа хандығының түрiкмен жасағы аттанып кетiптi. Артынан тез жетiп, туыстарымызды құтқаруымыз керек”, - деп айқай салды.                                                               IVЕр көңiлдi Балуанияз түн ортасында төсегiнен атып тұрып, жан-жаққа жаушы шаптырып, Жарқұдықтағы биiк төбеге ұран отын жақтырды. Сондағы Балуанияздың да, өзiнiң де, Асар сұпының да сөздерi әлi күнгiдей құлағында самбырлап тұр.Балуанияз:Салсам деп ем жауыма бұлағай сын,Құрдастардың iшiнде дүр адайсың.Жау тидi деп Елiңе, ей, Тұрмамбет,Неге менен сүйiншi сұрамайсың?Жүргенiмде жау қосын шапқым келiп,Құла атпенен жұлдыздай аққым келiп.Жүргенiмде бұла күш бойға сыймай,Қара Бақы кәллесiн қаққым келiп.Сұрамайсың сүйiншi неге менен?Қылмысы мол қазаққа төленбеген.Күнi кеше қайшылап қос құлағын,Құла тұлпар жер тартып елеңдеген.Өзi кептi кектесiм Қара Бақы,Жаннан асқан болса да дара Бақы.Ажал айдап мұнда оны келген болар,Қара да тұр, Тұрмамбет, қара да тұр.Тұрмамбет:- Ей, Балуанияз!Бұл өмiрде қайғы көп, шаттық күй аз,Ұран от жақ, жасақ жи, шақыр сияз.Жүрген соң жел өтiнде, ел шетiнде,Бала Нияз, атандың Балуан Нияз.Тағдыр алға тартқан соң қиын сынды,Неге азапты бiзге Алла жиi ұсынды.“Сұрағаным сүйiншi ұлық болар”, -Деген едiм,Бер онда сүйiншiмдi.Балуанияз:Сенен алып сыйлаған сұлуларға сырғам көп,Шейiт болар елi үшiн кiм кетсе де құрбан боп.Аңсап күткен жорықтың хабаршысы ең Қыдырдай,Қалауыңды айт, Тұрмамбет!Тұрмамбет:- Ердiң сөзiн кiм-кiмде тұрақты дер,Бес қарудың бiрi сол - мұрат-жiгер.Арманым – жауға мiнiп шапсам деген,Арманым – жұлдыздай бiр ақсам деген,Қалауына – Құла атты бер!(Пенделiк-ай, мың жылқы бiр бөлек те, Құла ат басқа,Қоймады iшкi сезiм сұратпасқа).Балуанияз сонда сәл ойланып қалған-ды. Әрине, құрдасынан астындағы атын сұрар деп күтпеген-дi.Батырдың аты шулы Құласы едi,Баласындай баптаған бұласы едi.Құла ат шапқан мезгiлде тегiстелiп,Кететiндей даланың жыра, селi.Көзi жайнап, шабыс тiлеп тұрар едi,Қаз мойынды керiле бұрар едi.Қос қолтықтан қос қанат суға малар,Ат емес хиссадағы, пырақ едi.Бәйгеде шыға келер дараланып,Баратын жер жоқ оған ара қонып.Аруға емес, Құла атқа ғашық болып,Көп жiгiттiң жаны жүр жараланып.Соның бiрi Тұрмамбет болатұғын,Ат көркiне көңiлi толатұғын.- Құда түссем Құла атқа, құрдас-ау, - деп,Үйеңкiден найза сап жонатұғын.Балуанияз:Уәдем, уәде,Өтiнем бiрақ сенен,Жемдеп жүр ем арпа, бал, құрақпенен.Алайын ақсемсермен Бақы басын,Шабайын осы жауға Құла атпенен.Содан кейiн дегенiң болсын, құрдас,Маған бағыт сiлтейтiн жолсың, құрдас.Ерлiгiмдi көзiңмен тамашалап,Маған деген көңiлiң толсын, құрдас!Содан кейiн асылым – құла тұлпар,Сенiкi болсын, құрдас!Тұрмамбет:Батыр, уәдең, уәде,Өтiнбе бiрақ менен,Жемдеп жүрсiң арпа, бал, құрақпенен.Мен алайын, маған қи Бақы басын,Мен шабайын осы жауға Құла атпенен.Балуанияздың әкесi Мүсiреп:Бiрге өскенсiң екеуiң жастайыңнан балдырған,Бекет-Ата жар болсын, ақ жол шықсын алдыңнан.Екi сөйлеп алдырмай Тұрманжанға бер атты,Ер жiгiтке жараспас достың көңiлiн қалдырған.Батыр Балуанияз әке сөзiнен кейiн Құланың жүгенiн Тұрмамбетке ұстатқан да жүре берген. Қайран, мәрттiк-ай!Тұрмамбеттiң ас iшпей аңсаған арманы құла ат қолына қас-қағым сәтте тиген-дi. Қас-қағым сәт. Бақтың да жiгiт басына қона кетуi қас-қағым сәт екен ғой. Шiркiн, құла атқа тақымы тиген жiгiт әруақтанып кетпей ме?Осы сәтте Пiр Бекет-Атаның iлiмiн жалғастырушы, жорықтың ту ұстаушысы Асар Сұпы сөзге араласты. Екi құрдастың арасында алғашқы әзiл шынға айналып, жорыққа аттанғалы тұрған алпыс жiгiттiң арасына жiк салатындай болып сезiлгендей ме?!Асар Сұпы:Ей, Тұрмамбет, Тұрмамбет!Бесқаладан әкелген сақинаң мен сырғаң көп.Бiрақ соның бәрi де бiр құланың нарқына,Безбендесек тұрған жоқ.Мал жайылған беткейге,Нөсер төгiп өтпей ме?Сол беткейiң құлпырыпТүске енбей ме көк бейне?Тұлпар – ердiң қанаты,Тұлпар – қамқа, жанаты.Не кездеспес майдандаАсылықты ойға алма,Қапылыс сәт болғандаБар арманы iшiндеҚас батырдың кетпей ме?Бесқаладан әкелген сақинаң көп, сырғаң көп,Бiр құланың нарқына безбендесек тұрған жоқ.Тақымына үйренген бас батырдың өзiнiңБер тұлпарын, Тұрмамбет!Бұлар үшiн жорық туын желбiретiп биiкке ұстаушы Асар Сұпының айтқаны заң болатын. Тұрмамбет ләм-мим деместен Құланың жүгенiн Балуанияздың қолына қайта ұстатты...Жорыққа жиналғандар алдында саны көп жаудан жасқанбай, үрей туғызбай, қызға ұрын бара жатқандай қос құрдастың осылай ойнақы мiнез танытуы, олардың сөздерiне Асар Сұпының күлiп тұрып төрелiк айтуы жiгiттердi жiгерлендiрiп, көңiлдендiрiп, жеңiске деген үмiт отын маздатып жiберген.                                                                   VӘне-мiне дегенше, Балауанияздың ауылына қару-жарағы сай 62 жiгiт жиналды. Аттарының жарамсыздығын сылтау етiп, екеуi қалып қойды да, алпыс қыран аттанып кеткен.Бұлар кеткен жауды қайтар жолдан күтiп алуға келiстi. Өйткенi олар барар жерiне барып, бейқам елдiң шабатынын шапты, алатынын алды, айдайтын малды айдады. Ойдағы шабылған елдерден қапелiмде қуғыншы жасақталып шыға қоймайтынына, ал қырдағы елдiң хабарсыздығына түрiкмендер сенiп келе жатқаны кәмiл. Алдынан тосып, тұтқындар мен малды айырып алып қалу керек. Олар ескi жолдың бiрiмен қайтады. “Ебелектiң елу аңғары”, не “Қараған босаға”. Ақылдаса келе бұлар шапқыншыларды “Қараған босағадан” күтпек болды. Осы жерде барлаушылар шапқыншылардың артық қару-жарақтарын күзетiп жатқан бiр топ адамдарын ұстап алып, барлық мәлiметтердi бiлдi. Ертеңiне сәске кезiнде шапқыншылардың қарасы көрiнiп, тұтқындарды улатып-шулатып аңғарға ендi. Осы сәтте қуғыншылар тосыннан лап қойды. Кескiлескен ұрыс болды. Түрiкмендер тар жерде не iстерiн бiлмей сасып, тұтқындардан айырылып қалды. Шапқыншыларды кеңге шығартпай, есеңгiретiп тастады. Қазақтардан мұндай әрекет күтпей бейқам келе жатқан олар алданғандарын кеш түсiндi.Балуанияз шапқыншылардың басшысы Бақы батырды бiрден тапты. Екi батыр жекпе-жек майдандасып кеттi. Кек күшi бойын кернеп келе жатқан жас перi Балуанияз жанталасқан арпалыс үстiнде Асар Сұпының: “Батыр Бақыға найза сiлтер болсаң, емшектен жоғары көздерсiң”, - деген сөзiн қас-қағым сәтте есiне алған. Сонда белiне орап байлап алған қазақтың екi жас баласының қылтиған басын көрiп қалды. Бойындағы қаны қайнап, қуаты тасып кеткендей болды. Ол Бақыны емшектегi тұсынан найза шаншып ат сауырынан аударып түсiрдi де, алға шауып жүре бердi.Тұрмамбеттiң де iздеп жүргенi осы Қара Бақы болатын. Балуанияздың найзасының ұшынан құлап түскенiн көзiмен көрдi. Бұдан кейiн Балуанияздың қайратының судай тасығаны сондай, қашқан жауды қоғадай жапырды. Атақты жүйрiк Құла өзге аттарға омыраулап жетiп барғанда, оның үстiндегi адам Балуанияздың бiр сiлтеуiнен бөрiктей ұшып түседi.Майданда жеңiс қуғыншылардың қолына әбден көшкен мезгiлде ақмоншақ арғымақты қашқынды Балуанияздың көзi шалып қалған-ды. Батырдың ниетiн ұғынған ту ұстаушы Асар Сұпы: “Қашқынды қумас болар”, - деп басу айтса да, қанына қарайып алған Балуанияз тыңдамады. Құла ат қашқынның астындағы ақмоншақ арғымақпен құйрықтаса берген сәтте, қашқынның қолындағы бесатар дауысы саңқ еттi де, үстiндегi батыр еңкейе бере жерге сыпырылып түстi. Құла ат оқыс тоқтап, иесiнiң жанында оқыранып тұрып қалды. Осы сәтте Балуанияз батырдың iнiсi Қонабай шауып жеттi. Ағасының кегiн алмаққа өз атының үстiнен құла атқа қарғып мiндi де, алға ұзап кеткен қашқынды қайта қуды. Жұлдыздай аққан Құла тұлпар лезде-ақ қашқынның жанына қатарласа берген, Қонабайдың найзасы қас жауының кеуде тұсына ендi кiрiш-кiрiш қадалғалы қалған. Оқыс дауыс шаңқ еттi де, Қонабайдың қолындағы найза төмен сусып жүре бердi. Қонабай ат сауырынан сыпырылып түсiп бара жатты. Өзiмен қатарласа берген аттың түрiкмен-қазақ жiгiттерiнiң арманы болған әйгiлi Құла екенiн аңғарған қашқын тiзгiнiнен алып, алға шаба бердi. Бұны қуар қуғыншы ендi шықпады. Ұрыс қазақтардың жеңiсiмен аяқталды. Мал-жан айырылып алынды. Шапқыншылардың көбiнiң ажалды сағаты соғып, жайрап қалған. Астындағы аттары жарамды жиырма шамалы түрiкмен ғана құтылып кеттi. Бiрақ амал не, соғыс заңы қатал, осы ұрыста бесатардың құмалақтай қорғасын оғынан бас батыр Балуанияз, оның туған iнiсi қаза тапты. Құла тұлпар жау жетегiнде кеттi...                                                                     VIӘттең-ай,Әттең-ай,Әттең-ай!Ағаттық кеттi екен қап, қалай?Оққа ұшты Балуанияз, есiл Ер,Деп жүрiп “жауымды тонаған,Тынбаймын табанға таптамай”.Жосадай қызыл қан аққаны-ай,Өлiкке толыпты көп маңай.Кiмге де, сiрә да, кiмге де,Асылық айтылса жақпағай.Ұрасың маңдайдыБаурыңды,Тұрасың қалайша жоқтамай.Ел үшiн еңiреген есiл Ер,Ағаттық жiбердi қап, қалай?“Жау келсе сүйiншi ал” – дегенiң,Асылық болды ма,Әттең-ай!Құрдас-ай,Құрдас-ай,Құрдас-ай-ай!Қыздарға бiр барған сырлас-ай!Бiр жоқтар ел қамын мұңдас-ай!Зарымды запыран тыңдашы-ай!Кеудемде соқса егер бұл жүрек,Кегiңдi бiр алмай тынбас-ай!Алмасам қайтарып құла атты,Құрдас-ай,Болайын Ер емес, ұрғашы-ай!Тұрмамбет осылай аһ ұрды. Бесатарлы қашқын түркпеннiң астындағы ат бiр кезде Қара Бақы базарда саудалаған, өтеуiне қазақтың он баласын құлдыққа әкелiп бермек болған “Аққұш” атты аты шулы арғымақ болатын. Кейiн Қара Бақы бұл атына сай құстай ұшатын арғымақты қашқанды қуып, алдына әкелiп отыру үшiн iнiсi Оразмеңдiге мiнгiзген едi... Құла аттың жүйрiктiгi одан да асып түстi. Бiрақ бұл қасиет Құла үшiн сор болды... Қолында ажал сепкiшi бар қарақшыны аттатпаймын деп ағалы-iнiлi екi арыстың жанын шейiт еттi. Әйелдiң соры – көркiнде, батырдың соры – намысында, аттың соры – жүйрiктiгiнде екен ғой.Тұрмамбет қолына қан шеңгелдегендей алас ұрып жүрiп, кенеттен мана Балуанияз аттан аударып түсiрген Қара Бақының мүрдесiн көргiсi келдi. Неге екенi белгiсiз. Атақты қолбасшы Бақы аттан құлағанда-ақ оның жасағы қожырап, бытырай қашқан-ды. Жоқ, Қара Бақы өлмептi. Ауыр жараланған, тiстенiп тая бастаған жанарымен Тұрмамбетке қарады.- Ей, Қара Бақы! Иманыңды үйiре бер, өз қолыммен өлтiрем, – дедi Тұрмамбет. Екi батырдың да беттерiнде айықпас ызғар оты жанып тұрған. Қара Бақы тiл қатпады. “Өлтiрсең тезiрек өлтiрмейсiң бе, неғып тұрсың?!” – дегендей едi.- Жоқ, Қара Бақы, жаныңды жаһанамға жiберместен бұрын соңғы тiлегiңдi айт, орындаймын. Бiрақ қандай өлiммен өлетiнiңдi бiлесiң бе, өзiңнiң Төремұрат батырға iстегенiңдей... Дүние кезек...- Тө-ре-мұрат ба-тыр-р-ға...Қара Бақы оқыстан тiлi күрмеле, әзер осы сөздердi айтты да, қозғалмастан үнсiз жата бердi. “Мейлiң, ажалы жеткен адамға қалай өлсе де бәрi бiр емес пе?!” – дегендей. Осы сәтте екi батырдың да көз алдынан бұдан бiраз жыл бұрын өткен қанды оқиға желiлерi елес бердi де, ғайып болды.                                                               VIIИә, заман-ай! “Дүние жалған, бiрде алдын, бiрде артын бередi”, – деген осы да. Ол шайқас – “Қызданайдың қырғыны” деген атпен екi халықтың да есiнде қалған едi.“Қызданайдың қырғыны”. Атақты Ару – Қыздансұлу үшiн болған қырғын едi бұл.Исi түрiкмен мен қазағыңда ол кезде Қыздансұлудан асқан перизат бар ма едi?.. Елi еркелетiп, Қызданай атап кеткен. Шiркiн, заты атына сай Қыздансұлу десе қыздан сұлу едi-ау! Оған кiмдер ғашық болмады... Төремұрат, Нарынбай, Өтен батырлар, Құрманғазы күйшi, Қашаған ақын... және осы Қара Бақы... Бiрақ сол ару Төремұрат батырдың несiбесiне тидi. Көп батырдың iшiнде оның әруағы басып, қызды өзiне илiктiрiп, табындырған. Қызғаныштың қызыл итi деген пәле де жаман ғой... Айдай ару келiншегiн алып, ағайын арасынан жырақтап, бiр кездерде қатар көшiп жүрген түрiкмен достарының iшiнде қоныс тепкенi де бар... Әйел көркi көз құрты емес пе, орталарындағы жалғыз қазақтың сұлу жарына түрiкмен жiгiттерiнiң де аңсары ауа бастады. Соның бiрi Қара Бақы болатын. Қонсыларының арам ойын сезген Төремұрат өзi өкпелеген ағайын жағына ойысып, қазақ пен түрiкменнiң орта қонысын ала отырды.Есiл-дертi Қызданай болған жас батыр Қара Бақы үйiнде байыз тауып жата алмады. Бар арманы Қызданай... Жорыққа шығуды аңсады. Оның да сәтi түстi. Есептеп отырса, қазақтың батыры Төремұраттың түрiкмендерге тiзе батырғаны көптеу болып кетiптi. Тiптi оның жалғыз үй отырып-ақ кеудесiн асқақ ұстап, өктем-өктем сөйлеп, кейбiр қылжақпас жiгiттердi тақымына басып, тәубесiне келтiрiп жiберуiнiң өзi намысты аяққа басқандық екен-ау. Кезiнде оны қалай аңдамаған. Жалғыз-жарым түрiкмен оның ауылының маңынан аттай алмайды. Аттаса көкесiн көзiне көрсетедi.Демек, оны тәубеге келтiру керек. Оның жалғыз жолы – аттанып барып, Төремұраттың ауылын шабу, ал соғыста аяушылық болмайды. Оның өз заңы бар, өлiм, жесiр, құл, мал-мүлiк... жеңген жақ мол олжаға кенеледi. Сол олжаның ең бастысы – Қызданайды қолды қылып, елге келген соң өзiне атастыру...Сол жолы Бақының жолы болудай-ақ болған. Қамсыз ауылды аяусыз шапты. Жасанған жасақ қарсыласқанды қырып салды. Ұйқыдан оянған олар да өршеленген. Бiрақ қайқы қылыш дегенiн iстедi. Қапыда қалған батырды Бақының өзi аттан құлатты... Қызданай сұлуды артына өңгердi. Аруағы асты. Қуаты тасты... Кенет жерде ауыр жаралы жатқан Төремұрат ызбарлана:- А, Қызданай! – дедi, - ат көтiне мiнгенiңе риза болып, бара жатсың ба, айт ана сүмелекке, менi өз қолымен өлтiрiп, бетiмдi жауып кетсiн!- Ә, сен әлi тiрi ме едiң, кәрi азбан, тiлегiңдi қазiр орындаймын!Қара Бақының қылышын көтере бергенi сол едi, Қызданай сұңқылдай жылады:- Батыр ием, сенен бұрын мен өлсемшi, бұндай қорлықты көргенше шыққыр көзiм шықсашы!Қара Бақының басына қан тептi. Мейiрiм, аяушылық деген сезiмдi ұмытты. Болашақ жар етпек Қызданайдың көңiлiн Төремұраттан бiржола суытып кетудi ғана ойлады. Ол үшiн не iстемек? Е-е, тапты.- Қызданай, сенiң қимай тұрғаның мынау екен ғой!     Ол кенет аттан түсе қалды да, қимылдауға әлi жоқ жаралы батырдың шалбары мен тiз киiмiнiң ауын бiрге дар айырып жiберiп, ұстара кездiгiн қынынан көз iлiспес шапшаңдықпен суырып алып, Төремұраттың екi бұтының арасына қолын сүңгiтiп жiберiп... қызыл шақаланған екi жұмыртқаны Төремұраттың екi езуiне нығарлай тықты да, Қызданайға:- Ендi енсiз еркек қай қатынға дәрi болыпты, көзiңмен көрiп ал, - деп ақырды.Қапелiмде болған оқиғаны аңғара алмай қалған Қызданай iстiң мәнiне ендi түсiнген. Бетiн басып, көзiн тарс жұмып, жүгiре бере етегiне сүрiнiп жығылған...                                                               VIIIАдамның зердесi неткен күрделi. Осы оқиға екi батырдың да көз алдарынан қас-қағым сәтте өте шықты. Үрлесе лап ете түсетiн қоламтадағы қызыл шоқтай, ескi кек, кеткен есе құрғырың да ұмытылмай, еске сап ете түскен шақта шоқтан алауға айналып, лапылдап шыға келедi екен ғой.- Дү-ние ке-з-е-к, Тұрмамбет, ол тәсiлдi мен бұрын iстеп, жа-а-ныма ләз-зат алған-мын. Бiлгенiңдi аяма! Қазақ қатындарының “күнтимесiнен” талай рет дәм татқан “ызбырайымды” айызың қанса үйтiп же!Қара Бақы да қасарысқан батыр екен. Төнiп тұрған ажал қылышына мойынсұнар емес.- Оныңды не iстерiмдi өзiм бiлемiн, кәне, тұруға уақытым жоқ, соңғы тiлегiңдi айт!- Өлсем, майданда өлiп барам, арманым жоқ, тек тiлегiм - сүйегiмдi елiме жеткiз, қазақ жерiнде қалып қоймайын, Тұрмамбет!- Тiлегiңдi аман жүрсем орындаймын, өз тәсiлiңдi өзiң бiр сына...Тұрмамбет Бақының шалбарының ауын дар еткiзiп айырып жiберiп... қанжарын жалаң еткiздi...                                                                    IХЖорықтан соң бiрнеше айдың жүзi өтсе де, Тұрмамбет тыншыр емес. Ұйықтаса-ақ болды, түсiнде Балуанияз, жер тарпыған Құла ат, ұрты томпайған Қара Бақы жүредi.- “Ел шетiне жау тисе менен сүйiншi сұра!”. “Аңсаған жауың келдi, сүйiншiме Құла атты бер”, “Айтқаным, айтқан, уәдем - уәде, құрдас, тек осы жорыққа бiр мiнiп шығайыншы!”. Алас-қапаста батырдың өзiне өзi үкiм шығарып қойған бұл сөзiнiң астарына Асар Сұпыдан басқа ешкiм түсiнбептi. “Қапылыста Балуанияздың арманы iшiнде кетер, Құланы батырдың өзiне бер, Тұрмамбет!”. О, әулие Асар, табынар пiрiмiз Бекет-атаның iлiмiн iлгерi апарушы Асар, сен неткен көреген едiң. Сонда Балуанияз: “Құрдас, мен Құланы соңғы рет мiнiп жауға шапқалы тұрмын ғой, содан соң саған қалдырмай, кiмге қалдырам”, – дептi де, болашақ ұрыстың немен тынарын алдын-ала болжаған Асекең: “Бұл шайқас - соңғы шайқасы. Жеңiстi әкелетiн Балуанияз. Ал Балуанияз Құла аттың үстiнде ғана аруақты. Және бiр жай, жүйрiктiң үстi барлық уақытта басқан тақымға құт бола бермейдi!” – дегендi қалайша астарлап, әдемi түсiндiрген.Құла атқа Тұрмамбеттiң шынымен тақым сала алмай кеткенi ме? Қосылған бәйгенiң алдын бермейтiн, денесi қызып, терлеген сайын өрлейтiн Шалқұйрық тектес Керқұла...Иә, қазақтың кәрi-жасы аузының суы құрып, тыңдайтын ертегiлердегi Шалқұйрықтай, Керқұладай Балуанияздың құла атының да ертегi-аңызға бергiсiз өз тарихы бар-ды...Бiрде жас батыр атақты Саназар байдың ауылында болып, кетерiнде: “Нағашы, ен жылқының iшiнен мiнiске жарайтын бiр тай бұйымшыласам... әрине, бұл аяқ артар таппағаннан емес, өзiме лайық тұлпар тай, сұңқар тай iздегендiктен”, - деп жымиды.Сонда Саназар жылқышыларына: “Құлагер биенiң құла тайын ұстап әкелiңдер”, - деп бұйырды. Сонан соң “жиен, мен мал танысам сенiң қанатың осы Құла болар деп тұрмын. Арғы тұқымы суын су жылқысынан пайда болған. Екi елдi жауластыра жаздаған құлын оқиғасын бiлесiң ғой. Қазақ пен түрiкмен анттасып, оған Қожаназар байдың алты жасар Қошаны антқа ұсталатыны. Сондағы суын құлынның тұқымы бұл. Өзi көп емес. Бұл тұқым Қожаназар мен менiң жылқымда ғана бар. Бiрақ кестiрiп, ат қылып беремiн. Осы тұлпарды мiнетiн бiздiң жақта жiгiт болар ма екен деп жүр едiм. Түр-тұлғаң сүйсiнтедi. Бiрақ бiр ескертерiм: сутағы тұқымының ер жiгiт үшiн құт болатынын не жұт болатынын айта алмаймын”.Көзi қарақты Балуанияз тайдың тұлпар мүсiнiн бiрден таныған. Сол Құла жау қолында кеттi. Киелi жануарды елге қайтару керек. Бiрақ қалай? Тұрмамбеттiң ойы сан-саққа жүгiрдi. Жасақ жинап барып, шаңырағын ортасына түсiрiп шауып ала ма? Олай iстей алмайды. Қазiр екi жақта өлiара мезгiл, тыныштық сәтiнде. Бiр тай үшiн ешкiмдi жаугершiлiк жорыққа ылықтыра алмайсың. Түн жамылып барып, ұрлап кетсе ше? Тағы келiспейдi. Ашық күнде келiсiммен ғана қайтару керек. Сонда қайтiп?.. Е, тапты, тапты. Тiптi ұмытып кете жаздапты-ау! Қара Бақыға берген уәдесi бар емес пе едi... “Соңғы тiлегiңдi айт”, “Сүйегiмдi туған жерiме, елiме жеткiз”.Қара Бақыны Тұрмамбет қара жерге аманат етiп көмген. Бұл кейiн сүйектi қайта ашып алып, өзге жерге табыстаймын деген сөз. Ендi сол аманатты орындау керек. Жау болса да ерлiкпен өлген батырдың аманатын орындай отырып, қарымтасына Құла атты кейiн қайырып берудi сұрағаны жөн. Құла атты қайтарудың ең тиiмдi жолы осы. Яғни екi жақтың асылдарын бiр-бiрiне айырбастау. Осы ойға бекiнген Тұрмамбет жол сапарға жиналды...                                                                        ХКеш бiлдi,Бiлдi ендi Құла өзiнiң жау қолына түскенiн,Жас болып тамды жанардан запыран қайғы iштегi.Қамыс құлағы жымиып, тарпаң мiнезбен келгендi,Артына келсе тептi де, алдына келсе тiстедi.Артына келсең тептi де, алдына келсең тiстедi,Жемедi берген арпаны, бал суын берген iшпедi.От-суы жат бұл жердiңТопырағы жат, жат бәрi,Құлын кезде өскен өрiске махаббат неткен күштi едi?Сан бәйгеден, сан жорықтан сыналған,Суын тектес тұлпарды тақымға басып құмарданШығу дегенiң,Шығу дегенiң, шiркiн-ай,Исi түрiкменге, исi қазаққа бiр арман.Өз құнына сан азаматты құрбандап,Қолға ендi, мiне, өзi ұшып келiп тұрған бақ.Шулатып жұртты бәйгеден дара келетiн,Құла тұлпардың қызығынан кiм құр қалмақ.Алланың сыйы – Оразмеңдiге қиғаны,Өйтпесе бұған жетпес ед барлық жиғаны.Бақ құсы қонды жiгiттiң батыр қолына,Дүрлiктiретiн Хиуаны.Бола ма жайлар қисыны, сiрә, келмейтiн,Бола ма жайлар ойға алсаң дағы өнбейтiн.Қос қолтығында қос қанаты бар тұлпары,Тұлпары құрғыр дегенге әзiр көнбей тұр...Ойланды қисын, қалайша, сiрә, iсi өнбек?Жұтқаны қайғы бақыттың балын iшсем деп.Ашуға мiнiп темiр шарбақтың iшiне,Ұстады атты кiсендеп...Әлқисса, осылай жылға жуық мезгiл өтiп, жаздың жадыраған күндерiнiң бiрiнде атақты атсейiс, бiлгiштер жиналып, кеңес құрды. Құла тұлпарды көндiру үшiн не iстеген жөн? “Бостандыққа шығаралық, ендi қайда кетер дейсiң, келген кезде ер-тоқымын бауырына алып тулағандай ел-жұрты, от-суы есiнде қалды дейсiң бе, ұмытылған болар, қанша дегенмен айуан ғой, ол түгiл адам да басына түскен тағдырына көнiп, басын имей ме?”Құланың аяғындағы кiсенi алынды, бiр топ саяқтың үйiрiне қосылып, еркiндiкке жiберiлдi. Алғашқы кезде аяғын кiбiртiктеп басқан Құла бiрте-бiрте терiсiн қиып тастаған тұсауынан босағанын сезiне бастады, айналасын бағдарлады, тың тыңдады. Жерге жата қалып аунаған, төрт аяғын көкке шаншып әрлi-берлi асып түсiп едi, үстiн күндiз-түнi басып жүретiн зiл-батпан ауырлықтан құлан таза арылғандай болды. Денесi жеп-жеңiл, қиқуы мол шабыс тiлегендей ме?! Кәдiмгi тұяқты толықсыған топыраққа толтырып, артқа лақтырып, ақ шаңды шұбалтып шабатын шабыс...Қамыс құлағын тiктеп, алдына танауын делдитiп жiтi қарап едi, алдынан еш кедергi жоқ далиған жазық дала көрiндi, мұрнына Маңғыстаудың сабат самалы ескендей болды. Құйрығы көтерiлiп едi, екi-үш тезек тастады. Денесi дiр етiп, ыстық қан теуiп, жүрегi дүрс-дүрс соғып кеттi. Құйындатқысы келгендей. Оқыстан кiсiнеп жiбердi. Басын қақшитып алып, құлағын қайшылап, құйрығын көтерiп жiберiп желiп жүрiп, тағы бiр кiсiнеуi мұң екен, ауыл жақтағылардың әлденелердi айтып абыр-сабыр болып жатқан шаң-шұң дыбыстары естiлдi. Әлдекiмдер ерттеулi аттарына жүгiргендей ме?Тұлпарға қызбалық тән. Ауыл жақтан шыққан шаң-шұң дауыс құланың делебесiн қоздырып жiбердi де, әуелi желiске, сосын текiрекке, сосын шабысқа басты. Арттан оншақты атты тырағайлап қуды. Құла шауып бара жатып, тағы кiсiнедi. Бұл түрiкмендердiң құлағына жеткен соңғы кiсiнеу, құланың елiне бет алғанын толық аңғартты. Құла қыза-қыза құстай ұшты. Етi қызған сайын бұлшық еттерi бұрынғы қалпына келiп, бойына жаңа қуат пайда болды.Артта қиқулаған қалың аттылар, қамшыларын аттарының сауырына аямай салып, тырағайлап-ақ келедi. Алғашында абайламапты, алдында көл бар екен. Ендi бұрылуға кеш. Қуғыншылар алыстан орап, көлге қамап ұстағалы келедi. Құла екпiнiн тоқтатпастан көлдiң жарқабақтау тұсынан суға бiр қарғыды. Бiр сүңгiп су бетiне қайта көткерiлген соң еш қиналған жоқ, жеңiл жүздi. Тiптi үйрек тәрiздi. Басы, мойны, арқасы, құйрығы су бетiнен едәуiр көтерiлiп ағып бара жатты. Бұл оның терең ағынды суға тұңғыш рет түсiп, тұңғыш рет жүзуi едi. Маңғыстаудың ойы мен Үстiртiнiң үстiнде су болатын ба едi, ондағы кiлең шымыраулар ғой.Қуғыншылар құланың мына оқыс қылығына таң қалды. Әп-сәтте көлемдi көлдiң арғы жағына өтiп шығып, бiр сiлкiндi де, желiп кете бердi.- Арғы тегi су жылқысы екенiн дәлелдедi, - деп түрiкмендер қауқылдасып жатты. Құла естiген жоқ, тiптi арғы атасы суын екен – деп адамдардың өзiне айдар тағатынын да бiлмейтiн.                                                                      ХI...Есiл-дертi Құла ат болған Тұрмамбет белiн бекем буып, басын бәйгеге тiгiп, батырдың соңғы тiлегiн орындамақ болып, Қара Бақының сүйегiн артқан атанды жетелеп, түрiкмен ауылына келiп отырғаны осы. Түйе жетектеген адамға ара жолдың қашықтығын айшылық деп атайды. Атын қаңтарып, түйесiн шөгерiп, сәлем берiп, үйге кiрiп келдi. Үйде, сiрә, марқұмның зайыбы болу керек, бiр әйел, екi жiгiт отыр екен. Төрге шыққан Тұрмамбет малдасын құрып жiберiп, отағасынан айырылғалы жылға жақындап отырған үйге күңiрентiп бата оқыды. Үйдегiлер қонақтың жайын сұраған. Батырдың өз өмiрiнде есiнде қалған шешендiгiн танытқаны да, батырлығын танытқаны да, қатты қорыққаны да осы сәт.Шешендiгi – түрiкмен мен қазақтың арасындағы ұрысты, оның негiзгi күнәкерi осы үйдiң иесi Қара Бақы екенiн, өздерiнiң жетiм-жесiрдi айырып алу үшiн соңынан қуып жетiп соғыс ашқанын, майданда екi жақтан да аяулы ерлерiнiң қайтпас сапарға аттанғанын, Қара Бақының соңғы тiлегiн орындау үшiн сүйегiн елiне табыс еткелi келiп отырғанын жеткiзе бiлуi. Бұл жерде дүңк еткiзетiн батырдың доғал тiлi емес, бидiң майдан қыл суыратын шешен тiлi керек.Қорыққаны - әкесiн осы кiсiнiң өлтiргенiн естiген сәтте екi жiгiттiң үн-түнсiз, сұп-сұр қалпында кереге басында iлулi тұрған қылышқа тұра жармасып, қынынан жалаң еткiзiп суырып алуы. Бұл сонда “ажалымның жеткен тұсы осы жер екен ғой”, - деген ой сап ете түскенде, орнынан атып тұра жаздағаны...Батырлығы – сол қас-қағым сәтте сол қорқыныш сезiмiн, iшкi үрейiн жеңе бiлiп, ештеңе елемегендей отыра бергенi. Бәрi де бiрер сәттiң iшiнде болған сезiм арпалысының үстiнде әйелдiң дауысы саңқ еттi:- Ұлым! – дедi ол.Осы сөз одан әрi буынын бекiтiп, нығарлана отыруына жағдай жасады. Төнiп келген өлiм бұлты сейiлiп жүре бердi. Тұрмамбет “Ұлым!” деген бiр сөзiнен-ақ әйелдiң, яғни өзi саудырлатып құр сүйегiн әкелiп отырған Қара Бақының қаралы зайыбының не айтарын бiрден ұқты.- Ұлым! – дедi ол, - әкеңнiң кегiн алар орын бұл жер емес, төрiмдi қанға былғама. Әкең өзi iздеп барып, қан майданда қаза тапты. Ниетiнен тапты. Кегiн майданда ал!Сонда Тұрмамбет әлгi әйелдiң төмен етектiкке салынып шашын жұлып, бетiн тырнай түсiп, қолында қылышы жалаңдаған ұлына “неғып отырсың, әкеңдi өлтiрген қас жауыңның басын жұлмай” деп зарлап жатып алмай, аналық ақыл айтуына тәнтi болған. “Бiз, еркектер, өр көкiректiгiмiзбен нәзiк жанды әйел затының асыл қасиеттерiн түсiнбейдi екенбiз ғой”, - деп ой түйген.Бұл келсе Құла елге қашып кетiптi. Құс қанат тұлпар бұл жолы да қолына түспедi...                                                                ХIIКөзi үңiрейген, ернi салпиған, кiрпiгi әзер қимылдайтын, iшi қабысқан Құла Көгесем құдығының басына келiп, ауызды астауға салған... Тас астаудан күңсiген күн исi шықты. Құдықтың әйкелiне үңiлдi. Танауға дымқыл ауа тиiп, құлаққа судың сыңғыры естiлгендей. Осының өзi оның бойын сәл-пәл тыңайтқандай.Шыңыраудың со-о-нау түбiнде бiр нәрсе жылтырайды. Ол - өмiр, ол –нәр, бiрақ оны кiм қауғалап тартып алып, астауға сарылдатып құймақ. Шыжыған шiлденiң аптабында бiр тамшы судың ерiнiне тимегенiне, мiне, он күн. Ел-жұртын аңсаған қайран Құла, жершiл Құла... ажалыңның жетiп, дәм-тұзыңның бiткен жерi осы болар. Төрт аяқтының сұңқары – Құла, бiр кезде Құла тұлпар едiң, қазiр құла тулақсың. Иә, сонау Хорезмнiң ойынан қуғыншыларды шаң қаптырып, көлге қарғып, үйректей жүзiп өтiп, үстiңдегi суды бiр сiлкiп желiп кеткенсiң.Қасқа жолдан Үстiрт үстiне бiр-ақ шыққан соң барып, сәл кiдiрiс жасадың. Еркiндiкке шыққаныңды әбден сезген соң Үстiрт топырағына армансыз аунадың. Төрт аяқты аспанға көтерiп олай бiр, бұлай бiр он рет астың. Тұрдың. Сiлкiндiң. Сосын маңдай алдыңдағы жусан, изен, ебелектердi шалып оттап, тағы жол шектiң. Бiр-екi күннен соң шөлдегенiңдi сездiң. Балуанияздың тақымында талайыңа тап келген шымыраулардың бiрiнен соң бiрiне соқтың. Бiрiнде де ел жоқ, бәрi қоныс iздеп алыс жайлауларға көшiп кеткен. Мынау – Жаңасу, мынау – Тесiктам, мынау – Үйсiн, мынау – Ұзын. Бәрi иесiз. Япырау, қалың жұрт қайда кеткен. Балуанияздан айырылғалы халық бұл өңiрдi талақ қылған ба?Су, су, бiр жұтым су! Бiрақ су жоқ. Соңғы үмiтiң Көгесем едi. Бұған да жеттiң. Ол үмiтiң де үзiлдi. Шөлден есiң кетiп қаңғуырлап басың ауған жаққа жүре бердiң. Басқарып келе жатқан басың емес, тек төрт аяқ қимылдайды. Қай жерге келдiң, белгiсiз, бiр кезде сүрiнiп кеттiң де... сол жатқан жерден тұрмадың. Сенi бұл жерге жетелеп келген төрт аяғың емес, басың, зердең, ой-санаң екен. Өйткенi баяғы үстiңнен Балуанияз батыр оққа ұшқан жерге құлапсың.Кейiн елге оралған соң Құланың елге келiп өлген хабарын естiген Тұрмамбет оны ит-құсқа жегiзбей, сол жерде адамша жерледi де, басын кесiп алып, Балуанияз батырдың бейiтiнiң қасына апарып көмдi... Сөйтiп Құла атқа да туған жердiң топырағы бұйырып, иесiнiң жанынан мәңгiлiкке орын тептi.                                                           ХIII...Атынан түсе сала құрдасы Балуанияздың бейiтiн құшақтап еңкiлдеп жылаған Тұрмамбет ақыры балалары мен ағайындарына дегенiн iстеттi. Көш сол жерде еру болған соң Тұрмамбет те дүниеден өттi. Сөйтiп, кәрi батыр өмiрден жас кеткен құрдасы Балуаниязбен, өзi кезiнде бiр мiнудi армандаған Құла аттың қасына барып мәңгiлiкке дамылдады...